Автор работы: Пользователь скрыл имя, 14 Января 2013 в 10:58, реферат
Халықтық педагогика этнопедагогиканың зерттеу пәні болып табылады. Этнопедагогика халықтық педагогиканы түсіндіреді және қазіргі жағдайда жанұяда, мектепте оны қолданудың жолдарын ұсынады, этникалық топтардың тәжірибелерін жинап, зерттейді. Халық педагогикасымен айналысушылар қоғам дамуының алғашқы сатыларында–ақ тәрбиеге өзіндік көзқарас болғандығын, мақсатқа сай тәрбиелеудің жолдары ойластырылғандығын мәлімдейді.
Халықтық педагогика арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру ерекшелiктерi
Халықтық педагогика этнопедагогиканың зерттеу пәні болып табылады. Этнопедагогика халықтық педагогиканы түсіндіреді және қазіргі жағдайда жанұяда, мектепте оны қолданудың жолдарын ұсынады, этникалық топтардың тәжірибелерін жинап, зерттейді. Халық педагогикасымен айналысушылар қоғам дамуының алғашқы сатыларында–ақ тәрбиеге өзіндік көзқарас болғандығын, мақсатқа сай тәрбиелеудің жолдары ойластырылғандығын мәлімдейді. Қазақ этнопедагогиксының қайнар-бұлағы біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастау алады. Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап–ақ жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі. Балалардың жан-жақты дамуы үшін, әсіресе сұлулық пен сымбаттылыққа қанық болулары үшін оқу-тәрбие үрдісінде халықтық педагогиканы қолдану өте маңызды. Адамдардың эстетикалық сезімдері олардың өмірінде зор роль атқарады. Әсемдікті көре, түсіне, жасай білу адамның рухани өмірін байытады, қызғылықты етеді, оған ең жоғары рухани ләзаттануға мүмкіндік береді. Біз әр адамның адамгершілікті тұлғалық мәнін жан-жақты дамытуға ұмтыламыз, сондықтан әр баланың сезімін нәзіктігін, көркемдікті, әсем нәрсені сүйенетіндей етіп дамытуымыз керек. Адамның әсемдікті және жексұрындықты, сәулеттілік және ождансыздықты, қуаныш пен қайғыны т.б. түсінуіне байланысты, оның саналы тәртібі мен мінез – құлқы айқындалады. Осыдан келіп адамның әсемділікке шынайы көзқарасы мен мұраттары болуы керек екендігі шығады. Оқушылардың жалпы мәдениеті, яғни эстетикалық тәрбиенің маңызды жақтары ізеттілік, ұқыптылық, жылы шырайлылық, қайырымдылық, тазалықты сақтау т.б. Жалпы эстетикалық мәдениет – бұл қатынас эстетикасы, киім-кешек эстетикасы, үй-жағдай эстетикасы, манера, дене қимылы, т.б. А.С. Макаренко еңбектерінде бұл проблемаға зор мән берілген. Жеке адамның сыртқы мәдениеті мен ішкі дүниесінің ұштасып жатуы эстетикалық сұлулықтың белгісі. А.П. Чеховтың сөзімен айтқанда адамда: бет, киім, жан, ой – бәрі сұлу болу керек [1].
Этнопедагогика ұғымын айналымға тұңғыш енгізген чуваш ғалымы Г.Н. Волков. Этнопедагогика – халықтың тәрбиелік тәжірибесін, оның көзқарасын зерттейтін ғылым, сонымен қатар тұрмыстық педагогикасы, ұлт, ру, тайпа педагогикасы туралы ғылым. Зерттеу объектісі халықтың тәлім-тәрбиесі жөніндегі ұғым түсініктері, дәстүрлері, тәжірибесі болып табылатын ғылым саласы ретіндегі этнопедагогика қалыптасу, даму үстінде. Әсіресе соңғы жылдары оның зерттеу пәні, әдістері туралы, халықтық педагогикалық идеяларды бүгінгі тәрбие теориясы мен практикасында жүзеге асыру жолдарының мәселелері туралы зерттеулер едәуір көп. Бұлардың ішінде халықтық педагогиканың пайда болуы мен дамуы, қазіргі жайы жан-жақты сөз етіліп, оның теориялық - әдістемелік мәселелерін анықтауға бағытталған еңбектердің маңызы айтарлықтай [2]. Өкінішке орай, көптеген зерттеуші ғалымдар бұл мәселенің соншалықты көкейтестігіне үстіртін қарайтын секілді. Көрнекі қазақ ғалымдары А. Байтұрсынов, М. Дулатов, М. Жұмабаев, Ж. Аймаутов халықтық педагогиканың тәжірибесін зерттей білуге ерекше мән берді. Сонымен қатар, этнопедагогика, халықтық педагогика мәселелеріне қатысты ой түйіндерді Г.Н. Волков, К.Ж. Кожахметова, Е.Л. Христова, З.Ә. Әбілова, Қ.Б. Жарықбаев, Ә. Табылдиев сияқты ғалым зерттеушілердің осы мәселені жан-жақты зерттеген еңбектерінен кездестіреміз.
