Табиғат және қоғам туралы түсінік

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 13 Ноября 2013 в 15:14, реферат

Краткое описание

Құрақ–төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені Құрақ немесе Құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған “қасиетті орын” санаған. Ерте кезде баласы өліп, тоқтамаған үй “тіл-көзден аман болсын” деген ырыммен қырық Құрақ құрап, баласын соған ораған. Құрақ көрпені арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тігеді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Құрақ.docx

— 40.22 Кб (Скачать документ)

Құрақ–төрге төсейтін көрпеше. Мата қиындыларын қиюластырып, тұмарша, сегіз жапырақ, ромб тәрізді өрнектерден құралған көрпені Құрақ немесе Құрақ көрпе деп атайды. Ежелден қонақжай қазақ халқы төрін қонаққа арналған “қасиетті орын” санаған. Ерте кезде баласы өліп, тоқтамаған үй “тіл-көзден аман болсын” деген ырыммен қырық Құрақ құрап, баласын соған ораған. Құрақ көрпені арасына мақта немесе қойдың, түйенің жүнін салып, сырып тігеді.

Құрақтың көркемдік мән-маңызы


Қазақтың ісмер, шебер әйелдері құрақ көрпеден құрақ кеудешеге дейін, құрақ бөстектен құрақ ойыншыққа дейін жасап, керемет нәрселердің де қарапайым тәсілмен-ақ өмірге келетінін ежелден-ақ қалың жұртқа паш етіп келеді. Зердесінде зейіні бар адамдардың қай-қайсы да құрақтан жасалған заттарға ойлы көзбен назар аударса, сан алуан сәнді түстердің бір-бірімен жарасым тауып, әдемілік әлемін сыйға тартып тұрғанын айқын аңғара алады. Ол арқылы халқымыздың құнарлы дүниетанымын, эстетикалық талап-талғамын, сұлулықты аңсаған іңкәр сезімін айтқызбай-ақ танисың.Басты бұйымдары көрпе, тұскиіз, еудеше, жастық, түрлі ойыншықтар болып келетін құрақ құрау – қазақ дәстүрінде қыз балалар кішкентайынан біліп, үйренуге тиісті қолөнер түрі. Ол қыздарды төзімділікке, үнемділікке, шеберлікке, бояуларды ажыратып, олардың бір-бірімен үйлесімділік табуын түсініп, тануға шыңдайды, тазалыққа, әсемдікке үндейді, жан-дүниесін байытып, ой-өрісін кеңейтеді.Құрақ негізінен, түрлі-түсті маталардан құралады. Мата қиығын қолына ұстаған әрбір әйел оны білмей тұрып қиық құрай алмайды, жасаған бұйымы көріксіз болып шығады. Яғни, құрақ құрауда қойылатын басты шарт: онымен айналысатын адамның бойында өнерді түсінетін қасиет, ұшқыр қиял, бояулардың сырын білетін таным болуға тиіс.

Құрақтың қыз-келіншектерге үйретері


Құрақ құрау үшін ең алдымен, қажетті материалдар таңдап алынып, олар түрі, түсі, матасына қарай сұрыпталады. Яғни, маталардың барқыт, жібек, сиса, сәтен кесінділері жеке-жеке бөліп алынады. Содан кейін ісмер әйел не бірыңғай барқыттан, немесе бірыңғай жібектен құрақ құрауға кіріседі. Бұл істі бастамас бұрын әрбір түстің бір-біріне сәйкес келуіне, бірін-бірі ашып тұруына айрықша көңіл бөлінеді. Құрақ құрау - қалдық қалдырмау. Ертеде қазақ даласында қымбат маталар тапшы болғандықтан, киім-кешек тігушілер қалған маталардың қиықтарын бір кәдеге жаратуға тырысып, олардан әртүрлі бұйымдар жасаған. Сөйтіп, құрақ құрау өнері дүниеге келген.

