Алқа билер сотының енгізілуінің тарихи алғышарттары

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 16 Октября 2013 в 22:24, доклад

Краткое описание

Қазақстан Республикасында алқа билер соты институтының толық түрде қызмет ете бастауы 2007-жылдың 1-қаңтарынан басталғаны белгілі. Осы күннен бастап «Алқа билер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Алқа билерінің қатысуымен қылмыстық сот өндірісінің енгізілуі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енген болатын.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Алқа билер соты статья.doc

— 55.00 Кб (Скачать документ)

 

 

Алқа  билер сотының енгізілуінің тарихи алғышарттары

 

 

Қазақстан Республикасында  алқа билер соты институтының толық  түрде қызмет ете бастауы 2007-жылдың 1-қаңтарынан басталғаны белгілі. Осы күннен бастап «Алқа билер туралы» Қазақстан Республикасының Заңы және «Алқа билерінің қатысуымен қылмыстық сот өндірісінің енгізілуі мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кейбір заң актілеріне өзгертулер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы күшіне енген болатын.

Жалпы, алқа билер институтының енгізілуінің түп тамырында мемлекеттің тарапынан айрықша қатаң жаза тағайындалуы мүмкін болатын істерде адам және азаматтың құқықтары мен бостандықтарының шектен тыс бұзылуына жол бермеу кепілдігі жатыр. Алқа билер осы кепілдіктің қосымша қолдаушысы болмақ. Заңнамашының ойынша, осы институттың ойдағыдай қызмет атқаруы адамдарды соттың тарапынан орын алуы ықтимал қателіктерден қосымша қорғай алады. Сонымен бірге, алқа билер сот төрелігі үрдісіне жұртшылықтың да қатысуын қамтамасыз етеді.

Аталған заңға сәйкес еліміздің әрбір кез келген азаматы алқа билерге қойылатын талаптарға жауап бере алғанда қылмыстық сот өндірісіне қатыса алады. Мұндайда ол сотта қарастырылып жатқан дәлелдемелерді зерттеуге, төрелік етуші сот арқылы үрдіс қатысушыларына әралуан сұрақтар қоюға, заттық дәлелдемелерді, құжаттарды қарауға қатысуға, төрелік етуші сотқа заң нормаларын түсіндіру туралы өтініш білдіруге және басқа да процессуалдық мүмкіндіктерге иеленетін болады. Мұндай көлемдегі құқықтар алқа биге істің мән-жайларын дербес бағалауына, алқа билеріне қойылған және қойылатын сұрақтарға жауап беруге мүмкіндік береді. Демек, алқа билер институтының енгізілуінің тағы да бір артықшылықтарының қатарында сот өндірісіне қатысатын азаматтардың сот билігінің қызметімен тікелей танысып, оған қатысты жұртшылық арасында сенімділікті арттыруға көмектесе алатындығын атап өту керек.

Бүгінгі таңда  Қазақстан Республикасының аумағында  алқа билері институтының енгізілуі  айтарлықтай өте қысқа тарихи кезеңнен өтті. Сондықтан оның қазіргі  кездегі қызметінің статистикалық көрсеткіштері негізінде ауыз толтырып айтатындай қорытындылар жасау қиын. Дегенмен, өткен толық бес жыл көлеміндегі оның қызметінің сандық көрсеткіштеріне назар аударатын болсақ, көп сапалы ақпарат та алуға болатыны анық.

Бүгінгі таңда сот-тергеу органдарының пайымдауынша, алқа билерінің қатысуымен қарастырылатын істердің саны жыл санап ұлғайып келеді. Оны статистикалық мәліметтер де дәйектеп отыр. Атап айтсақ, 2007-жылы алқа билерінің қатысуымен республика аумағында бар-жоғы 36 қылмыстық іс қарастырылған болса, 2008-жылы оның саны – 44, 2009-жылы – 59, 2010-жылы – 270, 2011-жылы – 355 іс болған.

