Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы ұлттық тәрбие мәселесі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Февраля 2013 в 13:22, лекция

Краткое описание

ЗЗаманымыздың заңғар жазушысы, қазақ әдебиеті мен мәдениетінің XX ғасырдағы биік шыңы — ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп,

Прикрепленные файлы: 1 файл

«МҰХТАР ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІ.doc

— 56.00 Кб (Скачать документ)

«МҰХТАР ӘУЕЗОВ ШЫҒАРМАЛАРЫНДАҒЫ ҰЛТТЫҚ ТӘРБИЕ МӘСЕЛЕСІ»

 

 

 

 

 

 

Заманымыздың заңғар жазушысы, қазақ  әдебиеті мен мәдениетінің  XX  ғасырдағы биік шыңы — ұлы Мұхтар Омарханұлы Әуезовтің артында қалған ұланғайыр мұрасын зерделеп, ой елегінен өткізу үшін де әр дәуірдің, әр ұрпақтың өз айтар сөзі, таным-түсінігі болатыны сөзсіз. Егемен ел жағдайында ұлы жазушы мұрасына деген ілтипатымыз да осындай бір ұмтылыстың көрінісі болмақ. Ғасырлар бойы көшпелі тіршілікті бастан кешіріп, XIX ғасырдың бел ортасында жол айрығына келген қазақ өмірінің барлық әні мен нәрін, сыны мен сырын, соры мен бағын теңдессіз тарихи тұлға Абай тағдыры арқылы әрі көркем, әрі түпсіз ой көзімен ашып берген суреткер туралы талай-талай ізденістер жалғаса бермек. Олай болатыны Мұхтар Әуезов шығармашылығы ғасырлық өлшемдердің аясына әлдеқашан именбей-ақ енген.

Ұлы жазушы, ғалым, қоғам қайраткері Мұхтар Әуезовтің көркем мұрасы біздің төл әдебиетіміздің ғана емес, бүкіл  адамзат мәдениетінің де жетістігі. Романшы, драматург, ғалым, сценаршы, аудармашы — бұл ұлы қаламгер дарынның толық емес тізімі. Оның Абай туралы эпопеясы мен асқан шеберлікпен жазылған шағын әңгімелері, повестері XX ғасырдағы қазақ әдебиетінің алтын қорына мәңгілік енеді.

 «Абай», «Таң», «Шолпан» журналдарында жарияланған алғашқы әңгімелері мен зерттеу мақалаларынан, повестері мен драмалық шығармаларынан-ақ өзін қалыптасқан қаламгерлік жазу өрнегі, белсенді азаматтық бет-бағдары мен пікір толғамы бар сөз зергері ретінде бар даусымен мәлімдеді.

Мұхтар Әуезов өзінің «Қазақ әдебиетінің  тарихы» (1927, 1991) атты еңбегінде ұлттық педагогика мен ұлттық психологияның жекелеген мәселелерін қазақтың ауыз әдебиеті үлгілері нұсқасынан іздестіріп, қоса қарастырып ғылыми тұрғыда сөз етеді.

Мысал ретінде «Абай жолы» романына сәл көңіл аударалық. Романда талай тақырыптағы тартыстар бар: ру басыларының тартысы, жастардың бас еркіндігі, ел билеу, ана мен бала, жатақтар өмірі, халықтық дәстүр, салт-сана, т.б. тақырыптар. Осы аталған тақырыптарға ортақ бірнеше проблемалар болуы мүмкін. Мәселен, адамгершілік, ізгілік, имандылық проблемасы бірнеше тақырыптарды қамтиды.

