Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Ноября 2013 в 09:02, реферат
Әлкей Хақанұлы Марғұлан (11.5.1904, Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 12.1.1985, Алматы қаласы) – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы. Бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі (1933), филология ғылымының докторы (1945), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1958), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Оның редакциясымен Шоқан Уәлихановтың шығармаларының 5-томдық толық академиялық жинағы жарық көрді. Педагогика саласында Әлкей Марғұлан фольклор бойынша зерттеулерінің маңызы зор. Тұңғыш рет халық педагогикасының біртумалары шоғырланған казақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын іргелі зерттеді.
Реферат
Тақырыбы: Әлкей Хақанұлы Марғұлан
Әлкей Хақанұлы Марғұлан (11.5.1904, Павлодар облысы Баянауыл ауданы – 12.1.1985, Алматы қаласы) – әдебиеттанушы, өнертанушы, шығыстанушы, ұлттық археология мектебінің негізін қалаушы. Бүкілодақтық география қоғамының толық мүшесі (1933), филология ғылымының докторы (1945), Қазақстан ғылым академиясының академигі (1958), Қазақ КСР-інің еңбек сіңірген ғылым қайраткері (1961). Оның редакциясымен Шоқан Уәлихановтың шығармаларының 5-томдық толық академиялық жинағы жарық көрді. Педагогика саласында Әлкей Марғұлан фольклор бойынша зерттеулерінің маңызы зор. Тұңғыш рет халық педагогикасының біртумалары шоғырланған казақ халқының аңыздарын, ертегілерін, жырларын іргелі зерттеді.
Әлкей Хақанұлы Марғұлан бастапқы білімді ауыл мектебінен алды. Павлодар қаласындағы мұғалімдер курсын бітіріп‚ туған аулында мұғалім болып істеді. Семей педагогикалық техникумының студенті бола жүріп‚ «Таң» журналы мен «Қазақ тілі» газетінің редакцияларында (1921–25) қызмет атқарған. Осы жылдары ол М.О.Әуезовпен‚ М.Жұмабаевпен танысты. Ленинград (қазіргі Санкт-Петербург) қаласындағы Шығыстану институтының түркітану және тарих-филология факультеттерінде (1925–29) қатар оқыды.
Марғұлан КСРО ғылым академиясының академигі А.Е.Ферсман мен профессор С.И.Руденконың басшылығымен ұйымдастырылған Қазақстан және Алтай археология және этнография экспедицияларының (1926–27) жұмысына қатысты. Экспедиция кезінде Ә.Н.Бөкейхановпен тығыз қарым-қатынас орнатып, бірлесіп қызмет жасады. Марғұлан 1928 жылдан қазақ халқына қатысты әдеби, мұрағаттық материалдар жинақтаумен шұғылданды. 1929 ж. Абай шығармалары туралы дипломдық жұмыс қорғап‚ орыс география қоғамы архивіндегі Абай қолжазбалары туралы нақты тарихи деректер негізінде ғылыми дәйекті тұжырымдар жасады.
Терминология комиссияның ғалым-хатшысы (1930–31), Ленинград қасындағы Мемлекеттік материалдық мәдениет тарихы академиясының аспиранты (1931–34)‚ Шығыстану институтының оқытушысы (1931–35), Мәскеу қаласындағы материалдық Мәдениет тарихы институтының ізденушісі және ғылыми қызметкері (1936–38) болды. Осы жылдары ол Шығыс Түркістан археологиясы мен өнері бойынша маманданып, бірнеше археологиялық экспедицияларға қатысты. КСРО ғылым академиясының қазақ бөлімшесі Тарих институтының аға ғылыми қызметкері (1939–41) болды. Оның «Мәшһүр Жүсіп мұрасындағы түркі эпосы», «Декабристер және Қазақстан», «Әлішер Науаи және қазақ мәдениеті», «Мұхаммед Хайдар – тарихшы», «Шоқан Уәлиханов және Орта Азия тарихы», «Суворов», «Жамбыл Жабаев» (1940–41), т.б. еңбектері жарық көрді.
1941 ж. КСРО ғылым академиясы Қазақ бөлімшесінің тарих бөлімін басқарды. Осы қызметте жүріп «Хандар жарлығының тарихи маңызы» деген тақырыпта қорғаған канд. диссертациясында (1943) көне қыпшақ тарихына байланысты құнды зерттеулер жасады. «Қазақ халқының эпикалық жыр дастандары» тақырыбында қорғаған докт. диссертациясы қазақ әдебиеті мен тарихы саласындағы іргелі зерттеулердің нәтижесі саналды. Археология, палеолит бөлімінің меңгерушісі, аға ғылыми қызметкері (1946–53), Қазақстан ғылым академиясының Архитектура құрылыс және құрылыс материалдары институтының аға ғылыми қызметкері (1953–55) болды; кейін этнография бөлімін (1958–76) басқарды.
Осы жылдары Марғұлан Сырдария, Шу, Талас өзендері бойында және Отырар, Сауран, Сығанақ қалалары орнында қазба жұмыстарын жүргізіп, соның негізінде «Көне қазақ жерінің қалалары мен құрылыс өнерінің тарихы» аталатын монографиясын (1950) жариялады. К.Ақышев, М.Қадырбаев, М.Оразбаевтармен бірге Орталық Қазақстанда жүргізген археология қазба жұмыстарының қорытындысы саналатын «Орталық Қазақстанның ежелгі мәдениеті» (Древняя литература Центрального Казахстана, 1966) атты ғылыми-зертханалық еңбегін жазып‚ кітаптың редакциясын басқарды.
