Тағылым мен тағзым бастауындағы желтоқсан көтерілісі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 29 Января 2015 в 14:35, реферат

Краткое описание

Тәуелсіздік – бірде миллиондардың асыл арманы мен мәңгілік мақсат мұраты, бірақ қол жетпес аспандағы ай мен күндей қиял құсы болған, бірде тарихи-қоғамдық болмыста ақиқатқа айналып, миллиондардың ғасырлар бойы аңсап күткен заманы келгенін білдіре отырып қолға қонған бақыт құсы іспетті касиетті де мәні тереңде жатқан ұғым. «Бүгінгі таңда Қазақстан егеменді, көрші елдермен терезесі тең, даму үстіндегі тәуелсіз мемлекет.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Желтоксан оқиғасы..docx

— 26.22 Кб (Скачать документ)

Тағылым мен тағзым бастауындағы желтоқсан көтерілісі.

 

     Тәуелсіздік – бірде миллиондардың асыл арманы мен мәңгілік мақсат мұраты, бірақ қол жетпес аспандағы ай мен күндей қиял құсы болған, бірде тарихи-қоғамдық болмыста ақиқатқа айналып, миллиондардың ғасырлар бойы аңсап күткен заманы келгенін білдіре отырып қолға қонған бақыт құсы іспетті касиетті де мәні тереңде жатқан ұғым. «Бүгінгі таңда Қазақстан егеменді, көрші елдермен терезесі тең, даму үстіндегі тәуелсіз мемлекет. Көптеген адамдар мұны тиісті нәрсе ретінде қабылдауда, бірақ қазақстандықтар мұның біздің тарихымызда қаншалықты сирек әрі қиындықпен болғанын ұмытпауға тиіс»,– деген Елбасының сөзі әркімнің санасында болуы керек. Тәуелсіздікке апаратын жол мыңдаған жылдарға созылды. Оның азапты жолдарында қиын-қыстаулы кезеңдер көп болды. Әрі ұзақ, әрі тайғақ жолдардан өтті. Тәуелсіздіктің есігін ашып, табалдырығын аттап, төріне қарай қадам басу үшін ерекше ерлік пен ержүректік, батырлық пен байсалдылық, табандылық пен төзімділік, айбаттылық пен айбындылық, ақыл мен білім, бірлік қажет болды. Бұл – Исатай мен Махамбет сынды батырларымыздың, Кенесары ханның  және тағы басқа да тарихи тұлғалар күрестерінің тарихы. Бұл – ХХ ғасырдың басында  Қазақ автономиясы үшін ат салысқан  Алаш қозғалысы, осы Тәуелсіздік күнін нақтылап берген 1986 жылғы әйгілі желтоқсан оқиғасының көрінісі. 1986 жылдың желтоқсанында алаңға шығып, Кеңес билігіне наразылық көрсеткен жастарды да қаһарлы империядан сескендірмеген күш  осы азаттыққа деген аңсар екені сөзсіз. Шынында да, Желтоқсан көтерілісі азаттық таңы ататын күннің жақындап қалғанын сездірген оқиға еді.

