Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Ноября 2015 в 12:20, реферат
Алайда қызды бойжеткенге айналдыру үдерісін басқаратын мидың ерекше бөлігі – гипоталамус өз жұмысын бастайды. Ол ерекше заттар – «босату факторы» деп аталатын гормондар немесе химиялық медиаторларды бөледі. Олар мидың тағы бір бөлігі – гипофизге түседі. Ол өз кезегінде гипофиздік гонадотропиндер деп аталатын гормондарды, сондай-ақ өсу гормондарын өндіре бастайды. Олардың бірі өсуді және жынысалды пісіп-жетілуді ынталандырса, екіншілері бүйрекүсті безі мен қалқанша безі жұмысын ынталандырады. Дәл осы бездер қыз баланың өсуі мен дамуына түрткі болатын гормондарды өндіреді.
Автор: Мақсат НАУАНҰЛЫ
Ерекше күтімді қажет етеді
Гинеколог Ж.М.Тұрлекиеваның жасөспірім қыз балалардың денесінің дамуы, гигиенасы туралы дәрігерлік кеңесіне назар аударсақ. Бұл әрбір ата-ана үшін қажетті ақыл-кеңестер.
Жалпы ағзадағы өзгерістер
«Тоғыз және он төрт жас аралығында қыз баланың тәнінде болашақта оны бойжеткенге айналдыратын өзгерістер басталады. Кейбіреулерінде бұл үдеріс бұдан да ерте көрініс береді (7-8 жаста).
Алдымен қыз бала өзімен қатарлас ер балалардан аса ерекшеленбейді (жыныс ағзаларын қоспағанда): кеудесі дамымаған, қолтық пен қасағада түкті қабат жоқ, дене бітімі әлі баланыкі, яғни, бейтарап.
Алайда қызды бойжеткенге айналдыру үдерісін басқаратын мидың ерекше бөлігі – гипоталамус өз жұмысын бастайды. Ол ерекше заттар – «босату факторы» деп аталатын гормондар немесе химиялық медиаторларды бөледі. Олар мидың тағы бір бөлігі – гипофизге түседі. Ол өз кезегінде гипофиздік гонадотропиндер деп аталатын гормондарды, сондай-ақ өсу гормондарын өндіре бастайды. Олардың бірі өсуді және жынысалды пісіп-жетілуді ынталандырса, екіншілері бүйрекүсті безі мен қалқанша безі жұмысын ынталандырады. Дәл осы бездер қыз баланың өсуі мен дамуына түрткі болатын гормондарды өндіреді. Гипофиздік гормондардың ішінде ең бастысы – фолликулынталандырушы гормон (ФЫГ). ФЫГ әсерімен анабездерге әлі пісіп-жетілмеген аналық жасушалары бар қалташықтар – фолликулдар белсенді бола түседі. Фолликулдардың қабырғалары әйел жыныс гормоны – эстроген бөліп шығарады.
Сырт келбеттегі өзгерістер
Гормондардың әсерінен қыз баланың сыртқы түрі де өзгереді. Оның бойы өседі, бұл кезде ол өз қатарлы ұлдардан биіктеу. Кеудесі өсе бастайды. Кеуде ұштары ұлғайып, пигменттеледі. Бел білініп, бөксе өлшемі өседі. Бөкседе, жамбаста май тіні байқалады.
Тері бетінде де өзгерістер көрінеді. Жоғарғы қабат (эпидермис) жұқарады (әйел терісі еркектердікімен салыстырғанда жұқалау әрі нәзік), май бездерінің қызметі өзгереді. Гормондық қайта құрылулар кезінде көбіне қыз балалардың терісі нашарлап, май бездері бітеліп, безеу шығуы мүмкін. Қан тамырлары кеңейеді, жасөспірім қыз жиі және тез қызарады.
