Ш.Елеукенов М.Жұмабаевтың ақталып,
халқына оралғандығы жайлы былай дейді:
«Елінің қамын жеген, қаршадайынан қазақ
халқы қайтсе қатарға қосылады деп армандаған
аяулы ақын енді міне ел-жұртының арасына
қайтып оралды. Ол үшін біз мына революциялық
жаңалану дәуіріне борыштымыз. Мың мәртебе
соған бағыштаймыз».
Ж.Аймауытов өзінің «Мағжанның
ақындығы туралы» атты мақалысында: «Мағжанның
ақындығын сынауға біліміміз, күшіміз
кәміл жетеді деп айта алмаймыз; толық
сынау үшін оның алды, артын орап, еркін
арылып шығарлық сегіз қырлы, негізді
білім керек» – деп айтқан болатын. әрине,
Мағжанның сан қырлы еңбектеріне талдау
жүргізу көп ізденісті қажет ететін күрделі
процесс, ол болашақтың ісі.
Сәбит Мұқанов 1932 жылы: «Мағжан,
әрине, қазақтың күшті ақындарынан саналады.
Қазақтың тілін байыту ретінде, әдебиеттеріне
жаңа түрлер енгізу ретінде Мағжанның
еңбегі көп. Абайдан кейінгі тіл өнегесіне
Мағжаннан асқан ақын қазақта жоқ»,- дегенін
ешкім жоққа шығарған емес.
«Қазақ жазушыларынан, әрине,
Абайды сүйемін… бұдан соң Мағжанды сүйемін.
Еаропалығын, жарқыраған әшекейін сүйемін.
Қазақ ақындарының қара қордалы ауылында
туып, Европадағы мәдениет пен сұлулық
сарайына барып, жайлауы жарасқан Арқа
қызын көріп, мезінгендей боламын. Мағжан
культурасы зор ақын. Сыртқы кестенің
келісімі мен күйшілдігіне қарағанда
бұл бір заманның шегінен асқандай. Сезімі
жетілмеген қазақ қауымынан ертерек шыққандай.
Бірақ түбінде әдебиет таратушылары газетпен
қосақталып, күндегі өмірінің тереңін
терген – ақын болмайды. Заманынан баса
озып, ілгерілеп кеткен – ақын болады.
Әдебиет үшін деген таңба айқын болмай
нәрлі әдебиет болуға жол жоқ. Сондықтан,
бүгінгі күннің бар жазушысының ішінен
келешекке бой ұрып, артқы күнге алып қалатын
сөз – Мағжанның сөзі. Одан басқамыздың
бәріміздікі күмәнді, өте сенімсіз деп
білемін» – деп жазыпты Мұхтар Әуезов.
«Мағжан – алдымен сыршыл ақын.
Мағжан сөзіндей «тілге жұмсақ, жүрекке
жылы тиетін» үлбіреген нәзік әуез қазақтың
бұрыңғы ақындарда болған емес. Ол жүректің
қобызын шерте біледі. Оның жүрегінен
жас пен қаны аралас шыққан тәтті сөздері
өзгенің жүрегіне тәтті у себеді. Мағжан
не жазса да сырлы, көркем, сәнді жазады.
Оқушының жүрегіне әсер ете алмайтын құрғақ
өлеңді, жабайы жырды Мағжаннан таба алмаймыз.
Ол табиғатты суреттей ме, әйелді жаза
ма, тарихи адамдарды ала ма, ертегі айта
ма, ұран сала ма – бәрінде де ақынның
ойлағаны, сезгені, жүрегінің қайғыруы,
жанының күйзелуі, көңілінің кірбеңі көрініп
тұрады…Олай болса, ақындық жүзінде Абайдан
соңғы әдебиетке жаңа түр кіргізіп, соңына
шәкірт ерткен, мектеп ашқан күшті ақын
Мағжан екенінде дау жоқ. Абайдан соң өлең
өлшеулерін түрлендірген тағы да Мағжан»
– Жүсіпбек Аймауытов.