     Ұлт тағдырында өшпес із қалдырған желтоқсан оқиғасын ойға алғанда селт етпейтін жүрек жоқ шығар. Желтоқсан – күллі кеңестік кеңістіктегі айтулы өзгерістердің бастауы. Желтоқсан – қалғып бара жатқан қазақтың қайта оянған ұлттық рухы. Сонымен бірге бұл – өршіл намыс пен мұқалмас жігердің Қайрат, Ербол, Ләззат, Сәбира сынды жүздеген, мыңдаған жастар бейнесінде лапылдап жанған алауы. Қазақ тарихының қасіретті беттерінің біріне айналған тарихи маңызды оқиға. Нақақтан қан төгілгеніне, жазықсыз жаза кесілгеніне қарамастан, сол арқылы қазақтың қалғи бастаған ұлттық рухы қайта бір көтерілген. Ел солайша елдігін танытқан еді. Желтоқсан ызғарына тоңған, мезгілсіз солған бекзат болмысты ұл-қыздың қажыр-қайраты нәтижесінде қазақтың өз пейіліне біткен кең байтақ даласы азаттық нұрына шомылған. Қабырғасынан қақырата соққы алған қызыл құрсау қазақтың бұғауға көнбейтін, әділетсіздікке төзбейтін қайсар қалпын көрсетіп, ғаламат зор қайратын сездірген желтоқсан көтерілісінің осыншама маңызын өз дәрежесінде бағалай алмай жүргеніміз – елдігімізге сын. 
     Желтоқсанның аса зор тарихи маңызы сонда, ол қырық рулы қазақты ғана емес, кеңестік кеңістік аумағындағы әртүрлі ұлттар мен ұлыстарды 70 жыл бойы тас шеңгелінен шығармай келген КСРО атты алып империяның іргесін шайқалтқан ең алғашқы дүмпу болды. Қазақ жерінен бастау алған көзсіз батылдық одан әрі Грузия, Әзірбайжан, өзбек-қырғыз шекарасы, Балтық жағалауы елдеріндегі бас көтерулерге жалғасып, нәтижесінде мызғымастай көрінген тоталитарлық жүйенің тас-талқанын шығарды. Әдетте көтерілістің басталуына түрткі болған соңғы оқиға ретінде 1986 жылғы 16 желтоқсанда Қазақ КСР-ін ұзақ жылдар бойы басқарған Дінмұхамед Қонаевтың алынып, орнына Мәскеудің шешімімен Геннадий Колбиннің тағайындалуын атаймыз. Ал, көтерілістің басталуына себеп ретінде ұзақ жылдар бойы қордаланған, ұлттың мәдени, әлеуметтік мәселелерін жүйелеп айтпаймыз. ХХ ғасырдың екінші жартысында қазақ халқының ұлттық мүддесі табанға тапталған үстіне таптала түскені анық. Тың игеру жылдарынан басталған руханиятқа, тілге деген шабуыл ұлтты әбден ашындырған еді. Кеңес империясы алғаш құрылған жылдары ұлт зиялыларының, соның ішінде Алаш қайраткерлерінің белсенді қызметінің нәтижесінде көптеген қазақ мектептерін, театрлар ашып, ұлттық мәдениетті дамытуға түрлі сипаттағы мүмкіндіктер берсе, өткен ғасырдың   60-70 жылдары бұл мүмкіндіктер қайта жойыла бастады. Қазақ мектептері жабылды. Ұлттың салт-дәстүрі мен діні ұмыт қалды. Оның үстіне, Қазақстан шикізат өндіруші ел ретінде қалып қойды. Іс жүзінде елді Орталық басқарды. Мұның бәрі халықтың ашу - ызасын туғызды. Бұл – Желтоқсан көтерілісін бастаған негізгі себептердің бірі. Бірақ, қалың бұқара әлі күнге 1986 жылы жастар алаңға тек Колбиннің тағайындалуына қарсы болып шықты деседі. Ал шын мәнісінде, 1986 жылға дейін де, 60-70 жылдары Қазақстанда кеңестік саясатқа үлкен қарсылықтар болып отырды. Студент жастар, ұлт зиялылары қазақ мектептерінің жабылып жатқанына, қазақ ұлты өкілдерінің жоғары мемлекеттік лауазымдардан шеттетіле бастағанына наразылықтарын жасырған емес. Қазақтың азаттыққа деген ұмтылысы ешқашан тоқтамаған. Кенесарыдан бері азаттық рухы, еркіндікке деген ұмтылыс бірде лаулап жанып, бірде шоқтай ғана маздап отырды. Сол рухтың аса екпінді серпіліспен лап берген шағы – Желтоқсанның аязды да ызғарлы күндері. Сондықтан, Желтоқсан – тәуелсіздікке жол ашқан ұлт тарихындағы шешуші меже болды деуге толық қақымыз бар.

