Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847)

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 07 Октября 2015 в 16:54, реферат

Краткое описание

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Галдан Сереннің қызы Топыштан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Қасымұлы Кенесары хан.docx

— 29.43 Кб (Скачать документ)

 

 

Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847) – Көкшетау өңірінде дүниеге келген. Қазақ хандығының соңғы ханы, ұлт азаттық көтерілісінің әйгілі басшысы. Ол өзінің тегі жағынан төре тұқымынан. Шыңғыс ханның жиырма жетінші ұрпағы, бабасы – қазақтың атақты ханы Абылай. Арғы аталары Шыңғыс ханның Жошы деген үлкен баласынан тарайды. Ордасын Көкшетауға тіккен Абылай ханның отыз ұлы болған. Абылайдың қалмақ қоңтайшысы Галдан Сереннің қызы Топыштан дүниеге келген баласы Қасым сұлтанның бәйбішесі Айкүмістен Кенесары (алты ағайынды – Саржан, Есенгелді, Көшек, Ағатай, Бопай), екінші әйелінен Наурызбай туған. Кенесары өзге бауырлары секілді көшпелі әскери ақсүйектер қауымының дәстүріне сай жастайынана шабандоз, ұшы-қиырсыз даланың қатал табиғатына шыныққан, қиындыққа төзімді болып тәрбиеленеді. Жеке басының ерлік қасиеттері, бірбеткейлігі, алға қойған мақсатына жету жолындағы қайсарлығы мен дүлей күш-жігері оның жетекшілік қабілетін айналасына ерте ерте мойындатқан.  
 
Кенесарының саяси көзқарасының қалыптасуы Ресей империясында Петр І билігі кезеңінен басталған Ресей мен қазақ хандығы арасындағы қатынастар сипатымен тығыз байланыста болды. Ресей империясы өзіне шекаралас жатқан Қазақ хандығын, күллі Азия елдері мен жерлеріне бастар қақпа деп есептегендіктен, оны Ресейге қосып алу қажаттігіне ерекше мән берген – ді. Қазақ хандығы аумағын Ресейге күштеп қосу оның отарлануымен қатар жүрді. Ресей отаршылдығының ерекшелігі – «орыс солдатының соңынан орыс мұжығы ілесіп отырғандығында, сөйтіп жаулап алған жерін орыс жеріне айналдырып жіберуге тырысатынында» (М. Шоқай) еді.  
 
1822 жылы Ресей өкіметі Кіші жүз бен Орта жүздегі хандық билікті жойып, аға сұлтан мен сұлтан әкімдер билігін енгізеді. Сөйтіп, Ресей өкіметі қазақ елінің ішкі тіршілігіне тікелей араласып, өз үстемдіктерін жүргізе бастайды. Осыған қарсы шыққан Кенесары хандық басқару жүйесін қалпына келтіруге күш салады. Ол өз ойын Ресейдің жергілікті әкімшілігіне, сонымен қатар патшаның тікелей өзіне де жеткізеді. Бірақ патша өкіметі Кенесарының талаптарын орындаудан бас тартады,сондықтан да ол өз мақсатын күшпен жүзеге асыруға кіріседі.  
 
1824 жылдан бастап туған ағасы Саржанның көтерілісіне де қатынасқан Кенесарының көзқарасының қалыптасуына әкесі Қасым төренің қимылдары да әсер етті. Қасымның қырық мың шаңырақ жақтастарымен Көкшетау боыйнан Қоқан хандығының шекарасына қарай өзінің балалары Есенгелді, Саржан және Кенесарыны ертіп,көшіп кетуінің басты себебі – патша үкіметінің округтік приказдарды құруына қарсылығы болатын. 
 
1836 жылы Ташкент билеушісінің қолынан қаза тапқан бауырлары мен әкесінің тағдырына қатты налыған Кенесарының тағы да бір мақсаты – қоқандықтар тепкісіндегі қазақтарды азат ету еді. 
 
