Фольклорлық мұраның халық әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Сентября 2014 в 15:23, реферат

Краткое описание

Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, әдебиеті, философиясы, даналығы – ауыз әдебиеті болғандығы мәлім. Фольклор – жазба әдебиеттің іргетасы. Онсыз ешбір елдің әдебиеті кемел болмақ емес. Бүгінгі күні фольклор мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып, барған сайын оған деген жан-жақты қызығушылық артуда. Этнография, тарих, тіл білімі, тіпті әдебиет тарихы сияқты гуманитарлық ғылымдардың ешқайсысы фольклорсыз өмір сүре алмайды. Яғни, ол – халықтың сан ғасырлық көркемдік ақыл-ойының жемісі, жазу білмеген тұстағы халықтың көркем тарихы. Фольклор қай замандардың көшінен өтсе де, әрбір кезеңнің жанды эстетикалық құралы ретінде талай уақыт сынынан да, талай ғасырлар асуынан да мүдірмей, шашырамай осы күнге жетіп отыр. Жалпы, фольклор халықты біріктіретін мәдени-интегралды жүйе ғана емес, этностық, тұтас халықтың дүниетаным ерекшеліктерін айқындайтын философиялық-адами феномен.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Фольклорлық мұраның халық әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі.docx

— 30.99 Кб (Скачать документ)

                                                                                                                                                       Фольклорлық мұраның халық әдебиетіндегі  өзіндік ерекшелігі                                                     

Қазақ халқының бағзы заманнан бергі негізгі рухани азығы, мәдениеті, әдебиеті, философиясы, даналығы – ауыз әдебиеті болғандығы мәлім. Фольклор – жазба әдебиеттің іргетасы. Онсыз ешбір елдің әдебиеті кемел болмақ емес. Бүгінгі күні фольклор мәселесінің өзектілігі күннен күнге артып, барған сайын оған деген жан-жақты қызығушылық артуда. Этнография, тарих, тіл білімі, тіпті әдебиет тарихы сияқты гуманитарлық ғылымдардың ешқайсысы фольклорсыз өмір сүре алмайды. Яғни, ол – халықтың сан ғасырлық көркемдік ақыл-ойының жемісі, жазу білмеген тұстағы халықтың көркем тарихы. Фольклор қай замандардың көшінен өтсе де, әрбір кезеңнің жанды эстетикалық құралы ретінде талай уақыт сынынан да, талай ғасырлар асуынан да мүдірмей, шашырамай осы күнге жетіп отыр. Жалпы, фольклор халықты біріктіретін мәдени-интегралды жүйе ғана емес, этностық, тұтас халықтың дүниетаным ерекшеліктерін айқындайтын философиялық-адами феномен. Әрбір  есейген, кемеліне келген жазба әдебиеттің өткен тарихы оның ауыз әдебиеті дәстүрінен тыс емес. «Адамзаттың көркемдік дамуында фольклор мен әдебиеттің алатын орны үлкен. Өзара күрделі ұқсастықтары да бар бұл құбылыстардың мәні мен өзгешелігін нақтылы біліп отыру – рухани жолдарын түсіну үшін де аса қажет. Фольклор мен әдебиеттің  жалпы заңдылықтары мен шарттылықтарын саралап ажырату – ауыз әдебиеті қоры мен дәстүрі күшті халықтар үшін өте-мөте керек».

