Жамбыл Жабаев (1846-1945)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Февраля 2014 в 23:41, реферат

Краткое описание

Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді. Байдың қойын бағып жүргенде он үштегі кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты, Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қоныпты. Ол туралы Жамбылдың өзі: "Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақсақалды қария келіп: "Өлең аласың ба, көген аласың ба?" – деген. Мен: "Өлең!" – деппін.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ж.Жабаев.docx

— 30.77 Кб (Скачать документ)

Жамбыл Жабаев  
(1846-1945) 
    
 Жамбыл– өмірімен де, шығармашылығымен де екі ғасырды молынан тұтастырып жатқан ұлы жырау. Ақынның XX ғасырдың басына дейінгі шығармашылық өмірбаяны туралы деректер аз, өлеңнен ауыз жаппаған кісінің ұшан-теңіз жыр-толғау, айтыстары да түгел сақталмаған. Әйтсе де бала Жамбылдың дүмше молданы мысқылдап шығарған "Шағым", ақындық жолына рұқсат сұраған "Әкеме", "Менің пірім Сүйінбай" деген өлеңдері, бозбала кезінің мұңды да шуақты көркем жыры – "Айкүміспен айтысы", сылқым бойжеткен Кәмшат сұлуға шығарған құрбылық наз өлеңі сияқты дүниелер сақталған. Одан бертіндегі Жетісуды, Қаратау, Сыр өңірін өнеріне тәнті еткен, қырғыздың шалқар "Манасын", Шығыстың әйгілі қиссаларын жырлаған ақын мұрасынан бірталайының аты ғана белгілі. "Кедей күйі", "Пұшықтың ұрыға айтқаны", "Әділдік керек халыққа", "Кәрібайдың төбеті", "Жылқышы", "Мәңке болыс" тәрізді тегеурінді де өжет ақындык мінезден, халықтық даналықтан туған өлеңдері, әйгілі Құлмамбет, Сарбас, Нұрмағанбет, т.б. ақындармен айтысы, Өтеген, Сұраншы батырлар туралы ұзақ дастандары – даңқты шайырдың төңкеріске дейінгі шығармашылығынан сақталған қомақты мұрасы. Осылардың өзінен-ақ, Жамбылдың халықтың ақындық қазынасын жете, зерделей меңгеріп, жаңғырта, жаңарта дамытқан, өмір-тіршілік даналығын көкірегіне тоқыған, елдің арғы-бергі тарихын әділдік, шындық сөзін ешкімнен де тайсалмай айтатын, өлеңі тау өзеніндей тасқынды үлкен дарын иесі екенін танимыз. 
  
