Қазақстан аумағындағы қола дәуірі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Февраля 2013 в 19:52, реферат

Краткое описание

Қола дәуірі б.з. дейінгі 2 мыңжылдық пен 1 мыңжылдықтың басы аралығын қамтиды. Б.з. дейінгі 2 мыңжылдықта Евразия даласында қола алу тәсілі шығып, өндіргіш күштер қатарында төңкеріс жасалды. Ежелгі адамдар мысқа қалайыны қосу арқылы металл бұйымдардың беріктігін күшейтті. Қоладан тіршілікке қажетті құралдар мен қарулар жасалды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Қазақстан аумағындағы қола дәуірі.doc

— 122.50 Кб (Скачать документ)

Қазақстан аумағындағы  қола дәуірі

Қола дәуірі б.з. дейінгі 2 мыңжылдық пен 1 мыңжылдықтың басы аралығын қамтиды. Б.з. дейінгі 2 мыңжылдықта  Евразия даласында қола алу тәсілі шығып, өндіргіш күштер қатарында төңкеріс жасалды. Ежелгі адамдар мысқа қалайыны қосу арқылы металл бұйымдардың беріктігін күшейтті. Қоладан тіршілікке қажетті құралдар мен қарулар жасалды. Қазақстан жеріндегі қола дәуірінің кезіндегі өмір сүрген адамдардың негізгі мәдениеті – ғылымда Андронов мәдениеті деп аталады. Бұл дәуірде Қазақстан даласын, Оңтүстік Сібірді және Орал аймағын шығу тегі жағынан ұқсас, өзіндік мәдениеті бар тайпалар мекендеді. Бұл мәдениеттің алғашқы ескерткіші табылған Оңтүстік Сібірдегі Ачинск қаласы маңындағы Андроново селосына байланысты бұл кезең – андронов мәдениеті деген атау алды. Сол жердегі қазба жұмыстарын 1913 жылы Б.В. Андрианов жүргізген. 1927 жылы археолог М.П. Грязнов осындай қорымды Батыс Қазақстаннан да тауып, андронов мәдениетінің ескерткіштері шығыста Минусинскіден бастап батыста Оралға дейінгі орасан зор территорияға тарағанын анықтады. Зерттеушілердің көпшілігі андронов мәдениетінің өмір сүрген уақытын 3 кезеңге бөледі:

1. Ерте қола кезеңі (Федоров кезеңі) – б.з.б. ХҮІІІ-ХҮІ ғғ. 

2. Орта қола кезеңі (Алакөл кезеңі) – б.з.б. ХҮ-ХІІІ ғғ.

3. Кейінгі қола кезеңі (Замараев  кезеңі) – б.з.б. ХІІ-ҮІІІ ғғ.

Бұл кезеңдер алғашқы зерттелген ескерткіштер атына сәйкес Федоров, Алакөл, Замараев деп аталды.

Қола дәуірінің атап көрсетерлік ерекшеліктері мынадай:

  • Түсті металдардың өндірістік жолмен игерілуі (қола металлургиясы).
  • Ең алғашқы қоғамдық еңбек бөлінісінің жүзеге асуы, яғни мал шаруашылығының егіншіліктен бөлініп шығуы.
  • Аталық отбасылық рулық қатынастың орнауы.
  • Андроновтық тайпалар алғаш болып экономикалық өмірдің озық түрі – көшпелі мал шаруашылығына көшті.
  • Рулық қатынастар ыдырап, қуатты тайпалық бірлестіктер құрыла бастады.

Андронов тайпалары  Қазақстанның барлық аймағын мекендеген. Негізгі қоныстанған ауданы – Орталық Қазақстан. Бұл өңірден көптеген мекендер, қорымдар, көне кен орындары, тастағы суреттер-петроглифтер, 30-дан аса қоныстар мен 150-ден аса қабір табылып зерттелген. Ертедегі Нұра кезеңінде  жерлеу салтында кремация (мәйітті өртеу) басым болған. Келесі – Атасу кезеңінде жерді игеру, оның ішінде шөлейт аудандарды да игеру кеңінен жүргізіледі. Тау-кен жұмыстарының көлемі күрт өседі, оны көптеген тау кендерін өңдеу орындарының болуынан байқаймыз. Қорымдар мен қоныстардың үлкен бір тобы Атасу өзенінің бойында. Қоныстар мен қорымдарды қазған кезде қола құралдары, қару-жарақтары, сәндік заттар шықты. Мәйіттерді бір жамбасына бүк түсіріп жатқызып жерлеу жиірек ұшырасады.

