Қазақ Театры

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Ноября 2013 в 20:23, реферат

Краткое описание

Ұлттық сахналық өнер саласы. Қазақтың кәсіби театр өнерінің қайнар көзі халық шығармашылығына (әнші, ақындар айтысы мен шешендік өнерге), ежелден келе жатқан әдет-ғұрып пен тұрмыс-салтқа, ойын-сауық пен Алдар Көсе, т.б. секілді күлдіргі қулар өнеріне саяды. Қазақ халқының қоғамдық ортасында туған, қиыннан қисын табар тапқыр, ой-қиялы жүйрік, ділмар адамның жиынтық бейнесі болып, аты аңызға айналған Алдар Көсе, Жиренше шешен, Қожанасыр мен Тазша бала есіміне байланысты күлдіргі әңгімелер ел арасында ертеден белгілі. Ал Айдарбек, Битан-Шитан, Зәрубай, Күндебай, Қантай-Тонтай, Мауқай, Текебай, Торсықбай, т.б. белгілі халық қуларының өнері туралы кезінде Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаев (“Шаншарлар”), Ж.Шанин (“Айдарбек”, “Торсықбай”), т.б. драматургтар пьесалар жазды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

тарих.doc

— 455.50 Кб (Скачать документ)

Қазақ Театры

Ұлттық сахналық өнер саласы. Қазақтың кәсіби театр өнерінің қайнар көзі халық шығармашылығына (әнші, ақындар айтысы мен шешендік өнерге), ежелден келе жатқан әдет-ғұрып пен тұрмыс-салтқа (беташар,бәдік, жар-жар, жоқтау, қоштасу, қыз кәде, шілдехана), ойын-сауық (алтыбақан, қызойнақ, қынаменде, ортеке, судыр-судыр) пен Алдар Көсе, т.б. секілді күлдіргі қулар өнеріне саяды. Қазақ халқының қоғамдық ортасында туған, қиыннан қисын табар тапқыр, ой-қиялы жүйрік, ділмар адамның жиынтық бейнесі болып, аты аңызға айналған Алдар Көсе, Жиренше шешен, Қожанасыр мен Тазша бала есіміне байланысты күлдіргі әңгімелер ел арасында ертеден белгілі. Ал Айдарбек, Битан-Шитан, Зәрубай, Күндебай, Қантай-Тонтай, Мауқай, Текебай, Торсықбай, т.б. белгілі халық қуларының өнері туралы кезінде Ш.Хұсайынов пен Қ.Қуанышбаев (“Шаншарлар”), Ж.Шанин (“Айдарбек”, “Торсықбай”), т.б. драматургтар пьесалар жазды. Қуанышбаев, Е.Өмірзақов т.б. актерлер өз ойындарында халық қуларының бай тәжірибесін мол пайдаланды. Қазіргі қазақ кәсіби театрының тарихы 19 ғасырдың 2-жартысынан басталады. 1859 жылы Оралда, 1869 жылы Орынборда, 1875 жылы Омбыда орыс драма театрларының негізі қаланып, жұмыс істей бастады. 1890 жылы Семей қаласында “Музыка мен драмалық өнер әуесқойларының қоғамы” ұйымдастырылды. Алғашқы драм. шығармаларда Г.Д. Гребенщиков “Жақсы жігіт” пьесасының (1907) сюжетін қазақ тұрмысына құрса, Н.П. Анненкова-Бернар ұлттық дастан негізінде 1908 жылы “Бекет” атты драма жазып, кейін оны сахнаға шығарды. 1911 – 12 ж. Шымкент, Ақмешіт (Қызылорда), Ақмола (Астана), Қостанай, Петропавл, Орал мен Семей қалаларында ойын-сауық үйірмелері ұйымдаса бастады. 1913 – 14 жылы Семейде қазақ мұғалімдері мен оқушы-жастар бірлесіп, “шығыс кеші” деген атпен ойын-сауық кештерін ұйымдастырды. Ұлттық театр өнері тарихында мәні зор ойын-сауықтар қатарында: Абайдың қайтыс болғанына он жыл толуына арналған әдеби, этнографиялық-музыкалық кеш (1914), “Біржан мен Сара айтысы” (1915, екеуі де Семейде) және “Қазақша қыз ұзатудың” (1915, Атбасарда) сахнаға лайықталған нұсқасын атауға болады. Осы жылдары ұлттық драматургияның алғашқы туындылары жазылып, баспа бетін көрді әрі оның бірқатары әуесқойлар күшімен сахнада қойылды. Мұғалім Б.Х. Серкебаев (“Бақсы”, “Ғазиза”, т.б.) пен И.Меңдіханов (“Малдыбай”, бәрі де 1912) тұңғыш пьесалар жазды. 1917 жылы маусым айында Ойқұдық жайлауында (қазіргі Шығыс Қазақстан облысы, Абай ауданы) М.О. Әуезовтің “Еңлік – Кебек” трагедиясы алғаш рет қойылып, оған автордың өзі жетекшілік етті. 1918 – 24 жылы Ақмолада (қазіргі Астанада), Әулиеатада, Көкшетауда, Орынборда, Ташкентте, Түркістанда және Шымкентте көптеген қазақ драм. үйірмелері ұйымдастырылып, Ж.Аймауытовтың, Әуезовтің, М.Дулатовтың, Е.Ерданаевтың, Қ.Кемеңгеровтің, Б.Майлиннің, С.