 
Өмірбаяны 
  Болашақ акын 1846 жылы ақпан айында казіргі Жамбыл облысындағы Жамбыл тауының бөктерінде дүниеге келген. Ол жайында ақынның өзі "Менің өмірім" – деген өлеңінде: 
 Қақаған қар аралас соғып боран,  
Ел үрей — көк найзалы жау торыған.  
Байғара, Жамбыл, Ханда мен туыппын,  
Жамбыл деп қойылыпты атым содан, –  
дейді. Әкесі Жапа кедей болғанмен, ат үстіне мығым, найзагер кісі екен. Ел ішінің дау-дамайына бітімгерлік сөзін айтқан кездері де болыпты. Шешесі Ұлдан мінезі байсалды, абысын-ажын арасында беделді, орайы келгенде өз жанынан қиыстырып өлең шығара беретін, әдемі дауысты әнші екен. Жамбылдың аталарынан әріректе өнерпаз, сері, палуандар, ділмар шешендер шыққан. Ал оның руы – Екейлер туралы айтылатын ел ішіндегі: 
Екейде елу бақсы, сексен ақын, Жаратып мінеді екен ерттеп атын. Қобызы, домбырасы үнін қосып, Гулейді жын қаққандай кешке жақын, – деген әзіл сөзде мол шындық бар. Жамбылдың ұстазы – әйгілі Сүйінбай ақын да осы Екей елінен шыққан. Бала Жамбыл ақындық жолын қууға рұқсат сұрағанда, әкесінің: "Екейде елу бақсы, сексен ақын" деген сөз де жетер, сен сексен бірінші болмай-ақ қой. Акынның түбі – қайыршылық, бақсының түбі – жын, жын жиып, бақсы болып ел кезгенше, мал бақ!" – дейтіні де Екей елінің өнер дарыған жұрт екенін көрсетеді. 
Жамбыл өмірге келген кезде Қазақстанның оңтүстігі, оның ішінде ақынның туған өлкесі – Жетісу өңірі Қоқан хандырына бағынышты болатын. Ал Қоқандықтардың халыққа жасаған зорлық-зомбылығы айтып жеткізгісіз ауыр еді. Ақынның өзі ауылдары солардан қашып бара жатқанда, қақаған аязды қыс айында көш-жөнекей туыпты. 
1864 жылға дейін Қоқан хандығы, онан соң Ресей империясы билеген замандағы халықтың мүшкіл тірлігі, өз отбасының жұтаң тұрмысы, мықтының әлсізге зорлық-зомбылығы тумысынан талантты, намыскер Жамбылдың ішіне қайғы болып байланады. Ақын жыр, айтыстарының уыттылығы, адамдықты, әділдікті, батырлықты көксеген аңсары, кедейді жақтап, қайырымсыз бай, төрелерді ызалы шенеуі сол күйік-наладан бастау алып жатқан-ды. "Менің бақытым" деген бір сөзінде өзі де: "Мен өзімнің барлық өмірімде қыр қожайындарының бетіне шындықты қорықпай айтып, шайқасумен өттім", – дейді. 
Жамбылдың өлеңге, ақындыққа құмарту сезімі ерте оянған. Өзінің айтуынша, 13 жасынан бастап ақын болуға бекем бел байлайды. Дүмше молдадан оқығанша, "домбыраны қолға алам" деп, әкесінен рұқсат сұрайды. 
Жас талаптың Жетісу өңірінің даңқты ақыны Сүйінбаймен кездесіп, батасын алуы оның ақындық бағын ашқан айтулы оқиға болады. Бірде 14-15 жастардағы Жамбыл жарапазан айтуды сылтауратып, Сүйінбай ауылына келеді. Үйінің сыртында ат үстінде тұрып, жарапазанға жалғастыра өз жанынан өлең шығарып, ұзақ жырлайды. 
 Ардақты үйдің иесі, 
Бата бер менің жырыма. 
Қуат бітіп үніме, 
Көңілін тапсын елімнің. 
Жар бол да, өзің жәрдем ет, 
Жібер мені бір демеп, – 
