Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Ноября 2013 в 12:45, реферат
Уақыт мектеп мұғалімдеріне жастарды жаңа заман талаптарына сай, әрі озық ұлттық дәстүр рухына тәрбиелеп, өмірге әзірлеу секілді жауапты міндеттерді жүктеп отыр. Егеменді елімізге сай ұрпақ тәрбиелеп шығудың бірден-бір жолы ол – өсіп келе жатқан ұрпақты эстетикалық тұрғыдан шыңдау. Осыны халықтық педагогика арқылы жүзеге асыруға болады.
Эстетикалық көзқарасты тәрбиелеудің негізгі құралы - өнер. Ол шындықты көркем, сезімді қабылданылатын бейнелер арқылы бере отырып және осылар арқылы адам сезімімен санасына әсер етіп, оның көзқарасын қалыптастыруға жәрдем етеді. Педагогикада эстетикалық көзқарасты тәрбиелеу тәрбиенің басқа салаларымен тығыз байланысы қаралады. Балалардың ақыл-ой тәрбиесін, зерттелген құбылыстар әсемдігін ашпай жүзеге асыру мүмкін емес. Еңбекке тәрбиелеу – адамдардағы әсемдікті еңбек мазмұны мен процесін танымай саналы тәртіп пен мінез-құлықты тәрбиелеу мүмкін емес. Сондай-ақ әсемдікке көзқарасты тәрбиелеуді өмірден, белсенді іс-әрекеттен және мұраттарға жету жолындағы күрестен оқшау қарауға болмайды.
Мектеп оқушыны әсемдікті өмірден, адамдар қылықтарынан, еңбек іс-әрекетінен, еңбек нәтижесінен көруді және ләззат алуды үйретіп қана қоймайды, күнделікті өмірде осы әсемдікті жасау ынтасы мен іскерлігін тәрбиелейді. Сонымен эстетикалық тәрбие табиғаттағы, өнердегі, еңбектегі, өмірдегі ең жақсыны қабылдау, одан ләззат алу. Эстетикалық тәрбие адамда дүниедегі әдемілік атаулыны бағалай білуге үйретеді, өнер шығармаларын тануға, қастерлеуге баулиды. Эстетикалық тәрбиенің өзіне тән міндеттері бар. Олардың бірі – эстетикалық сезімді және эстетикалық қабылдауды тәрбиелеу. Өмірдегі, өнердегі әдемілікті сезу және көру адамдарда әртүрлі болады. Біреулер әдемілікке үңіле қарап, оның сырын білуге тырысады, ал кейбіреулер оған онша мән бермейді, қалай болса солай қарап жанынан өте шығады. Әдемілікті сезу үшін, оған түсіну үшін ең алдымен бейнелеу өнері, музыка және ән саласынан әр бір адамда білім болуы керек. Білім адамды әдеміліктің объективтілік критерийлерімен қаруландырады. Білімді адам сұлулықты бағалай біледі, түсінеді. Айналадағы дүние сезімталдық, эстетикалық қабылдау қырағылығы, ықыластылық, қамқорлық баланың эстетикалық дамуының негізі болады. Бастауыш сынып оқушылары әр түрлі пәндерді оқудың нәтижесінде табиғаттың, еңбектің сұлулығын және адам іс-әрекетінің әдемілігін бағалай білуді түсінеді. Олар әдемі жазуға мәнерлеп оқуға және айтуға үйренеді. Ал бұл мәдениетті сөйлеуге, көркемдік танымын қалыптастыруға, қиялын дамытуға игі әсер етеді. Сонымен халықтық педагогиканы оқу-тәрбие үрдісінде тиімді қолдана отырып, бастауыш сынып оқушыларының эстетикалық талғамын арттыруға болады деген қорытындыға келдік. Бүгінгі таңда бастауыш мектептерде оқу әрекетін ұйымдастыруда оқушының жеке тұлғалық қасиетін қалыптастыруда эстетикалық мәдениетке мұғалім ерекше назар аудару керек.
