Шешендік – ұлт тектілігінің белгісі

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 19 Ноября 2014 в 17:50, реферат

Краткое описание

Шешендік дегеніміз не? Ойшылдарға сүйене айтсақ, шешендік – кісі көркі, ақылмен билеу өнері. Тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы. Дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый. Кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу. Біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туындай келе, білгірліктен кейін тұрады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Шешендік.doc

— 67.00 Кб (Скачать документ)

Шешендік – ұлт тектілігінің белгісі

Шешендік дегеніміз не? Ойшылдарға сүйене айтсақ, шешендік – кісі көркі, ақылмен билеу өнері. Тіл өнері мен сөйлеу мәдениетінің ең жоғарғы сатысы. Дидарласушымыздың жүрегі мен ақыл-ойын баурап алуға, оны не нәрсеге болса да сендіруге, иландыруға септесетін бізге берілген сый. Кез келген нақтылы зат туралы шебер сөйлеу өнері және сонысымен өзгелерді өз ойына ойыстыра білу. Біліктілік пен білімнен, қуатты түйсік пен терең сезімнен, санадағы саңлақтық пен ұшқыр қиялдан, тер төгу мен ой тербелісінен туындай келе, білгірліктен кейін тұрады. Сөз бен ойға негізделеді. Биік дүниетаныммен, ғылым-білімді терең меңгерумен, халықтың тұрмыс-тіршілігін, жөн-жосықтарын жүйрік танумен, жалпы айтқанда, адамзаттың рухани мәдениетінен мол хабардар болуымен, ой өрісінің кеңдігімен тамырлас. Демек, жас тұлғаға қажетті шешендік дегеніміз-тыңдаушылардың жан-сезім әлемін сөзінің әдемілігімен, образдардың жарқындылығымен, нақыл, ғибрат сөздердің ұшқырлығымен толқытатын, баурайтын өнер, өзгеше қабілет-қарым, тума қасиет, сондай-ақ өскен ортаның, үлгілі жандардың, ұлағатты туындылардың тағылым-тәрбиесі, өз дүниетанымының нәтижесі.

Бүгінгі қазақ елінде, туған жерімізде қазақ тілі мемлекеттік мәртебе алып, ана тіліміздің коғамдық қызметі жоғарылаған кезеңде шешендік сөздің әлеуметтік мәнін ұғындыру ici және мемлекеттік тілде шешен сөйлеу мәдениеті мәселесі аса өзекті. Ал жастарды шешен сөйлеу мәдениетіне баулу ici – өз алдына мән-мағынасы зор мәселе. 

Қазіргі таңда шешен, шешендік, шешендік сөз, шешендік өнер, шешендіктану, риторика, шешен сөйлеу мәдениеті дегеніміз не, шешендікке қойылатын талаптар, қағидаттар қандай, қазақ шешен-билерінің, шешендік сөздердің тағылымы неде, шешендікке баулу амалдары қандай, т.б. мәселелер турасында жан-жақты ойланып, шешендік өнер жайындағы еңбектерді електен өткізіп, шешендікке қатысты материалдарды екшей қарап, жоғары және орта мектеп (колледж, лицей, гимназия, т.б.) студент-шәкірттеріне арнайы пән ретінде оқытуды ритор-мамандарымыздың дұрыс мағынасында қолға алуы – ұрпақ алдында парыз ic.

Әлемдік шешендік өнер ілімінің тарихи теориясы мен әдістемесін таразылағанда түйгеніміз тоқсан тарау. Бірі ежелгі Римде, көне гректерде, араб, үнді, қытай жерлерінде риториканың басты пәндердің бipi ретінде жүргізілгендігі, соған сәйкес ғылыми оң көзқарастың қалыптасқандығы. Мәселен, бip ғана Римдегі шешендік өнерге арналған мемлекеттік мектептің негізін салушы Марк Фабий Квинтилианның 12 томдық «Шешендік өнер тәлімі» еңбегі неге тұрады. Сондағы басты себеп – ел көшбасшыларын, замана заңгерлерін, қоғам қайраткерлерін, жалпы жас тұлғаларды, кәсіби мамандарды сапалы даярлаудың шешен сөйлеумен тікелей байланыстылығына анық көздің жетуі.

