Азаттыкты ансаган Карлуктар Т Омарбеков

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Декабря 2013 в 16:23, статья

Краткое описание

Қазақстан аймағының байырғы орта ғасырлардағы тәуелсіздікке ұмтылу тарихы Қарлұқтардың азаттық жолындағы жанпида күрестерімен тығыз байланысты. Біздің елімізде бір орталыққа бағынған мықты мемлекет құру дәстүрлерін қалыптастыруда Қарлұқтардың дербес хандық орнату жолындағы этносаяси шараларының маңызы үлкен. Олардың мәнін түсіну үшін «Қарлұқтардың өздері кімдер?» деген сауалға жауап іздестіруге тура келеді.Ежелгі қытай жазбаларына қарағанда, қарлұқтар – таулы да қарлы аймақтарда өмір сүрген байырғы ғұндардың ұрпақтары.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Азаттыкты ансаган Карлуктар Т Омарбеков.docx

— 97.13 Кб (Скачать документ)

Азаттықты аңсаған Қарлұқтар

18-Наурыз, 2011 |

Қазақстан аймағының  байырғы орта ғасырлардағы тәуелсіздікке  ұмтылу тарихы Қарлұқтардың азаттық жолындағы жанпида күрестерімен тығыз байланысты. Біздің елімізде бір орталыққа бағынған мықты мемлекет құру дәстүрлерін қалыптастыруда Қарлұқтардың дербес хандық орнату жолындағы этносаяси шараларының маңызы үлкен. Олардың мәнін түсіну үшін «Қарлұқтардың өздері кімдер?» деген сауалға жауап іздестіруге тура келеді.Ежелгі қытай жазбаларына қарағанда, қарлұқтар – таулы да қарлы аймақтарда өмір сүрген байырғы ғұндардың ұрпақтары. Орыстың В.Бартольд, Г.Грумм-Гржимайло, Н.Аристов тәрізді үлкен зерттеушілері «Қарлұқ» этнонимі «қарлы аймақта тұратындар» деген мағынаны білдіретінін айтып келді. Алайда бұл атау Арғу, Басмыл тайпаларының аттары тәрізді «аралас» деген мағынаны аңғартады деп ойлайтындар да бар. Қалай десек те, осы аталған екі үлкен тайпалардың тарихы Қарлұқтармен тығыз байланысты және бұлардың бәрінің кейінгі қазақтың Арғын тайпалық бірлестігінің қалыптасуына өзіндік үлестері бар. 
Қытай жылнамалары бойынша, Қарлұқ – түріктің бір жұрты. О бастан-ақ олар Бесбалықтың солтүстігінде Алтын таудың (Алтайдың) батысында қоныстанған. Олардың алғашқы үш тайпалық бірлестіктерден – Жікілдерден, Бұлақтардан, Басқылдардан тұрғандары белгілі. VІ ғасырда бұл тайпалық бірлестік шығыстағы Тоғыз оғыздарға жақын жүргенде Үш оғыз бірлестігі деп аталса, кейінірек Үш қарлұқ атанды. Зерттеушілердің біразы Қарлұқтардың Бұлақ тайпасын кейінгі қазақ Арғындарының арғы бабаларын (Болат тайпасын) құраған этносаяси бірлестіктердің бірі ретінде сипаттап жүргендерін білген де артық болмас. Сонымен қатар кейіннен Жетісудағы Қарлұқ хандығы ыдыраған кезде Қарлұқтардың үлкен бөлігі түрікмендер құрамына сіңісіп кетсе, Ферғана аймағындағы бір бөлігі болашақ өзбек халқының қалыптасуының этно-әлеуметтік негіздерін құрауға атсалысты. Этникалық топ ретінде Қарлұқтар қырғыздарда да кездеседі. VІІІ ғасырда олар Енесай қырғыздарымен көрші болған болса, Х-ХІ ғасырларда қырғыздардың Қарлұқтар мекендейтін Ыстықкөл аймағына келіп қоныстанғандары белгілі. Дегенмен де Қарлұқтардың, негізінен, қазіргі Қазақстан аумағында көшіп-қонып жүрген көшпелі тайпалар бірлестігі екендігін естен шығаруға болмайды. Бұдан туындайтын қорытынды – Қарлұқтар – біздің қазақ халқының қалыптасуының этникалық үдерістерінде өзіндік із қалдырған этносаяси бірлестік. Кезінде олар Ұлы Түрік қағанаты құрамында көшіп жүрсе, кейіннен Батыс Түрік қағанатының қарауына көшті. 