Алайда халықтық тәрбиенің зерттелу тарихына шолу халық шығармашылығына арналған зерттеулер мен жарияланымдарда оның ерте заманнан келе жатқан тарихи құбылыс екендігі айтылғанмен, халықтық педагогикалық ескерткіштер оқу үрдісінде және сыныптан тыс жұмыстарда қолданылғанмен, балалар мен жастарды тәрбиелеуде оның ролі жайлы ойлар айтылғанмен көптеген ғылыми еңбектердің әлсіз тұсы халық педагогикасын оқып үйренудің теориялық мәселелері қамтылмайтындығын байқатады. Этнопедагогиканың мәселелерімен айналысушы ғалым А.Э. Измаилов: «Халық педагогикасы ұрпақтан – ұрпаққа көбінесе ауызша түрде жалғасып келе жатқан, халықтың тарихи және әлеуметтік тәжірибесінің жемісі, оның іс-жүзінде тексерілген білімінің мағлұматтарының жиынтығы. Халықтық педагогиканың ескерткіштері халық ертегілерінде, аңыздарында, жырларында, мақал-мәтелдерінде сақталып, ұлттық салт-дәстүрлер арқылы өзінің көрінісін беріп отырады» - деп орынды атап көрсеткен. Халықтық педагогика ұғымына көптеген зертеуші ғалымдар өздерінше анықтама береді. Біз Г.Н. Волковтың берген анықтамасын ұсынамыз: Халықтық педагогика – тәрбие мәселелері жөніндегі эмпирикалық мағлұматтардың және білімдердің жиынтығы. (1958) Халықтық педагогика - халық ауыз әдебиетіндегі, салттарындағы, ырымдарындағы, балалар ойындары мен ойыншықтарындағы сақталған педагогикалық мағлұматтарымен тәрбиелеу тәжірибесінің жиынтығы (1974). Халықтық тәрбие тарихи даму үрдісіндегі тірі дене болып табылады. Халықтық педагогиканың әлеуметтік бағыттылығы, әсіресе көне жазба ескерткіштерде мақалдар мен мәтелдер, ертегілер мен жырлар, бата, тілек секілді тәрбие құралдарында толығырақ бейнеленген. Қазақ этнопедагогикасының қайнар-бұлағы біздің заманымызға дейінгі дәуірден бастау алады. Ұлттық мәдениеттің тегі сол ұлттың ұлт болып қалыптаспай тұрған кезінен бастап–ақ жеке ұлыстардың ұрпағын тәрбиелеуден туындағаны белгілі.
Қазақтың жазу мәдениеті арқылы белгілі болған ұлттық педагогикалық ойлардың тарихы ертедегі тас жазулардан (Күлтегін, Білге қаған т.б.) басталады. Одан кейінгі қолжазба, баспа арқылы бізге жетіп, оқу-жазу үрдісімен этнопедагогиканың арқауы болған тәлімдік ойлар тарихы өзектестігімен ұлттық педагогиканың (этнопедагогикның) дамып ғылым болып қалыптасқанын көрсетеді. Қазақтың жазу мәдениетінде Қорқыт атаның тәрбиелік мәні зор жырлары мен мақал-мәтелдері, Әл Фарабидің ұлттық мәдениет пен ғылым, білім, поэзия, музыка жөніндегі тұжырымдары, Ахмет Яссауидың діни тәрбиенің мәні туралы ойлары, Жүсіп Баласағұнидың кемелді болу жолдарын көрсетуі, Мұхаммед Хайдар Дулатидың ұлы тәлімгерлік ойлары, Абайдың өсиеттері, Ыбырайдың педагогикалық ойлары, Шоқанның ел мәдениетін арттыру үшін істеген әрекеттері, Ахмет Байтұрсыновтың ұлттық білім беру жүйесі, Мағжан Жұмабаевтың қазақ педагогикасын түзеуі, Жүсіпбек Аймауытовтың қазақ психологиясы ғылымын зерлей бастауы, кейінгі ғалымдардың қазақ этнопедагогикасын ғылым ретінде қалытастырып, пән ретінде оқытуға ұсынуы ұлттық педагогиканың (халық педагогикасымен педагогикалық ойлардың), яғни қазақ этнопедагогикасының дамып, қалыптасу жолдарын көрсетеді.
