Қазақ өнерінің тарихы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 03 Апреля 2013 в 16:44, реферат

Краткое описание

"Қазақ өнерінің тарихы" - ежелгі кезеңнен біздің дәуірімізге дейінгі аралықтығы Қазақстан көркем мәдениетінің әртүрлі саласын қазақ халқының өзіндік этникалық мәдениетінің даму нәтижелерінің жиынтығы ретінде талдап көрсететін алғашқы жүйелі ғылыми еңбек. Өнер туындыларының ауқымды мұрасын ашып көрсетуге бағытталған осы көлемді еңбекті жазуға Қазақстан өнерінің сабақтас дамуы тұжырымдамасы негіз болды.
Бұл басылымның ерекшелігі - авторлар мен құрастырушылардың Қазақстан мәдениетін біртұтас материалдық, рухани және көркем феномен ретінде көрсетуге ұмтыла отырып, біздің еліміздегі бейнелеу, музыка және театр өнерлері дамуының жалпы процестерін зерттеп көрсету.

Прикрепленные файлы: 1 файл

халық әндерінің тәрбиелік мәні.doc

— 90.50 Кб (Скачать документ)

 

 

"Қазақ өнерінің  тарихы"

 

 

 

     "Қазақ  өнерінің тарихы" - ежелгі кезеңнен  біздің дәуірімізге дейінгі аралықтығы  Қазақстан көркем мәдениетінің  әртүрлі саласын қазақ халқының  өзіндік этникалық мәдениетінің  даму нәтижелерінің жиынтығы  ретінде талдап көрсететін алғашқы жүйелі ғылыми еңбек. Өнер туындыларының ауқымды мұрасын ашып көрсетуге бағытталған осы көлемді еңбекті жазуға Қазақстан өнерінің сабақтас дамуы тұжырымдамасы негіз болды.

      Бұл  басылымның ерекшелігі - авторлар  мен құрастырушылардың Қазақстан мәдениетін біртұтас материалдық, рухани және көркем феномен ретінде көрсетуге ұмтыла отырып, біздің еліміздегі бейнелеу, музыка және театр өнерлері дамуының жалпы процестерін зерттеп көрсету.

      Қазақстан  көркем мәдениетінің жүйелі немесе  дискретті кезеңдерін зерттеу оның аумағындағы тарихи-мәдени бірліктердің, мемлекеттік құрылымдардың қалыптасуына тікелей байланысты. Мұндай жүйелі, кешенді зерттеу ұлттық өнеріміздің аймақтық және әлемдік мәдени кеңістіктегі ролі мен маңыздылығын, қазіргі кездегі көркемөнер процесі мен өнердің жалпы әлемдік қазынасына қосқан орасан зор үлесін ашып көрсетуге мүмкіндік береді. "Қазақ өнерінің тарихы" кітабында Қазақстанның бейнелеу, музыка, театр және сәулет өнерлері ұлттық, сондай-ақ жалпы адамзаттық көркем мәдениеттің тамаша, бірегей әрі біртұтас ошағының өзара байланысты құрамдас бөліктері ретінде жүйелі әрі объективті зерттелген.

     Оқырмандарға  ұсынылып отырған бұл кітаптың  негізгі міндеті -Қазақстанның  қазіргі өнертануы үшін қажетті  зәру мәселелерді ашып көрсету, көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерді, ежелгі кезден осы күнге дейінгі Қазақстан өнері қалыптасуының жолдары мен заңдылықтарын анықтау, қазіргі қазақ өнерінің дәстүрлі рухани құндылықтармен сабақтастығын жете зерделеу. "Қазақ өнерінің тарихында" мүмкіндігінше Қазақстан аумағындағы мәдениеттер дамуының әртүрлі кезеңдеріне көлемді сипаттама берілген, көшпенді өркениет өнерінің ерекшеліктері мен қайнар көздері анықталған, өнердің әртүрлі тарихи дәуірлердегі өнер түрлері арасындағы дүниетанымдық сабақтастықтың шынайы арқаулары зерттелген, қалыптасу кезеңінен осы уақытқа дейінгі мезгілді қамтитын бейнелеу, театр, музыка өнерілерінің ерекшеліктері мен заңдылықтары ашылған.