Ысырапқорлық – қазақтарға жат қылық. Ежелден-ақ ата-бабаларымыз үнемшіл болып, қолдағы темір, сүйек, ағаш, тері тәрізді заттардың да кесінділерін қажетіне ұқсатып, аяқ асты тастамаған. Ал қолдағыны осылай ұқсатуда қиыстырып құрақ құраушылардан асқан шебер жоқ. Олай болса, құрақ құрау қыз-келіншектерді ысырапқорлықтан тыйып, үнемділікке үйретеді.

Қазір ұлттық салт-дәстүріміз қайтадан жаңғырып, өмірімізге тереңдеп енгендіктен, қазақтың құрақ құрау өнері де қайтадан дамып отыр. Ауылда да, қалада да көптеген қазақ отбасыларының төрінен қайтадан құрақ көрпелер, құрақ тұскиіздер орын ала бастады. Қыз ұзату, келін түсіру тойларында құдағилар бір-біріне құрақтан әдемі ою-өрнек салынған әсем қоржындармен сый-сияпат апаратын болды. Бір ғажабы, қазіргі құрақтардың өздерінен-ақ ондағы тікше, шаршы құрақтарда небір бояу алмасуларының үйлесімді жасалғанын, осы құрақ бояуларының алмасуының, қиюластырылуының келесі құрақтарда қайталанбайтынын аңғарасың. Көгілдір аспан астындағы жасыл жайлауда ақ шаңқан киіз үйлерді тігіп, қызыл, сары, ақ қызғалдақтар жайқалған, жусанының иісі мұрын жарған дархан далада мал жайып, күміс көлдерде шомылып, құстардың үнін естіген қазақ халқы соның бәрін ою-өрнектер, құрақтар арқылы-ақ қандай шебер жеткізе білген десеңші. Құрақтардың мың құбылған сәні мен сұлулығына қарап тұрғаныңда, «Шіркін-ай, қазақтың бұл құрақтары мен ою-өрнегіне тіл бітсе, олар мәңгілік ғұмыр, асыл махаббат, өшпес сұлулық туралы бізге таусылмас сыр мен жыр толғар еді-ау!», - деп те ойға қалатыныңды қайтерсің. Яғни, құрақ құрау, оны тамашалау қыз-келіншектерді сұлулықпен сырласуға, оны өн-бойына сіңіруге, бояулар әлемін танып, түсінуге үйретеді. Ал жаны сұлу адамның ісі де, мінез-қылығы да, сөзі де, отбасы да сұлу.

Әр үйде құрақтан жасалған бұйымдардың болуы – отбасының ұлтжандылығын ғана танытып қоймайды. Бұл қазақ қолөнерінің ежелгі түрінің қайтадан жаңғырып, қазіргі заманмен жарасым тауып отырғанын көрсетеді. Және де құрақтан жасалған бұйымдардың көбеюі шетелдіктерге біздің еліміздің қолөнерінің қаншалықты дамығанын паш етіп, қазақты әлем халықтарына кеңінен танытуға жарқын жол ашып отыр. Қысқы «Азияда» күндерінде шетелдіктердің түрлі ұлттық сувенирлермен бірге құрақ бұйымдарын да көптеп сатып алып жатқанын көргенімізде біз сондай ойға келдік. Яғни, құрақ құрау қыз-келіншектеріміздің жанында ұлтжандылық қасиеттерді орнықтырып, оларды ұлттық қолөнерімізді сүюге, оны дамытуға үлес қосуға тәрбиелейді.

Құрақтағы бояулар сыры


Қазақ қолөнерінің, оның ішінде құрақ бұйымдарының бояуы сан алуан. Халқымыздың ұғымында көгілдір түс-аспанның символы, қызыл түс – оттың, қанның, өмірдің, жасыл түс - өсімдіктің, көктемнің, бастаудың, ақ түс – биіктіктің, аспанилықтың, сары түс – даналықтың, білімнің белгісі. Сол себепті, қиықта бұл түстер бір-бірімен тығыз бірлікте тұрғанында ғарыштың, әлемнің бейнесін бедерлеп, буддистік мандаланың философиялық мағынасынан да артық мән-маңызға, құпия сырға толы екенін байқатады.

