Махмұд Қашғари

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 25 Сентября 2013 в 21:13, реферат

Краткое описание

Махмұд Қашқари (ұйғ. مەھمۇد قەشقىرى, Mehmud Qeshqeri; 1029—1101) - түркі ғалымы, әйгілі «Диуану лұғат-ат-түрк» («Түркі сөздерінің жинағы») атты еңбектің авторы. Толық аты жөні Махмұт ибн әл Хұсейн ибн Мұхаммед. Туған жері қазіргі Қырғызстан жеріндегі Ыстықкөл жағасындағы (кей деректе Шу бойындағы) Барсхан қаласы.
Махмұдтың әкесі белгілі қолбасшы, Барсханның әмірі болған. Ол кейін Қарахан әулеті билеген мемлекеттің мәдени саяси орталықтарының бірі Қашқарға ауысқан. Махмұд осында дәріс алған, ұзақ жылдар тұрған. Оның аты жөніне қай жерден шыққанын көрсететін дәстүрмен «Қашқариді» тіркеуінің мәнісі де содан.

Содержание

1. Кіріспе
2. М.Қашғари- ұлы түркі ғалымы
3. «Диуани лұғат-ат түрік» еңбегінің тарихи маңызы

Прикрепленные файлы: 1 файл

Туған жері.docx

— 61.09 Кб (Скачать документ)

«ДИУАННЫҢ» ТАБЫЛУ ТАРИХЫН БІЛЕМІЗ  БЕ?

