Болашақ мұғалімдерді заманауи білім беру технологиялары негізінде кәсіби даярлаудың теориялық аспектілері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 11 Января 2014 в 17:01, лекция

Краткое описание

Еліміздегі жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі құрылымы және жоғары мектептің халықаралық білім беру жүйесіне жоспарлы интеграциялануы, жоғары оқу орнын қазіргі заманның талаптарына сай басқару мәселелері жаңа тәсілдерді талап етеді. Болашақ мұғалімдердің кәсіби шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына, олардың білім беруде кредиттік технологияны енгізу шарттарында кәсіби хабардарлығының бейімделуі жоғары оқу орындарында оқу процестерін ұйымдастыруда сапалы өзгерістердің қажеттілігін көрсетеді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Документ Microsoft Word (2).docx

— 26.58 Кб (Скачать документ)

 

 

Болашақ мұғалімдерді заманауи білім беру

технологиялары  негізінде кәсіби даярлаудың

  теориялық аспектілері

 

Еліміздегі жоғары кәсіби білім берудің көп деңгейлі құрылымы және жоғары мектептің халықаралық  білім беру жүйесіне жоспарлы интеграциялануы, жоғары оқу орнын қазіргі заманның талаптарына сай басқару мәселелері жаңа тәсілдерді талап етеді. Болашақ  мұғалімдердің кәсіби шығармашылық мүмкіндіктерінің дамуына, олардың  білім беруде кредиттік технологияны енгізу шарттарында кәсіби хабардарлығының  бейімделуі жоғары оқу орындарында  оқу процестерін  ұйымдастыруда  сапалы өзгерістердің қажеттілігін көрсетеді.

Республикамыздың Білім  және ғылым министрлігі “Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын” дайындап [1], көрсетілген кезеңдердегі білім қызметкерлері мен білім беру мекемелерінің міндеттерін анықтаған болатын.

Біздің ғасыр - білім, ғылым және сапа ғасыры. Осы үшеуі элитарлық білімнің негізі болып табылады. Біз жоғары оқу орындарын тек білім беруші мекеме деп қарайтын біржақты түсініктен арылып, оның ғылымның бастауы және кіндігі деп түсінгеніміз жөн, өйткені, элитарлық білімді ғылым жетістігінсіз беру мүмкін емес, ал оның деңгейін анықтайтын өлшем - сапа. Ендеше, жалпыға бірдей жоғары білім беруден элитарлық жоғары білім беруге біртіндеп көшуіміз қажет [2]. Біздің қарастырып отырған көкейкесті мәселеміз болашақ мұғалімдерді кәсіби даярлау болғандықтан, осы сала туралы баяндаймыз.

Заманның жаңа даму сатысында  білім беру жүйесі қоғамның жаңа экономикалық саясат, әлеуметтік және интеллектуалдық  деңгейіне сай келуі тиіс. Осыған орай кәсіби білімнің мақсаты, мазмұны  және оны оқыту тәсілдері қайта қаралып, оқу жүйесін реттеу, жетілдіру, ұйымдастыру мәселелері зерттеліп, өз шешімін табуды қажет етеді.

Жаңа тұлғаны тәрбиелеу  мен оқытуда жоғары мектептің  алатын орны ерекше. Оның қызметі үнемі  жетілдірілуде. Жаңа заман талаптарына  сәйкес жоғары мектептің дамуы көптеген қоғамдық- әлеуметтік мәселелерді шешуді қамтамасыз етуі қажет. Жоғары мектептің  алдына қойған ең бірінші мақсаты- қоғамға  қажетті бәсекеге қабілетті жоғары білімді мамандарды даярлау.

ХХІ ғасырда тиімді білім  беру жүйесін жасайтын жас ұрпақтың ақыл ой және рухани потенциалын барынша  дамытуға мүмкіндігі бар ұлт қана озат бола алады [3].

Бүгінгі таңдағы жоғары білімнің мақсатына жаңаша түсінікпен қарасақ, оны дамытудың басты стратегиялық бағдары - өмірге жауапкершілікпен қарайтын, дүниетанымдық мәдениеті жетілген, шығармашылық ойлауға дағдыланған, іскерлік қабілеттілігі биік, гуманистік ойлауы басым, заманауи білім беру технологияларымен қаруланған, адамгершілік қасиеттері мол білікті мамандардың жаңа ұрпағын қалыптастыру болып табылады.