Жоғары оқу орындарында шешен сөйлеу мәдениетіне баулудағы мақсаттардың бірі – теориялық және қолданбалы пән ретінде шешендік өнер турасында жүйелі ұғым қалыптастыру, түсінік беру. Сол арқылы болашақ педагог-психологтарға, филологтарға, заңгерлерге, қайраткерлерге қоғами маңызды шеберліктің негіздерін меңгеруге септесу. Жалпы ілгеріде әрбір кәсіби маманнан ғылыми-әдістемелік білім дәрежесі сай болумен бірге, сол ғылым қағидаларын шәкірт атаулыға, тыңдаушыға жеткізер икем-дағды қажеттілігі, яғни шешен сөйлеу мәдениеті де талап етілмек. Маман тілі мәселесі дегеніміз де осыдан басталмақ. Өз өлкесінде, туған топырағында ана тілінде көпшіліктің көңілінен шығардай шешендік дағдысы жоқ маманға ойлана қарауға тура келеді.

Шешен сөйлеуге баулу мәселесі машықтық бағыттың басымдылығымен ерекшеленеді. Бұл күрделі шеберлік білім мөлшерінің молдығын қажетсінуімен бірге өзіндік жеке тәжірибелер негізіндегі икем-дағдылармен де тығыз бірлікте сомдалады. Мәселен, жағада отырып суға түсушілерді бақылау арқылы суға жүзуді, малтуды үйрене алмайтынымыз сияқты, үнемі жүргізілетін тәжірибелер мен жаттығуларсыз шешендік дағдыларды бойға бойлату, денеге дарыту мүмкін емес. Дұшпандары «адуын аңға» балаған Демосфеннің өзі алғашында аузына қиыршық тас салып сөйлеп, дауысын жүгіріп жетілдіріп, биік құз жартастарға өрмелеу үстінде өлең оқып шыңдаған. Қысқасы, әркім мақсатты түрде тер төге еңбектенсе, нағыз көсілген шешен болатындығын дәлелдей білген. Ал қазақтың дүлдүл шешені Жиренше болса өзімен айтысатын жан жоқта басындағы бөркін қурай басына іліп қойып, сонымен таласқа түсетіндігі аңыз желісінен мәлім. 
Шешен болу үшін, тек туа біткен талант болу керек, яғни табиғи дарынды сазгер, суретші, ақын сияқты болу керек, ал өзгелердің пешенесіне таңдаулылардың өнеріне тамсану, таңдай қағу ғана жазылған деген ұғым – бүгінгі таңда ақылға сыйымсыз, таяз ойлаудың айғағы. Әріден келе жатқан талас пікірлердің бірі көпшілік қауымға шешендік өнердің даруы я дарымауы мәселесіне осылайша қарсы дау айтуға болар. Талант болып тумадым деп өкінудің қажеті шамалы, таланттар сирек болады, ал өз ісінің майталман шебері болу – әркімнің қолында, тек жатыпішер жалқаулықтан сақтасын де. Халық айтады: «Сөйлей-сөйлей шешен боларсың» деп. Ғұламалар айтады: «Ақын туа қалыптасады, шешен жүре қалыптасады» деп. Дегенмен, көп көргеннің бәрі көсем, көп сөйлегеннің бәрі шешен еместігі де аян. Тегін түйіндер емес, астарында термен келер тәжірибе жатыр. Демек, шешендіктің өнер делінуінде шарттылық басым. Шындығында, шешендікке әрбір сауатты адам меңгере алатындай машықтық іс-әрекет жиынтығы тән. Сол себептен де кез-келген мамандықтың толыққанды дәрежесіне сай болуына адамның қабілеті мен ұмтылыс-жүрек қалауының нақты түрде үлкен рөл атқаратыны табиғи қағида. Шешенді оның ерік-жігерінен тыс тәрбиелеу мүмкін емес. Керек десеңіз, ерекше жоғары деңгейдегі қабілет-қарымды да дамыту, өрістете өрбіту, қалыптастыру бағытындағы жүйелі де сатылы іс-әрекеттер жасалмаса, бәрі де бос әурешілік, яғни керемет қабілет-қарым құмға судай сіңіп, далаға ағады.

