Тас дәуіріндегі Қазақстан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 23 Января 2014 в 12:12, реферат

Краткое описание

Тас дәуірінің сипаттамасы, кезеңделуі. Жер бетінде адамзаттың пайда болуы мен қалыптасуы тас дәуірінен бастау алады. Тас дәуірі – археологиялық дәуірге бөлу бойынша алғашқы тас құралдардың пайда болуынан бастап, қоладан жасалған құралдардың шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі б.з.б. 2,5 млн. жылдай бұрын басталып, б.з.б. ІІІ мыңжылдықта аяқталды, яғни 2 млн. жылдан астам кезеңді қамтиды. Тас дәуірі: палеолит (ежелгі тас дәуірі), мезолит (орта тас дәуірі), неолит (жаңа тас дәуірі) болып үш кезеңге бөлінеді. Өз кезегінде палеолит кезеңі: ерте, орта және кейінгі палеолит атты кезеңдерге бөлінеді.

Содержание

1. Тас дәуірінің сипаттамасы, кезеңделуі.
2. Ежелгі тас дәуірі, оның ерекшеліктері.
3. Орта тас дәуірі, оның ерекшеліктері.
4. Жаңа тас дәуірі. Мысты тас дәуірі. Оның ерекшеліктері.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Дәріс 1.docx

— 20.48 Кб (Скачать документ)

Дәріс 1. Тас дәуіріндегі Қазақстан.

Жоспар:

1. Тас дәуірінің сипаттамасы,  кезеңделуі.

2. Ежелгі тас дәуірі, оның  ерекшеліктері.

3. Орта тас дәуірі, оның  ерекшеліктері.

4. Жаңа тас дәуірі. Мысты  тас дәуірі. Оның ерекшеліктері.

1. Тас дәуірінің  сипаттамасы, кезеңделуі. Жер бетінде адамзаттың пайда болуы мен қалыптасуы тас дәуірінен бастау алады. Тас дәуірі – археологиялық дәуірге бөлу бойынша алғашқы тас құралдардың пайда болуынан бастап, қоладан жасалған құралдардың шығуына дейінгі кезеңді қамтитын көне дәуір. Тас дәуірі б.з.б. 2,5 млн. жылдай бұрын басталып, б.з.б. ІІІ мыңжылдықта аяқталды, яғни 2 млн. жылдан астам кезеңді қамтиды. Тас дәуірі: палеолит (ежелгі тас дәуірі), мезолит (орта тас дәуірі), неолит (жаңа тас дәуірі) болып үш кезеңге бөлінеді. Өз кезегінде палеолит кезеңі: ерте, орта және кейінгі палеолит атты кезеңдерге бөлінеді.

Ең ежелгі адамның қалдықтары Шығыс Африкадағы Олдувай шатқалынан табылды. Оны «homo habilis» - «епті адам» деп атады. Олар еңбек құралдарын дайындауда малта тасты пайдаланды: оның бетін ұрғылап, жару және кесу құралдарына лайықтап жасады. Археологиялық ескерткіштердің табылған жері бойынша ежелгі мәдениет олдувайлық деп аталды. Олдувай мәдениеті уақыты жағынан осыдан 2,5 млн. – 700 мың жыл бұрынғы кезеңді қамтиды. Одан кейінгі шель және ашель мәдениеттері осыдан 700 мың – 140 мың жыл бұрынғы кезеңді қамтиды. Бұл аталған мәдениеттер ерте палеолит кезеңіне жатады. Ал осыдан 140 мың – 40 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтитын соңғы ашель және мустье мәдениеттері орта палеолит кезеңіне жатады. Кейінгі палеолит ориньяк, солютре, мадлен деп аталатын кезеңдерге жіктеледі.

Ерте палеолиттің шель және ашель кезеңдерінде алғашқы  адамдардың питекантроп, синантроп, гейдельберг адамы сияқты түрлері өмір сүрді. Орта палеолиттің мустье кезеңінде адамның жаңа типі – неандерталь адамы тіршілік етті. Кейінгі палеолит кезеңінде физиологиялық жағынан қазіргі адамға ұқсас кроманьон адамы немесе «homo sapiens» - «саналы адам» түрі қалыптасты.

Тас дәуірінде алғашқы  адамдар тастан жасалған еңбек құралдарын пайдаланды. Алғашқы еңбек құралдарына  тас шапқы, үшкір таяқша, чоппер, чоппинг, қол қашау, кескіш, бифас, үшкір  тас, қырғыш және т.б. жатады. Тастан жасалған еңбек құралдары формасы, көлемі мен қолдану қызметі жағынан  әр түрлі мақсатта пайдаланылды. Тас  құралдармен бірге сүйектен және ағаштан жасалған еңбек құралдары  да қолданылды. Сүйектен жасалған құралдар – біз, ине, гарпун, найза, сүңгі жасау  ісі кеңінен игерілді. Тас дәуірінің  ежелгі кезеңі – палеолитте алғашқы адамдар бірігіп аң аулады және терімшілікпен айналысты. Алғашқы адамдардың баспанасы ретінде негізінен үңгірлер қызмет етті, сонымен бірге олар жертөлелерде тұрды.   