Андроновшылар шаруашылығы

Қола дәуірінде кен өндіріп  балқыту ісі орасан зор көлемде  жүргізілген. Мысалы, Жезқазған өңірінде 100 мың тонна мыс қорытылған, ал Успен руднигінде 200 мың тонна  кен өндірілген. Ежелгі кеншілер жұмсақ кенді қайламен омыру арқылы, қатты, тығыз кенді отпен уату арқылы және сонымен қатар үңгіп қазу арқылы өндірген. Отпен уату тәсілі бойынша - кен өзегінің үстіне от жағылып, әбден қызған кезде су құйып, жарықшақтарға бөлген. Уақталған руданы қонысқа әкеліп, арнаулы пештерге салып балқытқан, ондай пештер қалдықтары Атасу, Суықбұлақ қоныстарынан, Қанай ауылының қасынан табылды. Метал балқытатын шеберханалар орны Мало-Красноярск, Алексеевка, Никольское, Петровка ІІ-де бар екені мәлім болды. Метал балқытумен бірге андроновшылар оны шыңдау, шекімелеу және қыспалау әдістерін білген. Алтын фольгамен оралған қоладан олар сырғалар, алқалар, білезіктер жасаған.

Андроновтық тайпалар үй кәсіпшілігінде қыш ыдыстар жасаған. Қазақстанның далалары мен таулы алқаптарында әрбір отбасы ыдыс-аяқтарын өздері жасаған. Әйелдер саз балшықты әзірлеп, одан ыдыс-аяқ істеп, оларды ошақтағы отқа, кейде таспен қоршалған шұңқырға от жағып сонда күйдірген. Б.з. дейінгі ХҮІІ-ХҮІ ғғ. аяқ-табақтар белгілі бір тоқылған мата қалыпқа салынып істелген. Қыш ыдыстар геометриялық ою-өрнектермен әсемделген. Бұл өрнектер байлық пен молшылықты, тіл мен көзден сақтау белгісін және ыдыс ішіндегі затты білдірген.

Қоғамдық құрылысы 

Қола дәуірінде мал шаруашылығы  мен металлургияның жедел дамуы ерлердің еңбегін көп қажет еткендіктен қоғамда ер адамдар рөлі жоғарылап, аталық отбасылық қатынас орнады, аналық ру орнына аталық ру келді. Андроновтықтар қоғамында барлық істі халық жиналысы шешіп отырды: ру басшыларын сайлау, айыптыларды ел алдында жазалау және т.б. Жоғарыда айтқанымыздай андроновшылар үлкен үйде үлкен отбасылық қауым болып өмір сүрген және бірге тұрып, бәріне ортақ шаруаны ағайын-туыстардың бірнеше буыны бірлесіп атқарған. Қоныстар материалына қарағанда көзге түсерліктей ешбір елеулі әлеуметтік және мүліктік теңсіздік байқалмайды, алайда қорымдарды зерттеу ісі адамның байлық дәрежесі мен қоғамдағы мәртебесінің айырмашылығын анықтауға мүмкіндік береді. Ертедегі қола дәуірінің өзінде көптеген біркелкі молалар ішінен өзгелерге қарағанда қабірі үлкенірек те тереңірек, ағаш мазарының құрылысы да күрделі, мола ішіне қойылған құмыралары мен тағамы да мол зират ерекше назар аударған. Мұндай қабірлерден сондай-ақ соғыс арбасының жұрнағы мен аттардың сүйектері, мәйіт басынан қола қанжарлар, жебелер табылған. Орта және кейінгі қола дәуірлерінде де тап осындай жәйттер кездеседі. Қорымдардағы қарапайым қабірлер арасынан ірі тастардан екі немесе үш қабат қоршауы бар бірнеше аса үлкен оба не мазарлар көзге түседі. Обалар салып, қабірлер қазу ісімен, онда қойылатын заттар арасындағы елеулі айырмашылықтарға жүгінсек, андронов қоғамы біртекті болмаған.  Үлкен қорымдарда сол кезде қоғамда айрықша топқа бөлінген жауынгерлер қойылған. Қоғамның жіктелуі басталған – оның қатардағы қалың мүшелері арасынан бөлініп «патшалар» - билеушілер, жауынгерлер – кшатрийлер шыққан. Олардың жақындары да қоғамда жоғары дәрежеге ие болған. Үнді-иран шежірелеріне қарағанда абыздар да жоғары бағаланған. Олар діни жоралғыларды жүргізуші, ежелгі дәстүр мен білімдерді сақтаушылар болды. Олардың өзгелерден айрықша бір белгісі – ағаш табақ  пен ерекше бас киімі (бөркі).

