Халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әлеуметтік сақтандыру

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Апреля 2013 в 17:43, реферат

Краткое описание

Әлеуметтік қорғау - бұл әлдебір жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) және өзге де заңды негіздерге байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын әрі лайықты ақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе. Әлеуметтік қорғау жүйесінің сандық көрсеткіштері экономикалық даму деңгейімен анықталса, ал адамдар арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік институттардың қатысу дәрежесі мен еңбекке ынталандыру деңгейі таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельмен өзара байланыста болады.
Даму деңгейі бірдей мемлекеттерді өзінде де тарихи, мәдени, саяси және өзге де факторларға байланысты, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынтымақтастықтың және мемлекеттік институттардың қатысуының әртүрлі деңгейі орын алуда.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әлеуметтік сақтандыру.docx

— 34.49 Кб (Скачать документ)

 

     Халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әлеуметтік сақтандыру

 
      Әлеуметтік  қорғау - бұл әлдебір жағдайларға (кәрілік, мүгедектік, денсаулық жағдайы, асыраушысынан немесе жұмысынан айрылуы) және өзге де заңды негіздерге байланысты экономикалық белсенді бола алмайтын әрі лайықты ақы төленетін еңбекке қатысу жолымен өзін табыспен қамтамасыз ете алмайтын азаматтар үшін өмірлік қажетті игіліктердің және әл-ауқаттың белгілі бір деңгейін қамтамасыз етуге арналған жүйе.  
      Қазақстан мүше болып табылатын Халықаралық еңбек ұйымының анықтауы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі мынадай шаралар кешенін қамтиды:  
      тұрақты, ақылы еңбекке ынталандыру;  
      негізгі әлеуметтік қатерлердің алдын алу, ал ол туындаған жағдайда әлеуметтік сақтандыру тәсілдері арқылы сол қатердің салдарынан айрылған табысының бір бөлігін қалпына келтіру;  
      халықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатыспайтын әлсіз топтарына арналған әлеуметтік көмек тәсілдері;  
      азаматтардың білім және медициналық көмек сияқты негізгі құқықтар мен қызметтерге қол жеткізуі.  
      Әлеуметтік қорғау жүйесінің сандық көрсеткіштері экономикалық даму деңгейімен анықталса, ал адамдар арасындағы ынтымақтастық, мемлекеттік институттардың қатысу дәрежесі мен еңбекке ынталандыру деңгейі таңдалған әлеуметтік-экономикалық модельмен өзара байланыста болады.  
      Даму деңгейі бірдей мемлекеттерді өзінде де тарихи, мәдени, саяси және өзге де факторларға байланысты, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынтымақтастықтың және мемлекеттік институттардың қатысуының әртүрлі деңгейі орын алуда.  
      Толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде жарна мен төлемнің арасында өзара байланыс болмайды. Және төлем алу құқығы қатерлі жағдай орын алған сәттен туындайды да, оның деңгейі адамның жүйеге қосқан үлесіне тәуелді болмайды. Қаржыландыру бүкіл салық төлеушілер мойнына түседі де, әлеуметтік қорғау жүйесінен төлем алу құқығына барлық азаматтар ие болады. Мұндай жүйеде табыстарды қайта бөлу тетігі және қаржыландырудың бірден бір көзі мемлекеттік бюджет болып табылады, ал реттеуші ретінде мемлекет әрекет етеді. Толық ынтымақтастыққа негізделген жүйеде барлық азаматтарға әлеуметтік қорғаудың бірдей, әдетте, ең төменгі деңгейін ұсынады.  
      Шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйеде төлемдерді алу құқығы адамның жарнасына байланысты болады. Әдетте, мұндай жүйе еңбеккерлер мен жұмыс берушілердің аударымдары есебінен қаржыландырылады, ал жарнасына қарай төлемдерді алу құқығына аударымдар жасаған (немесе олар үшін жұмыс беруші аударым жасаған) азаматтар ғана ие болады. Мұндай жүйелер, әдетте, халықтың белгілі бір тобын, мысалы, ресми жұмыс істейтін еңбеккерлерді немесе белгілі бір еңбек ұжымының еңбеккерлерін әлеуметтік қорғаудың қосымша көзі болып табылады.  
      Бұдан басқа, ынтымақтастық белгісі жоқ, әр азамат өмірдегі қатер жағдайына қаражатты дербес жинайтын әлеуметтік қорғау жүйелері де бар.  
      Халықаралық тәжірибеге сүйене отырып, әлеуметтік қорғаудың неғұрлым тиімді және кешенді жүйелері, әдетте: 1) мемлекеттік жәрдемақылар; 2) міндетті әлеуметтік сақтандыру; 3) жинақтаушы зейнетақымен қамсыздандыру;  
4) әлеуметтік көмек сияқты негізгі элементтерді қамтиды деген қорытынды жасауға болады.  
      Мемлекеттік жәрдемақылар әлеуметтік қорғауға жататын жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарды кепілдікті төлемдермен белгілі бір деңгейде қамтамасыз етуге арналған.  
      Жұмыс берушілер мен еңбеккерлер аударымдарының есебінен қаржыландырылатын міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесі төленген жарна деңгейіне сай ресми жұмыс істейтін еңбеккерлерді қосымша қорғауға арналған.  
      Жинақтаушы зейнетақы жүйесі әр азаматтың зейнетақы жинақтарын жасау процесін реттеуге арналған.  
      Әлеуметтік көмек азаматтардың жекелеген санаттарын бюджеттің қаражаты есебінен қосымша қорғауға арналған. 
      Бұдан басқа, азаматтың әлеуметтік қатерлерден өзін өзі ерікті сақтандыруға құқығы бар.  
      Осындай аралас жүйе ынтымақтастыққа негізделген және дербестендірілген жүйелердің артықшылықтарын үйлестіруге мүмкіндік береді.  
      Қазақстанда нарықтық экономикаға көшу аяқталып келеді. Әлеуметтік қорғаудың жүйесі өзгерген экономикалық қатынастарға сәйкес болуы қажет.  
      Өтпелі кезеңінің бастапқы кезінде мемлекет инфляция, бюджет тапшылығы, өндірістің құлдырауы, экономиканың бейресми секторының өсуі жағдайында әлеуметтік қорғаудың ағымдық мәселелерімен айналысуға мәжбүр болды. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін енгізу мен заттай жеңілдіктерді ақшалай төлемдермен ауыстыруды қоспағанда, әлеуметтік саладағы реформалардың нәтижесі ағымдық мәселелерді шешуге арналған жауап қадамдар болды.  
      Жүргізілген қайта құруларға қарамастан, қазіргі кезде әлеуметтік қорғау жүйесі күрделілігімен және заңнаманың жүйелілігінің жеткіліксіздігімен, жүйеге қатысуға ынталандырудың төмен деңгейімен сипатталады.  
      Соңғы жылдарда экономикадағы қолайлы өзгерістер және тұрақты өсуді қамтамасыз ету жөнінде қабылданып жатқан шаралар әлеуметтік қорғаудың кешенді жүйесін құруды қолға алуға мүмкіндік беріп отыр. Осыған байланысты Қазақстанның қазіргі және болашақтағы басымдықтары мен мүмкіндіктерін ескере отырып, халықты әлеуметтік қорғаудың жаңа тұжырымдамасын әзірлеу қажеттігі туындады.  
      Азаматтардың білім және медициналық көмек саласында қызметтер көрсетуге қол жеткізуі бұл Тұжырымдаманың шеңберінде қаралмайды, өйткені олар басқа бағдарламалық құжаттармен айқындалады.  
 
          Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік  
               қорғау жүйесінің қазіргі жай-күйі  
 
      Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінде толық ынтымақтастық және мемлекеттік институттардың қатысу деңгейі басым да, ынталандыру деңгейі төмен.  
      Мүгедектігіне, асыраушысынан айрылуына байланысты, жұмыссыздығы мен жасы бойынша әлеуметтік қорғау жүйесі толық ынтымақтастық қағидатына негізделген. Барлық жеке тұлғалар - Қазақстан Республикасының азаматтары, Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар (бұдан әрі - азаматтар) өмірдегі қатерлі жағдайлар туындаған кезде еңбек қызметіне қатысуына және жарнасына қарамастан, егер заңдар мен халықаралық шарттарда өзгедей көзделмесе, бірдей деңгейде мемлекеттік жәрдемақылар алады. Бұдан басқа, әлеуметтік төлемдерді есептеудің экономикалық негізделген нормативтері мен еңбекақы жүйесінде өзара байланыс болмауының салдарынан жұмыс істейтін халықтың табыс деңгейі мен әлеуметтік төлемдер арасында тиісті байланыс болмай отыр. Нәтижесінде, жұмыс істейтін халықтың бір бөлігі әлеуметтік жүйеге үлесі болмаған азаматтардың алатын әлеуметтік жәрдемақы мөлшерінен де аз жалақы алады.  
      Жұмыс істейтін азаматтарды әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда аударымының мөлшеріне қарай қосымша қорғаудың шектеулі ынтымақтастыққа негізделген жүйесі республикада жоқ.  
      Азаматтың еңбек үлесі ынтымақтастықты зейнетақы жүйесінде ішінара ғана ескеріледі. Жинақтаушы зейнетақы жүйесі - қартайған шақтағы қамсыздандырудың қатысушылар арасында ынтымақтасусыз, жинақтау қағидатына негізделген жүйеге қатысуға пәрменді ынталандыратын бірден бір түрі.  
      Қолданылып жүрген заңнамада әлеуметтік қатерлер туындаған жағдайда ерікті сақтандыруды жүзеге асыру көзделген, ол бірқатар факторларға байланысты тиісті деңгейде дамымай отыр.  
      Әлеуметтік қорғау жүйесінің негізгі қаржыландыру көзі мен жалпы реттеушісі мемлекет болып табылады. Заңнамаға сәйкес азаматтардың жекелеген санаттарына мемлекет қаражаты есебінен әлеуметтік көмек көрсетіледі. Жинақтаушы зейнетақы жүйесін қоспағанда, әлеуметтік қорғау жүйесінде ынталандыру деңгейі төмен.  
      Қазіргі әлеуметтік қорғау жүйесінің тиімділігін шектейтін негізгі кемшіліктер мыналар:  
      жетілдірілмеген заңнама - әлеуметтік саланы реттейтін заңнама әлеуметтік қатерлер мен төлемдерге негізделмей, төлемдер түрлері бойынша қалыптастырылған;  
      әділдігі жеткіліксіз және ынталандыру деңгейі төмен - әлеуметтік жәрдемақылар алу құқығын іске асыру кезінде салықты төлеп, азаматтық борышын атқарып жүрген еңбеккерлердің салық аудармайтындардың алдында артықшылығының болмауы;  
      айқындықтың жеткіліксіздігі - әлеуметтік төлемдерді алу процесін қадағалауға арналған дербес сәйкестендіру жүйесінің қалыптасу сатысында болуы.  
      Қолданылып жүрген жүйені сақтау орын алған кемшіліктердің одан әрі тереңдеуіне, жүйеден төленетін төлемдер мен салымдар көлемі арасындағы байланысты босаңсытуға, соның нәтижесінде салықтар мен жинақтаушы зейнетақы жүйесіне міндетті жарналарды төлеуден жалтаратын адамдардың көбейіп кетуіне апарып соқтыруы мүмкін.  
 
            Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтік  
             қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары  
 