Қолөнердегі қазақ символы


Қазақ қолөнерінің қандай түрінде де ою-өрнектер пайдаланылады. Құрақтан жасалған бұйымдарда да олар өз орнын тауып жатады. Негізінен, қазақ символы көп қабатты. Ол басқа символдармен астасып, мағынасын байыта береді. Этнографтардың айтуынша, бұл жерде ұшбұрыштың және оған қиысатын барлық элементтердің мәні айрықша. Олардың түсіндіруінше, үшбұрыш магиясының мәні үш дүниені тұтастыра білуінде. Қазақтың дәстүрлі көзқарастары бойынша, үшбұрыш – су, жер, ауа – үш ғаламның белгісі болып саналатын балықты, оқты, құсты меңзейді. Егерде осы үшбұрыштың ішіне қошқар мүйіз оюы қиысса, ол отты бейнелейді. Жалпы, қазақтардың ұғымында ою-өрнек магиялық сипатта, ол барлық «кіріс» пен «шығысты», «жағал» мен «қиысуды» белгілейді...

Құрақтан жасалатын бұйымдар


  • Қоржын. Зат салатын бұйым. Ертеде жарапазан айтқан балалар иығына қоржын арқалап, қазақ ауылдарын аралаған. Әрбір үй оларға қолында бар құрт, ірімшік, жент тәрізді тәттілерін беріп, күміс түйген орамалдар сыйлап, балалар өз отбасына қоржынын несібеге толтырып қайтатын болған. Алыс сапарға шыққандар да астындағы атына қоржын теңдеген. Тіпті, сүндетке отырғызған баланы атқа мінгізіп, ағайын аралатқанда да жанына қоржын байлағаны мәлім. Қазір түрлі қиықтардан жасалып, ою-өрнек салынған сәнді қазақы қоржындар құдағилар арасында жүріп, сыйластықтың бір дәнекері болуда.
  • Құрақ кеудеше. Көбінесе қыз-келіншектерге арнап жасалатын киім. Халқымыздың салт-дәстүрі бойынша, ұл-қыздары той-думанда ғана емес, күнделікті өмірде де әдемі киініп, таза жүрген. Құрақ кеудешелер әрі сәнді, әрі жылы. Оны қай жерге де киіп баруға болады. Құрақ кеудешені жасарда оған таңдап алынған маталар тобының түр-түсі жағынан бір-біріне үйлесімді болғанына ерекше көңіл бөлінеді. Шеберлер қызылдың жанына жасылды, ақтың жанына қараны, көктің жанына сарыны қойып, әр түстің терең мәні мен сырын ашқан ғой. Құрақ кеудешені жасарда да ол қатаң түрде ескеріледі. Және де қолдағы материалдардың қиы-қтарының біртекті болғаны дұрыс. Яғни, құрақтар тобы бірыңғай мақта, бірыңғай пүліш, немесе бірыңғай жүн, жібек маталардың қиықтарынан құралуға тиісті. Бұл құрақтың тегіс, оңай құралуы үшін қажет. Және де бірыңғай мата түрінен құралған кеудеше, басқа да киім, бұйымдар кигенде, қолданғанда, жуғанда бір жері созылып, бір жері қысқарып кетпей, өз үлгісін сақтайтын болады. Жалпы, құрақ кеудешені қызыл, күлгін, қою көк, ашық көгілдір маталардың қиықтарынан жасаған дұрыс. Ал астарына тұтас мата алынады, кеудешенің етек-жеңін әдіптеуге тесьма пайдаланылады.
  • Тақия. Қазақ шеберлері ежелден-ақ құрақтарды қиюластырып тақия тігіп келеді. Құрақ тақиялар - өте сәнді баскиім болып саналады. Қызыл – жасыл, сары – көк тақиялар бойжеткендердің көркін құлпыртып, қос бұрымды шашына керемет жарасып тұрады. Шеберлер құрақ тақияларды негізінен, пүліш маталардың жарқын, ашық бояулы қиықтарынан тігеді. Бүйірін шаршы ішіндегі қиықшалардан құрастырады. Мұндай тақияның бүйіріне кемінде төрт түрлі түстегі құрақ пайдаланылады. Сонда құрақ тақия көрікті болып шығады. Тақияның төбесіне шашақ тағылады.
