Мағжан Жұмабаев (1893-1938)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 05 Декабря 2013 в 12:11, реферат

Краткое описание

Өмір жолы. Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бүгінде өз есімімен аталатын ауылында орташа ғана дәулеті бар отбасында дүниеге келеді. Әуелі ауыл молдасынан, содан соң ауылдағы мұғалімнен оқып, сауатын ашады. 1905-1910 жылдары Қызылжар (Петропавл) қаласындағы медреседе оқиды. Медреседе бірқатар шығыс тілдерінен дәріс алады, шығыс ақындарының жырларымен танысады. Өзі де әдебиетпен шұғылданады. 1910 жылдың күзінде Уфаға келіп, осындағы Ғалия медресесіне түсіп білімін молайтады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

244_uo4.doc

— 331.00 Кб (Скачать документ)

МАҒЖАН ЖҰМАБАЕВ

(1893-1938)

 

 Кеңес өкіметінің жетпіс жылдық билігі тұсында қазақ әдебиетінің тарихынан жазықсыз сызылып тасталған тұлғалардың бірі – Мағжан Жұмабаев. Талантты ақынның есімі де, маржан жырлары да бұл кезеңде идеологиялық қудалауға ұшырады. Азат өмірді, халқының тәуелсіз ел болған қалпын көруге ұмтылған, сол жолда білегіндегі күшімен де, жүрегіндегі жырымен де күресіп өткен қайраткер ақынның тағдыры аса күрделі белестерді бастан кешірді.

Өмір жолы. Мағжан Жұмабаев 1893 жылы Солтүстік Қазақстан облысының бүгінде өз есімімен аталатын ауылында орташа ғана дәулеті бар отбасында дүниеге келеді. Әуелі ауыл молдасынан, содан соң ауылдағы мұғалімнен оқып, сауатын ашады. 1905-1910 жылдары Қызылжар (Петропавл) қаласындағы медреседе оқиды. Медреседе бірқатар шығыс тілдерінен дәріс алады, шығыс ақындарының жырларымен танысады. Өзі де әдебиетпен шұғылданады. 1910 жылдың күзінде Уфаға келіп, осындағы Ғалия медресесіне түсіп білімін молайтады. 1913-1917 жылдары Омбыдағы мұғалімдер семинариясында оқиды.

Омбыдан елге қайтып келіп, айналасында болып жатқан қоғамдық жұмыстарға араласады. 1917 жылдың көктемінде Ақмола облыстық халық ағарту бөліміне қызметке кіреді. Алаш партиясының жұмысына араласады. Ақмола губерниялық "Бостандық туы" газетінде жұмыс істейді. 1922 жылы Ташкентке келіп, сондағы "Ақ жол" газетінің редакциясына кіреді.

1923-1926 жылдары Мәскеудегі әдебиет-көркемөнер институтында оқиды. 1927 жылы елге оралып, оқытушылықпен айналысады. Бірақ көп ұзамай Мәскеуде оқып жүргенде "Алқа" ұйымын ұйымдастырғаны үшін тұтқындалып, он жылға сотталады. 1936 жылы тұтқыннан босап, еңбек жолына қайта оралысымен, 1937 жылдың аяғында ұсталып, 1938 жылы "халық жауы" деген жаламен ату жазасына кесіледі.

Шығармашылық мұрасы. Мағжанның шығармашылық жолы Қызылжар қаласында оқып жүргенде басталады. Бойында әдебиетке деген құштарлықтың ұшқыны бар жас Мағжанның жүрегіне 1909 жылы Петербург қаласында жарық көрген Абайдың тұңғыш өлеңдер жинағы орасан зор әсерін тигізеді. Абайдың жыры талапкер ақын жүрегіндегі ұшқынға алау береді Алғашқы жырларын жазады. Татар жазушысы Ғалымжан Ибрагимовтің көмегімен 1912 жылы Қазан қаласында Мағжанның "Шолпан" деп аталатын тұңғыш өлеңдер жинағы жарық көреді. 1922 жылы Қазанда ақынның таңдамалы өлеңдер жинағы кітап болып шығады.

Мағжан – лирикалық өлеңдермен қатар бірнеше көркем поэмалар жазған ақын. Атап айтқанда, "Қойлыбайдың қобызы", "Батыр Баян", "Қорқыт", т.б. поэмалары ақын талантының ерекше қырын танытады.

Әдеби шығармаларымен бірге Мағжанның қаламынан туған ғылыми еңбектер, оқу құралдары да кезінде халқының қызметіне жарап, елеулі мәнге ие болды. Жастарды оқу, білімге шақырған қаламгер педагогика саласында бірқатар еңбек жазды. 1923 жылы Ташкентте "Педагогика" атты кітап шығарды. Сонымен бірге 1928 жылы Мәскеуде төменгі сынып шәкірттеріне арналған "Сауатты бол" атты оқулығы жарық көреді.