3.2 Мағжанның тәрбиелік
идеялары – тәуелсіз ел мектебінің
негізі
Бүгінгі және болашақтың ұрпаған
қалай тәрбиелеп, оқытып шығару керек?
Егеменді еліміздің ұрпақтарын ұлылыққа
баулу – бүгінгі мектептің парызы.
Президент Н.Назарбаев өзінің
«Қазақстан 2030» жолдауында:
«…Оқушыларды қазақстандық
патриотизм мен шығармашылық жағынан
дамыған жеке тұлға ретінде тәрбиелеу
аса қажетті, бүгіннен бастап ұлттық мінез-құлық,
биік талғампаздық, тәкәппарлық, тектілік,
білімділік, биік талғам, ұлттық намыс
қасиеттерін сіңіріп қалыптастыруымыз
керек» – деген болатын. Президентіміздің
бұл сөзі мұғалімдер үшін негізгі бағыт,
бағдарлама болуға тиісті.
М.Жұмабаев та кезінде осы бағытты
меңзеді, егеменді елдің егемен мектебі
болуын қалаған. Өйткені оқушыны ұлттық
рухта тәрбиелеп шығару тек ұлт мектебінің
қолынан ғана келеді. Кешегі өткен ұлы
бабаларымыздың істері бүгінгі ұрпақ
үшін үлгі болуға тиіс. Олар ұлан-байтақ
жерімізді қасықтай қаны қалғанша қызғыштай
қорғап, бүгінгі ұрпаққа аман есен тапсырды.
Ал, жеріміз бен егемендігімізді бүгінгі
еліміздің жастары сол аталарындай қорғай
ала ма? Міне, мәселе осында, патриотизм
иен ұлылықты қалыптастыру құрғақ сөзбен
жасалынбайды. Оған жүйелі бағдарлама,
кешенді оқу-тәрбие жұмыстары қажет. Ең
алдымен ұлттық мектеп, оның концепциясы,
заңдастырылған дүние болмысы қажет. әр
пән бойынша оқулықтар жасалынумен қатар
қазақ халқының бүкіл жан дүниесі мен
болмысын танытатын, оқу-тәрбие кешені
қажет. Бәрі қазақ ұлтының ұлы болмысы
мен қағидаларының тоғысында қалыптасуы
негізінде болуы керек. Этномәдени білім
беру ол қазақстандағы негізгі ұлт төңірегінде,
соның негізінде жасалынуы міндетті. Ұлттық
педагогика саясатын өзге ұлт, мемлекет
емес, өзіміз жасап, қалыптастыруымыз
орынды болмақ. Қазақстанның келешекте
әлемді өркениетті елдермен терезесі
тең, өз орны бар ұлы мемлекет болуын қаласақ,
ең алдымен, оның ұлттық мектебінің іргетасын
қалыптастыруымыз қажет.
Еврей, жапон т.б. ұлттардың
жас буынды сәби күнінен ұлылыққа, ұлтжандылыққа
тәрбиелеуі көп нәрсені аңғартса керек.
бұларда жас балаға деген құрмет ерекше.
Ұрсу, жекіру, балағаттау деген жоқ.
Біздің қазақта да ертеде осындай
тәрбиенің болғаны белгілі. Бабаларымыз
балаларын ұлылыққа жақсы тәрбиелей білген.
Мағжан өз «Педагогикасында»
«Баланы ешбір уақыт қорқытпау керек…баланы
қорқыту – қып-қызыл зиян…Жасында қорқытылып
үйренбеген бала өскенде ер болады…Ерлікке
іспен үйрету керек…Баланы ұру, соғу ісі
адамшалыққа ұнамайтын іс», - дейді. Ендігі
жерде мектебімізде оқу-тәрбие ісінде
ізгілік, демократияландыру принциптері
етек жаюы керек-ақ. Ұлттық қағидаларды
оқу-тәрбие ісіне терең кіргізе отырып,
оны әлемдік алдыңғы қатарлы өркениетті
идеялармен қабыстыру қажет. Ол үшін тілдерді
тереңдете оқу, әсіресе, қазақ, шетел тілін
3-4 жастан оқытуды қолға алу. Тәрбиенің
басты ұстанымдары жалпы адамзаттық құндылықтарды
және тұлғаны қалыптастыру, өз халқының
мәдениетін, әдебиетін, тілін, салт-дәстүрін
сүю арқылы басқа халқының да тілі мен
мәдениетіне құрметпен қарайтын адам
қалыптастыру.
