«Жас үммет» айдары жастар арасындағы өзекті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Мая 2014 в 19:27, доклад

Краткое описание

Үйленудің осыншалықты мәселеге айналуына әртүрлі себеп бар. Оған жастар арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде көз жеткіздік. Солардың ішінде ең басты себеп – баспана мәселесі. Бүгінгі буын осы келеңсіздіктің кесірінен үйленуді кешіктіреді екен. Басқа да әлеуметтік мәселелерді себеп етіп, отбасылы болуға асықпайтын жастар бірінші дүние жиып, бақуатты болуды қалайды. Өкінішке орай, «байып, дүйім жұрттан озам» деп жүріп, дүние-дүрмектің көшіне ілесе алмай қалатындар да кездеседі. Көп жағдайда мұндай келеңсіздік қыздар арасында орын алып жатады. Бұл жайтқа да сауалнама қорытындысы бойынша қанықтық.

Прикрепленные файлы: 1 файл

кеш уйлену мода.docx

— 42.44 Кб (Скачать документ)

«Жас үммет» айдары жастар арасындағы өзекті мәселелердің оңтайлы шешілуі үшін өзіндік ой-пікірін айтуды одан әрі жалғастырады. Бүгінгі тақырып – жастардың отбасын құруға, бала сүйіп, әке немесе ана атануға асықпауы, яғни сүрбойдақтық мәселесі. Өйткені, қазіргі кезде орда бұзар шаққа келсе де, отағасы болуды ерте санап, салт басымен сауық құрып жүрген жігіттердің қатары көбейіп келеді. Қыздарымыз да дәл сондай. Отызға келгенше орнын таппай, омалып жүр. Біреулер бұны заманнан көрсе, енді біреулер адамның өзімен байланыстырады. Не десе де, бұл түйткіл қазіргі жас буынның басты мәселесіне айналып отырғаны ақиқат.  

 

Үйленудің осыншалықты мәселеге айналуына әртүрлі себеп бар. Оған жастар арасында жүргізген сауалнама нәтижесінде көз жеткіздік. Солардың ішінде ең басты себеп – баспана мәселесі. Бүгінгі буын осы келеңсіздіктің кесірінен үйленуді кешіктіреді екен. Басқа да әлеуметтік мәселелерді себеп етіп, отбасылы болуға асықпайтын жастар бірінші дүние жиып, бақуатты болуды қалайды. Өкінішке орай, «байып, дүйім жұрттан озам» деп жүріп, дүние-дүрмектің көшіне ілесе алмай қалатындар да кездеседі. Көп жағдайда мұндай келеңсіздік қыздар арасында орын алып жатады. Бұл жайтқа да сауалнама қорытындысы бойынша қанықтық.  

 

Сонымен қатар, бүгінде жағдайы бола тұра үйленуді кейінге шегеретіндер де кездеседі. Бұл шариғат заңдылықтарымен сәйкеспейді. Бұл жөнінде пайғамбарымыз (с.ғ.с.): «Кімде-кім жағдайы бола тұра үйленбесе, бізден емес», – деген. Ал мына бір хадисінде: «Неке қидырып үйленіңдер, перзентті болып көбейіңдер. Әрине, мен сендердің көптіктеріңді қиямет күні басқа үмметтің алдында мақтаныш етемін», – деп, өмірдің мәні мансапта емес, дүниеге ұрпақ әкеліп, аяулы әке, ақ жаулықты ана атану екенін түсіндіреді.  

 

Сауалнамаға қатысқандар арасында ең көп айтылған уәждердің тағы бірі – «дұрыс адам жолықпай жүр»... «Дұрыс» адамды іздеп жүргенде, жасы келгенін аңғармай, санын соғып қалғандар да кездесті. Мұндайда халқымыздың «таңдаған тазға жолығады» дегені еріксіз еске түседі. 

 

Соңғы кезде елімізде осы мәселені шешу үшін әртүрлі пікірлер айтылып жүр. Солардың ішінде белгілі демограф Мақаш Тәтімовтің «бойдақ салығын» енгізу ұсынысы қилы пікірталас тудырып, көпшіліктің қызығушылығын оятты. Оның айтуынша, 25-тен асқан қыздар мен 30-дан асқан жігіттер өздерінің өмірлік серіктерін таппағаны үшін мемлекетке салық төлеуі керек-міс. 

 

Бір қызығы, мұндай салық сонау кеңес үкіметі кезінде болған екен. 1941 жылдың 21 қарашасында күшіне енген «бойдақ салығы» бойынша отбасын құрмаған және балалы болмаған 20-45 жас аралығындағы қыз-келіншектер мен 20-50 жас аралығындағы жігіттер жалақысының 6 пайызын мемлекет қазынасына аударып отырған. Соғыстан кейінгі халық санын көбейту мақсатында енгізілген аталмыш салық 90-жылдарға дейін заңды күшін жоймаған. Алайда, бұл мәселе көп жағдайда жасырын жүргізілген және денсаулығына, басқа да келеңсіздіктерге байланысты жеңілдіктер қарастырылған. 