1938 жылы жазықсыз жазаның құрбаны болғаннан кейін Мағжан шығармашылығын оқуға, жариялауға тыйым салынды. Тек еліміз тәуелсіздік алар тұстағы арнайы үкімет шешімі арқылы ғана ақынның есімі мен шығармашылық мұрасы толық ақталды. 1989 жылы ақын шығармаларының бір томдығы, 1995 жылы үш томдық жинағы жарық көрді.

Мағжанның өлеңдері

 

Мағжан Жұмабаевтың алғашқы өлеңдері ағартушылық сарында жазылды. Ол түсінікті еді. Мағжан өмір сүрген уақыт қаншалықты күрделі саяси, қоғамдық тақырыптарды алға тартқанымен, оның алдындағы Шоқан, Ыбырай, Абайлар бастап кеткен ағартушылық ой-пиғыл бұл кезең әдебиетінде басымдау жатты. Мағжан да Абай дәстүрінде жыр жазды, ұлы ұстаз үлгісін жалғастырды. Алғашқы өлеңдерінің бірін "Алтын хакім Абайға" деп атауының өзінен ақынның ұлы Абайды ерекше құрмет тұтқаны сезіледі. Өз өлеңдерінде қазақ арасындағы әр түрлі келеңсіз мінез-құлықты, әрекетсіздік пен жалқаулықты, сауатсыздықты сынайды. Елін білім алуға, өнер үйренуге шақырады. "Жазғы таң", "Өнер-білім қайтсе табылар", Қазағым", т.б. өлеңдерінде ақын осы тақырыпты көтереді. Мағжанның ағартушылық сарындағы өлеңдерінің арасында ел мен жер тағдырына алаңдаушылық жатады. Ақын туған елін сүйді, туған жерінің әрбір пұшпағын жүрегіне жақын тұтты. Ол:

 

Басқа жұрт аспан-көкке асып жатыр,

Кілтін өнер-білім ашып жатыр,–

 

дей келіп, қазақ арасында мұндай ұмтылыстың әлі де жоқ екеніне өзегі өртенеді. Қолында дәулеті бар деген бай-болыстар да, азын-аулақ оқыған төрелер де өз басының қамын ойлаумен жүр. Халықтың жайына алаңдайтын ешкім жоқ. Оқудағы шәкірттерге де дұрыс білім берілмейді. Қыз балалар малға сатылуда. Өзара дау-жанжал, айтыс-тартыс көп. Міне, Мағжанның өкініші – осылар.

Дегенмен  Мағжанның ойлары мұнымен шектелмейді. Бір ұлттың өз халқының мүддесін ойлаумен ғана қалып қоймайды. Мағжанның азаматтық парасатынан туындаған арман-мақсаттар бұдан әлдеқайда биік. Туған халқы туралы айтқанда, оның кешегі өткен жолын еске алады, оны бүгінгі жағдайымен салыстырады. Онымен де шектелмей, ақын жалпы түріктік идея көтереді. Түркі тектес халықтардың бәрінің болашағынан үміт күтеді, жалпы Шығысты пір тұтады. Бұл қатарда ақынның "Пайғамбар", "Күншығыс", "Түркістан", От", т.б. тәрізді бірсыпыра өлеңдерінде түптің түбінде жақсылық атаулының бәрі де Шығыстан келмек, Батыстан торлаған қою қара бұлтты Шығыстың жарық сәулесі ғана талқандамақ. Бұл  өлеңдерінде ақынның туған жерге, өз топырағына, Шығысына деген ғажайып сүйіспеншілігі, перзенттік патриотизмі айқын көрінеді.    Күншығыс өлеңінде:

 

Қисық көзді Күншығыс,

Бұл тұруың қай тұрыс?

Серпіл енді, алыбым! –

 

деп, Шығыс елдеріне ұран тастай отырып, өз ойларын әйгілі "Пайғамбар өлеңінде былайша жалғайды :

 

Күншығыстан таң келеді – мен келем,

Көк күңіренеді: мен де көктей күңіренем.

Жердің жүзін қараңғылық қаптаған,

Жер жүзіне нұр беремін, Күн берем!

Қап-қара түн. Қайғылы ауыр жер жыры!

Қап-қара түн. Күңіренеді түн ұлы.

Күншығыста ақ алтын бір сызық бар:

Мен келемін, мен – пайғамбар, Күн ұлы.

 

Өлеңде ақын шабытының ғаламат күші қаншалықты сезіліп тұрса, ақынның Шығысқа, оның ұлдарына деген махаббаты мен мақтанышы да соншалықты жарқырап көрінеді.

