Жолаушылар тасымалы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Октября 2012 в 08:34, реферат

Краткое описание

Бүгін Астана мен Алматы қалаларында «Жолаушылар тасымалы» АҚ өз-өзіне қызмет көрсету төлем терминалдарының (ӨҚТТ) біріккен желісі арқылы темір жол билеттерін сатудың жаңа қызметін ұсынды. Бұл қызметті халық әр түрлі қызметке төлем жасау үшін пайдалануда.

Прикрепленные файлы: 1 файл

жолаушылар тасымалы.doc

— 85.00 Кб (Скачать документ)

Бүгін Астана мен  Алматы қалаларында «Жолаушылар  тасымалы» АҚ өз-өзіне қызмет көрсету  төлем терминалдарының (ӨҚТТ) біріккен желісі арқылы темір жол билеттерін сатудың жаңа қызметін ұсынды. Бұл  қызметті халық әр түрлі қызметке төлем жасау үшін пайдалануда.

 

Жаңалық жолаушыға  алысқа және қала маңына қатынайтын пойызға  билетке тапсырыс беріп, оны қолма-қол  ақшаға сатып алуға және on-line режимде  жолаушыға көрсетілетін барлық қызмет түрлері бойынша толық ақпарат  алуға мүмкіндік береді (пойыздағы  бос орындар, пойыздардың жүру кестесі және т.б.).

 

ӨҚТТ арқылы билетке тапсырыс беру кезінде жолаушыға  берілетін токен (тапсырыс пен төлемді  растайтын чек) арқылы жол жүру құжатын  вокзалдардың билет кассаларында немесе өз-өзіне қызмет көрсету транзакциялық  терминалдары арқылы басып шығаруға болады. Ескере кететін жайт, Астана–Алматы-Астана бағыты бойынша қатынайтын «Тальго» пойызына токен немесе жеке куәлікті көрсетсе жеткілікті.

 

Бірінші кезекте  жоба жолаушыларға көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға, темір жол  билеттерін сатудың аясын кеңейтуге бағытталған. Қолайлы болу үшін алғашқы кезде ӨҚТТ жанында «Жолаушылар тасымалы» АҚ өкілдері кезекшілік жасап, жаңа қызметті қалай пайдалану керектігін түсіндіріп, көрсетеді.

 

Жақын арада  Қазақстан Республикасының барлық территориясында 1 мыңнан астам өз-өзіне қызмет көрсету автоматтары іске қосылады (қоғамдық орындарда, оның ішінде темір жол вокзалдарында, ірі сауда орталықтарында және т.б.).

 

 

Бүгінде онмыңдаған білікті теміржолшы күн сайын  жүк және жолаушылар тасымалдарының қауіпсіздігін және үздіксіздігін қамтамасыз етіп отыр. Саланың бүгінгі жағдайы мен даму болашағы туралы бізге «Жолаушылар тасымалы» АҚ-ның президенті Ақболат Жағыпаров айтып берді.

 

- Ақболат Ландышұлы,  өткен жылы атқарылған жұмыстарыңыз  бен 2011 жылға белгіленген жоспарларыңыз жайлы қысқаша айтып берсеңіз.

 

- Бүгінгі күні  «Жолаушылар тасымалы» АҚ жолаушыларды  темір жол көліктерімен 106 бағыт  бойынша тасымалдап отыр, соның  14-і  - халықаралық. Өткен жылы  барлық өнеркәсіптік-қаржылық көрсеткіштер  бойынша өсім байқалды. Нақты айтатын болсам, компания 15 млн. астам адамды тасымалдады, бұл 2009 жылмен салыстырғанда 6 пайызға көп. Қаржылық нәтиже 1,9 млрд. теңгені құрады, бұл оның алдыңғы жылға қарағанда 7 млрд. теңгеге артық. Бір жұмысшыға шаққандағы еңбек өнімділігі 24 пайызға артты. «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ басшысының тапсырмасына сәйкес, шығыстарды оңтайландыру және табыстарды арттыру жұмыстары жүргізіліп, нәтижесінде экономикалық тиімділік 2,2 млрд. теңгені құрады. Сондай-ақ атап өтейін, жолаушылар пойыздарының қозғалыс қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытында бірде-бір кемшілік болған жоқ.

 

 Үстіміздегі  және алдағы жылдарға бірнеше  бағыттар бойынша басымдықтар  анықталды. Ол басымдықтар мыналар:  сервисті жақсартып, билеттерді  сату жүйесін жетілдіру; техникалық жағдай мен жылжымалы құрамды тиімді пайдалануды арттыру; жүрдек қозғалысты дамыту және вагон паркін жаңарту; нормативті-құқықтық базаны жетілдіру. 

