Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Апреля 2014 в 20:44, реферат
Журналистика - қай кезеңде де қоғамдық өмірде болған оқиғаларды шынайы көрсетуге бағытталды. Әрбір кезеңдегі оқиғалар мен құбылыстар, қоғамдық маңызды мәселелерді көрсете отырып, журналист дәуірінің публицистикалық тарихын жасады. Ұлы Отан соғысы бүкіл халқымыздың өміріндегі сияқты әдебиет пен журналистиканың дамуында да жаңа тарихи кезең қалыптастырды. Қаһарлы күндерде мыңдаған қаламгерлер майдан шебіндегі қантөгіс ұрыстарға қоян-қолтық араласты, әрі сол сұрапыл күндердің шежіресін мәңгі өшпестей етіп, халық жадына жазып кетті. Қиын-қыстау кезеңдегі ауыр жағдайларда, жедел сұраныс мезеттерінде көптеген жарқын публицистік шығармалар дүниеге келді. Олардың әрқайсысында майдан мен тылдың шындық шежіресі асқан шеберлікпен көрініс тапты. Жауынгерлерге үлкен күш-жігер берген еліміздің сөз зергерлерінің публицистикалық шығармалары отты жылдар шежіресінің өшпес парақтарына айналды.
Ұлы Отан соғысы жылдарындағы баспасөз
Журналистика - қай кезеңде де қоғамдық өмірде болған оқиғаларды шынайы көрсетуге бағытталды. Әрбір кезеңдегі оқиғалар мен құбылыстар, қоғамдық маңызды мәселелерді көрсете отырып, журналист дәуірінің публицистикалық тарихын жасады. Ұлы Отан соғысы бүкіл халқымыздың өміріндегі сияқты әдебиет пен журналистиканың дамуында да жаңа тарихи кезең қалыптастырды. Қаһарлы күндерде мыңдаған қаламгерлер майдан шебіндегі қантөгіс ұрыстарға қоян-қолтық араласты, әрі сол сұрапыл күндердің шежіресін мәңгі өшпестей етіп, халық жадына жазып кетті. Қиын-қыстау кезеңдегі ауыр жағдайларда, жедел сұраныс мезеттерінде көптеген жарқын публицистік шығармалар дүниеге келді. Олардың әрқайсысында майдан мен тылдың шындық шежіресі асқан шеберлікпен көрініс тапты. Жауынгерлерге үлкен күш-жігер берген еліміздің сөз зергерлерінің публицистикалық шығармалары отты жылдар шежіресінің өшпес парақтарына айналды.
Отан соғысының алғашқы күндерінен бастап-ақ қазақ халқы елді, жерді қорғауға жаппай кірісті. Майданда да, тылда да қазақстандықтар асқан ұйымшылдық, ерен ерлік көрсетті.
1941-1945 жылдар аралығында
Сұрапыл күндерде қазақ тілінде шығарылып тұрған майдандық газеттердің рөлі де орасан зор болды. Олардың беттерінде оперативті түрде жарияланған әрбір материал жауынгерлердің намыс-жігерін өршітіп, ортақ жауға оқ болып атылды. Майдангер-журналист Әбдірашит Бектемісовтің «Майдангер көзімен» атты кітабының алғысөзінде: «Қазақ редакциясы өз төңірегіне қазақтың майдандағы ұл-қыздарынан тілшілер қауымын топтастыра білді. Бұл тілшілер материалды орысша да жазды, қазақша жібергендерін қазақ журналистері орыс тіліне аударып, газетке жариялап отырды... Қаһарман қазақ халқының жауынгер журналистері өз парыздарын жанын сала мін-мүлтіксіз өтеді. Олардың қаламынан шыққан туындылар ел дегенде еміренген ерлерді ерлікке құлшындырды. Әр жүректе жауға деген өшпенділік отын тұтатты»,- деп жазылды [1, 322 б.].
Майдандық газеттер авторларының ішінен Мұхтар Әуезовтің, Сәбит Мұқановтың, Ғабит Мүсіреповтің мақалаларын да кездестіреміз. Осы уақытта республика баспасөзінің негізгі орталығы – «Социалистік Қазақстан» газеті болды. Жалпы саяси орталық басылымдар «Правданың», «Известияның», «Комсомольская правданың» беттерінде жарық көрген материалдармен қатар, республикалық «Социалистік Қазақстан» газетінің бетінде де жауынгерлерді жігерлендіретін, тылдағыларға тың күш беретін қазақ қаламгерлерінің қуатты публицистикалық шығармалары көптеп жарияланды [1, 322 б.].
