Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Сентября 2013 в 13:53, реферат

Краткое описание

Әдебиет өмір шындығының көркем бейнесі десек, әдебиет тарихы да халық тарихымен тығыз байланысты. Еліміздің рухани өмірінің жарқын көрінісі, елеулі бір саласы ретінде көркем сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.
Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ежелгі казак адебиеті тарихы.doc

— 76.50 Кб (Скачать документ)

Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі

 

 Әдебиет өмір шындығының  көркем бейнесі десек, әдебиет  тарихы да халық тарихымен  тығыз байланысты. Еліміздің рухани  өмірінің жарқын көрінісі, елеулі  бір саласы ретінде көркем  сөз өнері ел тарихымен бірге қалыптасып дамыды. Адам санасы, ой-өрісі мыңдаған жылдар бойы жетілетін тарихи құбылыс екендігін ескерсек, әдебиет адамзат тарихындағы көркем ой жетістіктерінің бірі екендігі даусыз ақиқат.

 

Қазақ халқының қалыптасуына негіз болған ертедегі темір дәуіріндегі (б.з. д. VІ-VІІ ғ.ғ.) сақ, ғұн, үйсін, қаңлы тайпалары, б.з. ертедегі орта ғасырлық мемлекеттер тұсындағы қарлұқ, оғыз, қимақ тайпалары, дамыған орта ғасырлық мемлекеттер кезіндегі наймандар, керейіттер, жалайырлар, қыпшақтар тарихы мыңдаған жылдарға созылғандығын назарға алсақ, қазақ әдебиетінің тарихы да бұрынғы кеңес кезіндегідей XV ғасырдан емес, одан арғы дәуірден - көне заманнан басталады. Сол себепті ұлттық әдебиет тарихының негізгі мәселелерінің бірі дәуірлеу болып табылады. Себебі Қазақстан тәуелсіздік алғанға дейін екі мың жылға жуық тарихы бар қазақ әдебиетінің бүкіл елімізге ортақ дәуірлеу мәселесі қолға алынбаған еді. Бұл проблемаларға байланысты тоталитарлық жүйенің өзге ұлттардың тарихының даму процесін кеңестік тарихпен ғана байланыстырған біржақты ұстанымдарына қазіргі тәуелсіздік талаптары тұрғысынан батыл тойтарыс бере отырып, қазақ әдебиетінің көне заманнан бүгінгі күнге дейін дамуының өзіндік ерекшеліктерін есепке алу негізінде әдебиет дамуының кезеңдерін халықтың жалпы тарихи даму процесін дәуірлеуден бөлек алып қарауға болмайды. Қазақстан аумағындағы феодалдық мемлекет кезеңі VІ ғасырдан басталып, ХХ ғасырға дейін созылған ұзақ мерзімді қамтыды. Қазақ әдебиеті тарихының өткен дәуірлері де осы қоғамдық құрылыстың негізгі даму кезеңдері - қалыптасуы мен нығаюы, дамып өркендеуі, дағдарысы мен тоқырауы, қайта дамып күшеюі, ең соңында, құлап ыдырауы сияқты тарихи жолдарына сәйкес келеді және де, өз кезеңдері бойынша осы қоғамдық даму процесінің ерекшеліктеріне толыққанды сипаттама жасайды.

 

Қазақ әдебиетінің жүздеген ғасырлар бойғы дамуының әр тарихи дәуірлерін бажайлағанда әр кезеңді  бір-бірінен даралап тұратын өзіне  тән белгілері мен қасиеттерін, жанрлық, көркемдік ерекшеліктерін анықтап алу қажет. "Ежелгі дәуір  және орта ғасырлардағы әдебиет" ұжымдық монографиясында қазақ әдебиетінің көне заманнан ХІ ғасырға дейінгі аралықты қамтыған кезеңі көне дәуір, ал ХІІ ғасырдан бастап, Қазақ хандығы құрылған XV ғасырға дейінгі кезең орта ғасыр кезеңі деп аталады. Көне дәуірдегі түркі жазба әдеби ескерткіштеріне сақ-ғұн дәуіріндегі әдебиет туындылары, түркі және қытай халықтарына ортақ мәдени мұралар, Иран мен Тұран әлеміне ортақ әдеби шығармалар, түркі-моңғол бірлігі заманындағы әдеби мұралар, көне түркі әдебиетіне жататын Орхон-Енисей руна жазба ескерткіштері, оғыз-қыпшақ дәуіріндегі әдебиет мұралары - "Қорқыт ата кітабы", құмандардың "Кодекс Куманикус" жазба туындысы, "Оғызнама" дастаны, Қарахандықтар тұсындағы әдебиеттің көрнекті өкілдері Жүсіп Баласағұнның "Құтты білік" ("Құт әкелетін білім") еңбегі, Махмұд Қашқаридің "Диуани луғат-ит-түрік" ("Түркі сөздерінің жинағы") кітабындағы аңыздар мен әпсаналар, әдеби-поэтикалық үзінділер енеді. Бұл шығармалардың барлығын дерлік түркі халықтарының ортақ рухани байлығы деп бағалаған жөн. ХІ-ХІІ ғасырлар түркі халықтарының жазба әдебиетінің туып, қалыптасуымен байланысты болса, әрі бұл аралық кезең қазақ халқының қалыптасуы алдындағы дайындық кезең болғандығын да ескеру керек.

