Ахмет Жұбанов

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 12 Апреля 2013 в 15:40, реферат

Краткое описание

Aлпысыншы жылдарғы Алматы. Жасыл мәуеге малынған маужыр қала. Соғыс кезінде азды кем тұрып, дәмін татып, көзі жұмылғанша тамсана мадақтап өткен ақын Владимир Луговской тауып айтқандай – “Город вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұ­лып алғаныңды білмейсің.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Ахмет Жұбанов.doc

— 149.50 Кб (Скачать документ)

Ахмет Жұбанов

 

Aлпысыншы жылдарғы  Алматы. Жасыл мәуеге малынған  маужыр қала. Соғыс кезінде азды  кем тұрып, дәмін татып, көзі  жұмылғанша тамсана мадақтап  өткен ақын Владимир Луговской  тауып айтқандай – “Город  вещих снов”. Жайраңдаған жайдарман  ортадағы жадыра думаннан соң жайлы төсекте жатып, таң алдында тамсана көрген тамаша түстей жайсаң шаһар. Күн сайын түс ауа ағыл-тегіл құйып өтетін ақ нөсерден кейін күміс бауыр жапырақтарын жарқ-жұрқ жалтылдатып, жамыраса сыбдырласқан ақ балтыр қайыңдар арасында мың сан періште бір-бірімен үздіге сыбырласып тұрғандай. Мұзарт құздардан мөлтеңдей құлап, көше сайын мөлдірей шапқыласқан меруерт моншақ тау суын жағалап, қырық сан қызыр серуендеп жүргендей. Аттаған сайын амалсыз кідіріп, бас киіміңді қалай жұ­лып алғаныңды білмейсің. Өйткені, қарсы алдыңнан ол кездегі исі қазақтың бәрі де: “Шіркін-ай, бір көрсем-ау?” – деп жүретін аты әйгілілердің біреуімен қалай да ұшырасып қаласың.

 

Ол кездегі сондай жаппай аңсарымызды аударатын жайсаңдарымыздың бірі  Ахмет Қуанұлы Жұбанов еді. Көзқарақты қазақтың қай-қайсысы да ғылым десе – Қаныш Сәтбаевты, әдебиет десе – Мұхтар Әуезовті, батырлық десе — Бауыржан Момышұлын еске алатын. Ал саз өнері дегенде көз алдына төбесіндегі туырылып тұрған тұнық ауада әуелей самғап жүрген әдемі әуенді қармап алғысы келгендей, салалы саусақтарының арасындағы ақ сүйір сиқыр таяқшасын ойнақшыта сермелеп, көк бурыл бұйра шашы желді күнгі толқындай дудырап Ахаң, Ахмет Жұбанов, тұра қалатын. Ол лекция оқиды, дирижерлік етеді дейтін жерге тайлы-таяғымыз қалмай  тегіс ағылатынбыз. Қырау көмген қылаң шашына лайық киім киісі, тіп-тік еңсесі мен шалқақ басына лайық жүріс-тұрысы, кеңірдегіне күш салмай, естір құлаққа ғана еншілеп, ерінінің ұшымен емескілеу тіл қататын биязы дауысы – бәрі-бәрі терең парасат пен биік талғамнан тағылым танытқандай. Қол созым жерде тұрып, ұшар шыңның басынан тіл қатқандай. Көз жетпестей алыс, қол жетпестей биік көрінетін. Сондай қиялыңмен ғана аймалай алатындай арман тұлғамен көзі мен көзің, сөзі мен сөзің тоғысатындай жерден бетпе-бет жүздесіп, емен-жарқын тілдесе қоямын деп кім ойлаған?!.

 

Қайран жастық албырттық-ай! Өз жүрегің өз кеудеңе симай, өрекписің  де жүресің. Қараптан қарап тілің  қышиды. Дүниенің барлық кетік-кемшіні  баяғыдан бері сені күтіп жатқандай. Сен айтсаң, бәрі де өзгеріліп, жөнге басып кете қоятындай. Университет бітірмей жатып, “Қазақ әдебиетінде” қазақ фильмдерін сынап “Ниет пен нәтиже” дейтін мақала жазып киногерлерді, “Лениншіл жаста” Алматы архитектурасын сынап “Телмірген терезелер, қағанақ қабырғалар” деген мақала жариялатып, сәулетшілерді бөрі тигендей бөрліктіріп дәндеп алған басым   “Күйдің де күйін ойлайық!” деп дабыл қағайын. Редакция телефондары тағы да безгек тигендей безілдей жөнелсін... Біреуін көтеріп қалып ем, көзім атыздай болды: “Бұл — “Лениншіл жас па? “Иә”. “Әбіш бар ма екен?” “Тыңдап тұр”. “Бұл — Ахмет Жұбанов қой”. “Саламатсыз ба, Ахмет Қуанұлы?!” “Қалқам, мақалаңды оқып жатырмыз. Кафедра отырысында талқыламақпыз. Ертең сағат он бірде, консерваторияда. Қолыңыз тисе, қатысқаныңызды қалаймыз”. Мә, саған безгелдек! Қуанғанымды да, қобалжығанымды да білмеймін.