 
Жалпы, фольклор мен жазба әдебиет байланысы мәселесі орыс әдебиетінде терең де жан-жақты, әрі ертерек зерттелді. Ал, қазақ әдебиеттану ғылымында бұл проблема кешеуілдетіп қолға алынды десе де болады. Бұған ең бірінші себеп – тоталитарлық жүйенің көп жылдар бойы фольклорға ескінің қалдығы деп қарап, зерттеуді екінші орынға қойып келуі. Осы көзқарастың салдарынан қазақ әдебиетінің көрнекті классиктерінің шығармаларында тұнып тұрған фольклорлық дәстүрлер күні бүгінге дейін зерттеуден тыс қалып келді.  Фольклорлық сюжеттерге шығарма жазу дәстүрін немесе көркем туындыларында фольклорлық дәстүрлерді молынан пайдаланған қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған жазушылар творчествосының осы қыры, яғни фольклорлық айшығын айқындау – бүгінгі әдебиеттану мен фольклортану ғылымының ең өзекті мәселесінің бірі боп отыр. Осы проблема аясында бүгінгі әдебиеттану ғылымында соңғы кезде жүйелі зерттеулер жасалуда, сөйтіп өз алдына бір дербес ғ++ылым тармағының өзекті мәселесі ретінде күн тәртібінен маңыздылығы бір де бәсеңдемейтін зерттеу объектісі боп қалыптасуда. Жалпы, фольклор мен әдебиеттің арасындағы байланыс, ең алдымен, олардың біртұтас даму заңдылықтарымен айқындалады. Ол заңдылық – дәстүр мен жалғастықтың сабақтасуымен тығыз байланысты. Дәстүрді, әдетте, халықтың рухани көркемдік-эстетикалық өмірі жағдайындағы асыл мұраттары, оны ұрпақтан-ұрпаққа жеткізіп, дамытып жалғастырудың тарихи қажеттілігі деп түсінеміз. 
Қазіргі таңда қазақ әдебиеттану ғылымы жаңа, тың да соны бағытта зерттеулерді қолға алып, бірталай рухани серпіліс дарытып отыр дедік. Сол бағытта профессор Ә. Молдахановтың  М. Әуезов көркем шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлерді зерттеген ғылыми еңбегі жарық көрді.  С. Мұқановтың шығармаларындағы фольклорлық дәстүрлерді Қ. Байтанасова арнайы зерттеді. Б. Қанарбаева Мағжан шығармашылығының фольклорлық қырларын зерттеп, ғылыми жұмыс қорғады. І. Жансүгіровтің халық ауыз әдебиетін пайдалану әдістері жөнінде Е. Естаев зерттеді. Ж. Ахметова ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетіндегі фольклорлық дәстүрлерді Шәкәрім, Сұлтанмахмұт шығармаларының негізінде зерттеп шықты.   Бұл тізімді әрі қарай жалғастыра беруге болады. Яғни, бұдан шығатын қорытынды сонау қазақ әдебиетінің іргетасын қалаған классиктерімізден бастап бүгінгі күнге дейінгі ақын-жазушыларымыздың шығармашылығындағы халықтық негізді айқындау, ғылыми айналымға енгізу  ғылымдағы кезек күттірмейтін мәселе екендігі.    
Әдебиеттегі фольклорлық дәстүр мәселесін белгілі бір жазушының көркемдік әдіс-тәсілдерінің жүйесі деп қана емес, сонымен қатар философиялық, этикалық, дүниетанымдық категорияда қарастыру қажет. Отандық ғылымда фольклоризм мәселесін анықтаудың түрлі аспектілері қалыптасып келеді. Ұлттық әдебиеттің қалыптасуындағы фольклордың  рөлі зор. «Фольклор» терминіне қатысты тұжырымдар жалпы дүниежүзінің жетекші ғалымдары арасында бірталайға шейін пікір таласқа негіз болып, бүгінгі күні сөз өнерінің ерекше мұрасы ретінде мойындалып, жазба әдебиеттің бастауы ретінде тұжырымдалды. В. Я. Пропп фольклор деп дамудың қандай деңгейде болғанына қарамастан, барлық халықтарды әлеуметтік төменгі сатыдағыларына тән шығармашылықты  атайды да, әрі қарай фольклордың өзіне тән белгілерін белгілеп, фольклор мен әдебиет байланысына ұластырады. Фольклористика мен әдебиеттану ғылымының күрделі де маңызды міндеттерінің бірі ретінде шығарманың ішкі құрылысын зерттеуді атайды.  Фольклорлық шығармалар мен әдебиет туындыларының құрылымы әр түрлі екендігі ғылымда дәлелденген, яғни фольклордың  тек қана өзіне тән құрылымдық заңдары болады. Ал осы өзіндік заңдылықты түсіндіруге әдебиеттану ғылымының күші келмейді, бірақ оны тек қана  әдеби талдау тәсілдерімен анықтауға болатынын айтады. Осылайша фольклор мен әдебиеттің өзара байланысы мен ерекшелігі мәселесі бүгінгі күнге дейін өзек тартып келеді. Әдебиет пен фольклордың байланысының тамыры тым тереңде жатыр. Екеуі де сөз өнері болғандықтан бір-бірімен тығыз байланыста дамитыны сөзсіз. Қазіргі заман әдебиетінде фольклорлық элементтер рөлі шығарманың көркемдік идеялық концепциясының мазмұнын байытып қана қоймайды, халықты адамгершілік рухта тәрбиелеуде де үлкен маңызға ие. Көркем әдебиеттің фольклормен байланысын тек этно-генетикалық жағынан ғана емес, сонымен қатар тарихи-әлеуметтік тұрғыдан да біртұтас қарастырған дұрыс. Сонда ғана оның көркем әдебиетпен біте араласып кеткен қасиеттерін, оның көркемдік ерекшеліктерін тереңірек ұғамыз. Сондай-ақ фольклор мен қазіргі әдебиеттің бірінен-бірі туындап, дамып жататын жанрлық принциптерін де ескерген дұрыс. Бұл туралы Б.