 

Біздің заманымызға  дейін сақталып жеткен көне түркі  әдебиетінің жазба ескерткіштерін көрнекті түркітанушы ғалым Х.Көроғлы шартты түрде екі топқа бөліп көрсетеді: руна жазуымен бедерленген тарихи-эпикалық туындылар және көне соғды жазуына барып тірелетін ұйғыр жазуы пайдаланылған этикалық-дидактикалық шығармалар. Түркілер ислам дінін қабылдағаннан кейін Х ғасырлардан бастап, көне түркі әдебиетіндегі ұйғыр жазуы біртіндеп ығыстырылып, араб жазуы кеңінен қолданысқа енді.

 

Руна жазуындағы тарихи-эпикалық түркі жазба ескерткіштерінің ең көне үлгілері түркі халықтары тарихындағы  аса көрнекті мемлекет қайраткерлері, ержүрек қолбасшы Күлтегін  туралы  Кіші және Үлкен жазулар, Шығыс түркі қағанатының атақты қағандарының бірі Білге қаған туралы және оның кеңесшісі әрі әскер басы Тоныкөкті мадақтауға арналған жазулар Солтүстік Монғолиядағы Орхон өзенінің бойынан табылғандықтан "орхон жазба әдеби ескерткіштері", ал Енисей өзені бойынан табылған жазулар "енисей жазба ескерткіштері" деп аталады. Көне түркі әдебиетінің бұл көне үлгілері құлпытастарға қашап жазылғандықтан руна жазулары деген атқа ие болған.

 

Күлтегін және Тоныкөк  жазба ескерткіштерінде түркі қағанаты құрыла бастаған кезден VІІІ ғасырдың басына дейінгі тарихи оқиғалар әңгімеленеді. Шығыс түркі қағанатының құрылуы  мен нығаюы,  түркі халқының Қытай  билеушілер құлдығынан құтылуы, қаһарман қолбасшы Күлтегін мен басқа қағандардың, қағанның дана кеңесшісі әрі әскербасы Тоныкөктің сыртқы жауға қарсы әскери жорықтары баяндалады. Халық қошеметіне бөленген батырлар мен қағандарды дәріптеу, олардың ерлік істерін қаһармандықтың үлкен өлшемі ретінде мадақтау - Орхон ескерткіштеріне тән басты белгілер. Жазулардағы мәтіндер ел билеушілері мен халықты ата-бабаның арман-мұратына адал болуға, мемлекет басқарған қағандармен ауыз бірлікте болуға, елдікке, адамгершілікке шақырады, түркі мемлекетінің беріктігі мен біртұтастығын өзекті идея етеді. Орхон жазба әдеби ескерткіштері көне заманда Орталық және Орта Азия мен Оңтүстік Сібірді қамтыған ұланғайыр аумақта түркі тілдес халықтардың барлығына ортақ кең тараған әдеби тілі мен дамыған жазба әдебиеті болғандығын толық дәлелдейді. Көрнекті түркітанушы-ғалым И.В.Стеблева сөзімен айтсақ: "Күлтегін мен Тоныкөк жазуларын жанрлық жағынан тарихи-батырлық поэмаларға жатқызуға болады ғой деп ойлаймыз. Жазуларға патетиканың, замандастар мен ұрпақтарына үндеудің мол болуы оларға ұтымды күш пен нанымдылық беріп тұрады ". Ғалымның Орхон жазуларын әдеби көркем туынды ретінде қарау жөніндегі бұл пікірін құптау керек. Себебі, Күлтегін және Тоныкөк жазба ескерткіштеріндегі теңеу, эпитет, гипербола сияқты көркемдік бейнелеу құралдары мен мақал-мәтелдер бұл жазулардың көркем шығарма екендігін айғақтай түседі. Екінші жағынан алғанда бұл жазуларда өмір шындығын тарихи оқиғалар негізінде баяндаумен қатар әсірелеп суреттеп, тарихи-көркем шығармаға ыңғайлы етіп жазу анық байқалады.