Дүиежүзілік классика қорына еніп, ұлы  ақын, ойшыл Абайдың өлмес бейнесін талант қуатымен ашып берген бұл «Абай  жолы»  роман-эпопеясы жазушы шығармашылығының ел таныған асқар шыңы болып табылады. Қазақ халқының қоғамдық-саяси, адамгершілік және эстетикалық өмірінің энциклопедиясы деп әділетті түрде бағаланған бұл роман–эпопеяда өзінің кемеңгерлік тұлғасына  халқының дана қасиеттерін, данышпандық ойларын сіңіріп қана қоймай, алдыңғы қатарлы Батыс Европа елдері ықпалымен ұлттық мінезде қалыптасқан үздік атаулының бәрін жинақтаған ұлы ойшыл ақынның заңғар келбеті бар құдіретімен асқақтай түсті. Халық өміріне терең бойлаған ұлы эпопея халқымыздың тұрмыс-салтын, тіршілігін, әр түрлі әдет-ғұрыптарын суреттеу ерекшеліктерімен қазір де таң қалдырады.

Үлкен суреткер Мұхтар Әуезовтің данышпандық  туындысы — «Абай жолы» эпопеясынан  осындай жалпылық пен жалқылық белгілердің, ұлттық өрістер жалпы адамдық  мол айдынға ұласып жататын кең  тыныстылықтың айқын мысалдарын көреміз. Сонымен бірге олардың ешқайсысы да кейіпкер мінезіне сырттан тағылған моншақ немесе сәндік әшекей секілді көрінбей, оның ішкі табиғатымен  табысқан тұтастық танытады. Мұны да біз ең алдымен эпопеяның басты тұлғасы Абай бейнесінен, оның өрісті өмірінің әрбір кезеңінен сезінеміз.

Екінші кітаптың басында Құнанбай Мекеге жүрмек болып жатқанда,оның алдынан Дәркембай шығып, Дәрменнің  жоғын жоқтап, мойныңдағы қарызыңды  өтеп кет деп келеді. Құнанбай Дәркембайға  қаһар төге, ақырып сөйлейді. Абай әділдік іздеген жоқшы қартқа бұрылып:

«— Дәркембай! Айтпасыңа болмаған шығар. Орайлы арызың болған соң, қысылшаң жерде айтсаң да, айыптай алмаймын. Мен қарыздармын әкем үшін...»— дейді. Сосын арызшы ақсақалды сүйемелдеп тұрғызып, қасындағы балаға қалтасынан ақша суырып береді. Абай бұл жерде, ең алдымен әкесінің абыройын ойлап, жұрт алдында беделінің төгілмеуін ойлап тұр. Сырт қарағанда бұл тұста өзгеше ештеңе танылмайтын сияқты. Ал бірақ қыр елінде әке намысын ойлаған ақылды балаларда кездесе беретін осы мінезде қаншама қазақтық, қаншама ұлттық бояу жатыр.

Абай ел ардақтысы атанса, бұл оның әкесі Құнанбайдың ірі  феодал, азулы шонжар болғандығынан  емес. Бұл — оның балдырған дәуірінен  бастап Зере әжесінен, сахараның шаң  жұқпас ақын-импровизаторларынан алуан  түрлі аңыз-ертегі, өлең-жыр естіп, бойына сіңіріп, ойына тоқып, солардың аясында тербеліп өскендігінен.

 Роман-эпопеядағы әйелдер  бейнесінде ерекшеленіп, шоқ жұлдызындай  дараланып тұратын бейне —  Зере әже бейнесіне тоқталсам  деймін. Шығарма бойында Зере  бейнесімен санасатын, салыстыратын бейне жоқ. Тек асыл әже орнын басар өкшелеп келе жатқан ардақты ана Ұлжан ғанадай.

Халық жадындағы түрлі  ертегілермен, өлеңдермен немересін  сусындатып өсірген әжесі Абайдың  ұлы ақын болып өсуіне мол үлес қосқан. Шығармада Зере бейнесі ара-тұра кездескенмен, шырмаулы дүниенің шешімінде кездесіп жатады.

Абайдың әкесімен Қарқаралыға аттанар  тұсында тысқа шығып шығарып  салған әже өз баласына:

«— Әруақ қолдасын, жолың болсын, Абайжаным!» — деп маңдайынан иіскеп тілек айтады. Бұл жерде  ананың балаға деген сүйіспеншілігі мен мейірімділігі көрінеді.

