Қазақ этнопедагогикасының ерекшелiктерi

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Февраля 2014 в 16:02, реферат

Краткое описание

1. Ұлттың өзiне тән тiршiлiк кәсiбi, тарихы мен мәдениетi.
2. Халық педагогикасының негiзгi мақсаты.
3. Қазақтың ұлттық философиясының танымдық ерекшелiгi.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Қазақ этнопедагогикасының ерекшелiктерi.doc

— 51.50 Кб (Скачать документ)

Қазақ этнопедагогикасының ерекшелiктерi.

 

1. Ұлттың өзiне тән тiршiлiк кәсiбi, тарихы мен мәдениетi.

2. Халық педагогикасының  негiзгi мақсаты.

3. Қазақтың ұлттық философиясының  танымдық ерекшелiгi.

 

Ұшы-қиырсыз  жазира дала тұрғындары өздерiнiң сан  ғасырлар бойғы тарихында жас ұрпаққа тәрбие берудiң бай тәжiрибесiн жинақтап, ұлттың өзiндiк салт-сана мен әдет-ғұрып, дәстүр рәсiмдерiн туғызды. Көшпелi халық өзi өмiр сұрген қоғамның әлеуметтiк-экономикалық жағдайына, мәдениетiне, тарихына орайлас жас буынға тәлiм-тәрбие берудiң айрықша талап-тiлектерiн дұниеге әкелдi. Мәселен, жас адамның жұртқа танымал моральдық-психологиялық өлшемi белгiлендi, оның мәнi “сегiз қырлы, бiр сырлы” шынайы, отаншыл, азамат тәрбиелеу едi. Мiне, осы қағида сан ғасырлық дала тұрғынадарына қойылатын моральдық талаптарды айқындады. Ол талаптар көшпелi мал шаруашылығын жете игеру, еңбек сүйгiштiк, қиыншылыққа төзе бiлу, ел намысын қорғау, жаудан бетi қайтпау, ата тегiн жадында сақтау, сөз асылын қадiрлеу, тапқырлық пен алғырлық, ат құлағында ойнау, ата салтын бұзбау (жасы үлкендi, ата-ананы сыйлау, құдайы қонақтың меселiн қайтармау, көршi хақын жемеу, қайырымды, iзгi жүректi, бауырмал болу т. б.). Осындай қоғамдық қатынастарды кiшкентайынан көрiп-бiлiп өскен адамдарда мүдделестiк, өмiрге көзқарастың сәйкестiгi кiсiлiк қарым-қатынаста айқындалып, жеке бастың бұра тартуына мүмкiндiк қалдырмаған, психологиялық жағынан “бiрауызды қауымдасқан жандар” үнемi өзiнiң рулық одағына етене сiңiскен салттар мен дәстүрлердi ұстанды. Ал бұл принцип ұлттық психология мен ұлт мәдениетiнiң сипатын айқындайтын факторлар болды.

Әр ұлттың өзiне тән тiршiлiк  кәсiбi, тарихы мен мәдениетi бар. Ол мәдениет сөйлеу тiлiнен, ойлау жүйесiнен  айқын көрiнiс табады. Сондай-ақ, ұлттық мәдени ерекшелiк сол халықтың өмiр  сүру тәсiлiнен, дiни-наным сенiмiнен, әдет-ғұрпынан, салт-санасы мен дәстүрiнен өзектi орын алады.

Осы тұрғыдан қарағанда, ар мен намысты қасықтай қаны қалғанша қорғай бiлу, дарқан көңiл, ақжарқындық  пен адалдық, досқа деген мейiрiмдiлiк  қазақ халқының бойына туа бiткен ұлттық психологиялық ерекшелiк қасиетi, философиялық ойлау жүйесiнiң негiзi демекпiз.

