Аударма теориясы және оның зерттелуі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Октября 2014 в 20:36, реферат

Краткое описание

Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой-пікірді, иә болмаса, жазылған текстіні тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде түсінікті етіп жеткізу. Бір тілден екінші тілге аударылып жазылған немесе баспадан басылып шыққан барлық еңбек аударма туынды деп аталады (Тұрарбеков З. Қазақ аудармасының теориясы мен практикасы. 3 бет.).

Прикрепленные файлы: 1 файл

Аударма теориясының тарихы. Лекция №1.doc

— 45.00 Кб (Скачать документ)

Аударма теориясы және оның зерттелуі

 

Аударма дегеніміз – бір тілде ауызша айтылған ой-пікірді, иә болмаса, жазылған текстіні тыңдаушыға, оқушыға екінші тілде түсінікті етіп жеткізу. Бір тілден екінші тілге аударылып жазылған немесе баспадан басылып шыққан барлық еңбек аударма туынды деп аталады (Тұрарбеков З. Қазақ аудармасының теориясы мен практикасы. 3-бет.).

Аударма – жан-жақты, күрделі мәселе. Ол туралы орыстың ұлы ақыны А.С. Пушкин «Аудармашылар – ағарту ісінің кіре тартар күреңдері» (ауд. К. Юсуп) деп бекер айтпаған. Тәржіменің жекелеген аспектілері кейбір ғылымдардың зерттеу нысаны бола алады. Аударматану психология, әдебиеттану, этнография ғылымдарымен өзара тығыз байланысты. Сондықтан зерттеу нысанына қатысты оларды психологиялық аударматану, әдеби аударматану, этнографиялық аударматану, тарихи аударматану деп таратуға болады. Қазіргі заманауи тәржімеде аударманы лингвистикалық тұрғыда зерттейтін ғылым дамуда әрі оның  аударма теориясы, аудармаға талдау және аударма жасауды меңгерту әдістемесі  тәрізді бағыттары бар.

Аударма тарихы. Аударма – өте ертеден басталатын адам әрекетінің бір түрі. Зерттеушілердің пайымдауынша, аударма түрлі тілде сөйлейтін адамдар арасында қарым-қатынас жасау қажеттілігі туған кезде, яғни лингвоэтникалық барьерді (кедергіні) жою талабынан туған.

Аудармаға қатысты еңбектер қазақ аудармасының тарихын  төрт дәуірге бөліп қарастырады (Тұрарбеков З. Қазақ аудармасының теориясы мен практикасы. - Алматы, 1973).

Бірінші дәуір VIII-XIV ғасырларды қамтитын қазақтың ұлт болып қалыптаспаған, түркі халықтарының құрамында ру, тайпа, ұлыс болып жүрген кезіндегі аудармалар. Ерте кезеңнен сақталып, бізген жеткен аударма нұсқалары:

  1. Махмұд Қашғаридың Иракта араб тілінде 1074 жылы жарық көрген “Диуани лұғати-әт-түрік” атты сөздігі. Сөздікте түркі тілдерінің, оның ішінде қыпшақ тайпаларынақатысты материалдар, үш жүзге жуық мақал-мәтелдер, өлең үзінділері келтірілген.
  2. Әбу-Хаян құрастырған “Кітап Әл-идрак ли-сан Әл-Атрак” деп аталатын түркіше-арабша сөздік. Ол сөздікте кейбір сөздер “қыпшақтікі”, “оғыздікі”, “түркістандікі” деген белгілермен берілген.
  3. Жалил Абдуллахат-түркидің арабша-түркіше-қыпшақша сөздігі де аударма еңбекке жатады.

Зерттеушілердің пікірінше, тұтас шығармаларды аудару жұмысында мұндай сөздіктердің  бұрын жариялануының маңызы зор.

Екінші дәуір қазақ аудармасында нәзира әдіс-тәсілін қолдану Шығыста әдебиет туындыларын аударудың негізгі каноны болған дәуір. Бұл әдіс-тәсіл бойынша аудармашы өзінен бұрын жарияланған ақын шығармасының сюжетін негіз етіп алып, ол шығарманы өз заманына, өз ортасына лайықты етіп, қайта жырлайды.

