Құқықтық мемлекет құрудың
және тұлға еркіндігін қамтамасыз етудің
бірден-бір бастауы – конституциялық
заңдылықты қамтамасыз ету маңызды мемлекеттік
міндет болып табылады. Заңдылық – бұл
бүкіл қоғам мен мемлекет өмірінің іргетасы
әрі қалыпты қызмет істеуінің ажырамас
шарты. Президент Н.Назарбаев: «Қоғамды
жаңғырту және демократияландыру жолындағы
міндеттерді шешу еліміздің Конституциясы
мен заңдарын қатаң басшылыққа ала отырып
қамтамасыз етілуге тиіс. Заңға бойұсынуды
санамызға сіңіру қоғамның басты міндеттерінің
бірі болып қалады…», – деп бірнеше рет
атаған болатын.
Ал осы орайда Конституциялық
заңдылықты қамтамасыз ету және Конституцияны
уақыт талабына сәйкестендіру жолында
Ата Заңның үстемдігін, тікелей қолданылуын
және қорғалуын қамтамасыз етіп отырған
Конституциялық Кеңеске маңызды рөл беріледі.
Өзі қызмет атқарып отырған уақыт ішінде,
мемлекетіміз ұстанған тұлға еркіндігінің
кепілдіктерін нығайту, саяси өмірді қарыштап
дамыту бағытында ол 140-тан астам нормативтік
қаулы шығарып, Парламентке 15 жолдау жіберді.
Республикадағы конституциялық
заңдылықтың жай-күйі туралы өзінің алғашқы
жолдауларының бірінде Конституциялық
Кеңес атап өткендей, Конституцияның қызмет
атқаруы қоғамдағы конституциялық заңдылық
режімін қамтамасыз етеді. Бұл саяси-құқықтық
режім қоғам өмірінің барлық субъектілерінен
конституциялық нормаларды қатаң және
бұлжытпай сақтауды және орындауды талап
етеді. Конституция мен заңдарды орындау
– бұл өмірдің қажетті әрі тұрақты ережесі,
ал заңдарды Конституцияға сәйкестендіру
– конституциялық заңдылық сақталуын
қамтамасыз етудегі маңызды қадам.
Негізгі Заңның 74-бабына сай
Конституциялық Кеңес ел Конституцияға
сәйкес емес деп тапқан заңдар мен халықаралық
шарттарға қол қойылмайды немесе тиісінше
бекітілмейді және күшіне енгізілмейді.
Конституциялық Кеңес адамның және азаматтың
Конституцияда баянды етілген құқықтары
мен бостандықтарына нұқсан келтіреді
деп тапқан заңдар мен өзге де нормативтік-құқықтық
актілердің күші жойылады және қолданылуға
жатпайды. Конституцияның 78-бабына сәйкес
«соттардың Конституциямен баянды етілген
адамның және азаматтың құқықтары мен
бостандықтарына нұқсан келтіретін заңдар
мен өзге де нормативтік- құқықтық актілерді
қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға
тиісті заң немесе өзге де нормативтік-құқықтық
акт Конституциямен баянды етілген адамның
және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына
нұқсан келтіреді деп тапса, іс жүргізуді
тоқтата тұруға және осы актіні конституциялық
емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық
Кеңеске жүгінуге міндетті. Азаматтардың
және олардың қоғамдық бірлестіктерінің
Конституция мен заңдарды сақтауға, «өзге
адамдардың құқықтарын, бостандықтарын,
абыройы мен қадір-қасиетін құрметтеуге»
міндеттілігі Конституцияның 34-бабында
бекітілген конституциялық заңдылық талаптары
арасында ең маңыздыларының бірі болып
табылады. Конституция мемлекеттік органдардың
қызметіне де осындай талаптар қояды.
Мәселен, Негізгі Заңның 62-бабының 7-тармағында
және 69-бабының 3-тармағында: «Республиканың
заңдары, Парламент пен оның Палаталарының
қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге
тиіс…», сондай-ақ «Үкіметтің қаулылары
және Премьер-Министрдің өкімдері Конституцияға,
заң актілеріне, Республика Президентінің
жарлықтары мен өкімдеріне қайшы келмеуге
тиіс», – деп белгіленген.
