Сократтың өмірі және еңбектері жайлы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 31 Мая 2013 в 15:46, реферат

Краткое описание

Сократ Афиныдан жаяу адам 25 минутта жететін Ликабетт тауындағы бір деревняда б.д.д. 469 жылы туылды. Әкесі мүсінші болған, шешесі толғағы жеткен әйелді босандыруды кәсіп етіпті. Жасөспірім шағында Сократ әкесінің шеберханасында жұмыс істеді. Кейінірек оны Анаксагорға шәкірт қылып жібереді. Одан кейінгі оқуын Архелай атты философта жалғастырып, математиканы, астрономияны, бұрынғы ойшылдардың ілімін зерттеумен айналысты. Бұл уақытта философияның дами бастағанына жүз жылдан аса уақыт өткен-ді. Және ол сол заманның ядролық физикасы іспетті еді.

Прикрепленные файлы: 1 файл

философиясы.doc

— 103.50 Кб (Скачать документ)

Сократтың өмірі және еңбектері жайлы 
 
Сократ Афиныдан жаяу адам 25 минутта жететін Ликабетт тауындағы бір деревняда б.д.д. 469 жылы туылды. Әкесі мүсінші болған, шешесі толғағы жеткен әйелді босандыруды кәсіп етіпті. Жасөспірім шағында Сократ әкесінің шеберханасында жұмыс істеді. Кейінірек оны Анаксагорға шәкірт қылып жібереді. Одан кейінгі оқуын Архелай атты философта жалғастырып, математиканы, астрономияны, бұрынғы ойшылдардың ілімін зерттеумен айналысты. Бұл уақытта философияның дами бастағанына жүз жылдан аса уақыт өткен-ді. Және ол сол заманның ядролық физикасы іспетті еді. Шынында да қазіргі ядролық физика дүниесінің күнделікті өмірге қатысы қандай болса, бірде түгелдей судан, енді бірде оттан немесе жарқылдақ элементтерден тұратын ол кездің философиялық әлемінің де шындыққа қатысы сондай болатын. Мәселен, біз күнделікті тірлігіміздің ең биік шыңы – мезондармен кездесуіміз деп санамаймыз ғой? Дәл сол сияқты ежелгі гректер де философтардың әңгімесіне қарап, «мына қызықты қараңыз, олардың айтуынша мынау әлем – аквариум екен немесе лаулаған өрт екен, енді бірінің сөзіне қарағанда жарқ-жарқ еткен мәңгі отшашу көрінеді» деген ойға келмей ме?  
   Көп уақыт өтпей Сократ әлем жайында ойға берілудің адамзатқа тигізер пайдасы жоқ деген қорытындыға келді. Бұл үшін Сократты ғылымның дұшпаны атандыруға да болады. Сірә, оның мұндай түйін жасауына Сократқа дейінгі ұлы философтардың бірі Парменид ықпал етсе керек. Кей деректерге қарағанда, ол қарт Парменидпен кездесіп, «көп нәрсені үйренген» көрінеді. Парменид әлем бір заттан (cу, от, ауа) тұрады дейтін философтар мен әлем сан алуан заттан құралған деп санайтындар арасындағы үлкен дауды шешіп берген болатын. Бұл проблемаға еш көңіл аудармау арқылы ол жаңағы даудың жеңімпазы болып еді. Парменидтің сөзі бойынша, бізге көрініп тұрған әлем – көзді алдап тұрған алдамшы. Әлем жоқ, сондықтан біздің әлем жайындағы ойларымыздың да еш мәні жоқ. Бір ғана шындық бар, ол – өзгермейтін, бөлінбейтін, шексіз Құдірет. Ол Құдірет өткенді, келешекті білмейді, ол бүкіл ғаламды, ғаламдағы бар құбылысты ішіне қамтып тұр. «Бәрі бір Құдіреттің ішінде». Көз алдымыздан өтіп жатқан тоқтаусыз өзгерістер, ол – өзгермейтін, бәрін қамтып тұрған Құдіреттің сыртқы көрінісі ғана. Парменидтің негізгі принципі міне осындай. 
   Әлбетте, әлемді бұлайша түсіндірудің ғылымға үлес қоса алмайтыны анық. Егер әлем дегеніміз алдамшы болса, онда әлем жайында бас қатырудың қажеті қанша?  