      Әлеуметтік қорғау жүйесін реформалауға жалпы көзқарас  
      Әлеуметтік қорғау жүйесін дамытудың негізгі бағыттары халықаралық тәжірибе мен қазіргі жағдайды талдаудан туындайды. Нарық жағдайларына сәйкес келетін және тұрақты ақылы еңбекке ынталандыруды қалыптастыратын, әкімшілік шығындары төмен, халықты қамту деңгейі неғұрлым жоғары жүйе құру көзделіп отыр.  
      Жаңа жүйе адам өмірде тап болуы мүмкін негізгі қатерлерден халықты әлеуметтік қорғауды қамтамасыз етуге арналған ынтымақты және дербестендірілген жүйелердің, міндетті және ерікті сақтандырудың элементтерін қамтитын аралас жүйе болады.  
      Әлеуметтік қорғаудың жаңа жүйесінің негізгі мақсаттары мен міндеттері экономикалық өсуді қолдау элементтерін қамтуы, қатерлі жағдайлар туындаған кезде барлық азаматтарға қорғау көрсетуде әділ болуы; тиімді жұмыс істеуі және халықты неғұрлым толық қамтуы тиіс.  
      Әлеуметтік саланы реттейтін заңнама әлеуметтік қатерлердің негізінде қалыптастырылады.  
      Әлеуметтік қорғаудың іске асыруға ұсынылып отырған жүйесі:  
      әділ - әлеуметтік қорғау құқығын іске асыру алушылар үшін жеңіл, қол жетерлік болуы тиіс. Мемлекет кепілдік берген ең төменгі жәрдемақылар көлемі бірдей әлеуметтік қатер туындаған кезде еңбек өтілі мен жалақысына байланыссыз төлемдердің кең деңгейін ұсынуы тиіс. Сонымен бір мезгілде, қосымша қорғау деңгейі әрбір нақты адамның қатысуының ұзақтығы мен мөлшеріне байланысты болуы керек;  
      әрбір азаматтың мемлекетке тәуелділігін емес, оның жеке жауапкершілігін ынталандыруы тиіс. Тұтастай алғанда, барлық еңбекке қабілетті азаматтар өзінің жеке басының болашағы мен өз отбасының әл-ауқаты үшін жауапты болуға ұмтылуы тиіс;  
      пәрменді - жәрдемақылар атаулы болуы тиіс, яғни оны алуға құқығы бар және оған аса мұқтаж адамдарға беріледі;  
      тиімді, яғни ашық және жақсы басқарылатын, шығыны аз және қарапайым болуы қажет. Жүйенің негізгі компоненттері икемді реттелуі қажет;  
      қол жетерлік, яғни белгілі бір мерзім ішінде халықтың барынша толық қамтылуын қамтамасыз етуі тиіс.  
      Осы айтылғандарды ескере отырып, әлеуметтік қатерлер негізінде қорғаудың мынадай элементтерін қамтитын әлеуметтік қорғау жүйесін ұйымдастыру көзделіп отыр:  
      барлық азаматтарға әлеуметтік қатерлерге қарай бюджет қаражатының есебінен бірдей деңгейдегі мемлекеттік төлемдер беру;  
      алғашқы кезеңде міндетті әлеуметтік сақтандыруды жұмыс берушілер есебінен және келешекте еңбеккерлерді де аударымдары есебінен жүргізу;  
      жинақтаушы зейнетақы жүйесі;  
      әлеуметтік көмек және белгілі бар санаттағы азаматтарды бюджеттің қаражаты есебінен қолдаудың арнаулы мемлекеттік бағдарламалары.  
      Бұдан басқа, азаматтардың әлеуметтік қатерлерден өздерін ерікті сақтандыруды жүзеге асыруы көтермеленетін болады.  
      Қазақстанның ерекшелігін, халықаралық тәжірибені ескере отырып, әлеуметтік қорғау жүйесінің ұйымдастыру негізін қараған кезде мемлекеттік және сол сияқты жеке меншік институттардың мүмкіндіктері тиімді пайдаланылатын аралас жүйеге артықшылық берілуі тиіс.  
      Барлық әлеуметтік төлемді неғұрлым тиімді басқару және бақылау үшін әрбір азаматқа дербес бірдейлендірілген код бере отырып, дербес бірдейлендірудің жалпы мемлекеттік жүйесі мен ұлттық дерекқоры жасалуы тиіс.  
