Автор работы: Пользователь скрыл имя, 04 Апреля 2014 в 13:21, реферат
Жұмыстың жалпы сипаттамасы. Қазақ әдебиеттану ғылымы жыл сайын өсіп, өркендеп келеді. Әдебиеттану ғылымының да ауқымы кеңейіп, сан-салалы болып дамып келе жатқаны қуантады. Жиырмасыншы ғасырдың орта шенінде-ақ әдебиеттану ғылымының көрнекті бір саласы болып қалыптаса бастаған абайтану ғылымының да өзіндік ерекшелігі, алар орны ерекше деп айтуға болады. Сол себепті өзіміздің зерттеу жұмысымызда осы мәселені жан-жақты қарап, зерттеудің ерекшелігіне назар аудардық.
Кіріспе............................................................................................................ 5
I тарау.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері...................... 8
II тарау.
Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану тарихы.......................... 36
Қорытынды................................................................................................. 50
Пайдаланылған әдебиеттер..................................................................... 53
«Абайды білмек парыз ойлы жасқа» деп аталатын монографиялық еңбектің екінші бөлімі «Абай ғұмырнамасы» деп аталып, жоғарыда атап көрсетілгендей төрт түрлі нұсқаны қамтиды. Енді осы «Абай ғұмырнамасы» жайлы да кейбір мысалдар, дәлелдер келтіре кеткенді жөн деп таптық. «Абай өмірбаянының алғашқы нұсқасы» (1927-1933) бірнеше тақырыпшаларды қамтиды, атап айтқанда «Абайдың туысы мен өмірі», «Абай туралы Көкбай ақсақал мен баласы», «Тұрағұлдың естегілері», «Абай жазған кейбір өлеңдердің қай кезде, не себепті айтылғаны туралы түсіндіру қосымшалар» деп аталады. «Абайдың туысы мен өмірінде» Абайдың өмірі, шыққан тегі, өскен ортасы жайында көп деректер бар, соның ішінде ұлы ақынның әкесі Құнанбайға қатысты ғана бірер пікірді келтірсек, себебі күні кешегі кеңестік кезеңде Құнанбай жайында мүлдем теріс пікірде болғанымыз рас. Сол себепті М.Әуезовтің Құнанбай жайындағы дерек көздеріне назар аударсақ. «Бүгінгі Семей уезіне қарайтын Тобықты Құнанбай тұсында Қарқаралы өкірігіне қарайтын. Приказ шыққаннан бергі салт бойынша бұл өкіріктің аға сұлтаны ылғи төре тұқымынан болып келген. Құнанбай тұсында аға сұлтан болған төрелер Бөкей нәсілінен: Құсбек, Жамантай, Абылай нәсілінен: Тобықты ішіндегі Шалғымбай деген төрелер болған.
Құнанбай Тобықтының бас кісісі болып өрлеп келе жатқанда қазақ ортасында төре мен қараның жігі ашылып қалған уақыт болады. Әрбір елдің қарадан шыққан Құнанбай сияқты басты жуандары: «Төре қазақтың әрекесін тілейді, берекесін тілемейді» дей бастаған кездері болады» /7.104/.
Көп рудың қалың ортасынан шыққан жуан аталары өз ауданында төреден салмақсыз болмайды. Төре дегендердің ру басшыларының қолдауымен жуан шығып жүргенін сезе бастайды. Оның үстіне әуелде хан мен төрені ұстанған патша үкіметі, енді қалың елді ұстау үшін, ру басыларын қолға ұстау керек деген саясатқа ауған кез болады. Осындай екі жақты себептермен әр рудың Құнанбай сияқты жуандарына төрені сөз қылып, төрені түртпектеу салт сияқты болып тарай бастайды. Бұл туралы көп рулардың, көп басшылардың ынтымағы болуға да мүмкін. Сонымен ел-елдің ортасында: «Қазақ әрекелі болса оңбайды, төре берекелі болса оңбайды» деген төреге қарсы қозғалыс белгісі көп жайылады.