деп өтінеді жасөспірім ақын. Айтқандарына сүйінген Сүйінбай Жамбылды үйге шақырып, ұзақ отырып, өлеңін зор ықыласпен тыңдайды. Бала ақынның болашағынан үлкен үміт күткен көреген жырау: "Осы шабысыңнан тайма! Өлең-жырыңды дауылдата бер! Жолың болсын! Бақытың ашылсын, балам! Шындықты айт, әділдікті жырла! Кәне, тозығы жеткен жолға түспе, жаңа жол, даңғыл жолға түс! Өлеңің бүкіл халық сүйсініп, көңілімен иіліп тыңдайтын өлең болсын! Сенің көңіліңнің асылы патшаның қазынасынан да бай болсын!" – деп бата береді. Жамбыл да: 
 Менің пірім – Сүйінбай, 
 Сөз сөйлемен сиынбай.   
Сырлы сұлу сөздері 
Маған тартқан сыйындай.   
Сүйінбай деп жырласам, 
Сөз келеді бұрқырап,  
Қара дауыл құйындай, – 
деп, Сүйінбайдың өсиетін өмір бойы есінде сақтап, ұстазының есімін ардақтаумен өтеді. 
Жамбыл ақындық айтысқа 17-18 жасында араласып, "Көрұғлы", "Өтеген" сияқты дастандарын да сол тұстарда жырлай бастаған. 
 Ақын "Менің өмірім" шығармасында: 
Топ десе он жетімде тартынбадым,  
Семсердей майдандағы жарқылдадым.  
Ақынды ауылға ермек басып озып,   
Жұлдыздай көзге түсіп, жалқындадым, – 
 дейді. 
Ел таныған ақын болу үшін, әрине, сол өңірдің ақындарымен түгел танысып, өнер сынасу керек. Жамбыл да бұл жолды өтіп, ақындық сайыстарда үлкен табыстарға жетеді. 
Байдың қойын бағып жүргенде он үштегі кезінде ұйықтап қалып, түсінен ақын болып оянған Сүйінбай ұстазы сияқты, Жамбылға да ақындық түсінде аян беріп қоныпты. Ол туралы Жамбылдың өзі: "Бір күні Жетісай жайлауында жылқы бағып жүріп, түс көріппін. Түсімде ақсақалды қария келіп: "Өлең аласың ба, көген аласың ба?" – деген. Мен: "Өлең!" – деппін. Оянып кетсем, түсім екен, көкірегімді бір толқын кернеп, алқымыма тығылғандай, дереу үйге жетіп, домбыраны ала салдым да, оңды-солды төгіп-төгіп жіберіп едім, кеудем ашылып, орта түскендей болды", – деп еске алады. 
Жамбыл жиырма жасында сол кездің атақты ақыны – Жаныспен айтысып, оны жеңеді. Әлгі "Менің пірім – Сүйінбай" деген өлеңін Жамбыл осы Жаныспен айтысқанда айтады. Жамбылдың "Жылқышы", "Пұшықтың ұрыға айтқаны" сияқты белгілі өлеңдері сол шамада шығарылады. Атақты "Айкүміспен айтысы" да осы тұста болады. 
Одан кейін "Сәт сайланарда", "Жалғызбын деп жүрмесін", Алматыда Абайдың баласы Әбдірахманның қайтыс болуына байланысты көңіл айтуы, "Өсиет", "Әділдік керек халыққа", "Кәрібайдың төбеті" тәрізді белгілі өлең, толғаулары туады. 
Жамбыл 35 жасында, яғни 1881 жылдың күзінде Іле бойында өткен бір үлкен жәрмеңкеде сол кезде орта жастардағы атақты ақын Құлмамбетпен айтысып, жеңіске жетеді. Сөйтіп, Жамбыл осыдан былай Жетісу өңірінін нөмірі бірінші ақынына айналады. Бірақ, айтыстан кейін де екі ақын бірін-бірі құрметтеп, ардақтап өткен. Атақты Бақтыбай ақынмен кездескенде де: 
 Қаздай қалқып, ерінбей,   
Өлең тердім жасымнан.   
Майкөт ақын, Құлмамбет   
Орын берді қасынан, – 
деп, Жамбыл аға ақынның есімін құрметтеп, ардақтай ауызға алады. 
 