Осы тұста Ұлжан жайлы да айта кетуді жөн көрдім.Ұлжан Абайды шақырып  алып, аттандырады да кеңесін айтады:

«— Балам, үлкендер бірде тату, бірде араз бола беретін. «Күндестің күлі— күндес» дегенді сен білмей-ақ қой. Бөжекеңді көрген жерде сәлемеңді түзу бер... Әкең дұшпан десе, сен әділ бол!  Жамандыққа кім табылмайды дейсің, жан ашырдан айрылма» — деп, ақылын береді. Міне, бұл адамгершілік пен ақылдылықтың белгісі.

Ұлжандай анасын сүйіп  өскен Абай айналасындағы қыздар да сүйкімді. Мәселен, Тоғжанның жүріс-тұрысының өзінен тәрбиеліліктің нышаны танылады: «Тоғжан есікке қарай қозғалғанда, Абай қадалып, телміре қарап қалып, бешпентін шеше беріп еді... Дәл шығар жерде ғана, есік ашқан келіншекті ілгері шығарып жіберіп еді, өзі бір түрлі сұлу қозғалыспен сырт айнала беріп, төрге таман ақырғы рет бетін беріп, үй ішінен сыртымен шықты». Қыз қозғалысында әсемдікпен қатар тәрбиелілік, көрегендік байқалады. Мұхтар Әуезов әйел бейнесін суреттеуде тек оның сұлулығын ғана емес, өзге халық әйелдерінен табыла бермейтін мінезді, тартымдылықты айғақтай түседі.

Жиырмасыншы жылдардың бас кезінде  жазылған әңгімелерінде жазушы қазақ  даласына өзгеше көзқараспен қарайды. Дәріптемейді, мадақтамайды. Ғасырлар бойы көшпенді халық осы даланың мейірімсіз мінезінен жапа шекті. Әлі келгенше төтеп берді. Өзгерістері жоққа жақын ескі ауылдық әдет-ғұрпы оқыған жасқа ұнамады.

«Қорғансыздың күні» (1922), «Кім кінәлі?» (1923), «Ескілік көлеңкесінде» (1925) т.б. әңгімелерінде ол «Абай жолы» роман-эпопеясына апаратын жолды барлағандай көрінеді. Әсіресе, «Қорғансыздың күні» тынысы кең әңгіме. Онда адам бақытына, еркіне тұсау болатын ескі ауылдың сіреспе, артта қалған әдет-ғұрыптары әшкереленеді. Әңгімеде бес кейіпкер бар —  ол болыс Ақан, оның жандайшабы Қалтай сол қатыгездіктен жаралғандай, ал сексендегі кемпір, оның соқыр келіні және немересі Ғазиза сол айуандарға  ар- инабаттылық жағынан қарсы тұр. Жесір әйелдер мен  қыздың күші бұлшық еттерінде емес, олардың күші рухани тазалығында. Мәселен, Ғазиза әжесінің портретіне үңілейік:

«Дауылдың қара бұлтындай  болып, әдейі басына  арналып келе жатқан қайғы- қасіретті көріп, соның  алдынан айласыз-әлсіз күйде  өзінің отырғанын біліп тұрса  да, кемпір жүзінде үлкен сабыр  бар, күйіп-пысып жасығандықтан белгі жоқ. Сынбаған ажар, қажымаған қайрат, салқын ерлік». Автор сүйікті кейіпкерлерін сипаттағанда  олардың ажар-көркін сүйсіне суреттейді. Ғазиза қаратастың шеңгеліне түсті. Ары қорланған қыз басын ажалға байлайды. Өмірден өлімді артық санағандықтан емес. «Малым жанымның садағасы, жаным арымның садағасы» деген ежелгі қазақ халқының мінезін қанына сіңіргендіктен. Балалық жүзінде «Менде жазық жоқ, мен тазамын» — деген ашық тазалықтың белгісі, қайғы-қасіреттен сейілген жас баланың ажары бар» — деп аяқталады әңгіме.

