Қазақ баспасөзінің шығу тарихы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 27 Ноября 2015 в 08:29, курсовая работа

Краткое описание

Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай-ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды.
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың I жартысындағы қазақ баспасөзі патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстандағы мәдениеттің дамуына елеулі әсер етті.

Содержание

КІРІСПЕ .................................................................................................................…..3
1XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІНІҢ ДАМУЫ
1.1 XIX ғасырдың II жартысындағы Қазақстандағы орын алған саяси жағдайлар………………………………………………………………………..7
1.2 Қазақ баспасөзін дамытудағы орыс баспасөзінің әсері.....................................…………………………………...………………..12
1.3 Қазақстан баспасөзі бірінші орыс революциясы кезеңінде.........................……………………………………………………….21
1.4 Большевиктік баспасөз – революцияның жаңадан өрлеуі жылдарында......………………………………………………………………...30
2 XX ҒАСЫРДЫҢ I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАСПАСӨЗ
2.1 Қазақ баспасөзінің шығу тарихы...........................................................…………………………….................43
2.2 “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналының жалынды жаршылары............... 52
2.3 XIX ғасырдың II жартысымен XX ғасырдың I жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси – қоғамдық және әлеуметтік мәні (“Қазақ” газеті мен “Айқап” журналы негізінде).............................................................................66
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................75
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.....................................................................78

Прикрепленные файлы: 1 файл

Баспасөз.docx

— 118.31 Кб (Скачать документ)

ҚАЗАҚСТАН РЕСПУБЛИКАСЫ БІЛІМ ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ МИНИСТРЛІГІ 
РЕСПУБЛИКАЛЫҚ МЕМЛЕКЕТТІК ҚАЗЫНАЛЫҚ КӘСІПОРЫНЫ  
С. АМАНЖОЛОВ АТЫНДАҒЫ ШЫҒЫС ҚАЗАҚСТАН МЕМЛЕКЕТТІК   
УНИВЕРСИТЕТІ 
ТАРИХ ЖӘНЕ ПСИХОЛОГИЯ ИНСТИТУТЫ 
 
 
 
 Қазақстан тарихы кафедрасы 
 
БІТІРУ ЖҰМЫСЫ 
 
тақырыбы XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ  
I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАСПАСӨЗ. 
 
 
 
Ғылыми жетекшiсі,   
Т.ғ.к.,доцент   
    
«_______»___________2004 ж З.О.Дүкенбаева 
 
Қазақстан тарихы кафедрасының 
меңгерушісі т.ғ.к, доцент  
 
«_______»___________2004 ж З.О.Дүкенбаева 
 
 
Орындаған 4 «ИЗ»тобының студенті Ә.Е.Тұрғанбаев 
 
Норма бақылаушы   
    
«____» ___________2004 ж Қ.Р.Жириндинова   
 
 
 
Өскемен, 2004

 
МАЗМҰНЫ 
 
КІРІСПЕ .................................................................................................................…..3  
1XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІНІҢ ДАМУЫ 
1.1 XIX ғасырдың II жартысындағы Қазақстандағы орын алған саяси жағдайлар………………………………………………………………………..7 
1.2 Қазақ баспасөзін дамытудағы орыс баспасөзінің әсері.....................................…………………………………...………………..12  
1.3 Қазақстан баспасөзі бірінші орыс революциясы кезеңінде.........................……………………………………………………….21  
1.4 Большевиктік баспасөз – революцияның жаңадан өрлеуі жылдарында......………………………………………………………………...30 
2 XX ҒАСЫРДЫҢ I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАНДАҒЫ БАСПАСӨЗ 
2.1 Қазақ баспасөзінің шығу тарихы...........................................................…………………………….................43 
2.2 “Қазақ” газеті мен “Айқап” журналының жалынды жаршылары............... 52 
2.3 XIX ғасырдың II жартысымен XX ғасырдың I жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси – қоғамдық және әлеуметтік мәні (“Қазақ” газеті мен “Айқап” журналы негізінде).............................................................................66 
ҚОРЫТЫНДЫ...........................................................................................................75 
ПАЙДАЛАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР.....................................................................78 
 
 

 
 
 
 
 
 
КІРІСПЕ 
 
Бітіру жұмысының өзектілігі. Біз қазақ баспасөзінің дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің сипатына тарихи тұрғыдан тоқталып өттік. Бұл кезең қазақ баспасөзінің енді-енді ғана дүниеге келіп, халықтың арасына тарай бастаған кезеңі, әрі халықтың тар жол тайғақты кезеңі. Осындай аласапыран кезеңде халық тағдыры мен қоғам өмірінің шындығын бүкпесіз батыл жариялаған қазақ баспасөзінің қызметі орасан зор болды.  
Бітіру жұмысының өзектілігі сол – ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің атқарған қызметтері, міндеттері, көздеген мақсаттарының қандай болғандығы жөнінде тарихи тұрғыда қаралып, мәлімет беруінде. 
Бітіру жұмысының тарихнамасы. Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келеді. Оған тарих куә [28,б.37]. 
Ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ баспасөзі 19 - ғасырдың екінші жартысында «Түркістан уалаятының газеті», «Дала уалаятының газеті» болып патшалы Ресей үкіметінің үкімімен дүниеге келді. Бұл басылымдар отарлаушы елдің жыртысын жыртып, жырын жырлау мақсатында шығарылғанымен, шын мәнінде, сол шеңбермен тұйықталып қалмай, ұлтымыздың жоғын түгендеу бағытын да едәуір көп еңбек сіңірді. Баспасөз – халықтың қоғамдық - әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге әсер ететін бірден – бір құрал. 
Қазақ баспасөзінің де халықтың саяси ой – пікірін оятып, дүниетанымын байытуға едәуір әсері болды. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт –насихат саласындағы қызметі жөніндегі А. Байтұрсыновтың: “Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды” (Қазақ, 1898, №10) –деуі, газеттің әлеуметтік – қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған. Азаттық жолындағы қозғалыста орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары мен аса көрнекті публицистері баспасөзді күрес құралы етті [45,б.98]. 
Мысалы, 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары А.Г.Чернышевский мен Н.Л.Добролюбов басқарып, оны шаруалар революциясы идеясын насихаттайтын айбынды органға айналдырды. Қазақ ағартушылары қатарлы орыс баспасөзінің тамаша дәстүрлерінен үлгі өнеге ала отырып, қазақтың бұқарашыл публицистикасы мен журналистикасының негізін қалады [11,б.77]. 
Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай-ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды. 
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың I жартысындағы қазақ баспасөзі патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстандағы мәдениеттің дамуына елеулі әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Газет беттерінде мал шаруашылығы жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып отырды. 
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте - бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Бұл газеттер патша үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға қызмет еткенімен, объективтік тұрғыдан қарағанда қазақтың тілі мен жазба әдебиетін қалыптастыруда, ұлттың мәдениеті мен экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дәрежеде айтарлықтай роль атқарды.  
Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени - ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейте түсу, оның бұйрық - жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді. 
Осы кезеңнің тарихнамасын ашуда жұмысымызға басты бағыт – бағдар берген Ө. Әбдіманов, Х.Бекхожин, Б.Кенжебаев, С.Қозыбаев, М.И.Фетисов, М.Мамажановтардың ғылыми монографиялық еңбектерін жұмысымызға негіз етіп алдық. 
Бітіру жұмысының мақсаты мен міндеттері Бітіру жұмысының алдына қояр негізгі мақсаты – қазақ баспасөзінің, дәлірек айтсақ, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің тарихи тұрғыдан соны қырларын ашу. Баспагерлер арасындағы рухани сабақтастықты, үндестікті пайымдау. Осы кезеңдегі қазақ баспасөзінің тарихи қызметін анықтау. Міне, осы мақсатты жүзеге асыру үшін бітіру жұмысының алдына мынадай нақты міндеттер қойылды: 
-Қазақ баспасөзінін дамытудағы орыс баспасөзінің әсерін көрсету; 
-Қазақ баспасөзінің орыс баспасөзінен дәстүрлік жалғастық табу жолдарын анықтау; 
-Осы кезеңдегі алғашқы қазақ баспасөзінің шығу тарихын жүйелеу; 
-Қазақ баспасөзін дамытушы баспагерлердің мақсатын айқындау: 
-Қазақ баспагерлерінің арасындағы рухани сабақтастықты ашу;  
-ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің негізгі атқарған міндетін айғақтау, көздеген мақсаты мен 
 жасаған қызметін ашып көрсету; 
-Тарихи тұрғыдан қарастырғанда, осы кезеңдегі қазақ баспасөзінің ішіндегі көтерген жүгі өте ауыр болған «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналына тоқталу; Қазақ баспасөзінің саяси – қоғамдық және әлеуметтік мәнін ашу; 
Бітіру жұмысының жаңалығы. Қазақ баспасөзінің шығу тарихына орыс баспасөзінің тигізген игі әсері ғылыми негізде сараланды. Қазақ баспасөзінің даму қарқыны көрсетіліп, екшелді. 
  - Қазақ баспасөзінің шығу тарихының негізгі себептері дәлелденді; 
  - Осы кезеңдегі қазақ баспасөзің атқарған қызметі, көздеген мақсаты,  
жаңашыл бағыт – бағдарлары ашылды;  
  - Қазақ баспасөзінің қоғамдық – саяси және әлеуметтік мәні анықталып,  
тарихи талдау жасалды; 
Жұмыстың зерттеу әдістері. Бітіру жұмысының негізгі әдіс-тәсілдері – баяндау, салыстыру, қажетті мәліметтерді саралау, ұғымдарды жинақтау, пікірлерді қорыту, ғылыми тұрғыда талдау. Сондай-ақ, тарихи талдау басшылыққа алынды. 
Бітіру жұмысының теориялық және практикалық маңызы. Бітіру жұмысы жоғары оқу орнында қазақ баспасөзінің тарихын оқығанда қосымша материал ретінде пайдалануға болады. Бітіру жұмысында қазақ баспасөзінің бас баспагерлері А.Байтұрсынов пен М.Дулатов сынды көрнекті тұлғалардың ойшылдық, гуманистік, пәлсапалық көзқарастарын әдебиет тарихында, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзін тарих факультеттерінде арнайы курс, арнайы семинар ретінде пайдалануға болады.  
Бітіру жұмысының құрылымы Бітіру жұмысы кіріспеден, 2 тараудан, қорытындыдан және пайдаланған әдебиеттер тізімінен тұрады.   
 
 
 
1 XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІНІҢ ДАМУЫ 
1.1 XIX ғасырдың II жартысындағы Қазақстандағы орын алған саяси жағдайлар  
Қазақ жері ғасырлар бойы шектес мемлекеттердің шабуыл нысанасына айналып келгендіктен XVIII ғасырдың алғашқы жартысында қазақтардың бір бөлігі патшалы Ресейдің қол астына кіріп, бағынуға мәжбүр болғандығы тарихтан белгілі. 
Осы кезеңнен бастап, Ресейде болған әлеуметтік өзгерістердің қазақтар тарапынан қабыл алынып, өздерінен күшті солтүстік көршілеріне деген бағыныштылығының арта түскендігі байқалады. Ресейдегі бұл әлеуметтік өзгерістің жемісті болғандығы сондай, олар енді қазақтардың тұрмысы мен салт-саналары туралы, оларды зерттеп білу қажеттілігі жайлы жиі айта бастады. Мұның негізінде әкелік «қамқорлық» (бірінші жағынан) және «ризашылық» (екінші жағынан) қатынастары жатқан болатын. Мәселен, Спиранскийдің 1822 «Сібір қазақтары» туралы жарғысындағы қоғам өміріндегі өзгерістерге көп жол беріледі. Жарғы қазақтарға тән ғасырлар бойы қалыптасқан басқару жүйесін жоққа шығарып, оның орнына әлеуметтік бөлудің «Еуропалық тәсілдерін» танытты. Осының нәтижесінде патша әкімшілгі орта жүздегі хандық билікті жойып, оның орнына округтер мен приказдар құрды. Осы жарғыны негізінде кіші жүз Орынбор шекаралық комиссиясына бағынатын болды. Мұның барлығы ақыр аяғында қазақтардың оған қарсылық көрсетіп, көтеріліске шығуына жол ашты [50,б.198]. 
Халық көтерілістері, қазақтардың өздерін сыртқы жаулардан қорғау әрекеті (әсіресе, Хиуа, Бұқара, Қоқан, Қытай елдерінің оның ішінде Ресейге де қарсылық көрсетулері) отарлық басқару тұсында ерекше орын алды. Ал, орыстар қазақтарды өз діндеріне бағындыру мақсатында басқарудың еуропалық үлгісін оларға күштеп таңды. Осының барлығы ұлттық сананың дамуына ұзақ жылдар бойы қасақана құрылған тор болып келді. Ал, жергілікті байлардың қанау тәсілдерімен патша әкімшілігінің ауыр алым-салықтары, қазақтардың күш көрсетуі-қазақ халқын қайыршылыққа әкеп тіреді. Мәселен, ХІХ ғасырдың жетпісінші жылдарында Ұя, Орал, Ешім, Ор және Қаратал, Лепсі, Ақсу, Іле тағы басқа өзендерді бойлай орналасқан ұшан теңіз алқапты қазақтар иемденді. ІХ ғасырдың соңында олардың саны жүз мың адамнан асып кетті. Патша үкіметі оларға қазақтардың кесерлерінен жер беріп, көптеген жеңілдіктер жасап, ал қазақтарды Сахарада пайдаланатын ұрда қолшоқпарына айналдырды.  
Қазақ жерін отарға айналдыру саясатының тиімді түрі миграция тәсілі болды. Егер Қазақстанға Ресейдің орталығы мен оңтүстігінен 1986 жылға дейін 294 мыңнан астам адам көшіріліп әкелінсе, 1906-1910 жылдары олардың саны 770 мыңға артты. 
Ел билеуші жергілікті бай - манаптардың халық санасына үнемі «Ресей мемлекеті бізге бар жақсылық жасауда» деген, қоғамдық пікір тудыруға тырысып баққаны байқалады. Олар басқаларға қазақ халқы орыстарға бағынғанға дейін негізінен көшпенді өмір сүрді. Сөйтіп Еуропалық елдерден «артта қалған» жартылай жабайы халық болды деген жел сөз таратып, қазақтарды отырықшылыққа үйретудің қажеттігі туралы екі ұшты жоспарлар құра бастады [1,б.3]. 
Өткен ғасырдағы патшалы Ресейдің осындай саясаты кешегі кеңес үкіметіне де мұра болып қалғандай. Себебі, соңғы кезеңге дейінгі қазақтар туралы сөз қозғалса, «Олар тек дала көшпенділері болған, оларда шаруашылықтың егіншілік түрі мүлдем болмаған еді» деп еске алып келді.  
  Алайда, қазіргі қолда бар көптеген архив және сол кезеңде шығып тұрған демократиялық бағыттағы басылымдардың материалдарына сүйене отырып, біздер қазақ жерінде Ресей Қазақстанды жаулап алған кезеңге дейін де мақта, астық шаруашылығы, көкеніс, бау-бақша, жеміс-жидек, алма бақтары болғандығын, сол тарихи кезеңде Қазақстанда суландыру құрылыстарының кең жүйесі жасалғандығын, қазақтардың ерте заманда да суландырылған алқаптарда жұмыс істегендігін, оларға малға жем, шөп дайындау ісінің де ертеден таныс болғандығын, қазақтардың ХІХ ғасырдың басынан-ақ отырықшы және көшпелі өмір сүріп, ол кезде де қазіргі малшылардың  
да өміріне ұқсас шаруашылық түрлерінің болғандығын мақтанышпен айта аламыз.  
«XIX ғасырда Қазақстан ауыл шаруашылығы өнімдерін шығаратын (әсіресе ет, май) ірі отар елге айналды. Қазақтардың өміріне бойлап енген сауда, тауар айырбасы және жәрмеңке оларды Еуропа мәдениетіне жақындастырып, ерекше роль атқарды». Алайда, сауданың келуіне байланысты қазақ даласында жергілікті халықтың орыс заңдары мен нарықтық құнын жете білмегендіктерінен алдау, тонау, күш көрсету дегендер көбейіп кетті. Сол кезеңдегі «Отечественные записки» сияқты кейбір жанашыр басылым қағаздардың жер бетінен толық жойылып кету қауіпі төнді, -деп дабыл қағуы да тегін емес. Екіншіден, мұның барлығының себебі өзінің шет аймақтарында; әсіресе, аз ұлттардың арасында патшалық Ресейдің саясатына байланысты еді. Өйткені, Ресей Қазақстанды жаулап алғаннан соң, оның жерін шикізат қоймасы мен арзан жұмыс күшіне айналдыруды көздеді. Өлкенің өнеркәсібін игеру көп экономикалық шығынды қажет етті. Сондықтан, Ресей пайдалы қазбалары мен мал шаруашылығының өнімдерін қанағат тұтты. Ресейге Қазақстанда астық шаруашылығын дамыту ол кезде пайдасыз болды. Оған көп шығын жұмсау керек еді. Сөйтіп, қазақ даласында ауыл шаруашылығы нашар дамыды. Тіпті ұсақ тауар өндірісі саласында да Қазақстан өз саудасын Ресей мен байланыстырғандықтан Шығыстың бай саудасынан айырылып, күнделікті өмірге қажетті заттарды шығаруға да мүмкіндігі болмай қалды. Осының нәтижесінде Қазақстанда XIX ғасырдың соңында да мал шаруашылығы «мамандандырылған» шаруашылықтың басты түрі ретінде қала берді [9,б.172]. 
Белгілі Еуропалық түсінік бойынша, XIX ғасырда қазақтардың мәдениет дәрежесі орыстармен салыстырғанда әлдеқайда төмен болған. Алайда, мұндай теңестіру қазақтардың мәдениетіне орыс мәдениетінің тұрмысынан қараудың негізінде пайда болғаны шындық. Бірақ әділін айту керек, кезінде демократтарды былай қойғанда, кейбір миссионерлердің өздері де қазақ халқының ұлттық өзіндік мәдениетін жоғары бағалап, қазақтар бейбіт, бауырмал, адамдар ретінде сипатталған. Әйтседе, өкінішке орай, қазақ елін басқару (патшалы Ресейдің тарапынан) өте шиеленіскен, қиын жағдайда жүргізілді. Мәселен, 1868 жылы далалық облыстарды басқару жағдайының жобасын талқылаған Министрлер кабинеті қазақтарға қатысты, барлық заңдардың бұрмаланып отырғанын атап көрсеткен. Ал, осы кезде қазақ жеріне Ресейден орыстардың шектен тыс қоныс аударуы демократиялық бағыттағы зиялыларды қатты ойлантқан. Бұл орайда А.Ядренцевтің «Сібір бұратаналары және олардың құрып бітуі» деген мақаласындағы жер мәселесі барлық жүгенсіздіктер мен кедейшіліктің басталуы болды деген жолдар патшаның оспадар саясатының нәтижесінде бір ұлттың құрып кету қауіпінің тұрғанын меңзеді. Өзінің әріптесінің бұл ойын қостай отырып, Л.К.Чермак «Қырғыздар қырылып бара ма!» деген мақала жазды. Сөйтіп, патша отарлау саясатын өрістетіп, бар шұрайлы жерлерді орыс қоныс аударушыларына беру арқылы өзі шығарған заңды өзі бұрмалап, қазақтардың жерін орыстардың меншігіне айналдырған. Бұл жөнінде қазақ даласын басқару туралы заң жобасына пікір ұсынған комиссия былай деген: «Қырғыз даласына, шекаралардан қазақтарды сондай-ақ ішкі және Сібір губернияларынан орыс шаруаларын кіргізу оларды қазақтар тегіне алу, орыстардың көп мөлшерде қазақ даласына тереңдей енуіне мүмкіндік берді. Приказдардың тұрақты орналасқан жері қоныс аударушы орыстардың тегін көбейте түсті. Орыс қоныс аударушылары Жайық пен Ертіс өзендерінен есептегенде 1000 шақырымға жуық оңтүстік аймақты басып алып, бұрындары Ресейдің шекаралық аудандары болып келген қазақ даласы патшалықтың ішкі бөлігіне айналып шыға келді. Бұл хабарды кезінде деректі құжаттар негізінде патша генралдары Ф.Бис пен Л.Валюзик жазған. Сол кезде «Современник», сатиралық «Искра», «Военный собранник» тағы басқа көптеген газет-журналдар мен альманахтардың беттерінде қазақтарға хат танытудың қажеттілігі, қазақ жұмысшыларының тұз өндіру орындарындағы қиын жағдайлары, көшпелі ауылдардағы тап қайшылықтары қазақ халқының әдебиеті мен мәдениетін кенжелеп қалу қауіпі турасында және қазақ даласындағы отарлау саясатын жүргізіп отырған патша үкіметінің топас іс жүргізушілері хақында еңбектер жазған Е. Карповик, А.Еврейна, К.Губарев, А.А.Курочкин, А.Гейнстер есімдерін ерекше атауға болады. Отарлау саясатының жүгенсіздігі үкіметтің барлық шет аймақтары сияқты Қазақстанда да тек өз жеке бастарының қамы үшін, қажеттілікті халықтың хал жағдайымен есептескендігінен-ақ көріп отырды. Олар өз мақсаттарына жету үшін «Мамандарылған» шаруашылық саясатында жүргізді. Мұның өзі Қазақстандағы индустрияландырудың өнеркәсіпті дамытудың, ауыл шаруашылығы жүйесінің қолданбалы түрлерін дамытудың орнына, өлкені пайдалы қазбалар мен мал шаруашылығы өнімінің қоймаларына айналдыруға әкеп соқтырды. Осының барлығы жергілікті халықтың өміріне, әдеп-ғұрпына үлкен әсер етті. Оларға күштеу арқылы Еуропалық дүниетанымның белгілерін енгізе бастады. Отаршылдар қазақ мәдениеті Еуропалықтар мен орыстардың мәдениетімен салыстырғанда «Екінші сортта» деп келісті [22,б.184]. 
Міне, осындай себептермен қазақ халқының ғасырлар бойы қалыптасқан тарихы жоққа шығарылды. Халық көшпелі рулар мен тайпалардың жиынтығы болғандықтан олардың мәдениеті мен әдебиеті ауызға алғысыз», -деп көрсетілді. Осыдан барып, орыстар өздерін басқаларға «Аға халықпыз» деп мойындатуға тырысты. Қазақ халқының осылайша бұрмаланып келген ғасырлар бойғы тарихының сыр - сипатын тек бүгінгі дербес ел болған таңда ғана ашық айтуға мүмкіндік туды.  
XX ғасырдың басы - қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой - пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы - әдебиеттің қоғамдық сананың көрсеткіші - баспасөздің күрт алға басуы заңды нәрсе. Бұл кезеңде Абайдың жалғасы Шәкәрім шығармашылығы өзінің шырқау биігіне көтерілсе, Міржақып, Ғушар, Сұлтанмахмұт, Мағжан тәрізді алыптар әдебиет айдынына шығып, көркемдік сипатты соны дүниелері арқылы әдебиетіміздің жазба түрін жаңа белестерге көтерді. Сонымен қатар XX ғасырдың бас кезі қазақ өміріндегі азаттық жолындағы күрестің, яғни, саяси әлеуметтік қозғалыстың дамып, құлаш жая бастаған тұсы болып табылады. Мұның себебі, Ресей самодержавиесындағы жалпы қоғамдық ой - сананың дамуында бостандық идеясы билеп алған 1905 жылғы революцияның түпкір-түпкірге жеткен сарынынан еді.  
 
1.2 Қазақ баспасөзін дамытудағы Ресей баспасөзінің әсері.  
 