 

- ҚР Көлік  және коммуникация министрлігінің  жуырда өткен кеңейтілген алқа  мәжілісінде вице-министр Азат Бектұров, осы және одан кейінгі жылдары теміржол көліктерінің бағасы қымбаттайтынын айтты. Бағалар қаншаға және қандай бағыттарға қымбаттайтынын айта аласыз ба? 

 

- Расымен, «Жолаушылар  тасымалы» АҚ мен еншілес компаниямыз  «Қала маңы тасымалдары» АҚ  шығындарды азайту мақсатында 2011 жылдың 4 қаңтарынан бастап жолаушылар тасымалы тарифтерін 10 пайызға арттырды. Тариф мәселесі Табиғи монополияларды реттеу агенттігімен және ҚР ККМ-мен алдын ала келісілді. Бірден айта кетейін, билеттер барлық бағыттардағы пойыздарда қымбаттаған жоқ. Олар халықаралық пойыздар вагондарының барлық түріне және республика ішіндегі пойыздардың люкс (СВ) үлгісіндегі вагондарына қымбаттады. Сонымен бірге, «Қала маңы тасымалдары» АҚ-ның республикалық бюджеттен субсидияланатын облысаралық бағыттарынан өзге пойыздарда билет құны 10 пайызға көтерілді. ТМД елдерімен салыстыратын болсақ, бізде пойыз бағалары ең төменгілердің қатарында. Бүгінде жолаушылар вагондары паркінің 70 пайызының тозығы жеткен. Біз әлеуметке бағдарланған компания екенімізді жіті түсінеміз, сондықтан бағаның қымбаттауына жіті мән береміз. Барлық іс-әрекеттеріміз бен қадамдарымызды құзырлы мемлекеттік органдармен алдын ала келісеміз. 

 

- Вагондардың  70 пайызының тозығы жеткен дедіңіз.  Паркті жаңарту бағытында жұмыстар  атқарылып жатыр ма? Және бұл үрдіске отандық өндірушілерді тарту мәселесіне тоқталсаңыз.  

 

- Қазір біз  Вагон паркін пайдаланудың техникалық  ресурсын және тиімділігін арттыратын  бағдарламаны жүзеге асырып жатырмыз. 2010-2012 жылдарға есептелген аталмыш  Бағдарлама шеңберінде вагондардың техникалық жағдайы мен тұтынушылық сипатын жақсарту бойынша Индикативті жоспар әзірленіп, орындалып жатыр. Мысалға, 2010 жылы біз жылжымалы құрамды жөндеу жұмыстарын 100 пайызға орындадық, нақты айтқанда 122 вагонға күрделі-қалпына келтіру жұмыстары жүргізілді. Осы қарқынмен 2011 жылы тағы 68 вагонды жаңартатын боламыз. Сонымен бірге, биыл бес жолаушылар вагонын кембағал жандарға лайықтап жаңартуды, 33 вагонға кондиционер орнатуды, 111 вагонға бейнемониторлар мен тоңазытқыштар орнатып, ішкі көріністерін жақсартуды жоспарлап отырмыз.

 

 Ал жаңа  вагондарды сатып алу бағытында  «ҚТЖ» ҰК-мен үлкен жұмыстар  атқарудамыз. Темір жол саласындағы  барлық оң өзгерістер Елбасының  жіті көңіл бөлуімен және қолдауымен  болып жатқанын атап өту керек. Президент Н.Назарбаев «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» атты Жолдауында елдің алдағы он жылдағы даму басымдықтарын айқындады. Міндеттердің бірі - Үдемелі индустриялық-инновациялық даму бағдарламасы. Осы стратегия аясында 2014 жылға дейін 8,1 трлн. теңге сомасына 294 инвестициялық жобаны жүзеге асыру көзделіп отыр. Бұл тізімде «ҚТЖ» ұлттық компаниясы іске асыратын жобалар да бар. Осы ретте, Астанада бой көтеріп жатқан «Тальго» компаниясымен бірлесіп жолаушылар вагонын шығаратын зауытқа ерекше назар аудартқым келеді. Зауытта бір жылда 150 вагон құрастырылатын болады. Аталмыш жоба аясында 2010 жылы «Жолаушылар тасымалы» АҚ мен қазақстандық-испандық бірлескен кәсіпорын «Тұлпар-Тальго» ЖШС арасында 2011-2014 жылдар кезеңінде 420 жолаушылар вагонын сатып алу жөнінде ұзақ мерзімді келісімшарт жасалды.

 

 Жолаушыларымыз  ағымдағы жылдың соңында-ақ алғашқы  отандық 17 вагонның жайлылығын  сынап көреді. Сондай-ақ Тверь  вагон құрастыру зауытымен жасалған  келісім негізінде биыл жаңа 22 жолаушылар вагоны елге жеткізіледі.