 

2. Ежелгі тас  дәуірі, оның ерекшеліктері. Ежелгі тас дәуірі – палеолит (гректің palaios – ежелгі және lithos - тас) деп аталады. Палеолит дәуірі б.з.б. 2,5 млн. жыл – 12-10 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Ол өз ішінен ерте, орта және кейінгі палеолит кезеңдеріне бөлінеді. Ерте палеолит шамамен б.з.б. 2,5 млн. жылдан б.з.б. 140-100 мың жылға дейін, орта палеолит б.з.б. 140-100 мың жылдан б.з.б. 40 мың жылға дейін, кейінгі палеолит б.з.б. 40 мың жыл жылдан б.з.б. 12-10 мың жылға дейін созылды. Қазақстан тарихында кейінгі жылдары бірқатар зерттеушілер палеолитті екі кезеңге – ежелгі және соңғы палеолит деп бөледі.

Қазақстан аумағында алғашқы  адамдардың пайда болған іздері, тастан жасалған еңбек құралдары – шапқы, кескіш, қырғыш, т.б. – ерте палеолитке, яғни 1 млн. жыл бұрынғы кезеңге  жатады. Қазақстанды мекендеген ең ежелгі адамдар питекантроп пен  синантроптың замандастары болған деп  есептеледі. Өзінің даму барысында  адамның бұл түрі «homo erectus» - «тік жүретін адам» деңгейінде тұрды. Алғашқы қауым адамы от жағуды, оны қолдануды білді, жануарларды аулады және жабайы жеміс-жидектерді жинап, терімшілікпен айналысты. Палеолит дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымы ұзақ әрі күрделі даму жолынан өтті. Оның бастапқы кезеңі алғашқы тобыр – бірлесіп қорғану және шабуыл жасау, аң аулау үшін бірлесу болды. Бұл әлеуметтік құрылымға қоғамдық қатынастардың жетілмегені, неке байланыстарының кейбір реттелмегені тән болды.

Қазақстан аумағындағы ежелгі адамдардың ең көне еңбек құралдары  Оңтүстік Қазақстандағы Қаратау  жотасының оңтүстік-батыс беткейінен, Арыстанды өзенінің бойынан табылған. Ерте палеолит кезеңінің тұрақтары 1958-ші жылы Жамбыл облысы, Қаратау қаласының  солтүстік-шығысында табылды. Бұл  тұрақтар Бөріқазған, Тәңірқазған деп  аталады. Мұны тапқан ғалым – археолог Х. Алпысбаев. Ерте палеолит кезеңінің  ескерткіштері Орталық Қазақстандағы  Құдайкөл тұрағынан, Жезқазған маңындағы  Жаманайбат, Қарағанды облысындағы  Обалысай және т.б. тұрақтардан табылды.

Орта палеолит кезеңінің  ескерткіштері Қазақстанның барлық аймағынан табылды. Бұл кезеңнің ескерткіштері Оңтүстік Қазақстан  облысы, Арыстанды өзенінің оң жағалауындағы  Қарасу мекенінде кездеседі. Сонымен  бірге Орталық және Шығыс қазақстаннан, Маңғыстау түбегінен мустье кезеңінің  қоныстары табылды.

Кейінгі палеолит кезеңінде  адамдар Жер шарының барлық климаттық  белдеулерінде қоныстанып, нәсілдік топтардың қалыптасу процесі  жүріп жатты. Қоғамдық ұйым ретінде  рулық қауым пайда болды. Рулық  қауым аналық ру жүйесі – матриархат негізінде құрылды. Әйелдің үй шаруашылығындағы белсенділігі, ұрпақ жалғастырушы ретіндегі қасиеті айқындалып, қауымдағы басшылық орынды әйел иеленді. «Саналы адамның» рухани түсінігі күрделеніп, дін мен өнердің алғашқы нысандары кең тарады. Алғашқы қауымдық өнердің басты тақырыбы – жануарларды бейнелеу, сүйектен, тастан, балшықтар жасалған әйел мүсіндері болды. 