Н.Путилов: «Разумеется, нет основании к тому, чтобы вообще отрывать поэтику фольклора от поэтики литературы. Контакт между ними, взаимодействие, если угодно союз, будут плодотворными и необходимыми, но лишь при том условии, что фольклор и его поэтика станут рассматриваться в их генетической и исторической самобытности, эстетической самоценности как особый художественный (и не только художественный) мир, понять который можно изнутри, раскрыв присущие именно ему закономерности» – деген пікірі ойымызды тұғырлай түседі.  
Сонымен, фольклордың өзіндік табиғаты оның теориясына да айрықша түр береді.  «Фольклордың теориясы, ең алдымен, оның әр кезде атқаратын әр түрлі қоғамдық-тұрмыстық  міндеті мен танымдық, тәрбиелік және эстетикалық функцияларынан, мақсаттарынан туындайтын мәселелерді қарастырады». Осылардың ішіндегі  ең бастылары, әрине, фольклорлық дәстүрлермен тығыз байланысты. Фольклорлық дәстүр дегеніміз – қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал, әдебиеттегі дәстүр дегеніміз – бұрынғы тәжірибені жаңғырту болып табылады. Әлде де нақтылы айтар болсақ, фольклордағы дәстүр – қалыптасқан шығармашылық әдістің жалғастығы, ал, әдебиеттегі дәстүр – ескіні өзгертпей қолдану емес, керісінше соны өзгерте дамыту, жалғастыру. Сондықтан да әдебиетте даралық сипат басым болады да, автор өзіне дейінгіні қайталамайды, бұрынғыны бойына сіңіре отырып, өзі қабылдаған шындықты халыққа қайтадан, жаңарған күйінде ұсынады. Дәстүр нағыз халықтық рухта сусындаған суреткердің қанымен келіп, еріксіз көрінетін құбылыс. Мінекей, осынау «фольклорлық дәстүр» ұғымы (немесе ғылымда оны «фольклоризм» деп те атайды) қазақ әдебиеттану ғылымының да басты арналарының бірі болып қалыптасуының өзіндік даму жолды да бар.    
Ең алғаш ХІХ ғасырда қазақ даласына орыс ориенталистерінің келуі арқылы қазақ халқының фольклорлық  мұраларын жинап, бастырып, бағалау істері қолға алынғаны белгілі. Талай ықылым замандарды басынан кешіріп, рухани байлығын ішіне бүгіп жатқан дархан қазақ даласына патшалық Ресей алдымен осы жағынан қызығушылық туғызды. Қазақ фольклортану ғылымының қалыптасуы  осы  алғашқы жинап-бастыру істерінен басталғаны мәлім. Ал орыс әдебиетінде  ұлттық әдебиеттің қалыптасуындағы фольклордың рөлін бағамдау қадамдары ХVІІІ ғасырдың өзінде-ақ көріне бастады. ХVІІІ ғасырдың аяғы мен ХІХ ғасырдың басында  фольклоризм «халықтық» деген түсінік аясында қарастырылды. Ал жазушы шығармашылығы мен халық ауыз әдебиетінің арасындағы  байланысты зерттеу нақты ХІХ ғасырдың аяғында байқалды.  
Жалпы, фольклор мен фольклортану туралы   ғылыми таным-түсініктер қазақ арасында ХІХ ғасырдың екінші жартысынан Шоқан, Ыбырай еңбектерінен бастап қалыптаса бастады. Әрине, қазақ әдебиеттану ғылымының қалыптасу кезеңінде оның ең басты құрамдас бөлігі болып табылатын фольклортанудан басталуы заңдылық. Әдеби мұраны игеру жұмысы ғылымның ең басты міндеті десек,  жоғарыда атап кеткен орыс ориенталистері әуелі осы міндет өресінен көріне білді. Орыстың отаршылдық саясатымен қатар қазақ даласына келген елеулі жаңалықтар ұлттың зиялыларының қалыптасуына да игі ықпал етті. Мәдениет пен ғылымды игеруге деген ерекше құлшыныс сирек те болса қазақ балаларының арасынан да байқалды, сөйтіп ұлттық интеллигенцияның алғашқы өкілдерін де туғызып, әдеби мұраны игеру жұмыстарына олардың да араласуы байқалды. Бұл жұмыс, ең алдымен, фольклорлық үлгілерді жинап-жариялау әрекеттерінен басталды. Халық жадында сақталған сан мыңдаған фольклорлық мұраларды жинауда орыс ғалымдарына көмектесе отырып, олардың арасында өз аттарынан да жариялаушылар болғаны белгілі.Осыларға қоса ХІХ ғасырдың аяғына қарай халық ауыз әдебиеті үлгілерін жинап-жариялаумен қатар, оны ғылыми тұрғыда  сараптап, зерттеушілік пікірлермен ұштастырған зерттеушілер де пайда болды.   