Абылай хан

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 08 Декабря 2013 в 15:53, реферат

Краткое описание

Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы. Ұлт тарихында қазақ мемлекеттілігін құрып және оны сақтап қалуда ерекше саяси қызмет атқарған билеушілердің қалың қатары бар. Халық жадында, сондай-ақ, тарихи деректерде сақталған сол қалың топтың ішінде биік қарағайдай көзге түсетін айтулы тұлғалар кездеседі.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Абылай хан.docx

— 36.01 Кб (Скачать документ)

Абылай хан, Әбілмансұр (1711-1781) - қазақ ханы, ұлы мемлекет қайраткері, қолбасшы және дипломат. Арғы тегі Жошы хан, бергі бабалары Қазақ даласының негізін салған Әз-Жәнібек, одан соң Еңсегей бойлы Ер Есім хан, Салқам Жәңгір хан. Абылай - Жәңгір ханның бесінші ұрпағы.  Ұлт тарихында қазақ мемлекеттілігін құрып және оны сақтап қалуда ерекше саяси қызмет атқарған билеушілердің қалың қатары бар. Халық жадында, сондай-ақ, тарихи деректерде сақталған сол қалың топтың ішінде биік қарағайдай көзге түсетін айтулы тұлғалар кездеседі. Оларды тарих сахнасындағы атқарған қызметіне қарай хронологиялық тәртіппен «ат қойып, айдар тағып» түгендейтін болсақ, ол былай түзелген болар еді:

 

1.Хандық басқару орталығы  Еділ-Жайық бойына орналасқан Жошы ұлысындағы көшпелі Өзбек хандығынан өзіне қарасты ру-тайпаларды бөліп алып, сауда-саяси орталығы Ташкент-Түркістан маңына шоғырланған Шағатай ұлысындағы көшпелі Моғолстанның шекаралық аймағында (Шу өзенінің маңында) жеке Қазақ хандығын құрған Керей мен Жәнібек (ХҮ ғ.);

 

2.Моғолстандағы жаңа қоныста  жақтас пен тілеулес тауып  күшейген Қазақ хандығын Жошы  ұлысының Еділ-Жайық бойына қайта  орналастыруға ұмтылған Жәнібекұлы Қасым хан («Қасым ханның қасқа жолы» (ХҮІ ғ.));

 

3. Сыр бойындағы ескі  қонысты (Ташкент-Түркістан) жаңа саяси орталыққа айналдыра білген Есім хан («Есім ханның ескі жолы» (ХҮІІ ғ.));

 

4.Түркі тектес жеті  жұртты (қазақтың үш жүзі және  қырғыз, қарақалпақ, қатаған, жайма  руларын) жоңғарға қарсы жұмылдыру  мақсатында «Жеті Жарғыны» қабылдатқан  Әз-Тәуке хан (ХҮІІ ғ. соңғы  ширегі));

 

5.ХҮІІІ ғасырда шығыстағы  жоңғардың жойқын шабуылдарының  бетін қайтарып, Аңырақай соғысында  жеңіске жеткен, батыстағы қалмақты  Еділ-Жайықтан асырған, башқұртты Оралдың ішкі аймағына қарай ығыстырған, Орта Азияға ентелеп кіріп жатқан Ресей патшалығымен тиімді келіссөз жүргізе білген Әбілқайыр хан;

 

6.Ресей мен Қытай арасында  амал-айла құралымен қазаққа тиімді  саясат жүргізе отырып аталмыш  елдермен шектесетін ел шекарасын  сақтап қалуда, күйреген жоңғар  қонысынан қазақтың жерін қайтаруда,  оңтүстіктегі ежелгі қоныстарды кеңейтуде ерекше қажыр-қайрат көрсеткен Абылай хан;

 

7.ХІХ ғасырдағы Ресей патшалығының отарлау саясатына қарсы азаттық күрестің басшысы болған, қазақтың соңғы ханы –Кенесары т.б.

 

Бүгінгі әңгіме арқауы – осы тізбектегі Абылай хан. Атақты тұлғаның ел алдындағы атқарған тарихи қызметі ХҮІІІ ғасырдағы қазақ халқының басынан өткізген оқиғаларымен тығыз байланысты болды. Ол ғасыр қазақтың мемлекеттілігі, тәуелсіздігі, азаттығы қатал сынға түскен уақыт еді. Ел басына алмағайып сын жағдайдың орнауына бірнеше тарихи оқиғалар себеп болды. Олар мыналар: біріншіден, қазақ даласын шығыс пен батыстан қатар қысқан көшпелі жоңғар қалмақтарының жойқын шабуылдары, екіншіден, қазақ билеушілерінің арасындағы тақ күресінен туындаған алауыздық, үшіншіден, империялық пиғылы, ақыл-ойы, ерік-жігері жаулап алу саясатына қарай түбегейлі ауған көрші Ресей мен Қытайдың қазақ жеріне тікелей көз салуы, төртіншіден, Орта Азия хандықтарының қыспағы.