Қазақстанның Россияға қосылу нәтижесінде орыс пен қазақ халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдері арасында рухани жағынан да достық қарым - қатынастар орнады. Революциядан бұрынғы кездің өзінде демократияшыл орыс интеллегенциясының аса көрнекті қайраткерлерінің Россияның барлық халықтарының алдыңғы қатарлы өкілдерімен тығыз байланысты болғаны, ұлттық езгіге қарсы белсенді күрес жүргізгені, әр түрлі ұлттар мен халықтардың мәдениетін дамытуға игі әсер еткені мәлім. 
Қазақстанға Орталық Россиядан орыс шаруаларының көшіп келіп орналасуының зор маңызы болды. Олар қазақтардың отырықшылыққа, егіншілікке көшуіне әсер етті, орыстар мен қазақтар арасында достық қатынастар күн санап нығая берді [37,б.245]. 
Патшалық Россия халықтардың түрмесі болғаны мәлім. Ол шет аймақтардағы халықтарды аяусыз езіп, азапқа салды, оларды надандық пен қараңғылықта ұстауға тырысты, ұлт араздығын қоздырып отырды. Россияның басқа халықтары сияқты, қазақ халқы да саяси жағынан еріксіз болды, ұлт мәдениеті, әсіресе, тілі қорланды. Бірақ патша үкіметінің отаршылдық саясатына қарамастан, Қазақстанның Россияға қосылуының терең прогрестік маңызы болды. Бұл қосылудың нәтижесінде Қазақстанда экономика мен мәдениеттің дамуына жағдай жасалды. 
«Капитализмнің ескі шаруашылық құрылысқа қатысты аталған барлық өзгертулері,- деп көрсетті. В.И.Ленин,- сондай-ақ халықтың рухани бейнесін өзгертуге де сөзсіз әкеліп соғады». Қазақстанға капиталистік қатынастардың терең бойлай таралуы мұндағы ескі шаруашылық құрылысты өзгертті, ал мұның өзі қазақ халқының санасына да елеулі өзгеріс енуіне әсер етті [8,б.110]. 
Орыс халқының озат мәдениеті қазақ мәдениетінің өркендеуіне игі әсерін тигізді, Шоқан Уәлиханов, Ыбырай Алтынсарин және Абай Құнанбаев сияқты демократ ағартушылар шықты, қазақ халқының ішінде ұлт интеллигенциясы қалыптаса бастады. Орысша және қазақ тілінде оқытатын мектептер ашылды. 1862-1900 жылдар арасында қазақ тілінде 7 шамалы кітап басылып шықты. Қазақтың жазба әдебиеті мерзімді баспасөзі пайда болды. Орыстың революцияшыл - демократиялық баспасөзі мен публицистикасы қазақ ағартушылары Шоқан Уәлихановтың, Ыбырай Алтынсариннің және Абай Құнанбаевтың қоғамдық - саяси көзқарастарының қалыптасуына әсер етті. В.И.Ленин атап көрсеткендей, крепостниктікке қарсы күрес, тұрмыстық прогрестік формалары мен ағарту ісін жақтаушылық, халық бұқарасының мүддесін қорғау, орыс ағартушыларының осындай үш түрлі сипаты қазақ ағартушыларына да тән қасиеттер еді [8,б.116]. 
Орыстың ұлы ағартушыларының демократияшыл дәстүрінен үлгі - өнеге ала отырып, олар қазақ халқының жарқын болашағы үшін күресті, феодалдық - патриархалдықтың сарқыншақтарына қарсы шықты, ұлы орыс халқымен дос болу, оның озат мәдениетінен үйрену идеясын қызу насихаттады. Азаттық жолындағы қозғалыста орыстың алдыңғы қатарлы жазушылары мен аса көрнекті публицистері баспасөзді күрес құралы етті. Мысалы, 1836 жылы А.С.Пушкин ұйымдастырған «Современник» журналын алпысыншы жылдары А.Г.Чернышевский мен Н.Л.Добролюбов басқарып, оны шаруалар революциясы идеясын насихаттайтын айбынды органға айналдырды. Қазақ ағартушылары алдыңғы қатарлы орыс баспасөзінің тамаша дәстүрлерінен үлгі - өнеге ала отырып, қазақтың бұқарашыл публицистикасы мен журналистиканың негізін қалады [11,б.77]. Қазақстанның қалаларында патшаның жергілікті әкімшілік орындарының ресми органдары болып табылатын газеттер шыға бастады. «Облыстық ведомстволармен» қатар қазақ тіліне аударылып, Орынборда «Торғай» газеті, Омбыда «Дала уалаяты» газеті, сондай-ақ Оралда, Астраханьда және басқа кейбір қалаларда шығарылған газеттер де Қазақстан өмірімен байланысты болды [11,б.80]. 
Бұл газеттер қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени - ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, патша үкіметінің отаршылдық саясатын күшейе түсу, оның бұйрық - жарлықтарын жергілікті халықтардың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындаттыру, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын халық арасына кең таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатын көздеді.  
Алайда патша үкіметінің екіжүзді мақсатына қарамастан, Қазақстанда мәдениетің дамуына мерзімді баспасөздің пайда болуы елеулі әсер етті. Патша үкіметінің заңдарын, жарлықтарын жариялап, оның реакцияшыл, отаршылдық саясатын уағыздай отырып, сонымен қатар бұл газеттер өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы өндірісін дамыту мәселелерін көтеруге мүдделі болды. Бұл газеттерде мал шаруашылығы жайлы, мектептер, егіншілік туралы және сауда туралы жазылып тұрды, қазақ халқының тарихына, тіліне, ауыз әдебиетіне, этнографиясына, Қазақстанның археологиясы мен пайдалы кен байлықтарына арналған мақалалар басылып отырды. 
Алдымен аударма ретінде шығып, бірте - бірте дербес газет дәрежесіне дейін жетіп, қазақ тілінде шығарылған «Түркістан уалаяты» газеті (1870-1882) мен «Дала уалаяты» газеті (1888-1902) қазақ баспасөзі тарихының алғашқы бет ашарлары деп есептелінеді. Бұл газеттер патша үкіметі қойған міндеттер мен мақсаттарға, оның отаршылдық саясатын жүзеге асыруға, Қазақстанда капиталистік қатынастарды орнықтыруға қызмет еткенімен, объективтілік тұрғыдан қарағанда қазақтың тілі мен жазба әдебиетін қалыптастыруда, ұлттық мәдениеті мен экономикасының тарихын жазу жөнінде белгілі дәрежеде айтарлықтай роль атқарды. Ташкент қаласында 1870-1917 жылдары орыс тілінде «Туркестанские ведомости» газеті шығып тұрды. Түркістан өлкесін  
билейтін генерал-губернаторлардың ресми органы болғанымен, бұл газетте жарияланған Орта Азия халықтарының тарихы мен этнографиясы, археологиясы және географиясы жөніндегі материалдардың мәні зор болды [11,б.533]. Газетті шығарысуға Н.С.Сеерцев, В.В.Бортольд, Н.П.Остроумов, Ш.М.Ибрагимов сияқты белгілі ғалымдар қатысты. 
Осы газеттер қосымша ретінде сол жылдан бастап тұңғыш қазақ тілінде Түркістан генерал - губернаторының ресми органы «Түркістан уалаяты» газеті шығарылды. Бұл газет ол кезде Түркістан өлкесіне қарайтын осы күнгі Қызылорда, Шымкент, Жамбыл, Алматы облыстарының қазақтарына арналды. Газеттің редакторы және аудармашысы ағайын Ибрагимовтар болды. Қазақ газетін шығару ісіне Хасан Жанышев, Заманбек Шайхыәлібеков, Жүсіп Қазыбеков аудармашы әрі әдеби қызметкер болып қатысқан. 
Патша үкіметінің отаршылдық саясатын уағыздай отырып, ресми газеттер, кейде Россияның самодержавиелік езгісіндегі ұлттарды ұлы орыс халқының озат мәдениетіне тарту идеясын насихаттап отырды. «Россия халықтары арасындағы қатынастардың мұндай демократиялық және гуманистік бағытталуына мерзімді баспасөздің ұйымдастырушылары, редакторлары және қызметкерлері көбінесе прогресшіл ниетті орыс интеллигенциясының арасынан шыққан қайраткерлер болғаны себеп болды [49,б.34]. 
«Түркістан уалаяты» газетінің бетінде өзбек халқының революцияшыл ниеттегі демократ ақыны Мұқимидың және ағартушы ақыны Фурхаттың, орыс әдебиетінің классиктері Крыловтың, Пушкиннің, Толстойдың шығарамалары басылды [11,б.27].  
Осы газет арқылы қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уалихановтың өмірі мен ісі бүкіл қазақ еліне мәлім болды. Қазақ тілінде газет шығарылуын жұршылық қуана қарсы алды. Семей жағының қазақтары бір жиында бұл газетті оқығанын, көңілдеріне ұнағанын, бұған дейін тек татар тілінде намаз оқуды үйрететін кітапшаны оқитындарын айта келіп, біздің қазақты бір жұрт біліп, біздің тілімізде газет бастырғаны үшін» алғыс айтады деп қуанды. Басылған хат-хабарларға қарағанда газеттің Ақмола (Целиноград), Ақмешіт (Қызылорда), Алматы Әулие-Ата (Жамбыл), Қапал, Қазалы, Қызылжар, Қарқаралы, Көкшетау, Омбы, Семей, Түркістан уездерінен жазып тұратын тұрақты тілшілері болған. Газет халықаралық жағдай және Россияның сыртқы саясаты туралы орталық үкімет газеттерінен көшіріп басып отырды. Мысалы, Париж пролетариатының 1871 жылы 18 мартта көтерілісі туралы хабар беріп тұрды. 1877-1878 жылдарда орыс - түрік соғысы кезінде бір пантюркистің Турция әскері жәрдем беру керек деген үгітіне қазақтардың қалай қарағандығы жөнінде газетке заметка жариялады. Онда Россияға мемлекет жәрдем бермейміз деп жұрт бір ауыздан мәлімдеген. Керісінше, Жетісу облысының Алматы, Қапал уездерінің қазақтары мен армиясының атты әскеріне жөнелткен. Газет қазақтарды отырықшы тұрмысқа ауысуға, егіншілік кәсібін қоныс аударып келген орыс шаруаларынан үйрену, бірлесіп Арыс -Түркістан каналын салуға шақырды. Әрине, ол заманда мұндай идеяны жүзеге асыру мүмкін емес. Бұл арман тек Кеңес өкіметі тұсында ғана орындалады. 
Газет бетінен капиталистік қатынастардың қазақ даласына өтуінің жағымды және жағымсыз жақтары да көрінеді. Ақмоладан келген тілші хатында кедейленген қазақтар қала шетіне жатақ болып жиналып, жаңаша өмір сүре бастаған олардың тұрмысы көшпенділерден көп ілгері екендігі айтылады. Олар орыс тілін үйрене бастаған, үй ұстаулары мұнтаздай таза, самауыр стол, қасық, киім - кешегі-бәрі түзу. Көшеде екі кісі кетіп бара жатса қайсысы жатақ, қайсысы ел қазағы екенін сұрамай-ақ танисыз. Газет ауыл кедейлерінің хал - жағдайының әбден нашарлағанын, соның салдарынан олар қалаға келіп жалшы болып, күн көретінін, сөйтіп олар байлардың езгісінен өсімқорлардың тонауынан қашатынын аңғартады [11,б.58]. 
«Түркістан уалаяты» газеті оқу - ағарту және әдебиет мәселелеріне едәуір орын беріп отырды. Ол қазақ жастарының гимназияда, орыс - қазақ мектептерінде оқи бастағанын құптайды. Әрине, алдымен дәулеттілердің балалары оқитыны сөз болады. Жастардың оқуға деген құштарлығын қуаттай отырып, орысша оқып білім алған қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы өнеге ретінде арналған мақала жариялады [45,б.145]. 
Орыстың мерзімді баспасөзінің әсерімен алғашқы қазақ газетінде заметка, корреспонденция, мақала, фельтон мен очерк сияқты жанрлар туа бастады. 
«Ғылыми хабарлар» рубрикасымен сол кездегі ғылым мен техника табыстары жайында түсінік, сондай-ақ жаратылыс жөніндегі ғылыми тақырыптарда мақалалар, ветеринария және зоотехника мәселелері жайында консультациялар жариялауының қандай маңызы болғаны өзінен - өзі түсінікті. Бұлардың бәрі көшпелі халықтың дүниетанымына игі әсер еткені сөзсіз.  
Газет оқушыларына танымдылық сипатты материалдардың әсер еткені қызық. Батыс Европа туралы очерк жөнінде біреу «Осы күнге дейін біз дүниенің бәрінде үш-ақ мемлекет бар деп жүруші едік - орыс, түрік және қытай мемлекеті. Қарасақ, дүниеде мемлекет үшеу емес, көп екен» депті. Н.П.Остроумовтың «Петр Ведомостволарының» XVII-XVIII ғасырларда орыстар үшін қандай маңызы болса, «Түркістан уалаяты» газетінің де XIX ғасырда өзбектер мен қазақтар үшін сондай маңызды болды деген тұжырымымен келіспеуге болмайды [34,б.171].  
1882 жылы Дала генерал - губернаторы құрылып, оның құрамына Ақмола, Семей, және Жетісу облыстары енгізілді. Орталығы Омбы қаласы болды. 1888 жылы 1 январьда Омбыда «Дала уалаяты» газеті шыға бастады. Баспасөз ісі жөніндегі бас басқарма оны «жергілікті халықты үкімет бұйрықтарымен таныстырып отыру өтінішін шығарып тұруға рұқсат етті» [23,б.171]. Әрине, Қазақстанды, зерттеп білу мақсаты көзделді. Аптасына бір рет шығып қазіргі Қазақстанның бүкіл территориясына дерлік таралды.«Дала уалаяты» газеті барлық патшалық губерниялық газеттердей ресми және ресми емес бөлімдерден тұрады. Ресми бөлімінде үкімет және әкімшілік органдардың указдары, нұсқаулары, бұйрықтары басылды. Сонымен бірге «ақ патшаға» адал берілгендікті сездіретін материалдар да жарық көрді. Әсіресе ресми емес бөлім ерекше назар аударады.  
Мұны сол замандағы қазақ аулының қоғамдық ой-пікірі біршама көрініс берген.  
Газетте экономика мен мәдениет жөнінен анағұрлым ілгері Россияның қазақ халқының өміріне тигізген әсерін көрсететін құнды материалдар жарияланды. 
Осы газеттің маңына топталған өдерінше прогресс ниеттегі қазақ интеллигенттері Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсариннің және А.Құнанбаевтың өнегесі бойынша көшпелілерді шаруашылықты жаңаша жүргізуге, басқаша айтқанда отырықшы болып, егіншілікпен айналысуға шақырды, орысша оқып білім алуға, орыстың озат мәдениетіне жақындасуға деді. Олар өздерінің ізашаралары сияқты қазақ әдебиетін, тілін дамытуды көздеді, әйелдерді азат етудің және соңғы әлеуметтік проблемаларды ұсынады. Осындай проблемаларды талқылаудың барысында бірін - бірі қарама -қарсы екі ағым - кертартпа және прогрестік ағым туды. Қазақ қауымының арасында сондай екі ағымның барлығын Ш.Уәлиханов елуінші жылдардың орта шеніннен-ақ атап көрсеткен болатын. «Осы уақытта,- деп жазды Ш.Уәлиханов,-ескі мен жаңаның арасында елеусіздеу, бір күшті күрес болып жатыр деуге болады» [12,б.389]. 
Қазақ қауымының үстем тап өкілдері жаңалық пен прогрестің бәріне мейлінше қарсылық білдірді. Өмірде бола қоймайтын өзгерістерге қарсы және күні өтіп бара жатқан іріткіні сақтау үшін күресте үстем тап өкілдері рухтандыратын күшті мұсылман дінінен, панисламизм мен пантюркизмнен деді. Кертартпа ақындар қазақ халқының қас жауы К.Қасымовтың реакцияшыл қозғалысты басқарғаны үшін мадақтады. Осыған байланысты айта кету керек: «Дала уалаяты» газеттерінде Кенесары тонағыш және бұзақы деп сипатталады. Қазақ қауымының ішінде кертартпа, мұсылманшылдық және прогресшіл орыс мәдениеті ықпалдарынан туған екі түп мәдениеттің арасындағы идеялық күрес XIX ғасырдың аяққы шенінде және XX ғасырдың басында күшейе түсті. Бұл күрес «Дала уалаяты» газетінің бетінен көрініс тапты. Газет бетінде «Редакцияға хат» деген арнаулы рубрика ашылған-ды. Біреулер таңдаулы ақындардың шығармалары және халықтың ауыз әдебиетінің үлгілерін қазақ тілінде кірген жинақ етіп бастырып шығаруды талап етті, басқалары қазақ газетіне кім немен көмектесе алар екен деп жазды. Көптеген хаттарда қазақтың жазба әдебиетін қандай жолмен дамыту керек екені туралы сөз болды. Сөйтіп қарама - қарсы екі идеялық ағымның соқтығысын бейнелейтін айтыс туды [14,б.589].  
Ақыры прогресшіл ағымды жақтаушылардың мерейі үстем болды. Газетте ең алдымен халық туындылары және демократияшыл жазушылармен публицистердің шығармалары басылды, сонымен бірге қазақтың реалистік бағыттағы жазба әдебиетінің әдеби тілін ұстанудың негізін қалаған Абай Құнанбаевтың, Ыбырай Алтынсариннің шығармалары және Шоқан Уәлихановтың өмірі мен қызметі туралы мақалалар жарияланды. Осы газеттің бетінде орыс әдебиеті классиктері: А.С.Пушкиннің, Л.Н.Толстойдың, В.Г.Белинсийдің М.Ю.Лермонтовтың, И.А.Крыловтың және басқаларының шығармалары қазақ тіліне аударылып басылды. 
Тілшілері мен авторлары арасында аса ірі шығыс зерттеушілері, этнографтар, фольклористер: Г.Потанин, Н.Добромыслов, В.Обручев, Н.Пантусов және басқалар бар еді. Қазақстанның барлық облыстарында газеттің тілшілері болды. 
«Дала уалаяты» газетінің редакторы міндетін Ешмұхамет Абылайханов пен Дінмұхамет Сұлтанғазин кезек атқарды. Аудармашы және әдеби қызметкерлері, тілшілері, авторлары арасында Рақымжан Дүйсенбаев, Мұқаметжан Сералин, Асылқожа Құрманбаев, Қорабай Жапанов сияқты қазақ ағартушыларының жолын қуған демократиялық-прогресшіл адамдар болды, алғашқы екеуі кейін большевик болды. Прогресшіл бағыттағы интеллигенттер «Дала уалаяты» қараңғы бұқараны ағартуға себеп болатын маңызды құралдардың бірі деп есептеді. Мысалы, Сұлтанғазиннің пікірінше газет қазақ шаруаларына өздерінің мұқтаждары, мал бағу, егіншілік, мәдени өмірдің барлық мәселелері жөнінде пікір алысуына мүмкіндік жасайды [13,б.3]. 
Тілшілер қазақ халқын отырықшы болып, егіншілікпен айналысуға, мұны интенсивті мал шаруашылығымен қоса жүргізуге үнемі үгіттеп отырды. Газет көшпенді қазақтардың отырықшылану және егінмен шұғылдануы елеулі қозғалысқа айналғандығын атап көрсете келіп, бұл қозғалысты қазақ даласына енген жаңалықтардың бастамасы деп бағалады [13,б.4]. 
Қазақтардың жаңаша өмір салтына бет бұруына (бұл ол кезде бұқаралық құбылыс болған жоқ еді, ал патша өкіметі тұсында ондай болуы мүмкін де емес еді) Россияның орталық аудандарында қоныс аударып келген еңбекші орыс шаруаларының жергілікті халықты жер өңдеу ісін үйренуіне көмектесуі себеп болды. Газет материалдарынан қазақ аулына капиталистік қарым - қатынастардың қалай тарағанын айқын көруге болады. Бұл жөнінде бір ғана мысал келтірсек те жеткілікті. «Қазақ арасында да өсімқорлар бар,- деп жазды Павлодар уезіндегі тілші Қ.Жапанов,- бұлардың сауда жүргізетін уақыты көбінесе алым алғанды әм қазақтар қалаға шығарда болады. Теңге басы 70 тиын өсім деп нарық айтады, кедей байғұстың екі сиырынын екі бұзауы борышқа кетіп, баяғы екі сиыр төлсіз қала берді» [13,б.4]. 
Максим Горкий «Самарская газета» «Киргизская степная газета» («Дала уалаяты») газетіне шолу жасағанда проценттік есебіне сатылуын сұмдық факті деп, өсімқорлардың жауыздығын ызалана әшкереледі [4,б.3].  
Қазақтың ұлы ағартушыларының жолын қуушылар реакцияшыл идеологияға қарсы күресе отырып, газетте өз ұстаздарының идеяларын паш етті. Олар қазақ жастарын орысша оқуға шақырды, бұл жөнінде тағылым ретінде Ш.Уәлиханов пен Ы. Алтынсариннің есімін атады. Алғашқы қазақ ағартушылары сияқты қазақ әдебиеті мен тілінің даму жолын оларда орыстың озат-мәдениетімен өте жақындасуынан күтті. Мәселен, Сұлтанғазин қазақ әдебиеті шығармаларының тілі мен стилі жаңа заманның талаптарына сай өзгеруі, бейімделуі керек дейді. Оның пікірінше, біріншіден, тіл байлығы халқымыздың ұғымын, идеясын, сондай-ақ ой-өрісін кеңейту себеп болмақ. Екіншіден, жаңа ұғымдар, жаңа сөз, сөйлеу түрлерін тудырмақ. 
Мұсылман дін басылары мен пантюркизмнің кертартпа пікірлеріне тойтарыс бере отырып, Сұлтанғазин қазақ тілін не түріктен, не орыстан енген интернационалдық терминдермен баюына қарсы болған жоқ. Тілдің дамуын ол экономикалық дамудың жағдайларымен байланыстырды, тілге тарихи категория деп қарады. «Тіл,- деп жазды ол,- халықтың өзі сияқты органикалық зат өзгереді, өседі, жетіледі. Міндет мынадай: Біз ана тілімізді Алтынсарин айтқандай дамытуымыз керек. Осындай келелі мәселе жөнінде А. Құрманбаевтың айтқандары да назар аударады. Қазақ тілі мен әдебиетін даму тарихын талдай келіп, ол Алтынсарин шығармалары «Қазақтың өлең құрастыру өнері мен поэзияның тамаша үлгісі болып табылады деп жазды. 
Буржуазияшыл ұлтшылдар орыс мәдениетінен шошынып, орыс тілінің ықпалына жол бермеуге тырысты. Міне осындай кезде А.Құрмабаев «Қазақ тілін қолдау және дамыту, орыстың білімін тарату - қазақ оқығандарының адамгершілік борышы болуға тиіс. Қазақ тілін өңдеу ережесін тәртіпке келтіру жөнінде Алтынсарин бастаған істі ілгері алып баруымыз керек» деді. 
Сөйтіп, «Дала уалаяты» газетінің бетінде қазақ ағартушыларының жолын қуушылар еңбекші шаруаларды көшпенділіктен отырықшылыққа ауысуға, ұлы орыс халқының озат мәдениетінің үлгісімен жаңаша өмір салтын құруға шақырды. Н.А.Добролюбов орыстың тұңғыш баспа газеті туралы «Ведомостволардан» орыстар әскери және саяси оқиғалардың жариялануын тұңғыш рет көрді деп жазған болатын [11,б.184]. 
Ал «Түркістан уалаяты» және «Дала уалаяты» жөнінде де тап солай деп айтуға болады. Қазақ тіліндегі газеттердің шыға бастауы Қазақстанның Россияға қосылуының прогрестік нәтижелерінің бірінен саналады. Қазақтың мерзімді баспасөзінің пайда болуы капитализмнің кең және терең дамуымен және халықтың мәдени қызметінің ұлғаюымен де байланысты еді [14,б.458]. 
 