    Ол заманда философия бәрін зерттейді деген түсінік бар еді («философ» грек тілінде «даналыққа құштар» деген мағына береді). Математика, ғылым, космология дегендер өз алдына жеке емес, философияның бөлімдері болатын. XVII ғасырда ғана Ньютон өзінің басты еңбегіне «Жаратылыстану философиясының математикалық бастаулары» деген ат берді. Тек бірнеше ғасырдан кейін философия метафизикалық сұрақтарды, яғни шешімі жоқ мәселелерді зерттеумен айналысатын ілім ретінде қарала бастады. Әлдеқалай философия бір сұрақтардың жауабын тауып жатса, сол сәттен ол философиядан бөлініп, математика, физика сияқты дербес пәндерге айнала бастады. Мұның ең соңғы мысалы ретінде психиатрияны айтуға болады. Ол көп сұрақтарға жауап бере алатынын мәлімдеді. Сөйтіп, өз алдына бөлек ғылымға айналды. (Бірақ шынтуайтында психиатрия ғылымның философиялық талаптарына сай емес. Ғылым эксперимент принципіне негізделеді. Ал психиатрияда мәселен паранойя немесе жарыместік психопатия түрлерін сипаттауға мүмкіндік беретін нақты критерийлер жоқ). Сократ заманында бұл салалар философияның бөлімдері болып саналатын. Ал афинылықтардың философтар жайлы пікірі қазіргі заман адамдарының психиатрларға деген көзқарасына ұқсайтын. 
    Сократ ғалым емес еді. Оның ғылыми бағыттан бас тартуына «көрініп тұрған әлем – көзалдау» деген Парменидтің ойлары ықпал етті деуге болады. Бұл идея Сократтың ізбасары Платонның философиясына да кері әсерін тигізбей қалмады. Бұл екеуінің заманында математика саласында біраз жаңалық ашылды. Бірақ оның өзі математика уақытқа қатыссыз, абстрактілі саналғандықтан еді. 
   Сәтін салғанда Аристотель басқа жолға түсті. Ол философияны қайтадан көрініп тұрған әлемді, айналаны зерттеуге бұрды. Бұл жағынан алғанда Аристотельді ғылымның негізін салушы деп санауға болады. Соның өзінде Сократ дамытқан ғылымға қарсы бағыт философияға көп зардабын тигізді. Және бірнеше ғасыр бойы ол осы бағыттың ықпалынан құтыла алмады. 
   Сократтың ғылымға қарсы позиция ұстанғандығы арқасында Ежелгі Грекияның ғұламалары, мысалы физикада Архимед, медицинада Гиппократ, геометрияда Ефклид философиядан тысқары жұмыс істеуді жөн санады. Олар Жердің домалақ екенін, Күнді айналатынын білді, тіпті Жердің шеңберін есептей білді және Жердің магнит өрісі бар екенінен хабардар болды. Алайда фактілерге негізделген бұл жаңалықтар бар даналықты өзіне сыйғызып отырған философиядан тыс жерде ашылды. Сол себепті де жұрт оларға сенбеді. 
  Философияның ғылымға қарсы бағытты дамытқан Сократтың ықпалымен кеткенін адамзаттың әлемді тану процесіндегі аса ірі қасіреті деп санауға болады. Осының салдарынан жоғалтқанымызды біле алсақ қой... Орта ғасырларда періштелердің санын есептеуге кеткен ақыл-ой қуаты ең алғаш Демокрит ашқан атомдарды зерттеуге жұмсалғанда ғой... Сократ адамдар әлем жайында ойлағанша өзіне өзі сұрақ қоюы керек деп санады. «Өзіңді танып біл» деген әйгілі нақылды Сократ айтыпты дейді. Бірақ бұл сөз Грекиядағы ең атақты сәуегейлік орны Дельфи оракулы орналасқан Аполлон храмында жазылғаны белгілі.  
    Сократтың философиясы ежелгі Афинының базар алаңында басталды. Оның бұзылған орнын Акропольдің төменгі жағынан қазір де табуға болады. Сократ өзгеше жақсы көретін жер афинылықтар оны-мұны заттарын әкеліп сататын Зевс Стоясы атты колоннада еді. Колонналардың іргетасы әлі де көрініп жатыр. Бұл Стояның солтүстік жағымен бүгінде Афины метросы өтеді де, ал төменіректе жайма базар қайнап жатады. Сол себепті ол жердегі қазіргі шу Сократтың кезінде де болған шығар десек, онша қателеспейміз. Енді осындай әр саудагер өз затын мақтап, жұртты шақырып жатқан даңғазаның ішінде философиялық әңгімесін айтып тұрған Сократты көз алдыңызға елестетіп көріңіз. Дегенмен де Сократ айтқысы келген нәрселерді тыңдап, түсінген адамдар болыпты. Себебі, Дельфи оракулының сәуегейі бір кезде Сократты ең дана адам деп жариялап, сол кезде отызға жаңа келген Сократ Афиныны дүр сілкіндірген еді.  