Стамбұлдың Ұлттық кітапханасында сақтаулы тұрған, жәдігердің осы күнге  келіп жеткен жалғыз ғана нұсқасының табылу тарихының өзі бір аңыз. Атақты Мысырлық тарихшы Бәдреддин  Махмұд ибн Ахмет ибн Мұса (ө. Хижра 758 ж.) өзінің «Замана ақыл-ойының ақық-інжулері»  атты еңбегінде түркілердің тілі, тұрмыс-тіршілігі, рулық таңбалық белгілері  жайында тұщымды мәліметтерді Қашқаридың «Диуанынан» алғандығын айтса, бауыры Шахабеддин Ахметпен бірігіп жазған «Шихаби тарихы» деген еңбегінде  де «Диуанды» пайдаланғанын көреміз. Катиб Челеби «Кәшф-үз-Зунун» атты еңбегінде  Қашқари «Диуанына» арнайы тоқталса, мәшһүр араб филологы Жамаладдин ибн Муханна Махмұд Қашқариді өзінің ұстазым деп ардақ тұтатынын жазады. 
Міне, қаншама сүбелі еңбектердің жазылуына негіз болып, небір тілші, тарихшы ғұламалардың өзі ауыздарының суы құрып мақтаса да, 1914 жылға дейін Диуанның бірде-бір нұсқасы табылмаған-ды. Әйтсе де, талайлардың қолы жетпей, көзбенен бір көрудің өзі арман болған асыл мұра Түркияның бұрынғы экономика министрі Нафыз бейдің кітап сөрелерінің бірінде көп кітаптың бірі ретінде шаң басып жатқан болатын. Күндердің бірінде Нафыз бей жақындарынан бір әйелді шақырып алып: 
- Саған бір кітап беремін. Жақсылап сақта. Қалтаң жұқарып қиналған шақта алтын ақшамен 30 лираға сат. Одан төмен беруші болма, - деп тапсырады. Көп өтпестен-ақ ақшаға зәру болған әлгі әйел кітап жаймасындағы Бурхан бей деген саудагерді тауып, 30 лираға сататындығын айтады. Әрине «Диуан Лұғат» секілді еңбекті ақшамен бағалау әсте мүмкін емес. Алайда асылдың қадірін білмейтіндер үшін бір ескі кітапқа мұндай баға сұрау ақымақтың ғана ісі болып көрінері хақ. Бурхан бей мұндай ескі кітаптардың қадірін бір білсе, солар білер деген оймен «Энжумен илмия» деп аталатын ғалымдар кеңесі кеңсесіне алып барады. Кітапты мұқият қарап шығу үшін 1 апта мұрсат сұраған кеңсе қызметкері, 1 аптадан соң кітаптың құнын 10 лираға бағалайды. Бурхан бей кітаптың өзінікі емес екенін, иесі 30 лирадан төмен бермеуін тапсырғанын айтады. Әлгі кісі: «Мен 30 лираға бір кітапхана сатып аламын, кітабың өзіңе», - деп қайтарып береді. Міне, осы кезде өмір бойы жиған-тергенін кітап сатып алумен-ақ тауысқан, кітапқұмар, ізденімпаз Әли Әмри Ефенди әдеттегісінше жаймаға жаңа кітаптардың түскенін білмек болып Бурхан бейдің дүкеніне бас сұғады. Бурхан бей: «Бір кітап бар, бірақ иесі 30 лира сұрап отыр» - деп мән жайды тегіс баяндап береді. Кітапты қолына алған Әли Әмір есінен танып қала жаздайды. Қолында анау-мынау емес, түркі тілдерінің інжуі, талайлар бір көрудің өзін арман еткен «Диуан Лұғат» қой. Өз көзіне өзі сенер емес. Отыз емес, отыз мың лира да аз бұл кітапқа... Тез есін жинап, таңқалысын сездіріп, саудагерді есіртпейін деген оймен: 
- Тым шашыраңқы екен. Беттері түгел ме өзінің? Авторы да Қашқарлы біреу екен. Жарайды, не болса да кітап қой, «Энжүмен илмия» саған 10 лира берген екен, мен 15 лира берейін, - дейді ішкі сезімін білдіргісі келмей. Себебі қалтасында 15 лира ғана бар болатын.  
- Менікі болса, қуана-қуана ұстата салар едім. Иесі бір байғұс әйел. Алсаңыз бір әйелге жақсылық жасаған боласыз. Алмасаңыз өзіне қайтарып берем, - дейді Бұрхан бей.  
- Бағанадан солай демейсің бе! Енді әңгіме басқа. Байғұс әйелге көмектесу керек. Жарайды алдым мен бұл кітапты, - дейді. Алайда қалтасындағы 15 лираны ұстатып, қалғанын кейін алып келіп берем дегеніне саудагер көнсін бе! Асылдың қадірін білер біреу кездейсоқ кіріп қалып, алып кете ме деген үрей де қатты састырады. Ақыры саудагердің кілтін алып, дүкенді сыртынан құлыптап үйіне жүгіреді. Жолда «Дарүлфунунда» әдебиет оқытушысы Фаик Решат ұшырасады. Дереу 20 лира қарыз сұрайды. Фаик Решат қалтасында 10 лира ғана бар екенін, қаласа қалғанын үйден алып келіп беретінін айтқанда қуана келісе кетеді де, өзі дереу қайта Бурхан бейдің дүкеніне оралады. Әли Әмірдің мына қылығына таңданған Бурхан бей де кітаптың құндылығын сезіп қойған-ды. 30 лираны ұстатқанда ол да үстеме ақы сұрайды. Оның қолына 3 лира қыстырған Әли Әмір үйіне қарай зыта жөнеледі. Артына қарай-қарай кетіп барады. Бұрхан бей айнып қалып кітапты қайта алып қоя ма деген үрей үйіне жеткенше басылмайды. Үйіне келіп кітапты парақтап оқи бастағаннан-ақ қандай асыл қазынаға қол жеткізгенін ұғады. Кейін Әли Әмір «Диуанның» құндылығы жайында достарына былайша баяндайды: «Бұл жай ғана кітап емес, ұлы Түркістан өлкесі! Тек Түркістан емес-ау, бүкіл жихан десек болады. Түркілік, түркі тілі осы кітап арқылы мүлдем басқа қырынан танылып, жарқырайтын болады. Араб тілі үшін Сәййибуйиһин кітабы қандай болса, бұл оның түркі тіліндегі бауыры. Осы күнге дейін түркі тілінде дәл мұндай кітап жазылмаған. Бұл кітаптың шын бағасы берілер болса, бүкіл әлемнің қазынасын жинаса да жетпек емес. Бұл кітап пен хз. Жүсіп пайғамбар арасында бір ұқсастық көрем. Достары Жүсіпті болмайтын тиын тебенге сатқан жоқ па еді? Кейін Жүсіпті алып барып, Мысырда өз салмағындай жауһарға сатқан-ды. Ал мен бұл кітапты бұдан бірнеше есе ауыр алмас пен жақұтқа да айырбастамас едім... ».  
«Диуан Лұғаттың» табылғаны жөнінде хабар қысқа уақыттың ішінде шартарапқа жайылып кетеді. Атақты Зия Гөкалп «Диуанның» табылғанын естігенде қуанғаннан Әли Әмірдің үйінен бір-ақ шығады. Алайда Диуанды көзінің қарашығындай қорыған Әли Әмір: «Қазір көрсете алмаймын, бәлкім 2 айдан соң көрсетуім мүмкін», - деп Гөкалпты жолатпайды. Көзімен бір көруді қанша жалынып сұраса да Әли көнбейді. Амалы таусылған Гөкалп мәжілістен таныс депутаттарды да араға салып көріп еді, мұнысынан да түк шықпайды. 
Арадан бір апта өткен соң Әли Килислі Муалим Рыфатты шақырып алып, кітапты көрсетеді. Ары-бері парақтап көрген Рыфат бей: «Жанаб Аллаһ жариялануын насип етсін», - дейді. Бұл сөз Әлиге қатты ұнайды. Рыфатқа күн сайын келіп, 2-3 сағат жұмыс жасап, кітаптың сөгілген парақтарын реттеп, жөнге келтіруді ұсынады. Рыфат бұған қуана келіседі. Екі ай бойы ретке келтіріп, парақтарын түгендеген Рыфат, ақыры кітап беттерінің түгел екенін айтып, Әлиден сүйінші сұрайды. Әлидің қуанғаны сонша, тұрып жатқан үйінің жартысын Рыфатқа ұсынады. Рыфат одан бас тартып, ең үлкен сыйдың кітапты жариялауға рұқсат беру екенін айтады. Әли: «Иншаллаһ, ол күн де келер», - деп қысқа қайырады.  
Муалим Рыфат пен Зия Гөкалп кітапты жариялатудың жолын іздеп, ақыры Әлидің ең жақын досы, меселін қайтармайды-ау деп Талат пашаны (генерал) араға салады. Жоспар құрып, екеуін бір кеште ауызашарда кездестіреді. Талат паша Әли Әмірге: 
- Қадірменді ұстаз! Сіздің алдыңызда сөз сөйлеуге ұяламын. Алайда рұқсат етсеңіз сізге айтар уәжім бар. Кітаптардың да адамдар секілді табиғи өмірі болады. Бұл кітап мыңдаған жыл өмір сүре алмайды. Жаңартып отырмаса шіріп жоқ болады. Бұрындары кітапты жаңарту үшін оның көшірмесін жасаған. Алайда мұның ауқымы тым тар, пайдасы аз. Адамзат өркениеті осы үшін баспа әдісін ойлап тапты. Баспа арқылы бұл кітапты мың, он мың, тіпті жүз мың етуге де болады. Олай болса, рұқсат етіңіз, бәрінен бұрын мұны бастырайық. Бас жағына сіздің есіміңізді қойып, дүниенің төрт бұрышына таратайық. Бүкіл әлем сізге қарыздар болсын. Бұл ізгілікті істі бізге көп көрмеңіз! - дейді. 
Генералдың сөзі көңіліне жағып, риза болған Әли рұқсатын береді. Тек бұл істі басынан соңына дейін Рыфат атқарсын және баспа ісі біткенге дейін кітап тек соның қолында ғана болсын деп екі шарт қояды. Осылайша түркі тілі мен мәдениетінің мәңгілік жәдігері араға 840 жыл салып барып баспаға жол тартты. Түркі халқының мүддесін жеке басының мүддесі мен пенделік талаптарынан жоғары қойған түркішіл, жанкешті азаматтардың арқасында жоқ болып кетуден осылайша аман қалған-ды.