Отаршылдарға қарсы соғысты соғысты бастамас бұрын Кенесары бірнеше рет дипломатиялық қадамдар жасап: Николай І патшаға, Орынбор генерал-губернаторы В.А. Перовскийге, В.А. Обручевке, Сібір генерел-губернаторы П.Д. Горчаковқа хат жолдады. ,Сол хаттарының бірінде Кенесары Қасымұлы былай деп жазған еді:  
 
Генерал –губернатор мырзаға Абылай ханның ұрпағы Кенесары Қасымұлынан 
 
«...Сізге хабарлайын деп отырғаным: екі елдің халқы бейбіт өмір сүрсін деген ойым. Біздің аудандарымызды өзіне қаратып алды деп маған күдікпен қарайтын көрінесіз. Керісінше, сіздер менің атам Абылайдың иелігіне округтік дуандар (приказдар. – Ж.Қ.) құрдыңыз, қырғыз (қазақ. –Ж.Қ.) халқынан салық жинап, қысым көрсетудесіз. Біздің ренжуіміз орынды, сіздің қарамағыңызда өмір сүру мүмкін емес. Мен өз жағыма тек Баянауыл, Қарқаралы және Ақмола халқын тартып қойғаным жоқ. Қазақ халқының көне замандағы жағдайының өзгермегенін құптаймыз. Онда біз де, сіз де тыныштықта өмір сүрген болар едік. 
 
...Дуандардың басшылары қырғыздардың жақсы жылқыларын тартып алуда. Қазақтар өздеріне күніне үш қойдан сояды. Дуан басшыларының бассыздығына қарсы қырғыздардың шағымдары жауапсыз қалады. Патша ағзамның заңдарына сай біздің жылқыларымызды өлтіруге, тартып алуға тыйым салғаны сөз жүзінде ғана. ...Сізбенен ғұмырлық достықта болу үшін: Ақтау бекінісін жоюда, Ақмола дуанын таратуды өтінемін, түрмедегі адамдарымызды босатыңыз». (Қазақстан Республикасының орталық мемлекеттік мұрағаты. 374-қор, 2-тізім, 25-іс, 15-16 -парақтар). Ақылды саясатшы және әскери қолбасшы ретінде Кенесары жаудың мықты қарулы күші бар екендігін жақсы түсінді, сол себепті соғысқа мұқият даярланды. 
 
Кенесары Қасымұлының көтерілісі ХІХ ғасырдағы бүкіл Қазақстанды қамтыды. Ұлы, Орта және Кіші жүз қазақтары бұл көтеріліске белсене қатысты. Көтерілістің әр кезеңдерінде сұлтанды қыпшақ, төртқара, жағалбайлы, шекті, алшын, керей, жаппас, бағаналы, табын, тама, арғын және басқа ірі рулар қолдап отырды. Он жылға созылған көтерілістің басты қозғаушы күші – қазақ шаруалары еді. Кенесары көтерілісін жер – жерден қолдаушылар көбейеді.Өйткені патша әкімшілігі қазақтардың жерін тартып алып, әскери бекіністер сала бастайды, көшпелі ел ата қонысынан айырылып, мал жаятын жаңа жер іздеуге мәжбүр болды. Оның үстінен патша үкіметінің алым-салығының ауыртпалығы да оларды діңкелетіп біткен еді. Осының барлығы қазақ қауымының наразылығын күшейтіп, олады Кенесары бастаған көтерілісті жан-жақты қолдауға итермеледі.Езілген үш жүздің еңбекшілерінің осы арпалысқа қатысуы қозғалыстың басты мақсаттарына ұлт – азаттық сипат берді. Көтеріліске қатысқан ірі ақсүйектер талабы – көтерілісті, бір жағынан, өздерінің ұсақ мүдделеріне пайдалану, артықшылықтарын қайтарып алу болса, екінші жағынан, көшпенді дербес мемлекет бостандығын қалпына келтіру еді. Көтеріліске қатысқан белгілі Шыңғыс ұрпақтарының ішінде Көкшетау өңірінен сұлтандар: Шеген, Қанқожа Уәлиұлы, Таны Тортайұлы, Айғаным ханым, Ақмола округінен: Күшік, ЖанайАйшуақұлы, жадайлар болды. Құсмұрын, Көкшетау, Ақмола, Қарқаралы, Баянауыл округінде, кейіннен патша үкіметінің сот-жазалау мекемелерінің жинаған мәліметтеріне қарағанда, көтеріліске 80-нен астам сұлтан, би, старшындар қатысқан.  
 