Бүгінгі ұрпақ – бақытты ұрпақ.
Өйткені олар ата-бабамыз ғасырлар бойы
армандап кеткен егемендікті көрді. Ғасырлар
тоғысында өмір сүруде.
Жаңа ғасыр мектебін қалыптастыру
үлкен ойлылықпен, іскерлікпен шешілетін
мәселе. Ғасыр басында Мағжан Жұмабаев
өзінің «Жазылашақ оқу құралдары һәм мектебіміз»
деген еңбегінде: «…біздің дағдарып тұрған
мектебімізді бастап алып кететін даңғыл
жол жоқ…Сондықтан оқу құралын жазып
жатқан азаматтар бұл оқу құралы қандай
мінезді мектепке арналады – сол туралы
ой жүргіртсе игі болар еді…Кең қазақ
мектебіне негіз іздегенде, таза пәк көзінен,
яғни мектеп құрылысының қазақ жанына
қабысу жағынан келуі дұрыс болар еді»
– деп жазады. Мағжан Жұмабаевтың бұл
ойы қазіргі күнде де бағасын жоғалтқан
жоқ.
Себебі оқулық мектеп үшін де,
оқушы үшін де, қоғам үшін де ең басты құрал.
Өкінішке орай бүгінгі оқулықтар көп көңілінен
шығып тұрған жоқ. Мектепті жөндейміз
деп соқыр еліктеуден аулақ болу керектігін
де Мағжан кезінде көрегендікпен ескертіп
кеткен-ді.: «Мектебімізге негіз саламыз
дегенде ескертетін іс-соңғы кезде соқыр
еліктеу ауруы біздің жанымызға сіңіп
барады. Міне осыдан сақтану керек».
Сөздің түйіні бізге бүгін ғылыми
тұрғыдан дәлелденіп, сыннан өткен, халықтың
ойынан шығатын, мемлекеттің концепциясынан
туындайтын мектеп қажет. Ол неше тұрғыдан
болады, 3 сатылы ма, 4 сатылы ма, оны ойластырып,
бүкіл халықтың ой елегінен өткізіп барып
қабылданған жөн.
Қортынды
Т.Қожакеев «Көк сеңгірлер»
атты еңбегінде : «Қолда барда алтынның
қадірі жоқ» демекші, кезінде біреулер
оның балалар мінезіне, жас ұландар психологиясына
үйлесімді нәрселерін идеализм, революцияға
қарсы иісі аңқып тұрған жат дүниелер
деп жоқ жерден қате тауып, мансұқ еткен.
Бұл жала, бұл әділетсіздік енді артта
қалды», - деп Мағжанның педагогикалық
ойларына әділ бағасын берген болатын
Мағжанның педагогика саласындағы еңбектері
жайлы мынадай қортындыға келеміз: Мағжан
психология мен педагогиканы біріктіріп,
байланыста ұстаған тұңғыш ғалым. Екіншіден,
ұлттық санамызға, болмысымызға жақындастырып,
бала тәрбиесінде оның даму заңдылықтарын
білу, ұлттық психология ерекшеліктерін
есепке алған.
Өз заманның ең білімдар адамдарының
бірі Мағжан елінің мүшкіл халіне ерте
көңіл бөлді. Оны ол өз поэзиясына, ұстаздық
сөздеріне арқауы етті. Ол қазақ халқын
өнер-білімге тек өзінің педагогикалық
еңбектерімен ғана шақырған жоқ. Ең алдымен
өзінің өлеңдерінде халықты сауаттылыққа,
оқу оқып, білім алуға үндеді.
