Талғат Жақыпбекұлы Бигелдинов
- Авиация генерал-майоры, Кеңес Одағының
екі мәрте батыры, «Барыс» орденінің иегері.
1922 жылы 5-тамызда Сарыарқаның
кең-байтақ даласында, Ақмола облысының
өзен-көлі тасыған, емдік суы атқылаған
Майбалық ауылында туған. Бигелді
атасының 101 жасап қайтқан қарындасы
– Қадиша әжесі кішкентай Талғатты
керемет жақсы көрді, бар мейірімін
төге тәрбиеледі. Әкелері 1931-1932 жылдардағы
ашаршылық қысыңқыраған уақыттарда
еттірілік танытып, колхоздан жалға
жер алып, тау жақтағы ай далада
пияз, жүгері екті. Үй іші алты
ай жаз бойы тайлы-тұяғымен
түгелдей егістік басында болады.
Сонда әжесімен бірге қалып
үйді қарайтын, бие мен сиырды
бағып, сауатын да Талғат еді.
Өстіп еңбекке, елгезектікке баулынды.
Қара жұмысқа қаршадайдан қатып-пісіп
шынықты. Ұшқыш болсам деген өрекпіген
көңілмен Бішкектегі ДОСААФ авиамектебіне
түсіп, «У-2» деген ұшақпен ұшуды
үйрендім» дейді аты аңызға
айналған батыр. Қыран самғауының
алғашқы ақ жолы атақты Фрунзе
берген бір жапырақ қағаздың
арқасында осылай ашылып еді.
Ол кездерде қазақ баласына
тым сирек бұйырған бақыт болатын
бұл. Әуелі Саратовтың арнайы
барлаушылық ұшқыштар авиамектебіне
оқуға жіберілді. Оны бітірген
соң Чкаловтағы 3-ші бомбалаушы
және 1-ші жойғыш авиациялық ұшқыштар
мектептерінде аспан қыраны мамандығының
қыры мен сырын тәптіштеп меңгерді.
Одан соң ИЛ-2 шабылдаушы ұшағында
ұшуға үйренуден өтті. Осының
бәріне ұзын-ырғасы екі жарым
жыл шамасында уақыт кетті. Тек
содан кейін ғана, 1942 жылғы желтоқсан
айында Талғат Бигелдинов кейіннен
144-ші гвардиялық деп аталған
алғы шептегі 800-ші шабылдаушы
авиаполкке келіп қосылып, соның
құрамында соғыстың соңғы күндеріне
дейінгі бүкіл от-жалынды бастан
өткере кешіп өтті. Ал қан майданға
аттанар алдында Ижевск қаласынан
«ИЛ-2» штурмовигімен ұшуды үйреніп
шығады. Сол күннен бастап әскерилер
арасында «ұшқыш танк» деп
аталып кеткен «Илюшаға» басы
бүтін бауыр басып, 1942 жылы майданға
аттанады. Осы өзі бір көргеннен
қатты ұнатқан ұшақпен көк
жүзінде 500 сағат болады. 305 рет әскери
шабуылға шығып, жау ұясы –
Берлинді алуға бірінші болып
қатысады. Фашистер өздеріне аяусыз
өлім оғын сепкен Талғат мінген
ұшақты «Қара ажал» деп атаған.
23 жасында Кеңес Одағының екі
мәрте батыры атағын иеленіп,
соғыста небір көзсіз ерлік
көрсеткен қыран қазақ қан
майданнан аман-есен оралады. Соғыс
біткеннен кейін Талғат Жақыпбекұлы
Әскери-әуе академиясында оқып, кеңес
армиясындағы бөлімдер мен құрамалар
командирі, штаб бастығы мәртебесін
еншілеткен диплом алып шықты.
Әскер қызметінде реактивті ұшақтарды
игерумен шұғылданды. 1956 жылы денсаулығына
байланысты демалысқа шығады. КСРО
Жоғарғы Кеңесінің үш мәрте депутаты болып
сайланады. 1957 жылдан 1970 жылға дейін азаматтық
авиацияны басқарып, Алматы, Ақмола, Арқалық,
Қызылорда, Қарағанды, Тараз сынды көптеген
қалаларда аэропорт салу ісіне өлшеусіз
үлес қосады. 1968 жылы Мәскеу инженерлік-құрылыс
институтын бітіріп, мемлекеттік құрылыс
саласында да қызмет атқарып, әсіресе,
Алматыдағы небір тамаша зәулім ғимараттардың
бой көтеруіне атсалысады.
Бүгінде 86 жасқа аяқ басса да
денсаулығы мықты, тың Талғат ағамыз табиғат
аясында жиі болғанды ұнатады. Бал арасын,
бау-бақша өсірумен айналысады, қоғамдық
жұмыстан да қол үзген емес.