      Ана мен баланы кең ауқымды әлеуметтік қамсыздандыру мемлекеттің бүкіл әлеуметтік қорғау жүйесінің басымдықтарының бірі болады. Келешекте әлеуметтік қорғау жүйесінің жетілдірілуі барысында әлеуметтік қорғауға мұқтаж қатерлер тізбесі кеңейтіледі. Мәселен, демографиялық процестердi қолдау мақсатында бала туу мен оларды тәрбиелеу әлеуметтiк көмекке мұқтаж жағдай ретiнде қаралады. Қолдау көрсету ретiнде бала туғанда бiр жолғы жәрдемақы және жасы кәмелетке толмаған балаларды тәрбиелеп отырған отбасыларына қосымша жәрдемақы беру енгiзiлетiн болады.  
      Мүгедектiк проблемаларын шешу бойынша іс-шаралар әзiрлеу, мүгедектердiң мұқтаждарына арналған өндiрiстердi мемлекеттiк қолдауды жүзеге асыру, мүгедектердiң негiзгi құқықтар мен көрсетiлетiн қызметтерге қол жеткiзуiн қамтамасыз ететiн мемлекеттiк стандарттарды енгiзу қарастырылады. Әлеуметтiк қатерлердің алдын алудың және мүгедектердi оңалтудың (медициналық, әлеуметтiк, кәсiби) жеке бағдарламаларын дамыту, мүгедектердi әлеуметтiк, еңбекпен бейiмдеу жүйесiн құру, мүгедектердiң қоғамға кiрiгуiне жәрдемдесу жөнiнде шаралар қабылданатын болады. Бұл ұсыныстар әзiрленiп жатқан Мүгедектердi оңалтудың 2002-2005 жылдарға арналған бағдарламасында көрiнiс табады.  
      Атаулы әлеуметтiк көмек мұқтаждықтың нақты өлшемдерi негiзiнде халықтың ең аз қорғалған топтарына ғана берiлетiн болады. Бұдан басқа, адамдардың белгiлi бiр топтарына - соғыс ардагерлеріне, мүгедектерге және көп балалы аналарға қосымша қорғау көрсетуге бағытталған арнайы бағдарламалар әзiрленедi.  
      Әлеуметтік қорғауды реформалауда әлеуметтік нормативтердің рөлін арттыру, ең төменгi жалақыны кезең-кезеңiмен көбейтiп, күнкөрiс деңгейiне жақындату маңызды болып табылады. Әлеуметтiк төлемдердiң мөлшерi әлеуметтік-экономикалық табиғаты бар нормативтерге негізделіп есептелетін болады.  
      Әлеуметтік қатерлердің туындау мүмкіндігін болдырмау және оны қысқарту мақсатында мемлекет алдын алу сипатындағы шараларды қабылдайтын болады. Жұмысынан айырылып қалудың алдын алу, сондай-ақ азаматтардың тұрақты ақы төленетiн еңбек қызметiн тауып алуын ынталандыру мақсатында мемлекет жұмыс орындарын құру бағдарламаларын жетiлдiредi. Азаматтардың еңбек мiндеттерiн атқару кезінде денсаулығы мен өмiрiне зиян келу қаупінің алдын алу үшiн мемлекет еңбек туралы заңнамалар мен еңбектi қорғау туралы заңнамалардың сақталуына бақылауды күшейтеді. Мүгедектiкке ұшырау қатерiн азайту мақсатында медициналық көмек көрсетудi жетiлдiру, соның iшiнде оны қаржыландыру тетiгiн жетiлдiру арқылы жетiлдiру көзделуде.  
      Жасы бойынша, асыраушысынан айрылу және еңбек ету қабiлетiнен айрылу жағдайы бойынша мемлекеттiк жәрдемақылар алушыларды әлеуметтiк сақтандыруды енгiзу кезiне дейін тағайындалған төлемдердi қамтамасыз ету қағидаттары өзгерiстерге ұшырамайды.  
      Әлеуметтiк қорғаудың барлық жүйесi тiкелей немесе жанама түрде қызметкерлер мен жұмыс берушiлердiң қаражаты есебiнен қаржыландырылатын болғандықтан, әлеуметтiк қорғау жүйесiне әрбiр нақты азаматтың ғана емес, Үкiметтiң әлеуметтiк әрiптестерiнiң - еңбекшілердiң кәсiптiк одақтарының және жұмыс берушiлер бiрлестiктерiнiң қатысу деңгейiн көтеру көзделедi.  
 