Бұдан да маңыздысы, Конституция
жеке тұлғаның құқықтары табиғи жолмен
пайда болатындығы туралы доктринаны
қабылдап, заңдар және өзге де нормативтік-құқықтық
актілердің мазмұны мен қолданылуы адам
құқықтары мен бостандықтарына қарай
анықталады деп бекітті. Бұл конституциялық
новелла халықаралық деңгейде танылған
адам құқықтары саласындағы негізгі қағидаттардың
бірі – жалпы адами құндылықтардың және
тұлға еркіндігінің мемлекет алдындағы
басымдығын алғаш рет жүзеге асырды. БҰҰ-ның
Бас Ассамблеясы 1948 жылғы 10 желтоқсанда
қабылдаған Адам құқықтарының жалпыға
ортақ декларациясының және тұлға еркіндігі
туралы өзге де маңызды халықаралық құқық
актілерінің барлық ережелері Қазақстанның
қолданыстағы Конституциясында баянды
етілген.
Конституциялық Кеңестің
бірқатар нормативтік қаулыларында тұлға
еркіндігінің конституциялық өлшемдері
айқындалған. Өзінің алғашқы қаулыларының
бірінде (1996 жылғы 28 қазандағы № 6/2) Конституциялық
Кеңес, адам құқықтары мен бостандықтарының
тізбесіне мемлекет Республика Конституциясының
және соған сәйкес келетiн басқа да нормативтiк-құқықтық
актiлердiң нормаларымен белгiлеген шекте
кепiлдiк бередi. Адамның аталған құқықтары
мен бостандықтарын абсолюттi деп тану
олардың ел аумағында тұратын әр адамға,
оның Республика азаматы болуы-болмауына
қарамастан, қолданылады дегендi бiлдiредi.
Конституция белгiлеген құқықтар пен бостандықтардан
адамды ешкiм, соның iшiнде мемлекет те,
Конституция мен соның негiзiнде қабылданған
заңдарда көзделгеннен басқа жағдайларда,
айыра алмайды.
Негiзгi Заңда адамның, оның
құқықтары мен бостандықтарының
ең қымбат қазына деп танылуы, конституциялық
түрде ұйымдасқан қоғамның негiзiн құрайтын
және әркiмге өзiн-өзi қалай ұстауын заң
шеңберiнде таңдауына заңды түрде танылған
және мемлекет қорғайтын мүмкiндiк беретiн
консттуциялық құрылыстың түбегейлi қағидаты
болып табылады. Конституцияның «Адам
және азамат» деп аталатын II бөлiмiнде
баянды етiлген адамның және азаматтың
негiзгi құқықтары мен бостандықтары, солардың
iшiнде құқық субъектiсi ретiнде танылу
құқығы, өмiр сүру құқығы, жеке басының
бостандығына құқығы, қадiр-қасиетiне қол
сұғылмауына құқығы, сөз еркiндiгi және
басқалары, әркiмге тумасынан жазылған,
олар абсолюттi деп танылады және олардан
ешкiм айыра алмайды, ал бірқатар құқықтар
мен бостандықтар, оның үстiне, – ешбiр
жағдайда да шектелмейтін құқықтар болып
табылады.
Елбасы мақұлдаған 2010 жылдан
2020 жылға дейінгі кезеңге арналған
құқықтық саясат тұжырымдамасының талаптарын
іске асыру Республикадағы конституциялық
заңдылықты нығайтуда маңызды орын алады.
Тұжырымдамада атап көрсетілгендей, Конституция
мемлекеттің заңнамалық, ұйымдастырушылық
және басқа да шараларымен жүзеге асуы
тиіс құқықтық идеялары мен қағидаттарын
одан әрі іске асыру ұлттық құқықты дамытудың
негізгі бағыттарының бірі болып табылады.
Осыған орай мемлекеттік және қоғамдық
институттардың күш-жігері елдің Негізгі
Заңының барлық конституциялық айқындамаларда
қамтылған жасампаз әлеуетінің жүзеге
асырылуы төңірегінде шоғырлануы тиіс.
Заңнаманы жетілдіру үдерісінде және
құқық қолдану қызметі барысында Конституцияның
үстемдік қағидатын және төменгі деңгейдегі
актілердің жоғары деңгейдегі актілердің
нормаларына сәйкестігін бұлжытпай сақтау
қажет.
