Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 10 Октября 2013 в 18:51, реферат

Краткое описание

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:
1) өкiлдi органдардың депутаты болуға;
2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;
3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

Прикрепленные файлы: 1 файл

админ пр.docx

— 24.31 Кб (Скачать документ)

10-бап. Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер

1. Мемлекеттiк қызметшiнiң:

1) өкiлдi органдардың депутаты болуға;

2) педагогтiк, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтi қоспағанда, басқа да ақылы қызметпен айналысуға;

3) кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға, соның iшiнде, егер коммерциялық ұйымды басқаруға тiкелей қатысу Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес оның қызметтiк мiндетiне кiрмейтiн болса, егер "Сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес туралы" Қазақстан Республикасының Заңында өзгеше белгiленбесе, ұйымдық-құқықтық нысанына қарамастан, коммерциялық ұйымды басқаруға қатысуға;

4) үшiншi тұлғалардың iстерi бойынша өзi қызмет iстейтiн не өзiне тiкелей бағынысты немесе өзiнiң бақылауындағы мемлекеттiк органда өкiл болуға;

5) өзiнiң қызметтiк iс-әрекетiн материалдық-техникалық, қаржылық және ақпараттық қамтамасыз ету құралдарын, басқа да мемлекеттiк мүлiк пен қызметтiк ақпаратты қызметтiк емес мақсатта пайдалануға;

6) ереуiлдердi қоса алғанда, мемлекеттiк органдардың қалыпты жұмыс iстеуiне және қызметтiк мiндеттердi орындауға кедергi келтiретiн әрекеттерге қатысуға;

7) лауазымдық өкiлеттiгiн орындауға байланысты азаматтар мен заңды тұлғалар көрсететiн қызметтi жеке мақсатына пайдалануға құқығы жоқ.

2. Мемлекеттiк қызметшi қызметке кiрiскеннен кейiн бiр ай iшiнде коммерциялық ұйымдардың жарғылық капиталындағы өзiнiң меншiгiндегi үлестi (акциялар пакеттерiн) және пайдаланылуы табыс табуға әкелетiн өзге де мүлiктi мемлекеттiк қызмет өткеру уақытына Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген тәртiппен сенiмгерлiк басқаруға беруге мiндеттi, бұған осы адамдарға заңды түрде тиесiлi ақша, сондай-ақ мүлiктiк жалдауға берiлген мүлiк қосылмайды. Мүлiктi сенiмгерлiк басқару шарты нотариалды куәландырылуға жатады.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлердiң өздерiне тиесiлi облигацияларды, ашық және аралық инвестициялық пай қорларының пайларын сенiмдi басқаруға бермеуiне болады.

Мемлекеттiк қызметшiнiң сенiмгерлiк басқаруға берiлген мүлiктен кiрiс алуға құқығы бар.

Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң мүшелерiн, Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесiнiң Төрағасы мен мүшелерiн қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiлер тұрғын үйлерiн мүлiктiк жалдауға беруге құқылы.

3. Заңдарда көзделген жағдайларды қоспағанда, мемлекеттiк қызметшiге өзiнiң жақын туыстары ата-аналары, балалары, бала асырап алушылар, асырап алған балалар, ата-анасы бiр және ата-анасы бөлек аға-iнiлерi мен апа-сiңлiлерi, аталары, әжелерi, немерелерi) немесе ерi (зайыбы) атқаратын қызметке тiкелей бағынысты лауазым атқаруына болмайды.

3-1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң жақын туыстары мен жекжаттарына (жұбайлардың аға-iнiлерiне, апа-сiңлiлерiне, ата-аналары мен балаларына) қатысты лауазымдық өкiлеттiктерiн жүзеге асыруына Қазақстан Республикасының заң актiлерiмен шектеулер көзделуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметке:

1) белгiленген тәртiппен әрекетке қабiлетсiз немесе әрекетке қабiлетi шектеулi деп танылған;

2) сот белгiлi бiр мерзiм iшiнде мемлекеттiк лауазымдар атқару құқығынан айырған;

3) бiлiктiлiк талаптарында тиiстi қызметтердi атқару үшiн денсаулық жағдайына арнаулы талаптар белгiленген реттерде медициналық мекеменiң қорытындысына сәйкес лауазымдық өкiлеттiктi орындауға кедергi келтiретiн науқасы бар;

4) өзiнiң мәртебесiн және соған негiзделген беделiн жеке басылық, топтық және өзге де қызметтiк емес мүдделерге пайдалануға алып келуi ықтимал әрекеттерге жол бермеу мақсатында өзiне заңмен белгiленген шектеулердi қабылдаудан бас тартқан;