Бақсақ, шешендік өнер – тыңдаушының ақылы мен сезіміне әсер ететін субъективті және объективті күрделі даналық тәлім, шығармашылық қалыптағы қатаң ғылыми түйін де. Кезінде атақты төңкерісшіл кеңес шешендерінің бірінен шешен сөйлеу мәдениеті жөнінде оқып үйренуге ден қойдыңыз ба деп сұрағанда: «Ия, сөйлей білу техникасы жөнінде көп оқыдым. Негізгі жұмыс-әрекетіме байланысты мінбелерден жиі сөйлеу қажеттігіне сәйкесті, мен мұны өте жақсы жүзеге асыруға міндеттімін де. Ал ол үшін тынымсыз тер төге оқып-үйрену қажет-ақ» деген екен. Бұл ретте қазақ ғұламалары А.Байтұрсынұлы, М.Әуезов, Ж.Аймауытов, Ғ.Мүсірепов, Қ.Сәтбаев, Қ.Жұбановтардың шешендік тағылымы өз алдында телегей теңіз. Түйін нүктесі болар пікір-қазақ ғұламаларының шешендік қалыптары іркіліссіз ізденіс үстіндегі шәкірттерге таптырмас толымды тағылым. 
Сөзді көпшілікке таратудың, жұртшылықты сендірудің немесе тәрбиелеу құралы ретінде қолданушы әрбір маман адам шешендік өнердің ғылыми негіздерімен, яғни аудитория алдында түсінікті де ұғынықты, сенімді де иланымды қалыпта сөз сөйлей білу дағдыларын меңгере білуі тиіс. Ал шәкірт атаулыны шешен сөйлеу мәдениетіне баулу жолындағы міндеттер қатарына көпшілікпен жанды қалыпта сөйлесу шеберлігінің, шешендік өнердің мәні хақында белгілі мөлшерде жүйелі түсінік беруді; тілдік қарым-қатынас жасау адам өмірінде кім-кімге де ауадай қажеттігіне саналы қалыпта көз жүгіртуді; шешеннің аудиториямен қарым-қатынасының күрделі үрдісін болашақ маманның көз алдына келтіру, яғни ойша моделін жасау, осы үрдіске орай ілгеріде іс басында ұшырасар мәселелер шоғырын айқындауды; ауызша шешен сөйлеу шеберлігін өз бетімен немесе топтық сабақтар арқылы меңгерушілерге сала бойынша қажетті кешенді білім, білік және дағды жинақтауға көмектесуді қосамыз.