 Мұхтар Әуезов әңгімелерінен  біз қазақ елінің сол кездегі  хал-жағдайын айнадағыдай көреміз.  Ол айнадан алдымен қазақ әйелінің  жабырқау жүзін көреміз. «Кім  кінәлі?» деген әңгіменің бас  кейіпкері Ғазиза деген бойжеткен  қыз. Ол атастырған күйеуіне тигісі келмейді. Өйткені Ісләм деген жігітке ғашық. Ата-бабаларының дәстүрін бұзғаны үшін Ысмайыл ақсақал қызы мен әйелі Қалиманға қатты ашулы. Бірақ көшпенді жұртта әйелдің орны бөлегірек. Қыздың өз тағдырын өз қолына алғысы келетіні көшпенді елдің ерекшеліктеріне байланысты еді.

«— Өсіргенің, асырағаның адыра қалсын! Балаға жақсылық үйрететін  ақыл бар ма сенде? Сенің ақылың емес пе осыған жеткізіп отырған? Сенен басқа  өзің теңдес кісіде кімнің қызы бүйтіп бұзылып, ел-жұртқа жаманаты шығып еді? Осы елде сенен ақымақ шеше, сенің қызыңнан антұрған қыз көрдің бе?... — деп зекіген шалына Қалиман жауабы даяр.

— Бишара-ау, — дейді ол, — өз балаңды өзің қорлап не болды. Дұшпан айтпайтын сөзді өзің айттың ғой. Менің Ғазизамдай кімнің қызы бар  екен осы атырапта? Кінәсі — қатыны өлген кәрі күйеуге бармаймын дейтіні ме? Ол үшін балам жазықты емес...».

Бұл диалог қазақ тұрмысында ана рөлі әу бастан асыл болғандығына дәлел. Шығыстағы өзге әйелдерден өздерін  еркінірек ұстайды. Сондықтан күйеуімен  тең сөйлесіп, пікірін айтуға жасқанбайды.

«Оқыған азамат» (1923), «Кінәмшіл  бойжеткен» (1925), «Сөніп жану» (1923) деп  аталған әңгімелер тақырыбы қазақтың болашағынан дәметкен ізденістерге толы.

Жазушы қалаға келіп «мәдениетке  үйрене» бастаған қазақ жастарының тұрмысына енген өзгерістерді, сонымен қатар жастар тәрбиесі, құлықтылық, ар-инабаттылық проблемларды алға тартады.

«Оқыған азамат» әңгімесінде  Мейірхан деген жігіт қалада тұратын  жолдасы Мақсұттың үйіне жедел  шақырумен келді. Жолдасы қатты  ауру үстінде жатыр екен... Күндер өтті. Мейірхан бұл үйге Мақсұт өлген соң көп соқпады. Бұрынғы жолдастарынан осы күнде бұл үйге келетіндер — Жұмағұл мен Ақай. Жұмағұлдың көздегені жас қаралы әйелді жұбатқан болып, оның көңілін өзіне бұрғызу. Бұл Жұмағұлға онша қиындықпен түспейді. Өйткені әйелдің «сырты қаралы болса, ішінде қаралы көңіл таусылған сияқты». Көп кешікпей Жұмағұл мен Қадиша жолдастарын үйлену тойларына шақырады. Сөйтіп жүргенде, Жұмағұл келіншегемен ауылға келеді. Бала мен әке, келін мен ене бір-бірін таниды... Бұларды соншалық тез жақындастырып жіберген себеп — дүниеқоңыздық деген дерт еді. «Сараңдыққа, қанағатсыздыққа келгенде жас келін кәрі енесінен асып түседі... Мінез бірлігі «жас-кәрі», «оқыған-оқымаған» деген айырмашылыққа қарамай-ақ, бұл адамдардың басын қосып, бірін-біріне үйлестіреді». Осылай Мұхтар Әуезов кейіпкерлерінің шынайы келбетін ашып береді. Тойымсыздық, ар-ұяттан бездіреді. Олар қаладағы Мақсұттың жалғыз қалған шешесінің үйі мен мүлігіне ауыз салады.