Көтеріліс шеңберінің кеңейіп бара жатқанынан шошынғпн патша үкіметі Кенесары мен Қоқан хандығының арасындағы қайшылықты пайдаланып, оны тұншықтыру үшін тікелей шаралар іске асыра бастайды. 1842 жылы В.А. Перовскийдің орнына Орынбор өлкесіне губернатор болып тағайындалған генерал В.А. Обручев қарулы қолмен көтерілісті қанға бояуды ойластырады. Екінші жағынан, Батыс Сібір генерал – губернаторы, князь П.Д Горчаков та Сібір жағынан қысымды үдетеді. 1842 жылы қазақ даласына Сібір әскери шебінен жіберілген Сотников тобы Кенесары жасақтарына қарсы шабуылды бастады. Кейіннен құрамы күшейтілген Батыс Сібір жазалау отряды Ақсақал төбе маңынан 1000 түйе, 3000 жылқы, 10000 қойды айдап әкетіп, 100 адамды өлтірді. Бейбіт ауылдардың қазақтарын соққы жықты. Осы жағдай Батыс Сібір генерал – губернаторының билігіндегі қазақ ауылдарының күштерін біріктіруіне түрткі болды.  
 
Отты қарумен қаруланған патша әскеріне қарусыз халық жасақтарының төтеп беруі қиын еді. Соған қарамастан Кенесары өзінің дарынды қолбасшы екендігін танытып, түрлі әскери тәсілдер арқылы оларға бірнеше рет ойсырата соққы беріп, бірнеше бекінісінің талқанын шығарады. Солардың бірі Кенесарының Екатеринбург станциясына жасаған шабуылы. Шабуылдың тұтқиылдан болғаны сондай, казактар, тіпті, қарсылық көрсете алмай қалады. Осы жолы Кенесарының жігіттері 18 мылтық, 2 пистолет, 18 қылыш, 27 найза қолға түсіреді. 
 
Тыңшылардың Орынбор шекара комиссиясына Кенесары «аға сұлтандарға қатты өкпелі» деп жеткізуі 1844-1845 жылдары қалыптасқан ахуалдан хабар береді. 1844 жылдың 21 шілдесіне қараған түнде Өлкейек өзенінің бойында сұлтан Ахмет Жантөриннің әскерімен болған қырғында оның соңынан ерген 44 сұлтан қаза болады. 
 
Ашық шайқастарда бетпе – бет келіп қарсы тұра алмаса да, аға сұлтандар көтерілісшілердің ізіне түсіп, олардың саны, құрамы, қару—жарағы жөнінде патша әкімшілігіне жеткізіп тұрды, қозғалысқа іріткі салды. Тыңшылық қызметті ұйымдастыруда Орынбор Шекаралық комиссиясы осыларға иек артты. 
 
Көпшіліктің қолдауымен Кенесары 1841 жылы Қазақ хандығының ханы болып сайланады. 1841 жылы тамыз айында хандық билікті қалпына келтірген Кенесары қазақ қауымында белгілі билер сотын жойып, оның орнына хандық сотты кіргізді.Көшпелі феодалдық мемлекеттің құрылысында жалпы Қазақстандағы хандық биліктен бірқатар өзіндік ерекшеліктері болды. Хандық кеңестің құрамы Кенесарының жақын туыстарынан, би, батыр және сұлтандардан тұрды. Әбілқайыр хан кезіндегі ақсақалдар кеңесінен бір ерекшелігі – биліктің тізгіні Кенесарының өз қолында болды. Кенесары өз хандығын нығайту үшін біраз экономикалық және саяси шараларды жүзеге асырады. Оның алым-салық саясаты шариғатқа негізделіп, мал өсіретін аудандарда зекетті, егіншілік аудандарда ұшырды енгізеді. Халықтан алым – салық жинауды арнайы жасауылдар жүзеге асырады. Сонымен қатар көтерілісшілерді қолдаған ірі фещдалдардан алынған мал, дүние-мүліктерін бөлу немесе оны басқару ісімен Кенесарының көмекшілері айналысты. Кенесарының тікелей қатысуымен құрылған басқару ісі Хандық кеңес қабылдаған шешімдерін қадағалап отырды, алым-салықтың жиналуын қамтамасыз етті. Арнайы билеу органы сонымен қатар қазақ ауылдарында көтеріліс басшысының үндеулерін уағыздап, таратуға жауап беретін.  
 