Ал қазақ шешендік өнерінің тарихи тармақтары сан қатпарлы. Ұлттық шешендік өнерінің тарамдарын білу – бүгінгі ұтқыр ойлы, шешен тілді ұрпақ тәрбиелеудің кепілі де. Әлемдік шешендіктану ілімінің бір тармағы қазақтың шешендік дәстүрін әлеуметтік феномен тұрғысынан таразылағанда белгілі бір әлеуметтік ортада, қоғамда, қалай да бір адами оқиғаға байланысты қалыптасып, айрықша тапқырлықпен, суырыпсалмалықпен, көркем тілмен айтылатын озат ойлар мен тәлімді тұжырымдар үрдісі болмақ. Ал қазақтың от ауызды, орақ тілді шешен-билер мұрасының тағылымын рухани байлығымыз ретінде кейінгі ұрпаққа қалай дәріптеп, оның тереңдігіне, тұңғиығына қалай бойлап жүрміз? Мәселен, қазақ халқы шешендік мұрасының жас атаулыға жұғысты болар өнегелік-тағылымдық қырларының сапына сөздің құдіретті күшке ие екендігін аңғартуын, сөздің өзіндік бояуы, дәмі, адам сезіміне әсер етерлік қоңыр исі бар екендігін, ал оның күші дауыс ырғағы арқылы берілетіндігін танытуын; шешендіктің ой еркіндігі, сөз еркіндігі, ауызекі тілдегі сөздерді әдемі тізбектеп, оралымды орналастыру, тиімділігін күшейтіп, қисынды ойға сыйғызуды аңғартуын; сөзбен тоқтату, сөзбен жаңылыстыру, қарсыласын сөз тыңдарлық жағдайға түсірудің орасан күшті өнер екендігіне көз жеткізуін; тұспалдап сөйлеуге, мегзеуге, бернелеуге, символдауға, басқаны айта отырып, нені нысаналап отырғанын жасыра, жұмбақтап айтуға, яғни терең зейінділік пен ойлылыққа төселтуін; астарлап сөйлеу халқымыздың мәнері екендігін, бұл тек сөйлеу шеберлігімізді ғана емес, сөйлеу мәдениетімізді де танытатын, ойлау қабілетімізді аса тереңдетер құбылыс екендігін аңғартуын; тапқырлыққа, шапшаңдыққа, тез жауап берушілікке баулуын; өзгені тыңдауға, өзгенің өнегелі ісінен тағылым алуға жөн сілтеуін қосар едік.

Бұл ретте қазақ ғалымы, профессор Мәтжан Тілеужановтың: «Сөзбен қаймықтыру, сөзден жаңылыстыру, жауларын сөз тыңдарлық жағдайға түсіру – мықты өнер. Ол қару-жарақтан да күшті. Суырылған қылышты қынабына қайта тықтыру – қарсыласыңды қаһарлы сөзіңмен, тапқырлығыңмен, шешендігіңмен иілткенің. Ал бұл ойлау қабілетіңе байланысты, оның күштілігіне, құбылмалылығына байланысты» деуі әбден құптарлық.

Қысқасы, шешендік – ел келешегі жастардың рухын аспандатар, асқақтатар өнер. Ал қазақтың халықтық рухы орасан. Тек рух сақталса ғана, жастар рухын оята білгенде ғана халық мерейі, абыройы қаз қалпында болмақ. Рух тұнған тұста ғана қалыптасу үстіндегі тұлғаны тұтандырар, ілгерілетер идея да күшті. Демек, бүгінде жастардың рухын еселеп жандандыра, жаңғырта түсер кешенді ойлы істер ауадай кажет. Ал ел болашағы – қазақ жастарының рухының биіктігі, жоғарылығы – ұлт тәуелсіздігі сақталуының бірден-бір айғағы. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйініне келсек, шешендік шежіре-рухани байлық көзі. Халқымызға тән шешендік өнер тәліміне кейінгі ұрпақты тәнті етер болсақ, орасан рухани шапағат, парасат сыйлаймыз. Ал рухы зор, рухани бай ұрпақ – еліміздің сенімді келешегі.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

ҚАЗТҰТЫНУОДАҒЫ

ҚАРАҒАНДЫ ЭКОНОМИКАЛЫҚ УНИВЕРСИТЕТІ

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


 

 

 

 

 

 

 

 

Тақырыбы: «Шешендік – ұлт тектілігінің белгісі»

 

 

 

 

 

 

 

 

Орындаған: С-41к тобы студенті

Айтмакова Ж.К.

                                                                            Тексерген: аға оқытушы, магистр Джазыкбаева Б.К.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Қарағанды – 2014


Информация о работе Шешендік – ұлт тектілігінің белгісі