     "Бейнелеу  өнері" тарауында Қазақстан  бейнелеу өнерінің палеолит, энеолит  және қола дәуірлерінен бастау алған тарихы, Еуразия ерте көшпенділерінің көркем мәдениеті (скиф-сақ аң стилі), ежелгі түркілер мен ертедегі қазақ хандарының көркем дәстүрлері жайлы дәстүрлі ұлттық қолөнер кәсібінен бастап тәуелсіздік жылдарына дейін келетін, жаңа дәуір Қазақстан бейнелеу өнеріне дейінгі кезең туралы тұтас еңбек жасалған.  "Бейнелеу өнері" тарауының негізгі идеясы рухани құндылықтар бірлігі, көркем ойлаудың этно-ұлттық ерекшелігі негізінде қалыптасқан Қазақстан аумағындағы өнерлердің даму процестері арасындағы үзілмейтін сабақтастық байланыстарды күшейту болып табылады. Зерттеу үшін пайдаланылған Қазақстан бейнелеу өнерінің бай материалы  бұл объективті идеяны толығымен ашып көрсетуге мүмкіндік беретін хронологиялық тәртіпте орналасқан.

     Бұл еңбек бейнелеу өнері туралы бұрын жарық көрген "Изобразительное искусство Казахстана" (1963), "Очерки истории изобразительного искусства Казахстана" (1978), "Мастера изобразительного искусства Казахстана" (1972, 1984) сияқты басылымдардың жаңа әдістемелік деңгейіндегі жалғасы әрі жетілдірілген нұсқасы болып табылады. Бұл зерттеудің алдыңғы өнертанымдық жұмыстардан негізгі ерекшелігі - авторлық ұжымның мұқият зерттелмеген Қазақстан бейнелеу өнері тарихының маңызды қабаттары болып табылатын ежелгі және ортағасырлық кезеңдердегі бейнелеу, сәндік-қолданбалы және сәулет өнерінің даму кезеңдеріне баса назар аударуында. Мұндай әдіс ұлттық бейнелеу өнерінің тарихи-мәдени ерекшеліктерін толығымен ашып көрсетуге мүмкіндік береді.

    Жұмыста еліміз  мәдениетінің тарихы жайлы белгілі деректерді байытқан археологиялық соны жаңалықтар да ескерілді, бұған қоса ежелгі Қазақстан өнері тарихының алуан түрі мен кезеңдеріне қатысты материалдар негізінде көркем формалардың дамуын зерттеуге баса назар аударылған.  

     "Қазақ  театр өнері" тарауы ұлттық сахна өнерінің ежелгі кезеңнен қазіргі кезге дейінгі тарихи дамуын көрсететін кешенді зерттеу болып табылады. Тараудың негізгі міндеті - қазақ театрындағы қазіргі көркемдік бағыттардың пайда болуы мен қалыптасу жолдарын зерделеу. Театр өнері бойынша зерттеулер көркемдік-эстетикалық ерекшеліктерді, қазақ театр өнері дамуының негізгі кезеңдері мен заңдылықтарының негізінде түсінуге, қазіргі сахна мәдениетінің ұлттық дәстүрлермен сабақтастығын анықтауға, ұлттық театрдың бірегейлігі мен ерекшелігін, оның жалпы әлемдік мәдени контексте алатын орны мен ролін жете түсінуге арналған.

     Бұл тарауда  Қазақстан театр өнерінің қалыптасуы  мен дамуының барлық негізгі  кезеңдері, ұлттық театрдың негізгі  жанрлары мен  түрлері, ХХ  ғасырдағы Қазақстан кәсіби театрының ең маңызды жетістіктері көрсетілген. Мәдениет жандануының тұжырымдамасы тұрғысынан қазақ театр өнері, ұлттық дәстүрлер мен руханият жайлы тараулар қазақ өнертануы үшін ғана емес, сонымен қатар ұлттық этика, психология, қазақтың ділі мен дүниетанымы негіздерін тұтастай зерттеу үшін де өзекті болып табылады. Ұлттық театр өнерінің жетістіктері қазіргі заман талабына сай жаңа тұрғыдан зерттеледі.  

     "Қазақ  музыка өнері" атты бөлімде  ұлтымыздың ежелгі дәуірде қалыптасқан  музыкасының түрлері мен жанрлары жан-жақты зерттеледі. Қазақ халқының музыкалық қазынасы үшінші мыңжылдықтың алғашқы кезеңіне дейін өзінің сан қырлы көркемдік сипатымен сақталынып, көшпенділердің рухани-эстетикалық талғамдарына сәйкес ұлттық менталитетіміздің сарқылмас бұлағына айналуда. Көне музыкалық-поэтикалық үлгілер - бабалардың ұмытылмас даналығы, ғасырлардың өшпес үні. Теңдесі жоқ рухани байлығымыз ауызекі түрде қалыптасып, әр заманда сұрыпталып, тек өзіне тән сұлу да сүйкімді әуенімен, қайталанбас ұлттық ерекшеліктерімен, сан түрлі колорит-бояуларымен XXІ жүзжылдықта өз жалғасын табуда.