 

3. Орта тас дәуірі, оның ерекшеліктері. Орта тас дәуірі немесе мезолит – тас дәуірінің палеолит пен неолиттің аралығындағы археологиялық өтпелі кезең. «Мезолит» терминін 1870-ші жылдары швед ғалымы О.М. Торелль алғашқы рет енгізді. Ол б.з.б. 12-10 мың жыл – 5 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Мезолит кезеңі климаттық өзгерістермен, мұздықтардың еруімен сипатталады. Бұл кезеңде мамонттар мен жүндес мүйізтұмсықтар жойылып, өсімідіктер мен жануарлар дүниесінің қазіргіге жақын құрамы қалыптасты. Ірі жануарлар түрлерінің жойылуы аң аулаудың бұрынғы әдістерін жарамсыз етіп, тіршілікті қамтамасыз етудің жаңа әдістері мен құралдарын іздестіру қажеттігін туғызды.

Мезолит дәуірінде адамдар  садақ пен жебені ойлап тауып, кеңінен қолданды. Шындығында садақ  пен жебе кейінгі палеолитте мәлім  болған, бірақ оның кең таралуы  жеке аң аулауға көшуге байланысты қажет болды. Садақ жебесінің  ұшы ретінде микролиттер – ұзындығы 1-2 см, үшбұрышты, ромб, трапеция пішінді шақпақ тастан жасалған құралдар қолданылды. Садақ пен жебенің шығуы адамзат санасындағы үлкен жетістік болып табылады. Аң аулау қаруы ретінде садақ ұсақ әрі жүйрік аңдарды, тіпті құстарды да аулауға мүмкіндік берді. Енді жекелеген аңшылар қауымға онша тәуелді болмады. Нәтижесінде кезбе аңшылықтың маңызы күшейді.   

Мезолит дәуірінде кейбір аймақтарда егіншілік пен мал  шаруашылығының белгілері пайда  болып, екінші бір аймақтарда балық  аулау мен аңшылық кәсібі одан әрі дамыды. Мұздық ерігеннен кейін  судың мол болуы балықтардың  өсіп-өнуіне қолайлы жағдай туғызды. Бұл балық аулау тәсілдерін жетілдіруге  ықпал жасады. Адамдар иілген қармақтарды, ауды, сүңгілерді пайдаланды. Алғашқы  қайық түрлері жасалынды. Үй жануарларынан  ит қолға үйретілді. Бұл кезеңде  мал шаруашылығы мен егіншілік  кең дами қоймады.   

Мезолит тұрақтарының негізінен  өзен, көлдердің жағалауында орналасқаны  анықталды. Қазақстан аумағында  Ертіс, Есіл, Тобыл, Жайық өзендерінің  аңғарларындағы, Маңғыстаудағы мезолит  тұрақтары белгілі болып отыр. Қазірде Қазақстан аумағында  мезолит кезеңі ескерткіштерінің елу  шақты орны табылған. 

 

4. Жаңа тас дәуірі. Мысты тас дәуірі. Оның ерекшеліктері. Тас дәуірінің келесі сатысы жаңа тас дәуірі – неолит және мысты тас дәуірі – энеолит болып табылады. Неолит дәуірі б.з.б. 5 мың жыл – б.з.б. 3 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Неолит дәуірінде тасты өңдеу техникасы ерекше дамып, жетілдіріле түсті. Тастан еңбек құралдарын жасауда тегістеу, қырнап өңдеу, бұрғылау, аралап кесу тәрізді күрделі тәсілдер қолданылды. Тас балта, кетпен, дән үккіш келілер жасалды.                       

Неолит дәуірінің маңызды  белгісі – табиғаттың дайын өнімдерін  иемденетін тұтынушы шаруашылықтан  өндіруші шаруашылыққа ауысу болып  табылады. Яғни, терімшілік пен аң аулаудың негізінде егіншілік пен мал  шаруашылығы қалыптасты.  Қарапайым кен өндіру, жіп иіру, мата тоқу, қыш ыдыстар жасау сияқты кәсіп түрлері пайда болды.

Неолит дәуіріндегі қоғамдық ұйымдасудың негізгі түрі ретінде  рулық қауым сақталып қалды. Рулық  қауымда ұжымдық еңбек пен  өндіріс құрал-жабдықтарына ортақ  меншік үстем болды. Сонымен бірге  тайпалар мен тайпалық бірлестіктер құрыла бастады. Тайпалар туыстық байланысына  қарай және шаруашылықтың біртекті сипатына қарай біріккен бірнеше  рулық қауымдардан тұрды.