Мысалы, Т. Сейдалин, Д. Сұлтанғазин, С. Жантөрин, М. Бабажанов, Ы. Алтынсарин, А. Құнанбаев, Ш. Құдайбердиев еңбектерінде  фольклорлық мұраны ғылыми тұрғыда зерттеудің алғашқы бағыттары қалыптасты. Абай мен Ыбырай ауыз әдебиеті мұраларын арнайы зерттемегенмен, олардың шығармаларында фольклордың халықтық сипаты туралы көзқарастары айқын танылды. Ал Шоқан еңбектерінде алғаш рет ғылыми зерттеудің тарихи принциптері жүзеге асты. Ал ХХ ғасырдың бас кезіндегі зерттеу еңбектерде «фольклор» терминіне балама сөздер қолданыла бастады. Мысалы,  А. Байтұрсынов «ауызша шығарған сөз»,  С. Сейфуллин «ауыз әдебиеті», «ел әдебиеті» деп атаса, М. Әуезов «ауызша әдебиет», «ел ақындығы» деп қолданады.  ХХ ғ. басындағы әдебиеттану ғылымының дамуын саралағанда байқалатын басты нәрсе әдебиеттің ауыр жүгін арқалаған азаматтардың сол өздері жасаған әдебиеттің ғылыми проблемаларынан да ешқашан тыс қалмағандығы. Ғылымға шөлдеген қазақ халқының бағына жаралған асыл азаматтарымыздың қай-қайсысы да  қазақ халқының ерекше мұрасы ауыз әдебиет үлгілерін жинаумен айналысып қоймай, ғылыми жағынан негіздеді. Өз шығармаларында халық ауыз әдебиетінің үлгілерін батыл пайдаланды. Осы орайда  жаңа әдебиет үшін күресті қоғамдық-революциялық күрестерімен ұштастыра білген Сәкеннің өзі халық мұрасының жақсы үлгілерін пайдалануды әдебиеттің басты міндеті деп көрсетеді. Халық ауыз әдебиеті мұраларын жинап оған ғылыми тұрғыда баға берген Сәкен  жаңа   әдебиет ескі әдебиет мүсіндерін іс жүзінде меңгеріп алып, жаңа ережелермен мүсіннің үлгілерін, типтерін қарастырып, бажайлау, екшеу, сөйтіп оған еңбекші тап мазмұнын кіргізу негізінде жасалады  деп , таптық тұрғыда қарауға баса назар аударса да , ең бастысы, фольклордың жазба әдебиетке негіз болатынын айтады. Мағжан Жұмабаев  та ауыз әдебиеті үлгілерін аса бағалы рухани байлығымыз ретінде бағалап, оны сақтауға, қастерлеуге ерекше мән береді.  «…Бірақ, талайлар ұмытылып қалды деп қанша өкінгенмен, әлде болса да ауызда аман қалған әдебиетіміз талай елдердің ауыз әдебиетінен бай. Әлі де болса ауыз әдебиетіміз, бір елдің жазба әдебиетіне негіз болуға жарарлық. Өзінің ауыз әдебиетін  негіз қылмай ешбір елдің жазба әдебиеті өркендемек емес. Біздің де жазба әдебиетіміз ауыз әдебиетін  негіз қылуға міндетті. Негізі берік өз еліміздің әдебиеті боламын десе, өзіміздің ауыз әдебиетімізге қайтуға міндетті», — деген Мағжан пікірінен жаңа дамып келе жатқан қазақ әдебиетінің алдына нақты, қомақты да сындарлы міндет қойғанын көреміз. С.Мұқанов  та халықтың ең таңдаулы фольклор үлгілерін жинап, олардағы көркемдік шеберлікті, халықтың тарихы мен қоғамдық өмірін үйрену керектігін баса көрсетеді. Ғасыр басындағы әдебиеттің жүгін арқалаған ақын-жазушылардың әрқайсысы халық мұрасынан өз шығармаларына негіз іздеді және қолдана білді. Олар , ең алдымен, фольклорлық тақырыптарды жазба әдебиеттің игілігіне айналдыруымен бағалы болса, екіншіден, өз шығармаларының сюжеттік тінінде фольклорлық дәстүрлерді кеңінен қолдана білді. Яғни сарын, тақырып, кейіпкерлер жүйесі сияқты түрлі фольклорлық байланыстарды өз шығармаларында жан-жақты пайдаланды.   
Ұлттық әдебиетімізде әр суреткер өзгеше көркемдік форма табуымен ерекшеленеді, өзгелерге ұқсамайтын соны сүрлеуімен дараланады. Сөйтіп әдебиет тарихынан орын алады. Әйтпесе, оны зорлықпен оқырманға таныту мүмкін емес. Көзге көрінбейтін өзгеше тін – фольклор. Осы тін арқылы жазушы оқырманмен біте қайнасып, оның жүрегіне жол таба біледі. Себебі әр қазақы оқырманның бойында ана сүтімен бірге дарыған, ұлттық сана, ұлттық діл бар. Соны дамытатын, жарыққа шығаратын бір жол – сөз өнері десек, сол өнердің шектеусіз мүмкіншілігін дұрыс пайдалана білген суреткер ғана классикалық дәрежеге жете алмақ. 
«Бұрынғы дана қыздарын, бұрынғы батыр ұлдарын, бұрынғы бәйге тұлпарын қазақ халқы   жырымен жеткізді бізге.  Бүгінгі дана қыздарын, бүгінгі батыр ұлдарын, бүгінгі жүйрік тұлпарын өзіміз көріп отырмыз. Жаңарған ел, жасарған дүние жаңа жыр күтеді. Қазынасына қазына қосып кейінгі ұрпаққа, сыншыл талғампаз ұрпаққа ұялмай ұсын дейді», -деп  заңғар жазушы Ғ. Мүсірепов туған халқының талғамды тілегі өресіне бей-жай қарай алмайтын асыл мұраты тұрғысынан айтса керек.  Классикалық қазақ әдебиетінің тұғырлы кірпішін өз қолымен қалағандардың бірі боп саналатын жазушы қай уақытта да туған әдебиетінің жаңарып, жасарып отыруын дәстүрдің негізінде жүзеге асыруды қалады. Халықтық ұғымдармен бірегей астарласып жататын, келешек ұрпақтың қабылдауына лайықты, әрі түйсік-сезіміне әсер етіп, басқа қырынан дамытылып жататын дәстүр ғана ғұмырлы болмақ. Осы дәстүрді байыту, жаңа мазмұн үстеп, көркемдік бояуларды ажарландырып, қанықтыра түсу жолындағы ізденіс жаңашылдыққа алып келетіні даусыз.

