Заманауи отбасы және ұлттық құндылықтар

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 20 Марта 2015 в 11:52, реферат

Краткое описание

Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық – әрбір шаңырақтың шаттығы. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – отанның бірлігі. Отбасының мағынасы арада дәстүрлі тәрбиеде жеткіншек.

Прикрепленные файлы: 1 файл

ОтбасыDoc1 (Автосохраненный).doc

— 58.50 Кб (Скачать документ)

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ЗАМАНАУИ ОТБАСЫ  ЖӘНЕ ҰЛТТЫҚ  ҚҰНДЫЛЫҚТАР

 

 

 

 

Ниязова Г.Е,  Омарова М.С.

 

 

«Зерек   колледжі» ЖМ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Заманауи отбасы және ұлттық құндылықтар

 

 «Бақытты балалық шақ пен алаңсыз қарттық – әрбір шаңырақтың шаттығы. Отбасы – береке-бірліктің қайнар көзі. Отбасының бірлігі – отанның бірлігі. Ағайынның татулығы – атамекеннің тұтастығы. Біз әкені асқар тауға балаған, «жұмақ – ананың табанының астында» деп анасын сыйлаған, «бала – бауыр етің» деп ұрпағына айрықша қамқорлықпен қараған, біз жаугершілік заманның өзінде жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған елміз. Ата-анасын қарттар үйіне тапсыратын қатыгез ұрпақ, баласынан жеритін көкек ана бізде ешқашан болмаған. Бұл – біздің дәстүрімізге қайшы, салтымызда жоқ қарекет. Ата-анаға құрметпен қарап, алаңсыз қарттық сыйлау, ұрпаққа қамқорлық жасау – әрбір адамның қасиетті борышы» - деп Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлының айтқанындай, қоғамның рухани-адамгершілік жағдайы – бүгін біздің мемлекетіміздің ең маңызды проблемаларының бірі. Маңызды міндет –  ол тартымды отбасы үлгісін қалыптастыруға жағдай жасау болып табылады. Барлығы әрбір адамның құндылықты ұстанымдарына байланысты. Қоғамның әлеуметтік-экономикалық құрылымы қанша ауысқанымен, отбасы оның негізі болып қала береді.

Отбасы — адамның жаны тыныштық тауып, рахатқа бөленетiн, бойға қуат, ойға шуақ алатын құтты мекенi. Ол имандылықтың ұясы, өзара келiсiм мен сүйiспеншiлiктiң тұрағы. Отбасы — үлкен  тәрбие мектебi. Балалар үшiн ғана емес, үлкендер үшiн де. Әркiмнiң отбасы осындай болғанда ғана ол шын мәнiнде бақытты болмақ. Тек бақытты адамдар ғана ұлы iстердi, қайырлы iстердi атқара алмақ. Мұның бәрiн дана халқымыз «Отан отбасыдан басталады» деп бiрауыз сөзбен түйген.

«Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер», «Балапан ұяда не көрсе, ұшқанда соны ілер» деген аталы сөзден-ақ ата-ананың балалалары алдында үлгі бола білу керектігін көреміз. Ата-ана тәрбиесі негізінде отбасында тұлғаның адами  сапалары қалыптасады. Бұл адами сапаларға адамгершілік, қайғыра білу, сөйлеу мәдениеті, зейінділік, мақсаттылық, инабаттылық, ізгілік және т.б. қасиеттер кіреді. Керісінше, ата-ана стиліне қарай, отбасылық қарым-қатынасқа   байланысты  өзімшілдік, қаталдық, үлкенге деген дөрекілік, қоршаған ортаға салғырттық, жауапсыздық және аяусыздық сияқты жаман қылықтар да дамитыны сөзсіз. Осы орайда, ұрпағының тұлғалық сапаларын қалыптастыру мақсатында ата-аналар әр жағдайда отбасылық салт-дәстүрді ұстанып, өз ата-анасына құрметпен қарап, баласына үлгі боларлық тәрбиеші болып, шыншылдық, адалдығын көрсетіп, оны жетілдіруі керек. Өз ұлтының құндылығын, мәдениетін, дәстүрінің қадірін білмей өскен ұрпақтан қайырым күтуге болмас. Сондықтан да, қазіргі заманауи отбасы өткенсіз бүгін жоқ екенін ескере отырып, ата-бабамыздың сан ғасырлар бойы ұстанған ұлттық мұрасын өнеге етсе, отанымыздың келешегі кемел, ұрпағымыздың болашағы жарқын болар еді.

