Этностық шиеленістерді жіктеу мен типтеу мәселелері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 26 Ноября 2013 в 12:13, реферат

Краткое описание

Автор бейбіт этностық шиеленіс ұғымының аясына үгіт-насихат, келіссөз, сайлау, сотқа беру, үкімет өкілдерін және заң шығарушыларды өз пікіріне сендіру сияқты бейбіт күрес әдістерін қолданатын этностық қарым-қатынасты жатқызады. Этностық реңкі бар қайшылықтарды талдағанда, конструктивті шиеленіс ұғымын естен шығармаған абзал. Себебі этностық негіздегі шиеленістердің барлығы бірыңғай қақтығысқа ұласа бермейтіні белгілі және кез-келген этностық топтардың арасында латентті жағдайда шиеленістер үнемі болып жататынын ескерген жөн.

Прикрепленные файлы: 1 файл

45..doc

— 59.00 Кб (Скачать документ)

ЭТНОСТЫҚ ШИЕЛЕНІСТЕРДІ ЖІКТЕУ МЕН ТИПТЕУ МӘСЕЛЕЛЕРІ

07.08.2012 | Жас  ғалым мінбері | 1 120 рет оқылды 

 

Мұхтар  Сеңгірбай,

 әл-Фараби  атындағы ҚазҰУ-дың Ph.D докторанты

 

Саяси шиеленіс теориясында бұрыннан қалыптасқан  жіктеу түрлері құбылысты қантөгістің  деңгейіне, қарудың қолданылуына, ұзақтығына, үшінші жақтың қатысына қарай талдайды. 90-жылдардың басынан бергі осы тақырыпқа қатысты жарық көрген еңбектерге ден қойсақ, Ресей ғалымдарының көпшілігі этностық шиеленістің типологиясын жасауға тырысқан. Э.Паин мен А.Поповтан бастап, қазіргі зерттеушілер А.Ямсков пен В.Тишковтың еңбектерінен осы заманғы ең күрделі саяси-әлеуметтік құбылыстардың бірі саналатын этностық шиеленісті жүйелеуге деген ұмтылысты байқаймыз.

 Шиеленісті  бейтарап ұғым, кез-келген қоғамда  міндетті түрде кездесетін әлеуметтік құбылыс ретінде қарастырар болсақ, американ ғалымы К.Зюрхердің қарапайым тәсілі көңілге қонымды көрінеді. Кавказдағы алды алынған және соғысқа ұласқан қақтығыстарды зерттеген ол, этностық шиеленісті шиеленіс және қиян-кескі шиеленіс (violent conflict) деп екіге бөледі. Оның айтуынша, «шиеленіс дегеніміз – екі немесе одан да көп топтардың өзара сәйкес келмейтін жеке мүдделерін қорғауға ұмтылу процесі. Олардың әрқайсысы қарсы топтың өз мақсатына жетудегі әлеуетін тікелей, не жанама түрде әлсіретуге күш салады. Демек, шиеленіс дегеніміз – институционалданған шеңбер ішіндегі ресурстар мен символдар үшін күрес» [1]. Ал, қиян-кескі шиеленісте бір тарап өз мақсатына жету жолында екінші тараптың мүлкін тартып алуға немесе қиратуға, болмаса, мақсатты түрде күш қолдана отырып, екінші тарапты жарақаттауға, жойып жіберуге күш салады.

 М.Эсман  осы екі типтің арасындағы  үшінші аралық тип ретінде  этностық бүлік категориясын  ұсынады. Оның айтуынша, «этностық  бүлік көбіне шағын аумақта,  шұғыл болғанымен, талқандайтын күшке ие және көбіне тым зұлмат болып келеді. Кейбір этностық бүліктер үкіметтің әділетсіз, пәрменді дискриминациялық ұстанымына және немқұрайдылығына деген наразылықтың жинақталған көрінісі болып шығады» [2]. Автор бейбіт этностық шиеленіс ұғымының аясына үгіт-насихат, келіссөз, сайлау, сотқа беру, үкімет өкілдерін және заң шығарушыларды өз пікіріне сендіру сияқты бейбіт күрес әдістерін қолданатын этностық қарым-қатынасты жатқызады. Этностық реңкі бар қайшылықтарды талдағанда, конструктивті шиеленіс ұғымын естен шығармаған абзал. Себебі этностық негіздегі шиеленістердің барлығы бірыңғай қақтығысқа ұласа бермейтіні белгілі және кез-келген этностық топтардың арасында латентті жағдайда шиеленістер үнемі болып жататынын ескерген жөн.

