Жастарға тән субмәдениет

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Декабря 2013 в 01:11, аттестационная работа

Краткое описание

Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес. Сонымен қатар рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі - фанатизмнің (табынушылықтың), психологиялық талғамдағы ұқсастықтың белгілі адамдарды ұлтына, жынысына қарамай, бір идея толқынына біріктіруі, яғни «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы

Прикрепленные файлы: 1 файл

Жастарға тән субмәдениет.docx

— 24.58 Кб (Скачать документ)

Жастарға тән  субмәдениет

          Жаңа заман көптеген дүниелердің даму шыңына жеткен, жаңа лептің бастау алған кезеңі болды. Ол тек техникалық жетістіктер, ғылыми ашылуларға ғана байланысты емес. Сонымен қатар рухани, мәдени жаңашылдықтың да белең алған уақыты. Сондай заман нәтижелерінің бірі - фанатизмнің (табынушылықтың), психологиялық талғамдағы ұқсастықтың белгілі адамдарды ұлтына, жынысына қарамай, бір идея толқынына біріктіруі, яғни «субмәдениет» ұғымының қалыптасуы. Бұл үрдіс көп кешікпей Қазақстанға да келді. Субмәдениет өкілдерін, қала көшелеріне шықсаңыз, міндетті түрде көресіз және бірден танисыз. Өйткені олардың киім киістері де, өздерін ұстауы да, сөйлеулері де өзгеше. Жастар оларды көргенде «керемет» деп тамсанады, қызығып, еліктейді, ал үлкендер «жастар қайда барады» деп күрсінеді, енді біреулер «бәрі ерекшелену үшін» деп жақтырмай да жатады. Осылайша, сан қырлы пікірлер кете береді. Егер сіз, қадірлі оқырман, көшеден жүріс-тұрысы мен киім киісі, жалпы мәдениеті басқалардан оғаш көрініп тұратын өзгеше жандарды байқасаңыз, қандай пікір ұстанып, нендей ой түйер едіңіз? Бұл туралы әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің әлеуметтану және әлеуметтік істер жөніндегі кафедра меңгерушісі, әлеуметтану ғылымының докторы, профессор Әбдірайымова Гүлмира Серікқызының былай дейді.

          • Жастардың арасындағы субмәдениет туралы сөз қозғамас бұрын, алдымен бұл түсінік астарында не жатқандығын анықтап алу керек. Айқындап алуға деген қажеттілік қазіргі күнде тек «жастар субмәдениеті» ұғымына ғана қатысты емес, сонымен қатар «жастар», «субмәдениет» түсініктеріне де өзіндік талдау, түсіндірулердің көбейіп кеткендігінен туып тұр. Жалпы, субмәдениет - жас адамдардың ресми емес қатынастарының, олардың ерекше өмір сүру стилі мен тәртіптерінің, белгілі бір қағидалары мен құндылықтарының нәтижесі және «МЕН-ОЛАР» жүйесіндегі өздерін көрсетудің, дамытудың бір жолы.

          • Жастар субмәдениетінің өзіндік құндылықтары мен тәртіп нормаларын культқа айналдыруға уақыты жеткілікті жас адамдар аса көп шоғырланған үлкен мегаполистерге тән феномен екендігін айта кеткен жөн. Мұны «жастарға арналған мәдениет» (кино, әртүрлі жаппай көңіл көтеру, бизнес, сән, телехикаяттар т.б.) пен жас адамдардың контрмәдениетімен (дәстүрлі нормаларға қарсы тұру секілді) шатастырмаған жөн.

            Жалпы алғанда, Қазақстандағы ресми емес қозғалыстарға белгілі бір стильдер мен бағыттардың араласып келуі тән. Қоғамдағы біркелкіліктің қаншалықты болмағандығына байланысты мәдени мұралар элементтерінің де соншалықты санқырлылығы байқала түседі.

            Соңғы жылдары музыкалық субмәдениет (поп, рок, рэп), гедонистік субмәдениет (байкерлер, рейверлер және т.б.), спорттық субмәдениет (паркуршілер, сноубордшылар, скейтбордшылар) айрықша даму үстінде. Готика, эмо, анимэ табынушылары секілді спецификалық субмәдениеттің түрлері бізде бар болғанымен, Ресей және басқа да шетелдермен салыстырғанда өте сирек кездеседі. Соңғы аталған ресми емес бірлестіктер негізінен оқушылар, студенттер арасында психологиялық қалыптасу кезеңі мен ата-ана тарапынан болатын олқылықтардың қатарласуы салдарынан орын алады.