1.3 Қазақстан баспасөзі бірінші орыс революциясы кезеңінде  
 
Партия буржуазиялық-демократиялық революцияның социалистік революцияға ұласуы жағдайындағы теорияны, басшылыққа ала отырып, Россиядағы 1905-1907 жылдардағы революция жолындағы күреске басшылық етті. Россия пролетариаты мен шаруалар бұқарасының қалың топтары лениншіл партияның басшылығымен қолына қару алып, самодержавиелік әлеуметтік және ұлттық езгіге қарсы шықты. Россиядағы аудандарының соның ішінде Қазақстанның жұмысшылары мен шаруалары да патша өкіметі мен қанаушы таптарға қарсы көтеріледі. Қазақстан большевиктері қазақ және орыс еңбекшілерінің басын қосып, қанаушы таптарға қарсы күрес ұйымдастырды. 
Революцияға дейінгі Қазақстандағы коммунистік баспасөз тарихының патша империясындағы артта қалған қазақ елінің әлеуметтік-экономикалық өзгешіліктеріне байланысты бірқатар ерекшеліктері болған-ды. Ол кезде мұнда патриалхалдық-феодалдық құрылыс және рулық салт үстемдік болған-ды. Сондықтан мұнда жергілікті марксистік топтар олардың басылымдары елдің орталық аудандарынан гөрі едәуір кешірек пайда болды [11,б.89]. 
Қазақстанда кейінірек ұйымдастырылған социал-демократиялық топтар мен ұйымдар өлкедегі революциялық қозғалысқа басшылық етті, сонымен қатар олар жергілікті басылымдарды пайдалана отырып, өздерінің дербес баспасөз органдарын да құрды. Қазақ топырағында марксизм-ленинизм идеялары он тоғызыншы ғасырдың аяқ кезінен тарай бастады. Мұнда марксистік әдебиетті алғаш таратушылар «саяси сенімсіздігі үшін» патша үкіметі жер аударған революционерлер еді. Мысалы; 1879 жылы К.Маркстің жақын досы Герман Лопатиді патша үкіметі Ташкентке жер аударды. Жас дәрігер Ф.В.Поярков 1880 жылы Верный (Алматы) қаласына К.Маркстің Г.Лопатин мен Н.Даннельсон орыс тіліне аударған «Капиталының» бірінші томын алып келген [48,б.38].  
 Марксистік революциялық идеяларды қазақ жеріне алғаш ағартушылардың қатарында Петербургтағы Благоев тобының көрнекті мүшесі В.Г.Харитонов бар еді. Сондай-ақ Петрбургта В.И.Ленин ұйымдастырған «Жұмысшы табын азат ету жолындағы күрес одағының» Е.А.Шеголева сияқты мүшелері болған. Демек, саяси жер ауып келгендер арқылы ғылыми коммунизмнің негізін қалаушылардың шығармалары, Плехановтың «Еңбекті азат ету» тобының басылымдары еңбекшілердің алдыңғы қатарлы бөлігіне, қазақ даласында ұйымдастырылған марксистік қозғалысқа дейін мәлім бола бастады. Жер ауып келген социал-демократтар революциялық насихат үшін кейбір либералды-буржуазиялық бағыттағы баспасөз органдарын пайдаланды.  
Қазақстанның бірсыпыра қалалары мен кәсіпорынында алғашқы марксистік үйірмелер он тоғызыншы ғасырдың аяқ шенінде пайда болды, осыған байланысты демократиялық мазмұндағы әдебиеттерді оқитындардың саны көбейе берді. Қазақ даласындағы үйірмелер және ұйымдармен тығыз байланыс жасап, олардан қажетті әдебиеттерді алып отырды. Марксистік әдебиеттер басқа жолдармен де таралады, саяси жер аударылғандар мен студенттер өздері ала келетін, кітапханалардан кітаптар жаздырып алатын.  
Социал-демократиялық үйірмелердің мүшелері К.Маркстің «Капиталын», К.Маркс пен Ф.Энгельстің «Коммунистік партияның манифесі», В.И.Лениннің «Халық достары деген не және олар социал-демократтарға қарсы қалай күреседі?», «Не істеу керек?», «Россияда капитализмнің дамуы» және басқа еңбектерін оқып үйренді. 
Лениндік «Искра» Қазақстанда революциялық қозғалыстың туына күшті ықпал жасады. Искрашылардың инициативасы бойынша 1901 жылы майда Оралдың жергілікті баспаханасында стачка өткізілді. Бұл Қазақстандағы бірінші саяси көтеріліс еді. «Искраның» Россияның езілген халықтарын қорғауының ұлттық езгіге және патша отаршылдарының озбырлығына қарсы шығуының үлкен маңызы болды. Оның бетінде ұлт мәселесі жөнінде В.И.Лениннің мақалалары мен басқа да материалдар басылды. Газет патша самодержавиесінің отаршылдық саясатын батыл әшкереледі, еңбекшілерді пролетарлық интернационализм рухында тәрбиеледі [50,б.168]. 
Лениндік «Искра» елдегі ұлт аймақтарының, соның ішінде Қазақстанның жұмысшылары мен шаруаларының да өмірі мен күресін назардан тыс қалдырған жоқ. Бұған газетке жарияланған корреспонденциялар айқын дәлел. Оның «Жұмысшы қозғалысы хроникасы» және «Фабрикалар мен заводтардан хат» бөлімінде 1902 жылы 15 майда жарияланған корреспонденцияда Орынбор-Ташкент темір жол құрылысын мердігерлердің адам төзгісіз еңбек жағдайына байланысты жұмысшылар мен әкімшілік арасында үлкен жанжал болғаны туралы айтылады. Бұл революцияға дейінгі Қазақстанда жұмысшылардың ереуілдері туралы большевиктік баспасөзде алғаш жарияланған хабар еді [8,б.137]. 
1903 жылы 1 февральда сол темір жол құрылысынан «Искрада» басылып шыққан екінші корреспонденция да оққушылардың ашуы мен ызасын келтірді. Жұмысшылардың жалақысынан мердігерлердің жейтіні, қанаудың күштілігі, төбесі сабанмен жапқан барак деп аталатын ұраларда тұратын шіріген овощ сорпасы туралы айтып жатудың қажеті бола ма екен…өйткені бұның бәрі дағдылы іске айналып кеткен деп жазды газет. Жұмысшыларға ақша беруді Калита (құрылыс жұмысын жалға көтеріп алған мәрдігер-Х.Б.) түрлі сылтаулармен кешіктіре берген. Сөйтіп, құныққан соң еңбекақы беруді мүлдем тоқтатқан. Осылай тоналған жұмысшылар 450 шақырымдағы Орынборға бару үшін 30 градусты аязда көбі сиса көйлекпен, жыртық етікпен алыс жолға шыққан. 
Калита шарт бойынша суық түскенге дейін жұмысшыларға жылы киім беруге тиісті еді, бірақ оны орындамаған. Жұмысшылар жалаңаш күйінде дерлік, сондай суықта жолға шығудың зардабын тартқан. Көбі қолдарын, аяқтары мен беттерін үсітіп алған, ал 46 адам Ақтөбенің ар жағында үсіп өлген. 
Мұндай жан түршігерлік оқиға Орынбор-Ташкент темір жол құрылысындағы қаза, орыс, өзбек, және тағы басқа ұлт жұмысшыларын қатты ренжітті. Бұл сияқты корреспонденциялар жергілікті социал-демократтардың үгіт-насихат жұмысында нақты мысал ретінде келтіріліп отырылды. Мұндай фактілер еңбекшілердің капиталистік және патшалық құрылысқа деген өшпенділігін өршітті. «Искраның» басты мақсаты-революцияшыл социал-демократтарды идеялық және ұйымдық жөнінен біріктіру, жауынгер пролетарлық партия құру еді. Ол бұл мақсатына жетті: «Искра» РСДРП-ның II съезін, большевиктік партияның құрылуын әзірледі [8,б.145]. 
Лениндік «Искра» жергілікті социал-демократиялық топтар мен ұйымдар ісінде баға жетпес көмек көрсетті. Искралық бағыттағы марксистік үйірмелер Оралда, Петропавлда, Атбасарда, Верныйда, Семейде, және Орынборда пайда болды. [9,б.110].  
 Олар листовкалар арқылы тұңғыш жалпы россиялық марксистік газет ұсынған идеялар мен ұрандарды еңбекшілерге түсіндірді. Народоволецтердің Александр II-ні өлтіргеніне он екі жыл толуына байланысты Ақмола облысының Атман деген хуторында Сибирь социал-демократиялық одағы листовкалар таратқан. Самодержавиенің 1861 жылғы реформадан кейін халықты әлі де қан қақсатып отырғандығына лағнет айта келіп, үндеу хаттың авторлары былай деп мәлімдеді: 
«…Орыс пролетариатының революцияшыл армиясы енді тек патша ағзамды ғана емес, орыс самодержавиесінің өзін құртып жіберуге дайын, бұл үшін жігерлі үндеу болса, оған іспен жауап беруге дайын. Патша құлап күйрегеннен кейін орыс жұмысшы табы халықаралық пролетариаттың қатарына қосылып, солармен бірге буржуазиялық капиталистік құрылысты жойып, оның орнына социализм дүниесін орнатады. Патшалық самодержавие жойылсын ! Саяси бостандық жасасын « Социализм жасасын». Қазақстанның большевиктік баспасөзіне 1905-1907 жылдардағы революция көп жаңалықтар енгізді.  
Революциялық өрлеу дала өлкесінің көптеген қалаларында РСДРП топтарының құрылуы большевиктік баспасөзде үгіт пен насихаттың едәуір күшейтілуімен ұштасып отырды. 1905 жылы лениндік газеттер: Женевада шығарылған «Вперед», «Пролетарий», большевиктік партияның алғашқы жария газеті Птербургтағы «Новая жизнь» қаншама қиыншылықтарға қарамастан, қазақстандық жұмысшылар мен шаруаларға жол тапты. «Новая жизньнің» Орал облысында өз тілшісі болды [9.б,111]. 
Большевиктік «Новая жизнь» газеті пролетариатты самодержавиеге қарсы күреске әзірлеуде аса маңызды роль атқарды. Газет Россияның шеткері аймақтарында еңбекшілердің саяси оянуы туралы үнемі хабарлап, бұл фактілерге айқын большевиктік баға беріп отырды, сөйтіп ұлт-азаттық қозғалысқа жергілікті партия ұйымдарының дұрыс басшылық етуіне жөн cілтеді. 
«Новая жизнь» газеті елдің орталық аудандары мен шет аймақтары еңбекшілерінің өмірі туралы жиі жазып отырды. Мысалы; 1905 жылы 2 декабрьдегі 27 нөмірінде Орал облысы қазақтарының күйінішті жайы туралы корреспонденция жарияланды. «Помещиктер мен уделдік ведомостволардың жерлеріне шаруалардың шабуыл жасағандағы аграрлық таластардың зардабы қазақ даласына кесірін тигізіп отыр», - деп жазды автор. Ол патша өкіметінің қазақ даласында жүргізіп отырған отаршылдық саясатын, ауыл кедейлерінің правасыздық ауыр халін суреттейді. Нақтылы фактілерді келтіре отырып, газет былай деп жазды: «Қазақтардың ормандары мен жерлері тартып алынуда. Оларды үйі мен қыстауына қуып шығаруда». Корреспонденция қазақ шаруаларын өз мүддесін қорғау жолындағы күреске шақырды. Патша өкіметіне помещиктердің жер иеленуін сақтап қалуға бағытталған реакцияшыл саясатын әшкереледі. 
Қазақстанның Оңтүстігінде РДСПР Ташкент тобының жасырын газеті «Рабочий и солдатский листок» - «Правда» (1906) шығарылып тұрды. Бұл газет марксизм идеяларын насихаттап, ұлт мәселелсі жөніндегі большевиктік программаны түсіндірді.  
Көптеген социал-демократиялық ұйымдар партияның Орталық Комитетімен тікелей байланыста болып, одан әр түрлі әдебиеттер алып тұрды. Қазақстанның солтүстік аудандарында РДСПР Сибирь одағының, Омбының, Томскінің және басқа партия комитеттерінің листовкалары мен брошюлары таралды. Большевиктік топтардың өз тарапынан листовкалар шығарып, РДСПР III съезінің шешімдерін насихаттауы айтарлықтай жетістік еді. Қазақстанда тұңғыш марксистік ұйым болып құрылған Петропавлдың социал-демократтары өздерінің листовкаларын РДСПР Омскі комитетінің жасырын баспаханасында бастырып шығарды. Олардың мазмұны біріне-бірі ұқсас, «Петропавл жұмысшыларына» деген үндеу ерекше назар аударды. (1906) ол былайша аяқталған [11,б.178]. 
 «Жауынгер дружиналарға ұйымдасыңыздар, қару тауып алыңыздар, сөйтіп Россия социал-демократиялық жұмысшы партиясының алғаш шақыруы бойынша, соның қатарында және туы астында, Бүкіл халықтық Құрылтай жиналысы үшін Демократиялық республика үшін, езілушінің езушілерге, кедейлердің байларға қарсы ашық күреске шығуы үшін, теңдік және әділетті заман-социализм үшін күреске шығыңдар»[48,б.53]. 
Осы сияқты листовкаларды Қостанай, Орал, Перов, Қаралы, Верный және Семей большевиктері де көптеп шығарып алды. Бұлардың еңбекшілерді революцияландырушылық ықпалы зор болды. Революция қыза түскен шақта патша үкіметіне, байларға қарсы бағытталған тұңғыш рет қазақ тілінде листовкалар шығарылды. Бірінші үндеу өлең 1905 жылы пайда болған. Құпиялық сақтау мақсатында және телеграфпен беруге қолайлық үшін үндеу латын әрпімен жазылған. Бұл өлеңде халыққа көп ауыртпалық келтірген орыс-жапон соғысы айыпталады. Үндеу осы кезде қимылдар уақыт келді деп қазақ еңбекшілерін самодержавие мен бай-феодалдарға қарсы революциялық күреске белсене қатысуға шақырады. Авторы Мақсұт Беметов-Омбының почта-телеграф қызметкері. Ол қаланың бас телеграфистерімен бірге 1905-1907 жылдардағы революциялық қозғалысқа белсене қатысқан. Орыс тіліндегі листовкаларда баяндалған революциялық идеяларды большевиктер халық бұқарасына жергілікті интеллигенцияның көмегімен түсіндірді. Партияның қарт мүшесі С.Ужгин РДСПР Петропавл тобына тілектес ретінде Сералин мен С.Көбеевті тартуға сәті түскенін есіне алады. «Алдыңғы қатарлы екі қазақ мұғалімінің партия программасының негіздерімен таныс болуы оларды ауылдағы басқа қазақ мұғалімдерінің арасында большевизмді насихаттаушылардың қатарына қосты. Жасырын әдебиет, әсіресе листовкалар қазақ тілінде аударылып қолжазба күйінде ауылдан - ауыла таралды [1.б,86]. 
Большевик баспасөздің ауылға жетуі отаршыл әкімшілерді сескендірді. Сырдария облысының әскери губернаторы съезд бастықтарына былай деп ескертті: «Алынған мағлұматтарға қарағанда Торғай, Орынбор және Ақмола облыстарының қараңғы надан халықтарының ойларын толқытатын көрінеді… революциялық листовкалардың тұтандырғыш сипаттағы мақалалары жергілікті халықтың арасында «жағымсыз құбылыс» туғызуы мүмкін». 
Ұлттық пролетарлық баспасөз Россияда 1901-1904 жылдары пайда болды. Революция кезінде ол едәуір өсті. Бұған орыс емес ұлттар еңбекшілерінің азаттық жолындағы күресінің өрістеуі, саяси саналылығының оянуы және большевиктер ықпалының артуы себеп болды. Самодержавиеге қарсы бүкіл халықтық күресті ұйымдастыра отырып, большевиктік партия бірсыпыра газеттерін қойды. Закавказьияда грузин тілінде бес, армян тілінде жеті газет шығарылды.  
Сондай газеттер Прибалтикада да, Татаринда шығып тұрды. Октябрь жеңісінен кейін алғашқы жылдары Советтік Қазақстанның астанасы болды. Орынборда 1907 жылы 4 январынан 27 февралына дейін большевиктік жария «Орал» газеті шығарылып тұрды. Оны не бары 31 нөмері жарық көрді. Содан кейін патша өкіметі жаптырып тастады. Редакторы Хұсайын Ямашев болды. Оны большевиктік «Пролетарий» газеті «Ұлтшылдық дегенді білмейтін нағыз социал-демократ» деп сипаттады [28,б.215]. 
«Орал» газеті шет аймақтағы еңбекшілерге саяси тәрбиелеуде елеулі роль атқарды. Ол Еділ мен Оралдың, Орта Азия мен Қазақстанның түрік тілдес барлық халықтары түсінетін татар тілінде шығарылды. Оның Астраханьда, Верныйда, Петропавлда, Қазанда, Темірде, Оралда, Перовск мен Қостанайда және басқа қалаларда жаздырып алатын оқушылар болды. Газеттің басты публиці Х.Ямашевтің мақалалары басылып тұрды. Оның басқа проблемалармен  
қатар партияның идеялары насихатталды. Х.Ямашев марксизм-ленинизм идеяларын шабытпен жазды, жұмысшы табының мүддесін жақтап қорады, патша өкіметі мен капитализмді, сондай-ақ меньшевиктерді, эсерлерді және басқа пролетариат жат партияларды әшкереледі.  
«Орал» газетінің алдына қойған мақсаты - «пролетариатты топтастыруға шақыру, оның таптық саналығын дамытуына көмектесу, шаруалар мен қала кедейлерін біріктіру еді [5б.137]. 
Әсіресе, оның буржуазияшыл ұлтшылдарға қарсы шығуының үлкен саяси мәні болды. Редакция қазақ, татар және басқа ұлт еңбеккерлерін - үстем таптарға қарсы күресте орыс жұмысшылармен тізе қосып, солармен бірге аттанысқа шығуға шақырды. Буржуазияшыл ұлтшылдардың «Уақыт» сияқты реакцияшыл баспасөзінің мұсылманшылықты социализммен келтірмекші және тап күресін жоққа шығармақшы болған әрекетіне қарам-қарсы «Орал» газеті барлық халықтар сияқты мұсылмандар да тапқа бөлінетінін, ал мұсылманшылықты марксизмге ешқандай қатысы жоқ, керісінше оған жау екен нанымды дәлелдермен түсіндірді. 
Еңбекшілердің алдыңғы қатарлы өкілдерінің арасында «Орал» газетінің тек оқушылары ғана емес, қоғамдық тілішілері де болды. Мысалы, оның бетінде социал-демократ Ф.Голованвтың мемлекеттік думаға сайлануы туралы 1907 жылы 17 февральда Қостанайдағы тілішісінің телеграммасы жарияланды [5,б.140]. 
Редакция патша үкіметі қазақтардың жерлерін тартып алуына байланысты қарсылығын қолдады. Бұл жөнінде қазақтардың орыс халқына «Ашық хаты» жарияланып, онда патша үкіметінің отаршылдық саясатының реакцияшылық мәні айқын көрсетіледі. Авторлардың айтуынша, бұл саясат Россияның барлық халықтарына, соның ішінде орыс халқына да баян-ды. Хат мынадай сөздермен аяқталады: «Орыс халқы біздің дұшпан емес. Бізге ортақ жау-самодержавиелік үкімет».  
«Орал» газеті жергілікті социал-демократиялық топтардың қазақ еңбекшілерін орыс жұмысшыларымен және кедей шаруаларымен бірге революциялық аттанысқа шығаруға әзірлеуіне баға жетпес көмек көрсетті. Сөйтіп «Орал» Қазақстандағы тұңғыш большевиктік газет болды, онда кейбір мақалалар қазақ тілінде басылды. 
Өлкеде орыс тілінде шығып отырған прогресшіл және революцияшыл бағыттағы басылымдардың бірі - Қазақстандағы тұңғыш кәсіподақ органы «Трудовая жизнь» апталық журналы болды. Оның бірінші нөмері 1907 жылы 25 мартта Семейде шықты. Сол нөмірдегі бас мақаласында редакция өзінің алға қойған мақсатын: «Ең алдамен еңбекші халықтың хал жағдайын анықтау және мүддесін қорғау болады» деп жазды. Оның бетінде революцияшыл социал-демократтардың жұмысшы бұқарасына ықпал жасамақ болған реформистерге қарсы күресі көрініс тапты. «Трудовая жизнь» журналы қатал реакция кезінде шыға бастап, бір айдай ғана өмір сүрді. Не бары төрт - ақ нөмері жарық көрді [28,б.263]. 
Бұл басылымда жарияланған кейбір материалдарда қайшылықтар болды. Алайда өмір шындығы негізінен дұрыс көрсетілді. Журнал Семейдегі сыра заводы, су диірмені, тігін фабрикасы сияқты кәсіпорындарындағы орыс, қазақ жұмысшыларының ереуілдерін қостап, олардың мүддесін қорғады.Әсіресе, тері заводындағы қазақ жұмысшыларының аянышты тілін тебіріне жазды. Мардымсыз жалақы күн көруге жетпеген соң, олар сасып кеткен терінің шелін сыдырып алып, оның мыжықтарының майын бауырсақ пісіріп қорек етуге мәжбүр болған. 
Ал оларды аяусыз қанау арқылы байыған арамтамақтар қарап жатып семіруді деп қазақ жұмысшыларының Мусин., Муртазин, Мырсалиев сияқты капиталистерге қарсы өшпенділігін өршітті, таптық саналарын оятты [5,б.140]. 
1907 жылы 3 июньде Петропавлда большевиктік жария «Степная жизнь» газетінің бірінші нөмірі шықты. Оны редакциялаған - В.В.Куйбышев. Екінші нөмірінде патша өкіметінің қоныс аудару саясатын қатты сынай корреспонденция жарияланды. Үшінші нөмерінде «Степная жизнь» II Мемлкеттік думадағы социал-демократиялық функцияның тұтқынға алынуына қарсылық білдіретін бас мақала берді. Сол нөмірде РДСПР-ның V (Лондандағы) съезінің жұмысы туралы мақала жарияланған. Онда жұмысшы съезі жайында большевиктік қарардың тексі келтіріліп, Орталық комитет сайлауының нәтижелері туралы хабарланған. Газет зиянды бағыты үшін жабылып, редакцияның бірнеше қызметкерлері тұтқынға алынды. 
Бұл газеттің өмірі қысқа болса да, самодержавиеге қарсы еңбекшілердің наразылығын күшейтетін хабарлар басым. Қорыта айтқанда, 1905-1907 жылдардағы Қазақстан большевиктік баспасөзі, қазақ еңбекшілерін революцияға қарсы күреске қатыстыруда үлкен роль атқарды. Қозғалысқа басшылық етуде бұл баспасөз жергілікті партия ұйымдарының жауынгер қаруы болды. 
 