   Алайда Сократ бұған таң қалды, сөйтті де шын пейілімен «Мен өзімнің ештеңе білмейтіндігімді ғана білемін» деген әйгілі сөзін айтты. Мұнымен тоқтамай, пифияның сөзінде бір мысқал болса да шындық бар-жоғын анықтау үшін Афинының данагөй аты шыққан басқа кісілеріне барып, олардың не білетінін сұрай бастады. Ал адамдардың көлгірлігін әшкерелеп, шатасқан жерін анықтау Сократтың сүйікті ісінің бірі болатын. Ол ештеңе білмейтін адам болып, адамдардың не білетінін сұрайтын. Анау білгенін айтып отырған кезде Сократ қазбалап сұрап, оның алжасып жүргенін ашып беретін. Оның «Афины оқырасы» атануы да осы себепті еді. Дегенмен, Сократтың сұрақ қою тәсілінде терең мәніс бар болатын. Ол пікірталас кезінде қарсы жақ сүйенетін негізгі принциптерді нақтылауға, осыдан барып екі тараптың позицияларын айқындауға ұмтылды. Яғни ол қарсыластың ойына негіз болып отырған негізгі түсініктерді анықтауды, жаңылыс кеткен тұсын ашуды және ең бастысы ондай пікірдің орнығуы неге апарып соғуы мүмкін екенін көрсетуді мақсат етті. Сонымен қатар Сократ қарсыластары айтып жүрген қисынсыз әңгімелерге де құлағын түре жүретін де, реті келгенде сол әбестіктері үшін оларды масқара етіп, жұрттың мазағына ұшыратып кететін. Сірә оның құйрығын ұстатпайтын жылтыр айлакерлігі қарсыластарының зығырданын қайнатса керек. Және сол кезде қалыптасып қалған нанымдарды жек көретін жастардың ішінен Сократты аса зеректігі мен ақылды тапқырлығы үшін ұстаз тұтып тәлім алғысы келетіндер көптеп шықты.  
    Көп өтпей Сократ Афинының ғұламасы атанып жүргендердің іс жүзінде мұның дәл өзі сияқты түк білмейтінін дәлелдеп шықты. Бұдан ол мынадай қорытынды шығарды: Дельфи оракулының сәуегейі дұрыс айтыпты, Сократ расында ең дана адам екен, өйткені басқалардан басым жері, ол өзінің ештеңе білмейтіндігін біледі. 
Шамасы, Сократ қалыптасқан нанымдарды оп-оңай талқандап отырған сияқты. Оның амалы, тәсілдемесі осы еді. 
    Сократ «жан өлмейді, ол мәңгі, өлімнен кейін біздің жанымыз басқа әлемде өмір сүреді» деді. Ол мифтік құдайларға табынудан қашқақтады, алайда әйтеуір бір құдай бар деп сенді. 
Дегенмен, Сократ философиясын тұтастай талдау әдісіне арнаған жоқ. Платонның «Федон» диалогында ол формалар немесе идеялар теориясын ұсынады. Ол бірақ «эйдос» деген грек сөзін қолданады (бұл – бізге таныс «идея» сөзінің әу бастағы түбірі болғанымен оны форма, идея немесе фигура деп те аударуға болады). Сократтың айтуынша, формалар әлемін біздің сезім мүшелеріміз біле алмайды, оған адамның ойы ғана жете алады. Біз мысалы, әлдененің «домалақтығы» немесе «қызылдығы» туралы ойлаймыз, бірақ сезіп білмейміз. Сезім мүшелеріміз арқылы біз тек бір нақты қызыл допты қабылдай аламыз. Ол «домалақ», «қызыл», «серіппелі» деген түсініктерден құралған. Сократ «жекелеген заттар немесе бұйымдар өздеріне тән ерекшеліктерді сол бұйымдарды туғызған идеялардан алады» дейді. Мысалы, сынған сүйекке гипс ораған кезде оны сол сүйектің формасы сияқты етіп жасайды ғой. Сол сияқты, дерексіз (отвлеченный) формалар немесе идеялар да нақты бұйымға пішін, түс, өлшем және басқа да қасиеттер береді. 