               Өмiрде қатерлер туындаған кезде әлеуметтiк  
                       қорғаудың негiзгi тетiктерi  
 
      Әлеуметтік салықты төлейтiн ұйымдарда жұмыс істейтiн қызметкерлердің бәрi асыраушысынан айрылу жағдайы, еңбек ету қабiлетiнен және жұмысынан айрылуы бойынша әлеуметтiк сақтандыру жүйесінің қатысушылары болады. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн енгiзгенде алғашқы кезеңiнің ерекшелiктерi ескерiледi. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiн қаржыландыру алғашқы кезеңде жұмыс берушiлердiң аударымдары есебiнен және келешекте қызметкерлердiң де аударымдары есебiнен жүзеге асырылады.  
 
      Еңбек ету қабілетінен айрылған және асыраушысынан айрылған жағдайда әлеуметтік қорғау  
      Еңбек етуге қабілетті жастағы азаматтардың мүгедектік дәрежесін бағалау кезінде тіршілік әрекетінің шектелуін ғана емес, еңбек ету қабілетінің де шектелу дәрежесін ескеру қарастырылады. Мүгедектік мәртебесін беру және еңбекке қабілеттілігін жоғалту дәрежесін анықтау, сондай-ақ медицина қызметкерлері мен медициналық-әлеуметтік сараптау комиссияларының жауапкершілігін межелеу рәсімдері жөнінде шаралар қабылданатын болады.  
      Еңбек ету қабiлетiнен және асыраушысынан айрылу жағдайында әлеуметтiк қорғау жүйесiн реформалау мынадай құрылымдарды енгiзудi көздейдi:  
      Бiрiншi деңгей: барлық азаматтарға бюджет қаражаты есебінен бiрдей деңгейдегi жәрдемақы беру (әлеуметтiк қатерлердiң түрiне қарай).  
      Екiншi деңгей: ресми жұмыс істейтiн қызметкерлерге мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен зейнеткерлiк жасына жеткенге немесе сақтандыру төлемдерiн беруге негiз болған жағдаяттар тоқтатылғанға дейiн қосымша төлемдер беру.  
      Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен берiлетiн төлем мөлшерi, аударымдарының ұзақтығы және еңбек ету қабiлетiнен айрылу дәрежесiне немесе асырауындағылардың санына қарай белгiлi бiр уақыт iшiндегi орташа жалақысын алмастыру коэффициентi негiзiнде есептелетiн болады. Әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен берiлетiн төлемдерден мiндетті зейнетақы жарналары ұсталатын болады. Қызметкердiң жарна аударымдары жүргiзiлетiн және төлемдер тағайындалатын табысының ең жоғары шегi заңмен белгіленетін болады.  
      Үшiншi деңгей: еңбек міндеттерiн атқару кезiнде жазатайым оқиғаның және кәсiби аурудың салдарынан еңбек қабілетiнен айрылған және асыраушысынан айрылған жағдайда сақтандыру ұйымынан төлем беру түрiнде оны зейнеткерлiк жасқа толғанға немесе сақтандыру төлемдерiн беруге негiз болған жағдаяттар тоқтатылғанға дейiн қосымша әлеуметтік қорғау көзделедi. Еңбек (қызмет) міндеттерін атқару кезінде қызметкердің өмiрi мен денсаулығына зиян келтiргені үшiн жұмыс берушінің жауапкершілiгiн мiндеттi сақтандыру жүйесi енгiзілетiн болады. Сақтандыру жұмыс берушiмен сақтандыру ұйымының арасында жасалған шарттың талаптарында жұмыс берушiнiң сақтандыру ұйымына мiндеттi аударымдарының есебiнен жүзеге асырылады. Еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде азамат еңбек қабiлетiнен және асыраушысынан айрылған жағдайда бюджеттiң қаражаты есебiнен әлеуметтік қатердің тиісті түрі бойынша жәрдемақы алуға, әлеуметтік сақтандыру жүйесінен және сақтандыру компаниясынан төлем алуға құқылы. Бұдан басқа, сақтандыру компаниясы зардап шегушіні протездеуге, емдеу мен оңалтуға, оның еңбек ету қабілетін қалпына келтіруге кеткен және т.б. шығыстарын өтейді. Сақтандыру ұйымынан төленетін төлемдерден де міндетті зейнетақы жарналары ұсталады.  
      Сақтандыру компанияларынан төленетiн төлемдердiң мөлшерi заңмен белгiленедi және жұмыс берушілерге сақтандыру шарттарын уақтылы жасамағаны үшін салынатын айыппұл жазаларының жүйесі енгiзiледi. Сақтандырудың осы түрiн енгiзу жұмыс берушілердi еңбек қауіпсiздiгi шарттарын сақтауға және жақсартуға ынталандыратын болады.  
      Республикалық және жергiліктi бюджеттерден қаржыландырылатын мемлекеттiк мекемелер қызметкерлерi үшiн еңбек мiндеттерiн атқару кезiнде қызметкердiң өмiрi мен денсаулығына келтiрiлген зиянды өтеудiң мемлекеттiк мекемелердiң сметасы есебiнен бiржолғы өтемақы төлеу түрiндегi айрықша тәртiбi белгiленедi.  
      Бұдан басқа, азаматтарды еңбек ету қабiлетiнен айрылу және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша жеке өздерiнiң қаражаты есебінен ерікті сақтандыру ынталандырылатын болады.  
 