  1.4 Большевиктік баспасөз революцияның жаңадан өрлеуі жылдарында 
 
Алғаш революциядан шошынған патша үкіметі қатаң тіртіп орнатты. Алайда түнек реакция Россия пролетариатының күш-жігерін мұқалта алған жоқ, революциялық қозғалыс өрлей түсті. Большевиктік партияның қатары нығайып және оның бұқараға ықпалы күшейе түсуімен бірге, партиялық баспасөз де қаулап өсті. Партиялық баспасөздің пролетариатпен және еңбекші шаруалармен байланысы күшейді.  
Қазақстан мысалынан да айқын көрінеді. Оның мақалалары темір жол станциялары мен кейбір ауыл-селоларының орталық большевиктік газеттер «Социал-демократ», «Звезда», «Правда» және басқаларына таратылады [44,б.2]. 
Большевиктік баспасөз ұлт аймақтарының оның ішінде Қазақстан еңбекшілерінің правосыздығы мен азаматтық жолының күресі туралы үнемі жазып отырды. Столыпиндік экспедициялар тек Ақмола облысындағы 12 миллион десятина жер бос жатыр» деген желеумен, қазақ еңбекшілерінің жерін алып жатқан кезде, партияның орталық органы - “Социал-демократ” газеті 1911 жылы тонаушылыққа қарсы шығып, патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкереледі.  
«Экспедициялар, - деп жазды газет, - Торғай және Семей облыстарының қазақ шаруашылықтарына берілетін жердің шамасын 36-57 процент қысқартыпты, ал бұрынғы нормалардың өзінде мұндағы халықтың өзінің малдарын асырап шыға алмайтыны жиі кездесетін». 
 Қазақстан еңбекшілерімен лениндік «Правда» өте тығыз байланыста болды. Жұмысшылардың материалдық, идеялық баяндауымен 1912 жылы 5 майда шыға бастаған газет сондай талдауды Қазақстаннан да көрді. «Правданы» «өз органымыз» қуанышпен қарсы алған қазақстандықтар оған қаржы есебінен көмек көрсетті. Мысалы, қаржы жинап жібергендердің ішінде оның Орал мен Семей облыстарындағы оқушылары болған. «Правданың» Верныйда, Орынборда, Петропавлда, Қостанайда және Қазақстанның басқа қалаларында жаздырып алушылары болды. «Правданың» Қазақстанда Жұбандық Болғанбаев сияқты тілшілері болған. Ол - революциядан бұрынғы «Правданың» қазақ ортасынан шыққан тұңғыш тілшісі болумен бірге, лениндік идеяны жергілікті халық арасынан таратушы большевиктердің бірі. [8.б.5] 
Большевиктік баспасөз Қазақстан еңбекшілері арасында партияның лениндік ұлт саясатын насихаттады, әр түрлі таптардың жұмысшылары мен кедей шаруаларының самодержавиеге, помещиктер мен капиталистерге қарсы күреске шыққан аттанысын қолдады. Семей облысындағы «Сырдария» деген жердегі ірі алтын кен орнында орыс және қазақ жұмысшыларының ереуілі туралы “Правдада” жарияланған. Бұл ереуіл сәтсіздікке ұшырады. Оған жақын ауылдардан жұмысшы кәсіпорын күштерініңқаулап келуі себеп болды. Корреспонденцияда кәсіпорын иелеріне аз ғана еңбек ақы үшін баруға дайын тұрған қазақ еңбекшілерінің ауыр жағдайы көрсетілді. 
1912-1914 жылдары «Правда» патша үкіметінің реакцияшылдық аграрлық саясатын әшкереледі, қазақ шаруаласына жер жөніндегі мүдделерін қорғады. «Қазақ даласында» көлемді корреспонденция Семей облысына қоныс аударып келгендер мен халықтың ауыр тұрмысын көрсетеді. 
Орыс және қазақ еңбекшілерінің ауыр халі мен күресін жанашырлықпен жаза отырып, большевиктік баспасөз олардың таптық ынтымақ сезімін шыңдады.   
Революцияның жаңадан өрлеуі кездерінде 1910-1914 жылдары Қазақстанда мерзімді большевиктік баспасөз органдары қалыптаспаған еді. Бұған реакция кезінде олардың қатарының кетуі, партия ұйымдарының аздығы мен бытыраңқылығы себеп болды. Бірінші империалистік соғыс кезінде де жергілікті большевиктік газеттер мен журналдар шыққан жоқ. Дегенмен олар жергілікті баспасөз беттерін пайдалана білді. Елдегі революциялық ситуация қазақтың демократиялық баспасөзінің пайда болуына жағдай жасады. Орда мен Орал «Қазақстан» газеті (1911-1913 ж) және Тройцкіде «Айқап» журналы (1911-1915) басылып тұрды. Газеттердің беттерінде қалайда большевиктік идеялардың жекелеген ұшқындары көрінді [28,б.174]. 
«Қазақстан» газетінің ерекшелігі - одан бұрынғы «Түркістан уалаяты» және «Дала уалаятымен» салыстырғанда органдарға әсерін тигізген заманның түбірлі айырмашылқтарын сөз етпегенде) ол патшаның отаршылдық әкімшілігінің органы болмағандығыда. Оны шығарғандарда прогресшіл интеллигенция өкілдері, қоғамдық қайраткерлер, Совет өкіметінің алғашқы жылдарында Коммунистік партияның қатарына кіріп, социалистік құрылысқа белсене қатысқан:Бажан Қаратаев, Сейітқали Меңдешев және басқалар. Газет редакторы-Елеусін Бұйрин. Олар байларда жалпылама жүріп, кейін қазақ оқытушылар семинариясын бітіріп, мұғалімдік қызметте болды. Октябрь жеңісінен кейін совет баспасөзінде еңбек етті. 
Алғашқы кезде «Қазақстан» жалпы демократиялық, ағартушылық бағытта болды. Ал редакция Орал қаласына көшкеннен кейін оның беттерінде нақты революциялық-демократиялық мазмұнды материалдар жиі көріне бастады. Олардың бірі Россиядағы жұмысшылар мен капиталистердің арасындағы айқаспен таныстырды. 
Газеттің 1912 жылғы 24 апрельдегі нөмерінде «Ленада болған оқиға» деген мақала ерекше назар аударды. Онда былай делінген: «Бұл күнде халық екіге бөлінді: бірі - капиталист - байлар тобы, екіншісі - жұмысшылар-пролетариаттар. Байлар жұмысшыларды арзан жалдап алуға тырысып, таң атқаннан күн батқанша жұмыс істетті. Мұндай ауыр жағдайдаға наразы болған жұмысшылар еңбегіне қарай жалақы алу үшін, күніне 8-10 сағаттан артық жұмыс істеу үшін күресті». 
Бұдан кейін автор жұмысшылардың таптық күрес формаларын түсіндірді. Екі түрлі экономикалық және саяси ереуіл болатынын айта келіп, автор біріншісінде жұмысшылар жағдайын жақсарту мақсатымен жалақыны арттыруға күресетінін, егер де талаптарын қожалары орындамаса, жұмысқа шықпай қоятынын айтады. Ал саяси ереуілдердің мақсаты мен маңызы өте зор және терең. Мұнда жұмысшылар барлық өкімет билігін өз қолдарына алып, әділетті азаматтық құқықтарды орнату үшін күреседі деп жазды автор. Мақалада 1912 жылғы апрельде Лена өзені бойында жұмысшыларды да самодержавие қырғынға ұшыратқаны толық баяндалып, патша үкіметі капиталистердің мүдделерін қоғайтыны көрсетілді.  
Газетте жарияланған «Ленада болған оқиға» деген мақала Ембі мұнай кәсіпшілігіндегі қазақ жұмышылары капиталистерге қарсы қалай күресудің жолын, жұмысшы қозғалысының міндет – мақсатын олар өзінің ана тілінде оқып таптық санасы оянды. Сөйтіп, олардың өздері ереуілдерге белсене қатысты. Бұл арада тағы бір жайды айта кеткен Большевиктердің басшылығымен 1912 жылы Уральск қаласының жұмысшылары Лена оқиғасына байланысты ереуілге шығып, әкімшілікке экономикалық талаптар қойғаны туралы большевиктік «Невская звезда» газетінде жарияланған. 
Сонау Үркіт губерниясында Лена өзені бойындағы кешенде жалданып, алтын қазып жатқан жұмысшылар ереуіл жасап, жөнді жұмыс істемей жатыр еді, - деп жазды газет. – Ақырында әскер шығып, осы 4 сәуірде (апрель қарсылық білдірген жұмысшыларды атты. Табанда 270 қырылып, 250 адам ауыр жараланды. 
Лена оқиғасына қазақ жұмысшылары да қатысқаны тарихи құжаттардан белгілі. Самодержавие мен капиталистерге қарсы күрес «сеңін қозғаған», сөйтіп 1912 жылы революциялық қозғалыстың жаңадан өрлеуінің бастамасы болған оқиға Мұқатай Жәнібеков те қатысқан. Сол үшін 12 жылға қатаргаға кесілді. Онан қайтып келе жатып жолда ереуілдерге қатысты. Қарқаралыда туған жас жігіт өмірлік жолын осылай бастайды. Қаршадайынан байларға жалшы болған және каторгінің азабын көрген ол қазақ байлары мен орыс капиталистері бәрібір қанаушы екенін түсініп, ол олардан тек большевиктердің басшылығымен жұмысшылар мен кедейлер бірлесіп күш жұмсағанда ғана құтылатынын білді. Бұдан кейін ол Қазақстанда Совет өкіметі үшін күрескендердің қатарында болды. Уездік милиция бастығы болып туған кезінде тап жауларына қарсы күресте қайсарлық көрсеткен. Көрсеткендіктен «Угар» деп аталды…[28,б.287]. 
 Халықтың адал ұлы, 1917 жылдан большевиктік партияның мүшесі Мұқатай Жәнібеков 1932 жылы 8 - октябірьде 45 жасында қайтыс болды. Ажалмен айқасқан, халық жауларымен шайқаста ерекше ерліктер көрсеткен оны елі мәңгі есте сақтамақ [38,б.2]. 
  Газеттің «Қазақстан» деп аталуында да мән бар. Бұл қазақ жерлерін біріктіріп, демократиялық республика орнату идеясын аңғартады.  
 «Қазақстанда» елдің қоғамдық, экономикалық және мәдени өмірінің ең актуальді проблемалары жазылды. Газет көшпелі елді отырықшылық өмір салтына бейімделуге, білімге, орыс мәдениетімен жақындасуға шақырды. Мысалы, Б.Қаратаев «Азаматтарға» деген хатында көшпелі өмірдің күні өтті, көшпенділік және партиархалдық-феодалдық тұрмыстың салты мәдениеттің дамуына бөгет жасайды деп жазды. Кертартпа элементтерге соққы бере отырып, ол қазақтың еңбекші бұқарасын поселке болып тұруға, пайдалы кәсіппен айнылысу-балаларды мектепке оқытуға шақырады [51,б.25].  
Газетте кооперация, агротехника, зоотехника мен ветеринария мәселелері жөнінде, сол сияқты ғылыми – атеистік мақалалар басылды. Бұл газеттің жетістігін айтумен бірге оның ерекшелігін де көрсетуіміз керек. Газет проблемалық мәселелрді көтергенде қай таптың мүддесін қорғайтынын ашып айтпайды. Мәселен, қазақ елінің әлеуметтік – шаруашылық өміріндегі қайшылықтардың себептерін, кедейлер санының көбеюін «Жердің тарлығынан» деп жалпылама түрде сипаттайды, бай мен кедей арасындағы қайшылықтарды ашып көрсете алмаған. Соған қарамастан осы газеттің қазақ бұқарасының арасында озат қоғамдық демократиялық ой – пікірлерді насихаттауының, замана талаптарына қарай отырықшы тұрмыстың шаруашылық пен мәдениеттің дамуына қолайлы жағдай жасайтындығын түсіндіруінің үлкен маңызы болды. Сондықтан, «Қазақстан» қазақ баспасөзінің тарихынан прогресшіл, демократияшыл газет ретінде орын алады. Тарихи жағдайларға байланысты «Қазақстан» газеті революциялық –демократиялық дәстүрлер дәрежесіне көтеріле алмады. Бірақ елдегі революциялық жаңа өрлеудің ықпалымен прогресшіл, демократиялық бағытта болды [17,б.3]. 
Қазақ халқының мәдени өмірінде тұңғыш қоғамдық саяси және әдеби «Айқап» (1911-1915) журналының шығуы елеулі оқиға болды. Редакторы – қазақтың демократиялық интеллигенциясы өкілдерінің бірі - М.Сералин, жоғарыда айтылғандай, бірінші орыс революциясы жылдарында ауылда революциялық насихат жүргізді. Өзінің сол кездегі шығармаларында ол патша өкіметін, байларды, буржуазиялық ұлтшылдарды әшкерелеп жазды. М.Сералин журналдың төңірегінде ұлт интеллигенциясының алдыңғы қатарлы өкілдерін топтастырды. «Айқапқа» Сәкен Сейфуллин, Сұлтанмахмұт Торайғыров, Сәбит Дөнентаев, Бейімбет Майлин, Бақытжан Қаратаев, Сабыржан Ғаббасов және басқа жазушылар мен публицистер қатысты.  
«Айқап» журналы қазақтың қоғамдық ой – пікірін, әдебиеті мен публицистикасын Ш.Уәлихановтың, Ы.Алтынсаринның, Абай Құнанбаевтың ағартушылық дәстүрлері негізінде дамытты. 
Журнал Қазақстанда революциялық ситуация, ереуілдер мен толқулар болған жылдары шығып тұрғанмен, оның бетінде бұл жайлар көрініс таппады. Мәселе оның жария шығуында ғана емес, редакцияның өзі бұл оқиғалардан қалыс қалды. Дегенмен журнал бетінде байлардың өктемдігін әшкерелейтін, еңбекші бұқараның қанаушылар мен самодержавиеге қарсылығын білдіретін материалдар басылды. Мәселен, Х.Лекеровтың «Болыс және Шотан» деген әңгімесінде сөзімен езушілер қатаң айыпталады. Кедей бостандықты талап етсе, болыс бұрынғы феодалдық – патриархалдық тұрмысты ақсайды. 
Өлкені басқарудың отаршылдық системасын сынайтын корреспонденция, мақалалар да басылды Патша үкіметі 1867-1868 жылдардағы Ережелерді шығарарда, - деп жазды М.Сералин,- тек Қазақстандағы үстем тап өкілдерімен ғана ақылдасты. Комиссияға кірген болыстар мен сұлтандар халықтың мүддесін қорғамады. Ш.Уәлихановтың егер билер сайлауы енгізілетін болса, зорлық –зомбылықты, парақорлықты, дауыс беретіндерді, сатып алушылықты және жіктелу күресін күшейтеді дегенін М.Сералин білетін еді. 
Революциялық жаңа өрлеу жылдарында мұндай сынның мәні күшті болатын. Шын мәнісінде бұдан дәуірлеп тұрған тәртіпке наразылық білдіретінін аңғаруға болады [11,б.169]. 
Журналда Ресейдің құрамына қазақтардың өз еркімен қосылуының прогрестік нәтижелерін көрсететін материалдар басылды. М.Сералиннің және басқа публицистердің қоғамдық – экономикалық проблемалар жөнінде айтқандары назар аударды. Мәселен, журналдың 1911 жылғы екінші нөмірінде М.Сералиннің «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген мақаласында жергілікті халықты атам заманнан бергі мекенінен ығыстыруды, сөйтіп, мұнда кулактар шаруашылығын құруды көздеген столыпиндік қоныс аудару саясаты әшкереленді. 
Қазақ жерлерін зорлап тартып алу және шаруалардың жаппай қоныс аудару жағдайында М.Сералин аграрлық мәселенің әділетті шешілуі туралы батыл талап қойды. Мұқаметжан игілігінде болмауға тиіс, шұрайлы жерлер алдымен қазақ пен орыстың кедей шаруаларына берілу керек. Ол қазақ еңбекшілерін тым болмаса жан басына деген ресми норманы пайдаланып, поселке салып, егіншілікпен айналысуға шақырды. 
Буржуазияшыл ұлтшылдар өз табының түбегейлі мүддесін қорғап, демократиялық басылымдарға қарама – қарсы өздерінің баспасөз органын құруға кірісті. Қоғамдық өмірдің мәселелері жөнінде «Айқап» журналына кереғар Орынбор қаласында 1913 жылы февральда «Қазақ» газеті шыға бастады. 
Журнал кейде «Қазақ» газетімен айтысып, буржуазияшыл ұлтшылдар байлардың мүддесін қорғайтынын әшкеледі. Алайда, «Айқап» буржуазияшыл ұлтшылдар туралы дәйекті бағыт ұстамай, кейде тіпті оларға өз бетімен орын беріп те отырды [11,б.49]. 
Мұндай қателіктердің болу себебі – журналдың редакторлары – М.Сералин ол кезде буржуазияшыл ұлтшылдардың ықпалынан әлі арылып кете қойған жоқ еді. Ал кейін большевиктік идеялардың әсерімен алғашқы кездегі ауытқушылығынан бірте –бірте арылып, буржуазияшыл ұлтшылдыққа қарсы батыл жүргізді. 
Қазақстан большевиктері меншікті басылымдары болмағандықтан, өздерінің көзқарастарын насихаттау үшін кейде жария «мүмкіндіктерді»- жергілікті прогресшіл баспасөз органдарын пайдаланды. Мәселен, Қостанайдың социал – демократиялық ұйымдары Троицк қаласында шығып тұрған «Степь» газетінің және «Айқап» журналының көмегіне сүйенді. 
«Правданың» тапсырмасы бойыншы 1912 жылдың аяқ шенінде Троицкі қаласына Ф.Ф.Сыромолотов келді. Ол мұнда әңгіме өткізіп, лекция оқыды. Бұған Қазақстандағы революциялық қозғалысқа белсене қатысқа Ф.Ф.Сыромолотовтың инициативасымен «Степь» газетінің 15- нөмірінде Қазақстанда кең таралған «Правда», «Просвещение», «Вестник приказчика» сияқты большевиктік газеттер мен журналдарға жазылу туралы жарнама жарияланды. 
«Айқап журналында С.Ужгиннің «Уақ несие» деген мақаласының жариялануы да тегін емес. Онда қанаушыларға қарсы және кедейлердің экономикалық мүддесін қорғайтын күрес құралы ретінде қазақ еңбекшілеріне дербес кооперативтік ұйым құрудың қажеттілігі туралы пікір айтылды. Бұл мақала М.Сералиннің өтінуі бойынша жазылған көрінеді. 
«Айқап» қазақ халқының қоғамдық ой –пікірінің, әдебиетінің, өнері мен тілінің дамуына үлкен әсер етті. Оның бетінде халыққа білім беру, мәдени – ағарту мәселелері көтерілді. Медицина, агротехника, ғылым мен техниканың табыстарына недәуір көңіл бөлінді. Журналда, сонымен қатар, әйелдердің намысын қорлайтын (қалың мал, бірнеше әйел алу, теңсіз неке сияқты) феодалдық қалдықтарды жою туралы көптеген мақалалар жарияланды. 
Басталып кеткен империалистік соғыс жағдайында жеке адамдар қаржысымен шығарылып келген журнал көп өмір сүре алған жоқ. Оған цензураның бақылауы күшейді. Кейбір зерттеушілердің анықтауына қарағанда, журналда Ф.Ф.Сыромолотовтың болашақ соғыстың сипаты туралы мақаласын жариялауға тыйым салып, цензор М.Сералинді Сибирьге жер аударамын деп қорқытқан. «Айқап» журналының прогресшіл қазақ интеллигенциясына игі әсер тигізгенін, оның жетекші қызметкерлері кейін көрнекті советтік қоғам қайраткерлері, жазушы және публицист болғанынан айқын көреміз. 
 «Правда» империалистік соғыс қарсаңында Ресейдің, соның ішінде Қазақстан еңбекшілерінің самодержавие мен капиталистерге қарсы қыр көрсететін ереуілдері туралы үнемі хабарлап отырды.  
Мысалы, оның бетінде Семей қаласындағы жұмысшылардың сегіз сағаттық жұмыс күні үшін ереуіл жасағаны туралы, Лепсі уезіндегі қазақ шаруаларының қозғалысы және Қостанай еңбекшілерінің аштыққа қарсы күресі жөнінде хабарлар жарияланды. 
Большевиктік «Правда» Қазақстандағы ұлт – азаттық қозғалысқа үнемі көңіл бөліп отырды. 1912 жылы болыс пен билер сайлауы кезінде Лепсі уезінің Қаракөл болысында болған оқиға туралы «Правда» газетінде корреспонденция жарияланды. Онда былай делінген: «Уезд бастығы патша чиновниктері мен байлардың қулық – сұмдықтарына қарсы шыққан бірнеше қазақты қамауға алған еді. Мұны көріп тұрған қазақтар қамауға алынғандардың босатылуын талап етті. Уезд бастығы бұл талапты орындаудан бас тартты. Сол кезде қазақтар бастығын қоршап алып, оны күзетшілерден бөліп әкетіп қамаудағыларды босатып алуға бет қойды. Күзеттегі әскерлер уезд бастығынының бұйрығы бойынша жұртқа мылтық атты. Бұған қарамастан қазақтар қамауға алынған жолдастары тұрған бөлмеге басып кіріп, оларды босатып алады және күзетшілер мен писарьларды сабап кетеді. Қаракөл болысындағы қазақтардың толқуы бірнеше күндей басылмады» [8,б.218]. 
.Лениндік «Правда» орыс және қазақ шаруалары арасындағы қарым қатынастарды нығайтуға үлкен әсер етті. 1913 жылғы апрель айында газет Семей уезі Құлынды болысы Болғанбай ауылының еңбекшілері мен оларға көршілес орыс шаруаларының достық қарым- қатынаста тұратындығын айтып жазды. «Қоныс аударғандар мен қазақтардың – қарым – қатынастары жақсы, шаруашылықтары мен бірлестіктері ортақ, тіпті шаруашылық саймандар мен егіншілік құралдарды бірлесіп, сатып алуда»,- деп жазды «Правда» [11,б.51]. 
Дүниежүзілік соғыс большевиктердің онсыз да қиын жағдайдағы жұмысын ауырлатты. Әскери –полициялық режим, қатал жазалаулар бұқаралық үгітті және партия ұйымдарының өзара байланысын едәуір қиындатты. Осындай жағдайларда баспасөздің ролі анағұрлым арта түсті. Тағы бір ескеретін жайт, соғыс басталысымен бүкіл ресми – патшалық және либерал - буржуазиялық баспасөз меньшевиктер мен эсерлердің, сол сияқты буржуазиялық ұлтшылдардың, соның ішінде қазақ ұлтшылдарының басылымдары үстем таптар жағына шығып, шовинизм мен жалған патриотизмді дәріптеді. Мұны елдегі большевиктік және демократиялық жария баспасөздің бәрін дерлік жойып жіберіп, патша өкіметі сақтап қалған «Қазақ» газетінің позициясынан айқын көруге болады. Қазақстанның, Орта Азияның, Сибирь мен Астрахань губернияларының бұратана халықтарын армия, тыл жұмыстарына шақыру туралы 1916 жылы 25 июьде патша үкіметі Указ жариялады. Бұл Указ 1916 жылғы ұлт – азаттық көтерілісті империалистік соғысты азамат соғысына айналдыру, патша өкіметін құлату жолындағы жалпы халықтық күреске айналдыру үшін қолдан келгеннің бәрін істеді. Ал қазақ буржуазияшыл ұлтшылдарының газеті өзін ұлтын сатқан орган ретінде көрсетті. 1916 жылғы 8 июльдегі бас мақаласында ол халықты патшаның Указын орындауға,патша алдында құрдай жорғалап, қазақтарды дереу шақыру пунктеріне келуге үндеді.  
Орасан зор қиыншылықтарға қарамастан, Қазақстан большевиктері соғыстың империялистік сипатын әшкерелеу үшін, соғыс, бітім және революция мәселелері жөнінде В. И. Ленин жасап берген тактиканы насихаттау үшін барлық құралды, әсіресе баспасөзді пайдаланды. Қазақстан большевиктері жергілікті фактілерге негізделген революциялық әдебиет шығару қамына кірісті. Орынбор губерниясындағы Троицк партия ұйымы жасырын баспаханада орыс және қазақ тілінде листовка шығарды. Мысалы, соның бірі «Орыс жұмысшыларының қазақ кедейлеріне хаты» аталған. Онда түсінікті түрде соғыстың сипаты және онан қалай шығудың жолдары туралы большевиктердің көзқарасы білдіріледі. «Біз, орыс жұмысшылары, соғысқа қарсымыз,- деп жазылған хатта,- сіздер де соғысқа қарсы болыңыздар, патша үкіметіне ешқандай көмек көрсетпеңіздер». Соғыс, бітім және революция жөніндегі лениндік нұсқаулар қазақ еңбекшілеріне осылайша жетіп, оларды патша өкіметіне қарсы батыл аттанысқа шығуға рухтандырды [11,б.67]. 
«Садақ» атты қолжазба журналды (1915-1918) Уфа қаласындағы «Ғалия медресесінде» оқып жүрген қазақ жастары шығарып тұрған. Оны ұйымдастырушы Бейімбет Майлин және Жиенғали Тілепбергенов болды. Журнал мақсаты – оқуға келген қазақ жастарына жол – жоба көрсетіп, қалам ұстауды, сөз жазуды үйрету, өткендегі өмірдің жақсылық жағын өнеге етіп, жаманшылығынан бездіру.  
Онда Абайдың «Желсіз түнде жарық ай», «Білімдіден шыққан сөз» деген махаббат, тәлім – тәрбие жөніндегі және «Әкесінің баласы, адамның дұшпаны, адамның баласы – бауырың» деген сияқты жастарға арналған бірнеше нақыл сөздер басылған.  
«Садақта» новелла сияқты қысқа әңгімелер, көлемді повестер, очерктер, сын мақалалар, қазақтың ауыз әдебиетінің нұсқалалары жарияланды. Жалпы алғанда журналдың бағыты мәдени-ағартушылық сипатта болды.  
Омбыда оқитын қазақ жастары 1913 жылдың күзінде «Бірлік» атты жасырын ұйым құрған болатын. Бұл ұйымға алғашқы кезде Шаймерден Әлжанов, Нығмет Нұрмақов, Сәкен Сейфуллин белсене қатысып, басшылық етті. «Біздің программамыз және көздеген мақсатымыз, - деп жазды Сәкен «Бірлік» ұйымы туралы,- қазақ арасында мәдени – ағарту жұмысын жүргізіп, қазақ әдебиеті арқылы патша үкіметінің қысымшылығына қарсы идея тарату еді [53,б.4]. 
Сәкеннің басшылығымен ұйым мүшелері патша үкіметінің отаршылдық саясатын әшкерелейтін листовкаларды кішкене прессмашинаға бастырып, қазақ ауылдарына таратып тұрды. 
Профессор Е.Ысмайловтың айтуынша, Сәкен бастаған топ «Бірліктің» алдына тек мәдени – ағартушылық мақсат емес, сонымен саяси күрес программасын да ұсынған. 1914 жылы ұйымның қала сыртындағы жиналысында Сәкен орыс революционерлерімен бірге патша үкіметіне қарсы күреске қазақ еңбекшілерін қатыстыру мәселесін қояды. «Бірліктің» бірталай мүшелері, буржуазияшыл ұлтшылдар, патша үкіметіне қарсы күрес кезінде қазақ тең аралықта тұрсын деген ұсыныс жасайды. Бұған Сәкен қарсы шығады. Сәкен бастаған топ кейін 1918 жылдың бас кезінде алашордашылардың ықпалында болған «Бірліктен» бөлініп кетіп, өз алдына «Демократиялық совет» деген ұйым құрғаны белгілі [52,б.3].   
«Ешім даласы» газеті 1913 жылғы сентябрь айынан бастап Петропавлда екі тілде (қазақ, татар тілдерінде) шыға бастап, жыл аяғында жабылып қалған. Ол шығын көлемді, жетісіне үш рет «Ишимский край» газетінің баспаханасында басылып тұрған [20,б.23]. 
«Ешім даласы» жөнінде татар баспасөзінің тарихын зерттеуші И.Рамиль былай деп жазады… «Бұл газет қазақтарды отырықшыландыру мақсатын көздеді. Жыл аяғында газет жабылды. Шығарушылар жазаға бұйырылады» [17,б.222]. 
Тегінде, орталықта және шет аймақтарда революциялық қозғалыс өрлеп тұрған және бірінші империалистік соғыс басталып кеткен жағдайда аграрлық мәселенің шешілуін талап еткен газеттің өмірі ұзақ болуы мүмкін емес еді. 
Осы тараудағы ойымызды қорытып айтқанда, Ресейдің революциялық қозғалысының жаңадан өрлеуі және дүние жүзілік бірінші империалистік соғыс кезінде большевиктік баспасөз, демократиялық бағыттағы қазақ басылымы Қазақстан еңбекшілерін самодержавиеге қарсы аттанысқа орыс пролетариаты, 
 оның серігі еңбекші шаруалармен бірлесіп шығуын әзірлеуде елеулі қызмет етті. 
Большевиктік баспасөз патша үкіметінің отаршылдық саясатын, бір ұлтты бір ұлтқа қарсы шатыстырып, ұлт араздығын қоздыру саясатын әшкереледі. Большевиктік партия барлық ұлттардың еңбекшілерін социалистік революцияның жауынгер армиясының қатарына топтастыра отырып, пролетарлық интернационализмнің туын жоғары көтерді. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
2 XIX ҒАСЫРДЫҢ II ЖАРТЫСЫ МЕН XX ҒАСЫРДЫҢ I ЖАРТЫСЫНДАҒЫ ҚАЗАҚСТАН БАСПАСӨЗІ 
 