Эстроген мен еркек гормондарының әсерімен (қыз баланың ағзасында бұлар да болады) алдымен қасағаға, бір-екі жылдан соң қолтыққа, одан соң аяқтың тізеден төмен бөлігінде де түк шығады.
Жыныс ағзаларындағы өзгерістер
Сыртқы және ішкі жыныс мүшелерінде де өзгеріс болады. Үлкен жыныс ернеулері пигменттеледі, кіші жыныс ернеулері үлкейеді. Еркек жыныс гормондарының әсерінен клитор ұлғаяды. Қыздық перде қалыңдайды, оның шеттері бірігіп, жіңішке ұзынша сызық түзеді. Қынап ұзарады, оның қабырғалары қалың әрі тегіс болады. Қынап қабырғалары үнемі жаңарып, жасушалар қатпарланым тұрады, сондықтан кейде мол, кейде аз көлемде ақшыл бөлінділер бөлінеді. Қынап сөлдерінің бөлінуі күшейеді. Добелейн бациллаларының арқасында ондағы орта қышқыл болады, бұл микробтардың көбеюіне тосқауыл қояды. Жатыр мойны біртіндеп томпақтанады. Жатыр кеңіп, ұзарып, алдыға еңкейген қалыпқа келеді. Жатырдың ішкі қабаты (эндометрий) қалыңдайды. Анабездері үлкейіп, ауырлай түседі. Оларда алғашқы фолликулдар пісіп-жетіледі. Олардың сөл бөлу қызметі біртіндеп күшейе береді.
Қыздың бойжеткенге айналу үдерісінде етеккір пайда болады. Тәннің алғашқы етеккірге дайындалу кезеңі орта есеппен екі-төрт жылды құрайды. Осы кезең ішінде қыз балада әйелге тән белгілер және екіншілік жыныстық белгілер пайда болады. Алғашқы етеккір, әдетте, 9-13 жаста келеді. Бірақ кейде бұл көрсеткіштен 1-2 жыл ауытқуы мүмкін.
Алғашқы етеккір
Қыз балаға етеккірдің келуі оны есеюге жақындата түседі. Бірақ шындығына келгенде, ол әлі бала. Етеккірдің келе бастауы – жыныстық жетілудің белгісі емес, оның бастамасы ғана.
Қыз балада етеккірдің келуі – оның өміріндегі өте маңызды оқиға. Бұл кезеңде ол өте осал келеді және ересектердің, әсіресе анасының қолдауын қажет етеді.
Алғашқы етеккірдің келуі кешеуілдеген жағдайда, қыз бала қатты қапалануы мүмкін. Бұл жағдайда анасымен бірге гинекологқа барып, кеңес алғаны дұрыс.
Қыз балалардың көбінде етеккір арасындағы үзіліс алғашқы уақытта дәл болмайды. Қанды бөлінділер екі үш айда бір рет, кейде бұдан да сирек бөлінуі мүмкін.
Жыныстық жетілу дами түседі, қыз баланың омырауы өседі, денесі толықсып, қасағадағы түк әйел типі бойынша бөлініп, үшбұрыш пішінді болады, ал қолтықтағы түк қалыңдай түседі.
Гигиена немесе тазалық шарттары
Жасөсіпірім қыз баланың жалпы тазалығымен бірге жыныс ағзаларының, әсіресе етеккір кезіндегі тазалығы аса маңызды. Жыныс мүшелері гигиенасы – жыныс мүшелерінің дұрыс қызмет етуінің және аурулардың алдын алудың алғышарты. Жыныс мүшелерін күнделікті тазалап жуу шарт. Бұл жердің терісі тым нәзік, сондықтан оны қабыну мен қозуға жол бермеу үшін ақырын, мұқият жуу керек.
Әйел жыныс мүшелерінің тазалығы оның өмірінің әр кезеңінде өзінше ерекшеленеді. Қыз бала қынабының шырышты қабаты өте нәзік, сондықтан жұқпаларға тұрақсыз және тез жарақаттанғыш. Тиісті тазалық шарттары сақталмаған жағдайда, вульвит дамуы мүмкін.