      Жұмысынан айрылу жағдайында әлеуметтiк қорғау  
      Жұмысынан айрылу жағдайында азаматтарды әлеуметтiк қорғау жүйесiн реформалау оның екi деңгейлi құрылымын енгiзудi көздейдi.  
      Бiрiншi деңгей: жергiлiкті бюджеттер есебiнен барлық жұмыссыз азаматқа жұмысқа орналасуға, кәсiби қайта даярлауға көмек көрсету, қоғамдық жұмыстар беру жолымен әлеуметтiк қорғау.  
      Екiншi деңгей: ресми жұмыс істейтiн еңбеккерлерге мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру жүйесiнен белгiлi бiр мерзiм iшiнде төлем ақы беру.  
      Заңнамада белгiленген тәртiппен жұмыссыз деп танылған және белсендi түрде жұмыс iздеп жүрген, сондай-ақ жүйеге белгілi бiр үлесi болған азаматтың әлеуметтiк сақтандыру жүйесінен төлем алу құқығы туындайтын болады. Төлемнің мөлшері жалақы деңгейіне және сақтандыру аударымдарының ұзақтығына тәуелді болады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесінен берілетін төлемдерден міндетті зейнетақы жарналары ұсталады. Әлеуметтік сақтандыру жүйесіне жарна есептелетін және төлемдер тағайындалатын табыстың ең жоғары шегі белгіленетін болады.  
      Кейбiр құқық бұзушылық үшiн әртүрлi деңгейде шектеу жүйесi қолданылады, мысалы, мамандығы мен білігі сай келе тұра лайықты жұмыстан бас тарту, өз өтініші бойынша жұмыстан шығу және т.б. үшін төлемді алу мерзімінің кейінге қалдырылуы, оның мөлшері азайтылуы не жойылуы мүмкін.  
      Жұмыссыздықтан міндетті сақтандыру жүйесін енгізу азаматтарды жұмысынан айрылған кезеңде қамсыздандыру жүйесін едәуір жақсартады және кеңейтеді. Ықтимал алушылар жәрдемақының болжамды мөлшерін білетін болады және жәрдемақы төленетін кезеңнің шектелуін ескеріп, белсенді түрде жұмыс іздеуге ынталы болады. Жұмыссыздарды ақпараттық қолдау мақсатында еңбек рыногында мамандықтар мен аумақтар бойынша сұраныс пен ұсыныстың орталықтандырылған дерекқоры құрылады.  
 