 

Аталмыш жағдайлар қазақ  даласындағы геосаяси мәселелерді  өте қатты шиеленістіріп жіберді. Осындай сын кезеңде Абылай хан үлкен мемлекет қайраткерлігіне тән ерік-жігер, батылдық, батырлық, ақыл-айла танытты. Қазақ елінің тәуелсіздігін сақтап қалуға көп еңбек сіңірді.

 

Абылай ханның саяси қызметіне  бастау болған арқау – оның арғы тегі Шыңғыс ханнан тарайтындығы. Әйтсе  де, хан-сұлтандардың Шыңғыс тұқымынан  шыққандығы жауынгер халық қазаққа хан болуға даңғыл жол ашпайтын. Халықты билеу үшін Шыңғыс тұқымы халыққа оны өзге бәсекелестерінен ерекшелендіретін қасиеттерімен (қазіргі ұғыммен айтсақ, харизмі) ұнауы тиіс. Қазақтың саяси танымындағы бұл құбылысты сол заманындағы орыс шенеуліктері мен зерттеушілері байқаған болатын. Мысалы, орыс патшасының қазақ даласындағы «көзі мен құлағы» болған, даладағы саяси жағдайды жіті бақылап отырған Орынбор губернаторы И.Неплюев қазақ танымындағы бұл ерекшелікті былайша сипаттайды: «Қазақ хандары басқа сұлтандар алдында биліктегі үлкендігінен басқа ешбір артықшылығы жоқ…, ал нағыз хандық билік пен құрмет оның бүкіл халықтық істері мен ақылдылығымен және іс-әрекеттегі амал тапқыш айлалығына байланысты» (Моисеев В.А. Джунгарское ханство и казахи ХҮІІ-ХҮІІІ вв. А., 1991). Ал қазақтар туралы алғашқы көлемді тарихи-этнографиялық еңбек жазған зерттеуші А.Левшин: «Хандық ақсүйектік халық жиынында оған – егер ол ақылымен, байлығымен және тағы басқа қадір-қасиетімен маңайына тілеулестерін жинай алмаған болса – ешқашан басым дауыс алып бере алмайды» (Левшин А.И Описание киргиз-казачьих, или киргиз-кайсацких орд и степей. /Под общей редакцией академика М.К Козыбаева.–Алматы: Санат, 1996.–656 с.),- деп атап көрсетеді.

 

ХҮІІІ ғасырда қазақтың ұнатқан  қасиеттері, қоғамының ең әлеуметшілік сұранымы – батырлық, өжеттілік  пен қайсарлықтан өрілетін жауынгершілік, ой жүйріктігін танытатын ақыл-айла, даналық. Абылайдың бойында осы қасиеттер мол орын алды. Ол ел назарына алдымен батырлықпен, ерлік іспен ілінеді. Оның батырлығы халықтың рухын көтеріп, жауға қарсы күреске жұмылуға ұмтылдырады және сол күрестің ортасында болған қазақтың атақты батырларының жиналуына түрткі болады. ХҮІІІ ғасырдың атақты батырлары (Қанжығалы Бөгенбей, Шақшақ Жәнібек, Қаракерей Қабанбай т.б.) –Абылай ханның қазақ жерін жаудан азат ету қимылдарына, жорықтарына сенімді серіктері болған. Олар әлі елге танылмаған жас Абылайды жорыққа алып шығып, ерлігін сынайды, батырлық ісіне тәнті болып, оны өз орталарынан хан етіп көтереді, ханның сенімді адамдарына айналады. Абылайдың хандық мөрінде батырлық лаузымның «Баһадүр Абылай хан бин султан Уәли» деп таңбаланып, ханның тікелей ұрпағы Ш.Уәлихановтың «Хандар шежіресінде» «Хан Абылай батыр» [Валиханов Ч.Ч. Родословное древо казахских ханов и султанов.// Соб.соч. в 5 т.- Алма-Ата, 1984, Т.4, с.174] деп айшықталып берілуі – оның хандық саяси билікке батырлық, жаугершілік қасиеттерімен көтерілгендігін айғақтайды.