Сократ Перикл заманында туып-өсті. Ол кезде Афины эллин дүниесіндегі ең күшті әрі өркениеті дамыған, тұтас адамзаттың даму жолына орасан ықпал еткен қала-мемлекет болатын. Мүсіндеу өнеріндегі жетістіктерге қоса онда демократиялық басқару үлгісі гүлденді, математика мен ғылыми әдіс пайда болды. Сократтың келуімен философия дәуірі басталды. 
Алайда бұл кезде Перикл басқарған уақыттағы біршама бейбіт кезең аяқталған еді. Б.д.д. 431 жылы Пелопоннес соғысы басталды. Бұл – демократиялық жолмен басқарылған теңіз державасы Афины мен мәдениеті мен ғылымы мешеу әскери мемлекет Спарта арасындағы ширек ғасырдан аса уақытқа созылған соғыс. Пелопоннес соғысы мен оның саяси салдары Сократтың өміріне ауыр кеселін тигізді.  
Сократ осы соғысқа қалқан-қылыш ұстаған қатардағы жаяу әскер гоплит болып барады. Сократтың өміріне қатысты қарама-қайшы мәліметтер көп, бірақ оның кескін-келбеті келіспеген сиықсыз адам болғанын бәрі айтады. Ол аяғы ұзын, жіңішке әрі қисық, қарыны қампиған, иығы мен мойнын жүн басқан таз кісі болыпты. Бәрінен бұрын ол таңқиған мұрны, тасырайған көзі, дүрдиген ернімен есте қалыпты. 
Сырт пішінінен-ақ философ екені білініп тұратын Сократ киінгенде де философ сияқты киінетін болған. Ол қысы-жазы бір көнетоз туникасы (бас және қол өтетін тесіктері бар қап сияқты киім) мен тозығы жеткен, шонтиған жеңсіз көйлегін тастамайды екен. Және ылғи жалаңаяқ жүретін болған. Антифон есімді софист құлдың өзі өлтірсең де мұндай киім кимес еді дейді. Кім не десе де, Сократ мықты жауынгер болыпты. 
Әдетте мұндай ақылды жындыларды әскер адамдары жақтыра қоймайды. Алайда, Сократ солдаттардың көңілін көтере білген сияқты. Олай дейтініміз, мысалы ол Грекияның солтүстігіндегі Потидеи қаласын қоршауға қатысқан. Бұл өңірдің қысы қатты. Қыстың күндері грек әскері суыққа шыдамай күйі кетіп, тоз-тозы шығатын. Бар киіміне оранып, бүрсеңдегенде олар бір басқа, грек вазаларындағы бізге таныс сымбатты жігіттер бір басқа еді. Ендеше осындай ақ қар, көк мұзда сап ішінде жыртық көйлегімен жалаңаяқ бүрсеңдеп бара жатқан Сократқа өзге солдаттар күлмегенде қайтеді... 
Алайда, ең қызығы ойға беріліп кеткен Сократты көру еді. Потидеиді қоршауға қатысқан Алкивиад айтады, бір күні философ таңертең ерте оянып бір айрықша маңызды мәселе жайлы ойға кетіпті. Тұңғиыққа түскен Сократ өзге дүниені ұмытады. Сол қалпында күні бойы тұрады. Өзге жұрт кешкі тамаққа отырып жатады, ана кісі қозғалмайды. Мына жағдайға қайран қалған кей жолдастары Сократтың спектаклі қашанға созылатынын көру үшін ұйықтайтын кез келгенде шатырдың сыртына шығып жатады. Ал Сократ сол тұрғаннан түні бойы тұрады. Тек таңсәріде ғана қозғалып, дұғасын оқиды да жолдастарының қасына келіп, түк болмағандай қызметіне кірісіп кетіпті. 
Бұл Сократтың тұңғиық трансқа түсіп кететін әдетінің бір мысалы ғана. Кей зерттеушілер осы деректерге қарап Сократта бұлшық еттер тартылып қалатын сіреспе науқасы болған деп жорамалдайды. Сонымен қатар Сократ әлдебір дауыстар еститін болған. Осының бәрі бұл ойшылдың жүйке ауруымен ауырған деген ойға жетелеуі мүмкін. Алайда бізге жеткен фактілердің барлығы Сократтың денсаулығы аса мықты, ақыл-есі сау адам болғанын көрсетеді. 
Өзге солдаттар әскер өмірінен діңкесі құрып жатса, Сократ қалаған кезінде трансқа кететін көрінеді. Бірақ қажет кезінде жауынгерге тән нағыз ержүректік көрсетудің Сократ еш қиындығы болмаған. Мысалы, ол қанға боялып жатқан Алкивиадты жау әскерінің арасынан аман алып шыққан.  