Сейфуллиннің, Серкебаевтың, Ә.Сұлтановтың, т.б-лардың драммалық шығармалары сахнаға шығарылды. 1918 жылы Алматыда, Семейде, Петропавлда, т.б. қалаларда бірқатар орыс драма театрлары ашылды. “Ес-аймақ” сахнасында сол уақытта жарық көрген Аймауытовтың (“Рәбиға”, “Қанапия-Шәрбану”, “Ел қорғаны”, “Сылаң қыз”), Әуезовтың (“Еңлік – Кебек”, “Қарагөз”, “Ел ағасы”, “Бәйбіше – тоқал”), Сейфуллиннің (“Қызыл сұңқарлар”), т.б. пьесалары қойылды. Бұл спектакльдердің көпшілігін сахнада қойған Шанин мен Аймауытов болды. 1925 жылы Қызылорда қ-нда тұңғыш кәсіби ұлт театрының (қ. Қазақ драма театры) ұйымдастырылуы Қазақстанның мәдени тарихында мәні зор оқиғаға айналды. Қазақ театрының өнерінің қалыптасып даму кезеңі спектакльдерде натуралистік, әлеуметтік-тұрмыстық және фольклорлық-этнографиялық бояудың қатаң сақталуымен, халық әндерін мол пайдалануымен ерекшеленеді. Мұның өзі бір жағынан театр мен көрермендер арасындағы қарым-қатынасты күшейтуге мүмкіндік туғызса, екінші жағынан актерлердің көп салалы өнерді меңгеруіне жол ашты. Осы кезеңде Қазақ театры ұлттық пьесаларды ғана қоюмен шектелмей, алғаш рет классик. драматургия туындыларын игеруге талпыныс жасады. 1928 жылы Қазақтың мемлекеттік драма театры республикасының жаңа астанасы Алматыға көшіп келді. Әсіресе осы кезеңдегі Қазақ театры өнерінің қалыптасу жолында Әуезов драматургиясы мен Шаниннің режисер қызметінің мәні зор болды. Әуезовтың қуатты қаламынан туған “Қарагөз”, “Қара қыпшақ Қобыланды”, “Абай”, “Айман – Шолпан”, “Түнгі сарын”, т.б. драммалық шығармалары театр репертуарын жандандыра түсті. 30-жылдардың бас кезінде Алматыда (1927 – 28), Риддерде (1930 – 33) және Қарағандыда (1932 – 34) жұмысшы-жастар театры құрылды. Бұларды ұйымдастыруға Қ.Бадыров, К.Қармысов, С.Телғараев көп еңбек сіңірді. Қазақ театры өнерін одан әрі өркендету ісінде 1933 ж. 8 қыркүйекте Қазақстан өлкелік партия к-тінің “Ұлт өнерін дамыту шаралары” туралы қаулысының рөлі ерекше болды. Осыған орай 1934 жылы Оралда (көркемдік жетекші Ғ.Төребаев), Шымкентте (көркемдік жетекші Ж.Арғынбаев), 1935 жылы Петропавл (1935 – 38) мен Ақтөбеде (1935 – 48), 1936 жылы Қарағанды (көркемдік жетекші Ш.Гатаулин) мен Жамбылда (қазіргі Тараз; көркемдік жетекші Арғынбаев) және 1938 жылы Гурьев (қазіргі Атырау; көркемдік жетекші А.И. Сусанов-Саянский) пен Павлодарда (көркемдік жетекші Н.М. Атаханов) облыстарында қазақ театрлары ашылып, халыққа мәдени қызмет көрсете бастады. Кәсіби дайындығы бар орыс режиссерлері қазақ актерлерін орыс театрының бай тәжірибесімен және К.С. Станиславский жүйесімен таныстырып, кәсіби сахна өнеріне шыңдады, әсіресе орыс, шет ел классикасы мен осы заман драматургиясының озық үлгілерін (Н.В. Гогольдің, Н.Ф. Погодиннің, К.А. Треневтің, У.Шекспирдің пьесалары) театр репертуарына енгізіп байытуда айтарлықтай еңбек сіңірді. 1934 жылы өткен Қазақстан жазушыларының 1 съезінде ұлттық әдебиет мәселесімен бірге драматургия мен театр жайы да кеңінен сөз болып, арнайы баяндамалар тыңдалды. Республика үкіметінің 1935 жылы “Колхоз-совхоз театрларын құру туралы” қабылданған арнайы қаулысынан кейін 30-жылдардың 2-жартысынан бастап көркемөнерпаздар үйірмелері негізінде пайда болған ауданда және ұжымшар, кеңшар театрлары кең қанат жайды. 1937 жылы ұйымдасқанына он жыл толуына байланысты Қазақтың мемлекеттік драма театры академиялық театр деген құрметті атаққа ие болды. Обл. қазақ драма театрлары 1937 жылдан арнаулы сахналық білімі бар жас кадрлармен толықтырыла бастады. Қазақ театр ұжымдарының 2-дүниежүзілік соғыс кезеңінде бірқатар әскери-патриоттық тақырыптағы пьесаларды сахнаға шығарды. Майдандық концерт бригадалары ұйымдастырылды. Соғыс жылдары Қазақстанға келген Ю.А. Завадский, В.П. Марецкая, Н.Д. Мордвинов, Н.И. Сац, Н.М. Ужвий, Г.П. Юра, т.