Алайда Қарлұқтардың бүкіл тарихы – дербестікке және азаттыққа қол жеткізу жолындағы күрестер тарихы. Осындай өрелі мақсатпен және өрлікпен рухтанған оларды, басқаларды айтпағанда, тіптен өздерімен қандас түркітілдес тайпалармен бір мемлекет құрамында бағынышты болып жүрудің өзі де қанағаттандырған емес. Мұның себебін олардың геополитикалық тұрғыдан қолайсыз аймақта орналасуларынан іздестірген жөн. Терістікте қырғыздар, шығыста ұйғырлар, оңтүстік-шығыста қытайлар мен тибеттіктер оларға ылғи да қауіп төндірумен болды. 
654 жылы Қарлұқтарды және олардың көршілері Чумугендерді (Шөмекейлердің бабаларын) Таң империясының әскерлері басып алды. Біраз уақыт қытайлықтар тепкісінде болған оларды 682 жылы қайта құрылған Шығыс Түрік қағанаты өзіне қосып алды. Бірақ өздерінің күш-қуатына аса сенімді азаттық сүйгіш Қарлұқтар қағанатқа қарсы 711 жылдан бастап бірнеше ірі көтерілістер ұйымдастырды. Ақырында, олардың 742 жылы Ұйғырлармен және Басмылдармен қатар көтерілуі Шығыс Түрік қағанатының түбіне жетті. Қарлұқтарға туыстас Басмылдар қаһарлы Көктүріктердің соңғы ханы Озмыштың басын кесіп алып, қытайдың астанасы Чананьға жеткізді. Алайда саяси билікке Басмылдар мен Қарлұқтар емес, ынтымағы әлдеқайда күшті Ұйғырлар келді. Осылайша 745 жылы Көк түріктердің қуатты қағанаты келмеске кетіп, енді ұйғырлар билейтін түркілердің біріккен қағанаты орнықты. Қарлұқтар Басмылдармен бірге амалсыздан өздері ұнатпайтын Ұйғырларға бағыныштылыққа түсті. Дегенмен де олар жаңа саяси билікке толық мойынсына қойған жоқ. Қарлұқтардың үлкен бөлігі батысқа қаша көшті. 
Қалыптасқан саяси ахуалға байланысты VІІІ ғ. ортасына қарай олар осылайша екі үлкен бөлімге бөлінді. Олардың біраз рулары – шығыста Қанғай тауларында қалып, Ұйғырларға бағынса, ал екінші, батысқа жылжыған тобы – Алтай мен Шығыс Тянь-Шань аралығында өмір сүріп жатты. Алайда 755 жылы Ұйғырлар батысқа жылжып, Қарлұқтар мен Басмылдарды қайта бағындырды. Арада төрт жылдан кейін ғана, Ұйғырлардың қағаны Мойынчор өлген соң ғана Қарлұқтар Ұйғыр езгісінен ығысып шығып, оңтүстік аймақтарды жаулау жорықтарын бастады. Олар алғаш Ыстықкөл және Талас аймағынан Оғыздарды ығыстырып шығарды. Оғыздар амалсыздан Сыр бойындағы ежелгі Қаңлылар мекеніне қоныстануға мәжбүр болды. Қарлұқтардың өздеріне дейін Жетісуда билікте болған Түргештермен (Сарыүйсіндермен) текетірестері де бейбіт бола қойған жоқ. Алайда бұл кезде Түргештердің өздері екіге бөлініп алып, өзара соғысып жатқандықтан, Қарлұқтарға елеулі қарсылықтар көрсете алмады. Осының бәрі Қарлұқтарды күшейте түсті. 
Тарихи мағлұматтар 766 ж. Жетісудағы билікті Қарлұқтардың тартып алғанын және Түргештердің ежелгі астанасы Суябтың енді Қарлұқтардың астанасына айналғанын нақты жазады. Осылайша Іледен Шу аңғарына дейінгі аймақты қамтыған Қарлұқ хандығы (қағанаты) дүниеге келді. 775-776 жылдар аралығында Қарлұқтар билігі Қашқар және Ферғана өңірлерінде де орнықты. Негізінен, Қарлұқтардың территориясы бұрынғы Он оқ елінің, яғни Түргеш қағанатының жер аумағын қамтыды. Айта кетер бір маңызды мәселе, 751 ж. болған қытайлар мен арабтар арасындағы Талас шайқасында Қарлұқтар алғаш Қытайдың жағында болса, кейінірек арабтар жағына шығып, өздеріне туыстас жергілікті тайпалардың жеңіске жетуіне ықпал жасады. 