Таңертең және ұйықтар алдында кіші және үлкен дәретке отырған соң жыныс мүшелерін жылы сумен жуу шарт. Таза қолмен, мақтамен немесе дәке шүберекпен қасағадан анусқа қарай жуу керек.
Балаға кішкентайынан кіші және үлкен дәретке дер кезінде, жүйелі түрде баруды үйреткен жөн. Өйткені ішек пен қуық толып қалса, жамбас ағзаларының жұмысына кері әсер етеді. Баланың ішкиімі табиғи матадан тігілуі, жыныс мүшелеріне тым жабысып тұрмауы, қозғалысқа кедергі келтірмеуі керек.
Жыныстық жетілу шағына жеткенде қыз бала тазалықты сақтауға үйретілуі тиіс. Етеккір кезінде жұқпаларға деген сезімталдық артады, сондықтан бұл кезде қыз балаға ауыр дене жаттығуларын жасауға, секіруге, велосипед тебуге, жүзуге болмайды. Етеккір кезінде себілге (душқа) түсіп, жуынған дұрыс, жыныс мүшелерін күніне кем дегенде екі рет жуып, төсемені жиірек ауыстыру керек.
Жалпы, жыныстық жетілу кезінде қыз баланың толыққанды тамақтануына, жеткілікті ұйықтап, демалуына, көңіл-күйіне, жалпы психологиялық ахуалына жіті көңіл бөлген жөн. Әсіресе анасымен сырласу, ой бөлісу, оның кеңестерін тыңдау ол үшін маңызды. Ересек адамның қолдауын, түсіністігін сезінген бала өзіне сенімді болады. Сонда ғана бұл кезең ата-ана үшін де, бала үшін де еш қиындықсыз өтпек».
Дәрігердің жасөспірім қыз баланың табиғаты туралы салиқалы ой-пікірі осындай. Біз енді бала махаббаты жөніндегі кеңестерге назар аударсақ.
Бала махаббаты
«Адам бұл сезімді ең алғаш қай жасында сезінеді? Бала кезінен, бұл уақытта да адамдар бір-бірін жақсы көріп, ұната алады. Психолог ғалымдар ең алғашқы махаббат сезімінің дамуын 4 бөлікке бөліп қарайды.
Бірінші, баланың үш жасында болатын сезімі. (Бұл жаста балалар тек өзім, мен өзім істеймін деген қалаумен жүретіні белгілі). Үш жасында балалар өзі қатарлы, болмаса өзінен сәл естияр ұл баланы немесе қыз баланы жақын тартып жақсы көре алады. Онымен ойыншықтарын бөлісіп, бірге ойнатуға келіседі. Болмаса, оған онымен ойнаған ұнайды.
Екінші, баланың тағы да қайталап жақсы көру кезеңі – 7-8 жас. Мұндай жаста бала ес тоқтатып келе жатқандықтан, қатарластары арасынан біреуге жаны ашығандықтан, аяғандықтан, немесе нәзік, сүйкімді болғандықтан жақсы көре алады.
Үшінші, 12-13 жастағы жеткіншек кезең. Бұл жаста өзінің жақсы көретін адамымен бала сөйлескісі келеді, қызықтап қарап тұрғанды ұнатады. Яғни, бұл жаста балаға өзі ұнататын жанның сыртқы келбеті (мәселен, шашы, көзі, кірпіктері, тағы басқа) ұнауы мүмкін. Ол сол үшін де оны жақсы көре алады.
Төртінші, бозбалалық және бойжету кезеңі. Бұл кезде олар бір-бірін көзқарастары, мінез-құлықтары арқылы ұната алады.
Енді осы кезеңдерге жеке-жеке мысал келтіріп көрейік.