5) жұмыстан босату түрiндегi тәртiптiк жазаны қоспағанда, мемлекеттiк қызметке кiрер алдында үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылығы үшiн тәртiптiк жауапкершiлiкке тартылған;

6) мемлекеттiк қызметке кiрер алдында бiр жыл iшiнде қасақана құқық бұзушылығы үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

6-1) мемлекеттiк қызметке кiргенге дейiн үш жыл iшiнде сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жаза қолданылған;

6-2) сыбайлас жемқорлық қылмыс жасаған;

6-3) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн жұмыстан босатылған;

7) мемлекеттiк қызметке кiру уақытына өтелмеген немесе заңда белгiленген тәртiппен алынбаған соттылығы бар адамдарды қабылдауға болмайды.

5. Аталған мәлiметтердi табыс етпеу немесе бұрмалау мемлекеттiк қызметке қабылдаудан бас тарту үшiн негiз болып табылады.

Ескерту. 10-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2003.09.25 N 484, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2007.07.21 N 308, 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз), 2009.12.08 N 226-IV (2010 жылғы 1 қаңтардан бастап қолданысқа енгiзiледi) Заңдарымен

3-тарау. Мемлекеттiк қызметке кiру

11-бап. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру

Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң мемлекеттiк қызметке кiруi тағайындау не сайлау негiзiнде, сондай-ақ Қазақстан Республикасының

заңдарында белгiленген басқа да реттерде, тәртiп пен жағдайларда жүзеге асырылады.

Ескерту. 11-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

12-бап. Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке кiру құқығы

1. Қазақстан Республикасы азаматтарының мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуға құқығы бар.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу, осы Заңда көзделген жағдайларды қоспағанда, конкурстық негiзде жүзеге асырылады.

2. Мемлекеттiк қызметшiнiң мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасуы ол тиiстi бос тұрған лауазымға қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келген жағдайда, мемлекеттiк қызметшiнiң және уәкiлеттi органның немесе оның аумақтық бөлiмшесiнiң келiсiмiмен конкурстық iрiктеусiз ауысу тәртiбiмен жүзеге асырылуы мүмкiн.

Мемлекеттiк қызметшiнiң сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылық жасағаны үшiн заңда белгiленген тәртiппен алынбаған әкiмшiлiк немесе тәртiптiк жазасы болған жағдайда, мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға ауысу тәртiбiмен орналасуына жол берiлмейдi.

3. Өз өкiлеттiгiн доғарған, терiс себептермен доғарғандарын қоспағанда, және қойылатын бiлiктiлiк талаптарына сай келетiн Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға конкурстық iрiктеусiз орналасу құқығы бар. Парламент депутаттарының, тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн мәслихат депутаттарының, мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң, судьялардың мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу тәртiбiн Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

4. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде жынысына, нәсiлiне, қай ұлтқа жататынына, тiлiне, әлеуметтiк тегiне, мүлiктiк жағдайына, тұрғылықты жерiне, дiнге қатынасына, сенiмiне, қоғамдық бiрлестiктерге қатыстылығына және кез келген өзге де мән-жайларға қарай қандай да болсын тiкелей немесе жанама шектеулер белгiлеуге жол берiлмейдi.

5. Осы Заңда белгiленген жағдайларды қоспағанда, конкурстық iрiктеуден өтпеген азаматтарды мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметке қабылдаған лауазымды адам осы Заңның 28-бабында белгiленген тәртiппен жауапқа тартылады.

Ескерту. 12-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2003.03.11 N 393, 2005.07.08 N 75 (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-баптан қараңыз), 2009.12.07 N 222-IV (қолданысқа енгiзiлу тәртiбiн 2-б. қараңыз) Заңдарымен

13-бап. Мемлекеттiк қызметке кiру кезiнде қойылатын талаптар

1. Мемлекеттiк қызметке кiретiн адамдар мынадай талаптарға:

1) Қазақстан Республикасының азаматы болуға;

2) егер Республиканың заңдарында тиiстi лауазымдар жөнiнде өзгеше белгiленбесе, жасы он сегiз жастан кем болмауға;

3) қажеттi бiлiмi, кәсiби даярлық деңгейi болуға және белгiленген бiлiктiлiк талаптарына сәйкес келуге тиiс.

