Әбу Насыр Әл Фараби

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Марта 2015 в 18:20, реферат

Краткое описание

Әбу Насыр Әл-Фараби (أبو نصر محمد الفارابي арабшасы)Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби(870-950ж. ш.) – әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі.

Содержание

1. Туған жері
2. Оқу жолы
3. Шығармашылық жолы
4. Әмбебап-музыкант
5. Медицинаға қосқан үлесі
6. Ғалым мұралары жету кезеңдері
7. Сыртқы сілтемелер
8. Абай Әл-фараби туралы
9. Философиясы мен еңбектері
10. Пайдаланған әдебиет

Прикрепленные файлы: 1 файл

Әбу Насыр Әл.docx

— 43.56 Кб (Скачать документ)

Әбу Насыр Әл-Фараби (أبو نصر محمد الفارابي арабшасы)Әбу Насыр Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби(870-950ж. ш.) – әлемге әйгілі ойшыл, философ, социолог, математик, физик, астроном, ботаник, лингвист, логика, музыка зерттеушісі.

Жоспар

  1. Туған жері

  1. Оқу жолы

  1. Шығармашылық жолы

  1. Әмбебап-музыкант

  1. Медицинаға қосқан үлесі

  1. Ғалым мұралары жету кезеңдері

  1. Сыртқы сілтемелер

  1. Абай Әл-фараби туралы

  1. Философиясы мен еңбектері

  1. Пайдаланған әдебиет

Туған жері 
Әбу Наср Әл-Фараби Әбу Наср Мұхаммад ибн Тархан ибн Узлағ әл-Фараби (870, Отырар қаласы — 950, Сирия, Шам) — қазақ даласынан шыққан ұлы ғалым, ойшыл философ, математик, астролог, музыка теоретигі. Әскербасының отбасында дүниеге келген.

Оқу жолы 
Отырар медресесінде, Шаш, Самарқан, Бұхара, кейін Харран, Мысыр, Халеб (Алеппо), Бағдад шаһарларында білім алған.

Шығармашылық жолы 
Әбу Наср Әл-Фараби — түркі ойшылдарының ең атақтысы, ең мәшһүрі, “Әлемнің 2-ұстазы” атанған ғұлама. Оның заманы “Жібек жолы” бойындағы қалалардың, оның ішінде Отырардың экономикасы мен мәдениетінің дамыған кезіне дәл келеді. Әбу Наср Әл-Фараби Орта Азия, Парсы, Ирак, араб елдері қалаларына жиһанкездік сапарлар жасап, тез есейді. Ол жерлерде көптеген ғұламалармен, ойшыл-ақындармен, қайраткерлермен танысып, сұхбаттасты.

Тарихи деректер бойынша 70-ке жуық тіл білген. Өздігінен көп оқып, көп ізденген ойшыл философия, логика, этика, метафизика, тіл білімі, жаратылыстану, география, математика, медицина, музыка салаларынан 150-ге тарта трактат жазып қалдырды. Шығармаларында көне грек оқымыстыларының, әсіресе, Аристотельдің еңбектеріне талдау жасады (Аристотельдің “Метафизика”, “Категория”, “Бірінші және екінші аналитика” сияқты басты еңбектеріне түсіндірмелер жазған). Арабтың атақты ғалым-географы ибн-Хаукал өзінің “Китаб Масалик уә мамалик” атты еңбегінде және 13 ғасырлырда өмір сүрген ибн-Халликан өзінің “Уфиат әл-аиан фи әл-Заман” атты еңбегінде Әбу Наср Әл-Фарабидің арғы аталарының аттары (Тархан, Ұзлақ) таза түркі тілінде келтірілген. Болашақ ғалым алғашқы сауатын туған жерінде өз тілімен ашса да, 12 — 16 жас шамасында керуенге ілесіп, білім іздеп Бағдадқа кетеді. Әбу Наср Әл-Фараби дүниеге келгенге дейін 126 жыл бұрын түркілердің үлкен мәдени орталығы болған Фараб қаласы бейбіт жолмен ислам дінін қабылдаған болатын. Ол кез санасы ашық әрбір мұсылманға ислам діні ғылымымен шұғылдануды парыз еткен.