                   Әлеуметтiк қорғау жүйесiн құқықтық және  
                    ақпараттық қамтамасыз етудi жетiлдiру  
                                  бағыттары  
 
      Әлеуметтiк қатер түрлерi және төлемдер негiздерi жөніндегi заңнаманы кезең-кезеңiмен жүйелеу ұсынылып отыр. Азаматтардың жекелеген санаттарын қосымша қорғауға қатысты арнаулы заңнама әзiрленетiн болады. Әлеуметтiк нормативтердi белгілеу әдiстемесiн одан әрі жетiлдiру жоспарланып отыр.  
      Әлеуметтiк қорғау жүйесiн реформалау бүкiл республика халқының мүддесiн қозғайтын болғандықтан, халықты барлық мүдделі мәселе бойынша анық та толық ақпаратпен қамтамасыз етуге ерекше мән берілуі қажет. Халықтың арасында қажетті түсіндіру жұмысы әлеуметтік әріптестердің қатысуымен жүргізіледі.  
      Реформаланатын әлеуметтік қорғау жүйесінде әлеуметтік сақтандырудың рөлі артуын ескере отырып, халықты әлеуметтік қорғау жүйесінде ақпараттық қамтамасыз ету мен есепке алу маңызды мәселеге айналады.  
      Модель құрылымын жасау жоспарлануда, соған сәйкес жеке тұлғаның бірыңғай тіркеу коды арқылы азаматтың әлеуметтік төлемдерді алуы жүзеге асырылады, түрлі ведомстволарда қолданылып жүрген біредейлендірулер соған негіз болмақшы. Мұндай жүйенің өзекті элементі "Жеке тұлға" деген мемлекеттік дерекқор болып табылады, бұл инфрақұрылымды ұстауға арналған әкімшілік шығыстарын азайтуға, сақтандыру аударымдарын төлеу мен әлеуметтік төлемдерді алу құқығы арасында байланыс орнатуға мүмкіндік береді. Әлеуметтік қорғау жүйесінің мұқтаждары үшін актуарлық есептердiң әдiстемелiк базасын жетілдiру жөнiнде шаралар қабылданады (актуарлық есептер - сақтандыру ұйымының төлеу қабiлеттiлiгі мен қаржылық тұрақтылығының қажеттi деңгейiн қамтамасыз ету мақсатында сақтандыру және қайта сақтандыру шарттары бойынша мiндеттемелер мөлшерінің экономикалық-математикалық есептерi).  
 
              Халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiн қаржылық және  
                    институционалдық қамтамасыз етудi  
                           жетiлдiру бағыттары  
 
      Реформа аяқталғанға дейiн мемлекет халықты әлеуметтiк қорғау жүйесiн қаржыландыру көзi болып қала бередi деп көзделуде. Мұндай жағдай мемлекеттiң қатысуының азаюына және әлеуметтік сақтандыру тетiктерiнiң дамуына қарай бiрте-бiрте өзгеретiн болады. Мемлекет барлық әлеуметтік төлемдердің толығын және уақытында төленуін бюджеттен қамтамасыз етеді.  
      Әлеуметтiк сақтандыру жүйесін қаржыландыру әлеуметтік салық ставкаларын 3% азайту және сақтандыру аударымдарын қызметкер табысының 3% мөлшерінде енгізу есебінен жүзеге асырылады. Бұл ретте аударымдарды төлеушілер алғашқы кезеңде жұмыс берушілер болады. Әлеуметтік сақтандыруға аударымдарды дербестендіру қызметкердің, кәсіподақтардың және қызметкерлер бірлестіктерінің қаражаттардың аударылу процесiн бақылауға ықыласын арттырады. Әлеуметтiк сақтандыруға аударымдарды дербестендiру есебiн енгiзу әлеуметтiк қорғау жүйесiн реформалаудың аса маңызды шарттарының бiрi болып табылады.  
      Әлеуметтік қамсыздандыру жүйесін мемлекеттік реттеу Қазақстан Республикасында әлеуметтік қорғаудың жаңа саясатын жүзеге асырудың негізгі қағидаты болып табылады. Жүйеге қатысушылардың қызметін бақылау мемлекетте қалатын болғандықтан, мемлекеттің рөлі мемлекеттік бюджеттен қаржыландырылмайтын әлеуметтік сақтандыру жүйесі мен жинақтаушы зейнетақы жүйесінің дамуы деңгейі жоғары болған жағдайдың өзінде де жетекші болады. Халықты әлеуметтік қорғау мәселелері жөніндегі уәкілетті мемлекеттік орган жинақтаушы зейнетақы жүйесі, әлеуметтік сақтандыру және қызметкердің өмірі мен денсаулығына келтірілген зиянды өтеу саласындағы әлеуметтік өлшемдерді өзгерту жөнінде шаралар қабылдау үшін актуарлық әлеуетті күшейтеді.  
      Әлеуметтiк сақтандырудың міндетті түрлерiн енгiзу жүйеге қатысатын азаматтардың аударымдарын шоғырландыру үшiн мамандандырылған институттарды құруды қарастырады. Шектелген ынтымақтастық қағидатына негізделген әлеуметтiк сақтандыру жүйесi дамуының халықаралық тәжiрибесiн ескере отырып, халықтың толық қамтылуын және бүкiл жүйенің сенiмдiлiгiн қамтамасыз ету, әкiмшiлiк шығыстарды қысқарту мақсатында мемлекеттiң 100 пайыз қатысуымен жабық акционерлiк қоғам түрiнде мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қоры (бұдан әрi - Қор) құрылмақ. Аударымдардың қатысуы мен мөлшерiн жеке бақылау арқылы Қор қысқа мерзiм ішінде еңбектің ресми секторын, соның ішінде жекеше ұйымдар үшін қызығушылық тудырмайтын шалғайдағы ауылдық аудандарды әлеуметтік сақтандырумен қамтуға мүмкіндік береді. Осымен қатар Қордағы қаражатты мақсаттан тыс пайдалану мүмкiндiгiн болдырмайтын бақылаудың пәрмендi тетiктерi енгiзiледi. Қордың инвестициялау қызметiнiң шеңберi, қаражаттарды басқару және инвестициялау жөнiндегі рәсiмдер, Қордың активтердi сақтау мен есепке алу құқықтары мен міндеттері заңмен белгiленетiн болады. Қордың қаражатын негiзiнен мемлекеттiк бағалы қағаздарға инвестициялау көзделедi. Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталықтың әлеуметтік сақтандыру жүйесімен тығыз өзара байланысын ескере отырып, оның функциялары мен міндеттері кеңейтіледі. Қордың міндеттемелері қолданылып жүрген акционерлік қоғамдар туралы заңнаманың шеңберінде мемлекеттің акционер ретіндегі ғана міндеттемелері болып табылады. Сонымен бірге, келешекте міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен төлемдер төленуін ұйымдастыру кезінде жекеше институттардың қатысуын қарастыруға болады. Әлеуметтiк-экономикалық жағдайлар өзгерген кезде міндетті әлеуметтік сақтандырудың негізгі өлшемдеріне түзетулер уақтылы енгізіледі.  
 
