Ареалды лингвистиканың басқа ғылымдармен байланысы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Декабря 2013 в 17:41, реферат

Краткое описание

Лингвистика ғылымы соңғы жылдары көптеген жаңа бағыттарды қамтып, ғылыми-теориялық және практикалық жағынан кең өріс алып дамып келеді. Қазіргі жаһандану процесі ғылым салаларының тоғысуы мен бірігуіне ғана ықпал етпей, сонымен қатар тың ғылыми салалардың қалыптасуы мен дамуына да әсер етеді. Лингвистика қоғамдық ғылымдармен де, психофизиология мәселелерімен де, логика-философия заңдылықтарымен де, тарих-этнография деректерімен де сабақтаса дамып келеді

Прикрепленные файлы: 1 файл

Реферат Ареалная лингвистика.doc

— 46.00 Кб (Скачать документ)

Ареалды лингвистиканың басқа ғылымдармен байланысы

 

Лингвистика ғылымы соңғы жылдары  көптеген жаңа бағыттарды қамтып, ғылыми-теориялық  және практикалық жағынан кең  өріс алып дамып келеді. Қазіргі  жаһандану процесі ғылым салаларының  тоғысуы мен бірігуіне ғана ықпал етпей, сонымен қатар тың ғылыми салалардың қалыптасуы мен дамуына да әсер етеді. Лингвистика қоғамдық ғылымдармен де, психофизиология мәселелерімен де, логика-философия заңдылықтарымен де, тарих-этнография деректерімен де сабақтаса дамып келеді. Осы орайда тілдің шығу тегін, табиғатын, қызметін саралау мақсатында тілшілер адам, ойлау, таным, халық, қоғам сияқты ұғымдардың мән-мағынасына көңіл бөлуде.

Қазақ тіл ғылымының бастауы  тіл табиғатын жан-жақты зерделеген ғылыми еңбектермен қатарласа қалыптасқандықтан, оның теориялық бірліктері мен ұстанымдары да, бағыт-бағдары да белгілі бір ережеге бағына, жүйелі реттілікте сақтай отырып жүзеге асты деп айта алмаймыз. Тіл болмысын, оның қызметін  адамзат атаулының тұрмыс-тіршілігімен, таным-қабылдауымен, пайым-түсінігімен байланыстыра зерделеу арқылы өзектелген бұл сала алғашқыда пәлсапа мәселелерінің тілдік тұжырымдарға етене арласуымен өзгешеленсе, одан кейінгі  кезекте мұнда ғылымдардың ара-жігін ашуға ұмтылу, тілдің құрылымдық жүйесін сұрыптау, ал экстра факторларды екінші кезекке қалдыру әрекеттері көбірек байқалды, сол себепті аталмыш зерттеулерде  танымдық ұстанымдардың деңгей-дәрежесі де бір қалыпты дамыған жоқ.

Дегенмен, «Адамзат баласы қашанда өзін қоршаған  ортадағы заттар мен құбылыстардың мәнін, сыр-сипатын жете білуге тырысқан. Бірте-бірте олардың даму заңдылықтарын ашып, дүние танымын кеңейткен», -деп ғалым Б.Сағындықұлы атап көрсеткендей, таным мәселелері  адам баласының назарын әрдайым өзіне аударып келгендіктен, бірде арнайы, бірде қосымша қарастырылған тілтанымдық ұғымдар мен бірліктер, олардың ғылыми-теориялық ұстанымдары бүгінгі күні аса құнды тұжырымдар қатарын құрау үстінде. Олар жаңа когнитивтік концепциялардың дүниеге келуіне түрткі болумен қатар, тіл ғылымын соны әдіснамалық жетістіктермен қамтамасыз етуге көмектесті. Нәтижесінде адамзат тілін зерттеудің өзгеше сатылары негізделіп, тек тілтанымдық этюдтер ғана емес, маңызды теориялық ілімдер де топталды. Соның арқасында қазақ тіл білімінің зерттеу шеңбері кеңейіп,  өзге лингвистикалық бағыттармен қатар когнитивтік негізде өрілген қағидалардың да әлемдік  жетістіктермен қатарласа дамуына мүмкіндік пайда болды. Оның айқын айғағы ретінде тілдік фактілердің таным категорияларымен сабақтасуын, жекеленген  лексикалық бірліктерді зерттеуде тарихи таным әдістерінің қолданылуын, құрылымдық грамматика мәселелері мен адамзат эволюциясының даму заңдылықтарының ұштасуын,  ингтра және экстралингвистикалық мәселелердің күн тәртібіне қойылуын әрі адамдық фактордың жан-жақты өзектеле бастауын келтіруге болады.