 

Айтылған уақытта консерваторияға  бардым. Өңшең сахнада ғана көретін  ығай мен сығай. Ахаң қақ төрді  емес, қапталдағы қабырғаны бойлап жапсарлас қойған орындықтардың  ең түпкісін иемденіпті. Қасында бір орын бос тұр. “Келіңіз, келіңіз!”— деп, мені соған отырғызды. Қызу талқы басталды да кетті. Ешкім мақалаға тиіскен жоқ. Қайта онда сөз болмаған соны мәселелер көтерілді. Газет бетінде оларға да орын беруге уағдаластық. Тіл табысып, тарастық. Қоштасқалы қолымды созып ем, Ахаң сағатына үңілді. “Түскі үзіліс болыпты. Сосын өзім апарып салармын”,— деп, есікке қарай бастай жөнелді. Көкшіл ме, сұрғылт па — әйтеуір бозғылт киінетін академиктің үстіндегі киіміне өңдес мәшинеге жайғасып жатып жұрт білетін бір оқиға ойыма түсті. “Әлгі Хамаң отыратын мәшине осы ма?”— деп едім, Ахаңның оң жақ иығы бүлк ете қалды. “Иә, сол, қалқам. Хамаң ол күні әлденеге буырқанып, қошқар тұмсығын қолақпандай қылып, әнтек әуелетіп, қой тү­неткен жердің иісін сезген арлан бөрідей, құлағын тікірейтіп, едірейіп отыр екен. Орнымыздан қозғала бергенде, ігір де жоқ, мігір де жоқ: “Аха, сіз осы, өлең танисыз ғой. Құдайы шыныңызды айтыңызшы, қазіргі ақындардың қайсысы мықты деп санайсыз?”— деп салғаны. Әрірек кетсем, бір пәлеге ұшырарымды білдім. Беріден оралып: “Өзіңді ғой, Хамитжан!”— дедім. Батырың қапелімде мүдіріп қалды. Соны пайдаланып: “Расында да, сенен басқа қайсысының шофері академик?!”— дедім. Сол-ақ екен, мәшинемнің бөксе тұсы бүлкілдеп қоя берді. Рахаттана бір күліп алған ақын: “Аха, Алла риза болсын!”— деп, алғыс айтты”.

 

Ахаңның жымиып қойып, жайбарақат баяндай салған әлгі әңгімесіне мәз  болып отырып, жетер жерімізге  қалай жетіп қалғанымызды да байқамаппыз. Хайуанаттар бағының құбыла бетіндегі  тұйық көшеге келіп тоқтадық. Қақ  маңдайдағы көк шарбақта суретші Әбілхан Қастеев, ал күн батыс қапталдағы есік-терезесін көкпен бояған тәпене үйде Ахаң тұрады екен. Атақты адамның қаралай пысы басып, үй ішіне дұрыстап көзім де түспеді. “Жеңгең балаларына кеткен болды”,— деп Ахаң өзі шәй қойды. Дастархан үстінде не әңгімелескеніміз анық есімде қалмапты. Әйтеуір, түскі үзілістен соң Ахаң қызметіме өзі жеткізіп салды. Ол күні менің де “шоферім академик” болып, өзімді редакциядағы “ең мықты” қызметкер сезініп, қомпиып жүрдім. Бірақ, жұрт мақтаншақ екен дер деп, ол күні түскі шәйді қайдан ішкенім жайында ешкімге тіс жарғаным жоқ. Бір күні жігіттер сеңдей сығысып отырған біздің бөлмеге қыз көре келген күйеудей сызданып Ахаң кіріп келгені. Көбелек қуалап жүрген кісідей аяғын еппен басып, ерінін болар-болмас қимылдатып, бәрімізге жағалата бас изеді. Біз орнымыздан атып-атып тұрдық. “Әбішжан, мынау әнеукүнгі күй туралы пікір алысуыңызға жазылған нәрсе еді”,— деп, папкасынан қағаз суырды. Ол — кейін кітаптарына енген “Сөз күй жөнінде” дейтін мақаласы еді. Әйгілі ғалымның қолжазбасын көмекшілерінің бірін жұмсамай, өз аяғынан әкеліп тапсырған қарапайымдығына қайран қалыстық.