«ДИУАН» ҚАЙ ТІЛДЕРГЕ АУДАРЫЛҒАН?

«Диуанның» ең алғашқы аудармасы  Муалим Рыфаттың қолымен 22 дәптерде түрік  тілінде жасалған болатын. Алайда I дүниежүзілік соғыс, артынша елде орын алған саяси тұрақсыздықтар мен  азамат соғысы салдарынан аударма жарияланбай  қалады. Бұдан бөлек Абдуллаһ Атыф Түзүнер және Абдуллаһ Сабри Картер де түрік тіліне аударып шыққан-ды. Алайда бұлардың ешбірі жарияланбайды. Барлығы да қолжазба күйінде әлі  күнге Түркияның кітапханаларында сақтаулы.  
Ататүріктің басшылығымен 1932 жылдың 26 қыркүйегінде Долмабахче сарайында ұйымдастырылған I Түрік тілі құрылтайында еңбекті аудару ісі қайтадан Муалим Рыфатқа жүктеледі. Екінші рет қайта аударып шыққан Рыфат, баспадан шығару үшін Түрік тілі қоғамының бас хатшысы Нежми Дилмен және Бесим Аталаймен Долмабахче сарайында кездеседі. Алайда келіссөз сәтсіз аяқталып, тағы да жарияланбай қалады. 1937 жылдың аяғында Нежми Дилменнің қолқалауымен аударма ісін Бесим Аталай өз мойнына алады және 1940-41 жылдары ең алғаш түрік тіліндегі аудармасы жарық көреді. Бұл аударма ұзақ жылдар бойы көптеген еңбектердің жарық көруіне арқау болып қана қоймай басқа тілдердегі аудармаларына да негіз болады. 
Өзбекстан ғылым академиясы баспасынан 1960-63 жылдары «Түрки сөзләр Дивани» деген атпен 3 томдығы жарық көреді. Аударып баспаға дайындған Салих Муталлибов. Ескерткіштің индекс сөздігін әзірлеген Гани Абдуррахманов пен Салих Муталлибов 1967 жылы 4-ші том ретінде жариялайды.  
1955 жылы ағайынды Мұхаммед Пейзи мен Әхмет Зияи, 1963-66 жылдары Сайрани еңбекті қазіргі ұйғыр тіліне аударып шықса да, Шығыс Түркістандағы саяси тұрақсыздық салдарынан жарияланбайды. Ақыры 1978 жылы ұйғыр және қытай тілдеріне аударылуы жөнінде мәселе ресми күн тәртібіне қойылады. Шыңжаң ұйғыр автономиялық облысы Ғылым академисы жанынан құрылған кеңес мүшелері тарапынан аударылып, 1981-84 жылдар аралығында баспадан жарық көреді. 2002 жылы осы еңбектің негізінде қытай тіліндегі аудармасы жасалады. 
1982-85 жылдары арасында ағылшын тіліне аударылып, Гарвард университетінде «Mahmud al-Kashgari Compendium of Turkic Dialects (Diwan Lugat at-Turk)» деген атпен жарық көреді.  
Жәдігерді тұңғыш рет қазақ тілінде сөйлетіп, баспаға дайындаған Асқар Егеубаев болды. 1997 жылы 1-2 томдарын, 1998 жылы 3-томын «Түрік Сөздігі» деген атпен жариялаған болатын. 
Сондай-ақ 2004 жылы профессор Хүсейін Дүзгүн 1 томдық етіп парсы тіліне, Рамиз Ескер 2006 жылы әзірбайжан тіліне аударып бастырды. 
Көріп отырғанымыздай түрік, қазақ, ұйғыр, өзбек, әзірбайжан, қытай, ағылшын және парсы тілдеріне аударылып жарияланған «Диуан Лұғат-ит-түріктің» аудармалары мыңдаған кандидаттық және докторлық диссертациялар мен іргелі зерттеу еңбектеріне әлі күнге арқау етіліп келеді..

«ДИУАННЫҢ» СӨЗДІК ҚОРЫ ҚАНША?