     Бірақ, Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастардың пиғылында мемлекеттік құрылысты құлатып, ұлт араздығын қоздыру деген сияқты ниет болғанмағандығын естен шығармауымыз керек. Жиналған жастар заңдарды және қоғамдық тәртіпті бұзбаған, олардың бар ойы тек Орталық Партия Комитеті пленумының асығыс шешімі жөнінде түсінік берілуін талап етіп, мұндай шешіммен өздерінің келіспейтінін білдіру ғана болатын. Бірақ, республика басшылығы жастармен тең құқылы келіссөз бастағысы да, олардың пікірін тыңдағысы келмеген. Республика басшылығы өздерінің саяси дәрменсіз екенін сезінді, сын жағдайдан шығудың бейбіт жолын қарастырмай, тіпті бұған ұмтылмауының өзі, олардың ақыл-парасат пен ізгі ниетке емес, қайта қарулы күшке сүйенуі жаппай наразылықтың бой көтеріп, өршуіне тікелей себеп болды. Наразылық білдірушілер мен қарулы күштердің арасында қақтығыс болып, нәтижесінде, кісі өлімі, денеге жарақат келтіру, автокөліктерді өртеу, үйлерді зақымдау оқиғалары орын алғаны тарихтан белгілі. Азаттық алаңында топ жарып шыққан қазақ жастарының қайсар үні, қаршадай қазақ қыздарының қайратты қимылы тарихқа айналып, болашақта еліміздің ұл-қыздарын отансүйгіштікке шақырары анық. 1986 жылғы желтоқсан оқиғасы ұлттық санамызды оятып қана қойған жоқ, ол сонымен қатар көптеген қандастарымыздың бойына бауырмалдық, өз халқына деген жанашырлық, патриоттық, отансүйгіштік сезімін, қалыптастырды. 
     Қақтығыс салдарынан наразылыққа қатысқандар тарапынан да, қоғамдық тәртіп сақшылары тарапынан да қаза тапқандар, әр түрлі дене жарақатын алғандар да, сөз жоқ, жеткілікті болды. Бұл сұрқиялық орталықтың «қазақ ұлтшылдығы» деген жалған, жалақор айыптаудың тікелей қайнар көзі болды. Қазақ халқы ежелден ұлтшыл болмағандығын, қонағына төрін босатып беретін, асының дәмдісін босағасынан аттағандарға ұсынатын, ежелгі дәстүрі бар кеңпейіл, көпшіл, интернационалист халық екенін ешкім де әдейі ескермеді. Көтерілісшілердің көп бөлігі бейкүнә, өмірдің ащысы мен тұщысын енді ғана танып жатқан жас студенттер қауымы болғанына да көз жұма қарады. Бірақ, қазақ халқының еш уақытта ұлтшыл болмағанын тарих  растады. Егемендік алғаннан кейінгі қазақ даласындағы барлық ұлттар, ұлыстар бір кісідей бүгін тату-тәтті өмір сүруде. Қазақстандағы 130-дан астам ұлт өкілдері бір кісінің баласындай бауырлас. Міне, осының өзі-ақ қазақтың қандай дархан, қонақжай халық екенін танытады.

     Желтоқсан көтерілісі бір сәтте, аяқ астынан болған жоқ. Желтоқсан көтерілісі ұзақ жылдардағы үзілістен соң, халықтың іштей тынған ашу-ызасының бір-ақ күнде бұрқ ете түскен сәті. 1986 жылы республика алаңында көтеріліс жасаған қазақ жастарының қаншамасы қыршынынан қиылып, қаншамасы абақтыға жабылып, қаншасы оқудан, жұмыс орындарынан қуылды. Қасақана жала жабылып қастандықтың құрбаны болған Қайрат Рысқұлбеков, Ләззат Асанова, Ербол Сыпатаев секілді аға-апаларымыз ұлт намысы қолында найзағайдай жарқылдап, жарық жұлдыздай көгімізден ағып түсті. Ол кездегі қазақ қыздарының қайсарлығын айтпай кетуге болмайды. Желтоқсан жендеттері алаңдағы ашық айқаста ұл, қыз деп жанашырлықпен қараған жоқ. Жанталас қуғында қызыл жағалылар артта қалып қойған нәзік жандарды шалып құлатып, шаштан сүйреп, көлікке тоғытып отырғызды.     Бұл – қазақ қыздарының қайраттылығы мен ерлігінің анық көрсеткіші және әрбір қазақ қызына өнеге болатын патриоттылықтың үлгісі. Желтоқсан оқиғасына қатысушыларына  басшылықтың жасаған қиянаты, жәбірленген қазақ жастарының адамгершілігі мен ар-намысының қорлануы, аяққа тапталуы – ұлттық, азаматтық рухтың өлшеусіз биіктігі еді. Сол себепті де, 1986 жылғы үш күнде көрініс тапқан аға-апаларымыздың қайсарлығы, өткір мінезділігі, ер жүректігі өсіп келе жатқан ұрпақтың санасында мәңгі қалуы тиіс. Мұхтар Шаханов «Рух және ыза дауылы немесе бес ғасырлық арман» еңбегінде: «1986 жылғы желтоқсан оқиғасы әлемді дүр сілкіндіргенімен әлі күнге дейін талай қандастарымыздың санасын сілкіндіре алмай келеді. Олай дейтін себебіміз қазіргі таңда желтоқсан оқиғасынан мүлдем бейхабар жастарымыздың көптеп кездесуі, алайда әр халықтың өз тарихының өшпес орны бар. Біздің мақсатымыз шындықты ашу. Себебі 20 жыл өтсе де, шындықтың беті әлі күнге дейін ашылған жоқ», – дейді. Шынында да,  жарқын болашақтың беташары  болған Желтоқсан  еліміз бен жеріміз үшін, қабырғалы халқымыз үшін, ұлтымыз бен ұлысымыз үшін маңызы зор тарихи белес. Сол себепті де оны ұлықтау, жастардың арасында зерделеу, үлгі етіп, насихаттау біздің парызымыз. Елiнiң тарихына құрметсiздiкпен қараған адам – халыққа құрметсiздiк көрсеткен адам. Елін құрметтеген адам тарихын да сыйлауы керек.