       Бірінші  томға енген ноталық нұсқалар  көне мәдениетіміздің түркітілдес  халықтардың рухани мұрасымен  үндестігін көрсете отырып, өзінің  байырғы архаикалық сипаттарымен  ерекшеленеді. Сонымен қатар ноғай-татар, қырғыз-хақас, түркімен, балқар-қарашай, башқұрт және т.б. халықтардың фольклорымен ұқсастығын дәлелдейді.

      Қазақтың  ежелгі мәдениетінің түркі дүниесімен  үндестігі оның тақырыптары, сюжеттері,  интонациялық иірімдері, ырғақтық-өлшемдік құрылымдары және т.б. заңдылықтары арқылы анықталады.

       Зерттеу  тақырыбының күрделігімен өзектілігі  дәлелденіп, көне мұраларымыздың  қазіргі заманға дейін жеткен  прозалық, поэтикалық, музыкалық үлгілері  арқылы олардың нақтылы ғылыми-практикалық шешімі ашылады. Фольклордың әртүрлі нұсқаларын қарастырғанда, оның тұрақталған өлшемдік, ырғақтық, мақамдық элементтеріне сүйеніп, көнелік, жанрлық және типологиялық сипаттамаларын ашуға мүмкіндіктер туады. Сол тұрғыдан салыстырып қарағанда, сарындарды фольклордың ескі түрлеріне жатады деп тұжырымдауға болады. Байырғы музыканың бұл саласы негізінде ауызекі түрде сақталғандықтан, бізге оның санаулы ғана ноталық үлгілері жеткен.

      Кешенді  түрде жүйеленген бұл ғылыми  басылым ұлттық музыкатану ғылымындағы тұңғыш іргелі еңбек ретінде арнайы зерттеу нысанына айналып отыр.

     "Қазақ  өнерінің тарихы" ежелгі замандағы,  ортағасырлардағы және жаңа кезеңдердегі  Қазақстан өнері тарихын қамтитын  негізгі үш томға бөлінген.

      "Ежелгі  Қазақстанның өнері" атты бірінші томда бейнелеу, театр, музыка өнері бастауларының ауқымды мұрасы негізінде өзгеше феноменді ашып көрсетіп, ежелгі Қазақстан мәдениеті дамуының басты кезеңдерін айқындауға әрекет жасалды. Қазақстанды мекендеген ежелгі тұрғындар өнерінің  синкретизмі, оның әлем және адам үндестігі идеясымен тығыз байланысы, социумның мифологиялық контексі мен діни дүниетанымындағы жылдамдық ежелгі Қазақстан өнерінің тамаша мәдени құбылыс ретінде қалыптасуына әсер етті. ҚР БҒМ М.О. Әуезов атындағы Әдебиет және өнер институты бейнелеу, театр, музыка өнері бөлімдерінің қызметкерлерінен тұратын авторлық ұжымның міндеті - ежелгі Қазақстан өнерін жан-жақты көрсетіп, оның көркемдік мәнін талдап, формалды-стилистикалы принциптері мен ерекшеліктерін анықтау болып табылады.

      "Қазақ  өнерінің тарихы" бірінші томының  "Бейнелеу өнері" бөліміне  кірген тараулар: Ежелгі Қазақстан  өнерінің тарихи-мәдени өзіндік  ерекшелігі тұжырымдамасы мәселесіне (авторы - Ерғалиева Р.Ә.); Қазақстан  көркем мәдениетінің қайнар көзі. Тас ғасыр өнері (Зайберт В.Ф.); Ежелгі Қазақстан петроглифтері (Қарғабекова Р.И.); Тамғалы храмды кешені ежелгі Қазақстан өнері синтезінің феномені (Тұрысбекова Х.Х.); Ежелгі Қазақстан керамикасы (Ерғалиева Р.Ә., Тұрысбекова Х.Х.); Скиф-сақ дәуіріндегі Қазақстан өнері (Тұрысбекова Х.Х.); Қазақстанды мекен еткен байырғы көшпелі тайпалардың қару-жарақ жасау өнері (Ахметжан Қ.С.); Ежелгі Қазақстан сәулет өнерінің генезисі мен эволюциясы. Тарихи-мәдени алғы шарттар; Ежелгі тұрғын үйлердің ерекшеліктері. Ерте көшпенділердің тұрғын үйлері; Қазақстанның мемориалдық және культтік сәулет өнері (Глаудинов Б.А.).