Қола дәуірі адамдарының діні мен өнері  
Қола дәуірінің тайпалары табиғат күштеріне табынған. Жерленген адамның басы батысқа немесе оңтүстіқ-батысқа қаратылып, қол-аяғы бүгіп жатқызылған. Бұл жер-ана құшағына барған сәби қалпындағы адам түсінігін берген. Өлікті матаушы ажал құдайы Ямаға сыйынған. Ерте қола дәуірінде жерлеу салтында кремация, яғни мәйітті өртеу басым болған. Бұдан андроновтықтардың отқа табынғанын байқаймыз. Кейінгі қола дәуірінде жерлеудің кесенемен бірге өртеу түрі болған. Үй құрылысы да құрбандық шалудан басталған. Құрбандыққа сүт толы ыдыстар, бұқа не бағлан шалынған. Сүт ішіліп, ет желініп болғасын, құмыралар мен сүйектер болашақ үйдің ошағының басына, оның табалдырығының астына көмілген. Үйдің ошағы отбасының киелі орны есебінде қатты құрметтелген. От пен күлге байланысты жөн-жоралғылардың бәрі құдайдың рақым-шапағатымен денсаулық, отбасының амандығын, құт-береке болса деген тілекпен жасалған. Мәйітті көкке әкететін от құдайы – Агнияға арнап құрбандыққа ешкі сойған. Қола дәуірінің соңына қарай күнге, айға және жұлдыздарға табынған. Ата-баба аруағына сиыну және о дүниеге сену кең тарады.

Қола дәуірінің жартастар бетіне салынған суреттерінің өзіндік ерекшеліктері бар, ертедегі адамдар жартастардың тегіс бетіне қатты да үшкір тас сынықтарымен жануарлар, Күн бейнелі адамдар суретін, соғыс арбалары мен шайқас көріністерін салған. Бұл – адамның рухани мәдениеті және оның дүниетанымы жөніндегі аса бағалы хабарлар бастауы болып табылады. Қазақстан – жартастағы суреттер-петроглифтердің саны мен әралуандығы жөнінен әлемдегі ең бай жерлердің бірі. Осындай суреттер көп табылған Таңбалы, Ешкіөлмес, Қаратау, Маймақ, Тарбағатай, Бөкентау аймақтары дүниежүзілік мәдениеттің қорына қосылады. Қола дәуірінің адамдары ойлаудың мифологиялық сатысында болған. Жартастардағы салынған суреттер – андроновшылардың өздерін қоршаған дүние жайлы түсініктерінің көрінісі еді. 

