Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Сентября 2013 в 13:53, реферат

Краткое описание

Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ежелгі казак адебиеті тарихы.doc

— 76.50 Кб (Скачать документ)

 

"Кодекс Куманикустың" екінші бөлімін негізінен алғанда фольклорлық материалдар құрайды. Олар: жергілікті ертегілер, аңыздар, мақал-мәтелдер, жұмбақтар және христиан уағыздары мен Мария ананың, Христос пен оның апостолдарының өмірі туралы аңыздар. Бөлім қолжазбаның 161 бетін қамтиды, оны тегінде миссионерлік мақсатпен немістер құрастырған болса керек. Бұл бөлімде көптеген сөздер құман-неміс тілінде, ал өзге лексикалық ұғымдар құман-латын тілінде берілген. Мысал ретінде келтірілген мәтіндер, сондай-ақ сөздер сол кездің тілін ғана емес, сонымен қатар Дешті Қыпшақтың көркемдік мәдениетін де сипаттайды. Сөздер мен сөз тіркестерін айтпағанның өзінде, көптеген жұмбақтар, мақал-мәтелдер, нақыл сөздер мен қанатты сөздер қазіргі қазақ тілі мен фольклорында сақталған.

 

XІV ғасырдың басында Насреддин Рабғузидің халық арасында "Қиссас ул-әнбия" деген атпен көбірек мәлім "Қисса-и Рабғузи" деген қолжазба кітабы пайда болды. Қолжазба ғасырлар бойы бірнеше рет көшіріліп,  көптеген көшірме нұсқалары көптеген елдерге тарады. ХҮ ғасырға жататын ең ерте нұсқасы Британ мұражайында сақтаулы. Ол 1990-1991 жылдары Ташкентте басып шығарылды.  Автор Мауараннахрда, Рабати Оғыз деген жерде туған (оның Рабғузи деген бүркеншік аты да содан шыққан).

 

Кітап Мұхаммедке дейінгі  пайғамбарлардың өмірі мен олардың бастан кешкен оқиғаларын және Мұхаммедтің өзі мен мұсылман халифтарының өмірін баяндауға арналған. Онда дүниенің жаралуы туралы, жер жүзін топан су басуы туралы және Жер бетінде жаңа тіршіліктің басталуы туралы мифологиялық әңгімелер, түрлі аңыздар, ертегілер мен мысал әңгімелер бар. Жекелеген хикаялар ерте орта ғасырлардағы тарихи оқиғаларға, мысалы, ат-Табари "Тарихына" барып тіреледі.

 

"Қисса-и Рабғузиге"  енгізілген шығармаларды идеялық-тақырыптық  мазмұны бойынша үш топқа бөлуге  болады: а) дүниенің, аспанның, жердің пайда болуы туралы, адамның, жануарлардың,  жын-шайтандардың және басқа да тіршілік иелерінің шығуы туралы әңгімелер; ә) пайғамбарлар мен халифтар, әулиелердің өмірі туралы хикаялар, шығыс нақылдары, халық аңыздары мен ертегілері; б) хижраның алғашқы он жылындағы негізгі оқиғалар тізбегі, жылдардың, айлар мен күндердің атаулары туралы, мұсылман күнтізбесіндегі айтулы күндер  туралы мәліметтер. Осылардың бәрі ислам діні тұрғысынан баяндалады. Бірақ мұнда халықтың дүниетанымы мен кейіпкерлерді фольклорлық дәріптеу айқын байқалады. "Қисас ул-әнбия" құран сюжеттерін, уағыздары мен сүрелерін баяндап беретін танымал прозалық шығарма ғана емес, онда автордың үлкен дарын иесі екенін дәлелдейтін дидактикалық әңгімелер мен өлеңдер көп. Бұл ретте Жүсіп пен Зылиха туралы хикаяттағы махаббат сипатындағы өлең жолдары ерекше назар аударарлық. Ал құран хикаялары мен аңыздарының сюжеттері адамдарға түсінікті, тартымды да қарапайым тілмен баяндалған. Олардың діни ғана емес, танымдық мағынасы да зор, оларда өмір шындығы мен уақыт белгілері көрініс тапқан. Кітапта түркі халықтарының ғана емес, хикаяттарда айтылатын басқа халықтардың да әдет-ғұрыптары туралы мәліметтер бар.