 

ҮІІІ-ІХ ғасырларда Түркі қағанаты дәуірінде оғыз-қыпшақ тайпаларына ортақ тілде жазылған ерлік эпостары - «Қорқыт ата кітабың мен «Оғызнамең дастаны сол замандағы қазақ ұлыстарының  өмір шындығын бейнелеумен ерекшеленеді.

 

Қарахан мемлекеті тұсындағы  немесе ислам дәуірі (Х-ХІІ ғ.) деп аталатын тарихи кезеңді түркі халықтарының қоғамдық-мәдени даму тарихындағы қайта өркендеу дәуірі деуге болады. Әл-Фарабидің «Риторикаң, «Поэзия өнері туралың, Махмұт Қашқаридің «Диуани лұғат ат-түрікң («Түркі сөздерінің жинағың), Жүсіп Баласағұнның «Құтты білігің, Қожа Ахмет Иасауидің «Диуани хикметің («Ақыл кітабың), Сүлеймен Бақырғанидің «Бақырғани кітабың және т.б. осы дәуірдің зор жетістігі болып табылады. Бұл туындылар орта ғасырдағы түркі жазба әдебиетінің өркендеп, ілгері дамуына өлшеусіз үлес қосты.

 

XІІІ-XV ғасырларда Дешті  Қыпшақ даласында авторлық ауыз  әдебиеті суырып салып өлең  шығару, ауызша орындау және ауыздан-ауызға  берілу түрінде дамып өркендеді.  Оның басты ерекшеліктері ретінде  авторының болуын, мәтінінің біршама тұрақтылығы мен мазмұнының нақтылығын, шығарманың адресаты - арналған адамның болуын, сондай-ақ шығарма стилінде автордың даралығының болуын, оның өзінің "менін" көрсетіп отыруын атау керек.

 

Бізге жеткен авторлық поэзияның  ең ертедегі үлгісі XІІІ-XV ғасырларға жатады. Бұл - "Ұлық жыршы" атанған Кетбұға (XІІІ ғ.) жырларының үзінділері. Олардың өмірбаяндары мен шығармашылықтары туралы деректер өте жұтаң және негізінен аңыз күйінде жеткен. Мазмұны мен жанры жағынан әр түрлі мәтіндер сол дәуірдегі Алтын Орда қоғамының рухани өмірінде ақындар мен жыраулар басым болғанын дәлелдейді.

 

Ең әуелде олар отбасындағы  өлеңші болып дамыған, содан соң  ру ішіндегі жыршы сарбаз ретінде  танылып, отбасылық-тұрмыстық, қоғамдық маңыздағы тақырыптарда суырып салып  өлең шығаратын бүкіл елге белгілі жыр жүйрігі дәрежесіне көтерілген. Олар ақын атағын бірнеше айтысқа қатысып барып, әйгілі ақындардың бірін жеңгеннен кейін ғана ақын атағына ие болған. Сонымен қатар ақындар әскери жорықтарға да, қоғамдық істерге де қатысумен бірге салт-дәстүрлердің тамаша білгірлері ретінде адам өмірінің маңызды кезеңдеріне байланысты әр түрлі ырымдар мен  әдет-ғұрыптар атқарған, ел тарихындағы маңызды оқиғалар мен атақты адамдар және т.б. туралы жырлар шығарған. Мұндай туындылар арасында мадақ арнаулар да, әскери үндеулер де,  жоқтаулар мен толғаулар да және т.б. суырып салма жыр үлгілері болған.

 

Осындай естірту жырының  бірі - Шыңғыс хан заманында өмір сүрген  Кетбұға ақынның жыры. Жыр мәтінінің үзінділерін XІІІ  ғасырда араб тарихшысы Ибн әл-Асир жазып алған. Ол ұлық жыршы Кетбұға мен ұлы билеуші Шыңғыс хан арасындағы өлең диалогы түрінде берілген.