Кенесары Қасымұлының басшылығымен іске асырылған өзгерістердің ішінде көңіл аударатыны – хандықтың жер саясаты. Егіншілікке көшуді, жер шаруашылығын дамытуды Кенесары әрқашан қолдап отырды. Алайда Кенесары Қасымұлы сарбаздарының көтеріліс қамтыған аудандарды басып өтетеін сауда керуендерін шабуылдауы, осы өңірдегі экономикалық байланыстарға нұқсан келтірді. Қалалардың көшпе,нді қазақтармен сауда байланыстары құлдырады. Орынбордан Петропавл, Семейден Орта Азияға, Шығыс Түркістанға тауар апаратын көпестердің байланыстары әлсіреді. Алайда Кенесары ру арасын жегідей жеген барымтаға, әр түрлі жағдайда жиі қайталанып тұратын тартыстарға қатаң шек қойды, пәрменді шара қолданып отырды. 
 
Патша үкіметі кесіп алған жерлерді иесіне қайтару жолындағы күресте Кенесары әскери күштерді ұйымдастыру барысында Орта Азия хандықтарының тәжірибесіне сүйенеді. Әскери қимылдар кезінде де Кенесары және оның көмекшілері бірқатар өзгерістер жасады. Батырлар мен төлеңгіттердің басқаруындағы көтерілісшілердің әскери күші негізінен өз еркімен құрылған жасақтардан тұрды. Көтерілісшілердің саны кейбір жағдайда жиырма мыңға дейін жетті. Ол өз әскерін жүзге, мыңға бөліп, жүзбасылар мен мыңбасылар тағайындайды. Бұл әскер басқарудағы жүйе көшпенді халықтарда ертеден келе жатқан, далалық ауданда соғысуға икемделген әдіс еді.Бір жағынан, патша үкіметіне үміт артқан, екінші жағынан, Кенесарыға ойысқан қазақ ауылдары да көтерілісшілердің санын ұлғайту ісіне өте қажет еді. Осыған орай Кенесары әскерінде қатаң тәртіп орнатылды. Опасыздық үшін бір-ақ жаза – өлім жазасы кесілетін. Кенесары сыртқы саясатының басты мақсаты Тәуелсіз Қазақ хандығын құру болады. Ол осы мақсатын жүзеге асыру үшін Орта Азия хандықтарынан өзіне сүйеу іздейді, олардың ішкі ісіне араласып, билеушілерін өзіне тартуға күш салады. Хиуа ханы мен Бұхар әміріне өз елшілерін жіберіп, байланыс орнатады. Орта Азия мемлекеттерімен сауда көлемін ұлғайтып, олардан өзіне қажетті қару-жарақ, оқ-дәрі алып тұрады.  
 