 

Абылайдың батырлық көрсеткен  алғашқы майданы, сөз жоқ, қазақ-қалмақтың  жауынгершілік заманы. Болашақ ханның балалық, жастық шағы жоңғар қалмақтарының 1723-1729 жылдар арлығындағы жойқын шабуылдарына тұспа-тұс келді. Бұл кезеңде қазақ  хандығы Қаратау-Сырдария арасындағы қоныстарынан айырылады. Әз-Тәуке тұсынан  бастап қазақ билігіне көшкен Сырдария өзенінің орта ағысындағы үлкенді-кішілі Ташкент, Сайрам сынды сауда қалаларына қалмақтар билігі орнайды. Бұл қалалар Қазақ хандығының сауда-экономикалық артериясы болды. Сондықтан оның стратегиялық маңызы зор еді. Әз-Тәуке ханға туыстық тұрғыдан немере ағайын болып келетін Абылайдың аталары осы стратегиялық маңызы зор өлкеде билік құрады. Атап айтқанда, Абылайдың атасы Абылай мен әкесі Уәли Ташкентте билейді. Бұл деректі біз айбарлы ханның хатшысы болған, сондықтан оның өмірбаяны мен шежіресін жақсы білетін бірден-бір кісі М.Мәмедовтің 1768 жылы орыс үкіметі өкілдеріне берген хабарламасынан оқи аламыз. «Абылай сұлтанның, – дейді ол, – атасы мен әкесі Ташкент қаласының хандары болған. Қаланы жоңғар қалмақтары жаулап алғанда, он жасар Абылай Түркістан қаласындағы Әбілмәмбетке барады» (История казахской литературы. В 3-х томах. Т.ІІ. А., 1979, с. 41).

 

Ханның хатшысы баяндап  отырған хабарлама тарихи шындыққа өте жақын. Біріншіден, жоңғарлардың Ташкентті жаулап алғаны – тарихи шындық. Бұл оқиға 1723 жылы болады.

 

Екіншіден, Сырдария өзенінің орта ағысындағы қалаларды өзіне қаратқан Әз-Тәуке Ташкент билігін немере інісі Қанішер Абылайға (Абылай ханның атасы) беруі әбден мүмкін еді.

 

Үшіншіден, аталмыш хабарлама  Абылай ханның қай жылы дүниеге келгенін де дәл анықтап береді. 1723 жылы Абылай 10 жаста, 1781 жылы ол дүниеден қайтқанда, баласы Уәли сұлтанның хабарлауынша, 68 жастан 69 жасқа қараған болатын. Қарапайым математикалық амалмен есептесек, ол былай болып шығады: Абылайдың қайтқан жылы – 1781, жоңғарлардың Ташкентті жаулап алған жылы – 1723, Ташкентті жоңғарлар алғанда Абылай – 10 жаста. Демек, 1781-1723-10=1713 жыл. Демек, биыл Абылайдың туғанына тура 300 жыл! Атақты тұлғаның мерейтойын ала-құла атамау үшін, «Өспейтін елдің балалары – өшпейтін дауды қуады» деген қазақтың мақалының кері болмай, тарихи деректермен қуатталған осы датаға біржолата тоқтауымыз қажет.

 

 

Абылай хан кемеліне келіп, күш-қуаты артқан уақытта ата-бабасының қонысын өзіне қаратады. «Абылайдың Ташкентпен және Ходжентпен соғысы, – деп жазады Ш.Уәлиханов,- Жизаққа дейінгі жеті шаһарды алумен тынады. Олардың арасында Әзірет-сұлтан, Сайрам, Шымкент, Созақ және басқа қалалар бар. Ал Ташкент алым-салық төлеп тұруға тиісті болды» (Валиханов Ч.Ч. Аблай.//Собр. соч. в 5-ти томах. Т. ІҮ. А., 1985, с.111).

 

Ташкент және оның маңындағы  шағын қалаларына өз билігінің орнағанын  ол 1771 жылы орыс патшайымы ІІ-Екатеринаға үш жүз Алашқа хан сайланғанын айтып жазған хатын да айтады. Онда ол былай дейді: «Менің ата-бабама туыс болған Әбілқайыр хан мен Әбілмәмбет хан қайтыс болды. Олар дүниеден өткен соң, хан болу жолы маған тиді. Олар қайтыс болғаннан кейін, қазақтың барлық жүзі, яғни Ұлы жүз, Орта жүз, Кіші жүз хандары мен сұлтандары бір ауыздан Ташкенттің кішігірім және үлкен қалаларымен (астын сызған – біз) бірге отырып 1771 жылы Түркістан қаласында, мұсылманның әулие Қожа Ахметтің басында, әдеттегіміздей дұға оқи отырып, мен үш жүз Алаштың ханы етіп сайлағаны хақ» [Казахско-русские отношения XVI-XVIII вв. (Сборник документов и материалов). –Алма-Ата: АН Каз ССР, 1961, с.87].