«Қытайлықтар ұлы қытай қорғанын, итальяндықтар сазды әуенімен таң қалдырса, қазақ халқы ұлттық құндылықтар мен бай тілін мақтан етеді», - деген екен ұлы кемеңгер жазушы М.О.Әуезов. Қазақ халқының кешкен тірлігі мен тұрмысы сонау көне ғасырдан бері жасасып келе жатқан бай ауыз әдебиетінде сақталған. Ұлттық құндылықтардың кең өрісті, келісті көрініс табуы – халықтың мақал-мәтелдерінде, шешендік сөздерінде, даналықтарында. Жастайынан осыларды естіп, ұлттық бұлақтан сусындап нәр алған бала ешқашан да ұлттық келбетін жоймайды. Олай болса баланың сана - сезімін сол ұлттық мәдениеті мен салт дәстүрлерін меңгеру негізінде дамыту керек, ұлттық құндылықты жастайынан бала бойына сіңіре білсек еліміздің ертеңі ашық та нұрлы болмақ.

Ғасырлар бойы әбден сұрыпталған, орныққан өзіндік жол-жоралғымыз бар. Ата-әжелеріміз жаман сөз айтпауды, жамандыққа ермеу, жалаңаш жүрмеу, жағымпаз болмау, жасқаншақ, жасық болмауды санамызға құйып, намазды бұзбайтын,  нанды лақтырмайтын, адал асты, туысты қадірлейтін, үлкенді құрметтейтін әдепке, ырым-тыйымдарды үйрететін. Ата-анаға қарсы келу, әйелге өктем сөйлеу, ақты төгу, аманатқа қиянат жасау, арды сату, арамды жеу, әлем-жәлем киіну, әлсізге күш көрсету біздің жұртқа жат мінез.

Мұның бәрі қазақы тәрбиенің теңізден тамшыдай бір бөлігі ғана. Осыншалықты мол мұраны жастардың санасына сіңіру, әрине, оңай біте салған шаруа емес.  Жалғыз адамның қолынан келетін іс те емес. Ол үшін қанша еңбек сіңгені, қанша уақыт кеткені, қанша ақыл жұмсалғаны айтпаса да түсінікті. Анық білетініміз сол – ата-баларымыз жүрген жерінде, отырған жерінде бос сөзге әуес болмай, тек қана пайдалы әңгіме айтуды әдетке айналдырған. Би-шешен, ақын-жырауларымыз, батагөй ақсақалдарымыз қашан да сөздің мәйегін қалқып, асылын теріп сөйлеген.

       Сөз асылын теріп айт,

      Ақын болсаң бал таңдай,

      Семізін сөйле сөзіңнің,

      Мың жылқының ішінде

      Он жылғы қысыр байталдай, - деп Базар жырау ақындарға биік талап қояды.

Ендеше, шебер айтылған шешендік сөздер, мазмұны бай терме-толғаулар – бәрі де тәрбие үшін айтылған. Ал осынша мол мұра қайдан шығып жатыр деген сұрақ тууы мүмкін.  Біздіңше олардың қайнар бастауы имандылықта, мұсылманшылықта жатыр. Қазақ халқының Ислам дінімен таныс болғанына мың екі жүз жылдан астам уақыт өтті. Осы аралықта дін мен дәстүріміз біте қайнасып, болмысымызға айналды, ұлттық рухани бай мұрамыз жасалды. Халықты табиғи болмысынан айырмай сақтап тұратын құндылық ол – шариғатқа сай келетін ең ізгі әдет-ғұрпымыз. Қазақы салт-сананың қоғамдық, әлеуметтік мәселелерді озық үлгіде реттеп отырғаны кімді болса да таңғалдырады. Дана бабаларымыз күннің орнынан қалай шығып, айдың қалай туатынына дейін қалт жібермей бағып, жіті бақылап отырған. Тіпті, қоғамдағы құбылыстарға да сондай мән беріп, шариғат тұрғысынан әділ үкім шығарған. Әлеуметтік, қоғамдық қарым-қатынастарды дін мен дәстүр аясында тиісінше жіліктей білген. Қазтуған жырау: «Жарлысы мен байы тең, жабысы мен тайы тең», - деп жырлайды. Бұл аталарымыздың қазақи болмыспен қоғамдық үйлесімділікті сақтап отырғанының айқын көрінісі. Өркениетті елдердің өзі жете алмаған біздегі қалыптасқан осынау ізгі дәстүріміз өмірдегі тепе-теңдік ауыр міндетті тарихтың қай кезеңінде болмасын өз шама-шарқынша атқарған, әлі де қызмет ететіні күмән тудырмайды.

         «Жақсы заңың болғанша, жақсы дәстүрің болсын» дейді халық нақылы. Салт-дәстүр – әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.