Осы кезден бастап Әбу Наср Әл-Фараби араб тілді ғалым болып есептеле бастады. Қасиетті Құран Кәрім тек діни қағидалар жинағы ғана емес, сонымен қатар талай ілімнің құпия кілтін бойына бүккен ғаламдық кітап болғандықтан, Әбу Наср Әл-Фараби бүкіл ислам ғалымдарына парыз болған — иджтихад (ойлау қабілетінің шыңына жету үшін беріле еңбек ету) және муджтахид (иджтихадпен шұғылданған адамның өз жаңалықтарын Құран Кәрім мен Хадис Шариф — парыз-сүннет амалдарына негіздеп отыруы) жолына түскен. Кеңес өкіметі тұсында атеистік идеологиканың ықпалымен әл-Фараби діннен тыс ғалым ретінде көрсетілді. Әйтсе де оның ислам бірлігін сақтауға қосқан зор үлесі туралы мынадай дерек сақталған. Тегі түркі болып табылатын баһадүр қолбасшы Мұхаммед Ихшид ибн Тұғыт Әмір ислам жолын бұзған “қармат” елін талқандаған соң, Әбу Наср Әл-Фарабимен кездеседі.

Меккеге барар жолды кесіп “қажылық” жасауға мұрша бермеген қарматтардың жеңілгеніне қуанған Әбу Наср Әл-Фараби іштей “қажылық” етуге ниет етіп, араб халифының саид-задаларымен әңгімелеседі. Осы әңгімеде ғалым ислам бірлігін сақтау үшін мазһабтар арасын жақындастыру керек деген ой айтып, өзінің араб, парсы және түркі нәсілдері арасындағы алауыздықтарды жоюға күш салып жүргендігін мәлімдейді. “Бабалардан қалған өсиетте түркі халқы әділетшіл делінген еді. Сол сөздің ақиқаттығы мен әділеттілігіне енді көз жеткізіп отырмыз” деп Саид-задалар Әбу Наср Әл-Фарабидің қолын құрметпен қысады.

Әбу Наср Әл-Фарабидің жас кезінен Бағдадқа баруының мынадай екі сыры бар. Біріншіден, сол кездегі Бағдад халифатын басқарған Аббас әулетінің сенімді уәзірлері негізінен түркістандық Фараб қаласынан болған. Екіншіден, Бағдад шаһары ғылым мен өнер жолына бет алған адамдарға қақпасын кең ашып, барынша жағдай жасаған. Бағдадта “Баит әл-хакма” атты ғалымдар үйі және әлемдегі ең бай кітапхана болған. Алғашқы кезде Әбу Наср Әл-Фараби өзін ақын, әнші, күйші ретінде танытып, одан соң ежелгі грек ғалымдарының қолжазбаларын оқу арқылы күрделі ғылыми зерттеулермен шұғылдануға кіріскен. Фарабидің алғашқы ұстаздары Иса пайғамбарды “құдайдың баласы” демей, “пайғамбар” деп таныған несториандық христиандар болған. Ежелгі грек ғылымы мен араб ғылымының арасын қосқан осылар еді. Әбу Наср Әл-Фараби дүниетанымы — екі әлемнің: көшпелілер мен отырықшылар өркениетінің және Шығыс пен Грек-Рим мәдениетінің өзара байланыстарының нәтижесі. Әбу Наср Әл-Фараби заманының әлеуметтік-саяси көзқарастарын, тіл мәдениетін, философиялық-гуманитарлық (философия, логика, этика, эстетика, саясат, социология, лингвистика, поэзия, шешендік, музыка) және жаратылыстану (астрономия, астрология, физика, химия, география, космология, математика, медицина) ғылымдары салаларын терең меңгеріп, осы бағыттарда өзі де құнды ғылыми жаңалықтар ашты. Әбу Наср Әл-Фараби өзінің философия көзқарастарында басты үш бағыт анық аңғарылады: ол дүниенің мәңгілігін мойындады, танымның болмысқа тәуелділігін растады, ақыл-парасат туралы ілімді саралады.