«Диуанның» абыройын асырып, Қашқаридің мерейін үстем еткен нәрсе  ол - әрине, осыдан мың жыл бұрынғы  түркі тайпалары тілінің сөздік қорын жинақтап, мысалдарымен қоса беруі. Осы күнге дейін Қашқари  сөздігіне жасалған статистикалық  талдаулардың нәтижесінде бірізділік байқалмайды. К. Броккельманның «Mıttelturkischer Wortshats nach Mahmut al-Kashgaris Dıvan Lugat at-Turk» атты еңбегінде 7993 сөз орын алса, Бесим Аталайдың Индекс сөздігіндегі сөздердің саны 8783. Абдуррахменов пен Муталлибовтың индексінде 9222 сөз берілсе, Вефа Налбанттың түзген сөздігінде 8624 сөз реестерге алынған. Статистикадағы бұл әртүрліліктің себебі кей зерттеушілердің «Диуандағы» реестер сөздермен қоса мысалдар да берілген кей сөздерді де жеке сөз ретінде алғандығымен түсіндіруге болады.  
Диуанда жалпы түркілік сөздермен қатар оғыз, қыпшақ, қырғыз, йағма, ұйғыр секілді тайпалардың өздеріне ғана тән сөздер және белгілі бір аймақта ғана қолданылатын диалект сөздер де қамтылған. Сондай-ақ антропонимдерге, этнонимдер мен топонимдерге де арнайы тоқталып, олар жайында жан-жақты мәліметтер келтіруі «Диуанға» жай бір сөздік қана емес, энциклопедиялық та рең береді. Яғни «Диуанды» «түркі халықтарының энциклопедиялық анықтамалығы» деуге де болады. Осылайша «Диуан Лұғаттың» сөздік қоры түркілердің тек тілін ғана емес, рухани және материалдық мәдениетінің тарихи қырларын да ашып береді. Сөздерге көз жіберіп зерделеген әрбір кісі түркілердің отбасы ұғымы мен туысқандық қарым-қатынастары, ескі және жаңа наным-сенімдері, қоғамдық және мемлекеттік құрылымдары, экономикалық тұрмыс-тіршіліктері мен салт-дәстүрлері, ұлттық қолөнері, тағам түрлері, қару-жарақтары секілді сан-алуан ерекшеліктері жайында теңдессіз мағлұматтарға қанығары сөзсіз.

ҚАШҚАРИДІҢ ҒАЖАЙЫП КАРТАСЫН КӨРДІҢІЗ БЕ?

«Диуанның» негізгі ерекшеліктерінің бірі ретінде еңбектің 23-24 беттерінде орын алған әлемнің картасын атап өтуге болады. Бұл бір түркі  азаматының қолымен сызылған әлемнің  тұңғыш картасы. Әлбетте осыдан 1000 жыл  бұрынғы шарттардағы жағрапия ғылымының  мүмкіндігі тұрғысынан баға берер болсақ, өте жоғары деңгейде әзірленген.  
Картаның бір түріктің қолынан шыққандығының айғағы ретінде мына нәрселерді айтуға болады: Ең әуелі түрік қағандарының мекені болған Баласағұн шаһарын жердің кіндігі етіп алып, қалған шарлар мен елді мекендерді осы қаланың ыңғайына қарай орналастырылған және бағыттар Орхон жазбаларындағыдай ежелгі түркі дәстүрі бойынша анықталған. Түркілер мекендеген аймақтардағы шаһарлар мен елді мекендер, таулар мен өзендер, көлдер мен теңіздер бүге-шүгесіне дейін анық көрсетіледі. Сондай-ақ түркілер мекендеген аймақтарды белгілеуде өте аз қатеге жол берілуі картаның бір түркінің қолынан шыққандығының дәлелі деуге болады.  
Сонау Рұмнан Машынға дейінгі түркі тайпалары мекен еткен жерлерді қағаз бетіне бедерлеп шыққан ғалым, олардың әрқайсысына сипаттама береді. Олардың жер көлемі, қай аралықтарды мекендейтіні, тілі, географиялық ерекшеліктер жайында сөз етеді. Осылардың барлығы анық көріну үшін жердің пішіні тәріздес етіп дөңгелек шеңбер ішіне орналастырғанын айтады. Міне, бұл Коперниктен 5 ғасыр бұрын-ақ жердің шар тәріздес дөңгелек екендігі түркілер үшін жаңалық болмағанын, мұны жақсы білгендігін көрсетеді. 
Қашқаридің бұл картасы Жапонияны әлемдік карта бетіне түсірген әлемдегі тұңғыш карта болуымен де ерекшеленеді. Ғалым Жапонияны «Жабарка» деген атаумен шығыстағы бір арал ретінде көрсеткен. Жапония әлемдік карта бетіне Қашқари картасынан аттай 400 жыл өткен соң ғана барып түскен-ді.

НЕ ТҮЙДІК?

Сөз соңында айтарымыз, түркі тілінің тарихи дәуірлерінің қай-қайсысын болмасын зерттеу нысанына алып, белгілі бір дәуірдің тілі жайында пікір айтқысы келген кез келген зерттеушінің Қашқариға соқпай айналып өтуі мүмкін емес. Әрбір пікірін «Диуан Лұғат» арқылы дәйектеп қуаттауға тырысады. Сондықтан да тіл тарихына қатысты жасалған әрбір зерттеуде міндетті түрде Қашқаридың есімін кездестіреміз. Себебі Қашқари түркітану ғылымының негізін қалаушы, түркі әлемінің ең алғашқы филологы. Араб тілінің мысы басып, дәурені жүріп тұрған шақта түркі тілі, мәдениеті, тыныс-тіршілігі, рухани құндылықтары жөнінде сол араб тілінде еңбек жазып қана қоймай, араб мәдениетінің ошағы Бағдат қаласына барып, халифқа тарту етуі Қашқаридің түркілікті насихаттаушы ұлы миссионер екендігін көрсетеді. Ол түрік тілін тек арабтарға ғана емес, бүкіл өзге ұлт өкілдеріне үйретуді, танытуды, тіпті сүйгізуді көксейді. Түрік тілінің араб тілінен бірде-бір кем түспейтінін, түркілердің де жер бетіндегі халықтардың ең бір тектісі, тәңір сүйер жақсы қасиеттерге толы ұлы халық екендігін дәлелдеуге тырысады. Қашқари - бүкіл түркі тілдес халықтардың ортақ атасы, ал «Диуан» - түркі тілі мен әдебиеті, мәдениеті мен руханиятының сарқылмас қайнаркөзі. Қашқари «Диуанымен» 1000 жасады және түркілік ұғымы жер бетінен жойылып кетпейінше, бұл екеуі, Алла жазса, мыңдаған жылдар әлі де жасай бермек!