 

- Өзді-өзіне  қызмет көрсететін трансакциялық  терминалдарын (ӨҚТТ) іске қосу  жобасы қаншалықты өзін ақтап  жатыр және олар алыпсатарлардың  жолына тосқауыл болады деп  айта аламыз ба? 

 

- Мұндай терминалдар  әлемде бірнеше жылдар бойы  жұмыс істеп келеді, оларды Ресей темір жолдарындағы әріптестеріміз де қолданып отыр. Автоматтар арқылы сатылған темір жол билеттерінің саны күн санап артып келеді. Мәселен, соңғы екі айда 2156 билет сатылды. Қазір теминалдар Астана, Алматы, Қарағанды және Ақтөбе вокзалдарында жұмыс істеп тұр, жыл аяғына дейін Қазақстан бойынша ӨҚТТ-ның 20-сы жұмыс жасайтын болады.

 

 Терминалдар  билеттердің электронды жолмен  көптеп сатылуын белсенді түрде  дамытуға, адами факторларды және  билет кассаларындағы кезекті  азайтуға, сонымен қатар билеттерді сатып алу және рәсімдеу процесінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Заманауи технология алыпсатарлардың «кәсібіне» де тосқауыл қояры сөзсіз. Оның үстіне, бұл қолға алып жатқан шараларымыздың бір ғана бағыты. Мұндай келеңсіздіктерді жою бойынша компанияда жүйелі әрі кешенді жұмыстар атқарылуда. Мысалға, билеттердің сатылымына қатысы бар қызметкерлер мен бөлімшелердің жұмыс регламенті мен олардың қызметтік нұсқамалары қайта қаралды. Билеттердің автоматты түрде сатылу жүйесіне тиісті өзгерістер енгізіліп, оларды жүзеге асыру процесіне жан-жақты бақылау қойылды. Құқық қорғау органдарымен бірлесіп вокзал маңы алаңдарында 30-дан астам алыпсатарды қолға түсірдік. Және бұл жұмыс жалғастырылуда. 

 

- Жолсеріктердің  билетсіз жолаушыларды пойызға отырғызу фактілеріне өзіміз жиі куә боламыз. Мұндай жағдайларға артта қалған түйіткіл ретінде қашан қарай аламыз?

 

- Атап өткенімдей, алыпсатарлармен болсын, билетсіздермен  болсын күрес жүйелі сипатқа  ие. Пойыз бригадаларының билетсіз  жолаушыларды тасымалдау іс-әрекеттерін жою мақсатында қазір компаниямыздың өңірлердегі «Солтүстік», «Батыс» және «Оңтүстік» филиалдары жолаушылар пойыздарына күтпеген жерден тексерістер ұйымдастырып тұрады. Сондай-ақ ішкі істер желілік бөлімшелерімен бірлескен іс-шаралар жоспары әзірленіп, вокзалдар мен жолаушылар пойыздарында жемқорлық құқықбұзушылықтардың жолын кесу бойынша алдын алу жұмыстары жүргізілуде.

 

 «Қояндарды»  тасымалдаған жолсеріктерге қатаң  шаралар қолданылуда, тәртіптік  жазадан жұмыстан босатуға дейін.  Жағдайға нақты баға беру үшін өткен жылы рейдтерімізге бұқаралық ақпарат құралдарын шақырдық. Атқарылған шаралар нәтижесінде өткен жылы билетсіз жолаушыларды тасымалдау екі есеге азайды. 

 

- «Астана-Өскемен»  бағытындағы пойыз Ресей Федерациясы  аумағына кіріп, уақытпен бірге, бірнеше қайталанатын тексерістермен жолаушыларды әбігерге салады. Төте болат жолдармен жүру қашан мүмкін болады?

 

- «Шар-Жаңа  Өскемен» учаскісінде жаңа теміржол  желісінің ашылуымен және жолаушылардың  өтініштерін ескеріп, 2009 жылдың 22 шілдесінен бастап «Алматы-Защита-2» бағытындағы №351/352 пойыз «Шар-Жаңа Өскемен- Защита» өзгертілген жаңа бағыт бойынша қатынай бастады. Аталмыш пойыздың жүру кестесін өзгертумен Локоть, Третьяков, Шемонаиха стансаларында шекаралық және кедендік тексерулермен байланысты ыңғайсыздықтар еңсерілді, онымен бірге, жол 10 сағатқа қысқарып, пойыздарға бұрынғыдай төрт емес үш құрам тіркелетін болды. Босаған вагондар анағұрлым қажетті бағыттарға ауыстырылды.