б. көрнекті театр қайраткерлерімен қазақ өнер шеберлерінің өзара шығармашылық қызметі сахналық шеберліктің кемелденіп өсуіне, жалпы рухани мәдениеттің дамуына игі ықпал етті. Режисер-педагогтар О.И. Пыжова мен Б.В. Бибиковтың бірлесіп қойған Шекспирдің “Асауға тұсау” спектаклі (1943, Петруччио – Ш.Айманов, Катарина – Х.Бөкеева) Қазақ драма театрының ең таңдаулы қойылымына айналып, ол актерлер үшін баға жетпес сахналық шыңдалу мектебі болды. Соғыс жылдары Жамбыл, Гурьев (қазіргі Атырау), Қарағанды, Павлодар облысы және 11 ұжымшар-кеңшар театрлары жергілікті көрермендерге белсенді мәдени қызмет көрсетті. 1944 жылы Алматы қаласында Балалар мен жасөспірімдер театры ашылды. Оның алғашқы ұйымдастырушылары режисер Сац пен драматург В.С. Розов болды. 2-дүниежүзілік соғыстан кейінгі жылдары республика театрлары халқымыздың бейбіт құрылыстағы еңбегін көрсетуді басты мақсат етіп қойды. Осы кезеңде Қазақ драма театрымен қатар қазіргі Атырауда, Таразда, Қарағандыда, Семейде және Шымкент қалаларында облыстық драма театрлары жұмыс істеді. 1955 жылы Еңбекшіқазақ пен Қаратал ұжымшар-кеңшар театрларының негізінде Талдықорған облыстық драма театры ұйымдасты. 50-жылдары театр сахналарында ұлттық тарихи-фольклорлық драматургия бойынша спектакльдер қою ісі қайта жалғастырылып, біршама жандана түсті. Осыған орай Ғ.Мүсіреповтің “Амангелдісі” (1952), С.Мұқановтың “Шоқан Уәлиханов” (1955, екеуінің де режисер М.И. Гольдблат) және Ә.Тәжібаевтың “Майрасы” (1957, режисер А.Тоқпанов) секілді тарихи-ғұмырнамалық тақырыпта жазылған жаңа пьесалар қойылды. Әуезов романының желісімен “Абай” спектаклі (инсценировкасын жасағандар Айманов пен Л.С. Штейн, 1949) сахнаға шығарылды. 1957 – 58 жылы Алматы қаласында “Театр көктемі” деген атпен облыстық театрлардың алғашқы байқауы өткізілді. Байқауда Гурьев (қазіргі Атырау), Семей (қазіргі Шығыс Қазақстан) және Шымкент (қазіргі Оңтүстік Қазақстан) облыстық драма театрлары жүлдегер атанды. Қазақ әдебиеті мен өнерінің 1958 жылы Мәскеуде өткен онкүндігінде Айманов, Қ.Қуанышбаев, В.Б. Харламова КСРО халық артисі, сондай-ақ Ш.Жандарбекова мен С.Майқанова ҚазКСР-інің халық артисі деген құрметті атаққа ие болды, ал Бөкеева, Е.Я. Диордиев, С.Қожамқұлов пен Е.Өмірзақов Ленин орденімен марапатталды. 60-жылдардағы республика театр өмірі тақырыптық бағыт-бағдары мен сахналық жанрының әр алуандығымен ерекшеленді. Бүгінгі күннің көкейкесті мәселелеріне арналған төл пьесалар қою ісі одан әрі жалғасын табумен қатар шет ел драматургиясының туындылары да сахнада кеңінен қойылды. 1970 – 80 жылы республика театрларында осы заман тақырыбына арналған Т.Ахтановтың “Күтпеген кездесуі” мен “Махаббат мұңы”, О.Бөкеевтің “Құлыным, менің”, Ә.Әбішевтің “Мансап пен ұждан”, Н.Оразалиннің “Шырақ жанған түн” пьесалары бойынша спектакльдер қойылды. Осы жылдардағы көркемдік деңгейі жоғары, елеулі сахналық туындылардың бірі – Ә.Нұрпейісовтің трилогиясы негізінде қойылған “Қан мен тер” спектаклі (1973) болды. Ол – қазан төңкерісі қарсаңында қазақ даласындағы әлеум. жағдайдың диалектикасын сахналық көркем тілмен шынайы бейнеледі. Спектакль 1974 жылы КСРО Мемл. сыйлығына (режисер Мәмбетов, суретші А.С. Кривошеин жөне актерлер А.Әшімов, Ф.Шәріпова мен Ы.Ноғайбаев) ие болды. 1980 – 90 жылы Қазақ театрының режиссерлері республикадағы орыс драма театрлары сахнасында бірқатар спектакльдерді қойды. ҚР ҰҒА-ның Әдебиет және өнер институтындағы театр мен кино өнері бөлімі ұлттық театр өнерінің тарихын һәм оның өзекті мәселелерін зерттеумен айналысады. Арнайы білім алған маман театртанушылар: Б.Құндақбаев, Қ.Мұхамеджанов, Л.И. Богатенкова, С.Д. Қабдиева, К.Ә. Нұрпейісов, У.К. Садықова, Ә.Т. Сығай, Н.Н. Шәукенбаева, Л.М. Громова, М.В. Иовлева, И.Ф. Ким Қазақстан театр өнерінің мәселелерін зерттеумен айналысты. 