2011-жылы алқа билердің қатысуымен қарастырылған 355 істің нәтижесінде 461 сотталған, ал 30 адам болса әрекеттерінде қылмыс құрамының белгілерінің болмауына және қылмыс оқиғасының орын алмауына байланысты ақталған.

Алқа билері институтының қылмыстық сот тәжірибесіне енгізілуі арқасында сот шешімдерінің қатарында ақтау үкімдерінің  де ұлғая түскені назар аудартады. Статистикалық мәліметтерге арқау ететін болсақ, 2008-2011-жылдар аралығындағы алқа билерінің қатысуымен қарастырылған 759 іс бойынша 94 адам ақталып шыққан.

Алқа билер институтының қолданылуының географиялық таралуына келетін болсақ, бұл институт көбінесе резонансты, үлкен істер бойынша қолданыста болғаны айқын, сондықтан оның Алматы және Астана сияқты ірі мегаполистерде жиі қолданылатындығы таң қалдыратын жағдай емес.

Алқа билердің қатысуымен қарастырылған істер қатарында алдыңғы орындарда қасақана адам өлтіруге, есірткі заттарын заңсыз жасау, тасымалдау, сату, сақтауға байланысты істер байқалады. Сонымен қатар, соңғы қылмыс түрі бойынша ақталғандар санының неғұрлым көп болғанына назар аудару керек.

Аталған санаттағы  істерді қарастырудың сапалық жағынан келетін болсақ, басым көпшілігінде үрдіс қатысушылар алқа билерінің қатысуымен қарастырылған істердің үкімдеріне кассациялық шағымдар мен наразылықтар келтіргені анықталады. Дегенмен, кассация тәртібімен қайта қарастырылған үкімдер басым көпшілігінде өзгеріссіз қалдырылғанын да атап өту керек (алқа билерінің қатысуымен қарастырылған істердің барлық санының 90%) [1].

Әлем елдерінің  заңнамасы мен практикасында алқа билер институты халық өкілдерінің сот төрелігінің іске асырылуына қатысуының неғұрлым кең тараған түрі болып табылады. Сонымен бірге, алқа билері басым көпшілігінде азаматтық сот өндірісіне қарағанда қылмыстық үрдісте жиі қолданылады.

Соңғы онжылдықта кейбір мемлекеттерде алқа билер институты қайта жаңғыртылуда (яғни, бұрын сол елдердің заңнамалары алқа билердің сот үрдісіне қатысуға рұқсат берген), олардың қатарында Ресейді, Испанияны, Венесуэланы және т.б. атауға болады. Бұл тізімге Қазақстан Республикасын да енгізуге толық құқығымыз бар. Армения, Латвия, Украина сияқты елдерде сот үрдісіне алқа билердің қатысуын қарастыратын конституциялық норма болғанымен, оны нақтылай түсетін арнайы заң әлі қабылданбаған немесе енді ғана әзірлену үстінде.

Сот-тергеу тәжірибесінің  қызметкерлерінің және теоретиктердің пайымдауынша, алқа билер институтының конституционализациялануы (яғни, конституциялық нышанда бекітілуі) халықтың сот төрелігін жүзеге асыруға қатысуына қарсылық білдірушілер үшін елеулі кедергі болары анық, өйткені мемлекеттің конституциясын өзгерту қатардағы заңдарды өзгертуге не толықтыруға қарағанда анағұрлым күрделі процесс.

Этимологиялық мән-мағынасына назар аударатын болсақ, алқа билер (жюри) деп көптеген елдерде бір немесе бірнеше тұрақты судьялардан және нақ осы процесс үшін ғана таңдалған немесе тағайындалған алқа өкілдерінен тұратын сот болып табылады [2, 526].