Тұжырымдамада, сонымен қатар,
конституциялық заңдылық режімін, Конституцияның
қағидаттары мен нормаларын нақты түсіндіру,
ұлттық құқық пен құқық қолдану тәжірибесін
дамыту бағдарын қалыптастыруды қамтамасыз
етудің маңызды тетіктерінің бірі – Конституциялық
Кеңес қызметінің тиімділігін арттыру
және мемлекеттің құқықтық саясатында
оның нормативтік қаулыларын толығымен
іс жүзіне асыру болып табылады, деп атап
көрсетілді.
Осыған байланысты Конституциялық
Кеңестің шешімдерін орындамау, уақтылы
орындамау немесе жарым-жартылай орындау
фактілері орын алып отырғанына назар
аударғанды жөн деп білемін.
Заңнамалық жолмен іске асырылуға
тиіс мәселелер әлі де баршылық. Мәселен,
Конституцияның 13-бабының 3-тармағына
сәйкес әркімнің білікті заң көмегін алуға
құқығы бар. Заңда көзделген реттерде
заң көмегі тегін көрсетіледі. Қазіргі
уақытта тегін заң көмегін көрсету «Адвокаттық
қызмет туралы» Заңның 6-бабында, Республиканың
іс жүргізу кодекстерінде қарастырылған.
Халықты тегін заң көмегімен қамтамасыз
ету саласындағы бірыңғай мемлекеттік
саясатты белгілейтін заңды қабылдап,
әркімнің тегін заң көмегін алу құқығына
конституциялық кепілдіктерді жүзеге
асыру мақсатында қабылданып отырған
ұйымдастырушылық-құқықтық, әлеуметтік-экономикалық,
ақпараттық және өзге де шаралардың жиынтығын
осы заңда бекіту қажет деп пайымдаймыз.
Мемлекет басшысы мақұлданған Адам құқықтары
саласындағы 2009-2012 жылдарға арналған ұлттық
іс-қимыл жоспарында «Білікті заң көмегін
тегін көрсету туралы» заңды 2011 жылғы
1 қазанға дейін қабылдау қажет екендігі
айтылған болатын. Алайда, мұндай заң әлі
қабылданбады. «Қазақстан Республикасы
Әділет министрлігінің 2011-2015 жылдарға
арналған Стратегиялық жоспары туралы»
Үкіметтің 2011 жылғы қаулысымен «Білікті
заң көмегін тегін көрсету туралы» Қазақстан
Республикасы Заңының жобасын әзірлеу
2013 жылға қалдырылды.
Конституциялық Кеңес
шешімдерінің тиімділігі олардың заң
жобасы әзірленуіне, заңдардың және өзге
де нормативтік-құқықтық актілердің қабылдануына
және қолданылуына тигізетін ықпалымен
айқындалады. Әрине, Конституциялық Кеңестің
іс жүргізуі барысында түрлі құқықтық
актілер арасындағы сәйкессіздік; қолданыстағы
заңдар мен нормативтік актілердің жиі
өзгеруі, соның салдарынан олар реттейтін
қоғамдық қатынастар саласының тұрақтылығына
зиян келуі; заңнамалық актілерді қабылдаудың
салдары талдамалық және болжамдық тұрғыдан
дұрыс бағаланбауы; әлеуметтік, экономикалық,
құқық қолдану, халықаралық және басқа
да салалардағы өзгерістерді ескере отырып,
заңнаманы түзету ісінде шабандық танытылуы;
нақты тұжырымдалмауы, көпе-көрнеу сапасыз
құқықтық нормалардың еніп кетуі; сондай-ақ
құқықтық нормалардың тікелей талаптарын
себепсіз созбалаңға салып, ұзақ уақыт
орындамау секілді нормативтік реттеу
саласының кемшіліктері жиі кездеседі.
Демек, осы ұсыныстарды
іске асыру конституциялық заңдылықты
нығайту жөніндегі іс-шаралар кешенінің
үйлесімді бір бөлігіне айналмақ, ал конституциялық
заңдылықты сақтау міндеті қоғамдық қатынастар
субъектілерінің бәріне, бірінші кезекте
мемлекеттік органдар мен олардың лауазымды
тұлғаларына жүктелген.