Ол жөнiнде орыс офицерi А. Левшин өзiнiң “қырғыз-қайсақ ордалары мен далаларының сипаттамасы” (1832) атты кiтабында: “...Деспотизмдi көп  көрмеген қырғыздар (қазақтар — С.Қ.) басқа Азия халықтарына қарағанда аңғал да ақкөңiл, сенгiш... қайырымдылық, адамды аяу, қарттарға, аксақалдарға құрмет көрсету — олардың ең жақсы қасиетi. Қырғыз үшiн меймандостық — қастерлi заң. Олар бар дәмдi асын қонақтарға тосуды заң деп санайды” (53, 69), — деп, қазақтардың кiшiпейiлдiлiгiн, меймандостығын, қайырымдылығын, сенгiштiгiн сүйсiне паш етедi.

Қазақ халқының ұлттық даралығы ой толғаныс қазынасында (ұлттық психологиясында) ұрпақ тәрбиелеу тәсiлдерi (этнопедагогика) мен салт-дәстүр ерекшелiгiнде (этнографиясында) деп бiлемiз.

Қазақ халқының психологиялық  ой толғаныс ерекшелiгiн сөз етсек, ол тұспалдап, мақалдап, мақамдап, тақпақтап  сөйлеу, жыр, терме, толғау, айтыс өнерi арқылы көзге көрiну.

Тұспалдап сөйлеу өнерi, негiзiнен, билердiң шешендiк сөз өнерiнен өзектi орын алған. Сондықтан қазақ билерiнiң шешендiк сөз өнерi Цицерон, Демосфен сияқты Еуропа шешендерiнiң сөз қолданыс түрлерiнен мүлде өзгеше, өзiндiк ұлттық мәнерi бар сөз қолданыстар. 

Халық педагогикасының негiзгi мақсаты — өзiнiң бай тарихи тәжiрибесiне сүйене отырып, келер ұрпақты еңбек сүйгiштiкке, өнерге баулу, отбасы, ауыл-аймақ, Отанның ар-намысын қорғай бiлетiн, жаны жайсаң, арлы азамат тәрбиелеу болды. Осы мақсатты iске асыру жолында отбасы мүшелерiнен бастап, ауыл ақсақалдары, көне көз қариялар мен ақын, жыршы, жырау, әншi, күйшi, термешi сияқты өнер адамдарының бәрi белсене қатынасатын ұжымдық тәрбие iсiн жүргiзушiлер болып келгенi көпке аян. Әсiресе, ақын, жырау, термешiлердiң өлең, жыр, дастан, терме, толғауларының мазмұнына ой жүгiртсек, онда дидактикалық ақыл-нақыл, өсиет-өнегенiң тұнып тұрғанын байқаймыз. Олар сол арқылы ненiң жақсы, ненiң жаман екенiн сездiрiп, келер ұрпақты неден аулақ, неге ынтық болуға баулып өсiрудi мақсат еттi. Ал ақыл-ойға, терең тәлiмге құрылған поэзиялық сөз маржанынан ұлттық ойлау ерекшелiгiн, мәдени мұраның өзiндiк сипатын айқын танып бiлуге болады.

Жыраулардың поэзиясында  келелi сөз болған мәселе — адам проблемасы (человечность. Қазақ ұғымындағы “Ердiң құны жүз жылқы”, “Ер елi ұшiн туады, елi үшiн өледi”, “Ердi намыс өлтiредi” деп, ерлiкке ерекше баға беру, ердiң құнын адамгершiлiкпен, ар-ожданмен өлшеу (“Жаным — арымның садағасы”, “ер жiгiттiң ары — мың жылқы”, “Жан сақтама, ар сақта” т. б.) “личность” ұғымынан көп жоғары. Сол сияқты “ақын — елдiң еркесi”, “өнерлiге өлiм жоқ”, “өнерлiнiң қолы алтын” деп қараған ата-бабамыздың өнерлi азамат, сал-серi жөнiндегi ұғымы —”рыцарь” деген ұғымнан әлдеқайда ауқымды.

Демек, дала философиясындағы кiсi, толық адам (Абайша), ер деген  ұғымдар — кең тынысты философиялық категория.

Қазақтың ұлттық философиясының тағы бiр гносеологиялық танымдық ерекшелiгi — атамекен, ел-жұрт мәселесi жөнiндегi көзқарасы.