Көп жылға созылған күресте негізгі күшін әлсіреткен Кенесары патша әскерінің қысымымен 1846 жылы өз ауылдарымен Іле өзенінің сол жағына шығып, Шу өзені мен Алатау төңірегіне жақындады. Ұлы жүздің батырлары Ташыбек, Саурық, Байзақ датқа, Медеу би Кенесарыны, оның Қоқан бектеріне қарсы күресін барынша қолдады. Кенесары қолы қырғыз манаптарының иеліктеріне жақындады. Қырғыздардың бір бөлігі де Қоқан ханының тепкісінде еді. Мұнда ол қырғыз манаптарына Қоқанға қарсы бірігіп соғысуға ұсыныс жасайды. Ресей мен Қоқан бектерінің арасында екі жүзді саясат ұстаған Орман және Жантай бастаған манаптар оның бұл ұсынысын қабылдамай, орыстың генерал – губернаторы Капцевичке өздерінің Кенесарыға қарсы соғысатынын хабарлап, одан көмек сұрайды. «1847 жылы Кенесары қырғызда жеріне басып кірді. Бұл күресте Кенесарының көздеген мақсаты – қазақтар ман Алатау қырғыздарының ортақ жауы Қоқан үстемдігіне және Қоқан бектерінің сенімді одақтастары қырғыз манаптарына қарсы күресуі еді. Сондықтан ол қырғыздарға қарсы жорықта Қоқан дағына шығып кеткен манаптар сатқындығына жауап ретінде қарады», - деген Е.Б. Бекмахановтың бұл тұжырымы Кенесарының 1846 жылы Орман Ниязбеков пен Жантай Қарабековке жазған хатына негізделген секілді. Онда Кенесары: «Менің осында (қырғыздарға) келуімнің себебі – жауласып, қан төгу емес, қазақ пен қырғыздардың күшін біріктіріп, оларды Қоқаннан бөлу және қоқандықтардың қыспағынан құтқару» делінген еді. Осы жорамал Отандық тарихнамада соңғы кездері де өз жақтастарын тапты. Ауыз әдебиеті нұсқаларына қарағанда да, сол бір қысылтаяң мезетте көтерілісшілер санасын қырғыздар жеріне барып паналауды жөн көрген көңіл ауаны баураған сяқты. Оған Нысанбай ақынның: 
 
«Түбі бірге түрпейт» деп 
 
Қарттардан қалған қария 
 
Ескілікті мақал бар 
 
Қырғыз, қазақ әуелде 
 
Бір туысқан халықпыз, 
 
Батырларым, дағдырмай 
 
Қайта көшіп соған бар,- деген жолдары куә болды. 
 
Осыған қарамастан, Кенесарының қырғыздар еліне жорығының мақсаты туралы екінші жорамал да бар, ол да Е.Б. Бекмахановтың қаламына тиесілі. Кенесарының 1846 жылы Ілені бойлай жоғары көтеріліп, Қытай шегіндегі Үйген тасқа тоқтағаны, осы жерда Құдайменде Саржанұлын, Бақтыбай би мен Сүйінқожаны, арту таралға ретінде тоғыз сәйгүлікпен, Қытай үкіметіне елшілік жібергені, көшіп-қонуға рұқсатсұрағаны жөнінде мәліметтер бар. Ол жақтан жағымда жауап болмайды, себебі Ресеймен Қытай араздасқысы келмейді. 
 
Кенесары қырғыз жері арқылы Қытайға өтпек болғаны жөнінде Сәуірбек Бақбергенов мынадай деректерге иек артады: «Найманға ға сұлтн болып бекітілген Құнанбай төре Омбы әкімшілігінен Кенесарыны қалай да ұстау туралы жарлық алған соң, Қытайдағы қызай наймандардың билеушісі, өзіне туыс боп келетін Қазар төреге жансыз жібереді. Кенесарыны құтқарудың жолы бір ғана жолы бар. Ол шетке, Қытаймен шекараға шығуы тиіс дейді. Қызыр төре Кенесарыға хат жазып, бес ат мінген шабармандарымен Балқашқа, Мыңаралға жөнелтді. 
 
Қызырдың хатын алған соң Кенесары шекараға шығудың жолдарын ойластырады. Бұл кезде орыс әскері Аягөзге бекініс орнатып, Қапал мен Жаркентке жеткен. «Құлжада патша консулы тұрады. Жалғыз жол бар. Ол – Ыстықкөл арнасымен асу. Міне, Кенесары қырғызды жаулауға емес, соның жерімен өтуге бет алды. Мұны Қоқан да, патша әскері де біліп отырды. Бірақ, сендерді басып алуға келе жатыр деп жар салып,үгіт – насихат қана емес, өздері де тікелей араласып, арандату жасады. Бұл қырғыз жерін басып алуға келе жатқан ақ патша әскерінің талабына, ниетіне сайма-сай келетін қимыл еді»,- дейді жазушы. 
 