Қазіргі кезде Қазақстан  жерінде ғылымға белгілі 500-ден  аса неолиттік ескерткіштер бар. Неолиттік тұрақтар орналасу сипатына қарай бұлақтық, өзендік, көлдік, үңгірлік деп бөлінеді. Бұлардың ішінде бұлақтық тұрақтар көп тараған. Неолит дәуірінің  ескерткіштеріне Ақмола облысындағы  Атбасар мәдениетін, Торғай үстіртіндегі Маханжар мәдениетін, Оңтүстік Қазақстандағы  Қараүңгір тұрағын, Батыс Қазақстандағы  Құлсары тұрағын, Шығыс Қазақстандағы  Қызылсу тұрағын, Солтүстік Қазақстандағы  Пеньки тұрақтарын және т.б. жатқызамыз.

Тас дәуірі мен қола дәуірінің  аралығындағы археологиялық өтпелі кезең болып мысты тас дәуірі – энеолит (латынша aeneus – мыс және грекше lithos - тас) есептеледі. Энеолит дәуірі б.з.б. 4 мың жыл – б.з.б. 3 мың жыл аралығындағы кезеңді қамтиды. Энеолит дәуірінде адамдар тас құралдармен қатар мыстан жасалған еңбек құралдарын да пайдалана бастады. Мыс құралдардың шығуы оңтүстік аймақтарда егіншілер мен малшылардың өнімді еңбекті дамытуына елеулі ықпал етті. Далалық аймақтарда малшылықтың басым дамуына байланысты энеолит бұл өңірде тас өндірісінің құлдырауымен емес, қайта оның жоғары даму деңгейімен қатар жүрді. Далалық аймақтағы энеолит Солтүстік Қазақстан облысындағы Ботай мәдениетімен ерекшеленеді. Ботай мәдениеті б.з.б. ІІІ – ІІ мыңжылдықтарға сәйкес келеді.

Сонымен, тас дәуірі аяқталып, адамзат тарихында қола дәуірі басталды. Көріп отырғанымыздай, адамның қалыптасуы мен дамуын кезеңдерге бөлудің негізіне  адамдардың еңбек құралдарын жасау үшін тас, мыс, қола және темір сияқты табиғи материалдарды игеру алынады.  

 

Өзін-өзі тексеруге  арналған сұрақтар:

  1. Тас дәуірі қандай кезеңдерге бөлінеді?
  2. Алғашқы адамдардың эволюциялық дамуына байланысты қандай түрлері белгілі? 
  3. Қазақстан аумағындағы ең алғашқы адамдардың ескерткіштері қай дәуірге жатады?
  4. Тас дәуіріндегі адамдардың қоғамдық ұйымдасуының қандай түрлері белгілі?
  5. Палеолит дәуірі қандай кезеңдер мен мәдениеттерге бөлінеді?
  6. Мезолит дәуірінде адамдар өміріндегі өзгерістердің туындауы немен байланысты болды?
  7. Садақ пен жебенің кеңінен қолданылуы қай дәуірге жатады?
  8. Тұтынушы шаруашылықтан өндіруші шаруашылыққа өту дегенді қалай түсінесіз?
  9. Неолит дәуірінде адамдар өмірінде шаруашылықтың қандай жаңа түрлері пайда болды?
  10. Энеолит дәуірінде еңбек құралдарын жасауда қандай жаңалықтар пайда болды?

 

     

 

Әдебиеттер:

  1. Әбдәкімұлы Ә. Қазақстан тарихы (ерте дәуірден бүгінге дейін). Оқу құралы. Алматы,  2005.
  2. Ермұханова Х.К. Қазақстан тарихы: Жоғары оқу орындарына түсушілерге арналған оқулық-тест. Алматы: «Шың кітап», 2010. – 360 б.
  3. История Казахстана. Пособие для студентов. Автор-составитель: Кан Г.В. Алматы, 2004. – 80 с.
  4. Кан Г.В., Шаяхметов Н.У. Қазақстан тарихы. Алматы: «Алматыкітап», 2007. – 274 б.
  5. Қазақстан тарихы. Көне заманнан бүгінге дейін. І том. Алматы «Атамұра», 1996, 2010. – 544 б.
  6. Қазақстан тарихы көне заманнан бүгінге дейін. (Очерктер). Алматы «Дәуір», 1994. – 446 б.
  7. Қазақстан тарихы. Энциклопедиялық анықтамалық. Алматы: «Аруна», 2006. – 768 б.
  8. Қ.С. Қаражан, Ж. Әбсеметова, Ф.А. Қозыбақова және т.б. Қазақстан тарихы: лекциялар курсы. Алматы: Заң әдебиеті, 2009. – 376 б.
  9. Мұхамедов М.Б., Сырымбетұлы Б. Қазақстан тарихы. Оқу құралы. Алматы: «Қарасай», 2007. – 344 б.
  10. Мусин Ч. Қазақстан тарихы. Алматы, 2008. – 640 б.

Информация о работе Тас дәуіріндегі Қазақстан