Салт-дәстүр ұлт үшін өмір сүру қағидасы, қоғам заңы болып негізделіп, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесі ретінде ел зердесіне рухани байлық – өнеге тәжірибесін құраған. Бұл талаптар мен ережелерді халық бұлжытпай орындаумен бірге оны құрметтемеген, сақтамаған адамдарды сол заң негізінде жазалап та отырған. Өткен заманда қазақ қоғамы үшін салт-дәстүр бұлжымас заң рөлін атқарды. Мысалы, той, наурыз көже, қыз ұзату, қонағасы, шашу, ерулік ата салты болып саналады. Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік, халықтық мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи-әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Салт-дәстүр байлығы – мәдениеттің байлығы. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, байғазы, көрімдік, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, құрдастық қалжың, т.б. салт-дәстүрге жатады. Қазақ халқы салт-дәстүрге бай. Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым, дағды бәрі осы салт-дәстүр көрінісі. Ар-ұжданның ақ туын көтерген ата-бабаларымыз кейінгі ұрпағына осыншалықты кең-байтақ атамекенді аман-есен жеткізіп, ең басты байлық – дін дәстүрлерімен өрілген теңдессіз ділімізді, ұлттық болмысымызды, салт-сана, әдет-ғұрпымызды атаның батасымен, ананың ақ сүтімен бойымызға дарытып кетті. Ендеше «жаным арымның садағасы» деп мұсылманшылықты ту еткен сол баһадүр бабаларымыздың салып кеткен сара жолынан айнымағанымыз жөн. Керісінше, ежелден қалыптасқан мұсылманшылық дәстүрлерімізді, мазһабымыз бен мектебімізді қайта жаңғыртып, ғасырлардан жеткен мұраларымызды мансұқ етпей, қолда барды бағалай білгеніміз дұрыс.

         Діни сауаттылық дала халқы үшін киелі міндеттердің бірі саналды. Қандай жағдайда да діннен дәріс тыңдап, балаларын шынайы иманға баулуға айрықша көңіл бөлді. Төл сенімінде берік тұрғандықтан сырттан келетін рухани басқыншылыққа тегеурінді түрде төтеп бере алды. Ұлттық болмысын қаймағын бұзбай кейінгі ұрпаққа жеткізе білді.

         Қазақ халқында өзінің қажыр-қайраты мен ақыл-парасатының тереңдігіне сенімді нағыз жігіттерден бірнеше өнерден хабардар болу талап етілетін. Қайраты мен ақылы сай жігіт сұлтандарын «сегіз қырлы, бір сырлы» деп сипаттайтын. Сол «сегіз қырдың» бірі мұсылманша білімді болу еді. Сондықтан әрбір талапты ер мұсылмандық қағидаларын басқалардан гөрі жетік білуге тырысты. Арабша, парсыша, түркіше оқып, жазып үйренді. Ал діни білімнен мағлұматы мардымсыз, сауатсыз жандарды былайғы жұрт «әліпті таяқ деп білмейді» деп әжуалайтын. Расында да, араб әліпбиінің алғашқы қарпі әлифтің жазылуы тік тұрған таяққа ұқсайды. Ал мұны білмеген жан нағыз надан деп танылған.

         Абай заманында намаздың шарттарын дұрыс білмейтін, дұғаларын жөндеп оқи алмайтын адамдар қазақ қоғамында ең қор, надан адамдардың қатарына жатқызылған. Өйткені сол кездегі қазақ қоғамында діннен бейхабар болу, намазды, Құранды дұрыс оқи алмау, парыздарын білмеу үлкен айып саналған. Оны Абайдың Абыралы деген досына жазған әжуа өлеңінен аңғаруға болады.

Мен жасымнан көп көрдім,

Мұсылман мен кәпірді.

Абыралыдай көрмедім

Намаз білмес пақырды.

Қырағатын оқытып

Көріп едім, шатылды.

Ниет қыла білмейді,

Не қылады нәпілді?!

        Осылайша Абай Абыралы деген досының намаз оқығанын әжуа етеді. Оның Кәусар сүресін қате оқып, намаздың парыздарын дұрыс білмейтіндігін сынайды. Намаздың парыздарын толық білмеген кісі үшін нәпіл оқып тақуасынудың жөні қалай деп айыптайды. «Дінді білмеген дымды білмейді» деген қағиданы білім алуда басты назарда ұстаған қазақ халқының бұл ұстанымы шариғат дариясынан алынған. Ислам діні мұсылмандарды білімді болуға шақырады. Нағыз байлық білім екендігін нақтылайды.