Нәзира әдісі арабтардың Қазақстан мен Орталық Азияны жаулап алған дәуірінде көркем әдебиетте, әсіресе поэзияда орын алған. Бұған Әлішер Науаидың “Ләйлі-Мәжнүн”, “Фархат-Шырын,” “Жеті ғалам” дастандары және де “Шаһнаме”, “Тотынаме”,“Тахир-Зухра”, “Зылиха-Жүсіп”, “Ләйлі-Мәжнүн” жатады.

Шәкәрім, Тұрмағамбет Ізтілеуов, Жүсіпбек Шайхысламов т.б. ақындардың шығармашылығында да нәзира тәсілімен жазылған туындылар бар.

Үшінші дәуір қазақ халқының Ресей империясының қол астына кіру кезеңінен басталады. Бұл дәуірдің бастапқы кезінде, әуелі әр түрлі сөздіктер жасалды. Олар: 1)  “Парсы және татар диалектілері” деп аталатын 10-беттік қолжазба; 2) 49 орыс сөзінің қазақша және монғолша аудармасының қолжазбасы; 3) “Хиуа, Бұхар, қырғыз (яғни қазақ) және мешер тілдеріне аударылған орыс сөздерінің тізімі; 4) 1774 жылы жазылған орысша-қазақша сөздіктің қолжазбасы.

Екі және көп тілді сөздіктерді жасау жұмысы XVII ғасырдан басталып XVIIІ, XІX ғасырларда жалғаса берді. Бұған орыс түркітанушыларының, миссионерлерінің еңбектерін жатқызуға болады. Атап айтқанда: Н.И. Ильминскийдің “Материалы к изучению киргизского наречия”(Қазан, 1861);  А.Е. Алекторовтың  “К мудрости ступенька. Азбука для учеников начальных русско-киргизских школ” (М., 1891), Л. Будаговтың “Сравнительный словарь турецко-татарских наречий” (СПБ, 1869-1871); И. Букиннің “Русско-киргизский и киргизско-русский словарь” (Ташкент, 1883) тәрізді еңбектері жатады.

Әдетте қазақ халқының тарихындағы аударма ісінің бастау көздері сөз болғанда қазақшаға аударудың алғашқы жазба үлгісі ретінде ағартушы-ұстаз Ы. Алтынсариннің есімі аталады. Бұл тегін айтылған сөз емес.

Аударма ісінің алғашқы жазба, әрі әдеби нұсқалары ұлы ағартушының “Қазақ хрестоматиясына” (Орынбор, 1898), кіргені белгілі. Бұдан басқа

Ы. Алтынсариннің “Қазақтарды орыс тіліне оқытудың құралы” (Орынбор, 1871), “Жазуға үйрететін кнеге” (Қазан, 1892)  атты кітаптарының да аударма жұмысында маңызы зор.

Қазақ аударма тарихы туралы мынандай да пікір бар.

Аударма қазақ даласында атам заманнан болған. Түркінің “тілмаш” деген сөзінен (тегінде, бұлай деп тілге мәш, яғни сөзге ұста адамдарды айтқан) орыстың “толмачы” шыққан. Ұлы Жібек жолының алтын арқауы – аударма десек те артықтығы жоқ. Ал нақты көркем аудармаға көшкенде түркі халықтарына ортақ Алтын Орда дәуіріндегі аудармалар қатарында Сағдидің “Гүлстанын” ХІV ғасырдың аяғында Сарай қаласынан шыққан ақын Сейф Сарайдың аударғаны айтылады. Филология ғылымдарының докторы, профессор Тұрсынбек Кәкішевтің: “Алтын Орда дәуіріне біз түгелдей ортақпыз. Ал оның негізгі әдеби тілі – қыпшақ тілі болса, онда қазақ даласы мен тілі жетекшілік сипатқа ие болғанынан қашсақ та құтыла алмаймыз” деген пікірін есте ұстау жөн. Қазақ аудармасының бастапқы кезеңдерінде аударма, нәзира, қайта баяндау, еліктеу бір - бірімен араласып, қабысып жатады. Бұларды аударманың балама түрлері, танымал шығарманы жаңа тілде жеткізудің жолдары ретінде қарастырған орынды. (С. Абдрахманов «Өлең аудармасының теориясы мен поэтикасы», Алматы, 2007 ж. ).