 

«Қазақ хандары Ташкентке  билік жүргізді» және «Абылайдың аталары Ташкентті биледі» дегенен шығады, кешегі ХХ ғасырдың 20-30 жылдарға дейін қазақтар Ташкентті өзінің қаласындай санады. Алаш зиялылары Ташкентте бас қосып, оны орталық етуге ұмтылды. Өзбекстан құрамындағы бүгінгі Қарақалпақстан сол тұста Қазақстанға қараған еді. Мұндай танымның өзіндік тарихи негізі бар еді. Қазақтардың ХҮІІІ ғасырдың басында Ташкентте билік құрған тарихын былай қойғанда, оның арғы жағында көшпелі Моғолстанның тарихына бойлайтын кезеңі бар еді.

 

Тарихтан белгілі, Қазақ  хандығы Моғолстанның жерінде шаңырақ  көтеріп, олар саяси одаққа айналады. Ташкент Моғолстанның үлкен ханы билік құратын ордасы болатын. ХҮІ ғасырда көшпелі Моғолстан тарих сахнасынан жойылған соң, алғашқыда оған саяси одақ, кейін қарсылас болған Қазақ хандары күйреген орданың жеріне мұрагер болуға ұмтылып, Ташкент және оның маңындағы кішігірім қалалар үшін шайбанилермен ұзақ жылдар кескілескен ұрыс, саяси күрес жүргізеді. ХҮІІ ғасырдың басында Ташкентті Тұрсын хан, Түркістанды Есім хан биледі. Ташкентті билеген Тұрсын «үлкен хан» деп саналды. Бұл қазақ хандарынан саяси пана іздеп келген Хиуа ханы Әбілғазының еңбегінде айтылады. Тұрсыннан билікті Есім хан тартып алды. Ол Ташкентте өзіне қалмаққа қарсы соғыста және үлкен билікке талас жолында саяси одақ болған қырғыз биі Көкімге арнап күмбез соқтырады. ХҮІІІ ғасырдағы қазақтың атақты биі Төле Ташкентте Жолбарыс ханның атынан билік құрады, дүниеден өткен соң ол сол қалаға жерленеді. Тіпті, Абылай ханның өзі де 1780 жылдың күзінде Ташкент маңында (бәлкім, қыстап шығу үшін жылы өлке Ташкентке қарай бет алған болар-авт.) қайтыс болады. Сондықтан да қазақ үшін бұл қаланың орны әрдайым бөлек болатын.

 

Ташкентке деген қазақтардың  көзқарасы Абылай туралы жыр-аңыздарға арқау болған. Жыр-аңыздар баянында хан Орта Азия қалаларына жасаған жорығын өзінің ата-бабалары мекен еткен қонысты қайтарып алу мақсатында аттанған. «Орыспен жауласпады – ел болды, шүршітпен жауласпады – ел болды, екеуіне де тіл боды. Өзіне-өзі әбден келді, кемеліне толды. Енді Үргеніш, Бұқара, Қоқан, Ташкент жанындағы қазақты сартқа билетіп қоймаймын деп, үш жүздің баласына жар шақыртып, қосын жинап аттанып Түркістанға барып түсіп, оған бел баласы Сыдық сұлтанды отырғызады. Шымкент, Сайрам барып, оған Әбдірахман деген сартты ие қылды. Ташкент барып, оған Мырзахмет деген сартты ие қылды. Одан Жизаққа барады. Одан аттанып, Самарқанды қамап түседі…» (Мәшһүр Жүсіп. Абылай хан дәуірі.// Абылай хан. А., 1993, 324-325 бб.)- дейді дала тарихнамасы.

 

Хош, батырлықпен аты шыққан Абылайдың даңқы жоңғардың 30-40 жылдарындағы шабуылы кезіндегі күресте, сол жоңғардың 1745 жылы өлгеннен Қалдан Сереннен кейінгі тақ мұрагерлері арасында орын алған талас-тартыстың салдарынан күйреуге бет алған оқиғалары кезінде жүргізген саясаты арқасында арта түседі.