2.1 Қазақ баспасөзінің шығу тарихы 
 
Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді. Осы мезгіл ішінде түрлі кезеңдерді бастан кешіп, біресе алға басып дамыса, енді бірде жүрісін баяулатып, тіпті тоқыраған тұстары да болмай қалған жоқ. Бір кереметі, қандай жағдайда да қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келеді. Оған тарих куә [28,б.37]. 
Ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ баспасөзі 19- ғасырдың екінші жартысында “Түркістан уалаятының газеті”, “Дала уалаятының газеті” болып патшалы Ресей үкіметінің үкімімен дүниеге келді. Бұл басылымдар отарлаушы елдің жыртысын жыртып, жырын жырлау мақсатында шығарылғанымен, шын мәнінде, сол шеңбермен тұйықталып қалмай, ұлтымыздың жоғын түгендеу бағытын да едәуір көп еңбек сіңірді. 
Халқымыздың саяси - әлеуметтік, әдеби, мәдени ой – пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигізген “Түркістан уалаяты газеті”, қазақ баспасөзінің көне бастаушы басылымы болып саналады. 
“Түркістан уалаятының газеті"(“Туркестанская туземная газета”) 1870 жылы Ташкент қаласында өзбек, қазақ тілдерінде шыға бастады. Газет о баста Түркістан генерал – губернаторының органы – “Туркестанские ведомоти” газетіне қосымша ретінде жарық көрсе де көп ұзамай жеке газетке айналды. Бұл жалпы Орта Азия халықтарының тұңғыш газеті еді. Газет өзінің үкімет бекітіп берген бағдарламасы бойынша жергілікті халықтарға қатысты Түркістан генерал – губернаторы мен облыстық әскери губернатордың бұйрықтарын, сот орындарының шешімдері мен сауда хабарларын Ресей мен өзге мемлекеттердегі ірі – ірі оқиғаларды, шаруашылық жаңалықтарын жазып отырды. Алайда газет бара - бара өз бағдарламасынан едәуір тысқары шығып, қазақ халқының мәдениетіне, тарихына, әдебиетіне қатысты материалдарды жиі жариялады [11,б.89]. 
Газет айына төрт рет, екі тілде (өзбек, қазақ) он үш жыл бойы үзбей шығып отырды. 1883 жылы Түркістан генерал – губернаторының бұйрығы бойынша, газетті қазақ тілінде шығару тоқтатылып, ол аптасына бір рет өзбек тілінде шығатын газетке айналды. Біраз уақыттан кейін, 1885 жылдан бастап газет өзбек және орыс тілдерінде шыға бастады. Жалпы бұл газет 47 жыл бойы, 1918 жылға дейін шығып тұрды. Дегенмен, газет негізінде өзбек тілінде шыққанымен осы 1883 жылдан кейін де қазақ тіліндегі мақалалар мен қазақ елі жайындағы мағлұматтар жиі жарияланып тұрды. 
19 - ғасырдың 60 – жылдарының орта кезінде Қазақстанның Ресейге қосылуының аяқталуына байланысты газет бетінде қазақ елінің экономикасындағы прогрестік өзгерістер егіншілік пен отырықшылықтың бұрынғыдан гөрі дами бастауы жағдайындағы мағлұматтар көбірек орын алған. Солардың бірінде егін шаруашылғының пайдасы жөнінде айтылып келеді де, Жетісу облысының таулы жерлерінде егін өсірген Ларионов дегеннің тәжірибесі жергілікті халыққа үлгі ретінде ұсынылады. (1882.№8). 
Газет беттерінде қазақ елінің басқа елдермен қарым – қатынасы, экономикасын өркендетудегі темір жолдың рөлі, алғашқы телеграф сымын жүргізу, почта қатынастарын қалыптастыру жөніндегі мәліметтер аз емес. 
Газет халықаралық жағдайларға да үлкен көңіл бөліп, көлемді мақалалар жазып отырды. Соның бірінде Қытайда болған ұйғыр мен дұнғандар көтерілісі, олардың феодалдық және ұлттық езгіге шыдамай отанына қоныс аударып, Жетісу бойына көшіп келгені хабарланады. 
1970 жылы болған Маңғыстау көтерілісі жайындағы деректер де назардан тыс қалмапты. Бір топ мақалалардың қазақ елінің тарихына, оның шыққан тегін ажыратып, ашуға арналғанын айта кеткен жөн. Үш жүздің құрамындағы тайпалар жайында айтылып келеді де бұл мақалаларда қазақ елінің шыққан тегі жөніндегі халық аузындағы аңыз - әңгімелер келтіреледі. 1875 жылғы 16 – санында жарияланған мақалада қазақ пен қырғыз елдерінің айырмашылығы туралы мағлұмат берілген. 
Қазақ елінің әдет – ғұрпы, салт - санасы туралы жазылған мақалаларда қызды қалың малға жас кезінен айттыру әдетінің зияны айтылыпты. 1877 жылғы 3 - санында Семей қаласынан жазылған хатта “Түркістан уалаяты газетінің” қазақтың зиялылары мен оқытушыларының білімін көтерудегі маңызы сөз етілген. Осы газеттің редакторы - Н.П.Остроумов “Түркістан уалаяты газетінің” Орта Азия халықтарының мәдени өміріндегі рөлі, Россия үшін Петр біріншінің “Ведомоствосымен” бірдей деген пікір айтқан. 
Қазақ баспасөзінің іргетасын қалаған «Түркістан уалаяты газетінің» соңын ала Орта Азия халықтарының тіліндегі газет – журналдар шыға бастады. Соның бірі «Дала уалаяты газеті» еді [11,б.97]. 
1888 жылдан 1902 жылға дейін Омбыда шығып тұрған «Акмолинские областные ведомости» газетінде қосымша ретінде орыс және қазақ тілдерінде жарық көрген «Дала уалаятының газеті» халқымыздың әдебиеті мен мәдениетін, тұрмыс – тіршілігін қалың жұртқа танытудағы бірден – бір басылым болды. Орыс тілінде «Особые прибавление к Акмолинским областным ведомостям» деген атпен шыққан осы газет 1894 жылдан бастап орыс тілінде «Киргизская степная газета» деген атпен жарық көре бастады. Жалпы бұл газет 1888 жылдан бастап 1902 жылы наурыз айында басылып, содан кейін «Сельскохозяйственный листокқа» айналды. 
Газетте әр жылдары редактор болғандар: И.Козлов, К. Михайлов, Г.Абаза, А.Попов, Д.Лавров. Газетті қазақша шығару ісін басқарушылар: Еммұхамед Абылайханов, Дінмұхамет (Дінше) Сұлтанғазин, Рақымжан Дүйсенбаев. Өзінің бағдарламасына сәйкес газет ресми түрде патша үкіметінің бұйрық – жарлықтарын, заң – закондарын, әкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. Сол кездегі басқа газеттер сияқты «Дала уалаяты газетінің» ресми және ресми емес бөлімдері болды. Соңғы бөлімінде көбінесе көпшілікке, пайдалы, ғылымға, білімге қатысты мақалалар жариялады. Бұл газет үкімет тарапынан шыққан ресми басылым болғанымен, бостандықты, теңдікті көксегені, прогресшіл көзқарастары үшін Сібірге жер аударылып келген адамдардың ықпалымен газетіне ұқсайтын еді. Бұл ретте газетке дұрыс бағыт берген Г.Н.Потаниннің, Н.М.Ядринцивтің, Л.К.Чермактың ролі аса зор. 
«Дала уалаятының газеті» басқа жергілікті газеттерге қарағанда, қазақ бұқарасының тұрмысын, оның шаруашылық жағдайларын, мәдени тіршілігін толығырақ көрсетіп отырған газет болды. Бұрынғы Сібір әкімшілігіне қараған Семей, Ақмола, Тобыл, Жетісу қазақтары өнер – білім жаңалықтарын алғаш рет осы газеттен оқу мүмкіндігіне ие болды. Газет қазақ жұртшылығын орыс халқының әдебиетімен таныстырды. Сондай – ақ газетте қазақ елінің тұрмысын, әдебиетін, мәдениетін зерттеуші орыс ғалымдары өздерінің мақала хабарларын жиі бастырды. Газет негізінде жергілікті отаршылдық - әкімшілдік орындардың ресми ұйымы болғанымен, халықты отаршылдыққа, мәдениетке шақырып тәрбиелеуде едәуір роль атқарды, қазақтың жазба әдеби тілінің дамуына зор ықпал жасады. 
Оның бетінде қазақ тілінде бұрын болғанмен қоғамдық – публицистикалық, ресми іс – қағаздарын жүргізу жөніндегі мақалалар жарияланды, ғылыми стильдің негізі қаланды, аударма тәжірибесінің алғашқы қадамы жасалынды, араб графикасына негізделінген қазақ жазбасында тұңғыш рет тыныс белгілері қолданылды [28,б.65]. 
Ұлттық баспасөздің қарлығаштарының бірі – «Дала уалаяты» газетінің дүниеге келуі қазақ халқының өткен ғасырдағы мәдени өміріндегі елеулі оқиға болды. «Дала уалаяты» газетінде басылған шығармаларда қазақ халқының әр кезеңіндегі өмірі, тұрмыс – тіршілігі, күрделі жағдайлар мен оқиғалар толық, тұтас қамтылғанымен, тарихымызда болған ұлы өзгерістер, халық өмірінің жеке- жеке суретері алғаш осы баспасөз бетінде жарияланып, ұлттық әдебиеті мен мәдениетінің негізін қалауға көмектесті. 
«Дала уалаяты газетінде» басылған көркем шығармалардың бір тобы қазақтың өз туындысы болса, енді бір тобы орыс тілінен аударылған немесе шығыс әдебиетінен ауысқан үлгілер еді. Бұлардың бәрі мазмұн, көркемдік жағынан бір – біріне ұқсамағанымен, жалпы қазақтың жазба әдебиетінің дамуына ықпал етті. 
Газет қазақ халқының қоғамдық - әлеуметтік ой – пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті. Саяси – экономикалық мәселелермен қатар оқу – ағарту ісінің жай – күйі, өнер – білімнің пайдасы, орыс мәдениетінің жетістіктері, қазақ әдебиетінің хал – қадірі, қазақ зиялылары мен ғалымдарының өмірі жайында бірқыдыру тарихи мақалалар, хабарлар жарияланды [14,б.537]. 
Қазақтың тұңғыш ғалымы Шоқан Уәлихановтың, классик ақыны Абай Құнанбаевтың, ағартушы әрі жазушы Ыбырай Алтынсариннің қоғамдық – саяси көзқарастарының қалыптасуына 19 - ғасырдың екінші жартысындағы Еуропа әдебиеті мен мәдениеті ықпал етті. Газетте Ш.Уәлихановтың 60 жыл толуына арналып мақалалар берілді. Халық игілігі үшін аянбай еңбек еткен дарындардың бірі – қазақ халқының тұңғыш ағартушысы, жазушысы, жаңашыл Ыбырай Алтынсарин туралы да газет бетінде мақала – хабарлар жарияланып, оның өзі жазған өлеңдері де басылып тұрды. Бір жарым ғасырдан астам тарихы бар қазақтың мерзімді басылымдарының алғашқы қарлығаштары туралы С.Исаев былай дейді: «…Әуелгі кезде (революциядан бұрын) мерзімді баспасөз тілі жазба әдеби тілдің өзіндік ерекшеліктері орныққан нормалары бар жүйелі тілдік өрнектерімен публицистикалық мазмұны сай сөз тігісімен сипатталатын тұрақты көрініс ретінде бірден қалыптасып кете алмады. Біздің байқауымызша, оның басты себебі, революциядан бұрынғы газет – журнал шығару ісінің тарихы онша терең, мерзімі ұзақ болмауында ғана емес, сонымен бірге сол мәселені, жалпы баспа ісінің қазақ қауымы үшін жаңалық болуымен, баспа ісінің көршілес татар, башқұрт, өзбек халықтары өкілдерімен тығыз қарым – қатынаста болуымен және маман да сауатты журналистердің жетіспеуімен тікелей байланысты» [19,б.129]. 
Ғалым – зерттеуші Б. Әбілқасымов алғашқы қазақ газеттерінің программасы жөнінде әңгіме қозғай келіп: «Ол программа бойынша газет жоғары ұлықтардың қазақ даласына қатысты бұйрық – жарлықтарымен қазақтарды таныстырып тұруға, сондай – ақ олардың арасына елдің табиғаты, тұрмысы, шаруашылық жайы туралы хабарларды таратуға тиісті болғанын тілге тиек етеді. Патша үкіметі сөз жүзінде осылай дей тұрса да, іс жүзінде қазақ халқын ағартуды тіпті де көксеген жоқ. Шын мәнінде оның көздегені – үкімет жарлықтарын ана тілінде тарату арқылы оны сөзсіз орындатуды қамтамасыз ету, жергілікті халықтарды басқаруды жеңілдету, қазақтың артта қалған патриархалды шаруашылығын біраз ілгері көтеріп, оны патша үкіметінің шикізат жөніндегі қажетін өтейтін дәрежеге жеткізу, сондай – ақ қазақтың өз тілін дамытып отырып, сол кездің өзінде «патша үкіметінің орыстандыру саясатына зиянын тигізе бастаған шағатай, түрік, татар тілдерінің ықпалына қарсы күресу болды. Сөйтіп, өзінің отаршылық саясатын одан әрі күшейте беру мақсатын ұстады» – дейді [5,б.168]. 
Жалпы қазақ газеттерінде жарияланған материалдардың маңызы мен мәнін ескеріп, халық санасын ояту үшін атқарған ағартушылық қызметін алуға болады. 
Газет материалдарын іріктеп топтап, құрастырып, осы күнгі әліпбиге түсіріп, жарыққа шығарған зерттеуші Ү.Сұбханбердина 1905-1907 жылдары Ресейде болған революция дүмпуі нәтижесінде қазақ газеттерінің екінші бір үлкен шоғыры дүниеге келгендігін айтады [45,б.326]. 
Олар: «Серке» – 1907 жыл, «Қазақ газеті» –1907 жыл, «Дала» «Қазақстан» –1911-1913 жылдар, «Ешім даласы» – 1913 жыл. Осы аталғандардың қатарына Ә.Бөкейханов сынды қайраткер азамат әр жылдары шығарып тұрған “Голос степи», «Омич» газеттерін де қосу керек екендігін айтады. 
Қазақ тіліндегі алғашқы газеттерінің бірі – «Қазақстан». Газеттің бұлай аталуының өзінен жаңа заман лебі сезілгендей. Алғаш Орда қаласында, одан араға алты ай салып, Орал қаласында қайтадан бірінші саннан бастап шығуы бұл газеттің көп қиындыққа душар болғанын көрсетеді. Оны шығаруда Ғ.Қарашев, Е.Бұйрин, Б.Қартаев, Ш.Бөкеев сынды қазақтың абзал азаматтары аянбай еңбек етті. «Қазақстанның» бірінші саны 1911 жылы наурыздың 16 - да Ғ.Қарашевтің «Газет деген не зат ?» атты мақаласымен ашылады. Оқу – ағарту, мектеп ашу, қазақ тіліндегі баспасөзді дамыту мәселелері газеттің әрбір санында әр түрлі қырынан қаралады. «Бакудегі қыздардың медрессесі», «Бұ қай заман?», «Жаңа өрнек», «Әдебиет таңы» тағы басқа мақалалар осыған куә. 
«Серке» газеті 1905-01907 жылдарда Ресейде болған бірінші революция екпінімен шыққан баспасөз түрінің бірі. «Серке» газеті 1907 жылы қазақ оқушыларына арналып, Петербургте шығып тұрған. «Улфат» газетіне қосымша ретінде Шәймерден Қосшығұловтың басқаруымен Хажы Ибрагимовтың редакторлығымен шыққан. «Серке» газетінің шығуы туралыы 1911 жылы Мұхаметжан Сералиннің оқушыларға арнап жазған бір мақласында: «1907 жылы 2- мемлекеттік думаның мүшесі Шаһмардан Қосшығұловтың, ілтипатымен Петербургта «Серке», атты журнал шыға бастаған еді, ұзаққа бармай, үкімет тарапынан тоқтатылды”, - дейді. 
Бұл басылымдардан сәл кейін дүниеге келген «Қазақ» – 1913 – 1918 жылдар, «Алаш» – 1916-1917 жылдар, «Бірлік туы» – 1917 жыл, «Сарыарқа» – 1917-1918 жылдар, «Ұран» – 1917 жыл, «Үш жүз» – 1917 жыл, «Тіршілік» – 1917 жыл және тағы басқа газет – журналдар қазақ халқының дүниетанымына әсер етіп, көзқарастарын кеңейтіп, прогрессивтік ағартушылық бағытта үлкен қызмет атқарғаныны байқауға болады [28,б.97]. 
Осылардың ішінен өз өрнегімен, өзіндік ой ерекшелігімен оқшау тұрған басылым – «Қазақ» газеті. «Қазақ» – қоғамдық – саяси және әдеби газет. Газеттің ашылуын ұйымдастырып, алғашқы санынан бастап ақырына дейін редакторы болған адам – түркология әлемінде ірі тұлғалардың бірігейінен саналатын қазақтың айтулы ғұлама ғалымы - Ахмет Байтұрсынұлы. 
Ахмет Байтұрсыновтан өзге Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Мұхаметжан Тынышбаев сияқты қазақтың біртума таланттар шоғырының осы газет арқылы үзеңгі қағыстыра мәдениет майданына шығуы ұзақ уақыт отар болып келген елдің қордаланып қалған келелі мәселелерін қопара көтереді. 
Газет ХХ - ғасырдың басындағы қазақ елінің саяси - әлеуметтік 
мәселелеріне, қазақ шаруашылық жағдайына, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу - ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен шежіреге арналған мақалалар жарияланды. 
Қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен «Қазақ» газеті ақпараттарының тақырыптары сан түрлі болды. Барлық тақырыптардың, газетте көтерілген күрделі мәселелерден келіп тоғысар тұсы – қазақ жағдайы еді. Өйткені, газет шығарушылардың ұстанған жолы, діттеген мақсаттарының өзі қазақ жағдайын жақсарту, көзін ашу, ұлт ретінде қалыптастыру, ол үшін қазақ зиялылары қандай ұлт жұмысын атқару керектігін саралап алу сынды әлеуметтік маңызы зор мәселелерден тұрады. Ал газетте «Ішкі жағдай», «Сыртқа хабарлар», «Европа соғысы», «Г.Дума», «Думадағы қазақ мәселесі» т.б. сынды тақырыптар сөзіміздің айқын дәлелі бола алады. Газеттің ақпарат жеткізуші, үгіт –насихат саласындағы қызметі жөніндегі А. Байтұрсыновтың: «Газет –халықтың көзі, құлағы һәм тілі. Адамға көз, құлақ, тіл қандай керек болса, қасында құлағы жоқ керең, тілі жоқ мақау, көзі жоқ соқыр сықылды» (Қазақ, 1898, №10) –деуі, газеттің әлеуметтік – қоғамдық өмір саласындағы алатын орнын, қызметін нақты бағалаудан туындаған [45,б.98]. 
1913-1918 жылдары «Қазақ» газеті шығып тұрған уақытын Мұхтар Әуезов «Қазақ» газетінің дәуірі» деп атады. Бір дәуірдің бар салмағын арқалаған «Қазақ» газетінің М.Әуезов тарапынан бұлайша бағалануы бүгінгі таңдағы ондаған газеттер атқарар қыруар шаруаны, басылым, атаулының қоғам алдындағы атқаруға тиісті қызметін жалғыз әрі қал – қадірінше мүлткісіз атқаруымен тығыз байланысты деп есептейміз. Осылайша, «Қазақ» газеті ұлт үгітшісі, халық жыршысы дәрежесіне көтеріле алды. 
Қазақ газеттерінің ішінде ерекше ілтипатпен көңіл аударуға тұратын газеттің бірі – «Алаш». Газеттің шығарушысы әрі редакторы – Мәриам Төгісова. Осының өзі қазақ әйелдерінің арасындағы зор серпілісті көрсеткендей. Газетке Н.Құлжанова, Ғ.Жанайдарова сынды қыз – келіншектер де үн қосып отырды. Мәриямның газет шығаруына оның ері Көлбай Төгісовтің де сіңірген еңбегі ұлан – ғайыр екені күмәнсіз. Сондықтан бұл газетті қазақ тарихындағы ерлі – зайыптылардың өз күшімен шығарған тұңғыш газеті деп бағалауымыз орынды. Көлбай Төгісовтің «Бабамыз Алаш» атты журнал шығару ниетімен әрекеттенгенін де осы газеттен білеміз. Бірақ аласапыран заманда бұл ойын жүзеге асырудың сәті түспесе керек. Газет тақырып аясы кеңдігімен көзге түседі. Онда мемлекеттік Дума, ішкі, сыртқы хабарлар, қазақ шаруасына қатысты кеңестер, өлең, пьеса, әңгімелерге орын берілген [45,б.105]. 1917 жылдың ақпан төңкерісінен соң Ресейде қос үкімет орнап, өмір мен өлім үшін шайқас жүргізіп жатқан кезде большевиктер Ресей мен Шығыстың Мұсылман еңбекшілеріне: «Уақытты өткізіп алмаңдар, ғасырлар бойы жерлеріңізді жаулап алып келгендерді серпіп тастамаңыздар. Ендігі жерде күлге айналған жерлеріңізді олардың тонауына жол бермеңіздер. Өз елдеріңіздің қожайыны өздеріңіз болуға тиіссіздер».  
Міне, осындай «Большевиктер ұранымен» көңіл демдеген мұсылман орталығы енді шыға бастаған газеттері «Ұлы Түркістан» мен «Бірлік туында» автономия құруға әзірлік жасай бастайды. Орталықтың Мұстафа Шоқайұлы бастаған мүшелерінің қанатының астында шығып тұрса, «Бірлік туы» болса, «Алашорда» қазақ ұлттық партиясының органына айналып, оған осы партия басшыларының бірі Міржақып Дулатов басшылық етті», - деп жазды кезінде өзінің «Мұстафа Шоқай…Ол кім ? » атты саяси сипаттамасында белгілі жазушы Әнуар Әлімжанов.  
«Бірлік туы» – мәдениеті, танымдық, тез ақпар жеткізушілік деңгейі – жалпы сапасы өте жоғары болған. «Бірлік туы» газеттің беттерінде жарияланған материалдардан сол кезеңнің тарихи шындығы бет – ажары толық айнадай болып көрініп тұрған сияқты. «Сарыарқа газеті» 1917 жылдың маусым айынан бастап, Семей қаласында қазақ тілінде аптасында бір рет шыға бастаған. Редакторлары Райымжан Мәрсеков пен Халел Ғаббасов, бастырушысы - «Теңдік»серіктігі. 
Газетте патша үкіметінің отаршыл саясатының қазақ еліне тигізген зияны, Алаш партиясының бағдарламасы, қазақ жеріне қоныс аударған орыс шаруалары мен қарым – қатынасы, оқу – ағарту ісі туралы Міржақып Дулатов, Әлихан Бөкейханов, Р.Мәрсеков, Халел Ғаббасов, Ә. Ермековтың т.б. мақалалары жарияланған [45,б.120]. 
Әрбір жаңалықтың ескіден туатынын еске ұстасақ, «Сарыарқа» газетінде жарық көрген нұсқалардың да қазіргі әдебиетіміздің, мәдениетімізді зерттеуде құнды дерек екені даусыз. 20 – ғасырдың 50 – жылдарында газеттердің ақпараттық, үгіт – насихаттық бағытында жүргізілген қызметтері жандана түсті. Нақ осы жылдары совет қоғамы, соның ішінде газеттерге деген көзқарас аса саясаттандырылды. Мұның өзі газеттің қоғамдық – саяси лексикасы қатарының өсуіне қатты әсер етті [45,б.122]. 
Ал, 1960-1970 жылдары тілімізде қалыптасқан қоғамдық – саяси лексика элементтері туралы Р. Барлыбаев еңбегінде толық танысуға болады. Бұл тұста шығып тұрған басылымдардың баршасы жалғыз идеологиялық мақсатқа, коммунистік үгіт – насихатқа, саясатқа бағындырылды.  
Социализм бесігі атанған КСРО жетістіктері мен жеңісінен халықты хабардар ету, социализмге жету үшін аянбай еңбек етуге құлшындыру, үгіттеу, насихаттау – совет басылымдарының негізгі қызметі болды. 
Жалпы газет атаулыға тән төл ерекшелік осы үгіт – насихат қызметін атқару барысында салмақтанады. Сондықтан да болар әр жылдары жарық көрген басылымдар – еліміз тарихының әр күні, айы мен жылының жылнамасы іспетті. 
 