Әдебиеттің тарихы - әдебиеттану ғылымының негізі болумен бірге көлемі жағынан ауқымдысы да, сондай-ақ шешімін күтіп тұрған проблемалары көбірегі де. Әдебиет тарихын жасау, оны дәуірлеу мәселесі әдебиетті зерттей бастаған кезден күн тәртібінде келеді. Сырт қарағанда, онда тұрған не бар, тарихты кезең-кезеңдерге бөліп, жаза берсе болмай ма деуге де болатын сияқты. Сөйтіп те келдік. Десек те заман өзгерді, заманмен бірге адам да жаңарды; қоғамдық сана өзгеріп, ғылым мен мәдениет дамыды.

Осының барлығы әдебиеттің, оның ғылымының алдына жаңа міндеттер қойып отыр. Соның бірі – әдебиеттің тарихын жаңаша дәуірлеу, тың деректер мен пікірлермен толықтыра түсу, бүгінгі таңдағы қоғамтану ғылымының жетістіктерімен қаруланған, ХХ1 ғасырдың жаңа адамының талғамын қанағағттандырып, толғандырар сұрақтарына жауап бере  алатын  толыққанды әдебиет тарихын қайта жасау.

ХХ1 ғасырдағы қоғамдық дамудың  өзіндік ерекшелігі болып табылатын жаһандану үдерісі  адамзат қоғамының алдына мүлдем жаңа проблемалар қойып отыр. Батыста басталып, «бұл болмай қоймайтын, өркениетке апарар жол» деп, барынша насихатталып жатқан жаһандану жолындағы мәдениеттердің, әдебиеттердің  барлығын жалмап, жұтып, халықтарды ұлттық рухани тамырынан айырып, мәңгүрттендіру арқылы  бір оқ шығармай, әлемді бағындыру әрекетіне көшті.