Қазақ эстетикасы – философиялық ғылым. Қазақ халқының адам мен дүние жүзі арасындағы құндылық қатынастардың көрінісі ретіндегі әсемдік пен сұлулық аясын және ұлттық көркемөнер, мәдениет саласын зерттейді. Қазақ эстетикасы халықтың көркемдік әрекетінің алуан түрлерінен көрініс тапқан. Қазақ халқының қалыптасуы барысындағы эстетикалық ой-пікірлердің дамуы бірнеше кезеңдерден өткен. Халықтың эстетикалық құндылықтары алдымен фольклорда – тұрмыс-салт жырларында, аңыздар мен мифтерде, батырлық және лирикалық эпоста көркем түрде баяндалған. Халықтың дәстүрлі тұрмысы мен бүкіл тыныс-тіршілігіне ежелден бастап-ақ сұлулық, эстетикалық көркемдік тән болды. Эстетикалық бастама дәстүрлі тұрмыста, күнделікті іс-әрекетте көрініс тауып, ондағы сұлулық пен мейірімділік ұғымдары қатар қойылды. Қазақ эстетикасы мәдениетінің тарихы мынадай кезеңдерге бөлінеді: 1) исламға дейінгі ежелгі эстетикалық процестер; 2) орта ғасырлардағы түркі даналарының эстетикалық ой-пікірлері; 3) қазақ хандығы дәуіріндегі эстетикалық процестер; 4) қазақ ағартушыларының эстетикалық ойлары; 5) кеңес дәуіріндегі эстетикалық ұғым; 6) Қазақстан Республикасындағы эстетика. Қазақ эстетикасының Батыс пен Шығыстың дәстүрлі көркем мәдениет үлгілерінің типтік ерекшеліктеріне ұқсамайтын, оларды сіңіре отырып дамыған өзіндік төлтума мәдениеті болды. Қазақ халқы «адам мен әлем біртұтас» деген философиялық тұжырымға көзбен көріп, қиял қанатымен жетіп, ой тезіне салып, іштей білген тәжірибесі, көшпенді өмірі арқылы ие болды. Осы рухани сырластық деңгейі халықтың әдет-ғұрып сырына, эстетикалық негізіне айналған. Қазақ эстетикасында табиғатқа шексіз сүйіспеншілік, оны сезініп түсінуі, онымен бірге ажырамас біртұтастықта өмір сүру талғам-түсінігі ерекше орын алды. Қазақ эстетикасының келесі арнасы – Қазақстан жерін мекендеген түркі тілдес халықтардың өзіндік мәдениетімен, жазуымен, өнерімен байланысты. Көне түркі жазуындағы Ж.Баласағұнидың «Құтты білігінде», Қожа Ахмет Иасауи|Қожа Ахмет Йасауидің «Даналық кітабында», Ахмед Иүгінекидің «Ақиқат сыйында», Сүлеймен Бақырғанидың «Хакім Атасында», т.б. еңбектерде эстетикалық мәдениет пен мұраттың түбегейлі мәселелері көркем суреттелді. Ислам ренессансы эстетикасын қалыптастыруда қазақ топырағында дүниеге келген Әбу Наср әл-Фараби ерекше орын алады. Қазақтың төлтума эстетикалық мәдениеті хандық дәуірінде қалыптасты. Ол ақын-жыраулар шығармаларында өзінің шарықтау шыңына жетті. Асан Қайғы, Қазтуған, Доспанбет, Шалкиіз, Ақтамберді, Бұқар жырау, Шал, т.б. ақын-жыраулардың эстетикалық ізденістері көшпенділердің дүниені қабылдауын білдіреді. Оған айрықша романтикалық асқақтық тән. 19 ғасырдың соңы мен 20 ғасырдың басында Ресейдің империялық саясатының күшейген тұсында қызмет еткен қазақ ағартушылары ұлттық көркем мәдениетті заман талаптарына сай дамытуға ұмтылды. Ш.Уәлиханов қазақ халқы «көркемдіктен кенде емес, өсімтал әдебиетке ие» екенін атап өтіп, оның ауызекі мәдени үлгілеріне алғашқы ғылыми талдау берді. Ы.