 

Жоңғарлардың ХҮІІІ ғасырдың 40-жылдарындағы шабуылдың бірінде  Абылай сұлтан жаудың атақты ноянын өлтіреді және жаумен болған кезекті шайқаста жоңғар қолына тұтқынға түседі. Тарихи құжаттарда Абылайдың жоңғар тұтқында болғаны, одан қалай босап шыққандығы туралы деректер сақталған. Жоңғар тұтқынында болған уақытта Абылай көрші көшпелі елдің ішкі саяси жүйесімен танысады, қалмақ тілін үйренеді, жоңғар билеушілерінің арасынан Қалдан Серенге бақталас, өзіне тілеулес жандар табады. Тұтқыннан босанып, өз жұртына келген Абылай жоңғар хандығымен келісімдер арқылы бейбіт өмір сүруді жақтайтын билеушіге айналады. Тарихшы ғалымдардың көрсетуінше, Қалдан Сереннің атақты хан-сұлтандары мен беделді рубасыларының балаларынан бейбіт келісім жасау үшін аманат беруді талап етуі қазақ билеушілерін екі топқа бөледі. Бірі – аманат беруге қарсы болып, жоңғармен ымырасыз күрес жүргізуді ойлаған топ, екіншісі – жоңғардың аманат беру талабын орындап, бейбіт келісімді жақтаған топ. Бірінші топтың ішінде Әбілқайыр хан, Шақшақ Жәнібек, Құлсары, Құлеке, Қазыбек би болса, екінші топта Әбілмәмбет, Абылай, Барақ, Абылай Барақ, Батыр секілді хан-сұлтандар болады.

 

Бірінші топтың басты үміті – Ресей патшалығы еді. Олар батыстағы көршінің көмегі арқылы жоңғар қаупін сейілтпек болады. Бірақ империялық пиғылын Азияға қарай тереңдете жүргізе бастаған Ресей патшалығының шынайы саясаты шекаралас көшпелі екі ел – қазақ пен жоңғардың бейбіт өмір сүруін шын мәнінде қалаған жоқ. Олар «қай жеңгенің – менің жемім» деген саясат ұстанып, соғыс өртін тұншықтыруға аса ықыласты болмады. Отаршылдық бұғауын қыса түсуді мақсат еткен Ресей үшін екі көшпелі елдің бір-бірімен жау болып отырғаны тиімді еді. Сондықтан патша үкіметі қазақ билеушілері арасындағы жоңғармен ымырасыз болуды қалаған топты қолдап, ішкі берекесіздікті қоздыра түсуге ұмтылды. Ал осы саясатты ол бір орталыққа бағынған хандық билікті нығайтқан Абылай ханның тұсында ханға қарсы топтарды қолдап, желеп-жебеп отыруды пайдаланды. Сондықтан Абылайдың өз балаларына: «Қытайлықтар хан билігі үшін қатерлі емес, ал орыс үкіметі болса жергілікті билікке ең күшті бәсекелес» деп, Қытаймен жақындаса түсуді, Ресеймен келісімді сақтауды өсиет еткені сол уақыттағы өмір шындығынан туған саяси пайым болатын.

 

Абылайдың жоңғар билеушілерінің арасында тамыр-таныс, тілеулес табуы  және бейбіт келісім жүргізудегі  «дипломатиялық икемділігі» 1745 жылы Қалдан Серен өмірден өтіп, қоңтайшының тағына оның ұрпақтары арасында талас басталғанда өз пайдасын тигізеді.

 

Қазақ хандығының сыртқы қауіпсіздігі үшін аса маңызды болған осы бір тарихи оқиғалар кезеңінде Абылай сұлтан алдын ұзақ жылдарға болжай алатын сұңғыла саясаткер екенін танытады. Жоңғар хандығының ішкі алауыздығы кезінде Даваци мен Әмірсананы қолдай отырып, «ежелгі (қауіпті) жауды» іштей күйрету мақсатын көздесе, Жоңғария жойылып, Қытай экспансиясы басталғанда Әмірсананы үлкен империя алдында қалқан, қорған етуге тырысады. Сөйтіп, жоңғарға өтіп кеткен жерлерді қазаққа қайтаруға ұмтылады. Қалдан Сереннің тұсында жоңғар мен қазақ шекарасы Іле өзенінің бойымен белгіленсе, Абылайдың күйреуге бет алған Жоңғарияға қатысты тиімді саясатының және Қытайға қарсы тегеурінді қарсылығы мен дипломатиялық қарым-қатынасы арқылы Қазақ хандығының шекарасы шығысқа қарай едәуір кеңейтеді.

Информация о работе Абылай хан