Қазіргі кезеңнің өзінде психология
ғылымы жаңа дамып, елімізде енді-енді
жетіліп келе жатыр десек, ал Мағжанның
қазақ арасында психология мәселелерін
алғашқылардың бірі болып қарастыруы
оның білімдарлығын байқатады. Исі қазақ
М.Жұмабаевты ақын есебінде жақсы білсе,
енді психология ғылымына да үлес қосқан
ақын ретінде де жаңа бір қырынан тануда.
Мағжанның «Педагогика» оқулығын
оқи отырып мына қортындыға келеміз: ғалым
ұлттық болысымыз мен сана-сезімізге жақын
этнопедагогика, психология принциптерін
негізге ал отырып жазған. Аталған еңбекті
сараптай келе айтатыным өткенғасырдың
басында 20-шы жылдарда педагогикалық-психологиялық
трактатта айтылған ойлар бүгінгі тәуелсіз
мемлекетімізді дамытуда, әсіресе ұлттық
байлығымызды пайдаланып, оны қажетімізге
жаратуға таптырылмас мұра.
М.Жұмабаевтың «Бастауыш мектепте
ана тілі» еңбегі жан-жақты ойластырылған,
сындарлы жүйемен жазылған. Мұнда ол сол
кездегі тарихи жағдайдан туатын міндеттерді
қарастырды. Сондай-ақ бұл еңбегінде оқытудың
сабақтан басқа түрлеріне тоқталады.
Қазақстан бүгіндері демократиясы
дамыған, өркениет елдер қатарынан бағыт
ұстап отыр. Еліміздің Президенті ұсынған
«Қазақстан – 2030» - жолдауында еліміздің
болашағы жастар, бүгінгі мектеп оқушылары.
Бүгіннен бастап олардың бойына ұлттық
рухты сіңіре отырып, Отанымызға шынайы
патриоттарын, мәдениетті, білімді, парасатты,
бауырмал, ізгі ниетті адал азаматтарын
тәрбиелеп шығару қоғамның басты парызы.
Жаңа ғасыр мектебін қалыптастыру үлкен
ойлылықпен, іскерлікпен шешілетін мәселе.
Тәуелсіз ел мектебін құруда Мағжанның
тәрбиелік идеяларын қолдануымыз жөн.
Қолданылған әдебиеттер:
Қалиев Қ. Этнопедагогика. Астана.
2003
«М.Жұмабаев педагогикалық
көзқарастар».
2. Жұмабаев М. Педагогика.
Алматы. 1992
«Мағжанның педагогикалық мұрасы
жайында».
3. Әбиев. Педагогика. Алматы.
2004
4. Қоянбаев.Педагогика. Алматы.
5. С.Сеңкібаев. М.Жұмабаевтың
тәрбиелік ілімі – ғасырлар
тоғысында // Ізденіс. 2002. №4
6. С.Сеңкібаев. Мағжанның
тәрбиелік идеялары – тәуелсіз
ел мектебінің негізі // Ұлт тағылымы.
2001. №6
7. Б.Байменова. М.Жұмабайұлының
педагогикалық мұрасы // Ұлт тағылымы.
2001. №6
8. Б.Базарбаева, О.Бөдесова.
М.Жұмабаев атындағы педагогикалық
бағдарлы мектебінің болашағы //
Ұлағат. 2003. №1
9 М.Бағыбаева. М.Жұмабаевтың
психологиялық мұрасы // Ұлағат. 2003.
№2
10. Б.Бекматова. Мағжанның
«педагогикасы // Ұлағат. 2003. №5
11. М.Бағыбаева. М.Жұмабаев
және ұлттық тәлім-тәрбие // Ұлағат.
2004. №5
12. С.Сеңкібаев. Мағжанның
ұстаздық-тәлімгерлік идеялары және
олардың дамуы // Білім. 2001. №3
13. Қ.Сұлтанов. Халықтың кіршіксіз
махаббаты // Қазақстан мектебі.1993. №10
14. К.Құнантаева, И.Халитова.
Қазақ мектебіне негіз іздегенде
// Қазақстан мектебі. 1993. №10
15. Б.Дәрімбетов. Мағжанның
бір мақаласы // Қазақстан мектебі.
1993. №2
М. Жұмабаевтың «Педагогика»
кітабының бөлімдері.