 
"Батаңды маған бер, әке!” 
 
Табиғатынан ақындық дарыған жас талаптың көкірегін өлең кернеп, он төрт-он бес жасында біржолата ақындық жолына түседі. Әрине, жас ақынның алғашқы қадамы өзі қалаған өнердің оң-солын бағамдау, үйрену кезеңінен басталады. Жамбылдың туа бітті алғырлығы, тапқырлығы, өжет-өткірлігі, тілге шеберлігі мен әзіл-оспаққа бейімділігі, сондай-ақ бір естіген өлең-жыр, ұзақ толғауларды есінде сақтағыш зерделілігі ел өмірінің кез келген тақырыбына еркін баруына жол ашады. Сондықтан арынды талант бұрқыратып өлең де шығарып, құйқылжытып күй де тартып, киіп-жарып айтысқа да түседі. 
Алғашқы "Шағым", "Әкеме", "Сарыбайға" деген өлеңдері қайсар да батыл Жамбылдың ақындыққа барар жолдағы кедергілерді жеңуге деген жігерлі талпынысын да, ақындық айтқыштығын да танытады. "Шағым" деген өлеңінде "бала келсе сабаққа, жем аңдыған дорбадан", "айтқаны ішке қонбаған", не оқытарын өзі де білмейтін молдадан құтқаруды әкесінен қиыла өтінеді, енді зорлаудан ештеңе шықпайтынын да ескертеді. 
 Шып-шып етіп молданың   
Қолындағы тобылғы,   
Қозғалтпайды жон жағым,   
Талай дүре соғылды. 
Торсылдатып танадай, 
Жыртар болды тонымды, – 
деп шағынады "молдадан" күдер үзген жасөспірім. "Әкеме" деген өлеңде бала Жамбыл әкесіне: "Батаңды бер, ақын боламын", – дей отырып, әкесінің әлденендей іс-әрекетін астарлап сынап та өтеді.   
 Батаңды маған бер, әке,   
Тіліме менің ер, әке.   
"Жапаның ұлы ақын боп,   
Жақсы істепті" дер, әке.   
Домбыра алып сөйлейін,   
Күнде жасап мереке.   
Мерекелі болған соң   
Елде болар береке. 
"Ұрлық түбі – қорлық" деп,   
 Болармыз құр келеке. 
Екі өлеңдегі де он бес жасар баланың тауып айтқан шеберлігі, сөзінің суреттілігі, өлең құрылысының жатық, әуенділігі сүйсіндіреді. "Торсылдатып танадай" деген теңеу, "Ұрлық түбі – қорлық" – деген нақыл, соғылған дүренің сипаттамасы, "күн ұзаққа боздаған" – деген эпитет, "мереке", "береке", "келеке" – деген ұйқастардың тілге жеңіл әдемілігі болашағы үлкен ақындықтың нышаны іспетті. Ал, он тоғыз жасында шығарған "Сарыбайға" – деген өлеңі ойлы сарынын, жиырма жасында айтқан "Жаныс ақынға" дейтін өлеңі төпеп айтатын арынын танытады. 
Сарыбай – Сүйінбай мен Жамбыл шыққан Екей елінің атақты болысы. Кезінде қоқандықтарды жеңген ұрыстарға қатысып, ерлік көрсеткен, кейін ел басқарған абыройлы кісі. Жас жігіттің осындай кісіге тілегін әдемі ойлы өлеңмен білдіріп, кішілік пен кісілікті қатар танытуы "осал ақын" еместігін көрсетеді. 
 Біреулер малмен бәрін бөктіріп жүр,   
Айтқанды ақыл, нұсқа жек көріп жүр.   
Көтеріп дүниенің кең-қоқырын,   
Апарып қай шұқырға төккелі жүр?   
Көңілі кейбіреудің бұлтта жүр,  
Ұстауға күн мен айды жуықтап жүр.  
Біреулер қара сөзді қамшы қылып,   
Қуды мініп, құланды құрықтап жүр. 
Қайсысын маған соның еп көресіз?  
