Автор работы: Пользователь скрыл имя, 31 Мая 2015 в 07:39, статья
Қазақ әдебиеттану ғылымының туу, ояну, даму кезеңдеріне көз жүгірткенде, ұлттық ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің басты нысанында болып, классикалық мұраны игеруде жан-жақты, ғылыми тұрғыда зерттеле бастаған ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы екендігін байқаймыз. Абай шығармашылығы, өмір жолы өзінің зерттелуі, насихатталуы жағынан қазақ әдебиетінде басты орын алады. Сыншылдық эстетикалық, бағалаушылық мәндегі мақалалар алғашқы қазақ баспасөз беттерінде Абайдың көзі тірі кезінен бастап жазыла бастады. Ғылыми-зерттеушілік, танымдық-насихаттық сипаттағы мақалалардың төңкеріске дейінгі дәуірге дейін жазыла бастауы осы ойымыздың айқын дәлелі. Абайды көзі тірісінде мойындап, ақындығына табынған бірден-бір қазақ көрегені -Ә.Бөкейханұлы еді.
АБАЙТАНУҒА ҚОСЫЛҒАН ҮЛЕС
М.О.Әуезов атындағы Семей университеті
Әубәкір Жандос ф.ғ.к.
Қазақ әдебиеттану ғылымының туу, ояну, даму кезеңдеріне көз жүгірткенде, ұлттық ғылыми-зерттеушілік, әдеби-теориялық ой-пікірдің басты нысанында болып, классикалық мұраны игеруде жан-жақты, ғылыми тұрғыда зерттеле бастаған ұлы Абайдың шығармашылық мұрасы екендігін байқаймыз. Абай шығармашылығы, өмір жолы өзінің зерттелуі, насихатталуы жағынан қазақ әдебиетінде басты орын алады. Сыншылдық эстетикалық, бағалаушылық мәндегі мақалалар алғашқы қазақ баспасөз беттерінде Абайдың көзі тірі кезінен бастап жазыла бастады. Ғылыми-зерттеушілік, танымдық-насихаттық сипаттағы мақалалардың төңкеріске дейінгі дәуірге дейін жазыла бастауы осы ойымыздың айқын дәлелі. Абайды көзі тірісінде мойындап, ақындығына табынған бірден-бір қазақ көрегені -Ә.Бөкейханұлы еді. Әлиханның қолымен жазылған Абай есімі, ақынның әдеби мұрасы жайлы тұңғыш еңбек 1903 жылы Петербургте басылып шыққан «Россия. Полная географическое описание нашего отечества» атты көп томдық кітаптың 18 томына енгізіледі. Қалыңдығы 478 беттік «Киргизский край» деп аталатын осы томдағы «Население» деген екінші бөлімнің бесінші тарауында Әлихан былай деп жазады: «Наконец, как представителя нового течения в киргизской поэзий следует назвать Кунанбаева - автора многих стихотворений, изящных по форме и поэтических по содержанию /особенно описания природы/. Этому же автору принадлежит хорошие переводы «Евгения Онегина» и многих стихотворений Лермонтова (который оказался найболее понятным для киргизов), таким образом у Семипалатинских «Оленчи» (певцов) можно слышать, например, «письмо Татьяны», распеваемое, конечно, на свой мотив»/1/. Міне, Абайды ең алғаш орыстың оқырман қауымына таныстырған - Ә.Бөкейханұлы.
Қазан төңкерісіне дейін жарық көрген М.Ж.Көпеев, С.Торайғыров, Ә.Бөкейханов, К.Ысқақов, А.Байтұрсынов, М.Дулатов, тағы басқалардың мақалалары Абайдың ғұмырнамасы, жаңашылдығы мен ағартушылық сипаты, қазақ әдебиеті мен мәдениетіндегі алатын орны туралы зерттеушілік тұрғыда баға беріп үлгерген құнды дүниелер еді.