Ғылым мен техниканың дамуы  болашақ мұғалімдерде ақпараттық-компьютерлік кәсіби білім мен іскерліктердің дамуына, құзырлылықтың қалыптасуына баса назар аударады. Болашақ мұғалімдердің  бойында ұйымдастырушылық қызметі, өз бетінше шешім қабылдауға дағдыландару, берілген жауапкершілікті орындау, ұжымда адамгершілік, психологиялық  ахуалды ұстап тұру қабілеттерін қалыптастыру ең маңызды міндеттердің бірі болып табылады.

Бүгінгі таңда болашақ  мұғалімнің профессиограммасын жасау - қазіргі кездегі психология, педагогика, социология ғылымдарының өзекті міндеттерінің  бірі болып саналады. Бұл міндетті шешуге байланысты ғылыми зерттеулер жүргізіп жүрген ғалым-психологтар, педагогтар (Н.В.Кузмина, В.А.Сластенин, Қ.Жарықбаев, Н.Намазбаева, А.И.Щербаков, Н.А.Сорокин, В.Г.Ковалев. Л.Ф.Спирин, М.Н.Сарыбеков  және т.б.). В.А.Сластениннің [4] пікірі бойынша  педагог профессиограммасы мыналарды  қамтиды:

  1. Қоғамдық-саяси сапалар.
  2. Әлеуметтік-психологиялық және ұстаздың жеке сапалары.
  3. Психологиялық және педагогикалық дайындық.
  4. Мамандық бойынша кәсіби дайындық.
  5. Пән бойынша дайындық.

Ғалым-психологтардың (В.А.Кузмина, А.И.Щербаков және т.б. [5, 6]) пікірі бойынша педагог профессиограммасын жасауда педагогтық қызметтің психологиялық құрылымын ескеру қажет. Педагогтық қызметтің психологиялық құрылымына жататын қасиеттер мыналар: гностикалық, конструктивтік, ұйымдастырушылық, бейімділік пен іскерлік.

Мамандар профессиограммасын жасауда социологтардың «маман моделі» қасиеттерін қамтитын мынандай төрт түрлі блок болады:

  1. кәсіптік;
  2. әлеуметтік;
  3. саяси-идеялық;
  4. әлеуметтік-психологиялық.

Қазіргі таңда Қазақстанда білім беру жүйесін дамыту стратегиясының мақсаттары мен міндеттері 2030 жылға дейін білімді дамыту стратегиясының негізгі қағидаларына байланысты іске асырылуда. Оның мақсаты дүние жүзілік тарихтың, түркі халықтарының, көшпелі өркениеттің, Орталық Азия елдерінің тарихы тұлғасында ғылымның, мәдениет пен ағарту жүйесінің дүние танымдық синтезі негізінде жас ұрпаққа жоғары сапалы білім мен тәрбие бере алатын жоғары білімнің жаңа, шын мәніндегі тұңғыш ұлттық моделін қалыптастыру болып табылады.

Қазақстан  Республикасында  жоғары білімнің мынандай басты мақсаттары мен міндеттері бар:

- ол адам құқықтарын, демократия, бейбітшілікті нығайту мақсатында  барлық адамдардың бүкіл өмір  бойы дара дамуы мен әлеуметтік  әрекетіне қажетті мүмкіндіктерді  қамтамасыз етуі тиіс.

- ғылым мен технологияны  дамыту жолымен қоғамның мәдени, әлеуметтік экономикалық дамуына  сүбелі үлес қосу;

- өзі үшін жауап бере  алатын жоғары білікті мамандарды, азаматтарды даярлауды бір мезгілде  жүзеге асыру;

- тұтас алғанда қоғамның, оның ішінде білім жүйесінің  дамуы мен жақсаруына үлес  қосу.

Білім мазмұнын жаңарту жоғары мектеп реформасының негізгі мәселелерінің  бірі болып табылады. Республикамыздың жоғары оқу орындары үшін мемлекеттік  білім стандартының концепциясын жасауда  ол республиканың біртұтас білім  кеңістігінің моделін айқын анықтауға  мүмкіндік береді. Жоғары оқу орындарының  міндетін, қажетті білім деңгейінің кепілдігін дүниежүзілік мәдени ағарту кеңістігіне интеграциялануды қамтамасыз ету секілді маңызды проблемаларды  шешу.

«Қазақстан Республикасының 2015 жылға дейінгі білім беруді дамыту» тұжырымдамасында «жоғары  білім берудің мақсаты- қоғамның, мемлекеттің және тұлғаның сапалы жоғары білім алуға деген мүдделерін қанағаттандыру, әрбір адамға оқытудың мазмұнын, нысанын және мерзімдерін  таңдауға кеңінен мүмкіндік беру»-деп  атап көрсетілген.