 

 Бірақ «Локоть-Защита»  учаскісінен жолаушылар тасымалданатын болғандықтан «Астана-Лениногорск» бағытындағы №376/375 пойыздың кестесі өзгеріссіз қалды.

 

- Қазақстанда  былтыр халықаралық жаңа бағыттар  ашылды ма және биылға жоспарлар  қандай? 

 

- 2010 жылы «Жолаушылар  тасымалы» компаниясы халықаралық  жолаушылар пойыздарын 14 бағыт бойынша қозғалысын қамтамасыз етті. 2011-2012 жылдарға осы бағыттарды сақтау келісілді. Сондай-ақ Қазақстан, Беларусь және Ресей елдері арасында Біртұтас экономикалық кеңістікті құру үрдісіне сәйкес, елдер арасында жолаушылар тасымалын ұйымдастыру үшін 2011 жылдың 1 шілдесінен бастап Беларусь Республикасы теміржол әкімшілігі құрылымының «Брест-Қарағанды» бағытындағы №317/318 жаңа пойызын іске қосу жоспарлануда. 

 

- Қол жеткізілген  оңтайлы көрсеткіштерге қарамастан, халық қызмет көрсетулердің деңгейіне, вагондардың санитарлық-техникалық жағдайының нашарлығына жиі сын айтып жатады. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылуда?

 

- Жолаушылардың  сөгістері жөнсіз деп айта  алмаймын. Жекелеген тұстарда қателіктер  барлығын мойындаймыз және оларды  біліп қол қусырып отырғанымыз жоқ. Мысалға, өткен жылы «Астана-Мәскеу», «Алматы-Мәскеу» халықаралық бағыттардағы пойыздардың жайлылық деңгейі арттырылды. Вагондардың дизайны, ішкі және сыртқы келбеті ұлттық нақышқа сәйкестендірілді. Пойыздар жолаушыларынан шексіз алғыстарын алып жатырмыз. Осындай жұмыстарды биыл «Алматы-Ақтөбе», «Алматы-Атырау», «Алматы-Шымкент», Алматы-Петропавл» бағыттарындағы пойыздарда жүргізуді көздеп отырмыз. Онымен бірге, жолаушылар тамақ мен сусын іздеп стансаларда кезбес үшін үш пойызға мейрамхана-вагондарды қоспақпыз.

 

 Сонымен  қатар билеттердің электронды  түрде сатылымын жетілдірудеміз. Интернет арқылы сатылған билеттердің  саны бес есеге артып, айына  5 мыңды құрады. Бұл санды жыл  соңына дейін 50 мыңға жеткізуді  жоспарлап отырмыз. Сондай-ақ билеттерді қолдан қолға жеткізу бойынша ақылы қызмет енгізілді, билеттерді интернет арқылы сатып алған жолаушылар үшін жеке кассалар аштық. Айта кетейін, теміржол билеттерін интернет арқылы ресімдегенде қосымша ақы алынбайды.

 

 Ал биыл билеттерді  төлем терминалдары арқылы сату қызметін, жолаушыны пойызға электронды билетпен отырғызу мүмкіндігін енгізуді көздеп отырмыз. Онымен бірге,  азаматтарға телефон және мультимедиялық арналар арқылы тәулік бойы қызмет көрсететін республикаға ортақ Call-орталық құрылады.

 

- Осы уақытқа дейін  жеке меншіктен мемлекетке қанша  вокзал қайтарылғандығын білуге  болады ма?

 

- 2010 жылы «Жолаушылар  тасымалы» компаниясы, «ҚТЖ» ұлттық  компаниясы, «Вокзал-сервис» АҚ, Көлік  және коммуникация министрлігі  мен құзырлы мемлекеттік органдар вокзалдарды ұлттық компанияның балансына қайтару бойынша үлкен жұмыстар атқарды. Бүгінгі күнге дейін компанияның уақытша сенімді басқаруына «Теміржолмүлкі» АҚ-ның меншігінде болған 164 вокзал өтті. Қазір жергілікті атқарушы органдардың балансындағы тағы 94 вокзалды беру мәселесі шешілуде.

 

 Теміржол нысандарын  қайтару кезінде бірқатар түйіткілдерге  тап болдық. Мәселен, жер телімдері  мен ғимараттарға құқық беретін  құжаттар болмады, көптеген вокзалдар  әбден қирап біткен, олардың техникалық  жағдайы қанағаттанарлықсыз күйде болды. Кейбір вокзалдар мақсатсыз қолданылып келген, мысалға, жекелегенінде ауруханалар, мектептер мен дүкендер орналасқан, тіпті банкке кепілдікке қойылғандары болып шықты. Яғни жолаушылалар үшін қарапайым жағдайлар болған жоқ. 

Информация о работе Жолаушылар тасымалы