Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Декабря 2013 в 19:35, доклад
Ахмет Байтұрсынұлы (15.1.1872, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8.12.1937, Алматы қаласы) – қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған.
Ахмет Байтұрсынұлы (15.1.1872, қазіргі Қостанай облысы, Жангелді ауданы Сарытүбек ауылы – 8.12.1937, Алматы қаласы) – қазақ халқының 20 ғасырдың басындағы ұлт-азаттық қозғалысы жетекшілерінің бірі, мемлекет қайраткері, ақын, публицист, қазақ тіл білімі мен әдебиеттану ғылымдарының негізін салушы ғалым, ұлттық жазудың реформаторы, ағартушы. Атасы Шошақ немересі Ахмет өмірге келгенде ауыл ақсақалдарынан бата алып, азан шақырып атын қойған. Әкесінің інісі Ерғазы Ахметті Торғайдағы 2 сыныптық орыс-қазақ мектебіне береді. Оны 1891 жылы бітіріп, Орынбордағы 4 жылдық мектепке оқуға түседі. 1895–1909 жылы Ақтөбе, Қостанай, Қарқаралы уездеріндегі орыс-қазақ мектептерінде оқытушы, Қарқаралы қалалық училищесінде меңгеруші қызметін атқарады. Байтұрсыновтың саяси қызмет жолына түсуі 1905 жылға тұс келеді. 1905 жылы Қоянды жәрмеңкесінде жазылып, 14500 адам қол қойған Қарқаралы петициясы (арыз-тілегі) авторларының бірі Байтұрсынұлы болды. Қарқаралы петициясында жергілікті басқару, сот, халыққа білім беру істеріне қазақ елінің мүддесіне сәйкес өзгерістер енгізу, ар-ождан бостандығы, дін ұстану еркіндігі, цензурасыз газет шығару және баспахана ашуға рұқсат беру, күні өткен Дала ережесін қазақ елінің мүддесіне сай заңмен ауыстыру мәселелері көтерілді. Онда қазақ даласына орыс шаруаларын қоныс аударуды үзілді-кесілді тоқтату талап етілген болатын. Сол кезеңнен бастап жандармдық бақылауға алынған Байтұрсынұлы 1909 жылы 1 шілдеде губернатор Тройницкийдің бұйрығымен тұтқындалып, Семей түрмесіне жабылды. Ресей ІІМ-нің Ерекше Кеңесі 1910 жылы 19 ақпанда Байтұрсыновты қазақ облыстарынан тыс жерге жер аудару жөнінде шешім қабылдады. Осы шешімге сәйкес Байтұрсынұлы Орынборға 1910 жылы 9 наурызда келіп, 1917 жылдың соңына дейін сонда тұрды. Байтұрсынұлы өмірінің Орынбор кезеңі оның қоғамдық-саяси қызметінің аса құнарлы шағы болды. Ол осы қалада 1913–1918 жылы өзінің ең жақын сенімді достары Ә.Бөкейханов, М.Дулатовпен бірігіп, сондай-ақ қалың қазақ зиялыларының қолдауына сүйеніп, тұңғыш жалпыұлттық «Қазақ» газетін шығарып тұрды. Газет қазақ халқын өнер, білімді игеруге шақырды. Байтұрсыновтың Орынбордағы өмірі мен қызметі Ресей үкіметінің қатаң жандармдық бақылауында болды. Ол «Қазаққа» жабылған негізсіз жала салдарынан абақтыға отырып шықты. Байтұрсынов 1917 жылы рев. өзгерістер арнасында өмірге келіп, қазақ тарихында терең із қалдырған Қазақ съездері мен Қазақ к-ттері сияқты тарихи құбылыстың қалың ортасында жүрді, оларға тікелей араласып, «Қазақ газеті» арқылы саяси теориялық бағыт-бағдар беріп отырды. Байтұрсынұлы Алаш партиясы бағдарламасын даярлаған шағын топтың құрамында болды. Байтұрсынов пен Дулатов қазақ арасында бұрыннан келе жатқан ру – жүзаралық алауыздыққа байланысты Алаш Орда үкіметінің құрамына саналы түрде енбей қалды, бірақ олардың қазақ ұлттық мемлекеттік идеясын жасаушы топтың ішінде болғандығын замандастары жақсы біліп, мойындады. Алаш Орда құрамын бекіткен 2-жалпықазақ съезі Оқу-ағарту комиссиясын құрып, оның төрағасы етіп Байтұрсыновты бекітті. 1919 жылы наурызға дейін Алашорда үкіметінің Торғай облысы бөлімінің мүшесі болды. Байтұрсынұлы 1919 жылы наурызда Алашорда үкіметі атынан Мәскеуге Кеңес үкіметімен келіссөзге аттанды, осы жылғы шілдеде РКФСР Халық Комиссарлар Кеңесі мен Қазақ әскери-рев. к-ті төрағасының орынбасары болып тағайындалды. Байтұрсыновтың ықпалымен сәуірде Алашорда басшылары мен мүшелеріне Кеңес үкіметінің кешірімі жарияланды. Байтұрсынұлы бұл тарихи кезеңде «патшалардың төрінде отырғаннан, социалистердің босағасында өлгенім артық» деген пікірде болды (ҚР ҰҚК архиві, 78754-іс, 6-т., 44-п). 1920 жылы В.И.Ленинге үкіметінің Қазақстанды басқару ісіндегі алғашқы қадамын қатал сынға алған хатын жолдады. Қазревком мүшесі ретінде Қазақстанның Ресеймен шекарасының қалыптасу ісіне белсенді түрде араласты. [2]
Қазақ зиялыларының ояну дәуірі болып табылатын ХХ ғасыр басында қазақ әдебиетіндегі басты сарын ұлт-азаттық рухы болды. А.Байтұрсынов бастаған қазақ зиялылары Ресейде болып жатқан саяси оқиғалардың бәрінен хабардар болатын. Ресейде ХХ ғасыр басында болған әр алуан төңкерістер, революциялар, дүниежүзілік соғысқа кіруі Қазақстан сияқты оның шет аймақтарындағы отар елдерін де барынша күйзелткен еді. Екі жақты қанауды бастан кешіп жатқан қазақ халқының әсіресе Ресей тарапынан болып жатқан қысымға қарсылығы барынша шегіне жеткен болатын. Халқымыздың заманынан озып туған біртуар перзенттері қалай болған күнде де қазақ елін ілгері дамыған елдердің қатарына жеткізуді алдарына мақсат етіп қойды. Қазақты дамыған елдердің қатарына жеткізудің бірден-бір жолы оқу, ағарту, білім беру ісі екендігін олар кімнен де болса артық түсінді. Отарлық бұғауды үзіп, қазақ елін егеменді ел етуге әрекет жасады. А.Байтұрсынов, Ә.Бөкейханов, М.Шоқай, М.Дулатов сынды ақыл-ой алыптарының саяси санасы, парасат пайымы пісіп жетілгенімен, тарихтың толғағы пісіп жетілмегендіктен, қазақ елінің өз алдына дербес, тәуелсіз мемлекет болуы сынды ұлы мақсат жүзеге аспай қалды.
Әрине, оның көптеген себептері бар. Сол себептердің бірі әрі бірегейі оқу, ағарту ісінің жолға қойылмағандығы еді. Қазақ зиялылары ат жалын тартып мініп ,ел ісіне араласа басатаған өрімдей жас кезінен-ақ ел ішінде оқу, өнер білімді насихаттай бастады. Олар ХIХ ғасырдың II жартысында өмір сүріп, шығармашылықпен айналысқан ағартушы демократ, қазақтан шыққан жаңа үлгідегі тұңғыш педагог Ыбырай Алтынсаринды, ұлы ойшыл ақын Абай Құнанбаевты өздеріне үлгі тұтты. Олардың оқу, өнер- білім, ғылымды насихаттаған өлеңдерінің үлгісінде шығармалар жазды, кітаптарын шығарып, ел ішіне таратты. Оқу мәселесі көп қаржыны талап ететін үлкен мемлекеттік іс екенін біле тұра, сол процесті тездетуге барынша күш салды. А.Байтұрсынов, М.Дулатов жай ғана ауызекі үгіт-насихатпен, өлең шығарумен, мақала жазумен шектелмеді. Олар өздерінің идеяларын жүзеге асыру үшін халыққа пайдасы тиетін игі істердің бел ортасында жүрді. Мұғалім болып бала да оқытты, ақын-жазушы болып кітап жазды, журналист болып газет шығарды. Сол үшін қуғын-сүргінді көп көрді, абақтыға жабылды. Абақтыдан шыққаннан кейін де күресін тоқтатпады .Олардың шығармаларындағы басты тақырып ұлт азаттығы болды. Бірақ ашық майданға шығып, қан төгісіп күресетін жағдайдың жоқтығын түсінді. Жалпы қазақ зиялылары қан төгіс жолын еш уақытта таңдаған емес.Халықты ауыр тұрмыстан, саяси дағдарыстан, әлеуметтік тығырықтан шығаратын жол тек оқу, ағарту жолы екендігін терең түсінді. Сондықтан олар өздері айтқандай махаббат, табиғат, сұлу қыз т.б тақырыптарды жырлай алмады, негізінен, азаттық рухында қоғамдық-саяси лирика, публицистикалық шығармалар жазумен айналысты. Егер А.Байтұрсынов көбіне оқу, ағарту, мектеп ісі жайлы көптеген публицистикалық мақалалар жазып, оқудың қажеттілігін жан-жақты дәлелдеп жазса, М.Дулатов пен С.Торайғыров өздерінің публицистикалық лирикасымен оқу, өнер-білім тақырыбын жеріне жеткізе жырлады.
Сонымен, ХХ ғасырдың басында өмір сүрген қазақ зиялылары үшін өмірінің мәні де сәні де ұлт азаттығы болды. Көрнекті қоғам қайраткері, ақ сұңқар ақын С.Сейфуллиннің сөзімен айтсақ, ол былай болып шығады: «Қазақ оқығандарының арасында 1905 жылдан бастап-ақ.... революциялық идея, ұлттық теңдік пен азаттыққа үндеу етек алды. Жаңа оянып келе жатқан қазақ интеллигенциясының ол кездегі дем берушілері Бөкейханов, Дулатов, Байтұрсыновтар болды», [4,5] - деп жазды ол сол кездегі қоғамдық өмірге баға берген «Қазақ зиялылары хақында» атты мақаласында.