 Э.Паин  мен А.Попов этностық шиеленістерді  стереотиптер шиеленісі, идеялар  шиеленісі және әрекеттер шиеленісі  деп үш түрге бөледі. Стереотиптер  шиеленісі кезінде екі жақ  өзара қарама-қайшылықтың себебін  толық түсіне қоймағанымен, бір-бірі  туралы жағымсыз пікір қалыптастырады. Идеялар шиеленісі тұсында екі жақ стереотиппен шектелмей, бір-біріне ашық айып тағып, тарихи фактілерді алға тартып, қатаң саяси талап қояды. Ал, әрекеттер шиеленісі кезінде этноәлеуметтік негіздегі іс-шаралар – митингілер, демонстрация, пикеттер өтеді, сондай-ақ, институционалданған шешімдер қабылданып, ашық қақтығыстар болуы мүмкін.

 Классификацияның  бұл түрі шиеленістің кезеңдерін  сипаттауға көбірек ұқсайды. Дегенмен, бұл құбылыстардың көбіне бір-бірімен  қатарласа, аралас жүретінін,  әрі алма-кезек қайталанып отыратынын да ескерген жөн. Айталық, Әзірбайжан мен Армения арасындағы Таулы Қарабаққа байланысты текетірес, қазір, стереотиптер және идеялар шиеленісі түрінде жүріп жатыр, егер, ол шешілмеген жағдайда бұл қарулы қақтығысқа ұласып кетуі мүмкін деген болжамдар бар.

 Қазақстан  мен Ресей ғалымдары саяси  шиеленістерді қарулы шиеленіс, әскери шиеленіс және соғыс  [3] деп интенсивтілігіне қарай  топтайды. Қарулы шиеленіс ауқымы  жағынан шағын, тіпті, көшедегі  қарулы төбелесті, демонстранттар арасындағы қақтығысты осыған жатқыза аламыз. Ал, әскери шиеленіс оған қарағанда, ауқымды, бірақ мақсаттары, пайдаланған құралдары және көлемі жағынан шектеулі, әскери құрылымдар араласқан қақтығыс.

 Зерттеушілер  арасында этносқа негізделген  шиеленістерді қоғамдық өмір саласына қарай саяси, экономикалық және мәдени деп жіктеу қалыптасқан. Алайда, сарапшылар мұндай жіктеудің өзін шартты түрдегі нәрсе дейді де, шынайы жағдайда этностық шиеленістер қоғам өмірінің барлық салаларын қамтитынын ерекше атап өтеді. Тек, мәдени немесе экономикалық, не саяси этностық шиеленістер кездеспейді десе де болады. Себебі, этностық негіздегі түсініспеушіліктің өзі қордаланған проблемалар жиынтығынан тұрады.

 М.Эсман  Палестина мен Израиль арасындағы  жерге иелік етуге қатысты  кикілжіңді саяси сипаттағы этностық шиеленістің айқын үлгісіне жатқызады. Бірақ, мұнда арабтар мен еврейлер арасында бұрыннан қалыптасқан мәдени-рухани, діни алшақтықтың, сыртқы әлеммен байланысы қиындап кеткен Палестинаның экономикалық қауіпсіздігі мәселесінің қатысы жоқ деп айта алмаймыз. Керісінше, этностық стереотиптерге негізделген тұрмыстық алауыздық үлкен саяси дағдарысқа себепші болып отырғаны белгілі. М.Эсман этностық азшылықтардың мемлекеттік саясаттан қысым көріп отырғанын айтып, бүлік шығаруын саяси негіздегі этностық шиеленіске жатқызады.

 Сарапшылардың бір тобы этностық  шиеленістердің барлығы экономикалық  себептерден бастау алады, себебі  кез-келген кикілжіңнің артында  экономикалық ресурстарды бақылау,  оларға қол жеткізу және оның  игілігін көру мақсаты жатыр деп есептейді. Д.Хоровиц экономикалық этностық шиеленістің үш түрлі сипаттамасын береді [4]. Біріншіден, материалистік идеологияда этностық шиеленіс жұмысшы табын басты мақсаттарынан адастыру үшін әдейі ойлап табылған жасанды құбылыс ретінде сипатталады. Ол мүлде жоқ немесе қаупі мардымсыз «жауларды» нысана етіп алады да, нағыз жаулардан, шынайы мәселелерден, айталық, билеуші таптан назарды басқа жаққа аударады. Материалистердің екінші теориясы бойынша, экономикалық этностық шиеленіс жұмысшы табындағы рационалды бәсекенің нәтижесінде туындайды. Жұмыс берушілер бір этностық топтың жұмыс күшін пайдалану арқылы екінші топтың жалақысын азайтуды мақсат тұтады. Жоғары жалақы сұрайтын топтар не нарықтан кетіп тынады, не олар аз ақша сұрауға мәжбүр болады. Бұл екі топ арасында алауыздық туындатады. Үшінші теория – Эдна Боначихтің «Делдал азшылық және қабылдаушы ел» (middleman minorities and their host societies) теориясы. Белгілі бір қоғамның экономикалық өміріне дендеп енген этностық азшылық өкілдері сол елдегі тұтынушы мен өндірушінің, жұмыс беруші мен қызметкердің, қожайын мен жалға алушының арасында делдал бола жүріп, елдегі қалыптасқан бизнес жүргізу дәстүріне өзгеріс енгізіп, түрлі этностық топтар арасында түсініспеушіліктің туындауына себепкер болады. Д.Хоровицтің «дамыған топ пен мешеу топ арасындағы қақтығыс» теориясы да осы экономикалық этностық шиеленіс теориясының ең бір маңызды бөлігі.