 Аударма тарихының  өте көнелігіне қарамастан жеке  ғылым ретінде дамуы ХХ ғасырмен  тұспа-тұс келеді. Түрлі тілдер  арасында қарым-қатынасты жүзеге  асырудың бірнеше жолдары бар. Аударма солардың бір түріне ғана жатады.

Аударма қызметі. “Аударма үш бірдей маңызды қызмет атқарады: біріншіден, ұлттық мәдениеттің өзінің қайталанбас төлтума тұрпатын сырт елдерге танытады; екіншіден, сыртқы мәдениеттің құндылықтарын жеткізу арқылы жасаң мәдениеттерді жаңғыртып, тың тыныс береді; үшіншіден, осы елдер тілдерінің сырттан келген жаңа ұғымдар мен түсініктерді бенелеуге бейім сөздерін іздестіруге, саралауға бейілді етіп, тілді жаңартып, жасандырады”. («Аудармашыға көмек».  Алматы, 2006 ж. 30-бет).

Сондай-ақ аударма ісі – халықтар арасындағы рухани байланыстың алтын көпірі болып табылады. Әр халықтың рухани дамуының өзіндік ерекшеліктері бола тұра, ол басқа халықтардың ең үздік деген мәдени, рухани байлығымен сусындау арқылы байып, толығып отырады. Бұған мысал ретінде, әлемдік классикалық туындылардың тәржімеленуін айтуға болады.

Көркем аударма қарым-қатынас құралы бола отырып, адамның білімін жетілдіреді, ой -өрісін кеңейтеді, рухани азық болады.

Аудармашы “саяси әдебиеттің көмегімен өзінің дүниетанымын қалыптастырады, саяси сауаттылығын тереңдетеді. Публицистикалық жанрларды оқу арқылы деректер мен жаңалықтарға қанығады”.  Бір сөзбен айтқанда, аударма ісі – әлемдік мәдениетке ұлттық мәдениетті жалғастырудың бірден – бір жарқын үлгісі (Ә. С. Тарақов Аударма психологиясы және мәдениеті. - Алматы: Қазақ университеті, 2005.)

Аударманың құдіреті өлі тілдерді тірілтуінен-ақ танылады. Көне еврей, көне грек, латын, ескі славян, ескі орыс тілдерінен жасалған аудармалар арқылы қаншама мәдени мұра адамзат игілігіне айналғаны жақсы мәлім. Тәржімешілер болмаса олардың бәріне де санаулы полиглоттардың, тіл мамандарының ғана қолы жетер еді (Ғаламтордан).

 

 

Тақырыпты бекітуге арналған тапсырма:

  1. Аударма дегеніміз не, оған қандай шығармалар жатады?
  2. Аударма не үшін қажет, оның қызметі не?
  3. Тәржіманың ұлт мәдениетіне ықпалы қандай?
  4. Аударма тарихы қашаннан басталады? Сіздің пікіріңіз қандай?
  5. Қазақ тіліндегі аударма тарихы жөнінде қандай пікірлер бар?

 

 

 

 

ПАЙДАЛАНЫЛАТЫН ӘДЕБИЕТТЕР ТІЗІМІ

 

 

1Латышев Л.К. Семенов А.Л. Перевод: Теория, практика и методика преподавания. – М.:Издательский центр “Академия”, 2008. – 192 с. 

2.Бреус Е.В. Основы теории и практики перевода с русского на английский. Москва., 2004. – 208 с.

3.Тарақов Ә. Аударма әлемі. Алматы, «Қазақ университеті», 2007. 

4.Алдашева А. Аударматану. Алматы, «Арда», 2006, - 248 б.

      5.Алпысбай Қ.Қ., Қазыбек Г.Қ. Қазақ аудармасының теориясы мен тәжірибесі. –Алматы: Қазақ университеті.  2001 ж.

6. Ақбұзауова Б. «Кәсіби қазақ тілі». Алматы:«Қазақ университеті», 2011 ж.  

      7. Бөрібаева С.Б.  «Қазақ тілінде дипломатиялық және мемлекеттік құжаттарды рәсімдеу».     Алматы: «Қазақ университеті», 2011 ж. 

 


Информация о работе Аударма теориясы және оның зерттелуі