Абайды тану-халқымыздың тарихын тану деп білсек, осы жолда үлкен жұмыстар атқарылды.
Абайды танудағы ең алғашқы атқарылған істердің бастамалары деп 1914 жылы ұлы Абайдың дүниеден өткеніне он жыл толуына байланысты ұйымдастырылған және 1915 жылы ақынның туғанына 70 жыл толуына арналып өткізілген әдеби кештерді атаймыз. Екі кешті де ұйымдастырушы Нәзипа және Нұрғали Құлжановтар еді. Осы екі кештен бастап Абайды еске алу кеші игі дәстүрге айналады. 1924 жылы Абайдың дүниеден өткеніне 20 жыл толуына орай Семей қаласында тағы да бір әдеби кеш өтеді. Кештің хабарламасы мен бағдарламасы «Қазақ тілінде» газетінде жарияланады: «Білдіру. Осы жылы 29-ыншы декабрьде Луначар клубында қазақтың байтақ даласында өткен атақты сыршыл ақын Абай (Ибраһим) Құнанбайұлының дүниеден көшкеніне 20 жыл толғанын еске түсіру үшін Семейдің «Географический обществосы» құрметтеп ескерткіш кешін жасайды. Кеш тәртібі:
Келушіге билет тегін беріліп, кеш сағат 6-дан қалмай басталады. Кеш өткізу комиссиясы атынан: Әлкей Марғұланұлы» /2/.
Көкбай осы кеште Абайдың мінез ерекшеліктерін, өзі білген ұстазы жайлы әңгімелерді, Абайдың ақындық тұлғасын сипаттап шығады. Көкбайдың осы пікірлері Абай мұрасы мен ақындық ерекшеліктерін танып бағалауға үлкен көмегін тигізген. Көкбай әңгімесінің аса құндылығына М.Әуезов жоғары баға береді. Әрине, данышпан ақынмен жиырма бес жыл жолдас болып, қасында үнемі болған Көкбайдың Абай туралы берер мағлұматының шегі шексіз еді. «Бірақ сол 1924 жылы Көкеңнің саушылығы азайып үлкен ауыр науқасты болды. Сондықтан Абай кешінде «Естегіні айт» деп, өзі білген жайларын көп алдына сөйлеп берудің міндетін айтқан уақытымызда да, өзімен жеке әңгімелескенде де, көңілінде алаң көп болғандықтан, Көкең өзі білген жайларының барлығын толық қылып түгендеп шыға алмады»/3.159/ ,-дейді М.О.Әуезов. Мәскеу, Том, Ленинград сияқты қалаларға шейін барып, ауруынан жазылсам деп жанталасып жүрген Көкбай науқасы ауыр болса да, Абай кешіне келіп, Абаймен алғашқы танысуынан бастап өзі білетін дүниелерін айтып шығады. Кештің тартымды өткендігін «Географиялық қоғамның» есебінен байқаймыз: «Отчет. Семипалатинского отдела Русского Географического Общества с 1-го октября 1924 года по 1-ое октября 1925 года.
В декабре отдел провел юбилей известного казахского поэта Ибрагима Кунанбаева по поводу 20-летия со дня его смерти. Отделом было устроено Торжественное заседание посвященное Абаю, на котором были прочитаны доклады. Степной певец-казах исполнил несколько песен-стихотворений Абая, честью его же напевали.
В театре Луначарского Отделом был устроен вечер на казахском языке доклады о поэте.
Друг юности Абая поэт Кокбай Джанатаев поделился с присутствующими своими воспоминаниями. Учащиеся казахи прочитали несколько стихотворении поэта, а певцы исполнили некоторое произведения поэта» /3/.