Осы кезде Қарқаралының аға сұлтаны болып тұрған Құсбек төре мен бұрын аға сұлтан болған Жамантайдың партиясы басталады. Ол кезде приказ сайлауына тас салуға жарайтын екі түрлі сайлаушылар болған. Бірі - пәлен сомада алым төлейтін бай да, екіншісі - төре тұқымдары болатын. Төренің 25 жасқа жеткені түгелімен тас салу құқығына ие. Сонымен Жамантай өзі сұлтан бола алмайтынына көзі жеткен соң өзіне қараған тастарды Құнанбайға салғызып, Құсбек жеңіліп, Құнанбай сұлтан болған.
Құнанбайдың осы сайлаудан кейін қанша уақыт аға сұлтан болғаны белгісіз. Қалайда болса Қарқаралы өкірігіне қараған қазаққа қарадан алғашқы рет сұлтан болған Құнанбай. Сондықтан бұл оқиға Құнанбайдың даңқын көпке жайып жіберуге себеп болған көрінеді.
Бұрын хан-төренің туы жығылып өз орталарынан біреудің болуына көп тілеулес болып жүрген ру жуандары, Құнанбайдың болуын Құсбек Жамантайдың партиясынан, орыс саясатынан дегісі келмей, қазақтың артықтығынан, Құнанбай басының қасиетінен деңкіреп кеткен сияқты.
Сол кездегі ел аузындағы аңызға қарағанда: Құнанбай «Қарадан хан болған» деп аталады. Мұның мысалын мына сияқты берер сөзден байқауға болады. Сыбан Кеңесбай деген кісі Жарқымбай деген баласына өлерде өсиет айтқанда: «Төремен ел болса, екінші ел арасында сөз болса Сабырбайға ақылдаспай іс қылма, басыңа орыс орманнан үлкен іс келсе, қарадан хан туған Құнанбайға ақылдаспай істеме» депті.
Одан соң 1850 жылдарда Өскембай өліп, соған Құнанбай Көкшетауға барып ас бергенде Балта ақын:
Атың шыққан Үрімнің қақпасындай,
Айтқан сөзің кілемнің тақтасындай.
Кешегі өтіп кеткен би Өсекем,
Алтынын тастап кеткен ат басындай.
Үш жүзіңді жиып ас бердің,
Келістіріп сәйкесін.
Арғынның өзін биледің,
Алшысы мен тәйкесін.
Келсең-келде кез болдың,
Кейи де беріп қайтесің! - депті деген сөз бар.
Бұл келтірілген деректерден Құнанбайға қатысты қызықты мәліметтер, сол кезеңдегі қоғамдық өмір, ел билеу жүйесі т.б. қызықты деректер бар екеніне көзіміз жетеді, мұның бәрі де абайтанудың бір белестері. «Абай өмірбаянының екінші нұсқасы» (1940) деп аталатын еңбек «Абайдың өмірбаяны», «Абайдың өмірбаянына қосымша материалдар», «Көкбай әңгімелері», «Тұраш әңгімесінен», «Абай жайында Мадияр, Қатпа, Архәм т.б. айтқан әңгімелері», «Мұсылманқұл Жиреншиннің әңгімесі», «Абайдың ата-тегі туралы» дейтін бөліктерден тұрады екен, әрине мұның бәріне тоқталып, талдау жасауды мақсат етпей-ақ, ең алғашқы «Абайдың өмірбаянынан» ғана аз-кем айтып өтсек. «Абай осы күнгі Семей облысындағы Шыңғыс деген тауды жайлаған Тобықты руының ішінде 1845 жылы туған. Абайдың өз әкесі Құнанбай, оның әкесі Өскембай, үшінші атасы Ырғызбай. Бұлардың барлығы да ру ішінде үлкен үстемдік жүргізген адамдар.
Өскембай – Ырғызбайдың өзге балаларының ішінде ең дәмелісі болды. Сол кездегі Кеңгірбай маңайындағы ағайын-туысқан, іні-баласының бәрінен пысық, епті болыпты. Өскембай Кеңгірбай қартайған кезде атқа мінеді! /7.181/.
