ҚР бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасы

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 22 Октября 2013 в 22:51, курсовая работа

Краткое описание

Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына (бұдан әрі – ХҚЕС) және Халықаралық аудиттің стандарттарына (бұдан әрі – ХАС) көшу қажеттілігін мемлекеттің жалпы саясаты және Қазақстанда нарықтық экономиканы құруға бағдарланған реформалардың стратегиясы айқындайды.
Осы Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2006 жылғы
9 тамыздағы № 233 - өкімімен бекітілген Халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын жедел енгізу жөніндегі 2006 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындалды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

тужырымдама.doc

— 150.00 Кб (Скачать документ)

 

 

Қазақстан Республикасының бухгалтерлік

есепке алу және аудит жүйесін дамыту тұжырымдамасының Жобасы

 

Кіріспе

 

Халықаралық қаржылық есептіліктің стандарттарына (бұдан әрі – ХҚЕС) және Халықаралық аудиттің стандарттарына (бұдан әрі – ХАС) көшу қажеттілігін мемлекеттің жалпы саясаты және Қазақстанда нарықтық экономиканы құруға бағдарланған реформалардың стратегиясы айқындайды.

Осы Қазақстан Республикасының  бухгалтерлік есепке алу және аудит  жүйесін дамытудың 2007-2009 жылдарға арналған тұжырымдамасы (бұдан әрі – тұжырымдама) Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2006 жылғы  
9 тамыздағы № 233 - өкімімен бекітілген Халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарын жедел енгізу жөніндегі 2006 жылға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес дайындалды.

Осы Тұжырымдамада қазіргі кезеңде Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамытудың негізгі үрдісіне талдау жасалады, алдағы жылдарда оны дамытудың жолдары мен нақты тетіктері баяндалған.

Тұжырымдамада баяндалған негізгі бағыттар бухгалтерлік есепке алуды және қаржылық есептілікті реттеудің қолданыстағы жүйесіне тұжырымдамалық өзгерістерді енгізу, сондай-ақ бухгалтерлік есепке алу мен аудит саласында қалыптастырылатын ақпараттың сапасын арттыру қажеттілігінен туындады.

 

1. Үндестірудің халықаралық процесіне қатысу

 

Әлемдік экономикалық жағдайдағы соңғы он жылдықта болған шапшаң өзгерістер бухгалтерлік есепке алуға және қаржылық есептілікке арналған ережелерді жасау кезінде елдердің қолданатын тәсілдерін айтарлықтай дәрежеде өзгертті. Капитал нарықтары ұлттық шекарадан тыс жерлерде кеңейіп, ұлттық экономикалардың дамуына байланысты кірігу процесі нығаюда. Капитал нарықтарының кемелдене дамуы олардың даму үрдісін инвесторлардың жоғары дәрежеде түсінуін, олардың нығайтылуына, тұрақтылығына және өтімділігіне сенімділігін талап етеді. Қаржылық есептіліктің халықаралық стандарттарының бірыңғай топтамасын қабылдау кредиттердің құнын және инвесторлар үшін маңызды емес стандарттар бойынша есептілікті дайындау жөніндегі әкімшілік шығыстарды қысқарту арқасында ұйымдардың инвестицияларды тарту бойынша шығыстарын қысқартуға себепші болады.

Биржаларда акциялары бағаланатын Еуропалық Одақтың барлық компаниялары 2005 жылдан бастап ХҚЕС-ке сәйкес шоғырландырылған қаржылық есептілік жасауға міндетті. Тек АҚШ-тың бухгалтерлік есепке алудың жалпыға бірдей принциптерін (бұдан әрі - GAAP) пайдаланатын кәсіпорындары, сондай-ақ биржаларда борыштық міндеттемелері (облигациялары) ғана бағаланатын фирмалар оған кірмейді. Мұндай кәсіпорындар ХҚЕС-ке 2007 жылдан бастап көшуі тиіс. Еуроодақтың пікірінше, ХҚЕС-ті енгізу ЕО елдеріндегі қаржылық есептіліктің біркелкілігін, дұрыстығын, айқындылығын және салыстырмалылығын қамтамасыз ете отырып, бағалы қағаздарды халықаралық саудаға шығарған кезде тосқауылдарды жоюға мүмкіндік береді. Еуропа Одағының жоспарлары еуропа биржаларында тіркелген 8700-ге тарта компанияға қатысты, мұның өзі әлемдік нарықтық капиталдандырудың 25 %-ын құрайды.

Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары әлемдегі аса дамыған және алдыңғы  қатарлы бухгалтерлік есепке алу стандарттары болып табылады деп есептеледі. Сондықтан да көптеген елдерде, мысалы Австралияда, Германияда, Ұлыбританияда шетел эмитенттері биржалардағы өздерінің есептілігін осы елдердің ұлттық стандарттарына емес, халықаралық стандарттарға сәйкес ұсына алады. Басқа мемлекеттерде, мысалы Канадада, Жапония мен АҚШ-та бұған да жол беріледі, алайда ХҚЕС бойынша есептілік дайындайтын компаниялар оның осы елдердің ұлттық стандарттарына сәйкес дайындалатын есептіліктен айырмашылығының тізімін қосымша ұсынуы тиіс. Кейбір елдерде (мысалы Чехияда, Балтық елдерінде) есептілікті ХҚЕС бойынша барлық ірі кәсіпорындар жасауы тиіс. Қазақстанда 2003 жылдан бастап барлық қаржы ұйымдары, 2005 жылдан бастап акционерлік қоғамдар, ал 2006 жылдан бастап өзге де ұйымдар (мемлекеттік мекемелерден басқа) есептілікті ХҚЕС бойынша дайындауы тиіс.

Жақын болашақта ХҚЕС-ті меңгеру проблемасы еуропа компанияларынан  басқа да компанияларға қатысты болуы әбден мүмкін. Жуырда ғана АҚШ-тың Қаржылық есептілік стандарттары жөніндегі кеңесі (Financial Accounting Standards Board – FASB) және Халықаралық қаржылық есептілік стандарттары комитетінің қоры (бұдан әрі – ХҚЕСКҚ) АҚШ-тың GAAP-ын және ХҚЕС-ті үндестіру жүргізетіні туралы мәлімдеді.

Үндестіру бағдарламасына сәйкес АҚШ-тың GAAP-ы мен ХҚЕС-ке екі стандарт жүйесінің арасындағы белгілі бір алшақтықтарды болдырмайтын өзгерістер енгізілетін болады. Уақыт өткеннен соң олардың арасында бар айырмашылықтарды толығымен жою жоспарланып отыр. Әлемдік нарықтық капиталдандырудың 52 %-ы АҚШ-тың үлесіне келетінін ескере отырып, ХҚЕС-тің нағыз дүнижүзілік есепке алу стандарттары болуына нақты мүмкіндік бар.

 

2. Бухгалтерлік  есепке алу мен қаржылық есептілік  саласында қалыптастырылатын ақпараттың сапасын арттыру

 

Қазіргі кездегі бухгалтерлік есепке алу ақпараттық базаны білдіреді, оның негізінде ұйым қаржылық есептілікті дайындайды. Бухгалтерлік есепте қалыптастырылатын ақпарат басқарушылық, салықтық статистикалық есептілікті жасау үшін қолданылады, қажет болған кезде осы ақпараттың негізінде есептіліктің басқа да түрлері жасалады. Бухгалтерлік есепке алу жүйесі бір-бірімен өзара байланыста болатын, есепке алу элементтерінің белгілі бір тұтастығы немесе көптілігі. Мұндай жүйе логикалық кешенді қамтиды, онда ұйымның, мемлекеттің, сондай-ақ кез келген басқа да сыртқы, сол сияқты ішкі пайдаланушылардың экономикалық мүдделерін қамтамасыз ету мақсатында қызметтің түпкі нәтижелерін дұрыс өлшеуге бағытталған ақпарат қорытылады.

Есептілікті пайдаланушылардың барлығында қаржылық есептілік жөніндегі ақпарат нені қамтитынына қатысты белгілі бір үміт-армандары бар. Бұл үміт-армандар уақыт өте келе дамыды және пайдаланушылар бұрын кездестірген қаржылық есептіліктің үлгісі мен мазмұнынан туындады. Осы үміт-армандарға бухгалтерлік есепке алу туралы заңдар, бухгалтерлік есепке алудың регламенті мен стандарттары әсер етті. Қазақстанда үміт-армандар үлгіге және кеңес жүйесі кезінде әзірленген қаржылық есептілікке сүйене отырып дамыды. Шетелдік пайдаланушылардың үміт-армандары Халықаралық қаржылық есептілік стандарттарының принциптері мен тәжірибесіне сүйене отырып қалыптасты.

Кез келген әділ (сенімді) пікірден бухгалтерлік есепке алудың белгілі бір маңызды немесе іргелі принциптеріне немесе тұжырымдамаларына негізделген пікір орынды тұспалдануы мүмкін. Халықаралық түпмәтінде ең болмағанда мынадай бес принцип:

- есептеу принципі;

- қызметтің үздіксіздігі;

- ақылға сыйымдылығы;

- дәйектілігі;

- мазмұнның нысаннан басымдығы іргеліге жатқызылуы мүмкін және заңнама мен бухгалтерлік есепке алу стандарттарында көрсетілуі мүмкін.