 

Бұл жолдардан үлкен  көркемдік іздері аңғарылады. Қайғылы  оқиға тура айтылмай, астарланып, айшықталып жеткізіледі. Қаза  тапқан кейіпкер де бейнелі түрде суреттеліп, "терек", "құлын", "аққу" деп аталады. Ал ұлынан айырылған адамның жай-күйі дәл беріліп, психологиялық параллелизм, метафоралар, эпитеттер мен теңеулер арқылы сипатталады. Мұнда автордың да, мезгілсіз қаза тапқан кейіпкердің де, қайғы жұтқан әкенің де көркем бейнелері бар. Лирикалық психологизм белгілері де айқын көрінеді. Осының бәрі келтірілген мәтінді жеке шығармашылық туындысы ретінде қарастырады.

 

Бір ғажабы, бұл жыр көп өзгермеген және неғұрлым толық күйінде Жезқазған  облысы қазақтарының арасында қазіргі кезге дейін айтылып келеді, олар өздерінің ата-тегін нақ Кетбұғаға апарып тірейді және оны жоғарыда айтылған жырдың авторы деп санайды. Кетбұға есімі өз кезінің беделді биі ретінде ХҮ-ХҮІ ғасырларда өмір сүрген атақты жырау Доспамбет шығармаларында да кездеседі  ("Кетбұғадай билерден кеңес сұрар күн қайда?!").

 

Дешті Қыпшақ даласының  әйгілі ақындарының  бірі болған Қотан шежірелік аңыздарға  сәйкес арғын тайпасының негізін  қалаушы болып табылады, ал екінші бір деректер бойынша Қотан (Қодан, Кодон, Кодян) - половец-қыпшақ хандарының бірі (Мадиярлардың Венгрияға қоныс аударуын басқарған жетекшілерінің бірі де Котян деп аталған).

 

  Қотан шығармаларының бірнеше  жолы ғана сақталған, ол оның  ұлы Ақжолдың (бір нұсқада Дайырқожа)  қарақыпшақ Қобыланды батырдың қолынан қаза табуына байланысты шығарылған жоқтау өлеңінің үзіндісі табылды.

 

Жырда қайғы үстіндегі қарт әкенің ұлын "құлыным" деп жоқтаған зарлы  үні, бір сәтте өне бойын жайлаған қасірет пен өкініш, аяныш пен  өзін кінәлаған жай-күйі терең сезіммен берілген.

 

Ақжолдың (Дайырқожа) Әбілқайыр хан  тұсында барлық даулы  мәселелерді  әділ шешкені үшін Ақжол атанып, атақты би болғаны мәлім. Ол 1456 жылы өлген. Егер оның әкесі сол кезде  тоқсанға таянғанын ескерсек, Қотан  ақын 1370 жылдарда туған деп жорамалдауға болады.

 

XІІІ-XІV ғасырларда Дешті Қыпшақтың  әйгілі жыршыларының бірі - Сыпыра  жырау Сұрғантайұлы өмір сүрді.  Ауыз әдебиеті дәстүрі біздің  заманымызға Сыпыра жыраудың  қиын кезеңде өзінен ақыл-кеңес  сұраған Алтын Орданың сол  кездегі билеушілеріне арнаған бірнеше толғау-монологын жеткізді. Бұл толғау-монологтарда жырау билеушінің өзін, оның ата-бабалары мен төңірегіндегілерді сипаттап, қалыптасқан жағдайға баға берген, болашақты болжап, содан кейін ақыл-кеңесін айтқан. Оның қиын жағдайда өзінен көмек сұрап, хандармен жауласқан батырларды бітістіру мақсатында жырлаған толғаулары белгілі. Бұл толғаулар Сыпыра жыраудың негізінен мәңгілік  жыршы және бітістіруші болғандығын дәлелдейді. Сыпыраның Едіге туралы эпоста бейнеленген Тоқтамыс ханға арнаған өлеңі оның толғауының классикалық үлгісі болып табылады. Арнау жырда Сыпыра жырау алдымен өзін таныстырған соң өзінің Тоқтамыстың сегіз атасын, соның ішінде Шыңғыс ханды да көріп-білгенін айтады, олардың әрқайсысына тиісінше мінездеме береді. Содан кейін Едігенің Тоқтамыстан қашуы кездейсоқ емес екендігін,  оның Темірмен одақ құрып, қайта келіп соғыс ашуы мүмкін екендігін жырлайды. Сонымен бірге жырау Тоқтамыстың күйзеліске ұшыраған ұлысы мен тұтқынға түскен қыздары мен әйелдерінің тағдырын әдемі суреттейді. Бұған жол бермеу үшін Сыпыра жырау Тоқтамысқа Едігеге елші жіберіп, онымен татуласуға, ал сонан соң оны алдап өлтіруге кеңес береді.