 

Өз тіліне, өз халқына деген сүйісрпеншілігі Махмұтты жер-жерге апарады. Талай ел кезіп, керекті деректер жинап, соңында өзінің данышпан еңбегін жаза бастайды. Кейбір ғалымдардың жорамалдары юойынша, бұл кітап Бағдатта жазылған-мыс. Бірақ осыншама рі әрі құнды еңбек Бағдаттағы кітапханаларда тіркелмегені, орта ғасырлық арабтың білімі мол ғалымдарының бұл «Диванды» білмегені, сонымен қатар «Диванда» Бағдаттың еш аты аталмағаны бұл жорамалдың дұрыстығына күмән туғызады. Сондықтан Махмұт Қашқари «Диванды» жазуға 1072 жылы Қашқарда кірісті деген дұрыс болар. «Диванды» жазып бітірген жыл туралы да ғалымдар арасында ауызбірлік жоқ. Дегенмен, ең дұрысы 1083 жылы октябрьдің 27-де аяқталғанын айта аламыз, бұған «Диванның» ішінде де дәлелдер бар. 
  Түркология тарихында тұнғыш тарихи-салыстырмалы әдісті қолданып, түркі тілдері тарихы диалектологиясының негізін салды. Оның мәліметтерін түркі тайпаларының ХІ ғасырда отырықшылыққа көшіп, қала мәдениетін қабылдағанын көреміз. Ол сол заманғы түркі тайпаларын географиялық орналасу ретімен батыстан шығысқа қарай санап көрсетеді және олардың орналасу картасын береді. Жеке тайпа тіліне тән сөздерді түсіндіру үстінде этнографиялық, тарихи, географиялық мәліметтерді де келтіріп отырады. Ол мәліметтерге сүйене отырып, ХІ ғасырда түркі тайпаларының мекен еткен жерін, кімдермен көрші болып араласқанын білуге болады. Махмұт Қашқари Оғыз тайпасының ұсақ руларына дейін атап көрсетеді, олардың әрқайсысының қолданатын таңбаларын атайды. Басқа халық өкілдеріне түркі тілін үйренуге кеңес береді.  