Әдеттегі іс-тәжірибе осы принциптерді кез келген елдің бухгалтерлік есепке алу туралы заңнамасында іске асырудан тұрады. Нақты жағдайларда осы принциптерді қолдану көбінесе бухгалтерлік есепке алу стандарттары арқылы жүзеге асырылады.

Қазіргі уақытта халықаралық талаптарға сәйкес жасалған және жұмыс істейтін жоғары дамыған ақпараттық жүйені білдіретін экономика бірыңғай есепке алудың жүйесі болып табылады, ол оның әртүрлі аспектілерін (статистикалық есепке алу, салықтық есепке алу, бухгалтерлік есепке алу және т.б.) қамтиды.

Бухгалтерлік есепке алу қойылған міндеттерге сәйкес кейіннен жинау, жүйеге келтіру және қорыту үшін деректер көзі ретінде ғаламдық есепке алу жүйесінің бірлігін және функционалдығын қамтамасыз ететін ең маңызды факторы болып табылады.

Экономикадағы қаржылық есепке алудың ақпараттық функциясы ұйымдар қызметінің қаржылық нәтижелеріне сүйенеді, олар ұйымның ішіндегі сол сияқты одан тысқары жердегі ақпарат пайдаланушылардың мүдделі тобына қажет. Жоғары сапалы есептілік капитал нарығын дамыту үшін де қажет, өйткені оның негізінде көбінесе экономиканың ондаған жылдарға дейін дамуын айқындайтын шектеулі ресурстарды бөлу туралы шешімдер қабылданады.

 

3. Тұжырымдаманың мақсаты мен міндеті, бухгалтерлік есепке алуды, қаржылық есеп беру мен аудитті одан әрі дамыту қажеттілігі

 

Елбасы «Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кіру стратегиясы» атты өз жолдауында (бұдан әрі – Жолдау) атап өткендей, Қазақстан өз дамуындағы жаңа серпіліс жасау қарсаңында, өркенді де өршіл дамып келе жатқан қоғамның іргетасы тек қана осы заманғы, бәсекеге қабілетті және ашық нарық экономикасы бола алады. Қазақстанның әлемдегі бәсекеге барынша қабілетті 50 елдің қатарына кірудің бірінші басымдығы әлемдік экономикаға ойдағыдай кірігуі болып табылады. Осыған байланысты мемлекетті дамыту процесінде бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін бара-бар дамыту ерекше өзектілікке айналады, өйткені бухгалтерлік есепке алудың, қаржылық есеп берудің және аудиттің мақсаты басқару шешімдерін қабылдау үшін мүдделі пайдаланушыларды экономикалық ақпаратпен қамтамасыз ету болып табылады.

Бухгалтерлік есепке алу және аудит саласын дамыту тұжырымдамасының міндеті Қазақстан Республикасының экономикасында бухгалтерлік есепке алу, қаржылық есеп беру және аудит жүйелерінің өздеріне тән функцияларды одан әрі дәйекті түрде және ойдағыдай орындау үшін қолайлы жағдайлар мен алғышарттарды қамтамасыз ету болып табылады.

Тұжырымдаманы іске асырудан күтілетін нәтиже дегеніміз, Қазақстанның әлемдік экономикаға кірігуін жеделдету  мақсатында бухгалтерлік есепке алу мен аудит жүйесін реформалаудың негізгі бағыттарын, оларды іске асыру жөніндегі нақты тетіктерді жасау, шетелдік инвестициялардың ағынын молайту, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыру, қор нарығын жандандыру.

Бухгалтерлік есепке алудың өзіне тән міндеттерді  тиімді орындауы үшін қаржылық есепке алу кәсібилік, айқындылық, тәуелсіздік, өзектілік, стандарттылық сияқты талаптарға жауап беруі, сондай-ақ бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру принциптеріне және негізгі сапалық сипаттамаларға сай болуы тиіс.

Әлемдік тәжірибе түсініктілік, орындылық, сенімділік және салыстырмалылық сияқты ақпараттың тиімділігін айқындайтын сапалық сипаттамалар халықаралық стандарттарды тікелей пайдаланумен немесе оларды бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ұлттық жүйесін құрудың негізі ретінде қолданумен қол жеткізетіндігін көрсетеді. ХҚЕС пен ХАС-ты қолданудың экономикалық перспективасы капиталды тиімдірек бөлуден, іске жұмсалатын қаржының әр алуандығынан және оның табыстылығының өсуінен тұрады, әлемдік нарыққа шығу жеңілдейді, капиталды тартуға жұмсалатын шығындарды азайту мүмкіндігі туады. Мұның өзі жаңа бизнес құрылымдарды дамытуға, жаңа жұмыс орындарының пайда болуына, жұмыссыздықтың төмендеуіне, халықаралық нарықтарда қазақстандық ұйымдардың бәсекеге қабілеттілігін арттыруға, тұтастай алғанда елдің экономикалық өсуіне әкеп соғады.