 

Кейін сазгер алпысқа  толғанда, сол оқиға естеріне түсті  ме, редакция басқа қызметте жүрген менің мақала жазып беруімді қолқалады. Бұл жолы Ғылым ака­демиясына іздеп бардым. Терезесі терістікке қараған аядай бөлме. Иін тірестіріп қойылған үстелдер. Аяқ басар жер жоқ. Босағаның қыр көзінде қобыраған қалың бума қағаздардың арасында басы ағараңдап Ахаң отыр. Әңгімесін тыңдап, мерейім өссе де, жұмыс орнын көріп, көңілім құлазып қалды. Бірақ, мұнысын да ұлы адамның кішіпейілдігіне жорыдым. Мүшелтой күндері сала құлаш мақалалар жарияланып жатты. Кешқұрым телефон шылдыр ете қалды. Көтерсем — таныс дауыс. Әдеттегідей мығым емес, әлденеге жүрексініп тұрғандай. “Қалқам, жақсы лебіздер аз айтылып жатқан жоқ қой. Бірақ, сен көйлектің ішкі бауындай өнердің өз адамының сөзін айтыпсың. Рахмет. Амандық болса, хабарласамыз ғой!”— деді. Бір жағынан масаттансам да, бір жағынан көкірек тұсым шым ете қалды. Жұрттың көпшілігі төбесімен көк тіреп тұр ғой деп ойлайтын асқаралы тұлғаның әлгі бір жасқаншақ сөз ләмі мен қажыңқы үнінен арасында не жүргені белгісіз бейтаныс орманға енді аяқ басқан бейсауат адамдай қаралай жүрегім лоблып, қобалжып қоя бердім.

 

Көп ұзамай Ахаңның зайыбы – Науат жеңгей дүние салды. Бір топ кісі болып кіріп шықтық. Қатты қимастығы көрініп тұрса да, отырысы нық, әңгімесі ширақ еді. Арада аз уақыт өте өзі төсек тартып қалды. Ауруханадан санаторияға шығыпты дегесін, іздеп бардық. Сүйек-сүйегі арса-арса болып, сылынып қалыпты. Жанары тұңғиықтанып, бет алды көгіс тартқан. Жұрттың жасқана қойған сыпайы сауалдарына тек жауап, мезірет қана жасап, ағыл-тегіл ақтарылып кетпей, кібіртіктеп, іркіле сөйлеп отыр. Өзін емес, естір құлақтарды аяғандай, көкірегіндегі айтып тауыса алмас лек-лек сырды көмейіне тұншықтырғандай, бәрімізді көзімен шолып, еміренгені де, мүсіркегені де белгісіз, иегін болар-болмас қимылдатып, қайта-қайта мүдіріп, үн-түнсіз қалады. Сол жылы сары күзде мен әскерге кеттім. Бықсыған қоңыр күзде Алматы Ахаңмен қоштасыпты. Әлгіндей-әлгіндей санаулы мезеттер, енді құдайдан қанша тілесең де қайтып оралмас тылсым сағынышқа айналды. Аяулы Ахаңның өз аузынан ести алмай қалғандарымызды білмек болып, көзқарақты адамдардың аузына үңіліп, арғы-бергі кітаптарды ақтармалаудан басқа амал қалмады. Сөйтсе, пайғамбар жасына жетер-жетпесте көз жұмған оның өмір жолы, расында да, екінің бірі тұмсық батыра бермейтін, ат көпір айдау жолдан бір бүйір бұрыс жатқан оқшау орман сияқты екен. Оның қатпар-қатпар қалың жынысын әлі ешкім жүрегі дауалап түгел аралап, толық сүзіп шыға қоймағандай.