2.2 «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналының жалынды жаршылары 
 
XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ ағартушылары мен ақын жазушылары аңсаған ілім-білімге үндесу XX ғасырдың бас кезінде біршама нәтижесін беріп, алдыңғы қатардағы азаматтарды, елді ояту, азаттыққа ұмтылу мақсатына жетеледі. Осы зиялылар арасында ел бағытын айқындар сара жолды жаңылмай нұсқап, адастырмас даңғылға алып шығуға ұмтылған жаңа тұлғалар шоғыры қоғамдық өмір өрінде көріне бастады. Сол көш бастаушылардың ең танымалысы - Ахмет Байтұрсынов. Ахмет Байтұрсынов қазақ зиялыларының арасындағы күрескерлік бағытты ұстанған саяси топтың көрнекті жетекшіл рухы, өзгеше сарын танытқан қаламгер болды. Азаттық пен бостандыққа бастайтын өткір қаруы - әрбір қазақ оқырманына түсінікті өлеңдері мен мән - мағынасы терең көсемсөздік еңбектері. Бұл күнде Ахмет Байтұрсынов өмірбаянына қатысты біраз материалдар жарық көрді. Олардың көбі өз арқауын М.Дулатовтың «Ахмет Байтұрсынович Байтұрсынов» атты көлемді мақаласынан алған. Сол мақалада Ахмет Байтұрсыновтың 1905 жылдардағы қызметі жайлы былай делінген:  
«…XX ғасырдың басында Қарқаралыда тұрған кезінде революциялық қозғалысқа қатыса бастайды, алғашқы кезде астыртын қабылдап, ал 1905 жылы 17 қазанда жарияланған манифестен кейін қалың қазақтың көрнекті де белсенді бастаушыларының біріне айналды». 
Өз халқының азаттық күресіне жолбасшы болуға бекінген А.Байтұрсынов 1909 жылы шілденің бірі күні Т.Шыңғысовтың көрсетуімен тұтқындалып, Семей түрмесінде бір жыл отырып, екі жылға дейін Қазақстанда тұру құқығынан айырылды. 1910 жылдың 9 наурызынан Ұлы төңкерісіне дейін Орынборды мекендеді. Осы кезеңнен бастап оның ғылыми-ағартушылық, саяси - қайраткерлік, творчестволық еңбегі ерекше күшейе түседі. А.Байтұрсынов өмірінің қиын да қызықты кезеңі басталады. 1909 жылы Петербург қаласында 1901-1904 жылдары «Қырық мысал» атты өлеңдер жинағы шықты. 
Ол 1913 жылы «Қазақ» газетінің ашылуын ұйымдастырды, оның редакторы ретінде, қызмет атқарды. Аталмыш газетті редакциялап жүргенде бірнеше мәрте әкімшілік жолымен айып тартып, тұтқындалды. «1917 жылдың соңына дейін редактор болып істедім», - деп жазады А.Байтұрсынов өз өмірбаянында. А.Байтұрсынов ұйымдастырған «Қазақ» атты тұңғыш би ресми ұлттық газеттің патша әкімшілігінің көңілінен шыға бермегендігін, қазақтың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған сара жолы, өзіндік көзқарасы бар, саяси бедері айқындалған беделді басылым екенін тарих растайды. 
Бұл шындықты Ахаңның замандастары тап басып танып, айтып-ақ кеткен. Ұлы жазушы Мұхтар Әуезов 1923 жылдардағы Ахметтің 50 жылдық мерейтойына орай жазылған мақаласында «Қазақ» газетінің қазақ ұлтына, жасаған қызметін Абайдың қазақ әдебиетіне сіңірген еңбегіне парапар санайды. 
1913 жылдың 2-ақпанынан, 1918 жылдың 16-қыркүйегіне дейін шығып тұрған «Қазақ» жаңа дәуірдің шежіресі десе болғандай. Оянған сана үніне айналған газет өз тұсында ең көп таралған басылым болды. Мұның басты себебі қазақ тарихының қилы - қилы кезеңдерінде замана ағымын саясат аңғарын айнытпай тануында. Танып қана қоймай, ұлтына азаттық жолдың сілемін тауып, сүрлеуін нұсқады [4,б.139]. 
«Оян, Қазақ» деп аттан салып, бостандық пен азаттықты аңсаған Ахмет Байтұрсынов, Әлихан Бөкейханов, Міржақып Дулатов сынды қыран ойлы қазақ зиялыларының күш-жігері, қайраты мен табандылығының арқасында дүниеге келген «Қазақ» ұзақ жылдар бойы ұраншыл айқайдың тоқпағында қалып, тапшыл саясатының тозағына қарылды. Ақ - қараны айыртпас солақай саясат дегеніне жетті. «Халық жауларының» газетін 72 жыл бойы ел көзінен тысқары, сананы улаған тар қапаста ұстады. Кезінде ұлттың ар - намысына айналған, халқының бағдар айтар жарық жұлдызы бола білген газеттің сонындағы жазығы не еді? Жазығы ұлтымыздың шерлі кезеңінің шежіресіне айналғандығында. Қазақтың кең даласын апай - топай етер қара дауылдың алдын болжағандығында. 
Халқы аялап, ардақтаған Ахмет Байтұрсынұлы ғұлама ғалым-лингвист, әдебиет зерттеуші, тюрколог, ақын, аудармашы, қазақ баспасөзінің іргесін қалаған журналист, композитор, қоғам және мемлекет қайраткері болумен қатар, ол ұлтымыздың Бас баспагері болған. Патша өкіметінің отарлық саясатын бүкпесіз батыл да ашық түрде әшкерлегені үшін қуғын - сүргінге ұшырап, жер аударылған ол 1910 жылдың басынан 1917 жылдың аяғына дейін Орынбор қаласында тұрады. Міне, осы бір шақта ілгеріде айтылғандай ол өзінің «Маса» деп аталатын кітабын, оның алдында Санкт-Петербургте 1909 жылы «Қырық мысал» атты классикалық жинағын шығарып та үлгерген-ді, ал 1913 жылдың наурызынан бастап дана Мұхтар Әуезовтің сөзімен айтсақ, ұлтымызды ширықтырған, етек-жеңін жиғызған «Қазақ» газетін шығарып, содан 1917 жылдың қыркүйегіне дейін оның редакторы болады. 
Газет шығаруда бірегей бай тәжірибе жинақтаған Ахмет қазақ кітабының тұңғыш Мемлекеттік баспасының шаңырағын өз қолымен көтеріп, тағы да бір игі істің бастаушысы болды. 
Осы арада ұзақ жылдар бойы жұрт назарынан тасада қалып келген ардақты ақынның кітап баспасы ісінің қайраткері ретіндегі ерлік, көрегендік еңбегі айрықша зор екені туралы шындықтың шет - жағасын болса да сөз етудің артығы болмайды. Қазақ Автономиялы Республикасы оқу-ағарту халық комиссары, бұдан соң осы комиссариаттың жанындағы ғылыми-әдеби комиссияның төрағасы, әрі қазақ өлкесі Төңкеріс комитетінің мүшесі, Бүкіл Ресейлік Орталық Атқару комитетінің мүшесі ретінде Ахмет Байтұрсынұлы қазақ мемлекеттік кітап баспасының алтын діңгегін көтерумен тікелей өзі айналасқан. Архив деректері бұлтарыссыз растап отырған бұл тақырыптың әр қырын таратыңқырай айта түсейік [31,б.77]. 
 
Ұлттар ісі жөніндегі халық комиссариаты Қазақ бөлімінің Бөкей бөлімшесі 1919 жылдың жазында баспаханасымен Ордадан Қазақ Автономиялы Республикасының болашақ астанасы Орынборға көшірілді. Сөйтіп, күн тәртібінде Орынборда кітап баспасын ашу мәселесі тұрды. Алғашқы қадам ретінде өлкенің мәдени қызметкерлерінің біріккен мәжілісі шақырылып та үлгерді. Бұл мәжіліске Төңкеріс комитетінің мүшелері-Ахмет Байтұрсынұлы, Әлихан Бөкейханов сынды белгілі қазақ қайраткерлері қатысты. Мәжіліс Ахмет Байтұрсынұлының төрағалығымен өтті. Онда Төңкеріс комитетінің үнін және кітап шығару ісі жөнінде мәселе қаралды. Талқыланған мәселе бойынша қаулы қабылданды. Архивте сақталып қалған бұл құжаттың түпнұсқасы орыс тілінде жазылған. Онда газет шығару жөніндегі шешім былай деп тұжырымдалған: 
«Постановили: По обмене мнениями единогласно постановлено: немедленно выпустить официальный орган Киргизского Рев. Комитета и местного комитета секции киргиз Оренбурского губкома Р. К.П. под названием «Ушкун», т.е. «Искры». При чем для управления газетным делом избирается Ред. Коллегия из следующих 5 лиц: Халила Исенбаева, Ишмухамеда Бегалиева, Таминдара Сафиева, Амиргалия Менешева, Бернияза Кулиева» [31,б.82]. 
.Тұңғыш ресми «Ұшқын» газеті бір жылдай шығып тұрған соң, оның аты «Еңбек туы», «Еңбекші қазақ», «Социалистік Қазақстан» болып өзгеріп, қазіргі «Егемен Қазақстанға» дейін ұласқаны оқырмандар қауымына жақсы мәлім. 
Төңкеріс комитетінің қаулысын толық көлемінде қалтқысыз жүзеге асыру ниетімен Орынборда газетпен қоса, қазақ тілінде кітаптар басып шығару ісін қызу қолға алған А.Байтұрсынұлына жұмыс барысында түйіні қиын көп мәселелерді тікелей өзінің шешуіне тура келді. Басқасын айтпағанда, Орынбор басханаларындағы бір кезде өзі тірнектеп жинаған мәліметтер зым - зия жоғалып кеткені қатты қинады. Қысқасы, жаңа баспаның полиграфиялық базасын қалаудың, тақырыптық жоспар жасаудың, барлық істің түйінін түпкілікті шешудің бүкіл ауыртпалығы Ахметтің мойынына түсті. Әрқашанда бастаған ісін аяғына жеткізіп дағдылаған ол бұл жолы да тыңғылықтылық, білгірлік танытты. Ұзамай бір кезде өзі алты жыл бойы шығарған «Қазақ» газеті басылып келген баспахананың құрал - жабдықтарын 1-армияның штабы иемденіп кеткенін білді. А.Байтұрсынұлының табандылық көрсетіп, талап етуімен бұл құрал-жабдықтар Төңкеріс комитетінің қарауына қайтарылып берілді. Сондай-ақ оңтүстік әскерлер тобының штабындағы бұрынғы «Янги - Вак» баспаханасының құрал-жабдықтары да қайтарылды. Ақтөбе, Қазан қалаларындағы баспаханалардан, жеке меншік баспаханалардан да қағаз, қарыптер, бояу жеткізілп тұрды. Мұны да растайтын құжаттар қазір баршылық. Мысалы, жиырмасыншы жылдары Төңкеріс комитетінің полиграфия бөлімінің меңгерушісі болып істеген С.Пестковскийдің атына 1919 жылғы 17 қарашада жолдаған хаты архивте сақталған.  
Онда былай деп көрсетілген: «Полиграфия бөлімі баспаханалардың жұмыстарын анықтау, оларда қанша қағаз барын білу үшін Ақбұлақ поселкесіне және Ақтөбе қаласына техник - машинист П.В.Шпагин жолдасты, сондай-ақ Байтұрсынов жолдас тапсырыс берген мұсылман қарып терушісі Усман Хұсайынұлы Дашкин жолдасты іс-сапарға жіберуге сіздің жарлық беруіңізді сұрайды» [4,б.139]. 
1920 жылы тамыз айында Қазақ Автономиялы Республикасы құрылуына байланысты мемлекеттік баспаны ашу ісі жеделдетіле түсті. Бүкілресейлік мемлекетік баспа Мәскеуден Орынборға баспа ұйымдастыруға көмектесу үшін Валид-хан Таначев деген өкіл келді. Тұңғыш баспаны баспаханамен және қарып құю машиналарымен, қағазбен, т.б. қамтамасыз етуге бағытталған қосымша шаралар толассыз жүзеге асырылумен болды, әрі осының бәрі Ахмет Байтұрсыновтың қолма - қол іскерлік басшылығымен жүргізілді. Ал 1920 жылғы қарашада Қазақ Орталық Атқару Комитеттінің Төралқасы (Сейітқали Мендешов) Қазақ Автономиялы Республикасының мемлекеттік баспасы туралы Ережені де бекітті. Ережеде баспаның құқықтары мен міндеттері айқындалды. Қазақ Автономиялы Республикасының Орынбордағы тұңғыш мемлкеттік баспасы, қазіргі Қазақстан баспасы дүниеге осылай келген еді. Жаңа баспаның қаз тұрып, тез қалыптасып кетуі де Ахмет Байтұрсыновның есімімен нық байланысты. Баспа қызметін тез арада жолға қою міндетін, соның ішінде бірінші кезекте мектептердің қазақ тіліндегі оқулықтармен қамтамасыз ету жөніндегі міндетті Қазақ Республикасының үкіметі баспа жанындағы редакциялық алқаға жүктеді. 1920 жылғы желтоқсаннан бастап оның құрамына А.Байтұрсынұлы, Ә.Бөкейханов, С.Садуақасов, Х.Болғанбаев, Ж.Аймауытұлы кірді. Редакция алқасы Абай Құнанбаевтың өлеңдері мен Ахмет Байтұрсынұлының мысалдар жинақтарын жедел түрде бастырып шығаруды ұсынды, бұл жинақтарын он бес мың дана тиражбен Қазанда теру үшін тапсырыс та берілді. 
«Белгілі әзірлік жұмысынан кейін редакция алқасы қазақ мектептері үшін кітап тапшылығын жою мақсатымен жұмыс жоспарын белгілеу үшін, - деп жазады зерттеуші В.С.Познанский, - Осы уақытқа дейін мұқият жабық болып келген құжаттармен танысу кейін оңалмас буржуазияшыл ұлтшылдар дан жарияланған адамдар…дұшпандық идеологияны тықпалап, зиянкестік жасамағанын қайта пайдалы іспен - туысқан халқын оқыту - ағарту ісімен шұғылданғанын мейлінше айқын көрсетті» [26,б.265]. 
Архивте Ахмет Байтұрсынұлы қазақ тілінде оқулықтар жазу және аудару мәселесі жөнінде 1921 жылғы 31 қаңтарда өткізген Біріккен кеңестің мәжілісі №2 хаттамасының көшірмесі сақталған.  
Орынбордың өзінде тақырыбы мен жанры жағынан бай қазақ кітаптарын, соның ішінде оқу құралдарын бастырып шығару ауқымы келе - келе ұлғайтылуымен қатар, Мәскеуде де ондай кітаптар шығарылып тұрды. Бұл арада да Ахмет Байтұрсынұлының қазақтың «23 жоқтау» жинағын құрастырып, «Ер сайын» жырын бір ізге салып Мәскеуде шығарғанын айта кету жөн. 
Міне, қазақ топырағында алғаш шаңырақ көтерген мемлекеттік баспаның іргесін қалап, оның қанат қағып дамуын өз қолымен атқарған Ахмет Байтұрсынов-қазақтың ұлттық журналистикасының пір тұтқан пайғамбары ғана емес, сонымен бірге ұлтымыздың көш бастаған тұңғыш Бас баспагері !  
Қазақстанда мемлекеттік негіздегі жаңа баспа ісінің бастауында тұрып, оның әрі қарай дамып, орнығуына өлшеусіз зор еңбек сіңірген арысымыз бұл -Міржақып Дулатұлы. Ол әсіресе Қызылорда қаласында Мемлекеттік баспаның жұмысын ширатып, жандандыра түсіге белсене атсалысты, сонымен бірге көркем шығармалардың, жаңа оқулықтардың авторы ғана болып жұмыс істеді. Міржақып дулатұлы - тұңғыш қазақ кеңес билиографы. Баспадан шыққан қазақ кітаптарының көрсеткіші (1917-1927) деп аталатын еңбекті құрастырып, алғы сөзін жазған да осы кісі. 
М.Дулатұлының қарымды қаламынан туған, уақыт озған сайын, ең алдымен, қазақ баспагерлерінің ұрпақтарына өте-мөте бағалы мұра бола беретін «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» деп аталатын бірегей туындыға сәл де болса ден қояйық. Бұл туындының жарық көру тарихының өзі бір қызықты құбылыс. Әмендә халқының қамын ойлап, еліне қалтқысыз еңбек етуді мақсат-мұрат тұтқан, елім деп еңіреп өткен М.Дулатұлы адамзат ақыл-ойының керемет бір көрінісі-кітапты насихаттаудың жолдарын дәйектілікпен шешу ісін де өз қолына алады. Ұзамай бұл мақсатына да жеткен. 1926 жылы көрсеткіштің бірінші бөлімі, ал 1927 жылы оның екінші бөлімі «Жаңа мектеп» журналына қосымша ретінде Қызылордада Қазақстан мемлекеттік баспасынан араб қарпімен жарық көрді [46,б.284]. 
Авторды толғандырған алуан - алуан мәселелердің жүйе-жүйесімен, кітапты насихаттауды жолға қоюды көздеген әртарапты ізденістермен, көрсеткішті құрастыруда ұстанған бағыт-бағдарларымен танысу үшін оның өзі жазған алғы сөзді оқиық. Оқырмандарға арналған бұл сөз басында М.Дулатұлы өз ойларын былай кестелеген: «Қазақ даласының ұшы - қиыры жоқ кеңдігі, қатынас жолдарының нашарлығы, қалалы жерлерде қазақтың аздығы, бәрінде бірдей кітап дүкендерінің бола бермеуі бұл күнге шейін қазақша кітаптардың ел арасына дұрыс тарауына үлкен кедергі болып келді. Оның үстіне елде қандай кітаптар басылып жатқанын, олардың мазмұнын, бағасын, қайдан аларын, қалай алдырарын білмей келді. Осы жағынан жөн сілтеп, жеңілдік келтіру ниетімен біз осы «көрсеткішті» шығарып отырмыз.  
Төңкерістен бұрын қазақша шыққан кітаптар аз еді. Енді төңкеріс дәуірінде, жұрттың бәрі жапа-тармағай жаңа тұрмысқа аяқ басып, тілегі де, керегі де күннен-күнге өсіп келе жатқан заманда әдебиет майданы да ұлғайып, халықтың шаруашылық, саясат, мәдениет жүзіндегі қажеттері де көбейген соң, бұларды өтеу үшін күн сайын әр алуан кітап, журнал газеттер топ - тобымен шыға бастады. Бұлардың бәрімен танысып, бәрін оқып білімін арттырып, жөн-жосық көріп отыру-ақ үстінен қара таныған азаматтың бәріне де міндет болды. Сондықтан біз осы көрсеткіште төңкерістен бастап бұл күнге шейін басылып шыққан қазақ кітаптарын тізіп отырмыз. Кітаптың қайда, қашан басылғаны, кім шығарғаны, көлемі бағасы көрсетілді. Баспасөз жүзінде сыналғандары болса, сол сындардың қысқаша қорытындылары да жазылды. Кей кітаптардың қысқаша мазмұны көрсетілді. Бәрінің бірдей мазмұнын баяндауға «Көрсеткіш» аса үлкейіп кететін болды. Содан тартындық. Төңкерістен бұрынғы басылған кітаптарды әдейі көрсеткеміз жоқ. Өйткені олар, бәрі дерлік бұрын тарап біткен. Қалғандары болса, бұл кездегі кітап дүкендерінен табылмас деп ойладық. Төңкерістен бері басылған кітаптардың сатылып біткендерін де бұл көрсеткішке кіргіздік. Бұлай етіуміздің мәнісі - ондай кітаптардың әлі де оқушыға керегі болса, қайта басылуына тілек білдірер, соған қарай қайтадан басылатын болар дедік. Газет, журналдардан осы кезде шығып тұрғандарын кіргіздік. Бәрінің де мерзімі, жазылу бағасы, адрестері көрсетілді. 
Бұл көрсеткішке Қазақстан мемлекеттік баспасы (Орынбор, Қызылорда) мұның Күншығыс бөлімі (Ташкентте және Мәскеудегі орталық баспа) шығарған кітаптардың бәрі де кірді. Көзге көрінбей, қолға түспей қалған бірлі - жарым кітап болуы мүмкін. Бірақ ондайлар көп бола қоймас керек. 
Қазақстан мемлекет баспасында болсын, Мәскеудегі орталық баспада болсын, осы күні басылуға даярланған жазба кітаптар аз емес, бұларды бұл көрсеткішке кіргізгеміз жоқ, басылып шыққаннан кейін кезінде жариялап тұруды, молайыңқыраған кезде тағы да осындай көрсеткіш шығаруды мақұл көрдік.Мектептер, кітапханалар, мекемелер, ұйымдар, қызметкерлер, оқушы, жастар, жай адамдар бұл көрсеткіштен қандай кітаптар басылып шыққанын көрген соң жер-жердегі «Білім» дүкендерінен керегін алдырып отырар деп сенеміз. Мемлекет баспасының қазақ бөлімін басқарушы: 
Дулатұлы Міржақып. 
Қызылорда 31/12/1925 ж. [28,б.186]. 
Байқап отырғанымыдай, көрсеткіштің бұл бөліміне Қазан төңкерісінен кейінгі кезеңде шыққан кітаптардың 1926 жылдың қаңтарының біріне шейін жарық көргендері енгізілген. Көрсеткішке 1917, 1918, 1919 жылдары шыққан кітаптар кіргізілмепті. Соған қарамастан көрсеткішке ұзын саны 273 кітап пен 12 мерзімдік баспасөз қамтылған. Бұл басылымдар мынадай тарауларда көрсетілген: «Оқу кітаптары, құралдары», «Тәрбие - оқыту әдістері», «Саяси - ағарту әдебиеті», «Программа (бағдарлама) - ереже, қаулы, қарарлар», «Қосымша кітаптар», «Жастар, әйелдер қозғалысы», «Қара шаруа әдебиеті», «Білім әдебиеті», «Ленин кітапханасы», «Мерзімді әдебиет»  
Алғашқы тарауда 31 оқулық пен оқу құралдары туралы мәліметтер жан-жақтылығымен қызықтырады. Әсіресе оның ішінде Ахмет Байтұрсынұлының оқулықтарына көрнекті орын берілген. Бұл жолы Ахмет Байтұрсынұлының бес оқулығы туралы сөз болады. Олардың әрқасысының ерекше құндылығына көңіл бөлінген. Мысалы, Қызылордада 1926 жылы жарық көрген «Әліпби» - жаңа құрал екені, бұған дейін оның жеті рет басылғаны жайында оқырмандарды хабардар ете келіп, Қазақстан мемлекеттік білім кеңесі атынан оқулыққа былай деп жоғары баға берілген: «Бұрынғы Әліпби қазақ мұғалімдерін ең алғаш Еуропа оқу әдістерімен таныстырудың үстіне, кезінде әрі жаңа әрі төте жол салып, қазақ арасында оқу жөніндегі ескілікті жойған еді. Бірақ соңғы кездерде жаңа тәртіптер шыға бастағаннан кейін Әліпби әдіс жөнінен де, мазмұн жағынан да ескірген. Мынау жаңа Әліпби бұрынғылардан қай ретте болса да аса артық. Бұл Әліпбидің мазмұны, қазақ жағдайына қарай мемлекеттік білім кеңесінің жаңа бағдарламасына үйлесімді болып шыққан. Сөздерді баланың ұғымына қарай қолайлы тәртіппен құралған. Бұл әліпби оқуға қолайлы. мемлекеттік білім кеңесі атынан оқулыққа былай деп жоғары баға берілген: «Бұрынғы Әліпби қазақ мұғалімдерін ең алғаш Еуропа оқу әдістерімен таныстырудың үстіне, кезіде әрі жаңа әрі төте жол салып, қазақ арасында оқу жөніндегі ескілікті жойған еді. Бірақ соңғы кездерде жаңа тәртіптер шыға бастағаннан кейін ол Әліпби әдіс жөнінен де, мазмұн жағынан да ескірген. Мынау жаңа Әліпби бұрынғылардан қай ретте болса да аса артық. Бұл Әліпбидің мазмұны, қазақ жағдайына қарай мемлекеттік білім кеңесінің жаңа бағдарламасына үйлесімді болып шыққан. Сөздері баланың ұғымына қолайлы тәртіппен құралған. Бұл Әліпби оқуға қолайлы. Шығарушының үлкен шеберлігі көрініп тұр. Оқушыға бұл Әліпби аса қызықты, баланы өздігінен білуге, өздігінен үйренуге ұмтылдыратын түрде жазылған. Сыртқы көрінісіне қарағанда тұтас сөздер әдісімен жазылған сықылды. Бірақ тәжірбиесі аз мұғалімдер мұнымен дыбыс әдісі бойынша да оқыта алады. Әңгімелер балалар үшін қызық, жеңіл, заманға лайық. Мазмұн жағынан, әдіс жағанан да артық кемшілік таба алмадық. Бұл Әліпби бұрынғысына жүдә ұқсамайды. Көңілдегідей болып шықан» [28,б.192]. 
Осы тараудан А. Байтұрсынұлының бұдан басқа тағы да төрт оқулығы туралы да оқып білеміз. Оның үшеуі Қызылордадан 1925 жылы шыққан. Бұлар да қысқаша сипатталады. 
Тіл құрал. Бірінші. Дыбыс жүйесі мен түрлері. Түзеліп, толықтырылып, жаңа емлемен бесінші басылуы. 
Тіл құрал. Екінші. Сөздің жүйесі мен түрлері. Түзеліп, толықтырылып, жаңа емлемен бесінші басылыуы. 
Тіл құрал. Үшінші. Сөйлем жүйесі мен түрлері. Түзеліп, толықтырылып, жаңа емлемен үшінші басылуы. 
А.Байтұрсынұлының Орынборда 1924 жылы жарық көрген келесі оқулығы «Сауат ашқыш» деп аталады. Бұл дыбыс әдісі жолымен тәртіптелген қазақша Әліпби. Сауатсыз үлкендер үшін бірінші кітап. Емлесі жаңа. Бірінші басылуы. Бұларға жалғас Ахмет Байтұрсынұлы мен Телжан Шонаұлы екеуі бірлесіп жазған, Қызылордада 1926 жылы шыққан кітап ерекше аталған. Бұл - оқу құралы. 3-4 жылдарда оқылатын кітап. Хрестоматия. 
Көрсеткіштен Міржақып Дулатұлының өзі жазған үш оқулығы да орын тапқанын сүйсіне айтамыз. Бұл оқулықтар былай деп аталады: Оқу құралы. Бастауыш мектепте екінші жыл оқылатын қирағат кітабы. Орынбор, 1924. Бесінші басылуы. 
Есеп құралы. Бастауыш мектепте бірінші жыл оқылатын кітап. Түзетіліп, толықтырылып, сурет салынып, жаңа емлемен төртінші басылуы. Орынбор, 1925. 
Бір ғанибеті, осы басылым туралы кезінде газет бетінде жылы лебіз білдіріпті. Онда былай делінген: «Біздің қырдағы оқытушыларымыз жаңа иісті құралға өте шөлдеулі. Сондықтан бұл құрал оқытушыларға жаңа иісті жалғыз құрал. Алдымыздағы оқу жылына қарсы бастауыш мектептерде комплекс жүйесі кіргізілсін деп отырғанда оқытушылардың тілегіне бұл құрал дәл шығып отыр…» («Еңбекші қазақ» газеті, 1925, №304). 
Бұл тараудағы кітаптардың ішінде Мағжан Жұмабайұлының «Тарту» атты оқу кітабы да көзге оттай ыстық көрінеді. Бұл оқулық Ташкентте 1924 жылы басылып шыққан, көлемі 215-бет. 
Тағы да бір шын мәнінде сүйенерлік құбылыс - көрсеткіш қазақ зиялылары жазған басқа да оқулықтар туралы деректерге бай. Айталық, Иса Тоқтыбайұлының «Жағырафия», «Жұмағали Тілеуұлының «Гигиена», Елдос Омарұлының «Физика», атты кітаптары көрсеткіштен орын алған. Сондай-ақ Халел Досмұхамбетұлының үш оқу құралы да сөз болады. Олар: Табиғаттану. Бірінші бөлім (Бұйым, ауа, су, кен, жер жүзінің өзгерілуі) Ташкент,1922. Жануарлар. Екінші бөлім (Бір қуыстылар, тікендер, құрттар, былқылдақ тәнділер турасында) Ташкент, 1922. 
Бұл тарау туралы әңгімемізді Телжан Шонаұлының «Орысқа қазақ тілін үйреткіші» деген төл туындысымен аяқтауды мақұл санадық. Бұл оқулық Орынборда 1925 жылы жарық көрген. Оның айырықша құндылығы жөнінде көрсеткіште былай деген жолдар бар: «Бұл кітапты оқыған 900-дей қазақ сөзін үйренеді. Кітап орыс тілін, орыс тіл жүйесі мен сөйлем жүйесін білетіндерге арналып жазылған. Мұндай білімі жоқ адамға тек дара сөздің мәнісін ғана білуге болады. Бұл кітаптан қазақ тілін орыстар мұғалімсіз оқып та үйрене алады» [36,б.280]. 
Көрсеткіште «Тәрбие - оқыту әдістері» деп аталатын екінші тарауындағы 16 кітап та шетінен ерекше маңызды туындылар. Солардың ішінде Жүсіпбек Аймауытұлы мен Нәзір Төреқұлұлының еңбектері айырықша құнды. 
Көрсеткішті Жүсіпбек Аймауытұлының Орынборда 1924 жылы шыққан «Тәрбиеге жетекші» (Бала оқытушыларға) атты туындысы туралы «Еңбекші қазақ» газетінің 1925 жылғы 400-санында жарияланған мақаладан үзінді берілген. Бұл жолдарды төтенше бір тебіреніс сезіммен оқисыз: ..Жүсіпбектің «Тәрбиеге жетекші» кітабы-жыл құсы. Бұл кітаптың тілі өте жеңіл. Баспасы анық. Кітап аяғында пән сөздерінің қазақшасы тізілген… 
…Жүсіпбек кітабы ескі сарынмен емес, жаңа сарынмен жазылған. Осы күнге шейін ғылымның оқыту, тәрбие туралы шығарған қорытуының Жүсіпбек қазақ оқытушыларына ең керегін алып жазған. Кітапта «қиын» (теория) аз, іс жүргізу жағы басым. Бұл кітапты оқып шыққан кісі мектептің мақсатымен де танысады. Қалай іс жүргізуін де біледі. Кітап оқытушыларға жақсы жетекші. Баланы қалай оқытуын да үйренеді. Оқытудың тәртібі жайынан тәрбие алмаған мұғалімдер түгіл, оқу жолына маман оқытушылар да бұл кітапты дұрыстап оқуы керек…Бұл кітап педтехникумдарда, пединституттарда, оқу құралы болуға жарайды. 
 Бұл кітап әр оқытушы үстелінің үстінде жатуы керек. Әр мектептің кітапханасында болуы керек.Нәзір Төреқұлұлының Мәскеуде 1925 жылы жарық көрген кітабы - «Жаңа Әліпби неге керек?» деп аталады екен. Бұл кітап туралы көрсеткіште былай деп жазылған: «Жаңа Әліпби неге керек? Тас дәуірінен бастап Әліпби тарихы жайынан сөйлейді. Арабтың жазуы тарихынан, араб жазуының өзгеруінен сөз ашады. Түркі елдерінің ескі жазулары туралы сөйлеп келіп, жаңа Әліпбилердің шығуы, өзгеруі тарихына көшіп көп мағлұмат береді. Латын Әліпбиінің артықшылығын дәлелдейді».Ғасырымыздың жиырмасыншы жылдары ақын-жыраулардың мұраларын, аңыз - ертегілерді, эпостарды дүркін - дүркін басып шығару дәстүрі сабақтаса түскен бір сәтті кезең болған тәрізді. Көрсеткішке Мұхтар Әуезовтің, Жүсіпбек Аймауытұлының, Қошмұхамбет Кемеңгерұлының, Уәлихан Омарұланың, Бейімбет Майлыұлының, Ыбрай Құнанбайұлының, Мағжан Жұмабайұлының, Өтебай Тұрманжанұлының тағы да бірқатар қазақ қаламгерлерінің осы бір кезеңде шыққан кітаптары енген [10,б.89]. 
Қалың жұрт жылдар бойы көз жазып, адасып қалған асыл қазыналарымызды қамаудан қапастан шығарып, халықтың өзіне қайтарып беруде М.Дулатұлы көрсеткішінің қосатын үлесі өлшеусіз зор. Бұл деректердің қазақ кітабы тарихындағы «ақтандақтарды» аршып, шындықты қалпына  
келтірудегі маңызы өзінен - өзі түсінікті. Сөзіміз дәлелді болу үшін тағы да бір мысалға назар аударайық. Ұлтымыздың ұлы перзенті Әлихан Бөкейханұлының қалың оқырмандарға бұрын беймәлім болып келген туындыларының бірқатарын осы көрсеткіш арқылы білеміз. Біріншіден, жоғарыда айтылып өткендей, Ә.Бөкейханұлы (әдеби бүркеншік аты Қыр баласы) «Ер Тарғын», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» жырларын ел ауызынан жазып алып, кітап етіп шығарған. Осыдан-ақ Әлекеңнің халқымыздың бай фольклорын зерттеп, жинауға көп көңіл бөлгенін көреміз. Ол «Қозы Көрпеш - Баян сұлу» кітабына жазған беташар сөзінде былай деп тебіренеді: «…Қозы Көрпеш - Баян сұлудың » жайылмаған жері жоқ десе де болады. Қозы Көрпеш - Баян Ертіс аяғы Тобыл татарында, Күншығыс Түркістаны тараншыда, Түркістанда, Сарыарқада, Алтайда, Ұранқайда, Оралда, Башқұртта, Кавказда, Шешенде, Осетинде бар. Қозы Көрпеш - Баян біздің түрік баласының сүйген ертегісі. Норманға Фауст қандай болса, түрік баласына Қозы Көрпеш – Баян сұлу сондай». 
 А.Байтұрсынұлының ел аузынан жазып алып, шығарған «Ер Сайын» кітабына Қыр баласы - Ә.Бөкейханұлы жазған Потаниннің өмірбаяны енген. Көрсеткіштегі басылымдардың ішінде Л.Н.Толстой «Қажымұрат», Мәскеу, 1924., Л.Н.Толстой «Кавказ тұтқыны», Мәскеу,1925., В.Г.Короленко «Макардың түс» Мәскеу, 1923. Көрсеткіштің екінші бөліміне 1926 жылдың қаңтарынан 1927 жылдың маусымына шейін Қызылордада, Ташкент, Мәскеу және басқақалаларда қазақ тілінде шыққан 212 кітап кірген. Бұл кітаптар да тарау - тарау бойынша сараланып, олар туралы толық мәліметтер келтіріліп отырған. Бұдан біз кітаптардың тақырып, жанр өрісі кеңейіп, түрлене бастағанын ойлаймыз. Оны тәптіштеп жатудың қажеті жоқ қой деп ойлаймыз. Тек бұған көз жеткізу үшін мысал ретінде кітаптағы үш басылымға ғана тоқталып өтейік. Бұл ең алдымен «Қазақша-орысша тілмаш» кітабы. Құрастырушылар: Кемеңгер, Бұрақы, Байтас, Байқасқа, Байқаман, Дәулетбек, Кемеңгерұлы, Мәскеу, 1926.Келесі басылым - бұл Нәзір Төреқұлұылның «Жат сөздер» атты тамаша туындысы. Мәскеу, 1926. Бұл туынды туралы кезінде «Еңбекші қазақ» газетінің бетінде мақала басылған екен. Осы мақаладан мынандай дәйек сөз алынған: «Нәзір жолдас кітапшасында түрлі дәлелдер келтіріп, қазақ тілі қалай таза сақтауын түсіндіреді. Кітап дәлелді, түсінікті, және дер кезінде жазылған. Қазақ тілін ардақтағысы келген, өз тілін дұрыстағысы келген адам, тіл бетіне секпіл салып, аттарын бұзғысы келмеген адам Нәзір кітабын оқып ойлану керек…» (Еңбекші қазақ газеті», №80). Осынау бір киелі сөздер нақ бізне, қазіргі ұрпаққа арналып жазылғандай кереметтей асқақ естіледі. Үшінші кітаптың да құндылығы, сонылығы оның атынан-ақ көрініп тұрғандай. Ол - «Балаларға тарту» деп аталған. Бірінші оқу құралы орнына. Екінші басылуы, Ленинград, 1927. Бұл оқулық туралы да газетте басылған мақаладан үзінді беріліпті. Сондықтан біз де осы үзіндіні оқиық: «..Қазақ мектебі оқу кітаптарына мұқтаж. Байтақ бұқарасы оқитын баспасөзге мұқтаж. Әйтсе де бұл күнге шейін аз да болса бұқараға газет, журнал, басқа әдебиет тарады. Бүгінге шейін жалаңаш жатқан жағымсыз балалар дүниесі, бұл күнге шейін балаларға арналған қазақша кітап жоқ. Мәдениетті елдерде балалар әдебиеті бай болады. Олардың балалары туғаннан бастап дегендей, сурет, ойыншық, кітап сықылдылармен таныса бастайды. Бұл баланың тәрбиесін толықтырады…Кітапта үш бөлім: Бірінші бөлімі - балалардың мектепке кірместен бұрын пайдаланатын материалы. Екінші бөлімде мектепте оқып жүргенде пайдаланатын метериалдар. Үшінші бөлімде күлдіргі, тақпақ, жұмбақ сықылдылар. 
Бұл кітапты қызығып оқып шықпайтын, иә аузынан сілекейі ағып тыңдамайтын бала болмаса керек..» («Еңбекші қазақ» газеті. 1926, №137). 
Халқымыздың ардақты перзенті Міржақып Дулатұлының әуелі сонау 1926, осыған іле - шала 1927 жылы жарық көрген «Қазақ тілінде басылған кітаптардың көрсеткіші» атты аса бағалы кітабы туралы айтылар сөз көп. Мәңгілік мұрамыз ретінде оның беттерін әлі талай мәрте парақтап, әрдайым рухани байып отырарымыз айдай анық. Көрсеткіштің екінші бөліміндегі «Басқармадан» деп айшықталған сөз басында «Ол кітап Мемлекет баспасы 2 мыңдай артық басса да бұл күнде тарап болып, дымы қалған жоқ. Көрсеткішті әркім үстел үстінде ұстайтын болды» делініпті. Шынында да, зиялыларымыздың барлық асыл мұралары тәрізді, бірегей бұл көрсеткіш те әрқайсымыздың асыл қазынамыз, айнымас серігіміз, дана ақылшымыз бола бермек. 
 