1962 жылы Алматы қаласында ерікті шығармашылық ұйым – Қазақ театр қоғамы (қазіргі ҚР Театр қайраткерлерінің одағы) ұйымдастырылды. Қазақ театыр өнері саласындағы таңдаулы туындыларға Күләш Байсейітова атынд. Қазақстанның Мемлекеттік сыйлығы (1966 жылдан жыл сайын, ал 1971 жылдан бастап екі жылда бір рет) беріледі. 1980 жылдардың аяғы мен 90-жылдардың басында әміршіл-әкімшіл жүйенің көбесі сөгіле бастауы, ашық демократиялық қоғамның орнауы мен цензуралық қысымның жойылуы, еліміздің тәуелсіздікке қол жеткізуі нәтижесінде республика театрларының шығармашылық өміріне жаңа леп әкелді, театрлар ұжымдарының алдына соны міндеттер қойды. Театрлар жаңа қоғамдық өмір мен әлеуметтік көзқарас және мақсат-мұратқа сай репертуарлық қорын тың туындылармен кеңейтті. Ұлт өмірінің тарихи белестерін жаңаша бағамдау мәселесі қазақ қаламгерлерінің драмалық шығармаларынан басты орын алып, ол Б.Әбілдаевтың “Айша бибі” (1986, режисер Ә.Құлданов пен М.Бекхожин, Жамбыл облысы драма театры), Ш.Мұртазаның “Сталинге хат” (1988, режисер Р.Сейтметов, Қазақ жастар мен балалар театры; 1989, режисер Б.Омаров, Талдықорған драма театры), О.Бодықовтың “Қорқыт” (режисер Ш.Зұлқашев), Б.Қорқытовтың “Ақбөбек” (екеуі де 1988, режисер А.Сұлтанғалиев, Атырау облысттық драма театры), Әуезовтің “Түнгі сарыны” (1989, режисер Асылхан) мен “Хан Кене” (1992, режисер Қ.Жетпісбаев, екеуі де Талдықорған драма театрында), Н.Әбутәлиевтің “Өттің дүние” (1992, режисер Ә.С. Рақымов), Иран-Ғайыптың “Шыңғыс хан” (1994, режисер Б.Атабаев), М.Байсеркеұлының “Абылайханның ақырғы күндері” (1996, режисер Байсеркеұлы), Оразалиннің “Қилы кезең” (Әуезовтің шығармасы бойынша; 1997, режисер Рақымов), Ә.Кекілбаевтың “Абылай хан” (1998, режисер Атабаев, бәрі де Қазақтың мемлекеттік академиялық драма театрында), М.Байғұтов пен Ш.Орынбаевтың “Қарлығаш әулие – Төле би” (1993, режисер Құлданов, Шымкент облыстық драма театры), К.Н. Жұмабековтің “Қаз дауысты Қазыбек” (режисер Ә.Оразбеков, Қарағанды облыстық драма театры), О.Дастановтың “Әзірет сұлтан” (екеуі де 1998, режисер Мәмбетов, Қазақ жастар мен балалар театры), т.б. спектакльдерде өзінің көркем сахналық шешімін тапты. 20 ғасырдың 90-жылдары Ақмола, Павлодар, Арқалық, Орал, Ақтөбе, Көкшетау, Петропавл, Өскемен, Жезқазған, Атырау, Түркістан қ-ларында жаңадан қазақ театрлары ұйымдастырылды. 1975 жылы Республикада орыс драма театры академиясы театр атағын алды.1976 жылы ұлттық театрдың негізін салушылардың бірі Қожамқұлов Социалисттік Еңбек Ері атанды, ал режисер Мәмбетовке КСРО халық арт. (2000), Халық қаһарманы атағы беріліп, жоғары ерекшелік белгісі – Алтын жұлдыз тапсырылған (2000). Идеялық-көркемдік жағынан уақыт талабына сай сапалы репертуары бар, халыққа жүйелі түрде мәдени қызмет көрсетіп отыратын үздік ұжымдарға (1959 жылдан) халық театры атағы берілді. 1985 жылы Қазақстандағы әуесқой ұжымдардың жалпы саны 20 191 жетті, оның 184-і кезінде халық театры атағына ие болды. Қалың көпшілікке танымал халық театрлары қатарында Абай (бұрынғы Семей облысы), Таран (Қостанай облысы), Шаян халық театры (Оңтүстік Қазақстан облысы) болды. Қазақстанда кәсіби 35 театр, оның ішінде 9 қазақ драма театры – Ақтөбеде (1993), Алматыда (1926), Атырауда (1938), Тараз бен Қарағандыда (1936), Қызылордада 1960), Оралда (1991), Талдықорғанда (1975), Шымкентте (1934); 6 қазақ музыкалы драма театры – Арқалықта (1972 жылдан, 1988 жылы Жезқазғанға қоныс аударды), Жетісайда (1969), Көкшетауда (1995), Павлодарда (1990), Семейде (1934), Түркістанда (2002); 2 Балалар мен жас өспірімдер театры (1947 жылдан қазақ, ал 1945 жылдан орыс театры); Неміс драма театры (1980, Теміртау, қазір Алматы қаласында); 3 музыкалы комедия театры – орыс (1973, Қарағанды), ұйғыр (1934, Алматы) және корей (1968, Алматы); 5 қуыршақ театры – Алматыда (1935, қазақ және орыс труппалары), Ақтөбе мен Жезқазғанда (1985), Ақтауда (1981) және Шымкентте (1983) жұмыс істеді.[1]