Мәңгілік пен тәуелділік бастауларын құдіретті Алладан, аспан әлеміндегі құбылыстардың мәнінен, ақыл-парасаттан, адамның жан-дүниесінен, түр мен материя арақатынасынан іздеді. Аристотель қағидаларынан өз дүниетанымына жақындарын қабылдады және оны осы тұрғыдан түсіндірді. Әбу Наср Әл-Фарабидің философиялық көзқарасын тарихи жағдайда, оның өз дәуірімен байланысты қарағанда ғана терең түсінуге болады. Орта ғасырларда философиялық ойдың дамуы діни ілім негіздеріне сүйенді. Демек, Әбу Наср Әл-Фарабидің философиялық ілімін де өз кезеңінің діни түсініктері тұрғысынан қарастырған лазым. Бірақ ол бұл түсініктерді философиялық тұрғыдан дамытты. Ол, әсіресе, “Аспан астындағы дүние” ілімінен неғұрлым айқын көрінеді. Бұл Аристотельдің жасампаз ақыл жөніндегі көзқарасын әрі қарай дамыту еді. Жасампаз ақыл — тек “аспан астындағы дүниенің” қозғалыс себебі ғана емес, өз алдына логос. Осы дүниенің заңдылығы — жер бетіндегі дүниеге іштей тән ақыл. Жеке адамның ақылы әлемдік санамен ұштасса ғана дамиды.

Соңғысы, яғни әлемдік сана — мәңгі. Адам болса дүние салады, өткінші. Осыдан барып жанның мәңгі екенін және басқа жаққа ұшып кетуін бекерге шығару туады, мұның өзі діни қағидалар мен философияның арасындағы күреске тиек болған тезис еді. Ұлы ойшыл философияға үлкен мән берді, оған көп үміт артты. Ол философияны қоғамды оятатын зерде, парасат шамшырағы, халықты әділетті қоғамға жеткізетін негізгі бағыт, ұрпақтар арасындағы рухани-мәдени сабақтастықты ғасырларға жалғастыратын құрал, әлеуметтік-этикалар күрделі мәселелердің шешімін, уақыт талаптарының жауабын табатын әдіс деп түсінді. Осы деңгейде дұрыс ойланып, оңды әрекеттену үшін философияның 9 қағидасын оқып-білу қажеттігін ескертеді. Мұндағы мақсат — тұтастықты, ақиқатты, ізгілікті, жаңа игілік көздерін іздестіру, соған қол жеткізу. Философ адамды өз болмысын өзі танып білуге тәрбиелеу ісіне үлкен мән берді. Бұл мәселені логикалық, этикалық, педогогикалық, тілдік тұрғыдан кеңінен саралап, бұларды бір-бірімен өзара сабақтастықта қарастырады. Рухани жоғарғы мақсат нышандарын адамдарды өзара байланыстыратын бастаулардан — жан-дүние үндестігінен, әдеміліктен, қайырымдылықтан, бақыттан іздестіреді. “Қайырымды қала тұрғындарының көзқарасы”, “Мемлекет қайраткерлерінің қанатты сөздері” және т.б. саяси-әлеуметтік трактаттарында қайрымдылық пен бақыт мәселесіне кеңірек тоқталды. Қайырымдылық дегенде ақыл-ой, әділдік, бақыт және теңдік идеяларын құптаған ежелгі ойшылдар дәстүріне сүйенді.