Махмуд Қашқари ілімінің тарихи маңызы (1030-1090)  
Махмудтың өмірбаянына қатысты мәліметтер өте жарытымсыз. Оның өмірі жайындағы мәлімет өз кітабында айтқан азын-аулақ хабардан әрі аса қоймайды. Махмудтың толық аты-жөні Махмуд абы Хусейн ибн Мухаммед Қашқари. Оның әкесі Қашқарда туып-өскен. Ол кезде арабша білім алған түріктер сол кездің салтымен өз фамилиясын туған жерінің атымен атаған. Сөздің соңын-дағы - парсының тәндікті, белгіні білдіретін жұрнағы. Қазақша айтсақ - қашқарлық дегенді білдіреді. Әкесі Қашқарда туып-өсіп, соның тұрғыны болғанымен, өмірі-нің көп кезеңін Баласағұн қаласында кешкен. Атақты ғалым осы Баласағұн қаласында (Қырғызстанның қазіргі Тоқмақ қаласы) туған. Балалық және жастық шағының көп мезгілін Ыстық көл маңындағы қышлақтарда өткізеді. өз айтуынша, оның әкесі Қараханидтер тұсындағы әміршілердің бірі Насыр ибн Әлидің нәсіліне жатады. Махмуд алғашқы білімді Қашқар қаласында алады да кейін Орта Азия мен Иранның біраз қалаларын аралауға сапар шегеді. Сапарының негізгі мақсаты - өзінің білімін толықтырып, жетілдіру болады. Ол сол заманғы араб мәдениеті мен ғылымының көрнекті орталығы болған Бағдат қаласында да біраз уақыт тұрғанға ұқсайды.  
Махмуд Қашқари арабша жоғарғы білім алған өз заманының аса көрнекті ғалымы болған. Араб филология-сын жетік білген және өз білімін туған халқының тілі мен әдебиеті, тарихы мен этнографиясы, географиясы жайында зерттеулер жүргізуге жұмсаған. Махмуд Қаш-қаридың дәл қай жылы туып, қанша жыл өмір сүргендігі әзірше белгісіз. Бұл жөніндегі жалғыз дерек кітабының аяғында ол ''бұл кітап мені өлімге бір табан жақындатты'' деп жазады. Бұл бір жағынан, автор өзінің бұл тарихи еңбегін жазуға ұзақ жылдар бойы еңбек еткенін дәлел-десе, екінші жағынан оның біраз жасқа келгендігін де көрсетеді. Олай болса Махмудтың туған кезі ХІ ғасырдың басы болса керек. өйткені ''Диуани лұғат-ат-түрк'' хиджра есебімен 464-жылдың бесінші айының алғашқы күні (қазіргі жыл санау бойынша 1072 жылдың 25 қаңтарында) жазыла бастаған, 466 жылдың алтыншы айының 10 күні (1074 жылдың 10 ақпанында) аяқталған. Осыдан екі ғасыр өткен соң 1266 жылдың тамыз айында 'Диуани лұғат-ат-түрк'' түп нұсқасынан бір сириялық кісі көшіріп алады. Көшіруші былай деп жазады: ''Әуелі Сава, кейін Шам (Дамаск) қаласының тұрғыны Мұхаммед бин Әбібәкір ибн Әбілфатих (оны тәңірі жарылқасын) осы кітапты түп нұсқасынан көшіріп, 664 жылы оныншы айдың жиырма жетінші жексенбі күні бітірді''. ''Диуани лұғат-ат-түрк'' автордың соңғы еңбегі болса керек. өзі-нің айтуынша ол бұл кітаптан бұрын да түркі тілдері-нің синтаксистік жүйесі жайында (''Джавахир ан-нахви фллафи түрк'') ''Түрік тілінің синтаксистік жүйесінің негіздері'' деген ғылыми трактат жазған. Алайда оның бұл еңбегі сақталмаған болу керек, сондық-тан осыдан басқа еш мәлімет жоқ.  
Махмуд Қашқаридың түркі халықтарының ішінде нақ қай халық өкілі екені туралы да ешбір мәлімет жоқ. Рас, оны түркі халықтарының біріне телуге тарихи деректер мүмкіндік бермейді. өйткені қараханидтер тұсындағы түркі халықтарының кейін араласып, бір-біріне ете жақын болып кеткені соншалық, пәлен тайпа - тек қана пәлен халықтың этногенезін құрады деп айтуға келмейді. Бір тайпаның өзі кейінгі дәуірде бірнеше халықтардың құрамына кіріп, сіңісіп кетіп отырған. Ал Махмудтың сол кездегі түркі тайпаларының қайсысынан шыққандығы жайында өзінің бір ескертпесі жөнінде айта кеткен жөн. Оның айтуынша, оның ата-бабасы сөз басындағы а дыбысына х дыбысын қосып айтатын болған. Бұған қарағанда, оның туған тайпасы Орта Азия жеріне бір жақтан келген емес, осы аймақтың тұрақты ескі тұрғыны. Дегенмен, бұл ескертпенің өзі де Махмудтың нақ қай тайпадан шыққандығын анықтауға мүмкіншілік бермейді.  
Бірсыпыра зерттеушілер Махмудтың қашқарлық екеніне қарап, оны ұйғыр деп танып, оның ұлы мұрасын да ескі ұйғыр тілінің ескерткіші дейтін пікірге ойысатын сияқты. Бірақ олай деп тұжырымдауға пәлендей айқын дәлел жоқ. Қашқар қаласының ол кездегі этникалық құрамын айырып алудың өзі қиын. Оның бер жағында ''диуани лұғат-ат-түрікті'' - тек ескі ұйғыр тілінің ескерткі-ші деуге тағы да дәлел табу қажет. Онда сол кездегі түркі тайпаларының бәрінің де әдеби, тілдік мұралары бар. Онан соң, сол кезде Қашқаридың ата-бабасы шыққан рудың немесе тайпаның қай халықтың құрамына енгені де айту оңайға түсе қоймайды. Кейбір шетел зерттеушілері, де әсіресе, Түркия зерттеушілері Махмуд Қашқари Анатолия түріктерінен шыққан ғалым деп даурығып жүр. Анығында Махмуд Қашқари жоғарыда келтірілген ескертпе арқылы өз ата бабаларының қалай да ортаазиялық тұрғын екенін дәлелдеп отыр. Олай болса, бұл жерде оның тұрағы мен шыққан халқын Түркия жеріне көшіре қоярлықтай қисын жоқ. Оның үстіне дәуір ескерткіштерін Түркия ғалым-дарының панисламистік, пантүркистік мақсатпен жарама-са кетуі тегін емес. Ғылым тарихы олардың осы тәрізді талай ''кәсібін'' біледі. Олар тіпті Орхон-Енисей жазбаларын да иемдембекші болғаны да мәлім.  