 
Тас ғасырынан кейін қола дәуірі келді. Біздің жерімізде қола дәуірі б.з.д. 3-мыңжылдықта басталған. Қола дәуірі адамзат баласы тарихында  ерекше орын алады. Бұл дәуірде адамзат  металды игерді. Ал өндіріске металдан жасалған құралдардың енуі еңбек  өнімділігін арттырды, шаруашылықтың жаңа түрлерінің пайда болуына себеп болды, жаңаша әлеуметтік қатынастарды қалыптастырды. Осы мәселелерді таратып, талдап көрейік. 
Адамзат баласының ой-санасы, өмір сүру тәжірибесі заман өткен сайын өсіп, өзгеріп отырды. Өндірістік тәжірибе ұрпақтан-ұрпаққа берілді. Сөйтіп, қоғамдық дамуда көбіне алға басу, ілгерілеушілік болып отырды. Қоғамдық дамуды біз тек ұдайы алға басу тек сатылап биікке әрлеу деп түсінбеуіміз керек. Адамзат қоғамының тарихында әр түрлі себептермен (табиғи зілзалалар, соғыстар, жаппай қуғын-сүргіндер, формациялардың ауысуы, т.б.) үлкенді-кішілі шегіністер де болып тұрды. Бірақ бұлар адамзат тарихындағы ілгерілеушіліктің уакыттық тоқыраулары, мезгілдік шегіністері еді. 
Сонымен жер жүзінде адамзат баласы металды қай кезде және кай жерлерде игерді? Бұрынырақта ең көне металлургияның отаны Иран жері деп келген. Онда б.з.д. 4500—4000 жылдарға жататын мыс және күміс заттар табылған. Кейініректе Түркияның Анадолы жерінен б.з.д. 7-мыңжылдыққа жататын мыс және қорғасын заттар табылған. Бұл — неолит заманында өндірілген металл бұйымдар. 
Металлургияның ең көне орталықтарына Қазақстан жері де кіреді. Оның санатында қазіргі Жезқазған маңайы, Қалба жоталары, Алтай қойнауы бар. Өндірісте, тұрмыста ең бірінші пайдаланылған металл — мыс. Адамдар алдымен табиғатта кездесетін таза мыс қорытпасын пайдаланған. Осындай энеолит дәуірінен бастап табиғи таза мыстан жасалған ұсақ құралдар — біздер, жебе ұштары, мыс тілікшелер біздің жерімізде жиі кездеседі. Ал енді тотыққан мыстан металл қорыту тек қола дәуірінде басталды.Қола табиғатта таза күйде кездеспейді. Ол, негізінен, мыс пен қалайының қосындысынан жасалады. Қазақстан жерінде қола дәуірінде, ерте темір дәуірінде мыс, қалайы, алтын өндірген көне кеніштер өте көп. Мысалы, ондай кеніштер қазіргі Шығыс Қазақстанда (Риддер, Бұқтырма, Қазаншұңқыр, т.б.), Орталық Қазақстанда (Жезқазған маңайында, Қызылеспе, Қарқаралы, Ақшатау тауларында) болған. Бұл сонау қола дәуірінен бастап көне заманда біздің жерімізде металлургия өндірісінің өте күшті дамығандығын көрсетеді. 
Қазақстанның қола дәуірі, шамамен б.з.д. XVIII—VIII ғасырлар аралығын қамтиды. Кең тарихи-мәдени мағынасында қола дәуірінің алдыңғы (б.з.д. XVIII —XVI ғғ.) ЖӘНЕ ортаңғы кезеңдерінде (б.з.д. XV—XII ғғ.) тұстас. Қазақстанның қола дәуіріне үңілмес бұрын «Андронов мәдениеті» деп аталатын мәдениетке тоқталайық. 
Еуразия даласында қола дәуірінде өмір сүрген адамдардың қалдырған мәдениеті тарих ғылымында «Андронов мәдениеті» деп аталады. Осы мәдениеттің алғашқы ескерткіштері «Андронов» деген селоның жанында ашылған. Бұл село Оңтүстік Сібірдегі Ачинск каласының жанында орналасқан. Бүгінгі таңда Андронов мәдени- тарихи бірлестігінің қола заманында өте кең таралғандығы белгілі болып отыр. Бұл ендік бойынша, Жайық өзенінен бастап, Енисей өзеніне дейінгі аралықта, ал бойлық бойынша, Батыс Сібір орманды алқабынан бастап, оңтүстікте Хорезмге, Сырдың төменгі ағысына дейін таралды. Олар Тянь-Шаньға, Ферғанаға, тіпті Вахш өзенінің төменгі сағасына дейін барған екен. Бұл мәдениет құрамына Қазақстан жері түгелімен кіреді. 
Қола дәуірінде Қазакстан жерінде бірінен соң бірі жалғасып келетін екі мәдениет болған. Оның көнесі — Андронов мәдениеті. Ал б.з.д. XII—VIII ғасырларда соңғы қола дәуірінде Беғазы-Дәндібай мәдениеті қалыптаскан. 
Орталық Қазақстанның қола дәуірі