      "Қазақ  өнерінің тарихы" бірінші томына "Қазақстанның театр өнері"  бөліміне: Қазақ би өнерінің қайнары  (Жұмасейітова Г.Т.), Қазақ халқының  салт жоралары мен ойын-сауықтарындағы театрлық элементтер    (Қасқабасов С.А.)  атты тараулар кірді. Бұл тараулар театр өнерінің ерте үлгілерін, яғни, материалдық мәдениет ескерткіштері - петроглифтер мен жартастағы суреттер айғақ болатын қазақтардың ежелгі би мәдениетін зерттеуге арналған.

     Қазақтың  көне музыкасын жүйелеу, сипаттау, талдау, зерттеу барысында қамтылатын  ғылыми мәселелер мыналар: Қазақстанның  ежелгі дәуірдегі музыка мәдениеті  (ғылыми-теориялық түсініктеме); Қазақтың  әншілік мәдениеті. Сарын көне  фольклорлық қазақ музыкасының жүйесінде (Күзембаева С.Ә.); Қазақтың отбасылық, әдет-ғұрып, тұрмыс-салт әндері (Қоспақов З.Қ.); Жастардың әндері. Төрт түлік мал туралы әндер; (Малдыбаева Р.С.); Қазақтың халық музыка аспаптары. Көне қылқобыз өнері (Жұмабекова Л.Ә); Домбыра музыкасындағы көне аңыз-күйлер (Үсенбаев Е.Т.); Көне сыбызғы күйлері (Қазтуғанова А.Ж.).

     Оқырмандар  назарына ұсынылып отырған бұл  зерттеу жұмысының нәтижелері  өнертанушыларға, мәдениеттанушыларға,  көркемөнер оқу орындарының оқушылары  мен қызығушылық танытатын жалпы жұртшылыққа арналған.

          Қазақ халқының өнері тарихын  зерттеуге арналған бұл басылым  (ІІ том) күрделі ғылыми жұмыстың  жалғасы. Мұнда мәдениетіміздің  орта ғасырлардағы алғашқы түрлерінің  пайда болуы, олардың қалыптасуы  және рухани өмірдегі орны мен болмысы жан-жақты қарастырылады. Бұл кезеңде түркітілдес халықтардың (қазақ, қырғыз, өзбек, түрікмен және т.б.) этникалық құрылымдары жіктеліп, әрқайсысы ұлт болып шоғырланып, тарих белестерінен өтіп, әлеуметтік, экономикалық және материалдық құндылықтарын дамыта бастағаны байқалады. Осы кезеңде Орта Азия елдерінің көрнекті өкілдерінің, философ-ғалымдарының дүниетаным саласында, Исламның гуманистік негіздерін ашуда, медицина, астрономия, география және басқа да ғылым салаларындағы тамаша жетістіктері бүкіл әлемге танылғаны белгілі. Бұл тұрғыда Орта Азия елдерінен шыққан данышпан ғалымдардың біразын атап кеткен жөн. Олар - Әбу Насыр әл-Фараби, Махмұд Қашқари, Жүсіп Баласағұн, әл-Кипчаки, әл-Тарази, Хусамаддинәл Хусеин ас-Сығнаки және т.б. Мысалы, XVІ ғасырдың ұлы перзенті, қазақ халқының тұңғыш тарихшысы, мемлекет қайраткері, қолбасшы, ақын Мырза Хайдар Дулати (1499-1551) туралы профессор Дербісәлі Әпсаттардың пікірін келтірейік: "Ол көбінесе ат үстінде, жорықтарда жүрсе де, сол кездегі ғылым, білім тілі - парсы тілінде "Тарих-и-Рашиди" атты Орталық Азия халықтарының XIV-XVI ғасырлардағы тарихы, этнографиясы мен географиясы, әдебиеті мен мәдениеті жайлы классикалық тамаша шығарма қалдырды" [1, 6]. Ал, Орта ғасырдағы қазақ мәдениеті мен әдебиетін алсақ, бұл тарихи маңызы зор кезеңде, академик С.А.Қасқабасовтың айтуынша, дәстүрлі ауызекі музыкалық фольклормен қатар жыраулар поэзиясы мен шешендік өнер кеңінен дамыды. Бұны дәлелдеу үшін зерттеуші-ғалым Асан Сәбитұлының (Асан Қайғы), Қазтуған Сүйінішұлының, Шалкиіз Тіленшіұлының, Аймедет Доспамбеттің, Жиембет Бортоғашұлының және т.б. жыраулардың өмірі мен шығармашылығын жан-жақты зерттеген. Ол өз еңбегінде Орта ғасырлар қоғамындағы көптеген тарихи жағдайларды айта келе: "... Алтын Орда ыдырағаннан кейін, ордалы мемлекет құрған қазақ халқының рухани өмірінде байырғы жыраулық дәстүр мен әдебиет қайта жаңарып, жаңа сапада көрінеді", - дейді [2, 6].