2.3 XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың I жартысындағы 
қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні 
(«Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы негізінде)  
 
 Баспасөз – қазақ халқының қоғамдық -әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті.  
XIX ғасырдың II жартысы мен XX ғасырдың жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні орасан күшті. Осы кезеңде қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен әсіресе, «Қазақ» газеті мен «Айқап» журналы болды. Әрине, бұдан аталмыш осы газет-журналдан басқа баспасөздер болған жоқ деген ой тумайды. Барлық баспасөздің өзіндік орны, мақсат-міндеті, саясилығы, қоғамдық-әлеуметтік мәні бар. Біз 19 ғасырдың 2 жартысы мен 20 ғасырдың 1 жартысындағы қазақ баспасөзінің ішінде «Қазақ» газеті мен «Айқап»! журналына тоқтала кетейік. 
Тройцк қаласында 1911 жылдың қаңтарында жарық көрген журнал - «Айқап» журналы. Оның шығарушысы, редакторы демократ ақын, жазушы Мұхаметжан Сералин болды. Ол журналды алғаш жұрттан қарызға ақша алып, пайда серіктікке пай жинай жүріп шығарды. Біраз уақыттан соң журнал өз қаражысымен шыға бастады, оған жәрдемдесушілер де табылды. Дегенмен қаржының тапшылығынан ол алғашқы жылы айыны бір реттен, кейде шағын көлемді болып жарық көрді. 
Жәрдемдесушілер көбейіп және өзі қаржыға ие болғаннан кейін, яғни 1912 жылдан бастап журнал айына екі реттен, 12-24 бет көлемде шықты. Профессор Қ.Бекхожиннің дәделдеуінше «Айқаптың» тиражы 1000 дана болған. Жалпы, журналдың бес жыл ішінде 89 саны жарық көрген. 
«Айқаптың» алғашқы санындағы «Қызмет иесі мырзалар» деген мақалада: «Журнал шығарудағы мақсат-атақ шығару, білім сату емес, халыққа қызмет ету болды…Журналымызға «Айқап» деп есім бердік…Біздің қазақтың «Айқап» демейтұғын қай ісі бар ! «Қап !» дегізген, қапияда өткен істеріміз көп болған соң журналымыз өкінішімізге лайық «Айқап» болды»,-деп жазылды. 
«Айқап» әр материалдың мазмұны мен тақырыбына жете көңіл бөліп отырды. Бірінші бетіне елдің ішкі өмірінде болған жаңалықтар, ресми хабарлар, екінші, үшінші беттерінде "«шық хат"»деген айдармен оқырмандар хаттарын жариялаған. Проблемалық мақалалар (жер туралы, сиез, сайлау т.б)., тақырыптар бойынша 4-6 беттеріне орналасқан. «Фельетон», «Хабарлар» сияқты айдарымен материалдар журналдың орта тұсынан орын алды. Ал шетел жаңалықтарын, көңіл айтулар мен басқармадан ескертулерді, жаңа кітап туралы рецензияларды журналдың соңғы беттерінен оқуға болатын [22,б.137]. 
«Айқаптың» «Өлең-жыр», «Фельетон», «Хабаршыларымыздан», «Ашық хат», «Басқармадан жауап» деп аталған тұрақты айдарларының болуы оның жұмысындағы ұқыпытылықты, жүйелікті танытады. Журналдың безендіру мәселесіне де жете көңіл бөлгенін жоғарыдағы айдарлар бойынша жарияланған материалдан айқын аңғаруға болады. 
«Айқап» өз кезеңіндегі үздік журнал болды. Оның әр санын жұрт асыға күтті. Оған Қазақстанның барлық облысынан және Астрахань губерниясына қосылған Бөкей Ордалары мен Кавказ округына қарайтын Маңғыстау, Атырау, Оралдан үзбей хат келіп тұрды. Әсіресе, Ақтөбеден, Қостанайдан, Қызылжардан, Торғайдан, Көкшетаудан, Қарқаралыдан, Семейден, Аягөзден, Қапалдан, Шиеліден, Қызылордадан, Жамбылдан, Шымкенттен, Зайсаннан мақала жиі жарияланды. 
Журнал бетінде кейде «Одан-бұдан», «Мұсылмандар түсінуге тиісті мәселелер» деген айдарлар бойынша да материал жарық көрді. Кейін оларды алмастырған «Хабарларымыздан», «Хабарлар» айдарлары журналдың соңғы кезіне дейін тұрақты шығып тұрды. 
«Айқаптың» хатшысы болып 1911-1912 жылдары Әкірам Ғалимов, 1913-1914 жылдары Сұлтанмахмұт Торайғыров істеді. Қызметкер, тілші, автор болып Жиһанша Сейдалин, Спандияр Көбеев, Сәкен Сейфуллин, Бейімбет Майлин, Сәбит Дөнентаев, Бақытжан Қаратаев, Молдағали Жолдыбаев, Бекмырза Бекжанов, Нұралдин Айтмұқанбетов, Есенғали Хасаболатов т.б. қатысты. «Айқап» және оның редакторы сол кездегі саяси-әлеуметтік мәселенің ең бастысы-жер мәселелесі екенін жақсы түсінді. Мұны олар бектік-феодалдық қалдықтарына қарсы күрес барысында батыл көтере білді. 
1867 жылы 11 шілдеде «Жетісу және Сырдария облыстарын басқару жөнінде уақытша ереже» шықты. 1868 жылы 21 қазанда «Орынбор және Батыс Сібір генерал-губернаторларының қырлық облыстарын басқару туралы уақытша ереже» бекітілді. Барлық жер мемлекет меншігі, тек хан тұқымдарына патша «сыйлаған» жер ғана жекеменшік боп танылды. 1895 жылдан 1906 жылға дейін «Щербина экспедициясы» патшаға қазақ даласының ең шұрайлы жерлерін мәлімдеп отырды. 1870-1890 жылдары ұйғырлар мен дүнгендер көшіп келді. Осыған байланысты ұлт араздығы да күшейе түсті. Түтін, мал, егін, т.б. салықтар және тасымал саудасы бұрынғыдан да артты. 15 тиындық ұстара бір қойға, 6-7 сомдық самауырын 20-25 сомға дейін сатылды. 
«Айқап» осындай тонаушылық саясатының барынша белең алған тұсында жарық көрді. Сондықтан да бұл мәселелерді кеңінен жайды. Отырықшылық өмірге көшу, поселка, қала салу, егіншілікпен айналысу жөнінде пайдалы ұсыныстар жасап, кеңестер берді. Журналдың 1911 жылғы екінші санында жарияланған «Қазақ халқының мұқтаждығы» деген бас мақалада әуелі қолға алатын мәселе жер мәселесі екеніне назар аударып, отырықшылыққа көшіп, егіншілікпен айналысу қажеттігін насихаттады. Айқаптың» 1912 жылғы 31-санында патша өкіметінің басқару-әкімшілік істері жөніндегі отаршылдық саясатын сынаған бас мақала жарияланды. Онда 1867-1868 жылдардағы Ережелерді патша үкіметінің тек үстем тап өкілдері кеңесімен шығарғанын, комиссия мүшелері-болыс, билер өз пайдаларын ғана көздегені, оны тек марқұм Шоқан Уәлиханов ғана әшкерелеп, Дала генерал-губернаторына хат жазғаны, қазақ үшін сайланған халық судьяларының пайдасыз екенін мәлімдегені айтылды [50,б.110]. 
«Айқап» қазақ байларының озбырлығын, еңбекшілердің үстем тапқа, самодержавиеге наразылығын, ашу-ызасын білдіретін материалдарда жарияланды. Мысалы, журналдың 1911 жылға 4-санында «Бөкей ордалықтары» деген корреспонденцияда: «Бұрынғы үй басына жеті жүз десятина жер қазір үй басына жиырма десятинадан келеді. Жарлы болдық дейміз, енді біз жарлы болмай кім жарлы болсын. Әлі біз былай отыра берсек, мұнан да жарлы болармыз»,-деп жазылды. Сондай-ақ «Айқаптың» 1912 жылғы 12-санындағы Хабибулла Мекеровтың «Болыс пен Шотан» әңгімесінде Шотан құл мен болысты сөзбен таластыра отырып, қанаушы таптың ескі феодалдық-патриархалдық өмірді аңсайтынын әшкерелейді, ал құл Шотан бостандыққа жетіп отырықшы болуды қалайды. 
М.Сералин патшаның отарлау саясатының түпкі мақсатын дәл тани біліп, оны жұртқа дұрыс түсіндіруде де білгірлік танытты. Мәселен, оның мына пікіріне құлақ түрелік: «Соңғы он жыл ішінде үкімет…қырғыз-қазақтарды отырықшы қылып өнер үйрететін, өнерге алғызайын, салдырлап көшіп азап шекккенше отырықшы болып жан тыныштық қылсын деп емес, отырықшы болып, 12-15 десятина жер алып, ала алмағандардың жерін кесіп алмақ». Дәл былай батыл пікір айту тек Мұхаметжан тәрізді саналы, ержүрек жанның ғана қолынан келмек. Бұл тақырыпқа «Шідерлі болысының елінің отырықшы болып жер алулары"» деген корреспонденцияда Бақытжан Қаратаев: "«Қара шекпендер қырық тоғыз қала салдырып алды. Қара шекпендерге ең жақсы бірінші дәрежелі жерлер кетті. Жеті руға ең жаман жерлер қалды"» - дей келіп, «көшпелі халық-қабір ұлы» деген сөз бар, көшпелі болмақ балиғалық емес, сәбилік белгісі дейді»,-деп қазақ халқын отырықшы болуға шақырады. 
М.Сералиннің «Отырықшы болған қазақтар туралы» деген мақласында «Жаңа болыстық соттардың қазақы дау-жанжалдарды шешуге икемсіз болып отырғанын мысалдармен дәлелдеп, болыс сот құны 300 сомнан артық мал дауын тексере алмайды. Қазақ арасындағы жесір дауларының құны көбіне 300 сонан асып кететіндіктен дау-дамай қалай шешіледі?», - деп жұртқа сұрақ қояды, ол үшін «Қазақ әдеттері»-деген кітап шығару қажет дегенді айтады. Мақаланың екінші бөлімі отырықшы өмірдің артықшылығына арналған. «Түпкілікті қоныс болуға жарайтұған жерлер шетке кетіп бітетұғын. Қазаққа қолайсыз жерлер қалатұғын. Түбінде мұндай жерде бытырап жүріп оңбаспыз»,-деп автор басына төнген қатерден қорықпай, халық қамқоры дәрежесінде сөйлейді [31,б.179]. 
 «Айқаптың» 1911 жылғы 3-санында жарық көрген Бекмырза Бекжановтың «Қазақтың қазіргі халы» мақаласында артта қалуымызға басты себеп, феодалдық қоғам, ұлттық томаға-тұйықтық, көшіп-қонумен жүріп, көрші елдердің өнегесінен үлгі алмақ екені дұрыс көрсетілген. Осы мақаламен аттас келесі бір материалда озық елдер қатарына қосылу үшін фабрика, заводтар салып, өнеркәсіпті өркендету негізінен тас көмір, темір, шойын алатын, жер қазатын құралдарға байланысты. Ондай жағдайымыз болса, бұл кәсіппен айналысар едік. Орыс, ағылшын, француз елдерінің алға шығып, қуатты ел болып отырғаны да өнеркәсіптің өркендегенінен» - деп дамудың қандай жолына түсу қажеттігіне көңіл аударылды. 
Мұның бәрі сол кезең үшін саяси-әлеуметтік мәні терең мәселелер болатын. Соны журналдың жете түсініп, дұрыс жаза білуі шын мәніндегі үлкен прогресшілдік табыс еді. Халыққа қызмет етуде аса қызмет атқарған келесі бір газет - «Қазақ» Ол - қоғамдық - саяси және әдеби газет. 1913 жылы 2 ақпаннан бастап Орынборда аптасына бір рет, 1915 жылы аптасына екі рет шығып тұрған. Тиражы 3000, кейбір мағлұматтарда 8000-ға жуық жетке. Бірінші редакторы-белгілі ғалым, жазушы, қоғам қайраткері Ахмет Байтұрсынов, екінші редакторы - қоғам қайраткері, жазушы Міржақып Дулатов, бастырушысы-«Азамат» серіктігі Хусаинов-Каримов баспаханасында басылып тұрған. Газеттің 1918 жылғы сандарының редакторы Жанұзақ Жәнібеков. Барлығы 265 нөмері жарық көрді.  
Газетте 20 ғасырдың басындағы қазақ жұртының саяси-әлеуметтік өмірінің ең түйінді мәселелеріне, шаруашылық жағдайын, жер мәселесіне, басқа елдермен қарым-қатынасына, оқу-ағарту, бала тәрбиесіне, әдебиет пен мәдениет, әдет-ғұрып, салт-санаға, тарих пен шежіреге арналған Ә.Бөкейхановтың, Ш.Құдайбердиевтің, М.Жұмабаев пен С.Дөнентаев, Б.Майлин, С.Торайғыров, Ғ.Қарашев, А.Мәметов, Б.Серікбаев, Р.Малабаев, Қ.Қоңыратбаев сынды әдебиетіміздің дамуына үлесін қосқан ардақты ағаларымыздың ғылыми шығармалары, әңгіме, өлеңдері басылып, аудармалар туралы сын мақалалармен қатар Л.Толстойдан, А.Чеховтан, М.Лермонтовтан, В.Короленкодан, Ш.Крыловтан алғашқы аудармалар жарық көрген [11,б.145]. 
Қазақтың басты бағыты ағартушылық мәселесін қамтыды. Өнер, білім, жағынан қалың қазаққа бас-көзі болды. Мысалы, «Оқу жайлы», «Қазақша оқу жайы» атты мақалалар оқудың мән-жайын, маңызын, әсіресе, «Қазақтың шаруасына, бір жатқан, надандықтан кемшілік келгенде, екінші жақтан білімсіздігін көріп тұрғандар басынып, елдігінен, теңдігінен қалдырып, тиісті сыбағасына қиянат істеп тұрғаны санасы бар қазаққа ескерерлік іс еді. Бұл заманда қол жетпегендерді теңдікке жеткізетін, әлсіздерге күш беретін өнер - білім, сол өнер білімге мезгіл өтпей тұрғанда үйренсек, тұрмысымызды түзетіп, басқалардың аяқ астында жаншылмас едік», - десе «орысша оқу орыс қолтығында тұрған жұртқа керек, қазақша оқып, жаза білген соң, шама келсе орысша да білу керек», - дейді. Газет 1913 жылы жариялаған материалдарында оқудың мән-жайын, маңызын айтып көпке түсіндіруге тырысса, екінші 1914 жылғы «Бастауыш мектеп» (№61), «Мектеп керектері» (№62), «Оқу мезгілі» сияқты мақалаларында мектеп, медресе жайларын нақты көрсетіп, мұқтаждарын айтады. 
«Қазақ бастауыш мектебі қандай болуы керек?» және «Ол мектептердің қажеті не?» деген сауалдарға қазақтың ұлы ағартушысы А.Байтұрсынов 20-ғасырдың басында-ақ: «Правила бойынша, қазақ тілімен, қазақ әрпімен бастап оқыт деп отырған балалардың ата-анасы жоқ, халықтың өз тілімен, өз әрпімен оқығанын әркімдер жақтырмайтын болған соң, учительдер өз беттерімен ана тілімен, ұлт әрпімен бастап оқытамыз дей қоймайды. Сөйтіп, правила қазақ жүзінде бар болса да, іс жүзінде жоқ. Бұл айтылғанның бәрі де үкімет өз пайдасын көздегендіктен істеліп тұрған жайлар. Бастауыш мектептер жалғыз үкімет пайдасы үшін болмай, халық пайдасы үшін де боларға керек. Үкіметке керегі мемлекеттегі жұрттың бәрі бір тілде, бір дінде, бір жазуда болу, әр халыққа керегі өз діні, тілі, жазуы сақталуы. Солай болған соң бастауыш мектеп әуелі миссионерлік пікірден, политикадан алыс болуға керек, яғни қазақтың діні, тілі жазуы сұмдық пікір, суық қолдан тыныш боларға керек», - деп жауап берген болатын. 
Жоғарыда біздер «Қазақты» қоғамдық-саяси газет деп атадық. Осыған орай редакция алқасының үкімет саясатының жазылуына көп мән бергендігі байқалады. Ондағы мақсат - қазаққа үкімет жайын, оның не екені, мүдделері түсіндіріліп жиылыс-мәжілістерімен, басты мәселелрмен таныстыру еді. Мысалы, «Г.Дума» (1915 жыл, №145), «23 қаңтар» (1913 жыл, №98), «30 қаңтар» (1915 жыл, №100), Орынбор 22 ақпан» (1915 жыл), «Г.Дума ашылды» (1916 жыл,№169), «Г.Дума» (1916 жыл, №179), «Дума һәм хүкімат» (1916 жыл, №207) атты материалдарда мемлекеттік дума және кеңес жұмыстары жөнінде жан-жақты түсінік берілген [5,б.168]. 
Басылымда бұл мақалалардың көпшілігін Ә.Бөкейханов «Қыр баласы» деген бүркеншік атпен жазған. Мәселен, оның газеттің 1914 жылғы 49-нөмерінде бүркеншік атпен жарияланған бір мақаласынан: «Мұның ғалымды кісілері неше түрлі закон жобасын кітап қылып басып шығарады, сөз білгіш ғалымдарының қызметі кітап басу, шығын партияның байларынікі Г.Думаға партия атынан бұл партияның депутаттары қанша закон жобасын кіргізді. Осы закон жобасының бәрін жалғыз депутаттар емес, Г.Думада жоқ, сыртта жүрген партияның ғылымды білгіші қосылып жазады. Жұма сайын Г.Думада қарайтын жарыс қылып, қарап өтеді. Осы пара жарыста тағы білгіш, ғылымды партияның кісісі болады. Оны былай істеу керек"» - деп ақыл береді. 
Өзге мақалаларда Дума кеңесінде қаралған басты мәселелрдің бірі-соғыс барысы, қару-жарақ жайы сөз болады. Мәселен, газет 6-тамызда болған Дума ақсақалдарының кеңесіндегі «Дума таралуға тиіс пе, жоқ па?» деген жайдың тексерілгенін айта келіп, әр түрлі партия өкілдерінің сөздерін қысқаша түрде беріп отырған. Төрағаның көпшілік Думаны таратпау керектігін, үндету жағында болғанын мағлұм ееді, әрі кеңес қаулысының мынадай: 1) табысқа қарай салық салу; 2) мемлекеттік банкінің правосын арттыру; 3) босқындарға жәрдем; 4) екінші разряд опалчиндерді соғысқа алу және т.б. жобаларды қабылдау туралы тоқтамға келгенін жазады. Кезінде басылым әскери цензураның қатаң бақылауында болған. Оны «Қазақтың» әр нөмерінде «дозволено военной цензурой» деген бұрыштамадан көреміз. Мысалы, газетте 1914 жылғы тамыздың үші күнгі нөміріндегі бас мақала жарияланбай қалған. Осыған байланысты «бас мақала редакцияның рұқсат етпеуінен басылмай қалды» деп жазған [5,б.182]. 
Сондай-ақ «Қазақтың» бетінде жарияланған әрбір мақаланы, хабарды барынша мұқият тексеріп отыруды, баспасөз заңын бұзса, редакторларын жауапқа тартуға, соттауға бұйырған баспасөз ісінің бас басқармасы граф Татищевтің Орал, Орынбор губернаторларына жазған құпия хаттары архивте сақталған. Онда «Қазақ» газетін тексеру-бақылау жұмысын Торғай облыстық басқармасының тілмашы, татар тіліндегі мерзімді баспасөздерді бақылаушы Тұңғанчинге тапсыру қажеттігі жайында Орынбор губернаторы, генерал-лейтенант Сухамлиновтың бұйрығы да бар. 
Міне, патша өкіметінің осындай жазалаушылық шараларынан «Қазақ» көп қиянат көрген. Мәселен, газет өзінің 1914 жылғы 78 нөмірінде жарияланған «Алашқа» және 79 нөміріндегі «Ресейдегі ұйымшылдық» деген мақалаларында қоғамда болып жатқан шындықтың бетін ашып көрсеткені үшін, патша саясатына қарсы шықты деп А.Байтұрсыновты екі жылға соттау үкімі шығарылған. Сондай-ақ «Бұл қалай?» мақаласы үшін редакторға 50 сом айып салып немесе екі апта абақтыда отыру кесілген. Ал «Заң жобасының баяндамасы» деген мақаласы үшін Орынбор генерал-губернаторы А.Байтұрсыновқа 1500 сом айып немесе үш ай түрмеге кескен. Осындай салиқалы қиындықтарға қарамастан газет 1918 жылдың қыркүйек айына дейін үзбей шығып тұрған. Қазақтың ұлттық баспасөзінің қалыптасу дәуірінде мұндай ұзақ уақыт жарық көрген басылым жоқ. Оның 265 нөмерінің әрқайсысы қазақ тарихындағы ояну дәуірінің күнтізбегі іспеттес. Замана шежіресіндей болған басылым Омбы атқару комитетінің 1918 жылғы 4 наурыздағы Орынбор Советіне берілген: «..просим немедленно закрыть газету» деген нұсқауы бойынша көп ұзамай жабылды. Сөйтіп, патша үкіметінің отаршылдық саясатына бағынбай толассыз шығып тұрған басылым Кеңес өкіметі тұсында бір жола тоқтатылды 
  