«Тілдің кез келген тарихи кезеңінде  оның әр бөлшегі динамикалық тепе-теңдікте бола тұра, өз бойында лингвистикалық, әлеуметтік, психологиялық және өзге де факторлардың ықпалын сезінеді. Олардың басым көпшілігінің құпиясы  әлі толық ашылмаған» делінгендей, қазақ тілтаным ғылымының дүниеге келуі мен теориялық сараптамадан өтуін дәйектейтін фактілер  қатарында, біріншіден, жалпы  тіл ғылымының  даму негіздерін; екіншіден, жеке тілдік ізденістердің жүзеге асу жолдарын атаған орынды, өйткені  ішкі сезім мен білімнің, тану мен қабылдаудың, біліктілік пен әлемдік тәжірибенің тоғысуынан құралған бұл тұжырымдар әрі субъективті, әрі объективті ұстанымдарға сүйене қалыптасып отырды     Демек, оның негізгі нысанына айналған тіл мен таным бірліктері де ғылымаралық байланыстың, объективті шындықты субъективті түрде бейнелейтін  заңдылықтың нәтижесі тұрғысынан ұғынылса, олардың астарында ұқсату немесе балау, образды түрде қабылдау, зейін қою, жадыда сақтау әрекеттері жатыр  деп есептелді. Осыған орай, қазақ тілтаным ғылымында сөз болған тілдік құралдар  когнитивтік сипатта, негізінен, келесі топтарға жіктеліп ұсынылып отыр: ұқсату яки аналогиялық қабылдауға негізделген бірліктер; метафоралар; этномәдени белгілер; мәдениет константтары мен символдық ұғымдар және этнографизмдер мен этнолингвистикалық арналар.

Тіл білімі, бірінші кезекте, әдебиетпен байланысты. Өйткені "тіл - әдебиеттің бірінші элементі". Әдеби шығарма  лингвистер үшін өте құнды материал. Әсіресе тіл білімінің стилистика саласы әдебиеттанумен тығыз байланысты.  
 Тіл білімі философиямен тығыз байланысты. Философия тек тіл білімінің ғана емес, күллі ғылымдардың методологиясы болып саналады. Философия да, тіл білімі де барлық құбылыстарды бір-бірімен өзара байланыста қарастырады. Философия табиғат пен қоғам өміріндегі барлық құбылыстар қозғалу, өзгеру, даму күйінде болады деп үйретсе, тіл білімі де тілдік кұбылыстарға солай қарайды. Өйткені тіл де басқа коғамдық құбылыстар сияқты өзгереді, дамиды. Бірақ, ескертетін нәрсе: тілдегі өзгеру тым баяу өтеді. Ал қоғам мен жаратылыстағы өзгерістер тілге қарағанда тезірек өтеді.

Философия өмірдегі барлық заттар мен  құбылыстарда форма мен мазмұн бар, олар өзара байланыста, бірлікте болады, — деп үйретеді. Мазмұн өмір сүру үшін, белгілі бір формаға ие болуы  керек. Яғни форма — өмір сүрудің шарты. Тіл де — дәл осындай құбылыс. Тілдегі формалардың да (сөздердің, сөз тіркестерінің, грамматикалық тұлғалардың) мағына, мазмұны бар. Олар да бір-бірімен тығыз байланысты.

Тіл білімі логикамен тығыз байланысты. Көпшілікке белгілі, логика - ойлау зандары мен ой формалары туралы ғылым. Ал ойлау, әдетте, тіл арқылы іске асады, тіл арқылы жарыққа шығады. Анығырақ айтқанда, адамның ойы тілдегі сөздер мен сөйлемдер арқылы айтылып, түсінікті болады.  
 Тіл білімі психологиямен де байланысты. Психология түйсік пен қабылдауды, ес пен ойды, сезім мен зейінді зерттейді. Ал бұлардың сөйлеу процесіне (оны қабылдап, түсіну процесіне) тікелей қатысы бар. Өйткені біреудің айтқанын қабылдау, оны ұғыну процесі болмаса, қарым-қатынас жасасу, пікір алысу да болмаған болар еді.