VIII-IХ ғ.ғ. өн бойында өздерінің тәуелсіздігін қорғап қалу жолындағы Қарлұқтардың күресі ақыры Ұйғырлар билігін мойындаумен аяқталды. 812 жылы Ұйғырлар Қарлұқтардың әскерін талқандап, Шығыс Түркістанды олардан біржолата тартып алды. Бірақ Ұйғыр қағанының билігі 840 жылға дейін ғана созылды. Қырғыздардың Ұйғырларды талқандаулары Жетісудағы Қарлұқтарды қайта күшейтті. ІХ ғ. орта шеніне қарай, Қарлұқтардың билік жасаған аймағы айтарлықтай кеңейе түсті. Оларға енді Жетісу жері ғана емес, Сырдария аймағының шығыс бөлігі де бағынатын болды. 
Алайда олардың батысқа жылжуына 715 жылы Мауереннахрдың үлкен бөлігін жаулап алған арабтар кедергі жасады. 772 жылы арабтар Қарлұқ әскерін Ферғанада талқандап жіберді. Осыдан соң, 777 жылы Қарлұқтар Ұйғырлар, Тибет және т.б. тәрізді өздерінің халифатты мойындайтындарын, амал жоқ, мәлімдеді. Дегенмен де Қарлұқтар араб ықпалынан құтылу жолында тағы бір әрекет жасап, оларға қарсы жорыққа аттанды. Бірақ 792 жылы оларды арабтар Ферғанада тағы да талқандады. 840 жылы арабтар Қарлұқ жеріне тіптен тереңдеп еніп, Испиджаб қаласын да бағындырды. Араб халифатының құлауы саяси ахуалды едәуір өзгертті. Енді Орта Азиядағы билік арабтардан мұсылмандықты қабылдаған саманидтер әулеті қолына көшті. Бірақ Саманидтер арабтардың басқыншылық саясатын жалғастырды. Оларға ең алдымен Қарлұқтарды Ислам дініне енгізу аса қажет болды. Осы мақсатпен 893-894 ж.ж. Исмаил Саманид Қарлұқтар билігіндегі Таразды басып алды және мұндағы бас шіркеуді мешітке айналдырды. Орта Азияда саманидтер мемлекетінің тұрақты түрде күшейе түсуі Қарлұқтардың біртіндеп Исламды мойындауларына алып келді. 
Иә, Қарлұқтардың Жетісудағы билігі айтарлықтай ұзақ болды. Қарахандықтар билікке келген соң да Қарлұқтар осында маңызды саяси рөл атқара берді. Қарахан мемлекетінің құрылуына байланысты Қарлұқтар ішінара Мауереннахрға қоныстануға мәжбүр болғандарымен, өздерінің байырғы қоныстарын қолдан шығара қойған жоқ. Зерттеуші Ю.Зуевтің айтуынша, «Алтайда және Жетісуда олардың ықпалының күшті болғаны сондай, Қарахан билеушісі оларды жеңу үшін 1125 ж. Жетісуда Батыс қидандардың династиясын негіздеген қарақытайлық Елюй Дашидан көмек сұрауға мәжбүр болды. Алайда қарақытайлардың кезінде де Қарлұқтар Іле аңғарында және Алтайда айтарлықтай күшті болды. Осында олар Қаялықта және Алмалықта шағын ұлыстар орталықтарын құрды». Бұл этносаяси бірлестіктер болашақ Алаш қауымдастығын құрайтын азаттық аңсаған тайпаларды қалыптастыруда едәуір ықпалды рөл атқарды.

 

Талас Омарбеков,

әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінің қазақ  халқының ежелгі және орта ғасырлардағы тарихы кафедрасының меңгерушісі, тарих  ғылымдарының докторы, профессор

«Ана тілі».


Информация о работе Азаттыкты ансаган Карлуктар Т Омарбеков