Алқа билерінің құрылымдық жағынан қазіргі кезде қалыптасқан екі үлгісін ажыратады:

1) дербес алқа билер, олар қылмыс оқиғасы мен іс бойынша заттық және құжаттық дәлелдемелерді қарастырып, судьядан дербес вердикт шығарады. Сот мұндайда шығарылған вердикт негізінде жаза мөлшерін ғана анықтаумен шектеледі. Мұндай алқа билер англо-американдық құқықтық жүйедегі елдер үшін тән (оны басқаша «классикалық» немесе «ағылшын» типі деп те атайды);

2) алқа билер мен бірнеше соттың қатысуымен істі қарастыратын аралас үлгісі. Мұндайда сотталушының кінәлілігі туралы ортақ шешім қабылданады және оған жаза да ортақ анықталады. Бұл үлгідегі алқа билері романо-германдық құқықтық жүйедегі елдерге тән (оны басқаша «континенталдық» немесе «еуропалық» деп те атайды). Бірақ, ғалымдардың басым көпшілігі аралас үлгідегі алқа биін тіпті алқа билеріне жатқызбаған дұрыс деп санайды [3, 5].

Алқа биі  институтының енгізілуінің көптеген артықшылықтарының  қатарында мыналарды атауға болады: соттардың тәуелсіздігінің кепілдігінің артуы; сот үрдісіндегі сайысушылық қағидасының ролінің артуы; сотқа дейінгі және істің сотта қарастырылуы сатыларындағы теріс қылықтардың орын алу ықтималдылығының кемуі; сыбайлас жемқорлық мүмкіндіктерінің кемуі және сотты белгілі бір шешім қабылдауға мәжбүрлеу тәуекелінің азаюы.

Қазақстан аумағында  алқа билері институтының қолданылуының  өзіндік ерекшеліктері бар. Төңкеріске дейінгі кезеңде қылмыстық сипаттағы  істер басым көпшілігінде билер  сотының көмегімен шешіліп келгені  мәлім. Билер сотының басты ерекшеліктерінің бірі – билер құқық нормаларымен қатар сөз шешені де болуға тиіс болатын, яғни екінің бірі би бола алмады.

1864-жылы патшалық  Ресейде император ІІ Александрдің  реформаларының негізінде алқа  билері институты қазақ даласына  дереу келе қойған жоқ. Оның бастапқы көріністері қазан төңкерісінің алдында ғана енгізілген болатын (1909-жылы Ақмола және Торғай облыстарында, Қостанай және Ақтөбе уездерінде). Сол тұста төңкерістен кейінгі кезеңде ұлт азаттық қозғалыс көсемдері халық билер сотының алқа билері сотымен ұштаса жүруін қолпаштағаны да мәлім: билер соты ұсақ істерді қарастыруы керек болса, алқа билері – ауыр қылмыстарды қарастыруын талап еткен. Бірақ қазақ саны көп аудандарда алқа билерінің мүшелері тек қазақ ұлттарынан ғана тұруын талап етті әрі іс те қазақ тілінде қарастырылуы керек болатын [4, 29].

Кеңес Одағында алқа билері сотының қайта орнықтырылуы туралы заңгерлер арасында көптеген даулар жүріп отырды. Мұндай пікірталастардың логикалық салдары 1989-жылдың қарашасы айында КСРО Жоғарғы Кеңесінің одақтас республикалардың қылмыстық сот өндірісіне қатысты заңдарының негізіне мына норманың енгізілуі болды: «Заңда жасалғаны үшін өлім жазасы немесе 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру түріндегі жаза тағайындалу ықтималы бар істер бойынша сотталушының кінәлілігі туралы мәселе алқа билері сотының қатысуымен шешіледі» [5, 31]. Дегенмен, артынша мемлекеттің ыдырауы осы норманың ойдағыдай іске асырылып, құқықтық жағынан айқындалуына үлкен кедергі болды.

