Жеке тулганын озин ози тарбиелеу

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Декабря 2013 в 11:23, доклад

Краткое описание

Өзін – өзі тәрбиелеу туралы, оның тәсілдері туралы түсінік. Адамның өмірдегі орнын өзі белгілеу мәдениеті тәрбие мазмұнының маңызды бөлігі болып саналады. Адамның өмірдегі өз орнын өзі белгілеу мәдениеті оны жеке өмірінің және жеке бакытының жауапты субъектісі ретінде сипаттайды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

ПСИХОЛОГИЯ.docx

— 73.07 Кб (Скачать документ)

Өзін – өзі тәрбиелеу туралы, оның тәсілдері туралы түсінік. Адамның өмірдегі орнын өзі белгілеу мәдениеті тәрбие мазмұнының маңызды бөлігі болып саналады. Адамның өмірдегі өз орнын өзі белгілеу мәдениеті оны жеке өмірінің және жеке бакытының жауапты субъектісі ретінде сипаттайды.

             Тұлғаның коғамдық сана-сезімінің дамуының белгілі бір сатысында, адам өзінің жеке басы үшін тек сыртқы мақсаттарды ғана емес, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеу мақсаттарын да түсінеді. Ол өзіне-өзі тәрбиенің субъектісі ретінде қарай бастайды. Өзінің тұлға ретінде қалыптасуы, оның жеке белсендігінсіз мүмкін еместігін түсіне бастайды.

               Өзін-өзі тәрбиелеу – адамның өз тұлғасын қалыптастыруға, өмірдегі өз орнын өзі белгілеуіне, өзін-өзі дамытуға, өз қабілеттерін өзі іске асыруға бағытталған мақсатты, саналы, жүйелі түрде өздігінен жүргізетін іс-әрекеті. Өзін-өзі тәрбиелеу тәрбие процессінің құрамды белігі және тұлғаның өзін-өзі дамытуындағы ең маңызды күш болып саналады.

           Тәрбиелеу мен өзін-өзі тәрбиелеу бір педагогикалық өрісте орналасып, тұлғаны қалыптастыру деген тұл-ас процесстің екі жағы болып саналады. Әр-бір педагог тек тәрбиенің заңдылықтарын біліп қана қоймай, сонымен қатар өзін-өзі тәрбиелеудің әлеуметтік-психологиялық механизмдерін жақсы түсінуі керек.

            Тұтас педагогикалық процессте тұлғаның  өзін-өзі тәрбиелеуге деген қажеттілік әр-түрлі жас кезеңдерінде байқалады. Осы қажеттілік әсіресе балалардың жасөспірімдік шағында анығырақ байқалады. Себебі, балалар осы шақтарында өздерінің жеке «Мен»-дерін үнемі іздеу үстінде болады, түрлі спортгық секциялар, үйірмелер, қызығушылықтары бойынша клубтарға қатысады. Дәл осы кезеңде олардың жеке күңделіктерін бастап өз ойларын жазулары, өз мінез-құлықтары мен сезімдерін бағалаулары, ұл балалар мен қыз балалар үшін арнап құрастырған сауалнамаларын қызыға толтырулары, түрлі заттарды әуестікпен жинастырулары кездейсоқ процесс емес. Қазіргі кезде мектептерде міңдетті түрде өзін-өзі тану сабақтары енгізілуде, өзін-өзі тану мектептері де бар. Өзін-өзі тәрбиелеу өте ұзақ және адамның бүкіл өмірі бойы жалғасатын процесс екенін айта кету қажет.

 Өзін-өзі тәрбиелеу адамның жеке «Мендігін»- жүйелі түрде зерттеуін, қажымас қайраттылықты, үлкен ерік-жігерлік күшті қажет етеді. Өзін-өзі тәрбиелеу мектебі адамнан көптеген күш-қайратты жоғары дәрежедегі ұйымдастырушылықты, өзіне деген сын көзбен қарауды талап етеді. Неміс ақыны Ф.Логау былай деп тегін айтпаған шығар:

 «Өзіңмен өзің түскен күрес – ең қыйын күрес,

 өзіңді өзің жеңген жеңіс – ең ұлы жеңіс».