Махмуд Қашқаридың атын бізге, біздің заманы-мызға жеткізген оның ұлы мұрасы ''Диуани лұғат-ат-түрк''. Сондықтан Қашқари жайындағы, оның тарихи ерлігі жайындағы мәселені - сол еңбегі, оның мәні мен маңызы, онда сөз болған шешуін тапқан ғылымдық мәселелерден бөлектеп қарауға болмайды. Осы екеуін бірлікте алып, жарыстыра әңгімелегенде ғана бұдан тоғыз жүз жылдай бұрын өмір сүрген, еңбек еткен ұлы ғалымның нағыз бейнесін еске аламыз.  
М. Қашқари еңбегі негізінен сол дәуірдегі түркі тайпаларының тілдік құрылыстарын жүйе-жүйемен баян-дауға арналған. Бірақ кітаптың берер мәліметі онымен ғана шектелмейді. Қашқари еңбегін қазіргі заманда, тек қана тіл мамандары оқып, зерттеп қоймай, сонымен қатар, әдебиетші, тарихшы, этнографтар мен географтардың да үңіле қарап, жете зерттеп, жүргені кездейсоқ жай емес. Қашқари еңбегінің әдеби маңызы жайлы неміс оқымыс-тысы М. Хартман ''Диуани лұғат-ат-түрк'' - халықтық әдебиеттің үлгісі, соның негізінде құрылған'' дейді де, осыдан екі-ақ жыл бұрын жазылған ''Құдатқу білігті'' (''Бақыттылық жайлы ілім'') - сарай әдебиетінің нұсқасы деп табады. Бұл ''Диуани лұғат-ат-түрк'' түркі халық-тарының ескі әдебиетінің тарихында аса сирек кездесетін әдебиет үлгісі екендігін анықтаған ғалымның пікірі.  
Махмуд Қашқари еңбегінде, жоғарыда көрсетіл-гендей, сол заманғы түркі тайпалары жайында мәлімет беріледі. Ол мәліметтер қай халықтың қандай тілде сөйлейтіні жайында ғана емес, олардың орналасу тәртібі, қай тайпаның қайдан келгендігі, қандай территорияны мекендейтіні, әдет-ғұрыптық ерекшеліктері және т. б. болып келеді. Осыған байланысты М. Қашқари өмір сүрген дәуірдің кейбір тарихи жағдайларын еске түсіре кеткен мақұл. М. Қашқари ХІ ғасырда өмір сүріп, еңбек етті. Бұл дәуір тарихта қараханидтер деген атпен белгілі М. Қашқаридың өзі де осы қараханид патшалығы әміршілерінің біріне туыстық жақындығы барын айтады. Х ғасырда басқа тайпалар арасында үстемдік алған Қарлұқ тайпалар одағы Жетісу өңірінде негізгі түрік халықтарынан шыққан қараханидтер, яғни Илекхан династиясының бастауымен өздерінің қуатты мемлекетін құрады. Қараханидтер мемлекеті тарихта түркі халық-тары арасындағы алғашқы мұсылман династияларының бірі еді. Мемлекеттің орталығы әуелі Баласағұнда (Қырғызстанның Тоқмақ қаласы) болады, кейін Қашқар қаласына ауысады. Қарақанидтер мемлекетінің нағыз дәуірлеген кезі Х-ХІ ғасырлар болса керек.  
Бұл кездерде қараханидтер мемлекетінің шекарасы Жетісудан бастап Қашқар, Бұқар, Самарқанд қала-ларына, Сырдария бойларына дейінгі мол территорияны алып жатқан. Қараханид мемлекетінің құрамы да әрқилы болған. Сол заманда отырықшы әрі мәдениеті жоғары болған ұйғырлар, Сырдария мен Амудария бойларындағы иран мен түркі халықтарының арасынан шыққан қоспа тұрғындар және т. б. мемлекет құрамының ала-құлалы-ғын дәлелдеумен бірге оның мәдениетінің де қат-қабат сырларын аңғартқандай. Қараханидтер мемлекетінің мәдениеті мемлекет құрамындағы халықтар мәдениетінің қосылған түрі іспетті болған. Бұл кезде мемлекет территориясындағы қалалар да қатты дамыған. Мемлекет-тің халық құрамына қарай, екі түрлі жазба әдеби тіл қалыптасқан. Бірі - мемлекеттің шығысында қарлұқ-ұйғыр тайпалары батысында, Хорезм маңында, оғұз-қыпшақ тілдерінің негізінде екіншісі - мемелекеттің тайпалары тілдерінің негізінде қалыптасқан.  
М. Қашқари еңбегінде Қараханидтер мемлекетінің құрамына енген түрік тайпалары атап-атап көрсетіліп отырады. Қашқари түрік нәсіліне жиырма түрлі тайпа жатады деп көрсетеді. Осы тайпалардың әрқайсысы бірнеше рулардан тұратыны айтылады. ''Бірақ ол рулар-дың бастыларын атадым да, майдаларын тізіп жатпадым'' деп көрсетеді. Қашқари тайпаларды екі топқа бөліп, батыстан шығысқа қарай орналасу тәртібі бойынша санап шығады. Сонда бірінші топқа (солтүстік топқа): батыстағы тайпа - бегенек (печенег), онан соң қыпшақ, оғұз, иемек, башқұрт, басмыл, қай, йабақу, татар, қырғыз жатады. Екінші топқа (оңтүстік топқа:) ең батыстағы тайпа - чығыл, тухси, яғма, ырғақ, йарук, йумул (жумул) ұйғыр, қытай, таббач (табқач) жатады. Ал соғдақ арғу (арғұн), түбүт (тибет) тайпалары бұл жерге басқа жерден келгендер деп көрсетіледі. Түбүттер туралы Қашқари былай деп жазады: ''Түбүт - түрік жерінде тұратын тайпа. Киік әтір соларда болады. Қылмысты болып, қаша көшіп, теңіз жолымен Чинға жетіп, сонда орнығып қалған. өсіп-өнген, олар банисабат ұрпағы. Олардың солтүстігінде ұйғыр, шығысында Қытай, батысында Кашмир, оңтүстігінде үнді теңізі. Олар өз ана тілін әлде қашан ұмытып, түрік тіліне үйренсе де, түрік сөздерін өз тілінің заңдарына лайықтап айтатыны байқалады. Мысалы, ана деген сөзді ума деп, ата деген өзді оба деп атайды. Арғұлар ''Диуани'' мәлімет-тері бойынша осы күнгі Шымкент пен Тоқмақ қалалары-ның аралығындағы кең территорияда тұрған. Сол маңдағы тайпалар арасында олар көп уақыттар бойы үстем болған. ХІ ғасырда яғни ''Диуани'' жазылған мезгілдерде арғұлар өздерінің бұрынғы басымдығынан айырылады да билік басқа тайпаның қолына көшеді. Сонысына байланысты арғұрлар бұрынғы мекенін де өзгертеді.  