  • Құрақ көрпе. Оны трикотаж тоқымалардың қиықтарынан да, жібек маталардың құрақтарынан да жасайды. Мұндай маталардан жасалған құрақ көрпелер жұмсақ болады. Трикотаж тоқымалардың қиықтарынан тігілген құрақ көрпенің ені жіңішкілеу, ұзындығы екі метрдей үлгіде келеді. Бұл көрпені сегіз шаршы етіп топтастырған оңды. Әр шаршы жеке құрастырылып, оларды қиықша үшбұрыш түрінде бір-бірімен жымдастырып тігеді, астары жұқа жүн матадан жасалады, екі арасына синтетикалық синтепон матасы салынады. Ал енді жібек құрақты жұмсақ көрпені екі адам жамылатындай етіп, ашық түсті жібек маталардың құрақтарынан құрастырады. Бұл көрпеде құрақтар текше түрінде тігіледі. Оның ең оңай тәсілі дойбының тақтасындай етіп құрау. Жібек құрақ көрпенің шетіне тұтас материалдан белдеу жүргізеді. Астары мақта матасынан тігіліп, көрпенің ортасына синтепон салынады.Құрақ көрпелердің бір шаршысын бөліп алып, оны орындыққа көрпеше етіп жабуға да болады.
  • Қиық сырмақ. Оны үйді әшекейлеп, қабырғаға ілу, тақта үстіне төсеу үшін жасайды. Кейбір дәулетті кісілер қиық сырмақты палас ретінде еденге де төсеп тастайды. Сырмақтың тұтас материалы үшін түйенің жүні қажет. Өйткені, ол әрі жұмсақ, әрі жеңіл, әрі жылы, әрі таза. Осы негізгі материалдың үстіне ұлттық ою-өрнек түріндегі құрақтар шаршылап орналастырылады. Сырмақ үстіне ою тек қана ашық және біртекті материалдардан әзірленеді. Сосын оны жымдастырып тігіп, шетін тегіс әшекейлеп шығады.
  • Құрақ жастық. Үйдегі құрақ көрпенің үстіне құрақ жастықты қойып, қонақтар оған шынтақтап жататын болса, ол отбасын ерекше бір ұлттық сән-салтанатқа бөлеп тұрады. Құрақ жастықтарды қоңыр немесе жасыл, әйтпесе қою көк түсті материалдан жасап, бетіндегі өрнегін ақ немесе ашық сары түсті матадан орнатып, жиегіне ақ түсті әшекей жіп жүргізсе, ол тіпті көрікті болып шығады.
  • Аяққап. Түрлі-түсті құрақтардан жасалатын аяққап ыдыстар салуға арналған. Онда сақталған ыдыстар сынбайды, таза болады. Қазір үйдің ажарын ашу үшін ғана пайдаланылады. Бұрындары ол қазақ әйелдерінің ең қажетті бұйымдарының бірі болатын. Аяққаптың шағын түріне жіп, қайшы, тарақты, басқа да ұсақ-түйек заттарды салып қояды да айнаның жанына апарып іледі. Аяққап жасау үшін көбінесе екі түсті драп маталар таңдап алынады. Оның сыртқы бетіне ою салынады, бұл оюлар аяққаптың төрт бұрышында тұрады, аяққаптың ортасына, етегіне түсті жіптерден шашақ тігеді.
  • Қолқапшық. Бұрындары жас қыздардың жеке заттарын салып қою үшін жасалған сәнді бұйым. Оны қоңыр, қоңырқай драптан тігіп алып,беткі жағына қошқар мүйіз ою тігеді. Оюдың шеті өрнекті жіппен бастырылады. Бауы да драптан әзірленеді. Қолқапшықтың ауызы түймеленеді. Қолқапшықты жастар иығына іліп алады.
  • Құрақ ойыншықтар. Оны үй ішіне сән беруі үшін тігеді. Әсіресе, қазақ шеберлері көп жасаған құрақ ойыншықтар: доп, ат, піл, күшік. Мұндай бұйымдарды диван үстіне, тіпті автокөлік ішіне де қоюға болады. Құрақ ойыншықтарды жасау үшін драп, мех қалдықтары, синтепон, ұсақ былғары қиықшалары таңдап алынып, түр-түсіне қарай сұрыпталады.