Әскери-казактық отарлау

Қазақстанның көп ұлтты құрамы өлкені үнемі әрі жүйелі түрде отарлау саясаты нәтижесінде қалыптасты. Қазақстанға басқа ұлт өкілдерінің келіп қоныстануы патшалық билік тұсында басталып, кейіннен кеңестік жүйе тұсында жалғасын тапты. Қоныстану түрлі жағдайларға байланысты мемлекет тарапынан қолдау арқылы ұйымдасқан түрде немесе шашыранды, өз күштерімен жүйесіз түрде, қоныс аударушылардың өз еркімен немесе оларды зорлап жер аудару арқылы жүргізді. Қазақстанның көп ұлтты құрамы жер аударылған кулактармен, сталиндік қуғын-сүргінге ұшыраған және тарихи мекенінен қуылған халықтармен, тың және тыңайған жерлерді игеруге келгендермен, одақтық ведомствоаралық биліктің ұйғаруымен және басқа келушілермен толығып отырды.

Қазақстан жеріне басқа этникалық  топтардың алғаш келіп қоныстануы XVI ғасырдан бастау алды. Бұған дейін де Алтын Орда мен Орыс мемлекетінің арасында болып тұрған екі жақты барыс-келістердің болғаны белгілі. Ал орыс-казактық отарлау Украинадан, Ресейдегі басыбайлылық қанаудан қашқан шаруалардың казак еркін жұртына қосылып, Жайық пен Ертіс өңіріне келуінен басталады. Бұл басыбайлылық құлдықтан қашқан «еркін адамдар» (казактар мен татарлар) жаңа жерлерді игеру мақсатында келіп, біртіндеп дербес қауым ретінде қалыптаса бастайды.

Славяндық және түркілік тегі аралас казактар I Петр тұсында XVIII ғасырдан бастап орыс мемлекетіне түпкілікті бағынды. Осы кезден бастап казактар Ресейдің геосаяси стратегиясын жүзеге асыруға белсене қатысады.