Әкетсем өзім таңдап, өкпелерсіз. 
Сүйекемнің сүйгенін ойласаңыз,  
Өлең болсын серігің деп берерсіз. 
Өлеңнен айналадағы өмір мен адамдар туралы түсінігі айтарлықтай терең, ойының өресі биік, ақындыққа төселген, тілі кестелі өнерпазды тану қиын емес. "Көңілі көкте, басы жердегі – жаман; өзі кішік, ойы биік – жақсы; Ұстауға күн мен айды жуықтау; қара сөзді қамшы қылып, қуды мініп, құланды құрықтау" сияқты нәрлі оралымдар анау-мынау өлеңшінің аузына түспесе керек. "Дүниенің кең-қоқырын апарып қай шұқырға төккелі жүр?" – деген риторикалық сұрақтың философиялық жауабы тіпті тереңде жатыр. 
Кемелденген кездегі өлеңдері 
Жамбыл өлеңдері мен айтыстары әуелден халықтық арнадан бастау алады. Сондықтан оның туындыларынан әлеуметтік сарын молынан байқалады. Оның өмір қайшылықтарын ерте танып, олардың сырына ой жүгіртіп өсуі шығармаларын мәнді, салмақты етеді. Жамбыл – ұстазы Сүйінбайдың үлгісімен кім болса да: мейлі болыс-би, мейлі бай, манап болсын, мінін бетіне айтып, кедей-кемтардың, әлсіздің жоқшысы болуды ақындық мұраты еткен ақын. Жамбыл ақындық өнер жайында: 
 Ақын деген ат болмас, Қытығын таппай сұратпай. 
Қандырмай мейір суаттай, Досың болса, күлдіріп, 
Жыры болмай бұлақтай. Сүйсіндіріп жұтатпай. 
Тұнығы болмай сынаптай. Жауың болса, бүлдіріп: 
Алатаудан арындап, Домбыраң – берен, 
Асқан судай құлатпай. Жырың – оқ, 
Қыбыршыған көңілден Дәл тигізіп, сұлатпай, – 
дейді. Жамбыл өзінің шығармашылық ұзақ ғұмырында осы ұстанымынан танған емес. 
Ақынның көп жырлаған тақырыбы – "Туғалы сөзі өтпеген, қолы есеге жетпеген, құлшылықтан кетпеген" жарлы мен жалшының азапты өмірі, кедейдің күйі. 
Жаман көйлек жыртылып,  
От басында итініп, 
Әрі дімкәс, тамақ аш,  
Әрі тұттай жалаңаш,  
Аш бұралып, күн суық – 
Жұрт соңынан жоқшылық  
Көшке ілескен итше ұлып. 
Аш, жалаңаш, ауру, суықта қалтыраған кедейдің аянышты тағдыры бар болғаны бір-ақ шумақ – жеті жол өлеңге сыйып кеткен. Жоқшылықтың көшке ерген итше ұлуы туралы образ әрі түсінікті, әрі өте әсерлі. Бұл жерде ұлыған ит емес, жоқшылық. Демек, сөз көшке ілесіп ұлыған ит сияқты, жұрттың соңынан қалмай ұлып ілескен жоқшылық жайында. Ақын кедейдің күйін ұлыған аш иттің күйіне теңестіріп отыр. 
"Кедей күйі" – деген өлеңінде жоқшылық тауқыметін тартқан кедей балаларының аянышты халі, кедей басындағы жоқшылық, шарасыздық шынайы бейнеленген. 
Қайтіп жаның ашымас,  
Неткен заман қатыбас.  
Еткен еңбек, төккен тер  
Қалай түкке татымас, – 
дейді ақын күйзеліп. Жамбыл қысы-жазы тыным көрмей, бай малының соңында жүрсе де, ауыр азап, жоқшылықта өмірі өтіп жатқан кедей туралы "Жылқышыға" деген өлеңінде де қабырғасы қайыса, ашына айтады. 
Сары түнге сарылып, кірпік ілмей,  
Салқын күзде бір жылы үйді білмей.  
Сахарада салақтап күндіз-түні  
Бұралқы ит пен малшының сиқы бірдей.