Мәдениеттi деп саналатын  кейбiр жұрт өкiлдерi туған жерiн  отаным деп есептемейдi. Өскен, кәсiп  еткен жерiне отаным деп қарайды. Ал қазақ жұрты кiндiк қаны тамған жерiн, ата-баба әулетiнiң мәйiтi жатқан жердi ерекше қадiрлейдi. Оны тастап кетудi өлiм санайды. Ақындардың “Кiндiк қаным тамған жерiм — ауылым” деп әндетуiнде, “Отан — оттан ыстық”, “Отансыз ер — бұралқы итпен тең” деп қарауында философиялық үлкен ой жатыр. Туған елiнiң табысына масаттанған, елiн сүйген ердi мадақтап “Басқа елде сұлтан болғанша, өз елiңде ұлтан бол” деуiнде де терең патриоттық сарын бар.

Қазақ философиясының өзiндiк  үшiншi ерекшелiгi — ана тiлiне, сөз өнерiне ерекше ден қойып, жоғары баға беруiнде. “Өнер алды қызыл тiл” деп ұққан ата-бабамыз “От тiлдi, орақ ауызды” дiлмәр шешендердiң өсиет сөздерiн, табан аузында тақпақтап айтқан мақал-мәтел, афоризм сөздерi мен ақындардың терме, толғауларын жазу-сызусыз жаттап, жадында сақтап, қаз қалпында бiздiң дәуiрiмiзге жеткiзген. Оның себебi — аталы сөздердiң өмiршеңдiгiнде, халықтың тiл құдiретiн бағалай бiлуiнде жатыр. Асыл сөздiң қоғамдағы тәрбиелiк мәнiне ертеден ерекше назар аударып, “Ақылдың көзi — аталы сөз” деп ұққан бабаларымыз сөйлей бiлудi өлмес өнер, асыл мұра деп бағалаған. Осы пiкiрдi “Сөз тапқанға қолқа жоқ”, “Шешеннiң сөзi мерген, шебердiң көзi мерген”, “Сөз сүйектен өтедi”, “Жақсы сөз жарым ырыс”, “Жақсы сөз жан семiртедi” т.б. мақал-мәтелдерден байқауға болады.

Кешегi жоңғар қалмақтарымен кескiлескен ұрыс кезiнде Қоңтажыда кеткен ел кегiн алмас қылыштың ұшымен емес, сөз құдiретiнiң күшiмен қайтарған қаз дауысты Қазыбек бидiң ақылды, тапқырлығын мадақтаған “Жарақты жауды жайратқан сөз”, “Тiл қылыштан өткiр” деген мәтелдердiң шығуы да тегiн емес.

Ақылдың көзi логикалық  дұрыс ойда жатыр. Логикалық жүйемен  ойлай бiлу — дұрыс жүйелеп  сөйлей бiлуге жетектейтiн жол, сөйлеу мәдениетiнiң алғашқы баспалдағы.

“Тiл мен  ойлау — еңбектiң жемiсi. Тiл  ойдың сыртқа шыққан көрiнiсi” — деп К.Маркс текке айтпаған. Адамның басында қандай ой туса да, егер оны жинақтап қорытып, жүйелеп, лайықты сөзбен дәл бере алмаса, ол айтушыға да, тыңдаушыға да түсiнiксiз, күңгiрт, көлеңке болады. Дұрыс сөйлей бiлу дегенiмiз — дұрыс ойлай бiлу, ал ол логика мен этнолингвистиканың бiрлiгiнен туындайды. Тiл — мәдениетпен қатар өсiп, өркендейтiн қоғамдық құбылыс.

Кемеңгер ойдың  иелерi — ұлы даналар кезiнде  сөз құдiретiнiң қоғамдағы тәрбиелiк  мәнiне ерекше көңiл бөлiп келген болатын. Мысалы, Шығыстың классик ақыны  Ә. Науаи: “Ас — тұзбен дәмдi, су — мұзбен дәмдi, ал адамзат — салиқалы, саналы сөзiмен сәндi”, — десе, француздың данышпан жазушысы 0.Бальзак: “Сөз өнерi— өнер атаулының қиыны және құдiреттiсi”, — дейдi. Осы ойды тереңдеткен ұлы ақын Абай: “Сөз өнерi дертпен тең”, — десе, Л. Н. Толстой: “Сөз ұлы нәрсе. Сөзбен адамдарды достастыруға да болады, жауластыруға да болады”,— дейдi.

