Жүйке жүйесінің бөлімдері

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 09 Октября 2013 в 15:09, реферат

Краткое описание

Жүйке жүйесі (нервная система) - адам мен жануарлар организмдерінің қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Жүйке жүйесін зерттейтін морфологияның бөлімін гр. neurologia (грек, neuron — жүйке, жүйке жасушасы; logos — ілім) деп атайды. Жүйке жүйесінің қызметтері рефлекстер арқылы іс жүзіне асады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

жүйке жүйесі.doc

— 97.50 Кб (Скачать документ)

ЖОСПАР:

Жүйке жүйесінің бөлімдері

Жұлынның құрылысы мен қызметі

Рефлекс, рефлекстік доға

Жүйке жүйесінің маңызы

Пайдаланылған әдебиеттер

Жүйке жүйесі

Жүйке жүйесі (нервная система) - адам мен жануарлар организмдерінің қоршаған ортаға бейімделуін реттейтін жүйе. Жүйке жүйесін зерттейтін морфологияның бөлімін гр. neurologia (грек, neuron — жүйке, жүйке жасушасы; logos — ілім) деп атайды. Жүйке жүйесінің қызметтері рефлекстер арқылы іс жүзіне асады.

Жүйке жүйесінің бөлімдері

Жұлынның құрылысы мен қызметі

       Жүйке  жүйесі организмдегі орналасу  орындары (топографиясына) мен құрылысына  сәйкес: орталық және шеткі бөлімдер болып екіге бөлінеді. Жүйке жүйесінің орталық бөліміне ми және жұлын, ал шеткі бөліміне — мидан және жұлыннан организмнің шеткі аумақтарына таралатын мүшелер: жүйке түбіршіктері, жүйкелер, жүйке тораптары, жүйке түйіндері (ганглийлері) және жүйке талшықтарының ұштары жатады.

         Организмдегі  қызметтеріне байланысты жүйке  жүйесін үш бөлімге бөледі. Олар: сомалық (денелік), парасимпатикалық (ішкі мүшелік), симпатикалық (тамырлық).

Жүйке жүйесінің  сомалық бөлімі - дене, яғни тірек-қимыл аппараты және тері жабыны мүшелерінің, парасимпатикалық бөлімі — ішкі мүшелер мен бездердің, симпатикалық бөлімі — тамырлар жүйесі мүшелерінің қызметтерін реттейді. Парасимпатикалық және симпатикалық бөлімдерді біріктіріп, жүйке жүйесінің вегетативтік бөлімі деп атайды.

Жүйке жүйесінің тәндік бөлімі ағзаның сыртқы ортамен байланысын жүзеге асырады, тітіркендіргіштерді  қабылдайды. Адам еркіне байланысты козғалыстарды басқарады.

Жұлынның құрылысы мен қызметі

Жұлын - орталық жүйке  жүйесіне жатады. Жұлын цилиндр пішінді омыртқа жотасының өзегінде орналасқан, ұзындығы 42-45 см, салмағы 34-38 г. Жоғарғы шеті сопақша мимен жалғасады, төменгі шеті екінші арқа омыртқаға дейін созылын жатады. Жұлынның алдыңғы және артқы жағында ұзынынан созылған тік жүлгелері болады. Ол жұлынды оң және сол жақ жартыға бөліп тұрады. Жұлынның дәл ортасында іші жұлын сұйықтығына толы жұлын өзегі бар. Өзектің айналасында пішіні көбелекке ұқсаған жұлынның сұр заты (нейронның денесі мен қысқа өсінділерінің жиынтығы) бар. Сұр заттың сыртын ақ заты (нейронның ұзын өсіндісінің жиынтығы) қоршап жатады. Сонымен жұлын құрылысында ақ заты сыртында, сұр заты ішкі жағында орналасады.