Қоғам өміріндегі қазіргі  өзгерістер, экономиканың, саясаттың, әлеуметтік-саяси саланың дамуы  қоғамдағы негізгі фактор болып  табылатын жеке тұлғаның жалпы даму деңгейіне байланысты. Ал, ол қоғамдағы білім беру талаптарын түбегейлі өзгертуге алып келді. Қоғамдық өмірдегі өзгерістер оқытудың жаңа технологияларын қолдануды, жеке тұлғаның жан-жақты шығармашылық тұрғыдан дамуына жол ашуды көздеп отыр. Бұл міндеттерді жүзеге асырушылар білім беру жүйесінің күрделі мәселелерін шешуші кәсіби – педагогикалық шеберлігі жоғары ұстаздар болмақ.

Міне, осы орайда ҚР Білім  және Ғылым Министрлігі әзірлеген  «ҚР жоғары педагогикалық білім  тұжырымдамасы» мен «ҚР жаңа тұрпатты педагогінің үздіксіз педагогикалық  білімі тұжырымдамаларында» жаңа қоғамдағы  мұғалім моделінің үлгілері көрсетіліп берілді. Жоғары педагогикалық білімді мұғалімдерге қойылатын талаптар қазіргі қоғам қажеттілігінен туындайды. Жаңа қоғам мұғалімі тек кәсіби шеберлігі жоғары адам ғана емес, рухани дамыған, шығармашыл, мәдениетті, білім құндылығын түсінетін, педагогикалық технологияларды меңгерген, ғылым мен техника жетістіктері негізінде кәсіби даярланған болуы тиіс.

Осындай талап деңгейіндегі болашақ мұғалімдерді даярлау жоғары оқу орындарының үлесіне тиеді. Педагогикалық мамандық - білім беру нәтижесінде алынған және берілетін  біліктілікке сәйкес кәсіптік-педагогикалық  міндеттерді алға қоюды және шешуді қамтамасыз ететін білім, іскерлік және дағдылардың жиынтығынан тұратын  күрделі процестің жемісі, яғни осы  кәсіптік топ шеңберіндегі қызмет түрі. Білім деңгейі мен кәсіптік деңгейді ұдайы арттырып отыру қажет, себебі ғылым мен техниканың даму нәтижесінде  білім тез ескіреді; ғылыми ақпарат  көлемі тез өсіп, жаңа білім салалары дамыды, жаңа мамандықтар енгізу мен  басқаруды ғылыми негізде жетілдіру  қажеттігі туды. Міне, осыдан келіп  әрбір адамның бүкіл өмір бойына білім алуына, оны толықтырып, жетілдіріп отыруына мүмкіндік жағдай жасалуда.

ЖОО-ғы болашақ мұғалімнің кәсіби даярлығы оқу жылдары кезінде  кәсіби шеберлікке мақсатты даярлаумен қоса, педагогикалық шығармашылық қызметке дайындаумен тікелей астарласуы тиіс. Ол болашақ мұғалімнің жалпы  мәдени (өмірге көзқарас), методологиялық (психологиялық-педагогикалық), пәндік блоктарды меңгеруін қамтамасыз етеді.

Ал, бүгінгі таңда  өз бетінше  дербес, сыни тұрғыда ойлайтын, туындаған  проблемаларды көре білетін және шығармашылықпен шеше білетін адам қажет. Қазіргі қоғам – ғылым  мен техниканың, технологиялардың қоғамы. Ал, оның азаматтары өз бетінше белсенді қимылдауға, шешім қабылдауға, өмірдің  өзгермелі жағдайларына икемділікпен бейімделуге қабілетті болуына  мүдделі.

Сондықтан, қазіргі қоғамдағы  білім берудің мақсаты– адамның  интеллектуалдық және адамгершілік тұрғыда дамуы. Осы мақсатты жүзеге асыру үшін болашақ мұғалім бойына мектепте қызмет ететін маман ретінде  оларға білім беру жүйесінің стратегиялық бағыты айқын көрсетілуі тиіс. Оған оқу процесінің тиімділігі, сабақтардың  жүйелілігі мен сапасы, бағдарламаның  орындалу барысы, білімнің тереңдігі  бүкіл оқу тәрбие жұмысын дұрыс  жоспарлауға игі ықпал етеді.

Болашақ мүғалімнің кәсіби бейімделу аясына негізінен мыналар  кіреді: кәсіби бағдар, кәсіпке дайындық, кәсіби орнығу, мамандық бойынша студенттердің  білім алу ерекшеліктері, еңбек  жағдайлары. Бірақ, әр түрлі бейімделу  түрлері маманның қалыптасуына әр түрлі  әсер етеді. Оның ең негізгісі кәсіпке  бейімделу болып табылады.