             Жастар субмәдениеті - жастардың үлкендер әлеміне толықтай бейімделуі жүргеннен соң, әрі қарай өз мәнін жоятын дамудың белгілі бір кезеңі, яғни жеке адам дамуының өтпелі сатысы. Жастардың ресми емес қатынастары және олардың өздеріне ғана тән мақсаттарын табуы жеке субмәдениеттің қалыптасуының себебіне айналады.

              Жастар субмәдениеті - киген киімнен, сөйлеу мәнерінен, жаргондардан және айрықша әуестенулерден көрініс табатын үлкендер әлеміне, қоғамның ережелері мен құндылықтарына деген өзіндік қарсылық.

Белгілі бір субмәдениеттің өкілі болып табылатын жастардың психологиялық ерекшеліктеріне келер болсақ, ол мына бір жайттардан көрініс табады: ата-аналары мен мектеп тарапынан болатын бақылаулардан босауға деген ұмтылыстан, эмоцияға аса берілгіштіктен, жасөспірімдік әсірелеушіліктен, өмірге қатысты ойларының тым мінсіздігінен, адамгершілік ұстанымдарының тұрақсыздығынан, жеке адами құндылықтарының қалыптаспауынан.

               Жастардың өмір сүру қалпы және тіршілік ұстанымы контрмәдениет шеңберінде болуы мүмкін емес сияқты. Айталық, хиппи құбылыс ретінде алғаш АҚШ-та 60-жылдардың басында өзгеріп кеткен қажеттіліктер мен оны қанағаттандыра алмаушылық мәселелері негізіндегі контрмәдениетті көңіл күйдің көрінісі ретінде пайда болды. Ал Батыс және Шығыс Еуропа елдеріндегі «тақыр басты» жастар қозғалысының пайда болуы, оның Ресейдегі қатыгездену және саясаттану тарихы - бұл да жастар субмәдениетінің емес, контрмәдениетінің көрінісі. Қазақстан - белгілі дәстүрлер мен жаңашылдықты өзіне жинақтаған ерекше мемлекет. Біздің жастар, бір жағынан, қоғамның инновациялық потенциалы болып табылады және білім алуда, жаңашылдықты қабылдауда, мамандығы бойынша өсіп-өркендеуде және өмірдің басқа да салаларында жеткілікті белсенді. Бірақ сонымен қатар тәрбие мен құндылықтарды мұра ретінде қабылдаудағы дәстүрлерді де ұмытпайды. Дәл осы санадағы дәстүрлілік пен діл ерекшелігі жастардың ерекше субмәдениетінің қалыптасуын тежеп тұр.

              Негізі, жас адамдардың наным-сенім, өмір, бақыт, туыстарына деген махаббат, денсаулық, отбасы секілді құндылықтарға қарым-қатынастары оның рухани-адамшылық ішкі күйзелісі мен өмірлік мақсаттарын асыра бағалауымен байланысты.

             Біріншіден, жастар субмәдениеті жас адамдардың өз қолдарымен жастар үшін құрылады. Одан барлық адам бірдей өтпейді және субмәдениет қазіргі әлеуметтік-мәдени ұстанымдарды жоюға емес, керісінше, жастарды сол қоғамның бөлшегі етуге негізделеді.

             Субмәдениет - бұл қоғамның жай кедергі жасамауына болатын жастардың әлеуметтік белсенділігінің алаңы. Менің жоғарыда айтып кеткенімдей, контрмәдениетке қатысты әңгіме басқа. Міне, қоғамның мәдени аясын, өрісін және адамның өзін де осы бұзады (сөз әртүрлі діни ағымдар, жүйесіз топтар туралы). Қазіргі жастардың жеке, өзіндік өмірге бүгінгі аса қиын және динамикалық (қозғалысты, көп сырлы) кезеңде аяқ басатындығын ұмытпауымыз керек. Оларға нағыз өмір туралы нақты кеңестер беріп, уақытында өз өмірлік тәжірибемізбен бөлісіп, олардың бастан кешіргендеріне сыйластықпен қарауымыз қажет. Буындар арасындағы түсініспеушілік, негізінен, сол кезеңнің әлеуметтік құрылымдарын, өмір тарихтарын білмегендіктен туындайды. Тарихтың белгілі бір кезеңіне қазіргі ғылыми биіктен қарап, бүгінгі түсініктер тұрғысынан саралап, дәуір психологиясын ескермей, мәселені сол заман адамдарының қандай көзқараспен танығандығын назардан тыс қалдырып жатамыз.

             Бүгінде мектеп, университет және отбасы жастарға жай «бақылаушы» позициясын ұстанбаулары керек, керісінше, жеке адамның бүкіл қоғам мүддесін игеру үшін жарыс мүмкіншілігіне тең дәрежеде ұмтылу позициясын қамтамасыз ету керек.

                Батыстан бастау алатын субмәдениет қазiр, әсiресе, жасөспiрiмдер арасында кең таралған. Түрлi музыкалық әуендерге әуестенiп, өзiндiк стиль қалыптастыратын, бейнесi мен келбетi арқылы ерекшеленiп тұратын, сондай-ақ, сөйлеген сөзі мен iс-қимылдарында да белгiлi бiр өзгеше тұстары бар бейформалдар қоғамның толық белсендiлерi болғысы келедi. Аталмыш топтардың ішінде келбеті мен мінез-құлқы арқылы ерекшеленетін «готтар» мен «эмоларды» ерекше атап өтуге болады. 
        «Готика» - мәдени өмір салты мен өзіндік өмірлік ұстанымдары бар, белгілі бір мәдениетке бағытталған кешенді (ән, музыка, фото т.б) құрайтын адамдардың субмәдениеті. Готика субмәдениетінің өкілдерінің өзіндік дүниетанымы, басқаша айтсақ, «өмірлік философиясы» бар. Оның өзін екіге бөліп қарастыруға болады. Бұл - абсолютті индивидуализм және ерекше романтика. Олар өмірлерінің әр сәтін музыка, имидж сияқты мәдениет құралдары арқылы ерекшелейді. Мысалы, готтардың келбетi олардың өзiндiк символы қара түнек іспеттес. Әрбір киген киімінде қара түсті элемент болуы және көздерін қара түске бояу – готты айқындайтын басты белгілер. Әйел-готты басқалардан ажырату да қиынға соқпас, яғни «вамп» (вампир) стиліндегі киім киіс. Ал ер-гот классикалық қара киімді таңдайды. Киім киюі былай тұрсын, олардың өздеріне тән «рухани азықтары», яғни готикалық әдебиеттері мен музыкалары болады. Мәселен, The Sisters of Mercy, Diary of Dreams, Deine Lakaien тағы басқа топтардың әндері. Сонымен қатар, қорқынышты эпизодтарға толы кинофильмдер мен үрейлі оқиғалар желісімен жазылған әдеби туындылар. Атап айтсақ, «Голод», «Эдвард — руки-ножницы» «Кошмар перед Рождеством», «Труп невесты» фильмдері.

           Готтар – XX ғасырдың 70-жылдары Англияда пайда болған – субмәдениет. Нақтырақ айтатын болсақ, 1979 жылы Bauhaus “Bela Lugosi’s Dead” синглы шығады. Көптеген деректерге сүйенетін болсақ, бұл ән «Граф Дракула» киносында басты рөлде ойнаған актер жайлы болса керек. Осылайша, готтар қозғалысы пайда болған екен.

            Олар өмірден түңілген, сары уайымға салынғыш, өмірдің көлеңкелі жағына бейім, ал өмірлік ұстанымдары – өліммен байланысты. Тіпті готтардың музыкасын тыңдасаңыз, дүниеден түңіліп, көңіліңіз құлазып кетеді. Глазго қаласының университеті жүргізген тәжірибеге сүйенсек, гот субмәдениетіндегі жастар, басқа ағымдармен салыстырғанда суицидқа бейім екені дәлелденді. Сондықтан готтардың орташа жас мөлшері негізінен 15-19 жас аралығын құрайды.  Ал 20-22 жас аралығындағы готты сирек кездестіресіз.

            Мамандардың болжамы бойынша готтар өз арасында төмендегідей ағымдарға бөлінеді екен.

  1. Готтар – сатанистер

2.Готтар – «вампирлер». Басты белгісі  құрамында бисексуалистердің басым болуы.

3.«Кибер-готтар» - виртуалдық топ, көбінесе интернет желісінде отырады.

4.«Панко-готтар» (сыртқы келбеті «панктармен» ұқсас)

5.«Фетиш-готтар» (садо-мазоны насихаттаушылар)

6.«Трайбл-готтар» ( друиттарға табынушылар)

7.«Сәнқой-готтар»

            Готтардың жақсы көретін түсі – қара түс. Бірақ «шынайы» гот өзіне кез келген түске ерік бере алады. Олар көбінесе қара киім киіп, шаштарын кез келген үлгіде қойып, көздері мен еріндерін қара бояумен бояп, беттеріне «мэйк-ап» жасауы, готтардың басқа ағымдардан  айырмашылығын көрсетеді және готтар адамның бас сүйегі бейнеленген және күмістен жасалған  бұйымдарды ұнатады  Айта кететін бір жайт, әр гот тобының өзіне тән киім үлгісі бар.

          Соңғы 10 жылда готтар сатаналық секталармен тығыз байланыс орнатқан. Дәлел келтіре кетсек, готтардың соңғы жылдары қорымдардың басында жиналып, түрлі рәсімдер өткізіп құрбандық шалулары. Интернет желісіндегі және БАҚ-тардағы ақпараттарға сүйенсек, готтардың құрбандыққа адамды да шалатынына еріксіз жан дүниеңді түршіктіреді. Готтардың қорым басында вандализмге баруы да жиі кездеседі. Осыған қарағанда, олардың  жүйкесі психикалық ауытқуға жақын.

           Готтар ағымы Қазақстан қалаларында да бой көрсетіп келеді. Оған дәлел Алматы қаласында готтарға арналған «www.gothikportal.kz» сайтының ашылуы, Орал қаласында готикалық субмәдениетті насихаттаушы «FOR YOU» группасы. Ал Көкшетаудағы готтар қаладағы қорымдарда жиі бас қосатын көрінеді. Егер осылай жалғаса беретін болса, Готтар ағымы Ресейдегі сияқты бізде де өркен жаюы мүмкін.  

          Сондай-ақ эмо дегендердiң өзiнше тағдырлары бар көрiнедi. Олар тек қара мен алқызыл түстi ғана мойындайды. Эмо немесе эмо-кидтер — бұл шаш үлгісі өзгеше жасөспірімдер. Яғни, бір көзін жауып алатын қисық кекілі барлар. Көптеген жастар аталмыш топтың сыртқы келбетіне бола, эмо атануы мүмкін. Нәтижесінде, шынайы эмолар – «тру» (ағылшынша true — ақиқат) және ермек еткендерді «позер» (ағылшынша. poseur —еліктегіш) деп екіге бөлінеді. ЭМО – бұл эмоция сөзінің бастапқы үш әрпінен алынған. 
       Психолог мамандардың айтуына қарағанда, біздің қоғамымызда бейформалды, яғни «неформалы» деп аталатын жастардың пайда болуын бірнеше себептермен байланыстыруға болады. Біріншіден, бұл құбылыстың пайда болуын рухани тәрбиенің жоқтығынан деуге болады. Ата-ана қамқоры мен назары аздығынан жеткіншектер өздеріне ұқсас қызығушылықтары бар ортаны табуға тырысады. Солай бір-бірін тауып, бейформалды топ құрып алады. Олар кішкентай мемлекет іспеттес. Демек, ешкімге ұқсамайтын дүниетаным, белгілер, ерекше келбет... 
            Бiр сөзбен айтқанда, субмәдениет қоғамда маңызды рөл атқармаса да, оған деген жастардың қызығушылығы арта түсуде. Қазақ жастарының біразы беттерi мен құлақтарына, тiлдерi мен мұрындарына, қастарына түрлi пирсинг-сырғаларын iлiп алып, рок пен гот атануда. Бұл олардың болашақ жолына кедергi болуы әбден мүмкiн. Ал жаңбырдан кейінгі саңырауқұлақтай қаптаған эмо, рок субмәдениеттерi әзірге үрейленетін жағдай туғызбағанымен, уақыт өте келе жастарды қандай қауіпке тап қылары беймәлім.

 

 

 

 

 


Информация о работе Жастарға тән субмәдениет