 

 

 

Жамбылдың «Сұраншы батыр» атты шығармасы – қазақтың ұлттық азаттығы жайында тарихтан сыр тербеген қаһармандық дастаны. Оның өзегіне Құдияр хан бастаған Қоқан басқыншыларына Ұлы жүз қазақтарының қалай тойтарыс бергендігі туралы тарихи оқиға негіз болған. Қазақ жеріне қайта-қайта шабуыл жасап, әбден дәндеп алған басқыншылардың еркінсіп алғандары сондай – шұрайлы аймақтарына ауыз сала отырып, Жетісу өңірінің шығысы жағына дейін жетеді. Оған дәлел Құдияр ханның жырдағы: 
Соғыспақ боп патшамен Қапалдан тосып бір шықты деп баяндалатын әрекеті дәлел. Сонау батыстан келген жау Алматыдан асып, Қапал өңіріне жеткенін осыдан байқаймыз. Бұл жағынан алғанда дастанның танымдық та мәні бар екені көрінеді. Оның қорғансыз елге жасап келе жатқаны – көпе-көрнеу зорлық-зомбылық.

Орыс әскерлерінен зеңбірегінен жеңіліс тапқан Құдияр хан қайтар жолда қазақ ауылдарына талқандап, білгенін істейді. Киіз үйлерді  өртеп, бар мал-мүліктерін тонап  әкетеді. Қыз-келіншектерін зорлап, бесіктегі балаға шейін өлтіріп тастаудан тайынбайды. Сөйтіп олардың қазақтарға көрсеткен зорлық-зомбылығы тіпті шектен тыс асып кеткен. 
Осындай жағдайда ен өлкеде бет-бетімен жүрген көшпелі жұрттың басқыншы жауға қалай қарсы тұрамыз деп жанталасуы заңды. Сөйтіп қоқандықтар бер жақтағы ауылдарға кезекті бір зобалаң әкелген кезде, жәбір көруші жұрттың есіне алыстағы Сұраншы түседі де, тау баурайындағы жас батырға дереу хабар жібертеді. 
Арыстан жүрек Сұраншы 
Шыңда жатыр алыста. 
Оны шыңға шығарған – 
Қонысы жоқ, қол қысқа.  
Бұл шумақтан жас батырдың қолы қысқа екендігі, бірақ соған қарамай, атағы атырапқа жайылып үлгергені байқалады. Әйтпесе оны шабылған елдің адамдар іздеп әлекке түспес еді. 
Күші өздеріне қарағанда әлдеқайда басым жауға қарсы шығып, жеңіске жету оңай шаруа емес. Өзі ұйымдастырған жасақтың бетке ұстар азаматтарын жинап алып, ақылдасқан кезде, Сұраншының естігені – қолдау емес, қаймығу рәуішті сөздер еді. Бұндай солқылдақ пікір жолбарыстай жүректі жас батырды қайдан қанағаттандырсын? Оның ер рухты шешімтал адам екендігін сездіретін деталь – қасындағы ақыл айтушылардың солқылдақ сөздеріне құлақ салмай, бірден жауға шабуыл жасауды қолға алуы. Сұраншының шын мәніндегі батыр екендігін білдіретін шабуыл әрекеттері – дастандығы бояуы жарқылға толы айшықты эпизодтар. 
Көп заманнан бергі тыңдарман мен оқырманның жадында қалғаны – басқа емес, Жамбылдың суреттеуіндегі Сұраншы. Аз сипаттаумен-ақ батырдың бейнесі мүмкіндігінше толық ашылған деуге болады. Ол қандай жағдайда да шапшаң шешім қабылдайтын шалымды, ойлағанын дереу жүзеге асырып тастайтын оралымды әрі сол әрекеттерінің қай-қайсысы да ақылға негізделген есті адам. Ырғалып-жырғалып өмір сүретін көшпелі қазақтың жайбарақаттығы оған жат. Өйтпесе және болмайды. Өйткені – айналаны өрт қаптаған жаугершілік заман. Қыр елінің самарқаулық дендеген психологиясы, шарасыз хал-ахуалы мұндай уақыттарды жеңіске жетелейтін фактор ретінде көріне алмайтындығын Жамбыл жақсы сезіне отырып, батырдың бейнесін уақыт шындығына сай өз деңгейінде әсерлі сомдауға мән берген. Осы арада ақынның фантазиясының мықтылығымен бірге суреткерлік қабілетінің де қуаты айқын көрінеді. 