Cырт келбеті, киім киісі айтып тұрғандай және замандастары жазып кеткендей Сократ аскет адам болған. Оның тұрмысы жақсы болды деу қиын. Ол жұмыс істемеген. Бар уақытын құдай мойнына жүктеген міндетін атқаруға жұмсады – Афины тұрғындарына олардың қаншалықты надан екенін түсіндірумен болды. Оған әкесі шағын мұра қалдырыпты. Және ауқатты, ықпалды достары көмектесіп отырған. Сол достарының үйіндегі мол дастархан басында ол таңсәріге дейін философиялық сұхбаттардың көркін қыздырудан шаршамаған. Ішімдікке келгенде де ешқашан масаймайтын адам болыпты. 
Диоген Лаэртскийдің айтуынша, Сократ біраз уақытын Симон атты етікшінің Агора тасының жанындағы лавкасында оқушы жастармен емін-еркін сұхбат құруға жұмсаған. Агорыдо өлкесіндегі көне қыстақтың орнында сол тас әлі бар. Осы жерде жүргізілген археологиялық қазба жұмыстары кезінде етікке қағатын шегелер және б.д.д. V ғасырдан қалған «Симон» деген жазуы бар ыдыс шықты. Осылайша, Сократ дәріс оқыған лавка табылды. 

 

Бұл дәрістерде ол не айтты? Сократтың ең атақты нақыл  сөздерінің бірі мынадай: «Ізденіс-зерттеусіз өмірдің адамға мәні жоқ» (Платон, «Сократтың апологиясы», 38а). Бұл – ақыл-ой еңбегін  кәсіп еткен, уақытты сезіне білетін адамның көзқарасы. 
Гректің қала-мемлекеттерінде демократияның арқасында біршама еркіндікке қол жеткізген, құл иеленушіліктің арқасында демалыспен уақыт өткізу мүмкіндігі болған адамдардың алғашқы қоғамы дүниеге келген тәрізді. Иә, гректерде жүйрік ойдың жетегімен қай биікке де самғайтын, сөйтіп өзіндік қорытындылар жасайтын жағдай бар еді.  
Сократ адамды адам ететін оның жаны (псюхе) деп санады. Сократ жанды санасы бар тұлға ретінде қарастырады. Ол ақылды әлде ақымақ, мейірімді немесе зұлым болуы мүмкін. Ал адам өзінің жанын жақсартуға ұмтылуы тиіс. 
 
Неге? Сократ бар адамның бақытты болғысы келетінін айтады. Ал бақытқа жету-жетпеуі жанының қандай екеніне байланысты. Жаны адал әрі қайырымды адамдар ғана бақытты бола алады. Адамдардың жамандық істейтін себебі, олар қызығып, ұмтылатын нәрселер сырттай жақсы көрінгенімен, шын мәнісінде жақсы емес. Егер адамдар ненің жақсы екенін білсе, онда олар жаман әрекеттер жасамас еді. Сонда біздің өз ішімізде де, қоғамда да қақтығыстар болмаған болар еді. 
  Сократ 50 жасқа келген шағында Ксантиппаға үйленеді. Бізге жеткен деректер бойынша Ксантиппа адуын мінезді әйел екен. Алайда, біздің ойшылдың да қайсыбір оңатын қылығы бар дейсіз? Өзіңіз ойлап көріңізші, отағасы күніұзын көшеде философия соғудан басқа ештеңе бітірмейтін, үйге көк тиын табыс әкелмейтін адам болса. Ол аздай елде жоқ мінезі мен жүріс-тұрысы үшін өзге отбасы мүшелері де жұрттың мазағына ұшыраса (Қазірге жеткен ежелгі грек анекдоттарына қарағанда ол кездің адамдары философтарға адам атаулының бейшарасы деп қараған). Мұндай еркектің әйелі қой аузынан шөп алмас болса, бұл үйдегілер қайтіп күн көреді?  
Сөйтіп, Сократты сөзден жеңетін жалғыз Ксантиппа болған. Соған қарамастан, кей деректер бойынша философ әйелімен тым жақсы тұрған көрінеді. Екеуінің 3 ұлы болыпты. Бірақ олардың ешқайсысы Сократтың жолын қумаған, көптің бірі болып өмір сүрген. Көп қылығына күйсе де Ксантиппа күйеуінің айрықша жан екенін жақсы аңғарған сияқты. Ол қандай қиын жағдайда да Сократты жалғыз тастамаған, өлімін қатты қасірет еткен.  