Тек бақыт туралы нақты білімі бар, оған жету жолдарын айқын білетін, соған сәйкес әрекет жасайтын қауым ғана қайырымдылыққа икемді екенін ескертті. Әль-Фараби сезім мен ойлау, тәрбие мен іс-әрекет жүйесін жетілдіру мәселесіне қайта айналып соғып отырған. Білімсіз адамгершілік молаймайды, білімсіз адам өзгенің абзал қасиеттерін тани алмайды. Жан-дүниені тәрбиелемей үлкен жетістікке жету жоқ. Ғылым мен тәрбие ұштасса ғана рухани салауаттылыққа жол ашылмақ. Мінез-құлқын түзей алмаған адамның ақиқат ғылымға қолы жетпейді деп ескертеді. Әбу Наср Әл-Фараби ілімі шығыс ойшылдарына, аристотельдік және жаңа платоншылдық көзқарастарға сүйенеді, оларға жаңа сипат береді. Ол өзінің “Философияны үйрену үшін қажетті шарттар жайлы трактат” атты еңбегінде

Аристотелдің философиясын меңгеруге қажет болатын тоғыз шарт жайлы өз пікірлерін ортаға салып, бұл туралы былай дейді: Бірінші шарт —философиялық ағымдарды тану (аты-жөнін білу) жеті нәрседен тұрады: 1 — философиялық бағытқа (ағымға) бас болған ұстаздың аты-жөні; 2 — оның шыққан қаласы; 3 — философияға мекен (медресе) болған орынның аты; 4 — философиялық ағымды тудырған басты себеп; 5 — философиялық талдауға түскен мәселелер; 6 — философияның алға қойған мақсаты туралы; 7 — философияның практикалық мәні, нәтижесі. Оның пікірінше, тұңғыш рет философиялық бағыттың алғаш негізін салушы — грек философы Пифагор, яғни пифагоршылар мектебі. Бұл жерде Фараби ежелгі Грециядағы негізгі ғылыми философиялық мектептерге шолу жасап, өз пікірлерін ортаға салады. Екінші шарт — өткендегі ірі философтардың еңбектеріндегі негізгі ойларын, мақсаттарын тану. Мұнда Фараби ежелгі гректерден қалған логикалық шығармалардың яғни, формальдық дәлел (логика); силлогизм; аналитикалық мазмұн мен оқу ретін қысқаша айтып өтеді. Үшінші шарт — философ болу үшін қажетті ғылымдарды тани білу. Төртінші шарт — философия ғылымын үйретудегі мақсатты түсіну. Философия ғылымын үйренуде оның күттіретін мақсатын тану. Ол мақсат — жаратқан иені тану. Ол өзі ауыспайтын, өзгермейтін жалғыз зат. Бүкіл дүниені, барлық нәрселерді барлыққа, болмысқа шығарған жаратушы. Жомарттылығымен, хикметімен, әділеттілігімен осы әлемге тәртіп беруші Алла-тағаланы тану.

Барлық философ ғалымдардың істеген еңбектері өздерінің шамасынша сол жаратқанға ұқсап бағу. Әрине, бұл жерде біз Әбу Насыр әл-Фарабидің өз заманының перзенті болғандығын дұрыс түсінуіміз қажет, өйткені заман талабын аттап өте алмау қай кезде болсын тарихи табиғи нәрсе. Бесенші шарт— Философия ғылымына кірісудің төте жолын тану. Бұл жерде Фараби білім, ғылымға жетудің ең бір дұрыс жолы аянбай еңбек ету дейді. Сонымен қатар философияны тек жаратылыстану ғылымдары арқылы ғана танып білуге болады деген пікірлер айтады. Алтыншы шарт — Аристотель еңбектеріндегі қолданылған ғылыми ұғымдарды талдай білу. Жетінші шарт — Аристотельдің өзінің еңбектерін оқыған адамнан терең жұмбақ сырларды шешуді талап етуінің себебін білу, Аристотель еңбектерінде жұмбақ түрінде айтылған түсініктердің сырын ашу. Оның кейбір ғылыми түсініктерді терең жұмбақ түрінде келтіруінің үш түрлі себебі бар.

Бірінші, оқушының табиғи қабілетін сынап, үйретуге тұратынын немесе тұрмайтынын айыру.