 

Алтын Орда дәуіріне жататын  елеулі шығармалардың бірі - "Хұсрау-Шырын" дастаны, оның авторы - шыққан тегі қыпшақ Құтб ақын. Ақын өмірі туралы толық мәліметтер жоқ. Оның 1330-1340 жылдарда Ақ Орданың астанасы - Сығанақ қаласында туып, өз дастанын сонда жазғаны, бұл туындысын билеуші Тыныбек пен оның әйелі Мәлике ханымға арнағаны мәлім. Автор дастанының түпнұсқасын билеушіге тарту еткен болуы мүмкін, өйткені ақын билеушіден өзін қызметке қабылдауды өтінгенде әмірші Құтбтың тілегін орындаған. Алайда Тыныбек елді ұзақ билеген жоқ, кейбір деректер бойынша - 1337 жылдардан 1340 жылға дейін, басқа деректерге қарағанда 1342 жылғы наурыздан 1343 жылдың басына дейін ғана билік еткен. Сарай төңкерісі нәтижесінде Тыныбекті өз інісі Жәнібек өлтірген, ал Құтбтың одан арғы  тағдыры туралы деректер жоқ.

 

Негізінен Құтб өз дастанын 1341-1342 жылдарда жазып бітірген. Қолжазбаның бірнеше көшірмесі болса керек. Дастанның бір көшірмесін қыпшақ ақыны Берке Факих (Берке ибн Беракез ибн Едгу Қыпшақи) Мысырға алып кетіп, онда 1383 жылы өзінің туысы Құттықожаның өтінуімен дастанды қайта көшіріп жазған, бұл қолжазба қазір Париждің ұлттық кітапханасында 312-нөмірмен сақтаулы. Оның Парижге қалай жеткізілгені жұмбақ күйінде қалып отыр. Алеппода (Александрияда) болған қолжазбаның Наполеон экспедициясының Солтүстік Африкаға жорықтары кезінде әкетілген болуы әбден мүмкін. Ғалымдар XX ғасырда нақ осы қолжазбаны ғылыми айналымға енгізді және ол қазір де зерттелуде.

 

Құтбтың "Хұсрау-Шырын" дастаны Низамидің осы аттас  дастанының сарыны бойынша назира үлгісінде  жазылған. Құтб Низами поэмасының бүкіл  желісін сақтап, негізгі эпизодтары мен басты кейіпкерлерін өзгеріссіз қалдырған. Низами сияқты ол да өз дастанында шексіз таза махаббат пен мінсіз билеуші тақырыптарын өрбітеді. Екі тақырып та шексіз берілген махаббат - адам мен қоғамның жетілуіне бастайтын негізгі кілт, махаббат - адамды тазартып, оған ізгілік беріп қана қоймай, оны өзгертетін де сезім деген идеяға сүйенеді.

 

Әділ билеуші және мінсіз (ізгі) қоғам идеясы халықтың утопиялық хикаяларында және Ибн  Сина, әл-Фараби мен басқа да ойшылдардың  ғылыми трактаттарында ежелден сөз болып келген болатын. Ол Фирдоусиде, Құл Ғалиде, Низамиде көркем көрініс тапты. Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" дастаны Құтб үшін тікелей дерек көзі  болды, сондықтан да екі ақында мінсіз билеуші мен әділетті қоғам тұжырымдамасы үндесіп жатады. Құтб пен Баласағұнидың ойларынша, халықты дана әрі әділ адам басқаруға тиіс, ол ең алдымен халықтың игілігін ойлап, өз маңындағы адамдарға, ұлықтар мен шенеуніктерге қатаң бақылау жүргізуге және қиянат жасағаны үшін оларды аяусыз жазалауға міндетті. Егер әмірші мұндай болмаса, ол ел қарғысына ұшырайды.

 

Құтб "Хұсрау-Шырын" сюжетін көркемдік жағынан дамытуда Низамиді барлық жағынан қайталамайды. Құтб кейіпкерлердің диалогтарын қысқаша  береді, сондай-ақ ирандық өмір шындығын түркілік тұрмыс сипатымен ауыстырады: сасанид билеушілерінің емес, Алтын Орда хандарының өмірі мен тұрмысын көрсетеді, Дешті Қыпшақ табиғатын суреттейді. Құтб өз кейіпкерлерінің, әсіресе әйел кейіпкерлердің бейнелерін әйелдердің өмірдегі ролін түркілік түсінікке, Алтын Орда дәуіріндегі әйелдердің нақты қоғамдық жағдайына сәйкес бейнелейді.