Сократ 65-ке келгенде Пелопоннес соғысы Афинының масқара болып жеңілуімен аяқталды. Жеңген жақтың көсемі Лисандр өзі келіп, спарталықтарға қолайлы адамдарды билікке отырғызып кетеді. Осылайша Афиныда 30 тиранның өкіметі орнады. Мұнымен қуғын-сүргін бірге келеді, саяси сенімсіз адамдар қамауға алынып, сотталып, дүние-мүліктері тәркіленеді. Демократия идеясын жақтайтын адамдардың көбі қашуға мәжбүр болады. Ал Сократ ешқайда кетпей қояды. 
Айтпақшы, еркін ойлы тұлға болғанымен Сократтың өзін демократ деуге келмес емес еді. Ол уақыттағы демократия басқару үлгісі ретінде жаңа қалыптасу кезеңінде болатын, сондықтан да бүгінгі батыс қоғамы үйренген принциптерден оңай айнып кете беретін. Афиныда әскербасылардың өзін халық дауыс беру арқылы сайлайтын да, бұл әдістің тиімділігі командирлер офицерлер арасынан тағайындалатын бүгінгі принциптен кем болып шықты. Демократтар соғыстағы сәтсіздіктер, соның салдарынан Афинының Спартаға тізе бүккені үшін жауапты еді. 
Алайда Сократ демократияны өзінің философиясы тұрғысынан сынайтын. Бұл оның этика теориясына да байланысты болатын.  
Сократтың қорытуы бойынша, адамдар өздерінің бақытсыз сезінеді, бірақ нағыз жақсылықтың мәнісін түсінбейді. Сол себепті де өздері сияқты жақсылықтың не екенін қате түсінетін адамдарға билікті беруге мәжбүр. Сократтың қашып кетпей, басын қатерге тігіп қалып қою себебі осында еді. Өйткені, ол бір ғана нағыз игілік бар, оған осы Сократтың әдісін қолданған адам жетеді деп кәміл сенді. Бұл идеяларды Платон өзінің «Республика» атты утопиялық шығармасында дамытты. Бірақ ол ұсынған ең жақсы қоғам ақыр аяғы барып тұрған тоталитарлық сорақылыққа ұласты. Бертінде пайда болған коммунистік және нацистік идеологиялар да бір ғана нағыз игілік бар, оған біздің философия жеткізеді деген сенімде болды.  
Отыз тиран өкіметі лидерлерінің бірі Сократтың бұрынғы шәкірті Критий еді. Бірақ ол баяғы жасөспірім кезіндегі ұстазы насихаттаған білім және тәрбие идеяларымен өмір сүретін Критий емес-ті. Ол Афины көшелерінде философиялық әңгімелер айтуға тыйым салды және Сократқа ерекше ескерту жасады. Өйткені, Критий бұрынғы ұстазының сөйлегенде ешкімге дес бермейтін, сөзден жаңа мән-мағына тудыра білетін өнерінен тым жақсы хабардар еді. Енді ол бұған қарсы болды. Айналысып жүргенім философия десін, басқа десін, бірақ бұдан былай Сократқа ондай іспен айналысуға қатаң тыйым салынды.  
 
Сократ тирандар өкіметін жақтағандықтан Афиныдан кетпей қалды деген де пікір бар. Алайда кейін азамат соғысы басталған кезде ол саясатқа араласқысы келмейтінін айқын көрсетті, сөйтіп өзінің принциптеріне берік екенін дәлелдеді. 
Солай дегенмен, б.д.д. V ғасырдағы Афиныда әйел немесе құл болып туған болмасаңыз, саясатқа мүлдем араласпай қою мүмкін емес еді. Тирандар өздерінің халықтан тым алшақтап кеткенін жақсы білді, сондықтан да террорға барынша көп адамды киліктіруге, сөйтіп оларды да бұл саясатқа қатысты етіп қоюға тырысты. 
Бірақ Сократ табандылығы мен принципке беріктігін бұл тұста да көрсетеді. Сократ пен тағы бір төрт адамды бірде тирандар шақыртып алып, Саламин аралына қашып кеткен демократиялық оппозиция жетекшісі Леонтты тұтқындап әкелуді тапсырады. Бұл заңсыз әрекет болатын, ал Леонттың Афиныға келген бойда өлтірілетіні анық еді. Сол себепті Сократ бұйрықты құлағына ілмей, үйіне қайтып кетеді. Мұнысы үшін оның басы кетуі әбден мүмкін еді. Алайда, көп ұзамай отыз тиранның өкіметі құлап, билікке демократтар келеді. 