Мағжанның бұл тақырыптағы өлеңдерінде заман шындығы халықтың басынан өткен тарихи белестерді ойға алу арқылы түсіндіріледі. Ол Шығыстың, оның ішінде түркі елдерінің кешегі тарихына көз жібереді. Бір кезде жайлаған мекенін еске алады. "Түркістан" өлеңі соның айқын айғағы.

 

...Түркістан – екі дүние есігі ғой,

Түркістан – ер түріктің бесігі ғой–

 

деп басталатын өлең жолдары кешегі тарихқа жетелейді. Ертеде Тұран аталған бұл жерді мекендеген ата-бабаларымыздың өмірінен елес береді Ақын Тұранның жері мен суын, көлі мен шөлін, өзен-суларын, тауларын, Теңізі мен Аралын, Ыстықкөлін, Жейхун мен Сейхун дарияларын, Тянь-Шаньдай, Памир мен Алтайдай тауларын ғажайып көркемдікпен суреттейді. Тұранды мекен еткен ер түріктің билері мен батырларын, ғұлама ғалымдарын, ел басқарған хандарын еске алады. Міне, осылайша бірлікте өмір сүріп, іргесін жауға бермеген түрік дүниесі бүгінде бірнеше елге бөлініп кеткен.

 

Көп түрік енші алысып тарасқанда,

Қазақта қара шаңырақ қалған жоқ па? –

 

деп, Мағжан қазақты  да сол ер түріктің бір мұрагері санайды.

"Тұран", "Түркістан"  деген образды бейнелер арқылы Мағжан осылайша Шығыс әлемін, бүкіл түркі дүниесін мақтан ете жырлайды. Оның бүкіл өткен жолына шолу жасай отырып, тарихтың небір ерлікке толы, бейбіт өмір жайлаған беттерін парақтайды. Оларды өз заманымен салыстырады. Көп нәрсеге көңілі толмайды. Бір кезде Тұранды мекен еткен ер түріктің бүгінде бірлігі азайған. Бас-басына ел болған, жеке халықтарға бөлініп кеткен. Шығысты дәріптейтін өлеңдерінде Мағжан осынау түркі халықтарын бірлікке шақырады. Сонда ғана Батыстан келген қиянатқа, Ресей патшасының отаршыл саясатына қарсы тұруға болатынын ұқтыруға тырысады.

Бұған дәлел – ақынның "Орал тауы" атты өлеңі. Өлең кейіпкері – Орал тауы. Мағжанның бейнелеуінде ол – бүкіл түркі дүниесінің символы.

...Аспанмен  таласқан көкпеңбек таулар. Қарағай, шыршасы сыңсыған, бауырында не түрлі аңдары жортқан, қойнауында алтыны мен алмасы тұнған Орал тауы. Тау табиғатының әсем суретін сала отырып, ақын Мағжан сөзін ары қарай жалғайды:

 

Бір күнде сенің иең түрік еді,

Орын  ғып көшіп-қонып жүріп еді.

Қорықпайтын таудан, тастан батыр түрік

Қойыныңа  жайыменен кіріп еді.

Ер түрік  ен далаға көрік еді,

Отырса, көшсе, қонса – ерік еді.

Тұрғанда  бақыт құсы бастарында,

Іргесі жел, күн тимей, берік еді.

 

Мұндағы ақынның "ер түрік" деп отырғаны – түркі дүниесі, түрік, қазақ, қырғыз, ұйғыр, татар, башқұрт, т.б. халықтардың жиынтық бейнесі. Бір кезде ен даланың көркі болған осынау халықтардың бүгінгі халі қандай? Мағжан соған үңіледі.

 

Оралдай атамекен жерлеріне,

Қасиетті  атаның көрлеріне,

Аузы  түкті шет елдер ие болып,

Көрсетіп  тұр қысымды ерлеріне, –

 

деп, ақын тарихи шындықты баяндайды. "Аузы түкті шет елдері" – Ресей патшалығы. Соның қысымымен бір кездегі асқақ Оралдың да жүзіне қаяу түскен. Өлеңнің соңын Мағжан бүкіл түркі жұртын бірлікке шақырумен аяқтайды:

 

Анамыз  бізді өсірген, қайран Орал,

Мойның  бұр тұңғышыңа, бермен Орал!

Қосылып батыр түрік балалары,

Таптатпа, жолын кесіп, тізгінге орал.

 

Туған халқының, түркі дүниесінің басындағы ауыр халді, мұңдана баяндаған өлеңдерінің өзін Мағжан айрықша оптимизммен қорытып отырады. Ақынның лирикалық кейіпкері – аса батыл, нені болса да кесіп айтатын өткір жан.

 

Арыстанмын, айбатыма кім шыдар?

Жолбарыспын, маған қарсы кім тұрар?