Бүгінгі таңда, ақиқатты тек материалдық құндылықтардан іздеудің қасаң түсінікке айналғаны соншалықты, аңыз-әпсана, шежіре, жыр-дастандарды халықтың тарихи жады екенін мүлде жоққа шығаратын деңгейге жеттік. Фольклорлық мұралардың халықтың терең дүниетанымы мен сан ғасырлық мәдениетінен хабар беретін рухани дерек-көз екендігі әмбеге аян болғанымен, халық қазынасының тарихымызды танытуға төгер сәулесін көпе-көрінеу көлегейлеп келеміз. Ал, фольклорды тек өнер мен әдебиеттануға жатқызатын батыстың қалыбы біздің дүниетанымымызбен қабыса бермейді. Бұның парқына бармау – абсурд! 

Иә, Маркстік зерттеу методологиясы түп-тамырымызды тануымызға құрал бола алмайтынын сезінсек те, әлі ескі сүрлеудің соқпағынан шыға алмай жүрміз. Тәуелсіздік алғаннан кейін теоретиктеріміз осы олқылықтың орнын толтыруға тиісті еді. Алайда, соңғы жылдары тарихшыларымыз жеңілдің астымен, ауырдың үстімен жүруге бейімделіп алды. Отан тарихы саласындағы қорғалып жатқан ғылыми жұмыстардың актуальдылық деңгейінің төмендігін былай қойғанда, бірін-бірі қайталаушылық тенденциясы қатты байқалады. Тарих ғылымының тізгінін ұстаған ағаларымыз ғылыми атақты телім таратқандай үлестіре бергенше, қазақ тарихының жаңа теориялық-методологиялық негіздемесін қалыптастырып, фольклорлық бай мұрамыздың тарихтағы орнын анықтауға күш жұмсаса, көмбеде жатқан тарихтың талай жұмбақ сыры ашылар еді. Өкініштісі, жаңа әдістеменің негіздемесін жасар бұрқасын бастамалар әзірше, төбе көрсетер емес. 

Сонау Сақ, Ғұн дәуірін бойламай-ақ қояйық, түрік деген жұрттың түңлігін ту етіп ұстап, өз алдына ел болу тарихына көз жіберер болсақ, қасқырдың емшегін еміп, содан ашина (шино: көне түрікше бөрі деген мағынаны білдіреді) тұқымының өсіп-өнгенін баяндайтын көне аңыздың бар екені баршамызға белгілі. Дәл осындай аңызбен үйсіндердің де өздерінің күн билерін тарататыны бар. Осы күнге дейін екі аңыздың ұқсастығының мәнін аша алмай келдік. Сөйтсек, түріктің ел билеуші қағандары мен үйсіндердің күн билері бір ұрықтан тарайды екен. Көне қытай иероглифтерінде А дыбысының болмауынан, ашина сөзі ушин деп айтылған. Реконструкциясын жасайтын болсақ, ашина-ушин-ушун-усун болып келеді. Яғни, аңыздың астарына үңілсек, үйсіндер мен көк түріктердің билеушілері бір алтын ұрықтың өкілдері болып шығады.  

Тарихтың атасы саналатын Геродоттың жазбаларын былай қойғанда, ислам тарихшылары Табари, Ибн Кәсир, Ибнул Есирдің еңбектерінде де аңыз-әпсанаға сүйенушілік молынан кездеседі. Әлеуметтану ғылымында К.Маркстің өзі пір тұтқан Ибн Халдун да өзінің атақты «Мукаддимасына» (ғылымға кіріспе) аңыздарды сәтті пайдаланған. Даңқты ғұлама Имам Ғазали де «Ихуай улумуд-динінде» (ілімдердің тірілуі) аңыз-әңгімелерден көптеп мысал келтіреді. Тіпті, Құран-Кәрімде де еврейлердің «Пайғамбарлар қиссасы» (исрайлат аңыздары) теріске шығарылмайды. 

 


Информация о работе Фольклорлық мұраның халық әдебиетіндегі өзіндік ерекшелігі