Болашақ мұғалім үшін оның өмірлік іс-әрекетіне мамандықты меңгеру мәселесі үлкен орын алады. Ол алдымен мамандықты оқып үйренуге, дайындыққа көңіл аударса, одан кейін  мамандықты терең меңгеруге, кәсіби шеберлікке ұмтылуы қажет.

Сонымен, айта кететін жайт, студенттердің оқу іс-әрекетінің нәтижелілігі, оған бейімделу көптеген факторларға байланысты. Оған студенттердің  танымдық іс-әрекетін реттеу функциясы, өмірлік жоспары мен қызығушылықтары, мотивтерді, құндылықтық бағдарлардың басым болатын түрі, ұмтылыс деңгейі, мінез-құлықтарын саналы басқара алуы т.б көптеген факторлар үлкен  ықпал етеді.

Болашақ мұғалім мамандығына  бейімделу мәселесі кезеңінде студент  болашақ мамандығы бойынша еңбек  талаптары мен ерекшеліктерін меңгеру  керек. Ол мамандықты меңгеру кезеңіндегі  тұлғаның кәсіби қасиеттерінің қалыптасуынан, еңбек дағдыларынан көрінеді. Болашақ  мұғалімдік кәсіпке бейімделу студенттің жаңа ұжымға сіңуіне, енуіне әсер етеді. Ол жаңа ұжымға, еңбек талаптарына, кәсіби іс-әрекетке қатысу үдерісі  және кәсіби қызығушылықтарының, жеке сапалардың осы іс-әрекет талаптарымен арақатынасын көрсетеді.

Болашақ мұғалімдерге қойылатын  қазіргі заманғы талап тек  таңдап алған мамандығы  бойынша  тек білімді ғана жинақтауды емес, сондай-ақ еңбекті автоматтандыру үшін заманауи ақпараттық технологияларды  қолдануға қабілетті мамандарды талап етеді. Оқу үдерісін ұйымдастыруда  заманауи білім беру технологияларын  қолдану қазіргі оқыту әдістерінің  ерекше белгісі болып табылады.

Педагогикалық ғылымның жаңа бағытта өрбуі, білім беру жүйесінде  жоғары дәрежелі, жан-жақты сапалы біліммен қамтамасыз ету арқылы ұлттық, мемлекеттік  саяси, экономикалық және ел мүддесі  тұрғысынан туындаған мәселелерді  шеше алатын жоғары дәрежелі мамандарды даярлауды талап етеді.

Болашақ мұғалімдердің ақпараттық-компьютерлік технологияны кәсіби іс-әрекеттерде  пайдалану даярлығын жүзеге асырушылардың  көпшілігі өз зерттеулерінде ақпараттық-компьютерлік технологияларды оқытудың барлық кезеңдерінде, сонымен қатар кез-келген формаларында (дәрістер, семинарлық, лабораториялык, практикалық сабақтар, аудиториядан тыс және т.б.) қолдану керек екендігін көрсетті.

Қорытындылай келе,  қазіргі  кезде ғылым мен техниканың жетістіктерін, заманауи білім беру технологияларын  кәсіби маман даярлау процесінде пайдалану маңызды екендігі, ал бірақ  сол негізде болашақ мұғалімдерге білім беру әлі де жеткіліксіз  екендігі айқындалды. Бұл бағытта  болашақ мұғалімді кәсіби даярлаудың арнайы тұжырымдамалық бағыт-бағдарының негізін анықтап, құрылымдық-мазмұндық  моделін ұсыну қажеттігі туындайды.

 

әдебиеттер 

 

  1. Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарын бекіту туралы Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2010 жылғы 29 қаңтардағы № 39 Қаулысы.
  2. Беркімбаев К.М. Жоғары оқу орнында ISO 9001-2001 халықаралық стандартын енгізудің ерекшеліктері. МНП конференция "Новые образовательные технологии в ВУЗе: теория и практика",  2006 г., МКТУ им. Х.А.Ясави, г.Туркестан.
  3. Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы. Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Қазақстан халқына Жолдауы. - Астана: Елорда, 2006. – 48 б.
  4. Сластенин В.А. Формирование личности учителя в процессе профессиональной подготовки.- М.: Педагогика, 1976. - 236 с.
  5. Кузьмина Н.В. Профессионализм педагогической деятельности. Ленинград, 1963. - 54 с.
  6. Щербаков А.И. Некоторые вопросы совершенствования подготовки учителя //Советская педагогика, 1971, №9.

Информация о работе Болашақ мұғалімдерді заманауи білім беру технологиялары негізінде кәсіби даярлаудың теориялық аспектілері