 

Хорезми Равандидің "Мұхаббат-наме" атты лирикалық поэмасы XІV ғасырдағы  көркем әдебиеттің тамаша үлгісі болып  табылады. Оның авторы мен поэманың жазылу тарихы туралы мәліметтер туындының  өзінде бар. Онда Хорезмидің көп саяхат жасағаны, Рум (Византия) мен Шамда (Сирия) болғаны және "Мұхаббат-намені" Ақ Ордада тұрған кезінде Сырдария жағасында 754 жылы (хижра бойынша), яғни 1353-1354 жылдарда бітіргені айтылады. Автордың өзі жазғандай, поэма қоңырат бегі Мұхамедқожаның өтініші бойынша жазылған. Ол 1342 жылы ағасы Тыныбекті өлтіріп, төңкеріс жасау барысында таққа келген Жәнібек ханның туысы.  Жәнібек елді 1342-1357 жылдары билеген.

 

Біздің заманымызға  дейін жеткен Хорезми қолжазбалары көшірмелер болып табылады. Зерттеушілер кейінгі кезге дейін "Мұхаббат-наменің" екі көшірмесі сақталған деп санап келді: бірі - араб, екіншісі ұйғыр қарпімен жазылған, екеуі де Британ мұражайында сақтаулы. Алайда түрік ғалымдарының жинақтаушы еңбегінде "Мұхаббат-наменің" Стамбул кітапханасында тағы да екі көшірмесі бар екені айтылады.

 

"Мұхаббат-наме" - орта  ғасырлардағы түркі әдебиетіндегі  түрі мен мазмұны жағынан жаңа  үлгідегі туынды. Ол ғашық жігіттің  өз сүйіктісіне жолдаған хаттары  түрінде жазылған. Поэма бірнеше  бөліктен тұрады: құдіреті күшті жаратушыға жүгіну, поэмаға тапсырыс берген Мұхамедқожа бекті мадақтау, сүйіспеншілік өлең хаттары, рақым жасауды өтініп, құдайға  қайта жалбарыну, өзін-өзі сипаттау және өзі туралы әңгімелеу. Сүйіспеншілік хаттар мен жекелеген бөліктер арасында автордың тыңдаушылар мен шарап құюшыларға арналған сөздері беріледі. Поэманың мазмұны таза махаббатқа құрылған. Лирикалық кейіпкер 11 өлең хат жолдайды, оларда өз сүйіктісін көркем суреттеп, оған өзінің ғашықтық сезімін білдіреді, оның сырт келбетін бейнелеп, мінез-құлқын сипаттайды.

 

Хорезмидің "Мұхаббат-наме" поэмасы Дешті Қыпшақтың рухани мәдениетінде қарапайым адамның  жоғары сезімін жырлайтын жаңа әдебиеттің негізі қаланғандығын айшықтады.

 

Жалпы алғанда, көне түркі  және орта ғасырлар әдебиеті бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ әдебиеті қызметін атқарды. Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттен бастап түркі нәсілді халықтар түркі поэзиясының ежелден қалыптасқан өлең үлгілерін, жыр нұсқаларын ортақ пайдаланды. ХІІ ғасырдағы сопылық поэзияның негізін салған Қожа Ахмет Йасауидің "Диуани хикметіндегі" ақындық дәстүр өрнектері одан кейінгі Қазақ хандығы тұсындағы әдебиетте жалғасын тауып, XVІ ғасырдағы Бабыр жырларымен сабақтасты. Сол сияқты ХІ ғасырда өмір сүрген көрнекті түркі ақыны, ойшылы Жүсіп Баласағұнның "Құтты білігіндегі" жыр өлшемі Ахмет Йүгінекидің "Ақиқат сыйы" жинағындағы бәйіттерге  түр жағынан ғана емес, мазмұн мен идея жағынан да үндесіп, жалғасып жатты. Орта ғасырлардағы әдебиет туындыларынан түркі поэзиясының ортақ дәстүр бойынша дамып, өркендегені анық байқалады.