       Бұл  басылымда өнертану ғылымдарының  барлық салалары біртұтас қамтылып, қазақ халқының материалдық, рухани және көркем мәдениеті бейнелеу, музыка, театр және сәулет өнерлерінің дамуы арқылы көрсетіледі.

       Қазақстанның  ежелгі, орта ғасыр және жаңа  кезеңдегі бейнелеу, музыка және  театр өнерін баяндайтын "Қазақ  өнерінің тарихы" кітабы фундаменталды  үш томнан тұрады. Мұндағы материалдар, очерктер мен мақалаларда орта ғасырлардағы бейнелеу, театр және музыка өнерлерінің даму тарихы ғылыми-теориялық тұрғыдан қарастырылады.

      Басылымның бірінші  бөлімі бейнелеу өнеріне арналған. Бөлімде бейнелеу өнерінің түрлері - кескіндеме, мүсін өнері мен графика, халықтың қолданбалы өнері мен архитектура қамтылып, олардың аталған дәуірдегі болмысы мен дамуы көрсетіледі. Күрделі және маңызды зерттеулерде адам мен табиғат бірлестігі, көшпенділердің эстетикасы мен философиясынан хабар беретін тастағы таңбалар және т.б. көптеген мәселелер көтеріледі.

       "Қазақ өнері  тарихының" екінші томында  "Oртағасырлық Қазақстанның бейнелеу  және сәулет өнері" бөлімінде  орта ғасырлардағы Қазақстан  мәдениетін зерттеу жүйесінде  әр түрлі мәдени-тарихи қабаттарды нақты көрсету мақсаты алған қойылған. Бұл бөлім төмендегі тараулардан тұрады: Орта ғасырлардағы Қазақстан петроглифтері (Қарғабекова Р.И.), Түркілердің мемориалдық және культтік мүсін өнері (Елеукенова Г.Ш., Ерғалиева Р.Ә.), Күлтегін мүсінінің мәні мен мазмұны, Кудыргэ сынтасы (сынтастағы бейнесюжеттің талдамасы) (Ахметжан Қ.С.), Орта ғасырлар кезеңіндегі көркем қолөнер кәсібі. Жалпы сипаттама, Орта ғасырлардағы Қазақстан керамикасы (Тұрысбекова Х.Х.),  Қазақстанды және оған көршілес аймақтарды мекен еткен ортағасырлық көшпелілердің қару-жарақ жасау өнері, Қазақтардың дәстүрлі қару-жарақ жасау өнері (Ахметжан Қ.С.), Орта ғасырлардағы Қазақстан қыш өнері (Тұрысбекова Х.Х.); Металл, ағаш, тері, сүйектен жасалған көркем бұйымдар (Тұрысбекова Х.Х., Ерғалиева Р.Ә., Бәйменова Г.Ш.), Орта ғасырлардағы киіз басу, кілем тоқу, кесте тігу, шым-ши тоқу өнері (Қарғабекова Р.И., Жұваниязова Г.Қ.), Орта ғасырлар кезеңіндегі Қазақстанның сәулет өнері (VІ - XVІІІ ғғ.) (Глаудинов Б.А., Глаудинова М.Б.), Орта ғасырлардағы Қазақстанның мемориалдық сәулет өнері  (Байтенов Э.М.).

       "Орта ғасырлардағы  Қазақстан петроглифтері" мақаласында  тастағы суреттердің хронологиялық  және аймақтық ерекшелігі айқындылған.  Қазақстанның ортағасырлар кезеңіндегі  петроглифтердің бейнелік стилистикасы талданған. \

      "Түркілердің мемориалдық  және культтік мүсін өнері"  бөлімінде монументалды мүсіннің  қалыптасуы, Қазақстанның ежелгі  монументалды мүсінінің нышанды-композициялық  түрлерінің генезисі, номадтардың  космогендік және аймақтық түсініктері зерттелген. Ежелгі түрік мүсінінің аймақтық ерекшеліктері мен балбалдардың тұрған жерлері анықтала көрсетілген.

Информация о работе Қазақ өнерінің тарихы