Адам сөз арқылы белгілі бір  затты атап қана қоймайды, сонымен бірге, сол затқа (іске, құбылысқа) өзінің қатынасы мен оған қалай қарайтындығын да білдіреді. Яғни тіл ойды білдірудің ғана құралы емес, сезімді де білдірудің құралы. Мысалы; жаман, жексұрын, сұмпайы, сұмырай немесе құмар, іңкәр, ынтазар т.б. Бұл сөздер (синонимдер) бір-бірінен эмоциялық бояуы жағынан ажыратылады. Сөйлеу процесіне жоғары нерв жүйесі де қатысады, яғни сөйлеу жоғары нерв жүйесінің қызметімен байланысты. Жоғары нерв жүйесі жақсы жетілсе, сөйлеу де жақсы жолға қойылған ден есептеледі. Тілдің күрмелуі, кекештену, жақсы сөйлей алмау — мидың зақымдануынан болады. Психиаторлар, дефектологтар, логопедтер сөйлеуді жоғарғы нерв жүйесінің, мидың қызметімен байланыстыра қарастырады.

Лингвистиканың тіл дыбыстарын зерттейтін саласы — фонетика физиологиямен  байланысты. Өйткені сөйлеу – дыбыстау мүшелерінсіз (ауыз, тіл, тіс ...) мүмкін емес. Тілдің шығуының өзі алғашкы  адамдардың сөйлеу мүшелерінің жетіліп  дамуына тәуелді.

Тіл білімі физиканың акустика саласымен де байланысты. Адам баласының тілі — дыбыстық тіл. Тілдегі дыбыстар жүйесін тіл білімінің фонетика саласы зерттейді. Ал жалпы дыбыс атаулыны физиканың акустика саласы қарастырады. Ендеше, бұл екеуі де бір- бірімен байланысты.  
 Тіл білімінің тарих ғылымымен, оның ішінде этнографиямен, археологиямен байланысы бар. Тіл тарихы - сол тілді жасаушы, сол тілді қолданушы халықтың тарихымен байланысты. Олар бірін-бірі байытады, бірін-бірі толықтырады. Тілдік деректерді — тарих, тарихи мәліметтерді - тіл пайдалана алады. Айталық, тіліміздегі кірме сөздерді зерттеу аркылы қазақ халқының бұған дейін кандай халықтармен аралас-құралас болғандығын білуге болады.

Этнографтар халықтың ерте кездегі  салтына, дәстүріне, әдет- ғұрпына, тұрмысына байланысты материалдық байлықтарды зерттегенде тіл фактілеріне соқпай өте алмайды. Өйткені тіл - соларды ұзақ уақыт бойы сақтап қалған кұралдардың бірі.

Тіл білімі антропологиямен де жақындасады. Антропология - адамның биологиялық табиғаты, морфологиялық типтері туралы ғылым. Адам баласы тілінің пайда болу дәуірін айқындауда әсіресе палеантропологияның деректері айрықша маңызды.

Тілге кейде географиялық факторлар  да әсер ете алады. Мысалы, аралда тұрған халықтардың тіліне ешкім әсер ете алмауы мүмкін. Болмаса кең аймақта тұратын халықтың тілдері диалектілерге бөлініп кетуі мүмкін, ал тар аймақта тұратын халықтардың тілдеріндегі диалектілер бірігіп, жойылып кетуі ғажайып емес.

Тіл білімі мен географияның өзара  байланысы ғылымның жаңа бір саласы - лингвистикалық географияның тууына әкеп соқты. Лингвистикалық география тілдегі фонетикалық, лексикалық грамматикалық құбылыстардың қай территорияға тарағанын көрсетеді. Бұл, әсіресе, диалектілік ерекшеліктерді зерттегенде ерекше маңызды. Сол арқылы, белгілі бір тілдің немесе диалектілердің лингвистикалық картасы (атласы) жасалынады.  
 Тіл - таңбалар жүйесі. Осыған орай тіл білімі жалпы таңба атаулыны қарастыратын — семиотика ғылымымен байланысқа түседі. Таңбаларға Морзе әліппесі, жазу мен цифрлар, жол белгілері, тағы басқалар жатады. Жазусыз (әріптерсіз) тіл жоқ екендігі белгілі.

Тіл білімі белгілі дәрежеде математикамен  де, кибернетикамен де байланысты. Тіл  білімі математика ғылымымен, біріншіден, машиналық аударма мәселелері бойынша  байланысса, екіншіден, тілді зерттеуде математикалық статистика әдістерінің қолданылуы жағынан байланысады. Математикалық статистика сөздердің, дыбыстардың қолданылу жиілігін айқындауға көмектеседі. Осының нәтижесінде тіл білімінің математикалық лингвистика деп аталатын саласы калыптасқан.

Сонымен, тіл білімі көптеген ғылымдармен  байланысты болады.


Информация о работе Ареалды лингвистиканың басқа ғылымдармен байланысы