2. Азамат мемлекеттiк қызметке кiрген кезде салық қызметi органдарына өзi алған табысы мен өзiне меншiк құқығымен тиесiлi, салық салу объектiсi болып табылатын мүлкi туралы мәлiметтердi табыс етуге мiндеттi.

3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымға орналасу азаматтар мiндеттi арнайы тексеруден өткеннен кейiн жүзеге асырылады.

4. Мемлекеттiк саяси қызметке кiру үшiн қойылатын қосымша талаптарды Қазақстан Республикасының Президентi айқындайды.

5. Мемлекеттiк әкiмшiлiк лауазымдарға қойылатын бiлiктiлiк талаптарын мемлекеттiк органдар лауазымдар санаттарына қойылатын үлгi бiлiктiлiк талаптары негiзiнде әзiрлейдi және бекiтедi.

Ескерту. 13-бапқа өзгерту енгiзiлдi - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

5-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердi қамсыздандыру 

21-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң  еңбегiне ақы төлеу 

1. Мемлекеттiк қызметшiлердiң  еңбегiне төленетiн ақы қызметтiк  мiндеттерiн сөзсiз және тиянақты  атқаруы үшiн жеткiлiктi материалдық  жағдайды қамтамасыз етуге, мемлекеттiк  органдарды бiлiктi және тәжiрибелi  кадрлармен жасақтауға жәрдемдесуге, олардың адал да бастамашыл  еңбегiн ынталандыруға тиiс.

2. Мемлекеттiк саяси қызметшiлердiң  еңбегiне ақы төлеу жүйесiн  Қазақстан Республикасының Президентi  белгiлейдi.

Мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлердiң  еңбегiне ақы төлеу Қазақстан  Республикасының Президентi бекiтетiн  Еңбекке ақы төлеудiң бiрыңғай жүйесi негiзiнде жүзеге асырылады.

3. Мемлекеттiк әкiмшiлiк  қызметшiлердiң жалақысы республикалық  және жергiлiктi бюджеттердiң қаржылары  есебiнен не Ұлттық Банк қаржысынан  төленедi.

Бюджет қаржысының қысқаруы жалақыны, сондай-ақ осы Заңда көзделген  өзге де кепiлдiктердi, жеңiлдiктердi және өтемақыларды қаржыландыруды азайту үшiн  негiз бола алмайды.

4. Мемлекеттiк әкiмшiлiк  қызметшiлердiң жалақысы мен оларға  төленетiн басқа да төлемдер  Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленген тәртiппен индекстелуге  тиiс. 

Ескерту. 21-бапқа өзгерту  енгiзiлдi - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

22-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердiң  демалысы 

1. Мемлекеттiк қызметшiлерге  сауықтыру үшiн екi лауазымдық  айлықақысы мөлшерiнде жәрдемақы  төленiп, ұзақтығы отыз күнтiзбелiк  күнге ақы төленетiн жыл сайынғы  демалыс берiледi.

2. Мемлекеттiк қызметшiлердiң  қалауы бойынша жыл сайынғы  ақы төленетiн демалыс оларға  бөлiп-бөлiп берiлуi мүмкiн.

3. Мемлекеттiк қызметшiге  жалақысы сақталмайтын демалыс  берiлуi мүмкiн.

4. Мемлекеттiк қызметшiлер  мемлекеттiк орган басшысының  шешiмi бойынша жыл сайынғы  немесе қосымша демалыстан шақыртылып  алынуы мүмкiн. Пайдаланылмаған  демалыстың қалған бөлiгi мемлекеттiк  қызметшiге тиiстi жылдың басқа  кез келген уақытында берiледi  не келесi жылғы демалысына  қосылады.

5. Мемлекеттiк әкiмшiлiк  қызметшi ауыстырылған жағдайда  не мемлекеттiк саяси қызметшiнiң  басқа мемлекеттiк лауазымға тағайындалуына  байланысты, егер мемлекеттiк қызметшi  бұрынғы жұмыс орнында демалысын  пайдаланбаған болса, жаңа жұмыс  орнындағы ақы төленетiн жыл  сайынғы демалысы Қазақстан Республикасының  заңдарында белгiленген мерзiмi  аяқталғанға дейiн берiлуi мүмкiн. 

Ескерту. 22-бапқа өзгерту  енгiзiлдi - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

23-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi көтермелеу 

1. Мемлекеттiк қызметшiлер  лауазымдық мiндеттерiн үлгiлi  орындағаны, мiнсiз мемлекеттiк қызметi, ерекше маңызды және күрделi тапсырмаларды  орындағаны үшiн және жұмыстағы  басқа да жетiстiктерi үшiн:

1) бiржолғы ақшалай сыйақы  беру;

2) алғыс жариялау;

3) бағалы сыйлықтармен  марапаттау;

4) сондай-ақ Қазақстан  Республикасының заңдарында көзделген  көтермелеудiң өзге де нысандары  арқылы көтермеленуi мүмкiн.