 Адамзат тарихында болған ұлтаралық қақтығыстардың арасында мәдени этностық шиеленіс деп анықтама беруге тұрарлық оқиғалар жиі кездеседі. Мәдени шиеленіс кезінде этностық топты дараландырып тұрған тілі, діні, дәстүр-салты мен әдет-ғұрпы басты орынға шығады. Мәселен, Шри-Ланка мен Суданда тілдің қолданыс аясы үшін болған дау-дамай кесірінен қарулы қақтығыстар болды. А.Ямсковтың ойынша, этностық шиеленістер әлеуметтік-экономикалық, мәдени-тілдік, аумақтық-мәртебелік, сепаратистік-ирредентистік болып бөлінуі керек. Алғашқы екеуінің мағынасы түсінікті. Ал, «аумақтық-мәртебелік шиеленіс этноаумақтық автономияның шекарасын, заңдық мәртебесін және шынайы билік өкілетін кеңейту жөнінде талаптар қоюға негізделген» болса, «сепаратистік-ирредентистік шиеленістер этникалық азшылықтың өз дербес мемлекетін құру немесе көрші жатқан «негізгі отанымен», не мәдени-тарихи тұрғыдан бауырлас мемлекетпен бірігу туралы талабының негізінде қалыптасады» [5]. Ресей ғалымы этностық шиеленістің бұл түрін ең қауіпті әрі шешуі қиын шиеленіс түріне жатқызады, әрі оны шешудің екі ғана жолын көрсетеді: оны күшпен басу немесе ол екі бөлек қоғамға бөлінуге мәжбүр болады, шиеленіс шығарушы топтың эмиграциясынан (депортациялануынан) кейін полиэтникалық қоғамның құрамы біржола өзгереді.

 Америкалық зерттеуші Дэвид  Кармент халықаралық ауқымдағы этностық шиеленістің үш түрін атап көрсетеді. «Олардың ішінде ең жиі кездесетін түрі – ирредентистік шиеленіс. Бұған алты соғысты бастан кешірген Араб-Израиль жанжалын, Кипрға қатысты шиеленісі және Үндістан мен Пәкістанның Кашмир үшін таласын жатқызуға болады. Ирредентистік шиеленістегі басты ойыншылар – мемлекеттер. Шиеленістен тыс жатқан мемлекеттердің оған араласуын инструменталистік тұрғыдан түсіндіруге болады, егер, ирредентистік шиеленіс кезінде этнос факторы маңызды рөл ойнайтын болса (мәселен, Түркия мен Грекияның Кипр ісіне араласуы), онда мұны эмоционалды және инструменталды тұрғыдан түсіндіреміз» [6].

 Карменттің пайымдауынша, сепаратистік  шиеленістердің көпшілігі үшінші  мемлекеттердің араласуымен, «өз  бетімен тағайындалған» бітімгерлік күштердің жіберілуімен немесе ірі державалардың килігуімен мемлекетаралық шиеленіске ұласады. Жанжалдың үшінші түрі – отаршылдыққа қарсы этностық шиеленіс. Мұның ирредентистік және сепаратистік шиеленістерден айырмашылығы – ол еркіндікке аса ынталы этностық топ пен отарлаушы держава арасында өрбиді. Дегенмен, мұнда да біз бұл теорияны біздің заманымызда болған шиеленістерге қатысты пайдалануда кедергілерге тап боламыз. Айталық, Шешенстандағы қарулы жасақтар шешен ұлтын Ресей Федерациясынан тәуелсіз ету жолында күрестік десе, ал, ресми тұрғыдан бұл соғыс сепаратистік сипаттағы қақтығыс деп танылады. Мұндай идеологиялық тұрғыдан тым шиеленіскен мемлекетаралық шиеленістерді кикілжіңнің қандай да бір түріне жатқызу екі тараптың бірінің ұстанымын қолдау сияқты болып көрінуі мүмкін.

 Жоғарыдағы материалды әзірлеу  барысында оқылған әдебиеттерді  жинақтай келе, этностық шиеленісті  жіктеудің мынадай үлгісін ұсынамыз.