Алтынсариннің эстетикалық көзқарастары оның сан қырлы педагогикалық қызметімен байланысты. Абай Құнанбаевтың эстетикалық ойлары жазба әдебиетіміз бен рухани мәдениетіміздің 19 ғасырдағы тарихи шындығы аясында дамыды. Ол қазақ әдебиетінде тұңғыш рет табиғат пен адамның сұлулығын нақтылап айқындады. Абайдың қарасөздерінде көрініс тапқан эстетикалық көзқарастар қазақтың көркем мәдениетін жаңа деңгейге көтерді. Оның «Құлақтан кіріп бойды алар», «Құр айғай бақырған» деген өлеңдерінде әннің, күйдің адам сезіміне әсер етер қуатты құдіреті, шипалы шапағаты көркем суреттеледі. 20 ғасырдың басында Алаш қайраткерлерінің еңбектерінде әдеби-эстетикалық ілімдер қазақ әдебиетінің орыс мәдениеті арқылы Еуропамен және Шығыспен тоғысуы нәтижесінде қалыптасты. Терең эстетикалық ойлар Мәшһүр Жүсіп Көпеевтің, Шәкерім Құдайбердіұлының, Ғұмар Қараштың, С.Торайғыровтың, С.Сейфуллиннің, І.Жансүгіровтің, Ж.Аймауытовтың, М.Жұмабаевтың, М.Дулатовтың, т.б. шығармаларында айтылды. Олардың талқылаған басты тақырыптары – қазақ сөз өнерінің ерекшеліктері, дәстүр мен жаңашылдық, өнердегі гуманизм мен имандылық мәселелері, фольклордағы рәміздік кейіпкерлер, өнердегі әлеуметшілдік, ұлтты сүю мен азаматшылдық, т.б. болды. Кеңес Одағы тұсында қазақ эстетикасы қайшылықты жағдайда дамыды. Бір жағынан, мәдениеттің «мазмұны социалистік, түрі ұлттық» болу керек деген қағида ұлттық көркем өнер түрлерінің табиғи дамуына, жан-жақты зерттелуіне шек қойды. Екінші жағынан, «жан-жақты жетілген адам» тәрбиелеу деген қағиданы мұрат тұту білім беру мен эстетикалық тәрбиеге, оның бір ізді болуына назар аудартты. Бұл дәуірде көптеген ғалымдар мен өнер қайраткерлері қазақ халқының ұлттық өнерінің тарихы мен типтік ерекшеліктерін зерттеуге үлкен көңіл бөлді. Алайда әкімшіл-әміршіл жүйе осы авторлардың бір тобы дайындаған көшпенділер эстетикасына арналған ғылыми еңбекті таратуға тыйым салды. Қазақстан Республикасында эстетикалық зерттеулер дүниежүзілік жаңа өркениеттілік құндылықтарды қабылдау және ұлттық мәдени мұраны жаңғырту аясында өрістеді. Қазақ халқының дәстүрлі өнері мен оның тарихи типтерін, ұлттық ойлаудың көркем негіздерін, көркем мәдениеттегі құндылықтар жүйесін және категорияларын эстетикалық тұрғыдан зерттеген ғалымдар тобы да (Қ.Нұрланова, З.Серікқалиұлы, Ғ.Есім, М.Х.Балтабаев, Г.Шалабаева, т.б.) шықты.
Пайдаланған әдебиеттер:
1.Қоянбаев Ж.К. Педагогика. – Алматы, 2001.
2.Әбілова З. Ә.
3.Табылдиев Ә. Қазақ этнопедагогикасы. – Алматы, 2000.
4.Жарықбаев Қ., Қалиев С. Қазақ тәлім-тәрбиесі. – Алматы, 1995
5. “Қазақстан”: Ұлттық энцклопедия/Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы “Қазақ энциклопедиясы”
6. Қазақ мәдениеті. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: Аруна , 2005
ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫНЫҢ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ
Павлодар мемлекеттік педагогикалық институты
Реферат
Тақырыбы: Халықтық педагогика арқылы оқушылардың эстетикалық талғамын арттыру ерекшелiктерi. Қазақ эстетикасы
Орындаған: Сыздыкова Анар
Павлодар қ., 2013 ж.