Өскембай өзінің ел меңгеру әдісінде ең алдымен Кеңгірбайдың көпті мезі қылған парақорлық мінезінен бойын қашаңдау ұстауға тырысқан көрінеді. Ру басылар ортасында сақталып қалған сөздің бәрінде: «Ісің адал болса, Өскембайға бар, арам болса Ералыға бар» деген сөз бар. Бірақ осындай болумен қатар, Өскембай елді күшпен, зорлықпен ықтырып аламын деп, асқақ мінезді көп қолданған. Мысалы, бір уақыт ауылына жүгініске келіп отырған Мәмбетай деген кісіге ашуланып, мұрнын кесіп алған сияқты ісі жаңағы айтқанға дәлел.
Өскембай орта жасқа келгенде баласы Құнанбай ер жетіп, атқа мінген. Құнанбай 1804 жылы туған. Құнанбайдың шешесі Зере, кісі ренжітпейтін жұмсақ мінезді әйел болған деседі.
1850 жылы 72 жасында Өскембай өледі.
Зере күйеуінен кейін көп
Абай әкесі Құнанбайдың 41 жасында туған. Ақынның өз шешесі -Ұлжан. Тегі Құнанбай көп қатынды болған. Үлкен әйелі қыздай алған - Күнке. Бұдан туған баласы Құдайберді. Екінші әйелі Ұлжан - ол Құнанбайдың інісі Құттымұхаметке айттырылған қалыңдық екен. Інісі өлген соң келінін алған. Бұдан туған балалары: Тәңірберді, Ыбырай (Абай), Ысқақ, Оспан. Үшінші әйелі - Айғыз. Одан Халиолла, Ысмағұл деген балалары болған. «Атадан алтау, анадан төртеу» дейтін Абай өлеңінің мәнісі осында. Төртінші әйелі – Нұрғаным. Бұдан бала болмаған.
Абайдың өзі бұл өлімнен бұрын да қажып, талып, ендігі тіршілігін артық нәрседей санай бастаған еді. Өз сынынша ажарсыз, мағынасыз, өткен дәурені жалғыздық дертімен құлазытып, жүдетіп, тоздыруға айналып еді. Соның барлығының үстіне Мағауия өлген соң Абай бір алуан ауруға айналады. Төсек тартып жатпаса да, отырып ауырады. Ешкіммен сөйлеспейді де, ешнәрсемен өзін жұбайтпайды. Ауруын емшіге де көрсетпейді де. Мұның бәрін керексіз деп біледі. Сонымен Мағауияның өлімінен кейін 40 күн отырып, 23 маусымда 1904 жылы 60 жасында қайтыс болады. Абайдың сүйегі Жидебайда Еркежан қыстауының жанына қойылады.
Бұл келтірілген дерек көздерінің бәрі де ұлы Абайды тануда, танытуда көп септігін тигізері сөзсіз.
Абайтану ғылымына ерекше үлес қосқан ғалымдардың бірі де, бірегейі де академик Зәки Ахметов. Әйгілі ғалым зерттеулерінің ішінде ерекше орын алатын еңбегінің бірі «Абайдың ақындық әлемі» /8/. Академик Ахметов өзінің бұл еңбегінде ұлы Абайдың ақындық тұлғасын, адамгершілік мұраттарын бүгінгі заман ұғым-түсініктері деңгейінде жан-жақты, толық сипаттай отырып, оның шығармашылық мұрасының танымдық, эстетикалық, көркемдік, тағылымдық мәнін жүйелі түрде ашып көрсетуді мақсат еткен ғалым зерттеулері өте құнды, тәрбиелік мәні күшті, абайтанудың биік бір белесі деп тануға болады. Кітаптың аңдатуында автор былай деп бір түйеді.
«Абайдың ақындық әлемі дегеніміз мағыналық ауқымы өте кең ұғым. Абай поэзиясы - өз заманындағы қоғамдық өмірдің ең көкейкесті, ең күрделі және маңызды мәселесін қозғаған, толғаған поэзия. Оның өлеңдерінде, қарасөздерінде қазақ өмірінің көркемдеп бейнеленген телегей теңіз шындығы бар. Абай шығармаларының қазақ әдебиеті мен мәдениеті тарихында өзінше бөлек, өрісі аса биік, мүлде жаңа ой-пікір, көркем сезім әлемін ашқаны даусыз. Абайдың ақындық әлемі деп соны айтамыз» /8.3/.