1. Қатысушы тараптардың ерекшеліктеріне  және этностық шиеленістің құрылымына  байланысты:

 а) Этностық топ пен мемлекет  арасындағы шиеленіс.

 ә) Этностық топ пен этностық  топ арасындағы шиеленіс.

 б) Мемлекет пен мемлекет  арасындағы шиеленіс.

 в) Үшінші жақтың араласуынан  туындаған шиеленіс.

 Бұлай жіктеу бізге, ең  алдымен, шиеленіске қатысы бар тараптарды анықтап, олардың шиеленіске араласу деңгейін бағамдап, шиеленістің табиғатын түсініп, тараптардың бір-біріне қояр кінәсін талдап, шиеленісті шешу тактикасын дұрыс айқындауға жәрдемдеседі.

2. Шиеленістің тарихи бастауларына  қарай:

 а) Отар ел мен отарлаушы ел арасындағы шиеленіс.

 ә) Бір мемлекет ішіндегі  отаршылдықта болмаған ұлттардың  немесе көрші мемлекеттердің  арасындағы шиеленіс.

 Бұл екі категориядағы шиеленістер  бір-біріне мүлде ұқсамайтын қоғамдық-саяси  жағдай аясында өрбитіндіктен,  екеуінің арасын ажыратып алу өте маңызды. Себебі, отар ел мен отарлаушы ел арасындағы бір-біріне қатысты стереотипке негізделген тарихи сана ғасырлар өтсе де, ұлттың жадында қалып қояды және ол этностық шиеленістің жүру барысына тікелей әсер етеді.

3. Этностық шиеленістердің нәтижесіне байланысты:

 а) Бейбіт  реттеліп, шешілген шиеленіс.

 ә) Күш  қолдану әдісімен шешілген шиеленіс.

 б) Тығырыққа  тірелген жағдайда қалған шиеленіс.

 в) Қиян-кескі  түрден конструктивті түрге ауысып, әрі қарай жалғасқан шиеленіс.

 Кикілжіңнің  нәтижесіне қол жеткізу әдістері  де сан-алуан болуы мүмкін. Мәселен,  кей жағдайларда кикілжіңді шешудің  бір жолы – бір ұлттың өкілдерін  елден депортациялауға тура келеді, ал, бұл күш қолдануға жатады, егер, ол ұлт өкілдері өз еріктерімен  эмиграцияға кетсе, онда бұл бейбіт реттелген кикілжіңге жатқызылады.

4. Қоғамдық  өмірдің саласына қатысты:

 а) Мәдени-тілдік  шиеленіс.

 ә) Саяси  шиеленіс.

 б) Әлеуметтік-экономикалық  шиеленіс.

 Бұл  құбылысты жүйелеп, реттеуде басқа  да зерттеуші ғалымдардың теорияларын қатыс­тыра отырып, классификациялауды әрі қарай жалғастыра беруге болады. Әсіресе, Д.Хоровицтің еңбектерінде құбылысты талдауға қатысты концептуалды ұсыныстарды негізге алып, классификация ауқымын кеңейтсек, адамзат қоғамында жиі кездесетін мұндай құбылыстардың алдын алу және реттеу механизмдерін одан сайын жетілдіре түсуге болады.

 Қорыта  келе айтатынымыз, этностық шиеленістерді  классификациялау және типтеу  – үнемі жетіліп, түрлі зерттеушілердің  ұсыныс-пікірлері нәтижесінде байып  отыратын ұзақ процесс. Этностық шиеленістерді жіктеу процестің табиғатын түсініп, оған тиісті механизмдерді қолдана отырып, әсер етуге мүмкіндік береді. Дегенмен, басқа әлеуметтік шиеленістермен ұқсас болып келетіндіктен, этностық шиеленісті жіктеудің кез-келген түрі шартты болып келеді.

 

Пайдаланылған әдебиеттер:

 

1. C.Zurcher. The Post-Soviet Wars. New York University Press, 2009, New York, p.42.

2. M.Esman. An Introduction to Ethnic Conflict. Polity Press, 2008, Malden, MA, p.71.

 3. Насимова Г.О. Политическая конфликтология. – Алматы, 2008. – стр.79.

 4. Horowitz Donald. Ethnic Groups in Conflict. — Berkeley: University of California Press, 2000. – P. 106

 5. Ямсков А. Этнический конфликт: проблемы дефиниции и типологии // Идентичность и конфликт в постсоветских государствах. Сб. Статей / Московский центр Карнеги. – М., 1997. – стр. 209.

6. D.Carment. The International Dimensions of Ethnic Conflict: Concepts, Indicators, and Theory // Journal of Peace Research, vol. 30, no. 2, 1993, pp. 137-150.

 

 


Информация о работе Этностық шиеленістерді жіктеу мен типтеу мәселелері