Жергілікті халықтардан тартып алынған ұлан-байтақ жер иеліктерін, балық аулайтын сулы-нулы өңірді, тұз және басқа кәсіпшілікті уысында ұстай отырып, әр түрлі артықшылықтарға ие болған казактар империя шебіндегі патшалық тәртіптің сенімді тірегі болды. Тарихтың қатал шындығы казактардың қаналған халықтың ұлт-азаттық қозғалыстарын аяусыз басып-жаншитын патшалықтың екпінді күшіне айналғандығын айғақтайды.

Қазақстан аумағында құрылған Орал, Орынбор, Сібір және Жетісу шептерінің казактарына Оралдың, Солтүстік Қазақстанның, Ертістің және Жетісудың ең құнарлы, шұрайлы жерлері бөлініп берілді. Қазақтар осы аймақтағы қыстауларынан, жайылымдық, шабындық алқаптарынан айырылды.

Ермақтың Сібір хандығын жаулап алуы қазақ жеріне шаруа, саудагер, кәсіпкерлердің ағылуына жол ашты. Қазақстанға жалпы саны 200 мыңдай казактар келіп қоныстанды.

Казактық отарлаудан кейінгі әскери-әкімшілік  отарлау кезінде тірек пункттері  есебінде әскери қоныстар бой көтерді. Бұл қоныстар әскери шептерге ұласты. Бастапқы кезде әскери қоныстар Орал, Ертіс сияқты өзен арналарын қамтыды. Осындай қозғалыстың үдере жүргізілгендіғін қала бекіністерінің тез өскендігі дәлелдейді. Мәселен, бекініс есебінде 1640 жылы Гурьев қалашығы, 1613 жылы Орал бекінісінің, 1716 жылы Омбы қаласының, 1718 жылы Семей, 1720 жылы Өскемен, 1752 жылы Петропавл қалаларының, 1735 жылы Орынбордың негізі салынды. Осылайша XVIII ғасырдың орта тұсына қарай әскери бекіністердің ұзын дәлізі қалыптасты. Содан кейін де өлкенің ішкі аудандарында тұрақты әскери бекініс құрылыстары жүргізілді. Орта және Ұлы жүз аумағындағы XIX ғасырдың бірінші жартысында ашылған округтік приказдардың орталығы есебіндегі бекіністерге әскери адамдармен қатар қоныс аударушы казактар мен шаруалардың келуі үздіксіз жүріп жатты. XIX ғасырдың ортасына дейін әскери әкімшілік отарлау кезінде 100 мыңдай адам қоныс аударып келді.

Сібір әскерінің қолбасшысы, генерал Шпрингер 1763 жылы казактардың тұз шығару, отын тасу, пошта жүргізу, баржаларға жүк тиеп-түсіру, мал бағу, жер жырту, қол диірмен тарту, қамалдар құрылысын жүргізу және оны жөндеу сияқты барлық жұмыстарды атқаратындығын айта келіп, Сібір казактарының санын және төлемақысын көбейтуді ұсынады. Олар кейбір жағдайда орыс шаруаларынан, яғни қолдан жасалған казактармен толықтырылып отырды («Выписные казаки»). Казактар мен шаруалардың көші-қон саясаты алғашында басып алынған мол аумақта берік табан тіреу мақсатын көздеді. Ал бұл міндетті тек казак қоныстары арқылы ғана толық орындау мүмкін емес еді. Сондықтан Ресей империясының әкімшілік билігін нығайту мақсатында шаруалардың қоныс аударуына кең жол ашылды.

Қазақстанға орыс шаруаларының қоныс аударуы, негізгі кезеңдері

Оңтүстік Қазақстанды  әскери отаршылдық жолмен өзіне қосып алған Ресей өзінің саясатын алыстағыны көздейтін саяси мүдделерін басшылыққа ала отырып жүргізе бастады. Қазақстанның Ресейге қосылуы аяқталғаннан кейін көші-кон ағымдарының отаршыл сипаты айқындала түсті.

Қазақстанның XIX ғасырдың екінші жартысы мен XX ғасыр басындағы этнодемографиялық құрамының өзгеруіне қоныс аудару қозғалысы зор ықпал етті. Патша өкіметінің көші-қон саясатының әлеуметтік-саяси салдары өте ауыр болды.

Қазақстан тарихында қоныс аудару қозғалысының кезеңдері туралы бір жақты пікір жоқ. Дегенмен қоныс аудару қозғалысын шартты түрде үш кезеңге бөліп қарауға болады:

  • 1861—1885 жылдар;
  • 1886—1905 жылдар;
  • 1906—1917 жылдар.