     Тарих –  дегеніміз халықтың зердесі. Ол болып өткен, оны түзете алмайсың және бір түсін екіншісімен ауыстырып, жаңадан жасай алмайсың. Біз оны бүкіл қайшылықтарымен, қаһармандық және қайғылы беттерімен қоса, ол қандай болса нақ сондай, бүкіл алуан түрлі, тұтас күйінде қабылдауға тиіспіз. Тарихымызды зерделеу арқылы біз болашаққа бағдар алып, нық сеніммен жарқын келешекке бара аламыз. Бұл – біздің ұлт ретінде, қоғам ретінде өмір сүруіміздің айнымас шарты. Марат Тажинның  «Өткенін ұмытқан қоғамды болашақ та ұмытады» деген сөздері әркімнің санасында болса, ұлт тарихын зерделеу жұмысында қазақтың өлгені тіріліп, өшкені қайта жанданар еді. Тарих дегеніміз өлі, тірі және болашақ ұрпақтың мызғымас одағы. Сол ұлттық тарихты зерделеу арқылы  көкірегіміз ашылып, ынтымағымыз жарасып,  ұлттық құндылықтарымызды сақтай отырып келешекке нық қадаммен басамыз деген сенімдемін.

     Ия, адамзат баласының өткен күнінің бәрі тарих. Тарихтың тарихтығы сонда – ешбір күш, ешбір уақыт оны өшіре алмайды. Дана халқымыз бірлік болмаса тірлік болмайтындығын бекер айтпаған. Бірлік болмай, патшаның отарлық саясатының  қыл бұрауы мойынға мықтап түскенде ғана, халық өзінің кешегі азат өмірінің көзден ұшқанын аңғарады. Тек аңғарып қоймай, кешегі даланы еркін жайлаған халық  атқа қонды. Кенесарыдай батыр бабамыздың бар мақсаты ─ елінің тәуелсіздігі еді. Сол тәуелсіздік жолында өз өмірін құрбан етті. Сын сағатта өз мүддесінен ел мүддесінен жоғары ұстады. Наурызбай, Ағыбай, Басығара, Жоламан батырлар да Кенесары хан қозғалысын қолдап, оны пір тұтты.Талай жылға созылған осы күрес  халықтың әлі де сойыл ұстап, жауға аттанар ерлері барын танытты. Исатай мен Махамбетті де ереуіл атқа ер салдырып, егеулі найза қолға алдырған, еңку-еңку жер шалдырған, темір қазық жастанып, беркініп садақ асындырған, біртіндеп жауды қашырған да сол, ұлы жол, азаттық жолы еді ғой.  Тәуелсіздік үшін күрес  бір сәт те толастаған емес, ол теңіз толқыны сияқты қат- қабат жарға соғып жатты. 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасы да  тәуелсіздік жолындағы ұлы белестердің бірі болды. Ал оған қатысқан әрбір адам – батыл да батыр, қаһарман деген атқа лайық жандар.  
Рух туы желбіреп тұрғанда өткенге тас лақтырып қарғыс айтпай, одан сабақ алып, жіберген қателігімізді қайталамай, найзаның ұшымен, рух-намыстың күшімен қорғаған ата-баба аманатын орындау ─ бүгінгі ұрпақтың парызы.

 

 

 

Ташмакова Жулдыз,

Еуразия Ұлттық Университеті, Тарих факультеті, АЭ-21

Ұялы тел.:8702-161-28-51


Информация о работе Тағылым мен тағзым бастауындағы желтоқсан көтерілісі