Жұлынның сұр затының алдыңғы, артқы бүйірінде екіден түбірлері (өсінді) болады. Алдыңғы түбір козғалтқыш жүйке талшықтарынан, артқы түбір сезгіш жүйке талшықтарынан түзіледі. Әр омыртқаның бүйір тұсынан жұлыннан екі жаққа 31 жұп жұлын жүйкелері таралады. Әрбір жұлын жүйкелері алдыңғы және артқы түбірлердің қосылуынан пайда болады. Түбірлер омыртқааралық тесіктерден шығып, бірімен-бірі қосылып аралас жұлын жүйкелерін түзеді. Аралас жүйке дейтін себебі: жүйке талшықтарының бір тобы қозуды орталық жүйке жүйесіне, екіншісі одан қозуды шеткі мүшелерге өткізеді. Жұлыннан тарайтын жүйкелердің құрамында әрі сезгіш, әрі қозғалтқыш жүйке талшықтары болады. Жұлын жүйкелері қолдың, тұлғаның және аяқтың қаңқа бұлшықеттеріне таралады. Орталық жүйке жүйесіне өтетін қозу жұлынның тек артқы түбірі арқылы өтеді. Ал одан келетін козу жұлынның тек алдыңғы түбірі арқылы жүреді. Егер екі түбірден шыққан жүйке талшықтарының бірімен-бірі қосылған жері жарақаттанса (кесілсе), жүйкелердің сезгіштігі де, қозғалтқыштық әрекеті де жойылады.

Жұлынның қызметі: жұлын екі түрлі қызмет атқарады: рефлекстік және өткізгіштік.

Рефлекстік қызметі: жұлынның әр жерінде жүйке орталығы бар. Жүйке орталығы деп жұлынның түрлі бөлімінде орналасқан қандай да болмасын мүшенің жұмысын реттейтін жүйке жасушаларының жиынтығын айтады. Мысалы, тізе рефлексі орталығы жұлынның бел бөлімінде; зәр шығару орталығы сегізкөз бөлімінде; көз қарашығын үлкейтетін орталық арқа бөлімінде және т. б. орналасқан. Жұлынның жүйке орталықтары рецепторлар және мүшелермен тығыз байланысты. Қозғалтқыш нейрондары - дене, аяқ-қол бұлшықеттері, тыныс алу еттерінің жиырылуына әсер етеді. Жұлынның қатысуымен қозғалу рефлексі жүзеге асады. Жүрек, тыныс алу, ішкі мүшелер жұмысында өзгерістер болады.

Өткізгіштік қызметі орталыққа тебетін (өрлеу, қозуды миға жеткізу) және орталықтан тебетін (қозуды мидан жұлын арқылы мүшелерге жеткізу) өткізгіш жолдардан тұрады. Орталыққа тебетін өткізгіш жолдармен қозу миға беріледі. Орталықтан тебетін өткізгіш жолдар арқылы қозу мидан жұлынның төменгі бөлімдеріне, одан мүшелерге өтеді. Жұлынның қызметі тікелей мидың бақылауында болады.

Жұлынның да, мидың да сыртын үш түрлі қабықша қаптап жатады. Сыртқысы - қатты, ортаңғысы - торлы, ішкісі - жұмсақ қабық-шалар деп аталады. Ми мен жұлын жұмсақ қабығының қабынуынан көбіне сәбилер немесе жас балалар менингит - делбе деп аталатын жұқпалы ауруға шалдығуы мүмкін. Аурудың жалпы белгілері: бас ауырады, құсады, есінен айырылады және т. б.

Жүйке жүйесінің құрылысы, маңызы

Адам денесінде болатын жүйке жүйесі мүшелерін негізінен жүйке ұлпасы құрайды. Жүйке ұлпасының негізін жүйке жасушалары құрайды. Жүйке жасушалары – нейрондық денеден, ұзын және қысқа өсінділерден тұратыны сендерге жүйке ұлпасынан таныс. Нейронның денесінде цитоплазма мен ядро болады. Ұзын өсіндісі - аксон ми мен жұлынның дененің кез келген бөлімімен байланысуын қамтамасыз етеді. Аксонның сырты май текті ақ қабықшамен қапталған. Бұлар шоғырланып ми мен жұлынның ақ затын түзеді. Нейронның тарамдалған көптеген қысқа өсінділері - дендриттердің сыртында ақ қабықша болмайды. Бұлардың жиынтығы мен нейронның денесі сұр зат түзеді. Нейронда ұзын әрі тарамдалмаған (тек ең ұшы сөл ғана тарамдалады) бір аксон болады. Нейронның денесіне қозу (хабар, сигнал) дендриттер арқылы келеді.