Драп материалдан сәндік доп былай жасалады: Ол 12 әр түрлі бесбұрыш қиықшалардан құралады. Қиықшалардың ішкі бұрышы 72 градустан болуға тиіс. Дұрыс бесбұрыш дегеніңіз осы. Егерде бесбұрыш теңдей болса, доп дөңгеленіп шыға келеді. Шеберлер доптың екі жағын осылай тігіп алған соң оның ортасына синтепонды тығып, томпайтады. Қарапайым да қызық тәсіл.

  • Құрақ халат. Қыз-келіншектер үшін әсем халатты сәнді құрақ материалдардан да тігіп алуға болады. Ол әрі жылы, әрі ыңғайлы, әрі шығыс үрдісін еске салады. Мұндай халаттың бас жамылғысы да (капюшон) болады. Құрақ халат материалының түстері неғұрлым көп болып, кезектесіп келсе, киімнің өңі де ашылып, қыз-келіншектерді жайнатып жібереді. Құрақ киімдер көбінесе серпімді жібек қалдықтары мен қиықтарынан құралады. Құрақтардан көйлектер де тігеді. Құрақ түстерінің тігілуі қарапайым болғанымен, одан жасалған киімдер мен бұйымдар кімкімнің де жоғары талғамына жауап бере алады.

Құрақ маталары


  • Қамқа– алтындатқан немесе күмістеткен зерделі жіптен тоқылған жібек мата.
  • Қатипа – жол-жолы бар, жұқа жібек мата. Барқыт, шыт.
  • Торқа – ең қымбат жібек мата.
  • Батсайы – қалың жібек кездеме.
  • Торғын – қымбат бағалы жібек матаның бір түрі.
  • Мақпал – тығыз тоқылған, жұмсақ, түкті барқыттың бір түрі.
  • Қыжым – сапалы жүнен тоқылған түкті мата, плюш.
  • Пай – жібек мата.
  • Парша – алтын мен күмісті араластыра отырып тығыз тоқылған жылтырақ жібек мата және сол матадан тігілген қымбат бағалы киім.
  • Қазине – жібектен қалыңды – жұқалы етіп тоқитын мата.
  • Шағи – жұқа келген жұмсақ және таза мата.
  • Ләңке – сырткиімдік матаның бір түрі.
  • Насар – жібек кездеме.
  • Ұштап – ақ түсті тығыз мата.
  • Шыт – арзанқол жұқа мата.
  • Сәрпөңке – астарлық жібек мата.
  • Бояқ – кездеменің боялған түрі.
  • Борлат – қызыл түсті жұқа мата.
  • Тібен – түрлі-түсті қалың мата.

Таңғажайып талантымен талайларды тамсандырған қазақ қолөнерінің қарапайым да қайталанбас түрі – қиыстырып құрақ қию, одан көздің жауын алатындай өте бағалы бұйымдар жасау. Оның қымбат құндылығының бір айғағы құрақтан жасалған заттардың ұзатылатын қыз жасауына еніп, бұл дүние-мүліктің ажарын арайландырып жіберетіні, үй ішіне ұлттық рең беріп, адамның рухын асқақтататыны.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

            Жоспар:

   І. Кіріспе

1) Құрақ дегеніміз не?

   ІІ. Негізгі бөлім

1) Құрақтың көркемдік  мән-маңызы

2) Құрақтың қыз-келіншектерге  үйретері

3) Құрақтағы бояулар сыры

4) Құрақтан жасалатын  бұйымдар

5) Құрақ маталары

   ІІІ. Қорытынды

   ІҮ. Пайдаланылған  әдебиеттер

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

  

      Пайдаланылған әдебиеттер:

1) http://kk.wikipedia.org/wiki/

2)  Қазақ ұлттық энциклопедиясы

3) Волков Г.Н. «Этнопедагогика» 1999

4) «Этнопедагогика және этнопсихология» 2000

 


Информация о работе Табиғат және қоғам туралы түсінік