 

 Он томдық "Қазақ  әдебиеті тарихының" 2-томында  ежелгі дәуір әдебиеті мен  орта ғасырлардағы көне түркі  жазба ескерткіштері, Қарахандықтар  тұсындағы және Алтын Орда  заманындағы әдебиет тұтастай  қамтылып, жан-жақты зерттелген. Бұрындары зерттелген шығармалармен қатар кейбір көркем туындылар ғылыми айналымға алғаш рет енгізіліп отыр. Зерттеу барысында тек қазақ тіліндегі ғана емес, түркі халықтары тілдеріндегі, араб, парсы, орыс, Батыс Европа тілдеріндегі ежелгі қазақ әдебиетіне қатысты дерек көздері пайдаланылды.

 

Зерттеушілердің еңбектері  арқылы ежелгі әдебиет тарихының хронологиялық шегі анықталып, негізгі даму кезеңдері айқындалған. Соның нәтижесінде әдебиетіміздің тарихи дәуірдегі әдебиетке қатысты жәдігерлер, көне түркі әдебиеті,  Қарахандықтар тұсындағы әдебиет және Алтын Орда әдебиеті деп төрт кезеңге бөлініп қарастырылып, әр бөлімнің алдында кезең әдебиеті туралы кіріспе мақалалар берілген. Монографиялық тарауларда көне түркі жазба ескерткіштері - "Күлтегін", "Тоныкөк" жырлары, "Қорқыт Ата кітабы", "Оғыз-нама" дастаны талданып, ежелгі әдебиеттің көрнекті өкілдері М.Қашқари, Ж.Баласағұн, А.Иасауи, А.Иүгнеки, С.Бақырғани, Хорезми, Рабғұзи, С.Сараидың шығармашылықтары жан-жақты зерттелген. "Кодекс куманикус" атты қыпшақ тіліндегі сөздік әдеби ескерткіш тұрғысынан қаралған. Әлидің "Нахджул-Фарадис" атты шығармасы алғаш рет ғылым объектісіне айналды. Жалпы, көп ғасырлы көркем даму үрдісі сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет, Түркі-Қытай арасындағы мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ рухани мұралар, Түркі-Моңғол бірлігі заманындағы мәдениет аясында қарастырылып, орта ғасырлардағы қазақ даласында ислами әдебиеттің қалыптасуына әкелгені туралы тұңғыш рет арнайы түрде зерттелді.  

 

Мысалы Қазақ әдебиеті тарихының 10 томдығының 2 томында ежелгі қазақ әдебиетінің маңызды кезеңдері тарихи жүйелікпен алғаш рет кең көлемде және кешенді түрде қамтылған.

Бұл томды жазуға қатысқандар және оның құрылысы мен мазмұнына тоқтала кетсек, төмендегідей: ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор С.А.Қасқабасов және филология ғылымдарының кандидаты, доцент С.С.Қорабай («Кіріспе»), филология ғылымдарының докторы, профессор М.Жармұхамедұлы («Оғыз-наме», «Ахмет Иасауи»), филология ғылымдарының докторы, профессор Н.Келімбетов («Сақтардың қаһармандық дастандарың, «Алып Ер тоңға», «Шуң дастаны», «Ғұндардың батырлық жырлары», «Аттиллаң дастаны», «Көк бөрің дастаны», «Ергенекон» дастаны», «Түркі қағанаты тұсындағы әдебиет»), ҚР ҰҒА академигі, филология ғылымдарының докторы, профессор Р.Бердібай және филология ғылымдарының докторы, профессор Ш.Ыбыраев («Қорқыт Ата кітабы»), филология ғылымдарының докторы, профессор [А.Қ.Егеубаев] («Қарахандықтар тұсындағы әдебиет», «Жүсіп Баласағұн», «Махмұт Қашқари»), филология ғылымдарының кандидаты Т.Қыдыр («Сүлеймен Бақырғани»), филология ғылымдарының кандидаты С.Қосан («Кодекс Куманикус»), филология ғылымдарының кандидаты А.Әлібекұлы («Сақ-ғұн заманынан жеткен әдеби сарындар», «Хуастуанифт» әдеби жәдігері»), А.Әбдірәсілқызы («Әл-Фараби») филология ғылымдарының кандидаты, филология ғылымдарының кандидаты Г.Құрманғали («Ахмет Иүгнеки»).


Информация о работе Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі