Қылмыстық құқықтағы жаза тағайындау

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Марта 2013 в 21:29, курсовая работа

Краткое описание

Заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір, ол – заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға, оның жасаған қылмысына сәйке жаза тағайындалады. Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық Кодексте көзделгендей адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – сот ғана үкім негізінде қолдана алады.

Содержание

КІРІСПЕ
І ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ
1.1 Жаза тағайындаудың жалпы негіздері1.2 Жаза тағайындау түрлері
1.2.1 Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау
1.2.2 Бірнеше қылмыс бойынша жаза тағайындау
ҚОРЫТЫНДЫ

ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

Прикрепленные файлы: 1 файл

қылмыстық жаза.docx

— 45.78 Кб (Скачать документ)

Қылмыстық құқықтағы жаза тағайындау

МАЗМҰНЫ 
 
КІРІСПЕ 

І  ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ 
1.1 Жаза тағайындаудың жалпы негіздері1.2 Жаза тағайындау түрлері 
1.2.1 Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау 
1.2.2 Бірнеше қылмыс бойынша жаза тағайындау 

ҚОРЫТЫНДЫ 
 
ҚОЛДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ 
 
 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

КІРІСПЕ 
 
Заңдылық пен құқық тәртібіне байланысты практикалық міндеттерді шешуде мемлекетіміздің құқықтық жүйесінің бір тармағы болып табылатын қылмыстық заңның рөлі едәуір, ол – заң бұзушылықтың қылмыс сияқты аса қауіпті түрімен күресуге бағытталған. Бұл күресте қылмыс жасаған адамға, оның жасаған қылмысына сәйке жаза тағайындалады. Жаза дегеніміз – соттың үкімі бойынша дайындалған мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы. Жаза қылмыс жасауға кінәлі деп танылған адамға қолданылады және Қылмыстық Кодексте  көзделгендей адамды құқықтары мен бостандықтарынан айыру немесе оларды шектеу болып табылады. Оны қылмыс жасаған адамға мемлекеттік ерекше орган – сот ғана үкім негізінде қолдана алады. 
Қылмыс пен жаза - өзара тығыз байланысты құқықтық түсінік. Мемлекеттік мәжбүрлеу шарасы ретінде жаза тек қылмыс үшін қолданылады. 
Жазаға тән ерекшелік – міндетті түрде жазалаудың болуы. Жазалау дегеніміз – жазаның мәжбүрлеу, зорлау сипаты. Олар күш көрсету, моральдық, материалдық және басқадай ықпал ету арқылы жүзеге асырылады. 
Тағайындалған жазаның ауыр-жеңілдігі жасалынған қылмыстың сипатына және қаншалықты ауыр екендігіне, айыпкердің жеке басына және басқа мән-жайларға байланысты. 
Әрбір мемлекеттік мәжбүрлеу шарасының өз міндеті, өзіне тән мақсаты болады. Жазаның мақсаты - жаза тағайындау, оны қолдану және іске асыру арқылы мемлекет қол жеткізуге ұмтылатын әлеуметтік нәтиже.  
Жазаның нақты мақсаты Қазақстан Республикасының қылмыстық заңдарының алдында тұрған міндеттерден туындайды (ҚК-тің 2-бабы).  
Жазаның мақсатын анықтаудың, бәрінен бұрын, соттың заң қолдану қызметінде маңызы зор. Нақты адамға қатысты жазаның түрін, мөлшерін анықтай отырып сот жазаның заңда белгіленген мақсаттарын басшылыққа алуға тиіс. Бұл талапты елемеу – заңсыз, дәлелсіз жаза тағайындауға, әділетті емес үкім шығаруға әкеп соғуы мүмкін. 
Жазаның мақсаты ҚК-тің 38 бабында былай көрсетілген: «Жаза әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру, сондай-ақ сотталған адамды түзеу және сотталған адамның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыстар жасауынан сақтандыру мақсатында қолданылады». 
Яғни жазаның мақсаты: 
а) әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіру; 
б) сотталғанды түзеу; 
в) сотталған тарапынан жаңа қылмыстың жасалуын болдырмау (арнайы, жеке сақтандырудың мақсаты); 
г) басқа адамдар тарапынан қылмысты болдырмау (жалпы сақтандырудың мақсаты). 
Жаза тағайындалған әрбір жағдайда осы мақсаттар бірге қарастырылуы тиіс. 
Айыпкерге жаза тағайындағанда сот тек жәбір шеккен адамға ғана емес, жалпы қоғамға қатысты әлеуметтік әділеттілікті біршама болса да қалпына келтіруге єрект жасауға тиіс. 
Жалпы жазаның барлық түрлері үш топқа бөлінеді: негізгі, қосымша және балама, яғни олар негізгі болып та, қосымша болып та қолданыла алады. (ҚК-тің 39 бабы). 
Жазаның негізгі түрлеріне тек өзінше бөлек тағайындалатын жазалар жатады, олармен басқаларды толықтыруға болмайды. ҚК-тің 39 бабына сәйкес, жазаның мұндай негізгі түрлеріне мыналар жатады: қоғамдық жұмыстарға тарту; әскери қызмет бойынша шектеу; бас бостандығын шектеу; қамау; тәртіптік әскери бөлімде ұстау; бас бостандығынан айыру; өлім жазасы. 
Қосымша жаза – негізгі жазамен салыстырғанда қосалқы сипаттағы жаза, ол тек негізгі жазаны қолдану жазалаудағы мақсатты қамтамасыз ете алмайтын жағдайда  қолданылады. 
Жазаның екі түрі ғана қосымша жазаларға жатады: арнаулы, єскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дєрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекттік наградалардан айыру және мүлікті тәркілеу. 
Балама жазалар қатарына айппұл салу және белгілі бір лауазымды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жатады, яғни бұл жазаларды тек өзінше ғана қолданбай, ҚР ҚК-нің 40,41-баптарында көрсетілген жағдайларда, оларды жазаның басқа түрлерімен де бірге қолдануға болады. 
Жаза – мемлекет қолындағы маңызды құрал, ол арқылы мемлекет адамды, оның құқын, бостандығын, заңды мүддесін, меншікті ұйымдардың құқықтары мен заңды мүдделерін, қоғамдық тәртіпті және қауіпсіздікті, қоршаған ортаны, конституциялық құрылысты, еліміздің аумақтық бүтіндігін, қоғам мен мемлекеттің заңмен қорғалатын мүдделерін, адамзаттың бейбіт өмірі мен қауіпсіздігін қылмыстық қастандықтан қорғайды. Ол қылмыстық жауаптылықтыжүзеге асырудың басты формасы және қылмыскерліктің алдын алу шараларының бірі болып табылады.    
Еліміздің тәуелсіз, демократиялық, құқықтық мемлекет болып қалыптасу кезеңдерінде көптеген заңнамаларымыз жарық көрді. Осы курстық жұмыста заңдар негізінде қылымыстың қоғамға қауіптілігіне, қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, қылмыскерге жаза тағайындау барысында қолданылатын заң нормаларына, жаза тағайындаудың түрлеріне, қылмыстық жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларға тоқталамын. 
 
 
І  ҚЫЛМЫСТЫҚ ҚҰҚЫҚТАҒЫ ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУ 
 
1.1 Жаза тағайындаудың жалпы негіздері 
 
Жаза тағайындау — жасалған қылмыста айыпты деп танылған адамға айыптау үкімін шығарарда қылмыстық ықпал жасаудың нақты шарасын соттың таңдауы.  
Жаза тағайындау қылмыстық заңды қолдану барысындағы ең жауапты және маңызды саты болып табылады. Өйткені, жаза тағайындау, оны жүзеге асыру сотталған адамды түзеуге, әлеуметтік әділеттілікті қалпына келтіруге, қылмыстың алдын алуға ықпал етеді. Жазаның осы мақсаттарына қол жеткізу көбіне қылмыстық жазаны әділ әрі негізді тағайындау арқылы мүмкін болады.  
Қылмыстық құқық жаза тағайындағанда кінәлінің жеке-дара жауапкершілік принципін негізгі басшылыққа алады. Осы мәселеге байланысты Қазақстан Республикасы Жоғарғы Соты Пленумьшың 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» № 1 қаулысында былай делінген: 
Қазақстан Республикасы Конституциясының барлық адам заң мен сот алдында тең, ешкім де сот үкімінсіз қылмыс жасауда кінәлі деп танылуға жатпайды және қылмыстық жазаға тартыла алмайды деген қағидаларын басшылыққа ала отырып, соттар қылмыстың түрі мен ауырлығына, айыптының қызметтегі және коғамдағы орнына қарамастан, әрбір қылмыстық істі заңға сәйкес бұлжытпай шешуі қажет екендігіне жете назар аударуға тиіс. Заңның бұзылуын ештеңе де ақтай алмайды. Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттар ҚК-тің 52-бабында көрсетілген жаза тағайындаудың жалпы кағидаларын бұлжытпай сақтауы, сондай-ақ сотталушы жасаған қылмыс ауырлығы бойынша қай санатқа жататындығын; рецидивтің болуын және оның түрін; сотталушының кылмыстық әрекеті қай сатыда тоқтатылғанын; қылмысты топ, ұйымдасқан топ немесе қылмыстық қауымдастық жасаған жағдайда сотталушының қатысу дәрежесін; қылмыстық мақсатқа жету үшін оның әрекеттерінің мағынасын және келтірген немесе келтірілуі мүмкін зиянның сипаты мен көлеміне ықпалын; қылмыстар жиынтығын; жазаны жеңілдететін немесе ауырлататын жағдайларды; сол қылмыс үшін көзделген жазаға қарағанда неғұрлым жеңіл жаза тағайындау немесе шартты соттау негіздерін ескеруі тиіс. Сондай-ақ, қылмыстық заңда қылмыс жасаған адамдардың жасы кәмелетке толмағандарына, жасы 65-тен асқан ер адамдарға, сондай-ақ әйелдерге қылмыстық жаза тағайындаудың ерекшеліктері көзделгенін ескере отырып, соттар сотталушылардың жынысын және жасын ескеруі қажет. Сотталушының нақты қылмыс істеудегі кінәсі анықталған жағдайда сот оған жазаны, істеген қылмысы үшін жауаптылық қаралған заңның тиісті баптарында көрсетілген шектен шықпай тағайындайды. Мұндай ретте, сөз жоқ, істелген қылмыстың ерекшелігі және кінәлінің жеке тұлғасы жан-жақты еске алынады. Тек қана осы мәселелерді есепке алған жаза ғана әділ әрі заңға сай деп танылады. 
Қылмыс жасаған адамға белгілі бір жазаны жеке дара тағайындау «Жаза тағайынаудың жалпы негіздері» деп аталатын    арнайы    ережелерге сәйкес жүргізіледі. Қылмыстық кодекстің 52-бабында жаза тағайындаудың жалпы негіздері көрсетілген.  
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері дегеніміз — әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындау кезінде сот басшылыққа алуы тиіс заңмен бекітілген белгілер. Қылмыстық заңда жаза тағайындаудың жалпы негіздері ретінде жазаның әділеттілігі, мақсатқа лайықтылығы, тиімділігі айтылады. Қылмыстық кодекстің 52-бабы 1-бөлігінде «Қылмыс жасауға айыпты деп танылған адамға ҚК-нің Ерекше бөлімінің тиісті бабында белгіленген шекте және ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелері ескеріле отырып, әділ жаза тағайындалады» делінген.  
Жаза егер ол жасалған қылмыстың ауырлығына, қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесіне, кінәлінің жеке тұлғасына және қылмысты жасау жағдайларына сәйкес тағайындалатын болса әділетті деп танылады. Мұнда «сәйкес» термині бір ғана  ұқсастық емес, тепе-теңдік деген мағынада қолданылады, яғни жаза қылмысқа сыртқы формальды жағынан емес, әлеуметтік жағынан және арифметикалық жағынан емес, заңдық жағынан тең болуы керек дегенді білдіреді. Сонымен бірге, жаза және негізді болуы керек. Егер оны барлығы, сотталғаннан бастап қоғамның барлық мүшелері заңды, негізді және көз жетерлік жаза ретінде қабылдаса ғана ол әділетті деп танылады. Тағайындалатын жазаның заңға сәйкестік талаптары ерекше маңызды. Жасалған қылмыстың қауіптілігін бағалай отырып, сот ең алдымен, аталған қылмыстың түріне ҚК-нің Ерекше бөліміндегі заң шығарушының берген бағасын ескеруі керек. Сондықтан, әділетті жаза тағайындаудың міндетті алғышарты ретінде қылмыстың нақты заңдық саралануы саналады. Қылмысты саралаудағы қате әділетсіз жаза тағайындауға әкеп соғады. 
Жазаның мақсатқа лайықтылығы дегеніміз - соттың тағайындаған мәжбүрлеу шарасының сотталған адамға оң ықпал етуге сәйкес келу талабын білдіреді. Соттың таңдаған жазасы оның жалпы мақсаттарына қол    жеткізудің жеткілікті құралы болуы керек. Осыған байланысты ҚК-нің 52-бабы 2-бөлігінде «Қылмыс жасаған адамға   оның түзелуі және жаңа қылмыстардың алдын алу үшін  қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуы тиіс...» деп көрсетілген. Қылмыстық заң сотты жаза тағайындау кезінде жаза мақсаттарының біреуіне қол жеткізу болып саналатын - жазаның сотталған адамның түзелуіне әсер ететіндігін көре білуді және жасалған қылмыс пен қылмыскерді сипаттайтын барлық мән-жайларды ескере отырып, жазаның мүмкіндігінше ең қатаң емес түрін дұрыс тағайындай білуді, оның мөлшерін анықтауды міндеттейді. Сот жазаны ҚК-нің Жалпы бөлімінің ережелерін ескере отырып тағайындайды. 
Жаза тағайындау кезінде сот мына жағдайларды міндетті түрде ескеруі тиіс: 
1). Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесі; 
2). Кінәлінің жеке басы; 
3). Кінәлінің қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-қ±лқы; 
4). Жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлар; 
5). Жауаптылық пен жазаны ауырлататын мән-жайлар; 
6). Тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалы. 
Қылмыстың қоғамға қауіптілігі - бұл ҚК-нен қарастырылған іс-әрекеттің қылмыстық заңмен қорғалатын объектілерге нақты зиян келтіру немесе нақты зиян келтіру қаупін тудыруының объективті қасиеті. Әрбір қылмыстың қоғамға қауіптілігі қылмыстық қ±қық теориясында екі категория: қоғамға қауіптілік сипаты (сапалық белгі) және қоғамға қауіптілік дәрежесі  (сандық белгі) арқылы ашылады. 
Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты — қылмыстың сапалық категориясы, ол ең алдымен, қол сұғушылық объектісінің ерекшелігімен, яғни объектінің қоғам мен мемлекет үшін құндылығымен, қылмыс нәтижесінде келтірілген зиянның мөлшерімен және т.б. жағдайлармен анықталады. Барлық қылмыстар бір-бірінен осы қоғамға қауіптілік сипаты бойынша ерекшеленеді. 
Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі — қылмыстың сандық категориясы. Бұл жасалған қылмыстың ауырлығына байланысты шешіледі. Ол ең алдымен қылмыс құрамының белгілерімен, объектіге келтірілген зардаптың мөлшері мен сипаты; кінәнің нысаны, мақсат пен ниет; қылмыстың жасалу тәсілі; субъектінің ерекшелігі және т.б. жағдайлармен анықталады. Қылмыстың қоғамға қауіптілік дәрежесі көбінесе қылмыстың объективтік жағымен, ал қоғамға кауіптілік сипаты — қылмыстың объектісімен және субъективтік жағымен сипатталады. ҚР Жоғарғы соты Пленумының 1999 жылғы 30 сәуірдегі «Қылмыстық жаза тағайындаған кезде соттардың заңдылықты сақтауы туралы» қаулысының 2-тармағына сәйкес «жасалған   қылмыстың   қоғамға  қауіптілік дәрежесін анықтағанда, соттар қылмыстың ауырлығын анықтау тәртібін реттейтін ҚК-нің 10-бабы талаптарын,   сондай-ақ нақты қылмыстық әрекет (кінәнің түрі, себебі, тәсілі, жасаған қылмыстық жағдай мен кезеңі, одан болған ауыртпалық, сотталушылардың әрқайсысының қылмысқа қатыстылығының дәрежесі мен сипаты т.б.) жағдайының барлығын ескеруі тиіс». Жасалған қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін анықтау кезінде нақты іс бойынша жинақталған барлық объективтік және субъективтік белгілерін есепке алу қажет. 
Соттар жазаның түрі мен мөлшерін белгілеу үшін елеулі мәні бар сотталушының жеке басының мәліметтерін жан-жақты, толық және объективті түрде тексеруі тиіс. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, еңбекке қабілеттілігімен қатыстылығын, білімін, сотталғандығы туралы мәліметтерді, сонымен бірге сотталушының отбасы анықталғаннан кейін тағайындалған жаза оның отбасы немесе оның асырауындағы адамдардың жағдайына қандай әсер ететінін ескеруі қажет. 
Жаза тағайындау, яғни айыптау үкімін шығарарда жаза таңдау сот қызметіндегі маңызды, жауапты сәт.  
Жазаның тағайындалуы әлеуметтік әділеттіліктің қалпына келуіне, сотталған адамның түзелуіне, сотталғанның да, басқа адамдардың да жаңа қылмыс жасауын болдырмауға көмегін тигізеді. 
Бұл мақсатқа қол жету үшін жаза дәлелді де әділ болуға тиіс. Қылмыс жасаған адамға, делінген ҚК-тің 52-бабында, оның түзелуі және жаңа қылмыстың алдын алу үшін қажетті және жеткілікті жаза тағайындалуға тиіс. 
Соттың жаза тағайындауға осы тұрғыдан қарауы ҚР ҚК-нің 52-бабында келтірілген жаза тағайындаудың жалпы негіздерін (ережесін) қамтамасыз етеді. Бұл бап сот үшін жаза тағайындаудың нақты емес, жалпы ережесін белгілейді, ол бір жағынан соттың заңды қатаң бағдарға алуын көздейді, екінші жағынан жаза тағайындағанда оның өзінше ынта көрсетуіне мүмкіндік береді. 
Жаза тағайындау белгілі бір принциптерге негізделеді, олар қылмыстық заңның жалпы құқықтық және салалық арнаулы принциптерінің нақты көрінісі болып табылады. Жаза тағайындаудың негізінде жатқан принциптер мыналар: заңдылық, адамгершілік, жазаның әділеттілігі, жазаның дәлелділігі және үкімде оның себебінің міндетті түрде көрсетілуі, жазаны жеке даралау, қылмыстық қудалау шараларын үнемдеу. Бұл принциптер ҚК нормаларында өз көрінісін табады. 
Жаза тағайындаудың жалпы негіздері - заңда белгіленген критерийлер, сүйенетін ережелер, әрбір нақты іс бойынша жаза тағайындағанда сот оларды басшылыкқа алады. 
Басқа сөзбен айтқанда, қандай қылмыстық іс қаралмасын, айыпкерге кандай жаза қолданылмасын, сот осы жалпы критерийлерге сүйенуі керек. 
ҚК-тің 52-бабына сәйкес жаза тағайындаудың жалпы негіздері мынадай үш критерийден тұрады. Сот жазаны: 
1)  ҚК-тің Ерекше бөліміндегі сол қылмыс үшін жауаптылық көзделген баптар шегінде; 
2)   ҚК-тің Жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды ескеріп; 
3)  қылмыстың сипаты мен   қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басын, қылмысқа дейінгі және оны жасағаннан кейінгі оның мінез-құлқын, жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаның   сотталған адамның түзелуіне және оның отбасысының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын ескеріп белгілейді. 
Осы критерийлерді қарастырайық: 
1. Сот жазаны ҚК-тің тиісті баптарында белгіленген шекте тағайындайды. Бұл — сот жазаны ҚК-тің Ерекше бөлімінің айыпкер жасаған қылмыс сараланатын баптың санкциясы шегінде ғана тағайындай алады деген ұғым. Мысалы, ҚК-тің 264-бабының 2 бөлігінің санкциясы екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыруды көздейді. ҚК-тің осы нормасы бойынша соттағанда сот бұл баптың санкциясы бойынша белгіленген ең көп және ең аз мерзімдер шегінде жаза тағайындауға тиіс. 
Нақты жағдайға байланысты жаза тағайындауда санкция түрінің маңыздылығы бар. Өзінің түріне қарай қылмыстық кодекстегі санкциялардың көбі салыстырмалы-анықталған, яғни жазаның түрі, оның жоғарғы және төменгі шектері көрсетілген. Мұндай санкциялар жазаны жеке даралау үшін үлкен мүмкіндіктер береді. 
Балама санкцияларда екі және одан көп негізгі жазалар көрсетіледі, сот оның кез-келгенін таңдай алады. ҚК-тегі санкциялардың көпшілігі балама. Олар жазаны жеке даралауға, оның мерзімі мен түрін анықтауға көп мүмкіндік береді. 
Қандай жағдай болса да, сот Ерекше бөлімнің бабындағы санкцияда белгіленген ең жоғарғыдан (жоғарғы шектен) жоғары жаза тағайындай алмайды (мысалы, ҚК-тің 264-бабының 2 бөлігі бойынша жеті жыл). 
Егер сот оған жол берсе, онда жаза тағайындаудағы принцип бұзылады. Бірақ, ҚК-тің 55-бабында көзделген мән-жайлар болса, сот ҚК-тің Ерекше бөлімінің бабындағы санкцияда көзделген ең төменгіден (төменгі шектен) төмен жаза тағайындай алады. Бұл жаза тағайындаудағы адамгершілік принципінің өзінше көрінісі. 
2.   Сот  жазаны   ҚК-тің  Жалпы   бөлімінде қарастырылған жағдайларды ескеріп тағайындайды. Бұл   жазаның   кейбір   түрлерін   қолданудың мақсатына, түрлеріне, шарттарына, сондай-ақ жаза тағайындау тәртібіне қатысы бар ҚК-тің жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды соттың басшылыққа алуы тиіс екендігін көрсетеді. Мысалы, ҚК-тің 359-бабындағы санкцияда екі жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру түріндегі жаза көзделген. 
Бұл бап бойынша бас бостандығынан айырудың ең аз мерзімі, ҚК-тің 48-бабындағы жағдайларды ескергенде, алты ай деп белгіленген. ҚК-тің осы нормасы бойынша соттағанда сот алты айдан екі жылға дейінгі мерзімді тағайындау керек. 
Жаза тағайындай отырып сот қаралған іс бойынша толық тұжырым жасайды, жазалаудағы мақсатқа жету үшін жазаның қандай түрі және мерзімі жеткілікті екендігін анықтайды. 
Мысалы, аяқталмаған қылмысты жасағаны үшін айыпталған адамға жаза тағайындағанда сот қылмыстың ақырына дейін жетпеуіне себеп болған мән-жайларды есепке алу жөніндегі ҚК-тің 56-бабының 1 бөлігінің талаптарын ескереді. 
Қатысып жасалған қылмыс үшін жаза тағайындау кезінде, оны жасауға адамның іс жүзінде қатысу сипаты мен дәрежесі, оның келтірген немесе келтіруі мүмкін зиянының сипаты мен мөлшері жөніндегі 57-баптың 1 бөлігіндегі жағдайды соттың ескеруі тиіс. 
Егер адам бұлтартпау шарасы ретінде қамауда ұсталса, онда үкім заңды күшіне енгенше қамауда ұсталған уақытты бас бостандығынан айыру түріндегі жазаның мерзіміне жатқызу жөніндегі 62-баптың 3 бөлігінің талабын соттың ескеруі қажет. 
Жаза тағайындай отырып, сот ҚК-тің 38-бабында белгіленген мақсаттарды көздейді. Егер қылмыстардың жиынтығы немесе үкімдердің жиынтығы орын алса, онда сот ҚК-тің 58, 60, 61-баптарында белгіленген тәртіп бойынша, ал кайталанған қылмыс болса - ҚК-тің 59-бабында белгіленген тәртіп бойынша жаза тағайындайды. Соттың ҚК-тің Жалпы бөлімінде қарастырылған басқа жағдайларды да ескеруі қажет. Атап айтқанда, шартты түрде соттау немесе жаза өтеуді кейінге қалдыру мүмкіндіктерін қарастырады (ҚК-тің 63, 72,74-баптары). 
Жаза тағайындау кезінде қылмыстық заңның жалпы бөлімінде қарастырылған жағдайларды соттың елемеуі әділқазылық жасағанда заңдылықтың өрескел бұзылуы болып табылады, ол дәлелсіз үкім шығаруға әкеп соғады. 
3. Жаза тағайындаған кезде қылмыстың сипаты мен қоғамға қауіптілік дәрежесін, айыпкердің жеке басын, сондай-ақ жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды соттың ескеруі қажет. Жаңа қылмыстық заң, осы аталғандардан басқа, айыпкердің қылмыс жасағанға дейінгі және одан кейінгі мінез-құлқын, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуіне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тіршілік жағдайына ықпалын ескеруді міндеттейді. 
Жаза тағайындаудың және қылмыстың қайталануының алдын алудың тиімділігі қылмыстың жан-жақты, дұрыс бағалануына тікелей байланысты. 
Жасаған қылмысы қоғамға онша қауіп төндірмейтін адамдарға бас бостандығынан айырумен байланысты емес жаза қолданған дұрыс, және керісінше, ауыр қылмыс жасаған адамға сот қатаң жаза тағайындау керек, себебі ондай әрекет жасаған адамның бойын қоғамға жат қылық жайлап алған, одан арылту үшін оны ұзақ уақыт көзден таса қылмай тәрбиелеу қажет. 
Қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты, бәрінен бұрын, қастандық жасалған нысан бойынша анықталады жасалған қылмыстан қандай қоғамдық қатынастар бұзылады немесе бұзылу қаупі туады, яғни бұл қоғамға қауіптіліктің сапалық сипаттамасы (6, 407 б.). Осы тұрғыдан алғанда қандай да болсын адам өлтірудің ар-ұждан мен қадір-қасиетке қастандық жасаудан айырмашылығы бар, денсаулыққа қарсы қылмыстың мүліктік қылмыстан айырмашылығы бар. 
Қоғамға қауіптілігі тұрғысынан қылмыс жасаудың себептері де, тәсілдері де, басқа мән-жайлар да маңызды рөл атқарады. Мысалы, аса қатыгездікпен, бұзақылық  ниетпен   немесе   жәбірленушінің мүшелерін немесе тінін пайдалану мақсатында қасақана адам өлтіру (ҚК-тің 96-бабының «д», «и», «м» тармақтары) қажетті қорғаныс шегінен шығу кезінде жасалған кісі өлтіруге қарағанда (ҚК-тің 99-бабы) ауыр қылмыс болып табылады. 
Қоғамға қауіптілік сипатына қарай қылмыс түрлерінің бір-бірінен айырмашылығы бар. Мысалы, ұрлыққа қарағанда тонау қауіптірек, өзін-өзі өлтіруге дейін жеткізуден адам өлтіру қауіптірек. Әрине, бұл қылмыстар үшін жазалар   да әртүрлі болуы керек. Қылмыс ауыр болған сайын жаза   да қатаң болуы тиіс,  және керісінше, кішігірім немесе орташа ауырлықтағы қылмыстарды жасағаны үшін, басқа мән-жайларды да ескеріп, жазаның жеңілірек түрін қолдану керек. 
Сонымен қатар соттар жасалған қылмыстың тек коғамға қауіптілік сипатын ғана емес, оның қоғамға қауіптілік дәрежесін де ескеруге тиіс, егер қоғамға қауіптілік сипаты - сапалық көрсеткіш болса, қоғамға қауіптілік дәрежесі — сандық көрсеткіш. 
Жаза тағайындаған кезде сот ескеруге тиісті қоғамдық қауіптілік дәрежесі нақты қылмыстың ауырлығын анықтайды, ол сол қылмыстық әрекеттің жеке ерекшеліктеріне байланысты. 
Мысалы, ҚК-тің 175-бабының 1 бөлігі бойынша жауаптылық көзделген ұрлықтың ірі мөлшердегі ұрлыққа қарағанда (ҚК-тің 175-бабының 3 бөлігі) қауіптілігі аз. Қару қолданған теңіз қарақшылығы (КҚ-тің 240-бабының 2 бөлігі) ҚК-тің 240-бабының 1 бөлігі бойынша жауаптылық көзделген теңіз қарақшылығынан қауіптірек. 
Қылмыстың бір түрінің өзіндегі қоғамға қауіптілік дәреже келген зиянның мөлшеріне, сондай-ақ қылмыс жасаудағы көптеген басқа мән-жайлардың жиынтығына байланысты (әрбір қатысушының қатысу сипаты мен дәрежесіне, айыптың формасына, қылмыс жасау жағдайына және кезеңіне). Сондықтан да жаза тағайындаған кезде, тек жасалған қылмыстың сипатын ғана емес, оның қоғамға қауіптілік дәрежесін де есепке алу жөніндегі заң талабы әділ жаза тағайындаудың бірден бір алғы шарты болып табылады. 
Егер сот қылмысты   кімнің жасағанын,   жазаны кімге қолданатынын дұрыс анықтап білсе, жазалаудағы мақсатқа да қол жетеді. Нақты қылмыс жасалғанда жалпы қылмыскер деген ұғым болмайды, өзіне тән қасиеттері бар белгілі бір адам болады. Сол қасиеттер жаза шарасын таңдағанда оң не теріс ықпал жасауы мүмкін. Сондықтан да сот жаза тағайындау кезінде айыпкердің жеке басына қатысты мәліметтерді жан-жақты, мұқият талдауы тиіс. 
Әдебиеттерде «адамның жеке басы» деген ұғымға адамды әлеуметтік тұлға ретінде көрсететін, оның өзіндік қасиеттері мен қайталанбас ерекшеліктерін неғұрлым толық ашатын өзгешеліктер деген түсініктеме берілген (8, 6-36 б). 
Адамның жеке басы деген ұғым - оның қоғамдық мәнін, адамның әлеуметтік-психологиялық және дара биологиялық ерекшеліктерін қамтиды. 
Арнаулы алдын алу, қылмыскерді түзеу сияқты жазаның мақсаттарына қылмыстың қоғамға қауіптілік сипаты мен дәрежесін анықтағанда ғана қол жеткізуге болады. 
Кімнің жазаланатынын, сотталушының қоғамға қаншалықты қауіпті екендігін, оны түзеудің және қайта тәрбиелеудің қандай мүмкіндігі бар екендігін білу өте қажет. Анықтама, тергеу органдары, сот қылмыскердің мына жақтарын мұқият зерттеп білуге тиіс: әлеуметтік бейнесін, тұрмыс салтын, үйде, тұрмыста оны қоршаған ортаны, әдептілік принциптерін, рухани байлығын, идеалын, немен айналысатынын, психологиялық ерекшеліктерін, жауаптылық қабілетінен айырмайтын психикалық өзгешеліктерін, жасаған ұнамды немесе ұнамсыз әрекеттерін, еңбек ұжымындағы беделін, т.б. 
Заң және қылмыстық заң теориясы қылмыс жасаған адамға тән белгілер жиынтығын екі топқа бөледі: бірінші топты қылмыс субъектісінің белгілері құрайды, екінші топ қылмыскердің жеке басын сипаттайтын белгілерді біріктіреді. 
Субъектінің есі дұрыстығы, ең төменгі жасы, арнаулы субъекті туралы мәліметтер қылмыс құрамының міндетті түрдегі белгілері болып табылады, олар әрекеттің қоғамдық қауіптілігін сипаттайтын көрсеткіштер. 
ҚР Жоғарғы   сотының практикасында заңның бұл талабына баса назар аударылған. Сотталушының жеке басы туралы мәліметтерді жан-жақты есепке алу қажеттігіне соттар әрқашан да мән береді. Атап айтқанда, сотталушының денсаулығын, отбасы жағдайын, оның еңбекке қабілеттігін, еңбекке, оқуға көзқарасын, соттылығы туралы деректерді анықтау керек (9, 3 б). 
Жоғарыда аталғандай, айыпкердің жеке басы деген ұғым сипаты жағынан әртүрлі белгілерді қамтиды. Олардың кейбірінде психологиялық, ал кейбірінде әлеуметтік түбір бар. 
Сыртқы жағдай айыпкердің мінез-құлқына ықпал жасай отырып оның сана-сезімін, ерік-ынтасын қалыптастырады, психологиялық келбетіне мазмұн береді. Әркімнің ой-түсінігі өзінше. Әрбір адамның өз көзқарасы, сенімі, дағдысы, жұмысқа, отбасына, айналасындағы адамдарға және тірліктегі басқа құндылықтарға деген өз түсінігі болады. Әр адам өмір құндылықтарын өзінше сатылап, бір жүйеге келтіреді, оны А.И.Чучаев «өмір құндылықтарының сатысы» деп дұрыс атаған, ол сатыда әр құндылықтың өз орыны бар, ал түзеу процесі дегеніміз — сол құндылықтарды «ауыстыру» арқылы әрқайсын өзінің лайықты орынына қою (10, 409 б). 
Адамның сана-түсінігінің бұзылу сипаты жасалатын қылмыстың түрін анықтайды, ал оның қаншалықты бұзылғандығы - қылмыстық мінез-құлықтың сипатын көрсетеді. Жаза тағайындаған кезде сот сол адамның өмір құндылықтарына көзқарасын, оның ой-түсінігінің бұзылу сипатын және қаншалықты бұзылғандығын қалайда ескеруі тиіс. 
Сонымен қатар адамның әлеуметтік қасиеттерінің маңыздылығын да бағалау керек. Сот айыпкерді тек қылмыстық жауапкершілікті көтере алатын жәй субекті ретінде ғана емес, қоғамның, белгілі бір адамдар ұжымының мүшесі, адам ретінде қарастыру керек. «Адам - қоғамдық қатынастар жиынтығы, адамның ой-түсінігі әуелбастан-ақ қоғамдық өнім, ол адамға тән ерекшелік болып қала береді», - деген К. Маркс (11, 3 б.). 
Сот айыпкердің қоғамға қауіптілік дәрежесінің жоғары немесе төмен екендігін көрсететін оның әлеуметтік қасиеттерін ашуға тиіс. Жаза тағайындаған кезде сот сотталушының мынадай әлеуметтік ерекшеліктерін ескеруге тиіс: еңбек міндеттемелерін орындауға көзқарасын, нормативтік міндеттеулер мен этикалық ережелерді сақтауын, тұрмыстағы мінез-құлқын, т.б. 
Айыпкердің жеке басын сипаттайтын мән-жайларды жаза тағайындау кезінде ескермеу жазаның немқұрайды тағайындалуына жол береді. 
Жаза тағайындаудың басты негіздеріне істің жауаптылық пен жазаны ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларын есепке алу жөніндегі заң талабы жатады. 
ҚР ҚК-нің 53, 54-баптарында көзделген бұл мән-жайларды айыпкер жасаған қылмыстың сипаттамасына да, оның өз жеке басының сипаттамасына да жатқызуға болады, олар сот тағайындайтын жазаның түрі мен мөлшеріне ықпал жасай алады. 
Жеңілдететін мән-жайлардың болуы жасалған қылмыстың, не қылмыскердің жеке басының қауіптілігін азайтады, басқадай барлық тең жағдайларда жеңілдеу жаза тағайындауға мүмкіндік береді. 
Ауырлататын мән-жайлар, ондайлар болмаған жағдайларға қарағанда, ауырырақ жаза тағайындауға себеп болады. 
Заңда көрсетілген ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды есепке алу соттың құқығы емес, міндеті. Сондықтан да, жаза тағайындаған кезде істегі ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларға назар   аудармаған      соттар   заңда   көзделген міндеттерін бұзады. Егер сот ауырлататын және жеңілдететін мән-жайларды жаза тағайындаған кезде ескеріп, оны үкімде көрсетсе, сотталған адам үшін де, сот мәжілісіне қатысқандар үшін де үкім дәлелді болып көрінеді, үкімнің жаза тағайындауға қатысты бөлігі бойынша заңдылықтың сақталғанын тексеруде жоғары тұрған сот сатысының қызметін жеңілдетеді. 
Жаза тағайындағанда сот сотталған адамға, сол жазаның оны түзейтіндей ықпалы болатынын, жазалаудағы мақсаттың   орындалатынын болжауы керек, сонан соң барлық мән-жайларды ескеріп, жазаның түрін және оның мөлшерін анықтауы тиіс. Сонымен қатар адамгершілік принципін басшылыққа алып, айыпкерге тағайындалған жазаның оның отбасына немесе асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына қандай әсер ететіндігін де сот ескеруге тиіс.  
Жаза тағайындағанда сот бұл талаптың материалдық және психологиялық жақтары бар екендігін ескеруі қажет. Мысалы, айыппұл салу, мүлкін тәркілеу және т.б., яғни айыпкерді қандай да бір дүние-мүліктен айыруға байланысты жаза тағайындалса, ал оның асырауында адамдар болып, оларды өзі ғана асырап отырса, әрине жаза оның отбасының тұрмыс жағдайына әсер етеді, бұл жағдай да ескерілуге тиіс. Мұндай жағдайды сот жазаны жеңілдететін мән-жайға жатқызса, ал айыпкердің өзінің отбасы алдындағы жауапкершілігі байқалса және оның қартайған, қаражатсыз ата-анасы, еңбекке жарамсыз көп баласы болса, ал сотталған әйелдің артында жалғыз өзі асырап, тәрбиелеп отырған баласы қалса, мұның түзелуге ықпалы болады. Егер айыпкер өз отбасы мүшелерін жәбірлеп ұрып-соғатын болса, өз балаларына немесе асырауындағы адамдарға қатыгез мінез көрсететін болса, онда жоғарыда көрсетілген мән-жайды сот ескермеуге тиіс. 
Бірақ, тағайындалған жазаның айыпкердің отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тұрмыс жағдайына тигізетін ықпалын ғана ескеруге болмайды, себебі, егер бұл мән-жайлар ескеріліп, ауыр қылмыс жасаған немесе қоғамға аса қауіпті адамға өте жеңіл жаза тағайындалған болса, сол адамның қылмысынан жәбір шеккен адамның алдында да, жалпы қоғам алдында да әділдік үміті ақталмайды. 
Кәмелетке толмаған адамға жаза тағайындағанда сот, осы қарастырылған мән-жайлардан басқа, оның өмір кешу және тәрбиелену жағдайларын, психикалық даму деңгейін, жеке басының өзге де ерекшеліктерін, сондай-ақ оған жасы үлкен адамдардан қандай ықпал болғанын ескереді. Бұл өте дұрыс, себебі кәмелетке толмаған айыпкердің есейіп қалыптасуында маңызды рөл атқаратын бұл мән-жайлар оған жаза тағайындағанда ескерілуі тиіс. 
Жазаны жеке даралау принципінің бір жүйемен міндетті түрде жүзеге асырылуы, әрбір нақты жағдайда істің барлық мән-жайларының жиынтығы, қылмыстың сипаты мен қауіптік дәрежесі, қылмыскердің жеке басын сипаттайтын мән-жайлар ескерілсе ғана мүмкін болады. 
 
1.2 ЖАЗА ТАҒАЙЫНДАУДЫҢ ТҮРЛЕРІ 
1.2.1 Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау 
 
Егер адам ҚК-тің әртүрлі баптарында немесе бір бабының әртүрлі бөліктерінде көзделген екі немесе одан көп қылмыстарды жасағаны үшін айыпты деп танылып, олардың ешқайсысы бойынша сотталмаған болса, сот әр қылмыс үшін негізгі, ал керек жағдайда қосымша жаза тағайындап, олардың жиынтығы бойынша түпкілікті жазаны жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру жолымен немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу жолымен белгілейді (ҚК-тің 58-бабының 1 бөлігі). Қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау процесі екі кезеңнен тұрады: 
1)  жиынтыққа кіретін қылмыстардың әрқайсына бөлек  жаза тағайындау; 
2)   сол қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза белгілеу. 
Жиынтықты құрайтын қылмыстардың әрқайсына бөлек жаза тағайындау ҚК-тің 58-бабының маңызды талабы, одан ауытқуға жол берілмейді. Жаза тағайындаудың мұндай тәртібі сотталғаннан кейін айыпкерге қылмыстың әрбір нақты түрі бойынша рахымшылық немесе кешірім жасауды қолдануға мүмкіндік береді. Қылмыстық істі кассациялық немесе қоғамдық тәртіпте қараған жағдайда әрбір бөлек қылмыс үшін тағайындалған жазаны, егер негіз болса, жеңілдетуге немесе үкімнен тіптен алып тастауға мүмкіндік болады. Сонымен қатар кейбір қылмыс үшін жаза тағайындай отырып заң оның құқыктық салдарын қарастырған. Мысалы, қылмыстың қайталанғандығының орын алғандығын анықтау (ҚК-тің 13-бабы), бас бостандығынан айырғанда колонияның нысанын белгілеу (ҚК-тің 48-бабы), т.б. 
Қылмыстардың жиынтығы бойынша түпкілікті жаза тағайындау әрбір қылмыс бойынша тағайындалған жазаларды жеңілірек қатаң жазаны ауырырақ қатаң жазаға сіңіру немесе тағайындалған жазаларды толық немесе ішінара қосу принципі бойынша жүргізіледі. 
ҚК-тің 58-бабының 2 бөлігінде белгіленген жағдайларда ғана соттың сіңіру немесе қосу принциптерін тандауға кұқы бар, яғни ауырлығы шамалы қылмысты жасағаны үшін жаза тағайындағанда ғана. Басқа жағдайларда (егер жиынтықка тек ауырлығы шағын ғана емес, басқа санаттағы да қылмыстар кірсе) сот тек жазаларды қосу принципін ғана колдануға міндетті. 
Сіңіру принципін қолданғанда сот ҚК-тің Ерекше бөлімінің айыпкердің әрекеті сараланатын бабын назарға алмайды, жасалған әрбір қылмыс үшін осы санкциялар шегінде тағайындалған нақты жазаларды назарға алады. Жеңілірек қатаң жаза ауырырақ қатаң жазаға сіңіріледі. Егер сот сотталғанға ҚК-тің 221-бабының 2 бөлігі бойынша үш жыл бас бостандығынан айыруды белгілесе, ал ҚК-тің 341-бабының 1 бөлігі бойынша екі жыл бас бостандығынан айыруды белгілесе, қатаңырақ жаза - үш жыл, жеңілірек жаза  екі жылды өзіне сіңіреді, ал жиынтық бойынша түпкілікті жаза — үш жыл бас бостандығынан айыру болады. Жиынтыққа кіретін қылмыстар үшін әртүрлі жаза тағайындағанда да осы принцип сақталады. 
Мысалы, бірінші қылмыс үшін сот айыпкерге бір жыл мерзімге түзеу жұмыстарын, жалақысының 20%-ін ұстауды тағайындады, ал екінші қылмыс үшін — үш жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындады. Қосу принципін қолданып, сот, бұл жағдайда, айыпкердің түкпілікті жазасы ретінде үш жыл бас бостандығынан айыруды тағайындайды. Жазалардың қатаңдығын салыстырғанда сот ҚК-тің 39-бабындағы, яғни жазалар жүйесіндегі көрсетілген жазалардың ретін басшылыққа алады. 
Жекелеген қылмыстар үшін тағайындалған жазаларда қосу толық немесе ішінара болуы мүмкін, бірак барлық жағдайда қосқаннан кейінгі түпкілікті жаза жекелеген қылмысқа тағайындалған жазаның кез-келгенінен қатаң болуға тиіс. Жазаларды толық қосқанда олардың жиынтығы жеке жазалардың қосындысына тең болуға тиіс. Жазаларды ішінара қосқанда басқа қылмыс үшін тағайындалған жазаның бір бөлігі қатаңырақ жазаға қосылады. 
Жазаларды қосуға белгілі бір шектеу қойылған (ҚК-тің 58-бабы). Егер   қылмыстардың жиынтығы тек ауырлығы шамалы қылмыстарды қамтитын болса, онда қосқаннан кейінгі түпкілікті жаза жасалған қылмыстардың ең ауыры үшін жауаптылық жөніндегі   Ерекше  бөлімнің  тиісті  бабының санкциясында   көзделген   жазаның   ең   көп мерзімінен немесе мөлшерінен асуға тиіс. Мысалы, адам ҚК-тің 182-бабының бірінші бөлігі және ҚК-тің 253-бабы бойынша сотталады. Бұл қылмыстың екі түрінің біріншісі ауырырақ болып саналады, ол үшін ең қатаң жаза - екі жылға бас бостандығынан айыру. ҚК-тің осы көрсетілген баптары бойынша бөлек тағайындалған жазаларды қосу принципін қолданып, сот тек 2 жылға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындай алады. Егер қылмыстар жиынтығы орта ауырлықтағы қылмысты, ауыр және ерекше ауыр қылмыстарды қамтыса, онда түпкілікті жаза тек жазаларды косу принципін қолдану жолымен тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі түпкілікті жаза қолданылған қылмыстық заң нормаларының ауқымымен шектелмейді, тіптен 20 жыл шегінде тағайындалуы мүмкін. Егер қылмыстар жиынтығы жиырма жылға дейінгі мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза көзделген кемінде бір ерекше ауыр қылмысты қамтыса, бұл жағдайда да түпкілікті жаза тек жазаларды қосу принципі жолымен ғана тағайындалады. Бұл жағдайда бас бостандығынан айыру түріндегі жаза 25 жылға дейінгі мерзімге тағайындалуы мүмкін. 
Сонымен соттың қылмыстар жиынтығы болғанда жаза тағайындау принциптерін, сондай-ақ жазаларды қосу принципін қолданғанда бас бостандығынан айырудың ең көп шегін таңдау мүмкіндігін заң реттейді (ҚК-тің 58-бабы) және ол жиынтық құрайтын қылмыстардың қай санатқа жататындығына және олардың арасында 20 жылға дейін мерзімге бас бостандығынан айыру немесе өлім жазасы не бас бостандығынан өмір бойы айыру түріндегі жаза карастырылған қылмыстардың бар-жоғына байланысты. Мысалы, егер сот айыпкерге ҚК-тің 288-бабының 1 бөлігі бойынша алты ай мерзімге қамауға алу, ал 101-баптың 1 бөлігі бойынша екі жыл мерзімге бас бостандығынан айыру түрінде жаза тағайындаса, ол толық қосу принципіне сәйкес 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру түрінде жиынтық бойынша түпкілікті жаза тағайындауға құқылы. Егер сот ҚК-тің 101-бабының 1 бөлігі бойынша 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыру жазасын тағайындаса, онда тек ішінара қосуды ғана қолдана алады, яғни 2 жыл 9 айға бас бостандығынан айыруға 288-бап бойынша тағайындалған 6 ай қамауға алудың 3 айын ғана қоса алады, себебі ҚК-тің 101-бабының 1 бөлігінде көзделген мерзімнің ең көп мөлшері 3 жыл, сондықтан түпкілікті жаза одан аспауға тиіс. Сонымен жазаларды қосқанда жазаның ең көп мөлшерін түпкілікті анықтау, егер осы мысалға қатысты алсақ, жиынтыққа кіретін екі қылмыстың да ауырлығы шағын қылмыстар санатына жатқандығына байланысты. 
Осы келтірілген мысалда орын алып отырған әртекті жазаларды косу тәртібі ҚК-тің 61-бабымен реттеледі, онда қылмыстардың жиынтығы және үкімдердің жиынтығы бойынша жазаларды ішінара немесе толық қосу кезінде бас бостандығынан айырудың бір күніне қамаудың немесе тәртіптік әскери бөлімде ұстаудың бір күні, бас бостандығын шектеудің екі күні, түзеу жұмыстарының немесе әскери қызмет бойынша шектеудің үш күні, қоғамдық жұмыстарға тартудың сегіз сағаты сәйкес келеді делінген. 
Кейде сот жиынтық құрайтын қылмыстар үшін әртүрлі, пара-пар емес жазалар тағайындайды. 
Мысалы, бір қылмыс үшін - айыппұл салу, екінші үшін - бас бостандығынан айыру, үшінші үшін — белгілі бір лауазым атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру жазасын қолданады. Әрине, бұл жерде жеңілдеу жазаның катаңдау жазаға — бас бостандығынан айыруға сіңіру принципін қолдануға болады (егер негіз болса). Бірақ бұл жағдайда жазалаудың ықпалы, әсіресе сіңірілген жазаның    жеке сақтандыру мүмкіндігі пайдаланылмайды. Сондықтан да айыппұл салу, белгілі бір лауазымдарды атқару немесе белгілі бір қызметпен айналысу құқығынан айыру, арнаулы әскери немесе құрметті атақтан, сыныптық шеннен, дипломатиялық дәрежеден, біліктілік сыныбынан және мемлекеттік наградаларынан айыру, сондай-ақ   мүлікті   тәркілеу   сияқты   жазаларды   бас  бостандығын шектеу, түзеу жұмыстары, қамау, тәртіптік әскери бөлімде ұстау, бас бостандығынан айыру   түріндегі   жазалармен   қосқан   кезде жазалардың бірінші тобы дербес орындалады (ҚК-тің 61-бабы). Егер жиынтыққа кіретін қылмыс үшін қосымша жазалар тағайындалса, онда олар да, негізгі жазалар сияқты, бірін бірі сіңіре алады немесе біріне бірі қосыла алады. Әртекті қосымша   жазаларды қосқан күнде де (мысалы, айыппұл салу мен мүлікті тәркілеуді) олар дербес орындалады. Қылмыстар жиынтығы бойынша қосымша жазаларды түпкілікті тағайындау тәртібін ҚК-тің 58-бабының 5 бөлімі реттейді, онда қылмыстар жиынтығы бойынша тағайындалған негізгі жазаға жиынтықты құрайтын қылмыстар үшін тағайындалған қосымша жазалар қосылуы мүмкін делінген. Қосқаннан кейінгі түпкілікті қосымша жаза қылмыстың осы түрі үшін белгіленген ең көп мерзімнен немесе мөлшерден асуға тиіс емес (ҚК-тің 40,41, 50, 51-баптары). 
ҚК-тің 58-бабында белгіленген тәртіп іс бойынша сот үкімі шыққаннан кейін сол сотталған адамның бірінші іс бойынша үкім шыққанша басқа қылмыс жасағандығы анықталған жағдайға да таралады. Бұл жағдайда түпкілікті жаза мерзіміне бірінші үкім бойынша толық немесе ішінара өтелген мерзім кіреді. Бұл норма жиынтық құрайтын қылмыстар әр бөлек уақытта ашылып, осы әр бөлек қылмыстар үшін айыпкерді соттау әр уақытта шығарылған екі немесе одан көп үкімдер бойынша жүзеге асырылған жағдайға да қатысты. Мысалы, адам екі қылмыс жасайды — бұзақылық және ұрлық. Бұзақылық үшін ол сотталғанда, оның ұрлығы әлі ашылмаған. Бұзакылық үшін үкім шыққаннан кейін 6 ай өткен соң, ол ұрлық үшін жауапқа тартылып сотталады. Бұл жағдай да қылмыстар жиынтығы деген ұғымға сай келеді, себебі адам бір қылмыс бойынша сотталғанға дейін екі қылмыс жасаған. Сондықтан да бұл ретте де жаза тағайындаудың ҚК-тің 58-бабы белгілеген тәртібі қолданылады. 
ҚК-тің 58-бабының 6 бөлігінде көрсетілген жағдайларда қылмыстардың жиынтығы бойынша жаза тағайындау мынадай үш кезеңнен өтеді: 
1) сот жаңа үкім бойынша, яғни кейін ашылған қылмыс үшін жаза тағайындайды; 
2)  екі үкім бойынша тағайындалған жазалардың жұмсақтауын қатаңдауына сіңіру жолымен немесе жазаларды толық немесе ішінара қосу жолымен, бұрынғы шығарылған үкімдерді ескере отырып, түпкілікті жаза тағайындайды. 
3)  ҚК-тің 62-бабының ережесіне сәйкес бірінші үкім бойынша   жазаның нақты өтелген мерзіміне есептеу жасалады. Жаза мерзімін есептеу дегеніміз - егер адам үкім шыққанша бас бостандығынан айырудың алты айын өтесе, ал сот оған үкім бойынша 3 жыл бас бостандығынан айыру жазасын түпкілікті тағайындаса, онда қылмыстар жиынтығы бойынша екінші үкім шығарылған кезге дейін оған 2 жыл 6 ай бас бостандығынан айыру жазасын өтеу керек. 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚОРЫТЫНДЫ 

Жауаптылықты жеңілдететін және ауырлататын мән-жайлар дегеніміз -  айыпкердің жеке басына және ол жасаған қылмысқа қатысты әртүрлі факторлар, олар жасалған қылмыс пен оны жасаған қылмыскердің қоғамға қауіптілігін тиісінше азайтады немесе арттырады, нәтижесінде жауаптылық деңгейі де өзгереді, ол факторлар жаза белгілеуге де ықпалын тигізеді. 
Жеңілдететін мән-жайларды есепке алу сотқа мынадай құқық береді: 
а) балама санкция болса жазаның жеңілірек түрін қолдануға; 
б)  ҚК-тің сол қылмыс сараланатын бабындағы санкция белгілеген ең аз немесе соған жақын мерзім тағайындауға; 
в)  ҚК-тің 55-бабын пайдаланып, сол қылмыс үшін көзделгеннен жеңілдеу жаза қолдануға; 
г)  шартты түрде соттауды немесе жаза өтеуді кейінге қалдыруды қолдануға. 
Ал,   ауырлататын   мән-жайлардың   болуы, керісінше, сотқа мынадай мүмкіндік береді: 
а) балама санкцияда көрсетілген жазалардың ауырын тағайындауға; 
б)  ҚК-тің сол қылмыс сараланатын бабындағы санкция белгілеген ең көп немесе соған жақын мерзім тағайындауға; 
в)   ҚК-тің   55-бабын  қолдану  мүмкіндігін болдырмауға; 
г)  шартты түрде соттау немесе жаза өтеу мерзімін кейінге қалдыру мүмкіндігін болдырмауға. ҚК-тің 54-бабы 1 бөлігінің «а» тармағында көзделген ауырлататын мән-жайлар болса, сот тағайындайтын жазаның ең аз шегі ҚК-тің 59-бабының 2 бөлігіне сәйкес анықталады. 
Жеңілдедетін және ауырлататын мән-жайлардың болуы тек жаза тағайындау процесінде ғана емес, айыпкерді қылмыстық жауаптылыққа тарту-тартпау немесе жауапкершіліктен мүлде босату жөніндегі мәселені қарастырғанда да ескерілуі тиіс. Мысалы, қылмыстық жауаптылықтан босатудың ҚК-тің 375-379 және 381-баптарында көзделген түрлерін қолдану жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жайлардың болуына байланысты. 
 

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер 
 
1. Беляев Н.А.  Цели наказания и средства их достижения в исправительно-трудовых учреждениях/ Н.А. Беляев.- Л., 1963.- 25-26 б. 
2. Карпец И.И. Наказани:Социальные, правовые   и криминологические проблемы/ И.И. Карпец.- М.: Юрид. Лит, 1973.- 141 б. 
3. Тарбагаев А.Н. Понятие   и   цели  уголовной ответственности/ А.Н. Тарбагаев.- Красноярск, 1986.- 102 б. 
4. Марцев А.И. Теоретические вопросы общего и специалъного предупреждения преступления: Заң ғылымдарының докторы диссерт. Автореф/ А.И. Марцев.- Свердловск, 1975.- 24-25 б. 
5. Карпец И.И. Көрсетиген жүмыстың 156-157 беттері, жазадан босату. — М., 1973.- 6 б. 
6. Шаргородский М.Д. Наказание по советскому уголовному праву/ М.Д. Шаргородский.- М., 1958.- 198 б. 
7. Полубинская С.В. Цели уголовного наказания/ С.В.Полубинская.- М., Наука.- 1990.-486 б. 
8. Карпец И.И. Индивидуализация наказания/ И.И. Карпец.— М., 1962.-  27 б. 


Информация о работе Қылмыстық құқықтағы жаза тағайындау