Қазақстанның  қола дәуірі ескерткіштерінің ең көп  таралған және жақсы зерттелген аймағы — Орталық Қазақстан. Бұл аймак  қола дәуірінде адамның өмір сүруіне  өте жайлы болды. Онда: Қарқаралы, Баянауыл, Ұлытау, Атасу, Көкшетау, Имантау, Жақсы-Жаңғыз- тау, т.б. кішігірім таулар бар. Бұл таулардың өзен-бұлақтарының бірі солтүстікке, бірі оңтүстікке қарай ағып жатады. Оның үлкендері — Есіл, Нұра, Сарысу, Торғай өзендері. Біз бүгінге дейін Бұл өлкелерде қола дәуірінде қандай тайпалар өмір сүргендігін білмейміз. Археология ғылымында осындай аты белгісіз жұрттарды солардың қалдырған археологиялық мәдениетінің атымен атайды. Қола дәуірінде Қазақстан жерінде Андронов мәдениеті таралғаны белгілі. Біз Бұл кезеңде өмір сүрген тайпаларды шартты түрде «андрондықтар» деп атаймыз.

Орталық Қазақстанды археологиялық жағынан  жоспарлы, нысаналы зерттеу 1946 жылы Орталық  Қазақстан археологиялық экспедициясының  құрылуымен байланысты. Оны ұйымдастырған  және 80-жылдардың басына дейін баскарған  Әлкей Қақанүлы Марғүлан болатын. Ә.Х.Марғүланның кезеңдеуі бойынша, Орталық Қазақстанның қола дәуірі ескерткіштері екі мәдениетке — Андронов және Беғазы-Дәндібай мәдениеттеріне жатады. Андронов мәдениеті екі кезеңге бөлінеді: а) алдыңғысы—Нұра кезеңі; б) ортаңғысы—Атасу кезеңі. Нұра, Атасу өзендері атымен аталады. Андронов мәдениеті мен Беғазы-Дәндібай мәдениетінің арасында өтпелі кезең бар. Өтпелі кезеңнің мерзімдемесі — б.з.д. XII—XI ғасырлар. Беғазы-Дәндібай мәдениеті б.з.д. X—VIII ғасырлар, Бұл соңғы қола дәуіріне жатады. 
Нұра кезеңінін ескерткіштерін, негізінен алғанда, жерлеу орындары — көне қорымдар құрайды.

Жерлеу  орындары кішігірім қазандай, жалпақ тастарды жерге жартылай батырып  орнатқан қоршау түрінде болып келеді. Тас қоршаулардың пішімі әр түрлі, киіз үйдің орны сияқты дөңгелек, тіктөртбүрышты, кейде тіпті шаршы (квадрат) түрінде де кездеседі. Әдетте, қоршаудың орта шенінде қабір болады. Қабір қабырғалары кішігірім жалпақ тастардан қаланған тас сандық сияқты. Тас сандық үсті (беті) бір немесе екі-үш жалпақ тастармен жабылады. Кейде тас сандықтың қабырғалары да тігінен қойылған үлкен жалпақ тастардан жасалады.

Бұл дәуірде көбінесе өлген адамның  сүйегін жартылай өртеп қойған. Адамның  денесін қабірден тыс жерде өртеп, содан соң күйген сүйектерін қабірге жерлеген болуы керек. Өйткені адамның сүйектерімен қатар қойылған қыш құмыраларда, әшекей заттарда, қару-жарақтарда оттың ізі, белгісі жоқ. Нұра кезеңінін кейбір зираттарында адамды өртемей жерлеу ғұрпы да кездеседі. Ақтоғай ауданының аумағында зерттелген «Қанаттас» деген жерлеу кешенінің қоршауында адамды қабірдің ішіне кол-аяғын бүгіп отырғызып жерлеген. Адамды қол-аяғын бауырына алғызып отырғызып жерлеу қола дәуірінің басқа да ескерткіштерінде сирек болса да кездеседі. Кейбір андрондықтар «адам өлгеннен соң Жер-ананың жатырына да солай орналасуы»қажет деп есептеген болуы керек. Нұра кезеңінін қоршауларында адаммен бірге қыш құмыраларды, малдың етін қойған. Андронов дәуірінің Атасу кезеңінін ең көп зерттелген ескерткіштері — сол жерлеу орындары. Оның аса белгілілері — Айшырақ, Саңғыру-ІІ, Былқылдақ, т.б. Атасу кезеңінің жерлеу орындары да Нұранікіндей дөңгелек, төртбұрышты қоршаулар болып келеді. Сондықтан алдыңғы кезеңнің көп дәстүрлері мұнда да жалғасын тапқан. Атасу кезеңінде адамды сол күйінде жерлеген, өртеген сүйектер өте сирек кездеседі. Бұл кезеңнің қабірлері, негізінен, үлкен қақпатастардан салынған тас сандықтар. Кейде әншейін жер қабір, кейде қабір — төрт ағаштан жасалған рама түрінде де кездеседі. Қабірлер, әдетте, ұзына бойына шығыстан батысқа қарай бағытталған. Атасу кезеңінде сонымен қатар қос кабірлер кездеседі. Бұл бір қоршаудың ішінде қатарынан қойылған екі тас сандыққа екі адамды жерлеу салты. 
Атасу кезеңінде бір қоршаудың ішінде бірнеше қабір болады. Бұл бір атаның баласы жерленген патриархалдық жерлеу орындары. Атасулықтар адамды қол аяғын бүгіңкіреп, бір қырынан, көбіне сол жамбасына жатқызып жерлейтін болған.