Құрылымы мен қызметіне қарай нейрондар 3 топқа бөлінеді:

  1. сезгіш (қозу шеткі мүшелерден орталық жүйке жүйесіне өтеді);
  2. байланыстырғыиі - козуды сезгіш нейрондардан қозғалтқыш нейрондарға өткізеді;
  3. қозғалтқыш - қозуды орталық жүйке жүйесінен бұлшықеттер мен ішкі мүшелерге өткізеді.

Жүйке жүйесіне ми, жұлын және жүйкелер жатады. Жүйкелер жүйке жасушаларының (нейрондардың) өсінділерінен түзіледі. Жүйкелер адам денесінің барлық жеріне таралған, барлық мүшелерді ми және жұлынмен байланыстырады. Егер қозғалтқыш нейронның ұзын өсіндісінен (аксондарынан) тұрса, ол қозғалтқыш жүйке. Сезгіш нейронның қысқа өсінділерінен (дендриттерінен) тұрса, ол сезгіш жүйке деп аталады. Бұл жүйкелерден басқа аралас жүйкелер де болады, ол нейронның аксоны мен дендриттерінен түзіледі. Аралас жүйкелер арқылы қозу орталық жүйке жүйесіне және одан мүшелерге беріледі.

Жүйке жүйесінің маңызы

  1. Жүйке жүйесі денедегі мүшелердің жұмысын реттейді. Мысалы, жүрек пен бұлшықеттердің жиырылуы; сүйектердің қозғалысқа келуі; тер, сілекей, сүт, қарын сөлінің бөлінуі және т. б. Осы әрекеттердің барлығы да тікелей жүйке жүйесінің қатысуымен жүреді.
  2. Барлық мүшелер мен мүшелер жүйесінің бірімен-бірінің байланысы үйлесімді жұмыс істеуін басқарады. Мысалы, адам жүгіргенде аяқ бұлшықеттерінің жұмысы күшейетіндіктен, зат алмасу үдерісі қарқынды жүреді; тынысалу мен жүрек соғысы жиілейді; қан аз баратындықтан, асқорыту мүшелерінің жұмысы баяулайды.
  3. Жүйке жүйесі ағза мен сыртқы ортаның байланысын қамтамасыз етеді. Сыртқы ортаның әр түрлі құбылыстарынан қорғану әрекеті адамның жүйке жүйесінің әсерінен болады. Мысалы, жақын келген көлікті (машина, трамвай, троллейбус және т. б.) өтіп кеткенше тоқтап күтіп тұру; аса ыстық немесе суықтан қорғану; денені зақымдайтын заттарға жоламау және т. б. Адамның ойлауы, саналы мінез-құлқы жүйке жүйесінің күрделі дамуына тәуелді (бағынышты).

Рефлекс, рефлекстік доға

Ағзалар тіршілігіндегі барлық ерекеттерді жүйке жүйесі басқарады. Оны рефлекстік реттелу дейді.

Рефлекс (латынша - жауап қайтару) сыртқы және ішкі тітіркендіргіштерге орталық жүйке жүйесі арқылы ағзаның жауап қайтару әрекеті. Рефлекстер рефлекстік доға, қозу өтетін жолдар арқылы жүзеге асады. Рефлекстік доға 5 бөлімнен тұрады:

  1. жүйке ұштары - рецепторлар (латынша - қабыл-даймын, қабылдаушы);
  2. сезгіш нейрондар (қозуды орталық жүйке жүйесіне өткізеді);
  3. жүйке орталығы (орталық жүйке жүйесі);
  4. қозғалтқыш нейрондар;
  5. тітіркендіруге жауап қайтаратын мүшелер (бұлшықеттер және т. б.).