Ақын творчествосы жайлы түйінді пайымдаулар жасау, ой қорыту оңай емес. Жеке бір өлеңді алып баяндау, талдау онан да қиын. Өйткені өлең деген басқадай жай, жадағай сөзбен айтып беруге көне қоймайды. Шынайы шабыттан туған нағыз поэзиялық туындының мағыналық сыйымдылығы, көркемдік әсері де өлшеусіз ғой. Әр адамның өз жан-дүниесі неғұрлым бай болса, өлеңнен алатын әсері де соғұрлым мол болады.
Абайтану да ақын сөзін оқудан, тоқудан басталады. Қуанғанда немесе мұңайғанда оқыса, адамның ішкі сезімімен жалғаса кірген сөз жүрекке берік ұялайды, қайталап оқығанда, еске түскенде, толқытпай қоймайды.
З.Ахметов өзінің бұл еңбегінде, яғни «Абайдың ақындық әлемінде» көптеген мәселелерді тереңінен қарастырады, атап көрсеткенде «Абайтану белестері», «Ақын тұлғасы, адамгершілік мақсат-мұраты», «Әлеуметтік әуендер», «Ғылым-білім, ақыл-парасат жайлы ойлар», «Махаббат сарындары, сұлулық сымбаты», «Ақындық өнер мен ән-күй туралы толғаныстар», «Поэмалардың сыр-сыпаты», т.б. болып келеді. Енді осы еңбектерді кейбіреулері біршама деңгейде тоқталып өтсек. Ең алдымен ақын Абайдың ең үлкен құдіреті оның өз заманындағы әлеуметтік мәселелерді дер кезінде көріп, танып-біліп, соның бәрін өлең үлгісінде суреттеп бере білуінде. Зәки Ахметов осы жайттардың денін өзінің «Әлеуметтік әуендер» дейтін тараушасында жан-жақты ашып көрсетеді. Ғалым былай дейді: «Ақындық өнерді өзіне өмірлік зор мақсат етіп, өз өлеңдерін қағаз бетіне түсіруге Абай тек 80-жылдардың ортасында жұмыла кіріседі. Бұл Абайдың айналасын болжап, әлеуметтік құбылыстарды терең бағалап, кей ойлай алатын, көргені мен түйгені тәжірибесі молайған, әбден кемеліне келген шағы болатын. Ақынның осы тұста (1882-1886 жылдары) жазған өлеңдері идеялық және көркемдік қасиеттері жағынан аса мағыналы, жаңа сапалы, және ұзақ өнімді ізденістерінің қорытындысы, нәтижесі болып табылады. Бұл жылдардағы шығармаларындағы тұжырымдалған идеялар мен тақырыптардың өрісі негізінен ақынның соңғы жиырма жылдағы өмірін қамтитын бүкіл творчествосына үзілмес арқау болып, үнемі тереңдеп, дамып отырады» /8.46/.
Абайдың орасан зор ақындық қуат-күші өз шығармаларында қазақ өмірінің ең маңызды әлеуметтік мәселелерін көтере білуінен, қоғамның алдыңғы қатарлы өкілдерінің ой-арманын, түбегейлі мүддесін терең ұғып, сезіне білетіндігінен айрықша айқын көрінеді. Ақынның «Қалың елім, қазағым, қайран жұртым», «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек», «Сегіз аяқ», «Ғылым таппай мақтанба», «Болыс болдым, мінеки» секілді таңдаулы көркемдік туындыларының қайсысын алсақ та оларға идеялық арқау болатын келелі мәселелер - білімге, адал еңбекке, әділеттілікке шақыру, надандықты, артта қалу кесапатын айыптау, алауыдық пен керіс-тартысты, өкімет билігін теріс пайдалануды әшкерелеу екені бірден байқалады. Және осы идеялар ақын шығармалары тақырыбының ең басты, күрделі мәселелеріне жалғасып, солармен тұтасып, халықтың тағдыры, бүгінгісі мен кешегісі, поэзияның өмірдегі алатын орны туралы ойларымен сабақтас өріледі. Өйткені Абай поэзиясының басты тақырыптары, идеялық нысанасы ұлы ақынның әлеуметтік прогресс үшін, халықты өнер-білімге жеткізу үшін күресу мақсатынан туады. Халықтың ауыр тағдырын, өмір-тұрмысын ерекше шеберлікпен, нанымды көрсете отырып, Абай халықты қоғамдық асыл мұраттарға жетуге ынталандырады.