Атасу кезеңінде корымдардың, қоныстардың  маңайында өлгендерге мінәжат ететін арнаулы орындар пайда болды. Бұлардың диаметрі 1,5—3 м аралығында. Маңайын үлкен тастармен көмкерген. Шығыс жағынан мінәжат орнына келетін жолға тас төселген. Мінәжат орнында заттардың шірінділері (сүт тағамы болса керек), әр түрлі құралдар кездеседі.

Атасу кезеңінде халық саны біршама  өскен болатын. Оған бұл дәуірге жататын кешендерде жерлеу орындарының өте көп болуы дәлел, кейде бір жерден сол заманның 100-ден астам зираттары кездеседі. Ру адамдарының ішінде мүлік теңсіздігінің пайда бола бастағанын осы Атасу кезеңі ескерткіштерінен байқаймыз. Бір жерлеу орнынан өте жұпыны ғана заттар шықса, енді біреулерінен алтынмен қапталған, қола әшекейлер көп кездеседі, бір қабірге кейде 6—8 қыш ыдыс қойылады. 
Осы кезде рудың ішінен ең жақын аталас туыстардың үлкен патриархалдық отбасы бөліне бастайды. Айшуақ кешенінің қоршауы соның дәлелі. Мұнда 6 адамды бір-ақ үлкен зиратқа жерлеген, кейін қайтыс болған 4 адамды әр кез сол коршауға жапсарлас етіп салған қоршауларда жерлеген. Бұл дәстүр кейінгі қазақтарға дейін жеткен. Жақын туыс адамдарды бір зиратқа қою, не кейін қайтыс болған туыстарының зиратын бұрын дүние салған аталарының, туыстарының зиратына жапсарлата салу қазақта қазірге дейін кездеседі. Нұра кезеңінің қыш ыдыстарының иығы дөңгеленіп келсе, Атасу кезеңі ыдыстарының мойнынан бүйіріне ауысар тұсы тіктеу болып келеді. Нұра кезеңі ыдыстарындағы өрнек мойнынан бүйіріне дейін біртұтас болып келсе, Атасу ыдыстарында өрнек мойнында, ортан белінде, кейде түп жағына да бедерленген. 
Андронов мәдениетінен Беғазы-Дәндібай мәдениетіне өтпелі кезең ескерткіштері. Беғазы-Дәндібай мәдениеті