Қазақ халқының өте әрідегі ата – бабаларының өмір сүрген кезінен (Түрік қағанаты) бастау алып, күні бүгінге дейін кәдесіне жарап келе жатқан рухани мұраның бірі – халықтық педагогика. «Халықтық педагогика, - делінген Қазақ кеңес энциклопедиясында, - тәрбие жөніндегі халықтың педагогикалық білім тәжірибесі. Халық педагогикасын зерттеу негізіне педагогикалық мазмұн мен бағыттағы халық ауыз әдебиетінің шығармалары, этнографиялық материалдар, халықтық тәрбие дәстүрлері, халықтық ойындар, жанұя тәрбиесінің тәжірибелері т.б. жатады. Халық педагогикасының негізгі түйіні еңбек тәрбиесі және өндірістік білім, дағды, шеберліктерді ұрпақтан ұрпаққа қалдыру». Ғасырлар бойы қалыптасқан ұлттық тәлім-тәрбиенің белгілі жүйесінде жас буын жадына біртіндеп сіңіріп отыратын арнаулы жолдар, тиісті тәсілдер де болған. Мәселен, мақал-мәтелдерде адамгершілік, имандылық тәрбиесіне байланысты әдеп-ғұрыптар насихатталса, жұмбақтар мен айтыстарда – ақыл – ой тәрбиесі, өлең, жыр-дастандарда - әсемдік (эстетикалық) тәрбиесінің негізгі принциптері, ал ертегілер халықтық тәрбиенің сан алуан мәселелерін қозғайтын тәлімдік материал ретінде пайдаланылған. Демек, халықтық педагогика – тәлім-тәрбиелік ой – пікірдің ілкі бастауы, халықтың рухани мұрасы. Бұл жердегі еске алатын негізгі жайт: осындай халықтық мұралардың бәрі бірдей кәдеге жарай бермейді, олардың озығы мен қатар тозығы да бар. Ең негізгі мәселе – бұларды бүгінгі күннің талап тілегімен байланыстыра пайдалана білу болмақ. Егеменді еліміздің пердесі ашылмай, шіркеуленіп келген ұлттық тәрбиесі жиырмасыншы ғасырдың тоқсаныншы жылдарынан бастап, еркін қолға алынды да, көптеген оқыту бағдарламалары мен оқу құралдары пайда болды. Ғалым К. Оразбекова «Иман және инабат» (1993) деген кітабында имандылық–ұлттық тәрбиенің негізі деп көрсетіп, қазақ этнопедагогикасының бір қайнар көзін ашты. М. Оразаев, М. Смаилова сияқты педагогтар «Қазақ халқының салт-дәстүлері» деген кітап жазып, қазақ этнопедагогикасының салт-дәстүрге байланысты саласын айқындады. Профессорлар Қ. Жарықбаев пен Ә. Табылдиев «Әдеп және жантану» (1994) оқулығын жазып, қазақ этнопсихологиясы мен этнопедагогикасы ғылымының негіздерін айқындады. Ғалым С. Ғаппасов «Ізгілік әліппесі» (1995) «Халық педагогикасының негіздері» (1996) деген еңбектерінде қазақ этнопедагогикасының ғылыми-медициналық және танымдық ерекшеліктерін дәлелдеді. Ә. Табылдиев «Қазақтың халық педагогикасы және тәрбие» атты еңбегі арқылы қазақтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерінің тәрбиелік мәнін ашып берді. Профессор С. Қалиев «Қазақ этнопедагогикасының негіздері және тарихы» (1998) деген оқу құралы арқылы қазақ этнопедагогикасының қайнар-бастауы біздің заманаымыздан бұрын белгілі бола бастағандығын дәлелдеп, бұл ғылымның теориялық негіздерін айқындап берді. Зерттеушілер Ұ. Асылов пен Ж. Нұсқабаев «Әдеп» атты оқулығында (1999) қазақтың салт-дәстүрлеріндегі тәлім-тәрбиелік мақсаттарды жеткізе дәлелдеді. Қазақ халқының тәлімдік мәні зор ой толғаныстары бесік жыры мен батырлық эпостарда, ертегілер мен аңыздарда, шешендік сөздер мен айтыс термелерде, мақал-мәтелдерде көптеп кездеседі. Мұндағы ұрпақ тәрбиесінің негізгі түйіні – адамгершілік-имандылық, ақыл-ой, еңбек, эстетика, дене, отбасы тәрбиесіне байланысты мәселелерге келіп тіреледі.