Ал ұйғырлар негізінен бес үлкен қалада: Сумии, Кужу, Жанбалық, Бесбалық, Ианыбалық (балық - ескі түрік тілінде қала деген сөз) деген қалаларда тұрады деген мәлімет беріледі. Қыпшақтар мекені деп Товар және Қашқар маңындағы бір кішірек қала аталады. ''Диуани-дағы'' мәліметтерге қарағанда олар шаруашылықпен, балықшылықпен айналысқан. Сонымен қатар сол кезең-де қыпшақтар әлсізденіп, ыдырап, біразы оғыздарға, біразы чығылдарға, т.б. тайпаларға қосылып кеткені де аңғарылып отырады. Ал оғұздар - түркі тайпаларының бірі, олар түрікмен болып табылатынын айта келіп, түркімендердің жиырма екі рудан құралатынын, олардың әр қайсысының өзіне тән таңбасы, малға салатын ендері барлығын, әлгі рулар өзара сол ен - таңба арқылы айырлатынын хабар-лайды. Рулардың аттары, ен-таңбалары атап-атап көрсетіледі. Мұндай тарихи этнографиялық мәліметтер Қашқари еңбегінде жиі кездеседі. Сөздікте берілетін әрбір сөздің тұсында (егер ол этноним, мал, құс, т.б. атауларға немесе әдет-ғұрыптарға, салт-сана, шаруашылық кәсіпке байланысты сөз болса) мүмкін боларлық бар мәлімет беріліп отырады. Сөйтіп, Қашқари еңбегінің маңызды бір жері осы материалдарға байланысты болып келеді. Әрине, Махмут Қашқари филолог және оның еңбегіде осы тұрғыда жазылған. Еңбектің құрылысының жинақы, жүйелілігі, ондағы мәселелердің ғылыми тұрғыдан маңыздылығы мен дәлдігі авторды өз заманының аса ірі оқымыстысы есебінде танытады.  
''Түркі тілдері сөздерінің сөздігі'' ең алдымен лекси-кографиялық мұра есебінде көңіл аударады. Қашқари сөздерді реттеп беруде өзіне тән тәсіл қолданады. Ол ең әуелі аз әріптерден құралатын сөздерді береді де, одан әрі әріптің санына қарай дамытып отырады. Қандай сөздерді беріп, қандай сөздерді бермеу мақұл дегенде, сол кезеңде тайпалар тілінде қолданылып жүрген яғни, актив сөздерді ғана беру керек деп мәлімдейді. Бұл автордың алдын-ала ойластырылған принцип бойынша жұмыс істегендігін дәлелдейді. Ол сөздік жасауды әйтеуір білген, естіген сөздерді тізе беру деп қарамайды. Сонымен қатар автор тілдің сөздік құрамындағы актив сөздер мен пассив сөздерді айыра қарап, екеуін екі түрлі құбылыс деп есептейді. ''Түркі тілдері сөздері жинағының'' лексико-графикалық мәні мұнымен ғана бітпейді. Онда антоним мен синоним сөздер, омоним сөздер мен метафоралар, диалектілік сөздер бас-басына ажыратылып түсіндіріліп отырады. Ал мұндай жүйеге келтіру, байқампаздық Қаш-қари заманындағы лингвистика үшін аса бір ірі табыс еді. Автор ескірген сөздерді, шеттен кірген сөздерді сөздікке енгізбедім деп мәлімдейді. Әрине, бүгінгі түркі тарихы тұрғысынан алғанда, олардың ''Сөздікте'' берілуі аса маңызды іс болар еді. Алайда автор өз принципіне басынан аяғына дейін берік.  
Сонымен қатар Махмуд Қашқари бұл еңбегінде түркі тілдерінің алғашқы классификациясын береді. Осы мақаланың басы жағында сөз болған түркі тайпаларын екі топқа (солтүстік және оңтүстік) бөліп қарауы - тюркология тарихындағы алғашқы классификациясы еді. Бұл классификацияда Қашқари географиялық (орналасу орнына қарай) принцип қолданады. Алғаш рет Қашқари қолданған географиялық принцип біздің заманымыздағы басқа да классификацияларда да қолдау тапты. Сондай-ақ Қашқари көрсетіп кеткен кейбір диалек-тілік айырмашылықтар да кейін түрік тілдерін топқа бөлуде басты принцип болып қалады.  
М. Қашқари өз заманындағы түркі тілдерінің қайсы-сы қандай дәрежеде дамығанын да айтып отырады. Оның айтуынша түркі тілдерінің ішіндегі ең жеңіл тіл оғұз тайпа-ларының тілі, ең сындарлы, әдемісі яғма, тухси тайпалары мен Іле, Ертіс, Еділ бойларынан бастап ұйғыр қалаларына дейінгі аралықта тұратын тайпалар тілдері. Бұлардың ішінде де ең сындарлысы және көп тарағаны - ұйғыр тілі. Әрине, Қашқари заманында ұйғыр тілі түрік тайпалары-ның арасында әдеби тіл міндетін атқарады. Сондықтан да ол басқа тілдерге қарағанда көп жерде қолданылады.  
Махмұд Қашқари және оның еңбегі ''Диуани лұғат-ат-түрк'' жайындағы қысқаша мәлімет осындай. Мақалада оның еңбегінің басты-басты мәселелері ғана атап көр-сетілді. ''Диуани лұғат-ат-түрк'' әлі жете зерттелген емес. Соның өзінде бұл еңбектің тілін бір ғана халық тіліне телуге болмайды. Онда осы күнгі Орта Азия мен Қазақ-стан, Еділ-Орал бойлары, тіпті солтүстік Кавказ жерін мекендейтін барлық түркі халықтары тілдерінің элемент-тері бар. ''Диуани лұғат-ат-түрк'' кітабы тілінің сөздік қорында болса да, грамматикалық құрылысында болса да қазіргі қазақ тілі материалдарымен сай түсіп, кейбір фонетикалық, грамматикалық өзгерістеріне қарамай, мән-дес болып отыратын фактілерді жиі кездестіруге болады. Мұның өзі Қашқари еңбегін қазақ тіліне жақындығы тұрғысынан зерттеу жұмыстарын жүргізудің аса қажет екендігін дәлелдейді.  
Махмұд Қашқари өз заманының аса білімдар перзенті болған. Оның ғылыми мұрасы -''Диуани лұғат-ат-түрк'' - соның айқын куәсі.  

Информация о работе Махмұд Қашғари