 

Тағы бір айта кетер жәйт, қазіргі қазақ жастары ғана емес, мәселен, малайзиялықтар да отау тігіп, шаңырақ көтеруге соншалықты асықпайды екен. Бірақ, олардың себептері бізге мүлдем ұқсамайды. Бейресми деректерде Малай елінің жастары қажылыққа бармай үйленбейді деген қызықты мәлімет бар. Әрине, рас-өтірігін бір Алла ғана біледі. Бірақ, жел тұрмаса шөптің басы қимылдамайтынын ескерсек, бұл сөздің шындыққа жанасатынына сенуге болады. Ал, қытайлықтар көбіне барыс жылы отбасын құрудан бас тартады екен. Бұл өздерінің наным-сенімдеріне байланысты. Яғни, олар барыс жылы қиылған некенің бақыты баянсыз болады деп есептейді. Бұл орыстардың мамыр айында үйленбейтін ырымдарына өте ұқсас. Өкінішке орай, орыстың осы нанымы бүгінде қазақ халқына да сіңісіп бара жатыр. Оған мамыр айында қиылатын некелердің саны өзге айларға қарағанда айтарлықтай аз болатыны дәлел. Сондай-ақ, швед жастары да үйленуге көп асыға бермейді екен. Әсіресе, жігіттер. Өйткені, бұл елде жігіт қызды емес, керісінше, қыз жігітті таңдайтын көрінеді. Сондықтан, қашан бір сұлу келіп өзін таңдамайынша, швед жігіттері жалғыз жүруге мәжбүр. 

 

«Әр елдің салты басқа» демекші, өзге елдің жастарына өз наным-сенімдері кедергі болса, біздің жастарға тұрмыс тосқауыл болуда. Он үшінде ұлын ұяға, қызын қияға қондырған қазақ едік. Қазір отызға келсек те отау тігуге асықпайтын болдық. Ең өкініштісі, бұл қалыпты жәйтқа айналып барады. Бұл – індет. Оның алдын алмасақ, ертең немере сүйер жасқа келіп баламыздың жөргегін жуып отыруымыз әбден мүмкін. 

 

Сонымен қатар, «бас екеу болмай, мал екеу болмайды» деген бар. Ендеше, осы сөзден тәлім алып, Аллаға тәуекел еткеніміз дұрыс шығар. Әйтеуір, байлық деп жүріп, шын бақыттың бағытынан адасып қалмасақ болғаны. 

 

ПІКІРЛЕР: 

 

Қалқаман Сарин,

Л.Н.Гумилев атындағы ЕҰУ-дің оқытушысы, ақын: 

 

– Қазіргі жастар бірінші кезекке үй болуды емес, үй алуды, яғни материалдық жағдайды қойғаны белгілі. Бірақ бұл үшін оларды кінәлаудың еш қажеті жоқ. Өйткені, олар осы қадамға жетіскеннен барып отырған жоқ. Қазір бұрынғыдай үйленгеннен кейін екі қолға бір күрек табылатын заман емес. Сондықтан, жастардың карьера қуып, тұрмыстарын түзеу үшін жасаған әрекеттеріне түсіністікпен қарағанымыз абзал. 

 

Мен жастармен жұмыс істегендіктен, осы мәселе жөнінде олармен көп пікір таластырып, ой бөлісемін. Сол кезде: «Жағдайым болмаса, қалай үйленемін?», «Жұмысым болмаса, тұрмысым қалай болады?» деген сияқты пікірлер көп айтылады. Қарап тұрсаңыз, сөздерінің жаны бар. Меніңше, бұл жауапкершіліктен қашу емес, қайта соны сезініп, оған дайындалу.  

 

Ал, Кеңес үкіметі кезінде жастар мұндай үлкен ойлармен бас қатырып жатпайтын. Жігіттер әскерден келе салысымен, қыздар диплом алысымен, отау тігіп, отбасын құратын. Соған орай, мемлекет те жағдай жасап отырды. Тіпті, ол кездің жастарында жұмыс, баспана деген мәселе болмайтын. Болса да, қазіргімен мүлдем салыстыруға келмейді. Демек, бізде де мемлекет тарапынан көзге көрінетіндей көмектер жасалса игі іс болар еді. 

 

Сондай-ақ, бүгінгі таңда елдің ордасы деп Астанаға ағылып жатқан жастарда есеп жоқ. Солардың көп бөлігі жұмыс іздеп келуде. Бірақ, барлығы бірдей жұмысқа тұрып кетпейді. Тұрғандары айлығын не пәтерге, не тамаққа, не жолына жеткізе алмай әуре-сарсаңға түседі. Ал енді оларға қалай үйлен деп айтасың? 