Этнопедагогика ғылымы екі саладан тұрады: халықтың ауыз әдебиеті мен салт-дәстүрлерінен құралған ауыз әдебиеті және ұлттық тәлім-тәрбиенің жазу мәдениетіндегі көрінісі. Халықтың игі әдеттері дағдылана келе әдет-ғұрыпқа, әсерлі әдет – ғұрыптар салт-дәстүрлерге айналып, халықтың өмірінде қалыптасқан салт-дәстүрлер салт-сана болып қалыптасқан. Халықтың салт-дәстүрлері рәсімдер мен жөн жоралғылар, рәміздер, ырымдар мен тыйымдар, түрлі сенімдер арқылы өмірде қолданыс тауып келеді. Оның бәрі толысып, дамып, жаңарып отырады [3].
Салт – дәстүр дегеніміз – халықтардың кәсібіне, сенім-нанымына, тіршілігіне байланысты қалыптасқан ұрпақтан-ұрпаққа ауысып отыратын қоғамдық құбылыс [4]. Халықтың игі мәдени дәстүрлері: ізеттілік, қайырымдылық, мейірімділік, қонақжайлылық, имандылық, иманжүзділік – барлық мәдени үлгі өнегелі іс-әрекеттердің көрінісі - әдеп деп аталады. Қазақ халқының осы игі дәстүрлерін айқындап, дәлелдей келе, халықты рухани тазалығы жағынан алып, қазақ халқын әдепті, яғни қайырымды, мейірімді халық деп атауға әбден болады. Этнопедагогикадағы салт-дәстүрлердің ұлттық санаға сіңіп, біржола заңдандырылуы – салт-сана деп аталынады. Ұлттық санаға сіңіп, қалыптасқан салт-дәстүрлер сол ұлттың ой санасының дәрежесін көрсетеді. Ұлттық сананың қозғаушы күші – ұлттық намыс, ұлттық абырой. Ол жеке тұлғалардың перзенттік борышты өтеу дәрежесіне сай өмірден өз көріністерін байқатады. Халықтық педагогиканың құрамдас бөліктері: әдет-ғұрып, таным, наным, ұғым, салт, сана және дәстүрлер.
Қазіргі кездегі эстетикалық тәрбиенің міндеттерін шешу үшін халықтың осы уақытқа дейінгі тәжірибесін меңгеру қажет. Мәдени құндылықтарды жасауда әр халықтың өзіндік ерекшелігі бар. Халық әрдайым әсемдікті іздеді, қолдан жасады және оны өмірде, тұрмыста, еңбекте бекітуге тырысады. Оны халқымыз үй жиһаздарын жасауынан және оны әсемдікті сезінудегі тәрбие құралы ретінде пайдалануынан көруге болады.
Халықтық эстетикалық тәрбие жүйесінде лирикалық, үйелмендік, тұрмыстық, әдет-ғұрыптық, еңбектік және т.б. әндер мен өлеңдер ерекше орын алады. Бұлар да эстетикалық тәрбие құралдары ретінде қызмет етті. Халқымыздың әндері, жанры және тақырыбы жағынан өте бай. Көптеген әндер би қимылдарымен байытылды.
Қазақ халқының музыкалық аспаптарының түрлілігі таңқаларлықтай (домбыра, шертер, аса таяқ, шаңқобыз, ұран, жетіген, үскірік, қамыс сырнай, дабыл т.т.). Олар бос уақытта пайдаланылып жас ұрпаққа эстетикалық тәрбие беру ісіне қызмет етті.
Халқымыздың тұрмысына енген қолданбалы қолөнер бұйымдар, олардың әшекейленіп жасалуы эстетикалық тәрбиеде өз алдына бір сала. Эстетикалық тәрбиеде халық ауыз әдебиетінің маңызы өте зор болды. Оның мазмұны халқымыздың бүкіл өмір тәжірибесін қамти отырып, жас ұрпақ санасын әсемдік сезімін, талғамын, қажеттілігін билейді. Эстетикалық тәрбиенің күрделі мәселелерін айқындауда біз халықтың жинақтаған педагогикалық білімімен тәрбие тәжірибесіне сүйенуіміз қажет.