Бұл өзгеріс те Сократқа жақсылық әкелмейді. Б.д.д. 399 жылы Сократ адамгершілікке жатпайтын іс-әрекеттер жасайды, жастарды аздырды деген айып бойынша тұтқынға алынады. Бұл саясаттың артында тұрған бұрыннан Сократты жек көретін Анит атты демократ еді. Бірнеше жыл бұрын оның баласы Сократтан тәлім алады. Және ол ұстазының үйретуі бойынша, әулетті асырап келе жатқан тері өңдеу кәсібін тастап, философиямен айналысқан жөн деп санапты. Бұл үшін Анит Сократқа қалай алғыс айтсын? 
Алайда Сократқа тағылған айып күлкілі болғанымен, оның аяғы өлім жазасына апарып соғуы ықтимал еді. 
Әрине, басқа философтар сияқты Сократ та бөтен көзқарасы мен қырсықтығынан жұрт алдында онша сүйкімді адам емес-ті. Бірақ сонда да өлім жазасы жетпіс жастағы қарт үшін тым ауыр жаза ғой? Оған тағылған айып пен одан кейінгі оқиғалардың жұмбағы көп, біздің түсінуіміз қиын. Бірақ бізге ғана осылай көрінуі мүмкін. Ал афинылықтарға бәрі айқын болған сияқты. 
Сократ Афины адамдары сайлаған бес жүз адамнан тұратын сотқа тартылады. Сократқа қарсы істі бастаған Мелет атты жолы болмай жүрген трагик-ақын, қыршаңқы тілді жас жігіт еді. Ең бастысы, ол Аниттың құйыршығы болатын. 
Мелет Сократқа айыпты деген үкім шығарып, өлім жазасына кесуді талап етеді. Сот мүшелерінің 280-і бұл үкімді қолдап, 220-сы қарсы дауыс береді. 
    Сократ сірә халінің мұншалық қатерлі екенін бағамдамаса керек. Бірақ тағылған айыптардың күлкілі екенін де біледі. Ол өзін жазалау орнына, қалаға жасаған еңбегі үшін құрметтеу керектігін айтады. Тіпті құрметті азаматтар мен спорт жеңімпаздарына дастархан жайылатын Пританея атты қасиетті залдан орын беруді ұсынады. 
Отырғандар гулеп қоя береді. Жағдайды қиындата бергісі келмесе керек, Сократ енді өлім жазасының орнына ақшалай айып салуды сұрайды. Бірақ оның да өзінің материалдық жағдайына қарай болуы керектігін айтып, 1 мина ақшалай айып кесуді өтінеді (бір мина бір саптыаяқ шараптың құны болатын). 
Зал тағы шу ете қалады. Енді Сократты достары ақылға шақыра бастайды. Сол кезде Сократ қиналғандай болып 30 мина айып салуды ұсынады. Бұл кезде Кеңес мүшелерінің шыдамы таусылған еді. Енді өлім жазасын қолдап 360 адам дауыс береді. 
Бұл жерден Сократтың сотқа жасаған қыңырлығын көріп отырмыз. Оның Кеңес мүшелері «еңбегіме қарай құрмет көрсетіп», шығарып салады деп сенуі мүмкін бе? Әлде ол өлгісі келді ме? (Егер Сократ жер аударуды сұрағанда сот бұған келісер еді. Ал достары Сократты қамқорлық жасап тұрар еді). Онда Сократ өзінің идеялары жолында өлген шәйіт болуға бекінген деуге негіз бар. 
Осының алдында ғана қасиетті кеме 100 мильден аса қашықтағы Делос аралына сапарға шығып кеткен болатын да ол қайтып оралғанша өлім жазасы орындалмайтын. Сол себепті Сократ қолына кісен салынып, мемлекеттік түрмеге қамалды. 
Бұл түрмені Агора үйінділерінен оңтүстік-батысқа қарай 100 метрден аса жерден әлі де көруге болады. Өмірінің соңғы күндерін ол аумағы шамамен 6х6 метрлік осы бөлмеде өткізіп, достарымен сұхбат құрды. Дәл осы жерде Платонның теңдесі жоқ диалогтарында айтылған оқиғалар өтті. 
Диалогтардың басынан соңына дейін Сократ дана, адами қалпынан айнымаған. Ең басында Критон оның қашып кетуіне бәрін ыңғайлап, күзетшімен де келісіп қойғанын айтады. Алайда, философ келіспейді. Келіссе, өзінің бүкіл іліміне қарсы шығатынын ол білген еді. Сократты заңның күшіне (мейлі, ол заң әділетсіз болса да) деген сенімнен айыру мүмкін емес-ті. 