Бұл кезеңде Андронов дәуірінің кейбір белгілері сақталғанымен, жаңа сипаттағы, әжептәуір биік (1—1,5 м) оба-қоршаулар, сыртын айнала үлкен гранит тастармен  көмкерген ірі-ірі жерлеу орындары пайда бола бастады. Өтпелі дәуірге  тұрқы қысқа, бүйірі шар тәріздес томпайған, түбі тегіс қыш ыдыстар тән. Мысалы, ыдыстың бүйірінің көпшілік аумағында — ішінде көлбеу сызықтары бар (штрихталған) ленталар осы өтпелі кезеңде пайда болды да, Беғазы-Дәндібай заманында ең жиі кездесетін өрнекке айналды. Өтпелі кезең ескерткіштері өте аз зерттелген. Өтпелі кезеңде түрлі түсті тастардан жасалатын ұсақ моншақтар пайда болды. Беласар кешенінде адаммен бірге қойылған 4 ыдыс, басқа да ғұрыптық заттар сол күйінде қабірде жатыр. Бірақ адамның сүйегі жоқ. Бұл — алыста жау қолында қаза тауып, сүйегі табылмаған адамға қойылған символикалық жерлеу орны. Мұндай ғұрып ерте темір дәуірі халықтарында да болған. Бұл ғұрыптың жаңғырығы қазаққа да жеткен. Ертеде майдан шебінде каза тауып, сүйегі жау қолында кетіп, не табылмаған жағдайда, сол адамның тіпті бір бармағы табылса да, не сауытының бір бөлігі табылса да, зиратына соларды көметін ғұрып болған. Орта қоладан соңғы қолаға өтпелі кезеңге ірі қорған-қоршаулардың, ірі гранит тастар мен шеті көмкерілген үлкен қоршаулардың пайда болуы тән. Бұлар патриархалдық-отбасылық қауымның ортақ жерлеу орны емес, Бұл ескерткіштер сол қауымның ішінен шыққан көсем, қолбасшы, ру басылардың зираты. 
Орталық Қазақстанның қола дәуірінің ең соңғы кезеңі — «Беғазы-Дәндібай мәдениеті» деп аталады. Оның хронологиялық шектері, өтпелі кезеңді қоса есептегенде, б.з.д. XII—VIII ғасырлар. Беғазы-Дәндібай мәдениеті ескерткіштерінің ең басты ерекшелігі болып өте жоғары дәрежеде дамыған тас архитектурасы. Бұл мәдениетке жататын үйлердің, жерлеу орындарының кұрылыстары өте ірілігімен, тас қашау, тас қалау өнерінің жетілгендігімен ерекшеленеді. Олардың қабырғалары екі қатар болып, тастар бір-бірімен иленген балшық арқылы байланыстырылып, ішкі және сыртқы жақтарына тастың тегіс бетін қаратып қалаған. XVIII—XIX ғасырдағы қазақтың тастан салған кыстау үйлерінің де қабырғасы осылай өрілген. Беғазы-Дәндібай мәдениетіне жататын жерлеу орындарының көпшілігі — қорған-қоршаулар. Олардың пішімі кейде дөңгелек, кейде төртбұрышты болып келеді. Қорғандардың биіктігі 70—80 см- ден 1,5—2 м-ге дейін болады. Қорған тастан, қиыршық тас және топырақтан салынып, сырты үлкен қақпақтастармен көмкеріледі. Беғазы-Дәндібай кезеңінде үлкен патриархалды отбасыларға арналған, көп адам жерленген зираттардың орнына бір-ақ адам жерленген үлкен жерлеу құрылыстары кездеседі. Бұл осы кезеңдегі ру, тайпа көсемдерінің, беделді бай адамдардың зираты. Осы мәдениетке жататын қыш құмыралардың сипаттамасы мынадай: ернеуі тік, бүйірі шар тәріздес болып томпайып келген, түбі тегіс. Сол кезеңде көшпелі тұрмыска ыңғайлы ыдыстар көбейе түсті. Беғазы-Дәндібай құмыраларының өрнегі әр түрлі. Тарақ жүзді ою-өрнекпен салынған үшбұрышты, балдақ пішінді батырып салынған өрнектермен қатар тырнақпен, ұштаған таяқшамен салынған өрнектер де көп кездеседі. Батырып салынған таға сиякты өрнек, моншақ өрнек, түйін өрнек кездеседі. Беғазы-Дәндібай төлтума мәдениеті жергілікті негізде қалыптасты. Шаруашылық кәсіптің жаңа түріне көшу тұсында ірі-ірі мәдени кауымдар пайда болды. Зерттеулердің нәтижесі Орталық Қазақстанның дүние жүзіндегі ежелгі мәдениет орталықтарының бірі болғандығын айқындап берді. 
Шығыс Қазақстанның қола дәуірі

Информация о работе Қазақстан аумағындағы қола дәуірі