Тәрбие жүргізу ісінде үйрету, пайымдату, сендіру, әсерлендіру тәсілдері қолданылады. Ұлттық тәрбие үлгілерін көрсетіп, үйрету үшін сахналық тәсілдерді қолданудың мәні зор. Сөзді жаттау, оны сахнада мәніне жеткізіп, мәнерлеп айта білу, өмір құбылыстарын әсерлендіре көрсету, кейіпкер бейнесін айнытпай көрсету әрбір тәрбиеленушінің санасына сан қырымен әсер ететін құбылыс.
Оқушы түсінігінің эстетикалық жақтан қалыптасуы халықтық педагогика және тағы сол сияқты көптеген факторлардың ықпал ету нәтижесінде болады. Сондықтан мектеп мұғалімдері оқушылардың эстетикалық талғамын іс-жүзінде, теория жүзінде де арттыра отырып, көрген білгендерімен сұлулықты қабылдауға көмектесуі керек. Оқушылардың эстетикалық сезімін дамыту оларға мынау жақсы, әдемі, ал мынау жаман, көріксіз деп ауызша айтуда ғана жүзеге аспайды, сонымен бірге бала күнделікті тұрмыста да, мектепте де эстетикалық талғампаздықтың үлгі өнегесін күн сайын көріп отыруы керек. Ата-бабамыз сыртқы көрнекі сұлулық пен ішкі рухани сұлулықты мойындай отырып, олардың орнын анықтауға келгенде, ішкі рухани сұлулыққа көбірек көңіл бөліп, мазмұн сұлулығына көбірек жан тартады.
Оқушыларға әдепті әсемдіктен бөліп түсіндіруге болмайды. Егер оларды бөліп айтуға болатынын мойындасақ, онда әдепсіз сұлулықтың да болатынын мойындауға тура келер еді де, сұлудық өлшемдері тек сыртқы белгілер, симметрия, пропорция, түр-түстер сәйкестігі, т.б. ғана болып шығады. Орыстың атақты әдебиет сыншысы әрі эстет В.Г. Белинский сұлулықты барлық уақытта моральмен бірге қабылдап келген қоғамдық тәжірибеге сүйене отырып: «Сұлулық шындықпен моральмен бір туысқан. Егер шығарманы көркемдік құндылыққа ие десек, онда ол сөз жоқ, әдеп-инабаттылық жағынан да құнды болады», - дейді. Халқымыз дене сұлулығына, әсіресе қыз баланың көрікті болуына ерекше көңіл бөлген. Аналар «Аттың көркі – жал, қыздың көркі шаш» деп ұққан. Қыз баланың шашын жақсы өсіру үшін айранмен, ірімшіктің сары суымен немесе қынамен жудырған. Шаштарын қос бұрым немесе бестемше етіп өру бойжеткен қыздардың көркі болған. Қыз бен жігіт айтысындағы: «Атымды әкем сүйіп Несіп қойған, шашымды бестемшелеп есіп қойған» деген сөз тіркестері осы пікірді дәлелдейді. Халық жанрларында аруларды «Шашының ұзындығы ізін басты» немесе «Қыпша бел, қиылған қас, қолаң шашты» деп сипаттаған. Халық даналығы арулардың киім киісіне де ерекше мән берген. «Адам көркі – шүберек, ағаш көркі жапырақ», «Қыз өссе – елдің көркі» деп қыз баланы қынама қамзол, дүрия бешпент, кәмшат бөрік, қос етек көйлек, биік өкше етік тіктіріп кигізген. Сырға, білезік, шолпы, шашбау, жүзік сияқты әшекей заттарды тақтырған. «Қыздың көзі қызылда» деген мақал да қыз баланың әшекей заттарға үйірлігін білдіреді. Ұзатылған қыздың ауылында айтылатын «Жар-жар», «Жұбату», «Сыңсу» өлеңдерінде, келін түсіру тойларында орындалатын «Беташарда» қыздың, жас келіннің басты – басты киімдері, сән-салтанаты, сұлулық бейнесі мақтала жырланған. Оқушы түсінігінің эстетикалық жақтан қалыптасуы халықтық педагогика және тағы сол сияқты көптеген факторлардың ықпал ету нәтижесінде болады. Сондықтан мектеп мұғалімдері оқушылардың эстетикалық талғамын іс-жүзінде, теория жүзінде де арттыра отырып, көрген білгендерімен сұлулықты қабылдауға көмектесуі керек. Балаларға музыка ерекше эстетикалық ықпал жасайды: ол балаларды жігерлендіреді, олардың көңіл-күйін біріктіреді, қимылға эстетикалық сипат береді.