Ал қарапайым  қазақтың мақал-мәтелдерiнен де осы  идеялар өзектi орын алған, Мәселен, “Таппасаң сөздiң жүйесiн, отына  өзiң күйесiң”, “Аңдамай сөйлеген ауырмай өледi”, “Ойнап сөйлесең де, ойлап сөйле”, “Жүйелi сөз жүйесiн табар” деп, дұрыс ойлап, дұрыс сөйлей бiлудiң үлкен өнер екенiн ұрпақ бiткенге үнемi ұқтырып келдi. Осыны жастардың зердесiне ұялатуды қажет деп ұққан қариялар “Көп сөз — күмiс, аз сөз — алтын”, “Ақылдының сөзi қысқа, көпке болар нұсқа”, “Тоқсан ауыз сөздiң тобықтай түйiнi бар” деп, философиялық ой топшылаған.

Сөзшең, өнерлi ақын, әншi азаматтарға жиын-тойларда төрден орын берiп, қошемет көрсеткен. Сөз бастаған шешендi қол бастаған батырмен пара-пар санаған. Жастарды шешендiкке, сөз өнерiне үйрету үшiн әке-шешелерi, аталары мен әжелерi оларға мақал-мәтел, жұмбақ, жаңылтпаш, терме, өлең-жыр жаттатып үйреткен. Ойын-тойда қыз бен жiгiттер бiр-екi ауыз өлеңмен қағысып, айтысуды әдетке айналдырған. Сол айтыс түрлерiнен жеңiспен көзге түскен ақындарды көтермелеп, бүкiл ауылдың, рудың, елдiң атынан ұлы дүбiр тойларда сөз сайысына қосып, жеңген ақындарды көтермелеп, жорға мiнгiзiп, шапан жапқан. Немесе екi елдiң дау-шарларын сөз тапқыш ақылды адамдарға жүгiнiп шешкiзген. Сөйтiп, тапқыр ойлы шешендерге үлкен құрмет көрсеткен. “Тiлдiң майын тамызып, сөздiң балын ағызып, қас шешендер сөз айтар”, “Көп iшiнде сөйлеген — көсемдердiң белгiсi, ойға салмай сөйлеген шешендердiң белгiсi”, “Шешен сөз бастар, батыр қол бастар” т.б. деген мақал-мәтелдер осы ойды дәрiптеуден шыққан (39).

Жалпы, шешендiк қазақ  халқының бойына бiткен табиғи қасиет екенiн шығысты зерттеушi ғалымдар да байқап бiлген. Мысалы, академик В.В.Радлов өзiнiң “Образцы народной литературы тюркских племен” деген еңбегiнiң кiрiспесiнде ауыз әдебиетiнiң шығу тегiне, тәлiмдiк мәнiне терең тоқтала келе: “Қазақтар нақтылы сөйлеудi бар өнердiң алды деп бiлдi, сондықтан да олардың поэзиясы дамудың жоғары сатысына жеткен” (63, 167),— десе, ал саяси сенiмсiздiгi үшiн қазақ даласына жер ауып келген поляк офицерi А.Янушкевичтiң: “Қазақтардың ойлау қабiлеттiлiгiнiң кереметтiгiне менiң барған сайын көзiм жеттi. Сөз дегенде ағып тұр. Бұл жағынан алғанда оларды Батыс Азияның француздары деуге болады. Өзiне жоғарыдан менсiнбей карайтын халықтар арасынан бұл көшпендiлердiң де құрметтi орын алатын кезi келедi”  (89, 159),— деп бұдан 150 жыл бұрын асқан сәуегейлiк пiкiр айтуы бүгiнде бiздi таң қалдырды.

Қазақ ауыз әдебиетiн жасаушылар да, оны қастерлеп жадында сақтаушылар да, келер ұрпақты тәрбиелеуде құрал ретiнде жұмсаушылар да ақын-жыраулар болғанын, олар өздерiнiң жыр маржанымен жастардың сана-сезiмiн тәрбиелеп жетiлдiруде қоғамдық тәрбиешiлердiң рөлiн атқарғанын аңғарамыз.