Қазақстан аумағында  көршілес елдерге қарағанда алқа билерінің енгізілуі тұрғысында айтарлықтай үлкен пікірталастар орын алмағанын атап өту керек. Алқа билерінің енгізілуінің конституциялық құқықтық бастамасы 1998-жылы еліміздің Конституциясына танымал өзгерістердің енгізілуінен басталды деуге болады: «Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот өндірісі алқа билерінің қатысуымен жүзеге асырылуы мүмкін» [6].

Ерте Қазақ  жерінде де алқа билердің төрелік жасау дәстүрі болғандығы белгілі. Ерте қазақ сотының дамуындағы маңызды құжаттардың бірі 1867 жылғы 11 шілдеде жарық көрген «Выписка из проекта положения об управлении Семиреченской и Сыр-Дарьинской областей» құжаттарының «Устроиство суда» деген тарауындағы сот істерін қарайтын ереже-баптарда «Қазақ халық сотының» атқаратын міндеттері көрсетілген. Осы құжатта Жетісу, Сырдария облыстарына арналып жасалған жергілікті халық соттарының қылмыстық істерді қарау ережесі, халық сотының міндеті, билерді сайлауы, билердің дәстүрлі әдет-ғұрыптарға сай сот істерін жүргізу туралы жазылған [7, 44]. 1868 жылғы 21 қазандағы «Орал, Торғай, Ақмола және Семей облыстарын басқару туралы уақытша Ережеде» 135-тен 137 бапқа дейін билерді сайлау және үміткерлікке қандай адам өтетіні туралы жазылған [7, 57]. Кейіннен патшалық билік жойылып, дәстүрлі сот төрелігі жойылып, оның орнына Революциялық трибуналдар құрылды. Революциялық трибуналдар құрамы губерниялық, қалалық кеңестердің сайлауымен алты заседатель (алқа мүшелері) және төрағадан тұратын. Трибуналдың негізгі қызметі кеңеске қарсы ниет-пиғылдағы адамдарды саботаж жасап, кеңестік қоғамға қызмет етуден бас тартқан азаматтарды сотқа тартып жазалады [7, 65]. КСРО кезеңінде алғаш рет алқа билер институтын қалпына келтіру туралы қайта құрылу кезеңінде сөз қозғалды. КСРО Жоғарғы Кеңесінің 1989 жылы қарашадағы II сессиясының отырысында «Основы законодательства Союза ССР и союзных Республик о судопроизводстве» проектісінде «Өлім жазасы мен 15 жылға дейін бас бостандығынан айыру туралы қылмыстық істер бойынша кінәлілікті алқа билер құрамында шешіледі» деген нормасымен толықтырылған (халық отырысының кеңейтілген коллегиясы) [5, 31]. Алқалы билер құрамында шешілетін істерді арнайы реттейтін заңның жоқтығы осы институттың КСРО-да дамымамауына себеп болды. Яғни халықты билік аппаратынан әрдайым алшақ ұстап, араласуына жол бермеген.

 

 

 

 

Әдебиеттер:

 

1. Қазақстан Республикасы Жоғары Сотының пресс-релизі // 12-қаңтар 2012-жыл.

2. Тихомирова Л.В., Тихомиров М.Ю. Юридическая энциклопедия - М., 1997.

3. Петрухин И.Л. Суд присяжных: проблемы и перспективы // Государство и право. 2001. №3.

4. Программа партии Алаш // В кн.: Алаш-Орда. Сборник документов. Алматы, 1992.

5. Основы законодательства Союза ССР и союзных республик о судопроизводстве - М., 1990.

6. Қазақстан Республикасының Конституциясы. 1995-ж. 30-тамызында республикалық референдумда қабылданған. – Астана, 2005.

7. Нәрікбаев М. «Ұлы билерімізден Жоғарғы сотқа дейін». - Алматы: Атамұра, 1999 ж.


Информация о работе Алқа билер сотының енгізілуінің тарихи алғышарттары