Тарих беттерін ақтарып отырып басқыншы елдердің бодан жұрттың ұлттық айырым белгілерін, дәстүрлерін ұмыттыруға тырысқандығын көреміз. Сосын оларға өздерінің тілі мен дінін, мәдени құндылықтарын әкеліп тықпалаған. Ал өзінің тілі мен дінін, салт-дәстүрін ұмытып, оның орнына өзгенікін сіңіріп алған жұрттың болашағы жоқ. Дәстүріңді баққаның – үмітіңді жаққаның. Салт-дәстүріне, ұлттық ерекшеліктеріне ерекше мән берген елдің іргесі берік, келешегі кемел.

Жинақтай айтқанда, осындай ұлы сөздерді бойына сіңіріп өскен халқымыз қанша тарихи зобалаңдардан өтсе де, иманынан, тектілігінен ажырамай келеді. Олай болса, осы заманғы отбасылар ұлттық құндылықтарымызды қадірлеп, ұрпақтан ұрпаққа жалғастыра берсе, қазақ елі мәңгілік ел болып қала беретініне еш күмән жоқ. Өзінің ана тілін, тарихын мәдениеті мен дәстүрін дәріптейтін ұлт ғана өркендей алады. Қоғамда дәстүрге негізделген отбасы құндылықтарын нығайтқан отбасы мемлекеттің тірегі, елдің ел болып тұруына себепшісі. Екі жас бас қосып, ұрпақ жалғастыруы, жай ғана ұрпақ емес білімді саналы өкілдердерді дайындауы еліміздің ары қарай дамуына, өсуіне зор әсерін тигізетіні сөзсіз. Сондықтан да, әрдайым өзіндік педагогикалық білімді толықтырып отыру, басқа да ата-аналардың тәжірибелерінің жағымды жақтарын қолдану, мектеп пен мұғалімдермен бірігіп жұмыс істеуді қолға алу, ата-аналарға арналған өзіндік лекцияларды тыңдау, әдебиеттерді оқу керек. Бір сөзбен айтқанда, егер сіздің балаңыздың өмірде белгілі деңгейде жетістікке жетуін қаласаңыз, жеке тұлға ретінде, маман ретінде ашылуына еңбектендіре отырып, көмек беру қажет. Бұл ата-ана үшін, балалар үшін және қоғам үшін өте тиімді.

Шариғатта алтын ұя – отбасы жоғары бағаланып, оны бала тәрбиелеп өсіруіне бірінші дәрежелі мән берілген. Ойткені: «Балалар – ата-аналар қолына берілген аяулы аманат». Бұл ғажайып құдайшылдық аңықтаманы жадыда ұстау былай тұрсын, әр үйдің мандайшасына іліп қою тұрарлық. Баланы өздігінен өмір сүруге мүлде қабілетсіз нәресте кезінен бастап бақытты балалы шақ, жеке шаңырақ көтергенге дейінгі жастық жолдары өтетін отбасын бақытты жағалауын бетке алып, өмір – айдынында жүзіп бара жатқан қайыққа теңесек, оның қос ескегі – әке мен ана дер едік.  

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.Дін мен дәстүр. 1-кітап, Алматы, 2013 
2.Қазақстан ұлттық энциклопедиясы. №7 498 бет 
3.Әуезов М. Жиырма томдық шығармалар жинағы. 16-том. 
4. Мұсаева Н.Р.Сөз өнері – қазақ мәдениетінің күре тамыры 
6. Казақстан Республикасында тарихи сана қалыптасуының тұжырымдамасы. Алматы, 1995. 
7. ҒабитовТ.Х., Мүтәліпов Ж.М., Құлсариева А.Т. Мәдениеттану; -Алматы; 2006;-415б-6б.  
8. Марғұлан Ә. Ежелгі жыр аңыздар. Алматы, 1985 
9 Есім Ғ. Парасат. № 4 1998 
10.  Оқушылардың ғылыми қоғамдарын ұйымдастыру және республикалық ғылыми жарыстарын өткізуге әдістемелік нұсқаулар. Астана, 2007 
11. Нұржанов Б.Ғ Культурология. Курс лекций. Алматы, Қайнар. 1994  
12. Нұрланова К. Человек и Мир. Алматы, 1994 
13. Орысша-қазақша түсіндірме сөздік: Әлеуметтану және саясаттану бойынша / Жалпы редакциясын басқарған э.ғ.д., профессор Е. Арын - Павлодар: «ЭКО» ҒӨФ. 2006. - 569 б.

 

 


Информация о работе Заманауи отбасы және ұлттық құндылықтар