 Өзін-өзі тәрбиелеу адамның рухани қажеттіліктерін қалыптастыруға бағытталған. Адамның өзін-өзі жетілдіріп, өзімен жұмыс істеуінде кітаптардың маңыздылығы зор. Өйткені, кітаптар бізді жақсы адам болуға ынталандырады, қызықты адамдармен таныстырады. Өзін-өзі тәрбиелеудің маңызды бөлігі -мотивтерді, ынтаны дамыту. Жақсы, ақ ниетті болуға талпынбай, адамзаттың білімдер байлығын, адамзат мәдениетін игеруге тырыспай жан-жақты тәрбиелі және білімді адам болу мүмкін емес.

 Психологиялық-педагогикалық ғылымдарда өзін-өзі тәрбиелеудің кең қолданылатын тәсілдері болып өзіне-өзі баға беру, өзіне-өзі бұйыру, өзін-өзі құптау, өзін-өзі түзету және т.б. саналады.

 Өзін-өзі тәрбиелеу өзін-өзі бағалаудан басталады. Өзін-өзі бағалаудың негізін жеке адамның өзі қабылдаған құндылықтар жүйесі, тұлғаның жеке маңыздылықтар жүйесі құрайды. Өзін-өзі бағалау адамның өзін басқа адамдармен салыстыру арқылы қалыптасады, және осындай салыстыру табиғи түрде жүргізіледі де өте қызықты болды. Тұтас педагогикалық процесстегі қатынастар жүйесіне енгеннен бастап бала өзін басқа балалармен салыстырып, зерттеп, мынандай сұрақтарға: «-Неге мен осындаймын?», «Басқалар мені қалай қабылдайды?», «Өмірде мен қандай жетістіктерге жете аламын?»-деген сұрактарға жауап іздеп, өзінің барлық мүмкіндіктерін көрсетуге тырысады. Өзін-өзі нақты бағалау, өзін-өзі тәрбиелеудің мақсаттарын дұрыс құрастыруға мүмкіндік береді. Өзін-өзі бағалау жоғарлатылған, нақты, төмендетілген болуы мүмкін. Тұрақты және жаңа ақпараттар әсеріне, жинақтаған тәжірибесіне, қоршаған адамдардың пікірлеріне байланысты өзгеріп отыратын бейімделгіш өзін-өзі бағалау түрі адамның дамуы мен тиімді еңбек етуі үшін ең қолайлы бағалау болып саналады.

 Өзіне-өзі бұйыру дегеніміз адамның өзіне-өзі берген қысқа, үздік-үздік үкімі.

 Өзіне-өзі бұйыру адам өзін нақты бір іс-әрекет жасау керектігіне сендіріп, енді басқаша әрекет жасауға болмайды деп сезгенде ғана қолданылады. Бұйырықты түрде өзінен бір іс-әрекетің орындалуын талап ету қажеттілігі адамның өз кемшіліктерін анық көріп тұрып, бірақ сол жоспарланған істі орындауға күші жетпей тұрған кезде қолданылады. Өзіне-өзі бұйыру еріктік процесспен тығыз байланысты. Өзіне-өзі бұйыруда жаттығу үшін адам өзіне дауыстап бұйырық беріп оны қайта-қайта қайталап орындап отыруы қажет. Өз бұйырыгын екі апта аралығында орындап жүрген адамда өз бұйырығын автоматты түрде орындау әдеті пайда болады.