 

Сонау Мұзды мұхиттан Арал теңізіне дейін бірде кілт үзіліп, жайдақ жазықпен алмасып, бірде қайтадан еңсе көтеріп, үздік-создық созылып жатқан жақпар-жақпар жапырық таулар сілемінің арасында жеке жайылған нарқоспақтай Орқаш атты оңаша жота бар. Сол маңайды баяғыдан жайлап жүретін Назар, Шүрен ауылдары бұрындары Темір уезіне қарапты. Соған кіретін Темірорқаш болысының тоғызыншы ауылы болып есептелетін Қосуақтамның төңірегін ағайынға сыйлы, айналаға абыройлы, өз шаруасына мығым Жұбан ақсақалдың қол астындағы шаңы­рақтар мекендепті. Оның өзі де, үлкен ұлы Қуан да байығанның жөні осы екен деп, қауға санап, құмалақ теріп қалмаған, төңіректе не болып, не қойып жатқанына енжар қарамайтын, көңілі ояу, көзі ашық кісілер болыпты. Арабша, парсыша, түрік­ше білетін, усул жадид жолын қуған Оспан ишан деген молда ұстап, балаларына тарих, математика, жағрапиядан мәлімет бергізіпті. Оны да місе тұтпай, жақын маңайға кеп жайғасқан орыс, немістердің тілдерін үйреніп, олардың көрер көзге таңсық тіршілігіне біртіндеп қаныға бастапты.

 

1913 жылы Темір уезіне  тиесілі екі орыс мектебінің  біреуін өз ауылына сұрап алып, Сатыбалды дейтін қайратты жігітке  шымнан кірпіш ойдырып, үй қалатып,  екі жылдық мұғалімдік оқу тауысқан Хұсайын Ашығалиев дейтін ұстазды шақырып, Қосуақтамда “Уркачевское однокласное русско-киргизское училище” деген оқу орнын аштырыпты. Ол еңбектері ақталып, Қуанның 1899 жылы туған тұла бойы тұңғышы Құдайберген әп дегеннен зерек­тігімен көзге түседі. Қосуақтамдағы, Електегі, Уфадағы орысша-мұсылманша оқу атаулының бәрін мерзімінен бұрын үздік бітіріп, сүзектен дүние салған Қуан мен інісі Тәкеннен қалған екі үйлі жанды асыраймын деп ауылға келеді. Әлеуметтік іске араласып, әуелі Жұрындағы уезд, Ақтөбедегі губерния, сосын Қызылордадағы республика орталықтарына қызметке шақырылады. Жұмысбасты жүрсе де, қиян түкпірде жатып, өз бетімен оқып, бірден емтихан тапсырып, Ленинградтағы А.С.Енукидзе атындағы Шығыс тілдері институтының дипломын алып, аспиран­тураға шақырылады. Сол тұстағы шығыстанушы ғалымдардан дәріс алып, көп ұзамай Н.Я.Марр, С.Е.Малов, И.И.Мещаннинов, В.А.Богородицкий, Е.Д.Поливанов сынды әйгілі яфетолог, түркітанушы оқымыстылардың санатына өзі де қосылады.

 

Күллі қазақ ағарту майданының жаңа шамшырағына айналған Құдайберген Қуан­­ұлының шарапатты жарығынан 1906 жылы туған інісі Ахмет те құр қалмайды. Бес жасынан бастап қазақша әріп танып, өлең, тақпақ жаттайды. Ағасымен жолдас Жиенғали Тілепбергенов, Абдолла Беркінов сынды оқығандардың, ауыл аралап жүрген Науаш, Жұмабек, Тоғыс, Барлыбай сынды жыршылардың әңгіме-хиссаларын тыңдайды. Аймаққа аян қарт домбырашы Талым, нағашысы Әлдеберген, жездесі Ырзағұлдар тартқан күйлерге құлақ түреді. Оның үстіне Қосуақтамдағы мектепті басқарған Құсайын Ашығалиев та домбыра, гитара, скрипка, мандолинада бірдей ойнап, нота білетін өнерпаз кісі болып шығады. Ол кішкентай Ахметті көрер көзге саз өнеріне баулып, аспаптарға үйретіп, ән салғызады. 1916 жылы Ахмет ауыл мектебін тауысып, Жұрындағы екі кластық мектепке түсіп, бітіреді. 1919 жылы әкесі өлген соң, ағасына болысып, жұмысқа кіріседі. Бірақ, музыкадан қол үзбейді. Мәскеуден нота оқулығын алдырып, мандолина ойнауға жетіледі. 1927-1928 жылдары Темірде, Ақтөбеде мұғалім болып жүріп, орыс халық оркестріне қатысады. 1929 жылы аспирантураға бара жатқан Құдайберген талабы таудай інісін Ленинградқа ертіп әкетеді. Әуелі музыка техникумында А.А.Этигонның скрипка, кейін консерваторияда Ф.А.Неманның гобой класында оқиды. 1930 жылы Ленинградтың “Рабочий и театр” журналында тұңғыш мақаласын жариялатқан А.Жұбанов 1932 жылы Ленинград консерваториясының тарих-теория факультетін бітіріп, өнертану академиясына аспирант болып кетеді. “Сен де бір кірпіш дүниеге, кетігін тап та, бар қалан”,— деп Абай айтқан қағиданы бұлжымас заң еткен жас музыкант ұлттық саз өнерінің қай жыртығына да жамау болуға пейіл тұрады.