Осындай жағдайда 1847 жылдың басында Кенесары қырғыз жеріне басып кірді. Көтерілістің отаршылдық езгіге қарсы бастапқы сипаты өзгере бастады. Кенесары әскерінің жергілікті халыққа қысымы, жазықсыз қырғыз ауылдарына шабуылдары оған қарсы өшпенділі туғызды.1847 жылы Ресей әскери күшінің дем беруімен болған қазіргі Майтөбе (Кекілік сеңгір) деген жерде қырғыз манаптарының әскерімен шайқаста Кенесары мен інісі Наурызбай дұшпандарының қолына түседі. Кенесары айуандықпен өлтіріледі. Рүстем сұлтан мен Сыпатай бидің ұрыс қарсаңында жауынгерлерімен Кенесарыдан бөлініп кетуі қазақ жасағының жеңілісіне әсер етті. Жаулары оның басын кесіп алып, орыс әкімшілігіне жібереді. Князь Горчаков Кенесарының басын Батыс Сібір бас басқармасындағы «Кенесары бүлігі туралы» іске қосып сақтауға бұйрық береді  
 
Бірқатар феодалдық топтардың Кенесарыны қолдамауы, Ресей империясынан көптеген жеңілдіктер алған сұлтандар мен билердің орталықтанған феодалдық мемлекетті қалпына келтіруге мүдделі болмауы – көтерілістің жеңілуіне негізгі себебі болады. Жүзге жіктелгенқазақ рулары көтерілісті өз жерінде қолдап, Қоқан және қырғыздармен күресуден өздерін алшақ ұстады; Кенесарының өзін қолдамаған ауыларға озбырлығы да көтерілісшілер қатарын сиретті; Кенесары Бұхар, Қоқан феодалдарымен арпалыста күшін сарқып, патшалы Ресейге қарсы бүтін халықты біріктіре алмайды. Кенесарының тәуелсіздік жолындағы күресі де және осы жолда тек қана түркі халықтарының күш біріктіруі арқылы оң нәтиже күтіп, әрекет етуі де оның кең қарымды саясаткер, көреген стратег екендігін аңғартады.  
 
Кенесары хан әулетінің шежіресі. Кенесары ханның бәйбішесі Күнімжан ханымнан (арғын руының қызы) үш ұл туады: Жапар, Тайшық, Ахмет. Екінші әйелі Жаңыл ханымнан бес ұл туады: Құшар (кейбір деректерде Омар), Әбубәкір, Құсман, Сыдық, Жақша. Кенесарының үлкен ұлы Жапар Ресей империясы әскерлерімен болған соғыста тұтқынға түсіп, көп жыл айдауда болады. Ақырында Бекет батырмен бірге қашып келеді. Денсаулығы нашарлағандықтан көп кешікпей қайтыс болады. Кенесарының ұлы Сыдық (Сыздық) сұлтан (1839-1910) әке жолын қуып, Ресей империясына қарсы күресті. Тайшық пен Ахмет сұлтандар амалсыз патша үкіметіне барып қызметке тұрады. Қоқандықтармен болған бір соғыста Тайшық сұлтан қатты жарақаттанып, қайтыс болады. Ахмет сұлтан алғашында Шу бойндағы қазақ, қырғыз елдерін Қоқан шапқыншылығынан қорғап тұрады. Шымкент уезді ашылған соң Ахмет сұлтан онда уезд басшысының үшінші жәрдемшісі болып тағайындалып, осы жұмыста жиырма жыл істейді. Қазақ рулары мен патша әкімшілігі арасындағы қатынастарды реттеп тұрады. Ахмет сұлтан қырық алты жасында қайтыс болады. Ахмет сұлтанның ұлдарының ішіндегі ең белгілісі (1878 - 1837) Алашорда партиясын құрушылардың қатарында болған, саяси қуғын – сүргін құрбаны . 1996 жылы толығымен ақталып шығады.  
 