Көкте – бұлт, жерде желмін гулеген,

Жер еркесі –  желдің жөнін кім сұрар? –

 

деп басталатын "Мен кім?" атты өлеңінде Мағжан өзінің лирикалық кейіпкерінің дәл  осындай айбатты да қайратты, адал да қайсар бейнесін ашып береді. Ақынның "мені" өзін көктегі күшке, түпсіз теңізге, кызуы мол жалынға, жүйрік тұлпарға теңейді. Патшадай қаһарлы, казыдай әділ, бидей шешен де өзі. Олай болса, оған қарсы тұрар күш бар ма?

 

Өзім – тәңірі, табынамын өзіме,

Сөзім – кұран, бағынамын сөзіме!

Бұзушы да, түзеуші де өзіммін,

Енді, ескілік, келдің өлер кезіңе, –

 

деген лирикалық  кейіпкер сөзінде алапат күш-жігер  мен шынайы шындық қатар өрілген.

Ақын өзін немесе өзінің лирикалық кейіпкерін ғана емес, айналасындағы жастарды да "арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты" қалыпта көргісі келеді. Халқының болашағы үшін күресетін негізгі күш –жастар. Олай болса, өмір бойы "алаш" ұранын көтеріп өткен Мағжан үшін жастардың орны бөлек. Өзінің "Мен жастарға сенемін" деп аталатын өлеңінде ол жас жеткіншектерге үлкен үмітпен қарайды. Жастардың бойынан кыранның қанатындай күштілікті, таза жүрек пен сүйкімді мінезді, туған жерге деген шексіз махаббатты көреді. Соған мақтанады. Шабыттана жырлайды. "Мен жастарға сенемін!" деп асқақтай сөйлейді.

Мағжан өлеңдеріндегі  ең басты тақырып – ел мен жер тағдыры. О бастан-ақ халқына азаттық өмір тілеген ақын туған елінің өткен тарихына үнемі көз жіберіп отырады. Сол арқылы тарихи шындықтың бетін ашады.

Атап айтқанда, "Өткен  күн" атты өлеңінде Еділ мен Ертістің арасын жайлаған қазақтың бір кездегі жайнаған даласы мен көкорай шалғынды жайлауын, айна көлдері мен алаңсыз күн кешкен тұрмысын, қаһарман батырлары мен әділ билерін, ел тұрмысының сәні болған ұлттық салт-дәстүрлерін мақтан ете отырып:

 

Өткен күнді ойласам,

Ойға терең бойласам,

Кешегі қайран қазақтың

Сәулеті мен дәулеті

Көз алдыма келеді, –

 

деп, бұдан ары  қарай осы тіршіліктің шырқы  бұзылғанын баяндайды. Өткенді аңсап  емес, қолда бар асылынан айырылғанын  өкіне баяндайды.

Оның себебі неде? Бейбіт өмір неге қара түнекке  айналды?

 

Қазақтың қазіргі күйі қандай?

Күшің кеткен баяулап,

Жүрсің атсыз жаяулап,

Ит надандық желкеңде

Шабайын деп аңдып тұр

Қылышын ұстап таяулап, –

 

деп, ақын сол  заманның шындығы арқылы әлгі сауалдарға жауап береді.

Қазақ даласындағы 1917 жылғы төңкерістер тұсындағы  жағдайды жырлауда да ақын дәл осындай  шыншылдықтан жаңылмады. "Бостандық'', "Есімде... тек таң атсын", т.б. өлеңдерінде ақынның халқының тәуелсіздігі жолындағы жанын құрбан етер ерекше қайраты сезіледі. "Бостандық" өлеңінде:

 

...Көк есігі  ашылды,

Жұмақ нұры шашылды.

Келді ұшып бостандық, –

 

деп қуанады, бостандықты  ізгі періштеге теңейді.

Ақын өлеңдерінде  бостандықты аңсау сезімі аса  күшті. Екі дүние алмасып, аласапыран болып жатқан тұста өмір сүрген ол халқына тәуелсіздік күнінің жақындағанын сезеді. Әйтсе де оған жету оңай емес. Сенімінен гөрі үміті басымырақ акынның. Осындай көңіл күйде жазылған Мағжан өлеңдерінің бірі – "Сағындым". Өлең абақтыда отырған ақынның жан дүниесінен хабар береді.

Қабырғасы қара тас абақты іші қара көлеңке. Сасық иіс қолқаны атады. Кіп-кішкене терезеден келіп жететін жарық та, таза ауа да шамалы. Осындай тар қапаста отырған ақын сары даласын, алыстағы анасын, туған елін, құрдастарын, сүйген жарын сағынады. Содан соңғы сағынары – бостандық.

 

Бостандыкта өткен  күнді сағындым,

Желдей зулап  кеткен күнді сағындым.

Жыл құсындай ұшсам, қонсам ерікті,

Информация о работе Мағжан Жұмабаев (1893-1938)