2. Мемлекеттiк қызметшiлер  ерекше еңбек сiңiргенi үшiн Қазақстан  Республикасының мемлекеттiк наградаларымен  марапатталады.

24-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi әлеуметтiк қорғау шаралары 

1. Мемлекеттiк қызметшiлер  Қазақстан Республикасының заңдарында  белгiленген тәртiп бойынша тұрғын  үймен қамтамасыз етiледi.

2. Тұрғын үй жағдайын  жақсартуға мұқтаж мемлекеттiк  қызметшiлерге жеке тұрғын үй  құрылысы үшiн жер учаскесi  тегiн берiледi. Жер учаскесiн беру  шарттарын Республика Үкiметi  белгiлейдi.

3. Мемлекеттiк қызметшiлер  және олармен бiрге тұратын  отбасы мүшелерi белгiленген тәртiппен  тиiстi мемлекеттiк денсаулық сақтау  мекемелерiнде медициналық қызмет  көрсетудi пайдаланады.

4. Мемлекеттiк орган таратылған  немесе қайта ұйымдастырылған  жағдайда мемлекеттiк әкiмшiлiк  қызметшiлер жаңадан құрылған  не басқа мемлекеттiк органда  өздерiнiң бiлiктiлiгiне сай жұмыспен  қамтамасыз етiледi. Мемлекеттiк әкiмшiлiк  қызметшi жұмысқа орналасудан  бас тартқан жағдайда, ол Қазақстан  Республикасының заңдарында белгiленген  тәртiппен жұмыстан босатылады. Бұл  орайда мемлекеттiк органдарда  кемiнде үш жыл жұмыс стажы  бар мемлекеттiк әкiмшiлiк қызметшiлерге  төрт орташа айлық жалақысы  мөлшерiнде жұмыстан шығу жәрдемақысы  төленедi.

Мемлекеттiк органның штаты (саны) қысқарған жағдайда мемлекеттiк  қызметшiге мемлекеттiк органдардағы жұмыс стажы үш жылдан кем болмаған кезде төрт орташа айлық жалақысы мөлшерiнде шығу жәрдемақысын төлеу  жүргiзiледi.

5. Мемлекеттiк қызметшi  қайтыс болған жағдайда оның  отбасы мүшелерiне мемлекеттiк  органдағы соңғы қызмет орны  бойынша үш орташа жалақысы  мөлшерiнде бiржолғы жәрдемақы  төленедi, бұл орайда жәрдемақының  мөлшерi Қазақстан Республикасының  заңдарында белгiленгеннен төмен  болмауы керек. 

Ескерту. 24-бапқа өзгерту  енгiзiлдi - ҚР 2003.03.11 N 393 Заңымен.

25-бап. Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк  қамсыздандыру 

Мемлекеттiк қызметшiлердi зейнетақымен және әлеуметтiк қамсыздандыру  Қазақстан Республикасының заңдарына  сәйкес жүзеге асырылады.

6-тарау. Мемлекеттiк қызметшiлердiң  мемлекеттiк қызметтi тоқтатуы 

26-бап. Мемлекеттiк саяси  қызметшiлердiң отставкаға шығуы  және қызметтен босатылуы 

1. Отставка дегенiмiз мемлекеттiк  саяси қызметшiнiң тиiстi мемлекеттiк  лауазымдағы мiндеттерiн атқаруды  тоқтатуы, ол оның жазбаша арызы  негiзiнде жүзеге асырылады.

2. Отставканы мемлекеттiк  саяси қызметшiнi осы лауазымға  тағайындаған (сайлаған) мемлекеттiк  орган немесе лауазымды адам  қабылдайды немесе одан дәлелдi бас тартылады. Отставканы қабылдау  немесе одан бас тартылу туралы  шешiм жазбаша арыз берiлген  күннен бастап бiр ай мерзiмде  қабылданады. Саяси қызметшi отставкадан  бас тартылған жағдайда қызметтiк  өкiлеттiгiн атқаруды жалғастыруға  тиiс және оның Қазақстан Республикасының  заңдарында көзделген тәртiппен  қызметтен босауға құқығы бар.

Информация о работе Мемлекеттiк қызметте болуға байланысты шектеулер