Әзімжан ұлдары: Натай, Мұхамедхан, Мадияр, Тәуке, қыздары: Хамида, Напуса, Аян, Баян. КСРО- ға еңбек сіңірген геолог, геология-минерал ғылымының докторы, гидролог, Өзбекстан ҒА-ның мүшесі Натай Әзімханұлы Кенесарин кезінде абасының атын алып жүргені үшін қуғындалып, Қазақстанға қоныс аударуға мәжбүр болған.  
 
Кенесарының Әбубәкір атты ұлының шөбересі, ұстаз әрі домбырашы, өнер қайраткері Файзолла Үрімізов пен жиендері арасынан Кеңес Одағының Батыры Александр Гаврилович Моисеевский сынды генерал шықты.  
 
Кенесары қазақ халқының дербес мемлекеттілігін қалпына келтіру, халқын бодандықтан құтқарып, басын біріктіру, азаттық пен бостандыққа қол жеткізіп, тәуелсіз ел ету мұратын көздеген сұңғыла саясатын, қараткер, ірі мәлімгер, дарынды әскери қолбасшы ретінде ел есінде қалды. Оның дипломатиялық және саяси белсенділігі, Ресей үкіметінің әскери-әкімшілік орталықтары мен сол тұста көптеп құрылып жатқан бекіністерін жою жөніндегі шешімдері жіне жақты әскери қимылдары сол кезгі тарихи құжаттар мен зерттеулерде көрініс тапты. Саяси ахуал оған қарулы күрестен басқа таңдау қалдырмағаны анық. Оның әкімшілік және сот реформаларын жүргізгені, биліктің орталықтандырылуын күшейтуге тырысқаны, өз армиясын заман талабына сай қайта құрғаны, артиллерияны қолданып, әскери тактиканы дамытқаны, қатал тәртіпке бағынған, ұтқыр тәсілдермен әрекет ететін әскерқұрі білген әділ бағасын алуда Кенесарының өмірі мен азаттық жолындағы күрес көптеген ақын-жазушылардың шығармаларына арқау болды. Нысанбай ақынның «Кенесары - Наурызбай» дастаны (ХІХ ғасыр) 1875 жыл сұлтан Жантөриннің тәжімасымен «Орыс географиялық қоғамы Орынбор бөлімшесінің жазбаларында» орыс тілінде жарияланды. ХХ ғасырдың 30-жылдары Мұхтар Әуезов «Хан Кене» пьесасын (сахнаға бірер қойылуынан кейін тыйым салынған), 60-жылдары И. Есенберлин «Қаһар» романын жазды. Алғашқы зерттеулер ішінде «Қазақ сұлтаны Кенесары Қасымовтың бүлігі» деген тақырыппен Н. Середеның 1870 жылы «Вестник Европы» журналының бірнеше нөміріне бастырған кітабының дерек көзі ретінде маңызы зор. 1888 жылы Ташкентте «Кенесары мен Сауық» деген атпен шыққан Кенесарының баласы сұлтан Ахмет Кенесариннің естеліктер жинағы да құнды еңбек болып табылады. Кеңес үкіметі тұсында Кенесарының күрес жолына іргелі ғылыми зерттеу арнаған тарихшы Е. Бекмаханов («ХІХ ғасыдрдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан» 1947 ж) саяси қуғын-сүргінге ұшырады. Кенесары тұлғасына жаңаша қарап, оның шынайы бағасын беру ісі Қазақстан тәуелсіз мемлекетке айналғаннан кейін қолға алынды. Тарихшылар (Ж. Қасымбаев, т.б) өз зерттеулерін жариялады. 2002 жылы Кенесары туғанына 200 жыл толуына орай Халықаралық ғылыми конференциясы өтті. Астана қаласында Кенесарыға арналған ескерткіш қойылған және онда оның есімімен аталған көше бар. 
 
 

Қолданылған әдебиеттер 
 

1,Е. Бекмаханов «ХІХ ғасырдың 20-40 жылдарындағы Қазақстан», 1947жыл

2,Қазақстан ұлттық энциклопедиясы 4 том 500-502 бетте 
3,Ж. Қасымбаев «Қазақстан тарихы» 8- сынып 


Информация о работе Қасымұлы Кенесары хан (1802-1847)