«Правда газетінің 1943 жылы жарық көрген бір бас мақаласында баспасөз алдында тұрған ауқымды міндет былайша айқындалды: «Газет Отан соғысы майдандарының жайын, совет адамдарының еңбек майданындағы ерлігін үнемі баяндап отыру керек, қиыншылықтарды бүркемелей келешекте талай сыннан өтуге тура келетінін ашып айту керек, адамдарымызды даңқты патриоттық, ерлік, өзінің туған жерін, өзінің мәдениетін, тілін, әдебиетін, көркем өнерін шын сүйгендік рухында тәрбиелеу керек. Бұл газеттің міндеті: жауынгерлерді Отанды сүю рухында тәрбиелеу, оларды ерлікке, табандылыққа жолдау».
Қазақ әскери публицистикасының дамуына үлкен үлес қосқан М.Әуезовтың сондай шығармаларының бірі – «Ерлік – елдік сыны» деп аталады. «Ерлік» сөзінің терең мағынасын « Кілегей қара бұлтпын, келе де жаумай ашылман» сияқты ауыз әдебиеті үлгілерімен ашады [1, 326 б.].
«Қолында мылтығы, қалтасында қаламы. Елімізді қорлап, жерімізді ластап жүрген неміс-фашистеріне екеуі де тас шоқпардай тиеді. Қаламын Отан соғысының тілегіне бағындырып, Баубек қазір көркем очерк суреттеуімен жазып жүр» [2, 48 б.].
«Ұлы Отан соғысы жылдарындағы баспасөз қызметінің басты ерекшелігі – абыржу мен күту халіндегі күрестер халыққа әсер ете білді. Өз халқымыз үздіксіз байланыста болып, олардың ойлары мен сезімдерін білдіріп, оларды көмекке шақырды және әлем тыныштығы үшін асқан абырой мен үміт отын жақты. Соғыс жылдарындағы публицистика арқылы халықтың сол кездегі көңіл-күйін және заманның бет-бейнесін тануға болады» [3, 57 б.].
Шынында да соғыс жылдарындағы қазақ әскери публицистикасы – елдің бүкіл сана-сезім, күш-жігерін ортақ жауды жеңуге жұмылдырды. Бұл кездегі баспасөз қызметінің шығармашылық авторлары жоғары патетикалық пафосты, шешен тілді халық даналығын өз ойларына өзек етіп қолданды. Қазақтың әскери баспасөзі ауыз әдебиетінің бай қазынасы мен суарылып, тарихи аңыздардан, айтыстар мен мақал-мәтелдерден, жыраулық поэзия үлгілері мен шешендік сөздерден тамыр тартты. Және сол бай рухани мұра майдандағы және тылдағы деректі фактілермен, ақиқат оқиғалармен, баяндаудың қуатты мәнері мен астасып жатты. Соның нәтижесінде өткір тіл, ойды қысқа және дәл жеткізуге құрылған ғажайып публицистикалық шығармалар туды. Соғыс жылдарында халықтың күшін бір ойға біріктіретін баспасөз түрлері мен жанрлары орнықты. Мәселен, үндеу, памфлет, күнделік, хат, очерк, мақала, қуатты бай өлендердің тууы соның дәлелі. Соғыс күндерінде қазақ журналистері бойына ерекше оперативтілік дарыды. Сонымен бірге сөз қаруға айналды. Қаламгерлер жүрегінен туған публицистика бүкіл халықтың көңіл-күйін, үмітін, ашынуын, батырлығын, рухын қағаз бетіне айна-қатесіз көшірді.
Қорыта келе, майдандағы жауынгерлеріміздің
мәңгі өшпейтін жауынгерлік ерліктерінің
арқасында, неміс-фашист сұрқияларынан
Отанымызды қорғай білген әкелеріміз
бен ағаларымыз, ерлер мен аға інілеріміз
гитлершіл жау тобын жеңіп, бейбіт өмірге
қол жеткізе білді.
Пайдаланылған әдебиеттер тізімі:
1. Жақып Б. Публицистикалық шығармашылық негіздері.-Алматы: «Қазақ университеті», 2007.-485 б.
2. Бұлқышев Б. Өшпес өмір.-Алматы: Жазушы, 1965.-148 б.
3. Публицистика периода Великой Отечественной войны и первых послевоенных лет. –Москва: Советская Россия, 1985.- С. 435.