 

Арманшыл жастың өз айтуынша, “мамандық таңдауда ат басын ақырғы көмбеге тіреуі А.В.Затаевич есімімен тығыз байланысты” еді. Ол 1928 жылы Ақтөбеге бір айлық курсқа барады. Кинотеатрлардың бірінде экрандағы мылқау фильмді скрип­камен әуездеп отырған бейтаныс кісіні көреді. Ертесіне оның пәтеріне іздеп бара­ды. Сөйтсе ол Варшава консерваториясын бітірген соң, тағдыр айдап, Ақтөбеге келіп, әлгіндей кәсіппен күн көріп жүр екен. Жас курсанттың музыкаға әуестігін губерниялық оқу бөлімінің бастығы Решетняк та байқап қалады. Ол Ахметке А.В.Затаевичтің “Қазақ халқының 1000 әні” кітабын сыйлайды.Оның мазмұнымен толығырақ танысқысы келген Ахмет оны баяғы таныс скрипкашысына апарып көрсетеді. Таң қаларлығы, ол А.В.Затаевичті Варшава консерваториясынан біледі екен. Мынау еңбекке қатты таңғалып, ондағы бір-екі шығарманы сол арада сольфеджиоға түсіреді. Затаевич жинаған бірнеше әнді ойнап береді. Скрипкадан, музыка теориясынан, сольфеджиодан сабақ алу үшін Ақтөбеге көшіп келуге кеңес етеді. Ахмет татар махалласындағы қазақ мектебіне мұғалім болып орналасады. Таныс скрипкашы П.Чернюкке ай сайын 8 сом төлеп, сабақ алады. Сол күндері-ақ ол А.В.Затаевич жүрген жолмен жүруге бел байлайды. Бұл шешімі консерваторияда оқып жүргенде одан сайын бекемдене түседі.

 

1931 жылы маусымда Ленинградтан  келе жатып, Мәскеудегі қазақ  өкілдігіне тоқтайды. Солардан адрес  алып, әйгілі ғалымның пәтеріне  іздеп барады. Өзі үйде жоқ  екен. “Әйелі тұрмыстарының қиындығын, бөлмелерінің тарлығын, Александр Викторовичтің денсаулығының онша еместігін айтып шағына бастайды”. Бөлме жиһаздары, шынында да, Александр Викторовичтің “шықпа, жаным, шықпалап” өмір сүріп жатқандығын байқатады. “Сыңайына қарағанда прокатқа алынған ескі рояль, лақсасы шыққан диваннан өзге іліп алар ештеңе жоқ екен”. Шешесінің әңгімесіне араласпай, шеттеу отырған бойжеткен Ольганы көрген Ахмет, жұртқа айтқызсаң, ән-күйге құмар “әңгүдіктеу ауылдың әңгүдік баласы” екендігі есіне түсіп, ескі рояльге отырып, салдырып желіп келе жатқан салт аттыны бейнелейтін “Екі жирен” әнін орындап отырған кезде “үстінде түсі оңған сұр кителі, сол түстес жартылай галифесі, аяғынан тастамайтын етігі бар” Затаевич кіріп келеді. Бейтаныс жігітпен құшақтасып, Ақтөбе губерниясының әндерін жазып алуға бара жатқанын, КСРО Ғылым академиясының жаңадан жазу мұрағаты берген фонографтың отыз ұршығымен бірге Қазан вокзалының жүк сақтайтын ұяшығында жатқанын естіп, балаша қуанады. Жас зерттеушіге халық арасындағы шығармаларды қалай жинап, қалай жазып алудың шарттары мен жолдарын үйретеді. “Әсіресе, орындау­шыларға өз дауыстарын қайта естірткенде, олар қызығып, өз репертуарларындағы барды түбіне дейін сарқып беретінін” түсіндіреді. Әрине, мұндай кеңестер Ахметке “халық әндерін жазу кездерінде көмегін тигізгені сөзсіз”.

Информация о работе Ахмет Жұбанов