Марғұлан – қорқыттанушы. Ол оғыз-қыпшақ тайпасынан шыққан данагөй абыз, жырау, күй атасы, қазақ бақсыларының жебеушісі, батагөй-сәуегейі Қор-қыт мұрасын зерттеді. М-ның жазуынша, қазақ музыкасы мен философиясында «Қорқыт күйі», «Қорқыт сарыны», «Қорқыт тол-ғауы», «Тәңір биі» дейтін рухани ізгі дәстүрлер, мақамдар қалыптасып дамыған. Демек, Қорқыт – «керемет иесі», «Ұлыс-тың ұлы кеңесшісі», «тарихи оқиғаларды жырлаушы жырау». Марғұлан Қорқыт мұрасын, дәстүрін ұстанған халық мәдениетінің көрнекті өкілдерін былайша топтастырады:
бақсы-жыраулар (Қойлыбай, Қарамырза, Нысан абыз, т.б.);
қобызбен күй орындаушылар (әл-Фараби, Кетбұға);
сәуегей жыраулар, шешендер (Сыпыра жырау, Асан қайғы, Шалкиіз, Қазтуған, Әнет баба, Бұқар жырау, Тәтіқара, Майлы-қожа, т.б.);
Қорқыт дәстүрін жалғастырған, қобызбен жыр туындатқан ақындар (Балқы Базар, Ерімбет жырау, Кете Жүсіп, Қаңлы Жүсіп, Абыл, Оңғар жырау, Шораяқтың Омары, т.б.).
Марғұлан «Қазақ халқының көне замандағы ақындық өнерінің шеберлері» атты еңбегінде (1959) қазақ халқының эпикалық жыр дәстүрін дамытқан ақындарға, шебер орындаушыларға, сал-серілерге тоқталып, олардың сөз өнеріндегі орнын айқындады. Еңбектегі ғылыми тұжырымдар танымдық тереңдігімен ерекшеленеді, онда көне ойшылдардан бастап Жанақ, Шөже, Арыстанбай, Марабай, Сүйінбай, Жамбыл, Нұрпейіс, Иса секілді ақындар шығармашылығы талданады. Марғұланның «Тамғалы тас жазуы» атты зерттеуінде әдеби-тарихи һәм мәдени деректер молынан кездеседі. Ол сонымен қатар қырғыз халқының «Манас» эпосы туралы ғылыми-зерттеулер ісінің дамуына үлес қосты. Қырғыз эпосын дүние жүзіне алғаш таныстырған Ш.Ш.Уәлиханов, кеңес заманында бастапқы зерттеулерді жүргізген Әуезов болса, кейіннен осы дәстүр Мағұланның «Шоқан және Манас» атты мо-нографиясында жалғасты. Ол эпостағы өмір шындығы, жырдың шығу тегі, дәуірі, кейіпкерлері мен көркемдік кестесі және манасшылардың жырды жетілдірудегі қызметі‚ т.б. жөнінде ғылыми маңызы жоғары пікірлер айтты.
1957–1967 ж. Уәлихановтың ғылыми мұраларын жинайтын топқа (Әуезов, С.Бәйішев, С.Мұқанов, Қ.И.Сәтбаев, А.Нүсіпбеков-пен бірге) басшылық етіп, оның таңдамалы (1958) және 5 томдық шығармалар жинағын жарыққа шығарды.
1976–1984 ж. Қазақстан ҒА этнография бөлімінің аға ғылыми қызметкері болды. Оның ынта-жігері мен ұсынысы бойынша қазақ даласының ең шалғай аудандарына бірнеше археологиялық және этнографиялық экспедициялар ұйымдастырылды. Ол өзіне дейінгі Қазақстанды зерттеуші орыс ғалымдарының қазақ даласы тек көшпелілер мекені болды деген тұжырымдарының шындыққа сай келмейтіндігін дәлелдеді. Ғалым 1940 жылдардың аяғында бірнеше рет саяси қудалауға түсті, кейін де ұдайы саяси бақылауда болды, ғылыми ортаның кейбір қисынсыз сындарына ұшырады.[3]
Әлкей Хақанұлы Марғұланның 100 жылдығына арналып шығарылған почталық марка
Марғұлан тарих, археоллогия, этнография, әдебиет, өнер (қолданбалы және сәулет өнері) және металлургия саласына қатысты 300-ден астам ғыл.-зерт. жұмыстар, 100-ден астам энциклопед. мақалалар жазды‚ сонымен қатар қазақстандық этнографтардың, археологтардың, тарихшылардың бірнеше буынын даярлады. М-ның ғыл. еңбектерінің бірқатары шетел тілдеріне ау-дарылды. 1991 жылы Қазақстан ҰҒА-ның Тарих, археология және этнология институтындағы археология орталығының негізінде Марғұлан атындағы Археология институты құрылды. Астана, Павлодар, Екібастұз, Жезқазған қ-лары мен Оңт. Қазақстан обл-нда, Баянауыл, Екібастұз аудандарында бірнеше көшелер, мектептер Марғұлан есімімен аталады. Павлодар қ-нда мүсіні орнатылған‚ сондай-ақ Павлодар мемлекеттік университетінде Марғұлан атында стипендия тағайындалып‚ музей ашылған. 100 жылдық мерейтойы ЮНЕСКО-ның шешімімен дүниежүзілік деңгейде аталып өтті (2004). Қазақстан ҒА-ның Уәлиханов атынд. (1967), Қазақ КСР-і Мемлекеттік сыйлықтарының лауреаты. Ленин, Еңбек Қызыл Ту, Халықтар достығы ордендерімен және медальдармен марапатталған.