Бір күні қасиетті кеме Афиныға жетіп қалды деген хабар жетеді. Философтың әйелі және достары түрме камерасына жиналады. Сократ жылап-сықтамасын деп Ксантиппаны шығарып жібереді. Ксантиппа кетіп бара жатып «Сен кінәсізсің ғой!» деп айғай салады. Сократ сонда бәз-баяғы мінезі бойынша «Ал сеніңше мен кінәлі болуым керек пе еді?» депті. 
Бұдан кейін Сократ достарымен (шәкірттерімен деу лайық болар еді) өлім және өлімсіздік жайлы әңгімеге кіріседі. Мұның бәрін өзі сол күні ауырып үйінен шыға алмаса да Платон ерекше толқи отырып баяндайды. Сосын Сократқа у құйылған ыдыс беріледі (Афиныда өлім жазасы «Өзің істе!» принципімен жүзеге асатын). Философ «Не істеуім керек?» (Платон, «Федон», 117в) деп сұрайды. «Ештеңе. Ішіп ал да ары-бері жүр, аяғың ауырлаған кезде барып жат. Ол өзі әсер етеді...» (Платон, «Федон», 117в). Сократ «ыдысты ерніне апарды да қиналмастан түбіне дейін ішіп қойды». 
Бұдан кейін «достары көз жастарына ие бола алмады»... «көз жастары көл болды». 
Cократ оларға басу айтады: «Бұларың не сендердің? Қойыңдар, берік болыңдар... Ксантиппаны да осындай жылау болмасын деп қуып жіберген жоқпын ба?» Сократ «шалқасынан жатты», сөйтіп «денесінің суып, қарыса бастағанын қолымен баяу ымдап көрсетті» «Критон, біз Асклепийге әтеш қарызбыз. (Ұмытып кетпей, қайтарыңдар!)» (118). Бұл – оның сөзі еді. Содан кейін Сократ қайтыс болды.Сократтың өлер алдында шынымен солай дегені рас сияқты. Платон өзінше түсініп, соған сәйкес өзгертіп әуре болмай, соңғы сөздерді сол қалпында жеткізді деп сене аламыз. Ол сөздердің не білдіретінін түсініксіз, бірақ онда бір терең мағына бар болса керек.Әлбетте, Сократтың ол сөздеріне байланысты жорамалдар көп айтылады. Мысалы, ол Асклепий атты досынан қарызға тауық алып, соны қайтарғысы келген болуы мүмкін. Алайда көп зерттеушілер Сократ осындай түкке тұрмайтын нәрсе айтып өлді дегенге сенбейді. Гректерде Асклепий атты емшілік құдайы болған

Сократ (шамамен б.д.д. 469-339 ж.ж.) – ежелгі грек философы, оның ілімі материалистік натурализмнен идеализмге ауысу кезеңін бейнелейді. Афиныда ғұмыр кешіп. одан Платон, Евклид, Антисфен, Аристипп секілді ұлы адамдар дәріс алады. Сократ ілімін тек Платон мен Аристотельдің айтуы бойынша ғана білеміз. сократ әлем құрылымдарын, заттардың физикалық табиғатын танып білу мүмкін емес, біз өзімізді ғана танып білуіміз мүмкін дейді. Танымның мұндай түсінігін Сократ «Өзіңді танып – біл» формуласы түрінде өрнектеді. Білімнің ең жоғары міндеті теорияда емес, тәжірибеде, яғни өмір сүре білетіндігінде. Сократ этикалық ұғымдарды (айбындылық, әділеттілік) анықтаумен жалпыландырудың үлгісін жасады. Ұғымды анықтаудан бұрын әңгімеге жол берілуі керек, соның барысында бірнеше сұрақтардың көмегімен әңгімелеушінің сөздеріндегі қайшылықтар анықталмақ. Бұл орайда Сократ майевтика (сөйлесу өнері) әдісін ұсынады. Сократтың этикасы рационалды: жаңсақ әрекеттер білместіктен жасалады, ешкімде өз еркімен зұлым болмайды.

Адам  өзіне үңілген сайын, өзінің білімсіздігін  аңғармақ. Сократқа жүгінсек «Менің білетінім  ештеңе білмейтіндігім» қағидасының мәні ашыла түспек.


Информация о работе Сократтың өмірі және еңбектері жайлы