Екі-үш жасынан бала ата-анасының мінез-құлқына еліктейді. Сондықтан бұл жастағы баланың ата-анасы бір-біріне мейілінше сыпайы, сыйлы болсын. Және іс-қылықтары арқылы үлгі де бола білуі тиіс. Өйткені, анасы қызының көзінше «Барлық еркек оңбаған, жексұрын, ақымақ!» (тағы басқа осы мағынаға ұқсас сөздерді көп қолданатындар бар), дейтін болса, ер адамдарға деген дәл сондай жиіркенішті, күдікті көзқарас қалыптасып үлгіреді. Не болмаса, ұлының көзінше «Әйелге сенуге болмайды, олар аяр» десе, ержеткен шағында бұл бала қыздардан бойын аулақ ұстайды, секемденіп қарауды әдетке айналдырады.
Сіз ата-ана ретінде мінез-құлқым, сөздерім, қылықтарым арқылы баланың болашағын шешіп жатырмын деп ойлаңыз. Қыз баланы ұлдардан қатты бөлектеп, керісінше ұлыңыздың қыздарға жоламауын үнемі қадағалап отырып, осындай бағытты ұстанып тәрбиелейтін болсаңыз, есейгенде ондай адам қарама-қарсы жыныс өкілімен тіл табыса алмайтын, тіпті жақындасуға жүрексінетін жанға айналуы мүмкін.
Егер балаңыз балабақшадағы достары туралы әңгімелесе, яғни жақсы көретін досы барын айтса, ешуақытта келекелеп күлмеңіз, өйткені, ұлыңыздың немесе қызыңыздың алдағы өмірде өзіне серік болар шын жанашыр адамды жолықтыруға баспалдақ болатын кішкентай тәжірибе жинақтап жатқанын білгейсіз.
Есіңізде сақтаңыз! Үлкендердің балаға қатысты ойланбай айтқан әзілі баланың көңілін қатты жаралауы мүмкін. Көптеген ата-аналар өздерінің сөзі мен ісі балаға қатты әсер етіп, оның соңы неге апарып соғарын білмейді!
Әсіресе, әке-шешесі ұлының немесе қызының балабақшадағы, не болмаса бастауыш мектептегі сыныптас бір қызды, не ұлды жақсы көретінін айтып, мазақтап күледі. Әдетте, мұндай жағдайда балалар үлкендерден сақтану керек екенін тез ұғынады да, өзін іштей жасырып ұстайды. Өзін жоғалтып алуы да мүмкін. Ақыр соңында бала бұл тақырып турасында ештеңе түсіне алмаған күйі жүреді және солай жүруін дағдыға айналдырады. Болмаса, әлгіндегідей жағдайда (яғни, әке-шешесі немесе басқа туыстары келемеждегенде) балада мынандай «ойын» басталады: енді ол да басқа қатарластарын мазақтап күле бастайды. Өзі құралпы ұл мен қыз баланың достығын көрсе, ол үшін бұл нағыз әжуа-сайқымазақ!
«Баланың әрқилы нәрседе өзіндік дүниетанымы, барлап-бақылауы, көре білуі, ойлануы, сезінуі болады. Алайда, оны үлкендердің қасаң тартқан түсінігі басып қалып, шатасуынан асқан ақымақтық жоқ», - деп жазыпты Жан-Жақ Руссо. Осы есте болсын, құрметті ата-аналар!» (Алтын босаға, №1.2012)
Редакциядан: Біздің дана халқымыз «Баланы – жастан тәрбиеле», - дейді. Себебі, сәби шағында бала жаңа отырғызылған тал тәрізді, қалай қарай бұрсаң, солай қарай иіліп өседі. Мамандар жас баланың бойында тұқым қуалайтын теріс әдет-ғұрыптар болса оны да осы бастан түзеп, жасөспірімді тәрбиені дұрыс арнаға салып жіберу қажет, - дейді. Олай болса, бала тәрбиесіне, оның сезімі мен таным-түсінігіне құрметпен қарап, жанашыр бола білейік, ата-аналар.