Бұл сұмдыққа шыдамаған сорлы  кемпір бойы сіресіп, көзі жұмылып, жақтары тістеліп үзіліп кетеді. Жұмағұл мен  Қадишаның мұраты орнына келеді.

Мұхтар Әуезов «Оқыған  азамат» деп әңгімесінің атын тырнақшаның ішіне алған. Жазушы әңгімесінде білім негізінде  адамгершілік, ар-инабаттылық болмаса, елге пайдасы шамалы дегісі келеді.

Жазушының бұл уақытта  жазылған шығармаларынан «Көксерек» (1929) хикаясын ерекше атаған жөн. Бұл ұзақ әңгіменің тақырыбы басқа әңгімелерінен  оқшау көрінеді.

Онда қолда өскен, асыранды Көксерек атты бөлтіріктің тарихы жайында  айтылады. «Көксерек» әңгімесінде еркіндік және ұлттық сана–сезім ролін алған қасқыр күшігі бір жасына келгенде ит және адамзат атаулыны да қызғандырып қайран қалдырады. Бөлтірік өсе келе қасқырдың табиғаты жеңіп, күндердің күнінде тағы да тектестерінің үйіріне қосылып кетеді. Енді өзі өсірген  ауылға маза бермей, малға тиседі. Бұл жерде Көксеректің жыртқыштық мінезі қатал беріледі: «Ін ішінен жат иіс сезіп, Көксерек басы мен кеудесін сұғып «ырр» етіп кішкене күшікті тістеп суырып шықты. Бұны істегенде ақ қасқыр арсылдап тап берген еді, Көксерек сонда да тоқтамай көк күшікті жерге жұлқып–жұлқып соғып, қабырғаларын кірт–кірт сындырып өлтіріп тастады». Өз күшігін аямаған Көксеректен адамға қайырым қайдан болсын. Ақыры Көксерек өзін асырап өсірген Құрмашты ат үстінен жұлып ап, өлтіріп кетеді. Мұнда Әуезов қасқырдың сүлдесінен мейірімсіз қарақшының мінезін танытады.

Әуезов және қазақ халқы  — айыруға көнбейтін, ажырағысыз ұғымдар. Осы заманғы қазақ тарихының  жарты ғасыры көркем сөз кемеңгерінің көз алдында өтті. Ол өз мойнына  ескі көшпелі әлемнің күйреуі алдындағы халық болмысының дәуірін тану мен зерделеу, біз кімбіз, жаңа өмірге қалай келдік, оған не ала келдік деген сауалдарды ой таразысынан өткізу сияқты ұланғайыр жауапкершілік жүктеді. Сондықтан да бүгінгі қазақ жастарының  ұлы қаламгердің шығармаларынан алатын тағылымы аз емес.

Мұхтар Әуезов дүниежүзі  әдебиетіне үлкен үлес қосқан, барлық халықтарға ортақ классик. Әрине, Мұхтардай  ұлы тұлғаны бағалауға қандай эпитет, сипаттаманы алсақ та, жеткіліксіз.Оның халық даналығынан нәр алған, өмір өзенінің тұнығынан суарылған тағылымы мол, тартымды шығармалары қайталап оқыған сайын рухани дүниемізді байытып, баға жетпес жан азығы бола бермек.

 Қазіргі кезеңде біз  өз халқына өлмес туындыларын  тарту еткен жазушымыздың есімін  мақтанышпен айтамыз. Осындай рухани қазынасы бар, барлық адамзатқа дос ниетпен қарайтын қазақ халқын тамаша болашақ күтіп тұр деп айтқым келеді. Мұхтар Әуезов есімі қазақ әдебиетімен мәңгі бірге жасамақ.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қолданылған әдебиеттер:

 

1.Мұхтар мұрасы ( ғылыми мақалалар мен зерттеулер )  Алматы, «Қазақстан» 1997 жыл, /3, 44, 100-б/

2.Мұхтар Әуезов туралы  естеліктер   Алматы,  «Білім»   2004 жыл,  /267-б/

Информация о работе Мұхтар Әуезовтің шығармашылығы ұлттық тәрбие мәселесі