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ҚОРЫТЫНДЫ 
 
ХХ ғасырдың басы – қазақ халқының тарихында бүкіл қоғамдық ой-пікірдің өрлеуіне мүмкіндік туып, Ресей патшалығы әдейі тұмшалаған ұлттық сананың ояну дәуіріне жол ашқан кезең. Ендеше, осы тұста ұлттық сананың ең өнімді саласы - әдебиеттің, қоғамдық сананың көрсеткіші – баспасөздің күрт алға басуы заңды нәрсе. 
 Халқымыздың саяси-әлеуметтік, әдеби, мәдени ой- пікірін оятып, қалыптастыруға септігін тигізген ұлтымыздың кейінгі жүз жылдан аса тарихының сырлы шежіресі – қазақ баспасөзі ХІХ ғасырдың 2-ші жартысында «Түркістан уалаяты», «Дала уалаятының газеті» болып патшалық Ресей үкіметінің үкімімен дүниеге келді. 
 Қазақ баспасөзінің іргетасын қалаған «Түркістан уалаяты» газетінің соңын ала Орта Азия халықтарының тіліндегі газет-журналдар шыға бастады. Соның бірі «Дала уалаяты» газеті болды. Өзінің бағдарламасына сәйкес газет ресми түрде патша үкіметінің бұйрық – жарлықтарын, заң – закондарын әкімшілік басқару істерін жариялайтын басылым болды. 
 Газет қазақ халқының қоғамдық-әлеуметтік ой-пікірін оятуға, мәдени-әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер етті. Саяси-экономикалық мәселелермен қатар оқу-ағарту ісінің жай-күйі, өнер-білімнің пайдасы, орыс мәдениетінің жетістіктері, қазақ әдебиетінің хал-қадірі, қазақ зиялылары мен ғалымдарының өмірі жайында бірқыдыру тарихи мақалалар, хабарлар жарияланды.  
 Орыстың революцияшыл-демократиялық баспасөзі мен публицистикасы мен журналистикасының негізін қалады. Орыс баспасөзінің әсерінде қазақ тілінде «Қазақстан», «Серке», «Қазақ», «Алаш», «Бірлік туы», «Сарыарқа», «Ұлан», «Үш жүз», «Тіршілік» және т.б. газет- журналдар шығып, қазақ халқының дүниетанымына әсер етіп, көзқарастарын кеңейтіп, прогрессивтік ағартушылық бағытта үлкен қызмет атқарды. 
 Қазақстанда ұйымдастырылған социал-демократиялық топтар мен ұйымдар өлкедегі революциялық қозғалысқа басшылық етті, сонымен қатар олар жергілікті басылымдарды пайдалана отырып, өздерінің дербес баспасөз органдарын құрды. 
Патша самодержависінің отаршылық саясатын батыл әшкерлеп, пролетариатты оған қарсы әзірлеуде аса маңызды рөл атқарған газеттер Лениндік «Искра» , «Новая жизнь», «Орал», «Трудавая жизнь», «Степная жизнь» еңбекшілердің саяси оянуы туралы үнемі хабарлап, бұл фактілерге айқын большевиктік баға беріп отырды, сөйтіп ұлт-азаттық қозғалысқа жергілікті партия ұйымдарының дұрыс басшылық етуіне жөн сілтеді. 
 1905 – 1907 жылдардағы Қазақстан большевиктік баспасөзі, қазақ еңбекшілерін революциялық күреске қатыстыруда үлкен рөл атқарды. Қозғалысқа басшылық етуде бұл баспасөздер жергілікті партия ұйымдарының жауынгер қаруы болды. 
 Большевиктік баспасөздері «Социял-демократ», «Звезда», «Правда» - Қазақстан еңбекшілерінің азаттық жолындағы күресі туралы үнемі хабарлап отырды. Орыс және қазақ еңбекшілерінің ауыр халі мен күресін жазған баспасөзхалықтың таптық ынтымақ сезімін шыңдады. Большевиктік идеалдардың ұшқындары көрінген қазақтың демократиялық баспасөздері пайда болды. «Қазақстан» газеті, «Айқын» журналы қазақтың қоғамдық ой-пікірін, әдебиеті мен публицистикасын Ш. Уалихановтың, Ы. Алтынсаринның, А. Құнанбаевтың ағартушылық дәстүрлері негізінде дамытты. 
 1915 – 1918 жылдары Уфадағы Рама медресінде оқып жүрген қазақ жастары Б. Майлиннің ұйымдастыруымен «Садақ» журналы шықты. 1913 жылы «Елім» газеті. Росиядағы революциялық қозғалыстың жаңадан өрлеуі және дүниежүзілік бірінші империалистік соғыс кезінде большевиктік баспасөз, демократиялық бағыттағы қазақ баслымы Қазақстан еңбекшілерін самодержавиеге қарсы аттанысқа орыс пролетариаты, оның серігі еңбекші шаруалармен бірлесіп шығуын әзірлеуде елеулі қызмет етті. 
 ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзінің саяси-қоғамдық және әлеуметтік мәні орасан күшті. Біз бітіру жұмысында, әсіресе қазақ қауымы үшін қызмет көрсеткен «Қазақ» газеті мен «Айқын» журналының қызметіне ерекше тоқталдық. 
 Ахмет Байтұрсынов, М. Дулатов, Әлихан Бөкейханов, М. Тынышпаев сияқты қазақтың біртума талаптар шоғырын осы газеттер арқылы үзеңгі қағыстыра мәдениет майданына шығуы ұзақ уақыт отар болып келген елдің қордаланып қалған келелі мәселелерін көтерді. 
 Қорыта келгенде, ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы қазақ баспасөзі – қазақ халқының қоғамдық - әлеуметтік ой – пікірін оятуға, мәдени - әдеби дүниетанымын қалыптастыруға, кеңейтуге едәуір әсер еткен рухани құрал қызметін атқарды. 
 Жалпы баспасөз атаулыға тән төл ерекшелік үгіт – насихат қызметін атқару барысында салмақтанады. Сондықтан да болар әр жылдары жарық көрген басылымдар – еліміз тарихының әр күні, айы мен жылының жылнамасы іспетті. 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
 
ПАЙДАНЫЛҒАН ӘДЕБИЕТТЕР  
 
1 Асылбеков М.Х. Патша үкіметіне қарсы қазақ тіліндегі өңдеу өлең туралы /  
 М. Х.Асылбеков // Қазақ ССР Ғылым акад-ң хабарламасы, тарих, археология және этнография сериясы. – 1960. - №3. – 3 бет. 
2 Асфендияров С. Иcтория Казахстана / С.Асфендияров. – Алматы: Қазақстан, 
  1991. – 225с. 
3 Әбілдаев И. «Социалистік Казахстан» газеті Ұлы Отан соғысы жылдарында  
  / М.Әбілдаев. – Алматы: Қазақстан, 1964. – 126 бет. 
4 Әбдіманов Ө. Қазақ газеті / Ө.Әбдіманов. – Алматы: Қазақстан, 1993. –  
  168бет. 
5 Әбілқасымов Б. Алғашқы қазақ газеттерінің тілі / Б.Әбілқасымов. – Алматы:  
  Мектеп, 1971. – 241бет. 
6 Әшірбаев Б. Баспасөз дамуының қазіргі шындығы оның түп-төркінін тануда. 
  / Б.Әшірбаев // Қазақ әдебиеті. – 2000. -№11. – 5-6 бет. 
7 Байтұрсынов А Шығармалары. / А.Байтұрсынов. – Алматы: Жазушы, 1989. –  
  283бет. 
8 Баянов З. «Лениндік» Правданың тілшісі . / З.Баянов. – Алматы: Қазақстан,  
  1974. – 218бет. 
9 Бейсембаев С.Б Вопросы историй Компартий Казахстана. / С.Б.Бейсембаев.– 
  Алматы: Ғылым, 1961. – 198с. 
10 Бектемісов Ә Жан азығы. / Ә.Бектемісов. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 144б. 
11 Бекхожин Х Қазақ баспасөзінің тарихының очеркі / Х.Бекхожин. – Алматы: 
  Ғылым, 1981. – 191бет. 
12 Валиханов.Ч.Ч Собрания сочинений. / Ч.Ч.Валиханов. – Алматы: Ғылым.–  
  Т.1., 1989. – 389с. 
13 Дала уалаяты. - №12. – 1894. – 4 бет.   
14 Дала уалаятының газеті / Киргизская степная газета. / Құраст. Субханбердина. – Алматы: Ғылым, 1994. – 816 бет. 
15 Дулатова.Д Шоқан – тарихшы. / М.Дулатова. – Алматы: Казахстан, 1976. – 
  67бет. 
16 Жақсыбаева Р. Баспасөз тілінің ерекшеліктері. / Р.Жақсыбаева // қазақ тілі  
  мен әдебиеті. – 1999. - №3. – 20-22 бет. 
17 Игенбаев А. Батыр Красной гвардий. / А.Игенбаев. // Казахстанская правда 
  1977. – 9 апрель. 
18 Игенсартова Ә.Тәуелсіз Қазақстан баспасөзі. / Ә. Игенсартова. – Алматы:  
  Санат, 1997. – 120бет. 
19 Исаев С. Қазақтың мерзімді баспасөз тілінің дамуы. / С.Исаев. – Алматы:Қазақстан, - 1983. – 180бет. 
20 Исмағұлов Р. Уақтылы татар мажбұғаты. / Р.Исмағұлов. – Алматы: Рауан, 
  1966. – 346 бет. 
21 Кәкішев Т. Қағидаға айналған қателер. / Т.Кәкішев. – Алматы: Нәубет, 1990.  
  – 205бет 
22 Кенжебаев Б. Қазақ баспасөзінің тарихынан. / Б.Кенжебаев. – Алматы: Мектеп, 1950. – 205бет. 
23 Кенжебаев Б. Қазақ халқының 20 ғасыр басындағы демократ жазушылары. / 
  Б.Кенжебаев. – Алматы: Мектеп, 1976. – 200бет.  
24 Қажакеев Т. Жыл құстары. / Т. Қажекеев. – Алматы: Қазақстан, 1991. –   
  240бет. 
25 Қазақстан тарихы. – Алматы: Қазақстан, 1991. – 165 бет. 
26 «Қазақ» газеті. / Бас редакторы Ә. Нысанбаев. – Алматы: Қазақ энциклопедиясы-энциклопедиясы, 1998. – 560 бет. 
27 Қазақ ССР тарихы. Бес томдық. – Алматы: Қазақ ССР-ның «Ғылым» баспасы, 1984. – 728 бет. 
28 Қозыбаев С. Әлем баспасөзі тарихынан. / С. Қозыбаев, А. Рамазанова, Қ. 
  Аллаберген. –Алматы: Санат, 1998. – 300 б. 
29 Қозыбаев М. История Казахстана ССР. / М.Қозыбаев, А.Бекмаханова. – 
  Алматы: Санат, 1991. – 161 бет. 
30 Ленин В.И. Шығармалар толық жинағы. / В.И Ленин. – 3-том, - 634 б.  
31 Мамажанов М. Асыл мұра. / М.Мамажанов. – Алматы: Қазақстан, 1993. –  
  128 бет. 
32 Мұқатаев А. Баспасөз және Еңбек тәрбиесі. / А. Мұқатаев. – Алматы: Қазақстан, 1980. – 114 бет. 
33 Нұрпейісов Е. Қазақстан мемлекеті хандық биліктен президенттік республикаға дейін. / Е.Нұрпейісов, А.Котов. – Алматы: Санат, 1996. – 180бет. 
34 Остроумов Н.П Сарти. / Н.П. Остроумов. – Ташкент, 1896. – 177бет. 
35 Өрелі өнер. – Алматы: Ғылым, 1976. – 170бет. 
36 Русская периодическая печать. – Справочник. – Москва: Просвещение, 1959.  
  – 533с. 
37 Рысбайұлы.К Қазақтсан Республикасының тарихы. / К.Рысбайұлы. – Алматы: Санат, 2001. – 312бет. 
38 Сағымбеков Р. Ажалды жеңген адам. / Р.Сағымбеков // Семей таңы, 1967. – 6 
  – желтоқсан.   
39 Садықұлы.С Баспасөзде билік бар ма? / С.Садықұлы // Ақиқат. – 200. - №2 –   
  5.- 35 – 39бет. 
40 Салқынбек Т. Қазақ халқының рхани дүниесі . автореф. – Алматы, 2002. – 
  29б. 
41 Самарская газета 1895. - №49 
42 Сармурзин.А Бөкейханов және тарих шындығы. / А.Сармурзин, В.Григорьев // Қазақ әдебиеті, 1989. -7 шілде 
43 Сармурзин А. Халықтың жарық жұлдызы. / А.Сармурзин // Жұлдыз. – 1990.  
  – №9 - 15-19 бет. 
44 Социал – демократ, 1911. – 1 - қыркүйек 
45 Субханбердина У. Дала уалаятының газеті: 5 томдық / У.Субханбердина. –  
  Алматы Ғылым, 1989. - 199бет. 
46 Субханбердина.У Қазақ халқының атамұралары / У.Субханбердина. – Алматы: Арыс, 1999. – 470бет. 
47 Труды общества изучения киргизского края. Вып 3. - Оренбург, 1922. – 24с. 
48 У истоков Коммунистической партий Казахстана. Ч.1. Алматы: Казахстан,   
  1966. – 216с. 
49 Фетисов М.И. Зарождение казахской публицистики / М.И.Фетисов. – Алматы: Жазужы, 1985, - 237 бет. 
50 Ыдырысов Т. Баспасөз - өмір айнасы. / Т.Ыдырысов. – Алматы: Казахстан,  
  1977 – 204бет. 
51 Ысмағұлов М. «Қазақстан» газетінің шығу тарихы мен идеялық мазмұны . –  
  Қазақ ССР 6 – том, 1962. – 633бет. 
52 Ысмаилов Е. Революционер ақын Сәкен Сейфуллин . / Е.Ысмаилов // қазақ 
  әдебиеті 1936. – 12 шілде 
53 Ысмаилов Е. Сәкеннің өмір тарихы. / Е.Ысмаилов // Қазақ әдебиеті. - 1968. –  
  10 шілде 
 
 
С.Аманжолов атындағы Шығыс Қазақстан Мемлекеттік Университетінің 4«И3» курс студенті Тұрғанбаев Әсеттің «ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы Қазақстан баспасөзі» тақырыбындағы  
бітіру жұмысына 
С Ы Н - П І К І Р 
  Қазақ баспасөзі – халықтың саяси - әлеуметтік , әдеби, мәдени, ой – пікірін оятып, қоғамдық ойдың қозғаушы күші қызметін адал атқарып келе жатқан ұлтымыздың сырлы шежіресі. 
Бір жарым ғасырға таяу ғұмыры бар қазақ баспасөзі халқымыздың тағдырымен біте қайнасып, бірге жасасып келеді.  
 «ХІХ ғасырдың ІІ жартысы мен ХХ ғасырдың І жартысындағы Қазақстан баспасөзі» атты тақырыпқа жазылған бітіру жұмысы осы кезеңдегі баспасөздің мақсат – міндеттері мен атқарған қызметі жөнінде, қазақ баспасөзінің дамуындағы орыс баспасөзінің әсері мен алғашқы қазақ баспагерлері туралы терең тарихи тұрғыдан қарастырған еңбек болып табылады.  
 Студент Әсет Тұрғанбаевтың бітіру жұмысы барысында көптеген ғалымдардың еңбектерін орынды да, ұтымды пайдаланып, көп ізденіп, талаптанғаны көрінеді.  
 Бітіру жұмысы барлық талапға сай, жоғарғы деңгейде бағалауға болатындай етіп жазылған.  

Жалпы тарих және халықаралық 
  қатынастар кафедрасының аға оқытушысы Р.Қ.Нурбекова  


Информация о работе Қазақ баспасөзінің шығу тарихы