Өмірде болған шынайы оқиғаларды суреттей отырып, ақын өзіне дейінгі халық поэзиясының көркемдік тұрғыда жинақталған тәжірибесін ұтымды түрде пайдаланады. Тарихи хронологиялық жағынан алып қарағанда, «Сұраншы батыр» батырлық жырының оқиғасы «Қобыланды», «Алпамыс» немесе «Қамбар батыр» жырларында айтылатын оқиғалардан көп беріде өткені белгілі. Әрине, жырдың өмірге келу уақыты да он тоғызыншы ғасырдың екінші жартысында. Сондықтан, ауыз әдебиетінің дәстүрлі пішіні пайдаланылып, ауызша шығарылғанымен, жырдың көркемдік-композициялық құрылымы, салыстырмалы түрде реалистік поэзияның үлгісі басым. Мұнда алдындағы айтылған батырлар жырында кездесетін гипербола, литота немесе анахронизм нышандары жоққа тән. 
Жамбылдың өзінен бұрынғы ауыз әдебиетінің ұнасымды тұстарын орнымен пайдаланып отырғанын дәлелдейтін мысалдар жырда баршылық байқалады. Солай болуға тиісті де еді. Бас қаһарман Сұраншының шабуыл алдындағы көңіл күйін ақын былайша сипаттайды: 
Батыр тұрып толғанды, 
Терең-терең ойланды, 
Теңізден тұрған желдейін, 
Күтірлеп кеткен сеңдейін, 
От шашқан биік таудайын, 
Айбарланып қозғалды, деген шумақтағы теңеулер қазақтың ауыз әдебиетіне, оның ішінде поэзиясына тән көркемдік үлгілері екендігі анық. 
Өйткені – жыр авторының өзі үйренген, үлгі алған бағдаршамы ең алдымен қазақтың ауыз әдебиеті, халық ақындарының туындылары болды. Сондықтан да ол батырлар жырларына тән болып келетін жалпы сыртқы формалық қалыпты, мазмұндық рухты, жекелеген көркемдік өлшемдерді пайдалана отырып, шығарылған бұл дастан сол заманның көзқарасы тұрғысынан алып қарағанда, жаңа үлгідегі туынды еді. Сөйтіп, дарынды ақын өз заманының тыңдаушылары үшін (ол кезде қазақ қоғамында оқырман категориясының әлі қалыптаса қоймағаны белгілі) соны әсерге бөлейтін батырлық дастанын өмірге келтірді. 
Ақын қазақ сөзін үйлестіріп, көркемдікпен екпіндете сілтеген кезде нағыз батырлар жырына лайықты сөз өрнегі төгіледі. Сұраншының жауды тықсыра қуып, жеңіске жетуін суреттеген сәттегі жоғары пафос тыңдаушыға да қуанышты көңіл күйін сыйлайды: 
Елге келген бүлікті 
Дауылдай тиіп айдады. 
Жалынның бетін қайтарып, 
Қасқырдан елді айырып, 
Көтеріп көңіл жайлады. 
Бас қаһарманның образын әсерлі шығару үшін ақын жалт-жұлт еткен динамикалы мінез-құлқын, қарапайым жай адамның қолынан келе бермейтін батырлық қимылдарын және соғыс тактикасын шебер ұйымдастыра алатын әскери стратег екендігін көрсете білген. 
Жеке дара тұлғаға тән болып келетін осындай адамдық факторлар Сұраншыны шын мәніндегі қаһармандық деңгейге көтереді. Бірақ оның нағыз қаһармандығы – елін сүйген патриот батыр және сол сүйікті жұртын қорғау барысындағы көзсіз ер болып шығуына байланысты. Осынау көркемдік-идеялық мақсат ақынның шеберлігінің арқасында қисынды түрде жүзеге асып, шығарманы сол замандағы халық әдебиеті үлгілерінің алдыңғы қатарына шығарды. Сұраншының Отан алдындағы ерлік парызын көзсіздікпен жүзеге асыруы тыңдаушылардың сандаған ұрпақтарына тағылым болып қалғаны сөзсіз. 
Жырда елді, жерді сүюге байланысты уағыз сипатында көрініс тауып отыратын дидактикалық сарын да сезіліп отырады. Бірақ бұл ақынның тыңдаушысына қаратып айтқан құрғақ ақылы, кезекті насихаты емес, қаһарманның іс-қимылымен, уағыздық ұстанымымен астасып жатқан, негізгі сюжетпен органикалық байланыста туындаған көркемдік тұтастық. Жырдың өзіне тән эстетикалық бітімін білдіретін осындай ақындық үрдіс шеберліктің тағы бір нышаны болып табылады. 
Бір ауыз сөзбен айтқанда, Жамбылдың «Сұраншы батыр» дастаны – поэзия тарихында үнемі еске салынып отыруды қалайтын биік көркемдік өлшемдегі патриоттық шығарма.


Информация о работе Жамбыл Жабаев (1846-1945)