Екінші, философия ғылымын көрінген адамның бәріне бірдей рәсуа қылмай, оны алып жүретіндерге ғана пайдаландыру.

Үшінші, ғылым іздеу жолында адам бейнеттеніп, ой-пікірін шынықтыру керек. Осы үш себептен Аристотель еңбектерінде жұмбақ (аллегория) қолданылады.Сегізінші шарт — философ адамның міндеті мен тіршілік ережесін және қалпын түсіну. Тоғызыншы шарт — Аристотель ілімін үйрену үшін нендей нәрселер қажет екенін білу. Фараби бұл жерде Аристотельдің логика ғылымын, шығармаларын оқу тәртібін келтіріп, оны жоғары бағалайды. Бұл орайда түйіндеп айта келгенде Фараби философияны үйрену үшін ежелгі грек ойшылдарынан бастап өзіне дейінгі ғалымдардың ой-пікірлерін сарапқа салады да, соңында өз ойларын айтады. Фарабидің пікірінше, ғылым мен философия адамы болу үшін қойылатын ең бірінші талап — ол адамның жан тазалығы, ар тазалығы, бүкіл адамға, өз халқына деген таза махаббаты, ғылым мен білімге деген қалтқысыз құштарлығы мен берілгендігі. Бұл шарт орындалмаған күнде адам философияны үйрене алмайды, үйрете де алмайды деп көрсетеді Фараби.

Аристотельдің “Никомахтың этикасында” (1-кітап, §1) келтірілген схемасын негізге ала отырып, әл-Фараби философияны теориялық және практикалық деп екіге бөледі. Теориялық философия өзгермейтін, өткінші емес заттарды, практикалық философия өзгертуге немесе жасауға болатын заттарды зерттейді. Философия, Әбу Наср Әл-Фарабидің білуінше, адамда ғана болатын “ең ерекше” игілік — ақыл, парасат арқылы меңгеріледі. Ақыл, парасаттың қызметі қалай болса, солай бет-алды жүргізілмеуге тиіс, онда мақсаттылық сипат алады. Оның негізін логика өнері қарастыратын ойлаудың дұрыс әдістері құрады. Әбу Наср Әл-Фарабидің атап көрсетуінше, адам өзінің бақытқа жету жолын логикадан бастаған жөн. Бір сөзбен айтқанда, Фараби адамдардың өз көздеген мақсатына жетуі оның өзіне ғана байланысты екенін айтады. Адам рухани жағынан үнемі өзін-өзі жетілдіріп отыруға тиіс, адам тек ақиқатты, айналадағы дүниені танып-білу арқылы жетіледі деп түйін жасайды.

Әбу Наср Әл-Фарабидің азаматтық, саяси, адам, қоғам жөніндегі ойлары “Фусул ал-мадани” (“Мемлекеттік қайраткерлердің нақыл сөздері”) трактатында қаралады. Бұл трактаттың тақырыптары әр түрлі болса да, негізінен бір мақсатқа — адам мен қоғамның арақатынасы, оның жетілуіне арналған. Еңбектің өзіне тән бір ерекшелік сипаты — тәндік және рухани құбылыстардың салыстырылып отыратындығы. Фараби “Азаматтық саясатта” қоғамды талдауды қаладан бастаса, “Нақыл сөздерде…” ол мұны ең кішкене ұядан, от басынан немесе үйден бастайды.

Аристотель сияқты ол үйді бірнеше бөлекке — ері мен әйелі, қожайыны мен қызметшісі, ата-анасы мен баласы, мүлкі және иесі деп бөледі.Үйдің өзіне тән мақсаты болады, бірақ қаланың бір бөлшегі болғандықтан ол қала белгілейтін ортақ мақсатқа қызмет етуге арналады, сөйтіп бұл арада адамның өз басының мүдделерін қоғам мүдделеріне бағындыру туралы пікір айтылады.

Информация о работе Әбу Насыр Әл Фараби