Қазақтың ұлттық философиясының төртiншi ерекшелiгi – ұлттық базисiнiң көшпелi өмiрмен, мал шаруашылығымен тығыз байланыстылығы. Тiршiлiктiң тұтқасы төрт түлiк малда деп ұққан қазақ малды жанмен бiрдей санаған. Екi қазақ кездесе кетiп амандық сұрасса, “мал-жан аман ба?”— деп сұрауы да сол пiкiрге саяды. Терiсi мен жүнiн киiм қып киiп, етi мен сүтiн азық етiп күн көрген, сауса сауын, мiнсе көлiк ретiнде пайдаланған төрт түлiктi (әсiресе, жылқы малын) қадiрлеп, қастерлеу қазақ баласы үшiн өмiр заңы болып есептелген. Өйткенi, малдан айрылу шыбын жаннан айрылумен бiрдей болған. (Бұған 1932 жылғы ұжымдастыру кезiнде қазақтардың малдан айрылып, аштық-қырғынға ұшырауы айқын дәлел). “Мал ашуы — жан ашуы”, “Малдының бетi шарық, малсыздың күнi кәрiп”, “Мал баққанға бiтедi”, “Жаманға жан жуымас, жалқауға мал жуымас” деп, ерiнбей еңбек етсең ғана мал табасың, малсыз өмiр жоқ, күн көрiсiң қараң деген ойды түйдiрген. Ол занды да. Себебi, тiршiлiк етудiң басқа түрi жоқ көшпелi қазақ елi үшiн мал бағып күн көру — өмiр сүрудiң негiзгi тiрегi болып саналды. Осымен байланысты — төрт түлiк малға арналған мақал-мәтел, ертегi-әңгiме, жаңылтпаш, жұмбақтардың қазақ ауыз әдебиетiнде орасан көп болуы, мал атауларының молдығы, тiптi сұлу қызды “Ботакөз”, ал батыр, алғыр жiгiттi “Нар жiгiт” деп атауы, немесе баласын “қозым”, “құлыным”, “ботам” деп айналып-толғануы, бiр жағынан, ұлттық психологияның тiлдегi көрiнiсi болып саналса, екiншiден фольклорлық шығармалардың этнопедагогикада тәрбие құралы ретiнде қызмет еткенiн байқатады.

Тұрмыс-тiршiлiктiң, еңбек  пен кәсiптiң өмiрдегi көрiнiсi ұлттық салт-дәстүрлер арқылы марапатталатыны көпке аян. Ал, қазақ халқының салт-дәстүрi малмен, көшiп-қонумен байланысты туып дамыған. Наурыз тойлары, көшiп келген ағайынға ерулiк немесе көшерде көршiлерге көшерлiк беру, бие байлау, сiрне, қымыз жинау, малдың төлдеуiмен байланысты уызға, күздiкте қарын-майға, қыста соғымға шақыру, отқа май құю, келiннiң отқа салар әкелуi т.б. ырым, жол-жоралар, тiптi қыздың қалың малын немесе ердiң құнын да мал санымен есептеу сияқты салт- дәстүрлердiң халқымыздың тұрмыс-тiршiлiгiмен байланысты туғанын дәлелдейдi. Сөйтiп, салт-дәстүрлер, бiр жағынан, халықтың тұрмыс-тiршiлiгiнiң айнасы iспеттi болса, екiншiден, сол арқылы ғасырлар бойы өз ұрпағын еңбекке, адамгершiлiкке, өнерге, өмiрге икемдеуде тәрбие құралы ретiнде пайдаланған.

Халқымыздың сан ғасырлық ұрпақ тәрбиесi халықтық салт-дәстүрлер  мен ауыз әдебиетi үлгiлерiне негiзделгенiмен, оның да өзiндiк мақсат-мүдделерi, негiзгi қағидалары бар.


Информация о работе Қазақ этнопедагогикасының ерекшелiктерi