 Адамның өзін-өзі тәрбиелеуде өзін-өзі құптаудын маңызы зор. Әр адамның есінде өздерінің үлкен жетістіктерге жеткен кездері жақсы сақталып қалады. Адамның жетістіктері оған рухани, интеллектуалдық, күш-жігерлік қорларының ішкі мүмкіншіліктерін байқатып, өмірдің жаңа белестерін жеңе алатынына сенімділік тудырады. Кейбір өмірлік жағдайларда адам «өткенді ойлап» осындай жағдайдан қалай жол тауып шыққанын еске түсіргені абзал.

 Өзін-өзі бақылау – адамның өз іс-әрекеттерін, психикалық процесстер мен көңіл-күйлерін түсінуі, бағалауы және реттеуі. Бұл тәсіл адамға айналадағылармен сабырлы қарым-қатынаста болу іскерліктерін, басқа адамдардың кемшіліктеріне, әлсіздіктеріне, қателіктеріне шыдамды болуды үйретеді. Аталған тәсіл көмегімен адам шиеленіс жағдайларды реттеп, ұстамдылыққа, күрделі жағдайларда байсалдылық, сабырлық сақтауға үйренеді.

 Өзін-өзі түзету адамға өз мінез-құлқын, кемшіліктерін, қателіктерін және басқа адамдарға деген қарым-қатынасын өзгертуге мүмкіндік береді. Өзін-өзі түзету адамның өзіне сын тұрғысынан қарауына байланысты болады.

 Адамзат тарихында ұлы адамдарға өмірлік бағдарламасын нақты орындауға көмектескен өзін-өзі түзету мысалдары өте көп кездеседі. Өзін-өзі түзету өзін-өзі жетілдірудің тиімді тәсілдерінің бірі. Л.Н.Толстой «Өзін жетілдіруге деген ұмтылыстан басқа еш нәрсе адамның өз игілігі мен басқа адамдардың игілігіне септігін тигізе алмайды»- деп бекер айтпаған.

 Тәрбиенің демократиялық жүйесі баланың, басқа адамдар ықпалына бағынышты болмай, керісінше өзінің қабілеттері мен күштерін бағалап, өз дамуын өздігінше анықтауға үйрететін бірден-бір жүйе болып саналады. Тәрбиенің осындай нәтижесі тек қана педагог пен өсіп келе жатқан баланың тығыз ынтымақтастығы негізінде ғана мүмкін болады.

 Жеке  тұлғаның дамуы мен қалыптасуы, оның өмірдегі орнын өзі анықтауы адамның өз-өзімен және оны қоршаған ортамен үйлесімділікте жүргізілуі кажет.

  Өзін-өзі бақылауға арналған сұрақтар

1)Тәрбие мазмұнының мән-мағынасын ашыңыз.

2)Тұтас педагогикалық процессте және өзін-өзі тәрбиелеуде жеке тұлғаның қалыптасуы қандай қатынаста болады?

3) Тәрбие түрлері қалай топтастырылады?

4) Тәрбие мен өзін-өзі тәрбиелеу қандай қатынаста болады?

5) Өзін-өзі тәрбиелеудің тәсілдерін атаңыз.

 Әдебиеттер

1. Корчак  Я. Воспитание личности: Кн. Для  учителя М. : 1992.-287 с. стр51.

2. Хмель  Н.Д. Теоретические основы профессиональной  подготовки учителя. – Алматы: 1998. – 320 с.

3. Педагогика. Уч.пособие для студентов пед.вузов и пед.колледжей /под ред. П.И. Пидкасистого. – М.: 2004. – 608 с.

4. Бейсенбаева А.А. Теория и практика гуманизации школьного образования. Алматы.,1998.

5. Жампеисова К.К. Формирование основ политической культуры старшеклассников в целостном педагогическом процессе школы. Алматы., 1993.

6. Станкин М.И. Психология общения: курс лекций. – М.: 200. -304 с.

7. Психология  и педагогика. /Под ред. С.А.  Хмелевской. 2002.-176 с.

8. Гершунский Б.С. Философия образования для XXI века. -М. 1985.


Информация о работе Жеке тулганын озин ози тарбиелеу