Қоныс аударудың бірінші кезеңі

Жүз мыңдаған орыс, украин, беларусь шаруаларының Сібір, Қазақстан және Орталық Азияға қоныс аударуы Ресейдің аграрлық саладағы саясатымен тығыз байланыста дамыды. Ресей самодержавиесі жер мәселесін помещик-дворяндардың пайдасына шешіп берді. Помещиктер шаруаларды «азат ету» барысында олардың бұрын пайдаланып келген жерінің басым бөлігін тартып алды. Себебі 1861 жылғы реформадан кейін помещиктер өз пайдасына шаруалардың реформаға дейін өңдеп келген жерінен үлес алуға құқықты болды. Кейбір губернияларда шаруалар жерінің 1/3, тіпті 2/5 бөлігін помещиктер тартып алды. Сонымен қатар жер үлесі үшін тым жоғары өтемдік төлемдер талап етілді. Жер тапшылығынан шаруалар помещиктерден, қазынадан жерді жалға алуға мәжбүр болды.

Жер тапшылығының шиеленісуі, «азаттық» алған шаруалардың қайыршылық күйі, құрғақшылық, орта шаруалардың кедейленуі, өтемдік төлемдер мен салықтардың ауыртпалығы шаруалардың туған жерлерін тастап, Оралдың арғы жағынан жер мен «жақсы өмір» іздеп кетуге мәжбүр етті. Зерттеуші А.А.Кауфман қоныс аударудың басты себебін жаңа шаруашылық жүйесіне бейімделе алмаудан, жер құнарлылығының төмендігінен деп түсіндіреді. Ал шаруаларда топырақтың құнарлылығын тыңайтқышпен қайта қалпына келтіруге қаржы да, құрал-сайман да жоқ еді.

Әуелгі кезде патша  үкіметі шаруалардың шет аймақтарға қоныс аударуына карсы болып, шектеулер койып көрді. Алайда 1891— 1892 жылдардағы Ресейдегі аштыққа байланысты өз бетімен еркін қоныс аудару көлемінің өсуіне орай, патша үкіметі қоныс аударуды заңдастырып, өз ырқында ұстауға тырысып бақты.

Жетісу облысының губернаторы Г.А.Колпаковскийдің басшы- лығымен 1868 жылы «Жетісуға шаруаларды қоныстандыру туралы уақытша Ережелер» жобасын жасады. Ереже бойынша жан басына (ер адам) 30 десятина мөлшерде жер белгіленіп, 15 жылға алым- салықтардан босатылды.

Ал 1883 жылы қабылданып, 1885 жылы бекітілген Ережеде Жетісу облысына жаңа келушілер мен Шығыс Түркістаннан қоныс аударған үйғырлар мен дүнгендер үшін жаңа нормалар бекітілді. Енді жан басына берілетін жер үлесі 30 десятина емес, 10 десятина болып белгіленді, біркатар жеңілдіктер енді 3 жылға дейін ғана сақталды. Ресми деректер бойынша 1861—1885 жылдары Орал арқылы 300 мың қоныс аударушы келген.

] Қоныс аударудың екінші кезеңі. Қазақстан тұрғындарының ұлттық құрамындағы өзгерістер

1889 жылғы 13 мамырдағы «Уақытша Ережеде» ауыл тұрғындары мен мещандарын Тобыл, Том губерниялары мен Жетісу, Ақмола, Семей облыстарына өз еркімен қоныстандыру белгіленді. Үкімет қоныс аударуға шектеулердің кейбіреулерін алып тастады. Дегенмен ресми түрде қоныс аударғандардан гөрі өз бетімен келгендердің ағыны үздіксіз арта түсті. Шаруаларды қоныстандыру Ақмола, одан соң Жетісу, Семей, Орал, Торғай облыстарында XIX ғасырдың 60-жылдарының ортасынан басталып, 1892 жылы Сібір темір жол комитеті құрылғанға дейін жалғаса түсті. Ақмола облысында 1870—1895 жылдары 87 шаруа қоныстары пайда болып, отырықшы халық саны шаруа-қоныс аударушылар есебінен 2 есеге артты.

XIX ғасырдың соңғы ширегінде Еуропалық Ресей мен Украинадан қоныс аударушылардың келуі есебінен халықтың ұлттық құрамы өзгерді. Қазақ, қырғыздармен бірге орыс, украиндар, татарлар, тәжіктер, түрікмендер, башқұрттар, чуваштар, қараноғайлар, армяндар саны өсе түсті.

XIX ғасырдың 70-жылдарында  орыстар мен украиндар барлық  Қазақстан мен Қырғызстан тұғындарының 8%-ын (246,9 мың) құрады. Бұдан барлық облыстарда жергілікті тұрғындардың бірден-бір жоғары үлес салмағын анық байқауға болады.