Рефлекстік доға рецептордан басталады. Рецепторлар (жүйке ұштары) әр түрлі тітіркендіргіштерді (ыстық, суық, қышқыл, дыбыс және т. б.) қабылдайды. Рецептордан сезгіш нейрондар арқылы қозу орталық жүйке жүйесіне өтеді. Қозу орталық жүйке жүйесінде талданып, одан қозғалтқыш нейрондар арқылы жұмыс атқаратын мүшелерге беріледі. Оны тізені жазу рефлексінен де байқауға болады.

Рефлекстік доғаның  барлық бөлімдері толық қызмет атқарса  ғана рефлекс болады. Егер рефлекстік доғаның бір бөлімі зақымданса, рефлекс жойылады (болмайды).

Жүйке жүйесінің құрылымын, қызметін, дамуын зерттейтін ғылым неврология деп аталады.

Адам организміндегі жүйкенің сезімталдығы мен қызметінің бұзылуы – жүйке жүйесінің  ауруларын тудырады. Оларға орталық және шеткі жүйке жүйесі құрылымдарының өзгерістері, жүйке-психика аурулары (нервоз) жатады. Жүйке жүйесінің белгілі бір жеріндегі рефлекс процесіне қатысты организмнің белгілі бір тіршілік әрекетін реттейтін нейрондар тобы – жүйке орталығы болады. Жүйке орталығын құратын нейрондар қозу және тежелу синапстері арқылы өзара байланысып, нейрон торлары деп аталатын күрделі  жүйе  құрайды.

Невралгия (грек тілінен neuron – жүйке және algos – сырқырау, ауырсыну) – шеткі жүйкенің ұстамалы ауруы. Невралгияның пайда болуына жүйкенің қабынуы, жүйкенің шоғырланған жері мен омыртқа жотасының аурулары немесе тіндер мен органдардың жарақаттануы, инфекция түсуі (тұмау), қатты суық тию, т.б. әсер етеді. Невралгияға үш тармақты, желке және қабырға аралық жүйкелер жиі шалдығады. Үш тармақты жүйкенің Невралгиясы сәбидің алғаш тісі шыққан кезде қиындықтар туғызса, жұлған тістің орны қабынып, қатты суық тисе не инфекция түссе, сондай-ақ пульпит (тіс тінінің қабынуы) және периодонтиттің (тіс түбінің сыртқы қабығының қабынуы) асқынуынан болады. Бұл кезде беттің бұлшық еті тітіркеніп, адамның аузын ашуы, жұтынуы, жөтелуі қиындайды, ауру ұстамасы кенеттен болып, бірнеше минуттан бірер сағатқа созылуы мүмкін. Желке Невралгиясы кезінде негізінен мойын ауырады. Ал қабырға аралық жүйкенің Невралгиясы омыртқа жотасының ауруынан, әсіресе адамға қатты суық тиюден болады. Емі: Невралгияны туғызған ауруларды емдеу, поливитаминдер егу, физиотерапия, т.б. қолдану. Көп жағдайда үш тармақты жүйкенің Невралгиясына хирургиялық операция жасалады.

Шизофрения, биполярлық аурулар мен қояншық ауруы (эпилепсия) кеңінен мәлім және көбінесе невролог дәрігердің немесе психиатрдың іс тәжірибесінде  жиірек кездеседі.