 

4. Қазіргі кездегі жағдайды талдау

Бухгалтерлік  есепке алу мен қаржылық есеп беру

жүйесінің ХҚЕС-ке көшу кезеңдері

 

Қазақстан Республикасында  бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дәйекті түрде  реформалау он жылдан астам уақыт  бойы жалғасуда. «Бухгалтерлік есепке алу туралы» заң күші бар Жарлығын (бұдан әрі – Заң) 1995 жылы қабылдау бастапқы кезеңі болды. Халықаралық стандарттардың негізінде әзірленген Қазақстандық бухгалтерлік есепке алу стандарттарын 1996 жылы енгізу, ХҚЕС-ке көшудің бастамасы ретінде қызмет етті.

Осы процестің екінші және ең басты кезеңі 2002 жылы Заңды 2-1-баппен толықтыру болды, ол бойынша ХҚЕС-ке сәйкес қаржылық есеп беруді мемлекеттік мекемелерді қоспағанда, ұйымдар мынадай тәртіппен жасауға тиіс: қаржы ұйымдары 2003 жылдың 1 қаңтарынан бастап, акционерлік қоғамдар 2005 жылдың 1 қаңтарынан бастап және өзге де ұйымдар 2006 жылғы 1 қаңтардан бастап.

ХҚЕС-ті ойдағыдай енгізу мақсатында ХҚЕС-ті қолдану жөніндегі әдістемелік ұсынымдар әзірленіп жарияланды, қаржылық есеп беру нысандары, сондай-ақ Қаржылық есеп беруді ХҚЕС-ке сәйкес жасайтын ұйымдар үшін бухгалтерлік есепке алу шоттарының жұмыс жоспарын әзірлеу жөніндегі нұсқаулық (негіз) бекітілді.

Сонымен бірге, «Қазақстан Республикасында халықаралық қаржылық есеп беру стандарттарына көшу жөніндегі 2003-2004 жылдарға арналған іс-шаралар жоспары туралы» Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2003 жылғы 15 мамырдағы № 88-ө өкімімен бекітілген бірқатар іс-шаралар ойдағыдай іске асырылды.

Қазақстан Республикасының  қолданыстағы заңнамасына талдау жасалды, оның негізінде «Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы» және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасы Заңдарының жобалары әзірленді.

Бухгалтерлік есепке алу саласының өзін-өзі реттейтін элементтерін ретке келтіру мен жүргізу мақсатында «Бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы» Қазақстан Республикасының Заң жобасы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеудің қолданыстағы жүйесіне айтарлықтай өзгерістер енгізеді.

Заң жобасын әзірлеудің басты міндеті Қазақстан Республикасының  қолданыстағы заңнамасында пайдаланатын бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру мәселелері бойынша негізгі  ұғымдарды Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру туралы заңнамасына сәйкес келтіру болып табылады.

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі 2005 жылдан бастап Қазақстан Республикасының облыстары  мен өңірлерінде ұйымдардың қаржылық есептілікті ХҚЕС-ке сәйкес жасау мәселелері бойынша семинарлар өткізілуде.

Алайда, Қазақстандағы бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беру жүйесін дамытудағы кейбір жетістіктерге қарамастан, мыналардан:

  • ХҚЕС-тің кешенділігі мен әдістемелік күрделілігіне байланысты шағын және орта кәсіпкерлік субъектілері үшін қолданылмайтындықтан, ХҚЕС-тің осы санаттарға қолданылу қиындығынан;
  • бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп беруді реттеуге, сондай-ақ бухгалтер мен аудитор мамандықтарын дамытуға кәсіби қоғамдық бірлестіктер қатысуының жеткіліксіздігінен;
  • ХҚЕС-ті қолдану жөніндегі ақпараттық-әдістемелік материалдардың (оқулықтардың, кітаптардың) жоқтығынан;
  • бухгалтерлер мен аудиторлардың біраз бөлігінің кәсіби дайындығы деңгейінің төмендігінен, сондай-ақ ХҚЕС бойынша дайындалған ақпаратты пайдаланудағы дағдының жеткіліксіздігінен;
  • кадрларды қайта даярлаудың ретке келтірілген жүйесінің жоқтығынан;
  • шаруашылық жүргізуші субъектілердің бухгалтерлік есепке алу мен қаржылық есеп берудің ХҚЕС белгілеген көптеген принциптеріне және талаптарына немқұрайды қараудан көрінетін кейбір проблемалар бар.

Информация о работе ҚР бухгалтерлік есепке алу және аудит жүйесін дамыту тұжырымдамасының жобасы