               Қазақстан Республикасының халықты әлеуметтiк  
             қорғау тұжырымдамасының қорытынды ережелерi және  
                       оны iске асырудың кезеңдерi  
 
      Осы Тұжырымдама мақұлданғаннан кейін оның негізінде Қазақстан Республикасының халқын әлеуметтік қорғаудың жүйесін жетілдіру жөніндегі бірқатар нормативтік-құқықтық кесімдерді әзірлеу жоспарланып отыр. Іс-шараларды өткізуді мынадай екі кезеңге бөлген жөн:  
      І кезең (2001-2002 жылдар):  
      актуарлық есептер жүргiзу; 2002 жылдың 1 шiлдесiнен бастап еңбек мiндеттерiн атқару кезінде қызметкердiң өмірi мен денсаулығына зиян келтiргенi үшiн жұмыс берушiнiң жауапкершілігін мiндеттi сақтандыру жөнiндегi заңнамалық құжаттарды әзiрлеу және қабылдау; мүгедектiгi және асыраушысынан айрылу жағдайы бойынша әлеуметтiк сақтандыруды енгiзудi регламенттейтiн заңнамалық кесiмдердi әзiрлеу және қабылдау және оны 2002 жылдың соңынан енгiзу; зейнетақымен қамсыздандыру туралы және салық салу туралы заңдарды қоса алғанда, заңдарға халықты әлеуметтік қорғау мәселелерi бойынша өзгерiстер мен толықтырулар енгiзу; зейнетақылық аннуитеттердi дамыту; мемлекеттiк әлеуметтiк сақтандыру қорының қызметiн регламенттейтін нормативтiк базаны әзiрлеу; ақпараттық қамтамасыз ету жүйесiн енгiзу.  
      II кезең (2003-2005 жылдар):  
      жұмыстан айрылу қатерiн мiндеттi әлеуметтiк сақтандыру есебiнен өтелуге жататын әлеуметтiк қатерлер тiзбесiне енгiзу; әлеуметтiк төлемдердi жеке тұлғаның бiрыңғай тiркелу коды негiзінде тағайындауға көшу; азаматтардың табысын есепке алудың әдiстемелiк базасын жетiлдiру; ең

 төменгi жалақыны ең  төменгi күнкөрiс деңгейiне бiрте-бiрте  жақындату; аз  қамтамасыз етiлген  азаматтарға көрсетiлетiн атаулы әлеуметтiк көмектiң  жаңа нысандарын дамыту; бюджеттiң есебiнен берілетiн көмектiң мiндеттi  түрлерiне бала туғанда берiлетiн бiр жолғы жәрдемақыларды, жасы кәмелетке  толмаған балалары бар отбасыларына берiлетiн төлемдердi енгiзу.

 

 


Информация о работе Халықты әлеуметтік қорғау жүйесіндегі әлеуметтік сақтандыру