Қояншық (эпилепсия) — (грек. epіlambano – шап беріп ұстаймын, шабуыл жасаймын), қояншық – жиі кездесетін ұстамалы аурулардың бір түрі. Эпилепсияны белгілеріне қарай ұзақ уақыт идиопат. (генуинді) және симптомат. деп бөлген. Эпилепсия туралы алғашқы деректер Гиппократ еңбектерінде “қасиетті ауру” деген атпен, әр түрлі себептермен туындайтын бас миының ауруы ретінде айтылған. Әбу Әли ибн Сина ұстамалы аурудың клиник. көріністері мен емін толық сипаттап жазған. Эпилепсия белгілі бір мерзімде қайталанып, науқас есінен танады, кейде тұнжырап, мінезі өзгеріп, ой-қабілеті төмендейді. Эпилепсия ауруының себебі әлі толық анықталмаған. Көбінесе, сәби құрсақта жатқанда не туылғаннан кейін миында ісік болуынан, ми шайқалғаннан немесе қабынуынан, мидың әр түрлі ауруларынан (менингит, арахноидит, арахноэнцефалит), т.б. жағдайлардан болады. Сондай-ақ әке-шешесі маскүнем болса, олардың балаларының да Эпилепсияға шалдығуы мүмкін. Кейде бұл ауру тұқым қуалайды. Эпилепсия 10 – 15 жастағы балаларда байқалады. Ауру ұстар алдында адамның басы ауырып, мең-зең болады, қолы дірілдеп, көзі қарауытады, бір жерді шыр айналып, айқайлап, есінен танып құлайды. Аузынан көбігі ағады, басын соғып, тілін шайнайды. Денесі сіресіп, көгеріп қатып қалады да, бірнеше секундтан кейін басын соққылап, селкілдей бастайды. Бұдан кейін науқас адам біразға дейін есін жия алмай, ұйықтап кетеді. Оянғанда не істеп, не қойғанын білмейді. Кейде ауру жеңіл ұстап, селкілдемей-ақ есінен танып құлайды, ұстама тез басылады. Эпилепсияның қайталап ұстауы көбіне ешбір себепсіз болады. Кейде қорыққанда, бір нәрсеге ашуланғанда, шаршағанда жиілеуі мүмкін. Эпилепсияның ұзақ уақыт ұстайтын түрі де болады. Мұндай кезде науқас адам селкілдеп құламайды. Бірақ псих. әрекеті өзгеріп, мінез-құлқы бұзылады. Науқас тұнжырап, айналасында болып жатқан жағдайға көңіл бөлмей, өзіне қойылған сұраққа жауап бермейді. Оның көз алдына әр түрлі зат елестейді, дыбыс естіледі, әр жерден бірдеңе іздеп әуреге түседі. Қасындағы адамға ретсіз тиісіп, ұрысады, үйден шығып кетуі де мүмкін. Кейде өзін-өзі жұлып, бетін тырнайды, қолына түскен затты сындырады, айқайлап, жылап, қатты күйзеледі. Ұстама біткеннен кейін осы істегендерінің біреуін де есіне ала алмайды. Эпилепсия асқынған сайын жиі ұстап, науқас адамның мінезі, жүріс-тұрысы, ой-өрісі өзгеріп, ойын дұрыстап жеткізе алмайтын болады. Ұмытшақ болып, сәл нәрсеге ренжіп қалады. Өзін ренжіткен адамға өшігіп, ол адамды ешқашан ұмытпайды. Емі аурудың түрі, себебі және ағымына қарай тағайындалады. Аурудың белгісі білінісімен емдеуді ерте бастаған тиімді болады. Ең алдымен Эпилепсияға не себеп болғанын анықтап алады. Ауру ұстаған кезде оны тарқататын препараттармен қатар, науқасқа организмін әлдендіріп, иммунитетін көтеретін дәрі-дәрмек беріледі. Ауру адамға дұрыс тамақтану, мезгілімен ұйықтау, диета сақтау, отбасындағы және еңбек ұжымдағы жағымды жайлардың маңызы зор.

Пайдаланылған әдебиет

  1. Jump up ↑ Биоморфология терминдерінің түсіндірме сөздігі/ - Алматы: "Сөздік-Словарь", 2009. ISBN 9965-822-54-9
  2. Jump up ↑ Биология:Жалпы білім беретін мектептің 8-сыныбына арналған оқулық. Алматы: Атамұра, 2008. ISВN 9965-34-812-Х

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 


Информация о работе Жүйке жүйесінің бөлімдері