 

Сыпыра жыраудың толғауы нақты  ақындық сипаттамалар мен бейнелі  сөздерге толы. Жырау Едіге жүріп  өтуге тиісті жерлерді  айшықты суреттеп, тарихи тұлғаларға бейнелі анықтамалар береді. Тоқтамыстың алдында айтылған бұл толғау Сыпыра жырау өміріндегі соңғы толғау болды және шамамен 1390 жылы айтылған. Егер аңызға сүйенсек, сол кезде жырау 180 жаста болған, яғни Сыпыра жырау шамамен 1210 жылы туған деп санауға негіз бар. Бұл оның өзі айтқандай Шыңғыс ханды шынында да көріп-білген деген сөз.

 

Алтын Орда дәуірі тек қана қиратып-күйретумен ғана емес, сонымен қатар қалалардың өсуімен, сыртқы саяси және сауда  қызметінің жандануымен, жазу-сызу мен әдебиеттің дамуымен сипатталады. Бұрынғы мәдени дәстүрлер қайта түлеп, Солтүстік Кавказды қоса алғанда, Дешті Қыпшақтың, Орта Азия мен Еділ бойындағы барлық этникалық топтарға ортақ жаңа мәдениет қалыптасты. Бұл кезеңде ресми монғол-қыпшақ қос тілділігі орын алғанымен қыпшақ тілі анағұрлым кең тарады. Араб және парсы тілдері де кең қолданылды. Алтын Орда мен мәмлүктік Мысырда көркем әдебиеттің басым бөлігі қыпшақ тілінде жасалды.

 

Ең елеулі әдеби шығармаларды негізінен  сарай төңірегіндегі талантты ақындар жазған, олар әдетте мемлекеттік қызметте немесе билеушілер жанында болып, өз туындыларын көбінесе билеушілерге арнаған не оларға сыйға тартып отырған.

 

Алтын Орда дәуірінде (ХІІІ-ХҮ ғғ.) Қыпшақ даласындағы түркі халықтарының әдебиеті мүлдем жаңа сапалық деңгейге көтерілді. Сол кезеңде жасалған туындылар арасында  "Кодекс Куманикус"  сияқты авторы беймәлім ескерткіштерді, сондай-ақ Хорезмидің "Мұхаббат-наме", Құтбтың "Хұсрау-Шырын", Сәйф Сарайдың "Гүлистан би-т-түрки", Дүрбектің "Жүсіп-Зылиха", Рабғузидің "Қиссас-ул әнбия" атты шығармаларын және т.б.  ерекше атап көрсетуге болады.

 

"Кодекс Куманикус" (XІV ғ.) - Жоңғар қақпасынан Дунайға  дейінгі ұлан-байтақ жерді қамтыған қыпшақтар үстемдігі кезіңде туған еңбек. Оған көркем әдебиеттің үлгілері де енгізілген. Мазмұны мен құрылымы жағынан бұл еңбек - Ордаға түрлі мақсаттармен келген және латынша білетін европалықтарға, сондай-ақ, латынша білгісі келген қыпшақтарға (парсыларға да) арналған арнайы сөздік және қыпшақ тілінің оқулығы іспетті. Сөздік екі бөлімнен тұрады. Түркітанушылардың пайымдауынша, оларды түрлі мақсаттар көздеген бірнеше автор жазған. Итальяндықтар жазған болуы мүмкін деген бірінші бөлім жақсы ойластырылған үш тілді латын-парсы-қыпшақ (құман) сөздігі болып табылады. Бұл бөлім қолжазбаның 110 бетін қамтиды.

 

Одан әрі бірнеше  бетте "аudіo" ("есіту") сөзінің  бірнеше түрі берілген. Мұның өзі  сөздікті лексикография принциптерін жақсы білген және Дешті Қыпшаққа келіп, тіл жөнінен қиналған адамдарға көмек көрсету мақсатын ғана көздеген адам құрастырғанын байқатады. Ғалымдардың пікірінше, бірінші бөлімді құрастырушы латыншаны өте жақсы білген, ал құман-қыпшақ тілі жөнінде бұлай деп айтуға болмайды.

Информация о работе Ежелгі қазақ әдебиетінің тарихы және оның зерттелуі