 

Сондықтан, кез келген ел сәулетімен немесе дәулетімен емес, тұрғынымен, халқымен құнды болатынын ескеріп, қалаға келген қазақ жастарына мейлінше қолдау көрсетсек, бойдақтықтың алдын алуға жасалған қадам болар еді. 

 

Тұрсынбек Қабатов,

«Базар жоқ» мемлекеттік театрының директоры, әзіл-сықақшы:  

 

– Менің ойымша, жасы келсе де жар табуға талпынбай бойдақ жүру, ең алдымен, отбасындағы тәлім-тәрбиеге байланысты. Себебі, қазіргі кезде кейбір ата-аналар баласына жақсылық жасаймын деп жүріп шектен шығып кетеді. Мысалы, баласы мектеп бітірсе, қымбат көлік, ал жоғары оқу орнын бітірсе, үй алып беретін ата-аналар бар. Әрине, баласына не алып берсе де, әркімнің өз еркі. Бірақ, мұншалықты асты-үстіне түсу баланың болашаққа деген көзқарасын 180 пайызға өзгертіп, өз-өзіне деген сенімсіздік тудырады. Ата-ананың соншалықты қамқорлығына бой үйретіп алғандар отбасын құрып, олардан бөлек тұруға немесе солардың әперген дүниесін өзге біреумен бөлісуге дайын болмайды. Бұл сырт көзге байқалмаса да, санада сақталып тұрады. Осыдан барып эгоизм пайда болады. Ал ондай жанмен кім өмірлік серік болғысы келеді? 

 

Сондықтан, баланы үлде мен бүлдеге орауды мақсат етпей, өмірдің ащысы мен тұщысына төзе білуді үйретсе, бақыт деген байлық емес, ол – әке атанып артына ұрпақ қалдыру, ана атанып алдындағы ұл-қызға мейірім нұрын төгу екенін айтса, әлдеқайда тиімді болады. Сол кезде қазіргідей әлеуметтік мәселелерді сылтауратып отбасын құрмайтындардың саны азаяр еді. Қазақ «Отан – отбасынан басталады» дейді. Ендеше, қазіргі отау тігіп, отбасылы болудан қорқып жүргендер ертең Отанды жарылқайды дегенге өз басым сенбеймін. Бұл, әрине, менің жеке пікірім.  

 

Ал енді салық салу мәселесіне келер болсам, ондай нәрселерге менің тісім бата бермейді. Дегенмен, мемлекет қандай шара қолданса да, қазақтың санын көбейтуге, сүр бойдақтықтың алдын-алуға бағытталу керек. Сондай-ақ, ондай шаралар көзбояушылық емес, шынайы болғаны абзал. 

 

Еркебұлан Ерғалиев,

журналист: 

 

– Бұл мәселе бүгінде кәдімгідей көңілді алаңдатып отырғаны белгілі. Әсіресе, ата-аналарға ауыр тиюде. Өйт-кені, кез келген ата-ананың арманы бағып-қаққан баласының қызығын көру ғой. 

 

Десек те, отбасын құрмай жалғыз жүргендерді бойдақты-ғын бетіне басып, кінәлай беру дұрыс емес деп ойлаймын. Себебі, олардың әртүрлі себептері болуы мүмкін. Соның ішінде, ең бастысы, әлеуметтік мәселе екені айтпаса да түсінікті. Сондықтан, мемлекет бұл келеңсіздіктің алдын алуды жан-жақты қарастыру керек. Мәселен, жаңадан отбасын құрған азаматтарға пәтер болмаса да жер беріп, үй салуына жағдай жасаса, мәселенің бір түйіні шешілген болар еді. Өйткені, қатарластарымның көбі дәл осы баспана кесірінен үйленбей жүр. 

 

Меніңше, орын алған олқылықты салықпен шешу мүмкін емес. Тіпті, бұл, шыны керек, күлкілі жағдай. Өйткені, отбасын құруға асықпағандар қай бір жетіскеннен солай жүр дейсіз? Ал салық жығылғанға жұдырық болары сөзсіз. Қайта халық мемлекетке емес, мемлекет халыққа беру керек. Мәселен, үйленген жастардың жалақысын өсірсе, әр балаға берілетін көмекті сатып алғандай етпей, қомақты етіп берсе, соқа бастылардың саны азайып қана қоймай, халық санының артуына да айтарлықтай себеп болар еді. Ал оған, Аллаға шүкір, еліміздің жағдайы жетеді деп ойлаймын. 

 

 


Информация о работе «Жас үммет» айдары жастар арасындағы өзекті