1897 жылы Қазақстан тұрғындарының саны 4 млн 150 мың адамға жетті. Солардың ішінде қазақтар 3 млн 400 мың адамды құрады. Қалған 750 мыңдай адам басқа ұлт өкілдері болды. Орыс шаруаларының көбі Ақмола облысына қоныстанған. Сондай-ақ ең көп орыс және украин тұрғындары Омбы, Петропавл, Көкшетау, Қостанай уездерінде тіркелген. Торғай облысында да өзге ұлт өкілдерінің саны да айтарлықтай еді. Жетісу облысында басқа ұлт өкілдерінің үлес салмағының өскендігі әсіресе Верный, Пішкек, Пржевальск, Пішпек уездерінде ерекше байқалды. Ал Сырдария облысында орыстар мен украиндардың үлесі жалпы халық санынан ең төменгі деңгейде болды.

Өлкенің негізгі тұрғындары — қазақтардың үлес салмағы төмендеп, 1897 жылдары шамамен 81,7%-ға жетті. Ал орыстардың үлес салмағы жоғарыда көрсетілгендей — 10,9%-ға, украиндар — 1,9%-ға өсіп, татар, ұйғыр, өзбек сияқты ұлттардың да үлес салмағы арта түсті.

XIX ғасырдың 80-жылдарында Жетісуға Құлжа өңірінен ұйғырлар мен дүнгендер қоныс аударды. 1897 жылғы санак бойынша ұйғырлар мен дүнгендердің саны 71 мың (56 мың үйғыр, 15 мың дүнген) адамға жетті.

Қоныс аударудың үшінші кезеңі

Ресей экономикасындағы аграрлық дағдарыс патша үкіметінің Қазақстандағы отаршылдық саясатын күшейте түсті. Қазақстан аумағындағы артық жерлерді есепке алу мақсатында Ф.Щербина, В.Кузнецов, П.Румянцевтің экспедициялары жұмыс істеді. Экспедициялардың барлығы көшпелі, жартылай көшпелі, отырықшы казак тұрғындарына қатысты жер көлемін азайтып, болыстардың иелігіндегі «бос жерлерді» есепке алумен айналысты.

Ресей орталығындағы  аграрлық қайшылықтардан шығудың жолын Министрлер кеңесінің төрағасы П.А.Столыпин ойлап тапты. Ол 1906 жылы 6 қарашада шаруалардың қауымнан шығып, хуторға енуі туралы жарлық шығарды. Ол Ресейдің ауыл шаруашылығын дағдарыстан шығару үшін шаруалар қауымын таратты, сөйтіп қауымдық жерлерді кулактардың басып алуына жағдай жасады. Помещиктік жер иеленуді сақтауға тырысқан үкімет қоныс аударуға бостандық берді. Қоныс аудару саясатындағы бұл жаңа бағытқа көшуге 1905—1907 жылдардағы бірінші революция мен аграрлық толкулар өз ықпалын тигізді. Столыпиннің жарлығы негізінде шаруа өз үлесін сатып, еркін түрде басқа жаққа кетуге мүмкіндік алды. Осылайша Ресейдің орталық аудандарындағы әлеуметтік жіктелудің тереңдей түсуі күйзелген, жерден айырылған шаруалардың көші-қон ағымының кең қанат жаюына әкелді.

1905 жылы қоныстандыру мәселесін реттеу мақсатында қоныстандыру мекемелерінің Басқармасы құрылды. 1905—1917 жылдардағы мекеменің 12 жылғы қызметі нәтижесінде бір миллионға жуық қоныс аударушылар жерге орналастырылды.

1908 жылы қоныс аударушылар толқыны ең жоғары деңгейге жетті. Жылына 665 мың қоныс аударушы келді. Патша өкіметінің қоныс аудару саясаты қазақтардың шаруашылығына орасан нұқсан келтірді. Тек 1906—1915 жылдары Жетісу мен Сырдария облысындағы қазақтардан 2,5 млн десятина жер тартып алынып, қоныс аударушыларға бөліп берілді. Қазақстанда тартып алынған жер XX ғасыр басында 17 млн десятина, ал 1917 жылға қарай 45 млн десятинаға жетті. Жүздеген жеке меншік хуторлар бой көтерді. Патша офицерлері, кулактар, көпестер көлемді жер төлімдеріне ие болды. 1905—1907 жылдардағы Ресейдегі бірінші буржуазиялық-демократиялық революциядан кейін үкімет барлық шектеуді жойып, барлық шет аймақтарға қоныс аударуға жол ашып берді.

Осылайша XIX ғасырдың екінші жартысында Қазақстан тұрғындарының көп ұлтты құрамының қалыптасуы белсенді түрде жүргізілді. Патша өкіметінің көші-қон саясаты әскери-казактық және әскери-әкімшілік отарлау саясатынан басталып, шаруалардың жаппай қоныс аударуына ұласты.

Информация о работе Қазақ Театры