Абайдың адам мен қоғам жайындағы концепциясы - қазақ топырағындағы жаңа концепция. Абай адамды белгілі қоғамдық өмірдің жемісі, нәтижесі ретінде қарады, оның қимыл-әрекетін, психологиясын, моральдық келбетін өмірге, әлеуметтік тұрмысқа байланысты көріп, бағалап бейнеледі. Мысалы, Абай өлеңдерінен неше түрлі болыс-байлардың әлеуметтік тұлға дәрежесіне көтерілген, жинақталған бейнесін бүкіл іші-сыртымен көз алдымызға келтіреміз. Солардың бірі - «өз малын өзінікі дей алмай, күндіз күлкі, түнде ұйқысы» бұзылған бай. Бұл - кәдімгі бір жағынан билеуші чиновниктер, екінші жағынан, ел ішіндегі әкім, төрелер тарапынан екі жақты қыспаққа ұшырап, есі шығып өз малын өзі билей алмай, әлекке қалып, жапа шегіп жүрген бай. Немесе, Абайдың болысын алайық. Бұл да Абаймен замандас, 80-90 жылдардың болысы. Ол ата-бабасының ел билеген феодал, шынжыр балақ шұбар төс емес, малын шашып, билікке қолы жеткен, байлығынан гөрі қулығына сенетін болыс. Оның ел билеу тәсілі, адамдармен қатынасы алдау-арбауға, әлдіге келгенде шалқайып, әлсізге келгенде қырындауынан танылады. Абай мұндай ел билеушілер үлкен көркемдік шындық, идеялық түйін ретінде ұсынады. Абай адам бейнесін қоғамдық орнына, мүддесіне, сол мүддеге жету жолындағы ішкі сезімі мен айла-тәсіліне байланысты жасады. Ол өз заманындағы сан түрлі әлеуметтік топтардың барлығын да осы тұрғыдан терең зерттеп көре де, бейнелей де білді. Қожа, молда, ауылнай, жүзбасы, еңбексіз мал таппақшы пасық, амалын тауып күн көрмек епті, «бұзылса елдің арасы мал таппаймын демейтін» қулар, қулықты ат-шапаннан кем көрмейтін даңғой, дарақы той-думаншыл бозбала, еңбексіз еріншектер т.б. ақын шығармаларынан кең орын алып, өздеріне ғана тән типтік жағдай, типтік мінезімен көрінеді.
1886 жылы жазылған «Қартайдық, қайғы ойладық, ұйқы сергек» «Қартайдық, қайрат қайтты, ұлғайды арман», «Көңілім қалды достан да, дұшпаннан да» өлеңдерінде Абай замана жайын толғап, әр топтардың өкілдері, әр алуан адамдардың мінезі, іс-әрекетіне көз жібереді. Осы шығармалардағы айрықша өзгешелік - айту тәсіліндегі, стиліндегі қарапайымдылық, пәлендей әдемі дерлік, әшекейлі сөздерді қолдануға ұмтылмаушылық. Сонда осы өлеңдердің артықшылығы неде? Олар алдымен ақын ойының тереңдігімен, еркін төгіліп отыратын оралымдылығымен, қоғамдық өмір құбылыстарының мәнін ашып, алаламай анық, айқын бағалап, талдап беруімен тартымды. Және бір назар саларлық жай - Абай «Қартайдық, қайғы ойладық» деген сияқты өзінің қамыққан, қажығандай көңіл күйін осы өлеңдердің бастапқы жолдарында ғана айтады. Осылай барып, ішкі сырын ақтаратын рай көрсетеді де, одан әрі бірыңғай айналадағы өмір, әр түрлі адамдардың іс-әрекеттері, қылық-мінездері туралы айтуға ойысады.
Информация о работе Қазақ әдебиеттану ғылымындағы абайтану мәселелері