«Абайдың әдеби мұрасын зерттеудегі М.Әуезов жүргізген жұмыстың бір саласы осы мұраны танытуда, зерттеуде үлкен мәні бар саланың бірі - Абай замандастарының ақын туралы естеліктерін жиып жариялаумен қатар оны тереңірек зерттеуге келіп тірелетін еді»/4.110/,-деп ғалым М.Мырзахметов айтқандайын, Абай туралы естеліктерді дер кезінде ақын замандастарынан алып қалған М.Әуезов оларды Абай жинақтарында жариялап, зерттеу жұмыстарын жүргізеді. Көкбай мен Тұрағұл естелігін 1933 жылы латын әрпімен Қызылордада шыққан жинаққа енгізсе, 1939-1940 жылғы томдыққа осы естеліктермен қоса Мадияр, Қатпа, Әрхам, Мұсылманқұл әңгімелерін жариялайды.
М.Әуезов Абай мұрасын зерттеу жолында да, Абай туралы эпопеясында да бұл деректер көзін шеберлікпен пайдалана білген. Және бұл деректердің аса құндылығына да назар аудартады. «Онан соң Абайдың өмірбаянын толық етіп жазуда да Көкбай айтып берген материалдар аса көп еді. Олар құнды деректер болатын. Тек Көкбайдың Абай тұсында айтқан естелігі толық жазылмады. Бірақ 1933 жылы біз құрастырып жазатын алғашқы толық өмірбаянның көп фактылары Көкбайдың аузынан алынған» /5.96/.
Жоғарыда айтқанымыздай, Көкбай өз естелігінде Абайдың мінез көріністерінің ерекшеліктеріне тоқталу барысында, ақындық тұлғасы, келбеті, адамгершілік қасиеттері сияқты көптеген жайларды қамтуға тырысқан. Абайдың кепілдікке алып, жолдастықтары басталғаннан бастап өзі көрген, байқаған, есіне сақтағандарын ешбір қоспасыз, шынайы баяндайды. «Естелік көзбен көрген шынайы шындыққа құрылса игі. Ол, бұл ретте, «бас кеспек болса да тіл кеспек жоқ» дерлік шыншыл жанр /6.35/,- деген талапқа Көкбай естелігі сай келеді есептейміз.
Абайдың ең алғаш өзі шығарған өлеңге қанағат тұтқандығы да, «Жаз» өлеңінің шығу тарихы да естелікте нанымды баяндалған. Сондай-ақ Абайдың біреуге ұзақ әңгіме-жыр айтқызғанда таза көңіл, үлкен ықыласпен ден қоя тыңдайтынын, өлең ішінен бірер ауыз дәмді сөз табылғанда, сол үшін қатты ырза болып қалатындығын баяндаған уақытта Көкбай оның ақындық ерекшелігімен қоса өзгеше қасиетті адам екендігін, сабырлылық пен көркемдікті жоғары бағалайтындығын танытпақ болады. «Әрқашан Абай ақындық туралы сөйлегенде: «Ол қуат, табиғат сыйы, құдай сыйы деп құрметпен сөйлейтін. Ақындық шабыты шын келгенде адамды қайта тудырып жібереді. Ол келгенде адам жай, жабайы адам болмайды» дейтін» /7.162/ ,- деп Абайдың өз сөзі арқылы оның ақындық қуат туралы ойын білдіреді. Және Абай сөзінің шындығын өзі көзі көрген Байкөкшенің шабыты ұстаған кезі арқылы дәлелдеп береді.
Көкбай осы естелігінде Абайдың ұстаздығына да арнайы тоқталған. «Абай ел ортасында өлең шығарып жүретін, ақынмын деген жігіттердің кейбіреулеріне кездескенде, олардың өз жандарынан шығарған өлеңдерін айтқызып тыңдайтын уақыттары да болушы еді», яки болмаса «Кейбіреулеріне өлең қыларлық тақырыпты да беретін сияқты еді» дей келіп, өзіне Абылай мен Кенесары еңбектерін жыр қылуды тапсырма етіп бергенін, жырға айтқан кемшіліктерді бірігіп түзеткендерін айту арқылы Көкбай Абайдың ақындық тұлғасын биіктете түсіп, оның ақындар қамқоры, көмекшісі екендігін меңзеген.
Көкбай әңгімесінде ұстазының шындықты, әділетшілдікті басты орынға қоя білген қасиетіне де мән береді. Ұры болса өтірік айтпай, шынын айтса кешірімпаз дейді. «Ұрыдан алатын парасы шынын айтқаны, шындыққа, дұрыстыққа құмарлығын жолдағы елден ерекше мінезінің барлығын билікте анық көрсетіп жүрді» /7.116/.
Абайдың ерекше мырзалығы, жомарттығы, дүниеқор еместігі, малшысына адалдығы, ақшаға да сараң болмағандығы, қонақшылдығы мен тоғызқұмалақты қызығып ойнайтындығы, жас кезіндегі аңшылығы, барлығы Көкбай естелігінде көрініс тапқан. Көкбай айтқан Абайдың осындай мінез ерекшеліктерін Мұхтар Әуезов «Абай жолында» кеңірек сипаттап, Көкбай пікірі желісіне сүйене суреттеген.
«Абай және оның ақындық мұрасының идеялық өрісін өз көзқарасының тұрғысынан танытуға тырысқан Көкбай: «Абай Еуропа ғалымдарының ірі пәлсафасымен жазылған кітаптарын оқығанда өзінің басындағы ой-пікірінің ірге негізін аналарға оңай беріп жіберіп отырған жоқ. Көп насихатының түп қазығы: адамшылық, ақтық, әділет болса, осының барлығы да мұсылман дінінің деңгейіне әкеліп, бір шалып келіп отыратын»,- деп Абайдың шығармаларындағы нәр алған рухани қазына көздерінің біріне өз танымы тұрғысынан қарап бағалағаны көрініп тұр /8.110/.
Көкбай Абайдың шын мағынадағы мұсылман екенін танытпаққа күш жұмсаған. Абай мұсылманшылығын молда, қожа айтып жүретін сырты сопы мұсылманшылық емес, терең оймен, сезіммен, өз жүрегімен тапқан мұсылманшылық дейді. Көптеген дүниелерге сынмен қарап, діннің негізін, мақсат-бағытын ғана алып, соны ақиқат діні қып қолданған Абай дініне «мұсылманшылықтың ішінде осындай жолмен үлкен сынмен табылған таза ақыл дін еді» деп баға берген. Ұлы ақынның діншілдігі мен мұсылмандық жолдағы өзге діндар адамдардан өзгешелігінің өзі, оның кемеңгерлігі мен өз ортасынан асып кеткен ұлылығында жатыр дегенді Көкбай түйіндеуге тырысқан. Абайдың дін қағидаларына деген өзіндік көзқарасын таныту арқылы, Көкбай кейінгілерге Абайдың дінмен қандай қарым-қатынаста, байланыста болғандығын айтуды басты міндет деп таныған. Абайдың дінге деген көзқарасы бертіңгі таңға дейін қомақты түрде зерттелінбей келді. Оның шығармалары арқылы осы бағытта көп жұмыстар жүргізген ғалым Ғ.Есімовтің: «Абай алланың, пайғамбардың жолындамыз, дейді, бірақ алла туралы ақын пікірінің ислам дініндегі негізгі қағидалармен қабыспайтын жерлері көп. Қайшылықтың мәні осында. Абай діни идеологиядан аулақ, сондықтан оның көзқарасын діни философия жағынан іздеу керек» /9.40/,- деген сөзінің өзі Көкбай айтқандарымен өзара ұштасып жатыр.
Абайдың дін қағидаларын орындаудағы ерекшеліктері мен дін тарихы мен мәселелерін жетік білгендігін айтқан Көкбай пікірлері ақынның дүниетанымдық көзқарасын қарастырғанда үлкен көмегін тигізері сөзсіз.
Сонымен қатар Көкбай Семей қаласына келген Сергей деген миссионермен сөйлесуге мұсылман оқымыстыларының атынан Абайдың барғандығын, және оны терең білімімен жеңіп шыққан тарихын да қозғайды. М.Мырзахметов өзінің кітабында патшалық Ресейдің қазақ халқын отарлау мақсатында жүргізген орыстандыру саясатының түпкі мәнін ашып көрсетіп, Ильминский, Остроумов, Алектров, тағы басқа миссионерлік идеяның басты өкілдерінің еңбектеріне назар аудартқан /10/. Осы еңбекте Абайдың миссионерлермен пікір қайшылығын М.Әуезовтің «Ақындар ағасы» романында кеңінен суреттегендігін де айтады. Көкбай естелігі бойынша «Сабалақ» жырының туу тарихын «Ақындар ағасында» баяндаған.
К.Жанатайұлының Абайдың мінез көріністері туралы айтқан естелік-әңгімесі Абайтануға қосылған алғашқы құнды деректің бірі деп білеміз. Мұхтар жазған Абай өмірбаянына бұл еңбектің тигізген үлесі ерекше мол. Абай шығармаларының жинағы толық болып шығуына да Көкбайдың еңбегі зор болғанын атап айтуымыз керек. Яғни Көкбайдың қазақ әдебиетіне қосқан үлкен үлесі - Абайдың асыл мұрасын аман сақтап, оны кейінгі ұрпаққа жеткізу ісінде.
Абайдың төңірегіндегі Көкбай, Мағауия, Ақылбай, Кәкітай, Тұрағұлдар ақынның шығармаларын елге ауызша және қолжазба күйінде таратушылар болды. Олар Абай дүниеден қайтқаннан кейін осы игі істерінен айнымай, Абайды дәріптеуден бір жалықпайды. Бұл бағыттағы Көкбай еңбегі туралы М.Әуезов былай деп жазады: «1924 жылдан бастап Абайдың өмірбаянын жазушыларға және барлық толық жинағын құрастыруға Көкбай барынша зор көмек еткен еді. Абайдан қалған мұраның қазақ оқушыларына толық жинақ боп құралып шығуына анық еңбек сіңірген кісінің бірі - Көкбай. ...1909 жылы Кәкітай бастырып шыққан жинақ Абай еңбектерінің жарым көлеміндей ғана еді. Көкбай қолжазбада сақталған шығармалар ғана емес, өзінің жадында жүрген, біршама жоғалып кетуге мүмкін болған Абай өлеңдері мен кейбір шумақтар, жолдарды хатқа түсіртіп, ұлы ақынның өзге мұраларының қатарына қосты. ...Абайдың көп өлеңдеріне кейінгі толық жинақтарда беріліп жүрген қосымша түсінік, деректердің көптен-көбі және де сол Көкбайдың айтуынан алынған-ды» /5.96/.
М.Әуезов жоғары бағалағандай Абай мұрасының толыққанды түрде сақталуына, ғұмырнамалық дәлді деректердің бізге жетуіне Көкбай теңдессіз еңбек сіңірген. Егер М.Әуезовтің Абайды мықтап қолға ала бастаған кездерінде Көкбайдың денсаулығы орынша болып, ажал құрығына ілінбесе, оның берер дерегі де, айтар Абай өлеңдері де барынша мол болар еді.
Абайдың көзі тірісінде де, қайтыс болғаннан кейін де жыр жолдары арқылы Абай даналығын, ұлылығын дәріптеп өткен сүйікті шәкірті ұстазының болашаққа арналған өсиет өлеңдерін жадында сақтап, келешекке тапсырып кетті. Ұстазы алдындағы, келешектің алдындағы парызын ұға біліп борышынан құтылды. Дана ақынның дара шәкіртінің кемеңгерлігі де осында.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі