Жаңа Жібек жолы – Қазақстан қарыштауының кепілді

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 21 Ноября 2013 в 07:42, творческая работа

Краткое описание

Бұл форумның маңызын түсіндіру үшін әңгімемізді аздап та болсын көне тарихтан бастағанымыз жөн секілді. Осыдан үш жарым мың жылдай уақыт бұрын пайда болып, басын Қытайдан алып, бірнеше бағыт бойын­ша Орталық Азия жерін көктеп өтіп, Парсы, Византия, Иран, Кавказ, Еуропа елдерімен халықаралық сауданың өрістеуіне өлшеусіз әсер еткен көне Жібек жолы біздің өңірдің дамуында да басты қозғаушы күштердің бірі болғаны анық.Жолдың қазіргі Қазақстан аумағын басып өтетін сілемдерінің бойында басында көптеген бекеттер пайда болып, артынан олар қалаларға айналған еді. Жол ғасырлар бойы Орталық Азия халықтарын басқа өңірлермен байланыстыруда үлкен қызмет атқарып тұрды.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Жаңа ЖібекЖолы.ppt

— 1.24 Мб (Скачать документ)

 
 
«Қазақстан - Жаңа Жібек жолы» 

 

 

 

 

 

 

 

 

Жаңа Жібек жолы – Қазақстан қарыштауының кепілді

 

  • Астанадағы Тәуелсіздік сарайында екі күнге созылған «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» атты ІІ халықаралық көліктік-логистикалық форум өз жұмысын аяқтады. Оған Еуроодақ пен ТМД-ның 300-ден астам ірі көліктік-логистикалық компанияларының басшылары қатысты.
  • Бұл форумның маңызын түсіндіру үшін әңгімемізді аздап та болсын көне тарихтан бастағанымыз жөн секілді. Осыдан үш жарым мың жылдай уақыт бұрын пайда болып, басын Қытайдан алып, бірнеше бағыт бойын­ша Орталық Азия жерін көктеп өтіп, Парсы, Византия, Иран, Кавказ, Еуропа елдерімен халықаралық сауданың өрістеуіне өлшеусіз әсер еткен көне Жібек жолы біздің өңірдің дамуында да басты қозғаушы күштердің бірі болғаны анық.Жолдың қазіргі Қазақстан аумағын басып өтетін сілемдерінің бойында басында көптеген бекеттер пайда болып, артынан олар қалаларға айналған еді. Жол ғасырлар бойы Орталық Азия халықтарын басқа өңірлермен байланыстыруда үлкен қызмет атқарып тұрды.

 

 Алайда, ХІV-ХV ғасырларда Батыста, соның ішінде Испания, Португалия, Ұлы­британия секілді құрлықтың шетінде, теңіздің өтінде орналасқан елдерде компас пен картаның ойлап табылып, кеме құрылысының өркен жаюына байланысты құрлықтарды бір-бірімен байланыстыратын су жолдары ашылды да, осы құбылыс көне Жібек жолына өз көлеңкесін түсіре бастады. 1453 жылы түріктер Константинопольді басып алды да, олар құрған Осман империясы енді Еуропадан Азияға баратын құрлықтағы сауда жолдарының барлығына өз бақылауын орнатты. Осы жағдай Осман империясымен қырғи-қабақ қарым-қатынастағы еуропалықтарды басқа өңірлерге теңіз және мұхит арқылы шығатын жолдарды іздестіруге мәжбүр етті. Бұл үдерістің соңы әлемде Пор­тугалия мен Испания секілді жаңа теңіз дер­жаваларының пайда болуымен аяқталды. 

  • Қандай жол болмасын, ол – өмір өзегі. Сыртқы әлеммен жол қатынасын қалыптастыра білген ел қашанда болмасын өзгелерден озық дамиды. Мәселен, қазіргі күні 10 млн. адамды құрайтын португалдардың тілінде үш құрлықтың – Еуразияның, Африканың, Оңтүстік Американың 200 миллионнан астам адамы сөйлейді. Бұл ненің әсері? Бұл Португалияның осыдан 5-6 ғасыр бұрын үлкен теңіз державасына айналып, саяхатшыларының жаңа теңіз жолдарын ашып, Америка мен Африкадағы көптеген елдерді отарлауының және сол елдерден алтын тасып, баюының әсері.
  • Біздің қазақта «Біреудің бағы – біреудің соры» деген мақал бар. Осы мақалды көне Жібек жолына да қатысты қолдануға болар еді. Жаңа теңіз жолдарының ашылуы оның бойындағы тіршіліктің саябыр тартуына көп әсер етті. Әйтпесе, осыдан мың жылдай бұрын біздің Қазақстан аумағында 200-ге тарта сауда жолындағы қалалары болғандығын, олардың басым көпшілігі Жібек жолының бойында орналасқандығын біз басқа елдерге әлі де белгісіздеу болып келе жатқан өзіміздің көне тарихымыз арқылы жақсы білеміз. Тіпті, жоғарыдағы фактінің қазақ-кеңес энциклопедиясында тіркелгендігін айта кетсек артық болмас. Кеңес өкіметі кезінде басқа елдерге қарағанда Қазақстан аумағында көне қазба ескерткіштерінің молынан табылуы, қазір де осындай үдерістің жалғаса түсуі соның тағы бір айғағы. Енді, міне, сол көне Жібек жолын қайта қалыптастыру мәселесі қайта бастау алды. Тәуелсіз Қазақстан оның үлкен іздеушісі болып отыр.

 

  • Дөңгелек үстел пішінінде өткен маңызды жиын беташарында «Қазақстан – Жаңа Жібек жолы» бейнеролигі көрсе­тілді. Алғашқы сөз кезегін алған Қазақ елінің Үкімет басшысы Серік Ахметов Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың форум қатысушыларына жолдаған жеделхатын оқып берді. «Қазақстанда мұндай үлкен ауқымдағы көліктік-логистикалық форумның өткізілуі – Шығыс пен Батыс­ты байланыстырған өркениеттің басты символы – Жаңа жібек жолының өркен­деу үдерісінің айтулы оқиғасы. Біздің мемлекетіміздің жағрафиялық орналасу ерекшелігін және Еуразия кеңістігінде тауар ағынына қолайлы негізгі бағдарларды ескере отырып, Қазақстанды ірі іскер транзиттік хаб ретінде қалыптастыру бойын­ша бастама жасалды. Осы бағыттағы айқын мақсаттарды сәтті жүзеге асыру біздің мемлекетімізге әлемнің мейлінше дамыған 30 елінің қатарына қосылуы үшін сенімді инфрақұрылымдық іргетасын қалыптастыруға мүмкіндік береді. Қазақстан экономикасының серпінді дамуы, кең көлемді индустрияландыру және өндірісті жаңғырту сыртқы экономикалық байланыстарды жетілдірумен қатар, еліміздің транзиттік-көліктік әлеуетін күшейтуге ықпал етеді. Бұл бағыттағы маңызды қадам ретінде ҚТЖ негізінде Қазақстан – Жаңа Жібек жолы бағдарламасының базалық операторы – халықаралық деңгейдегі ұлттық көліктік-логистикалық компанияның құрылуын атар едік. Қарқынды жаһандану жағдайында көлік саласы біздің еліміз үшін және жалпы Еуразия аймағы үшін экономикалық өсімнің маңызды алғышарттарының біріне айналуда. Сондықтан, форум шеңберінде талқыға салынатын идеялар мен жобалар халықаралық көліктік-логистикалық жүйені жетілдіруге жаңа серпін беретініне сенімдімін. Жемісті жұмыс тілеймін!» делінген екен Елбасы хатында.
  • Сондай-ақ, Серік Ахметов делегаттарды Қазақстан Үкіметі атынан да екінші халықаралық бизнес-форумның ашылуымен құттықтап, Еуразиялық көліктік-ло­гистикалық жүйеге қызығушылық таныт­қан барлық қатысушылардың басын қосу үшін көпжақты қатынастардың қағидаттарын жасақтаудың үлкен маңызы бар екендігін атап көрсетті. Алға қойған мақсаттарға қол жеткізу үшін ел Үкіметінің 2020 жыл­ға дейінгі аралықта республикалық кө­лік жүйесінің инфрақұрылымдарын дамыту бағдарламасы әзірленгендігін, бүгін­гі күні теңіз порты мен әуежайлар инфра­құрылымын біріктіретін бірыңғай көліктік-логистикалық активтер кешенін қалыптастыру шаралары жүзеге асырылып жатқандығын, жаңа авто және теміржолдар салыну үстінде екендігін жеткізді.
  • Форумның «Жаңа Жібек жолы – ғаламдық транзит драйвері» атты І сессия­сында сөз алған «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Мамин форум қонақтарын осы компания атынан құттықтай келе, «Қазақстан – Жібек жолы» жобасы Еуразия құрлығына жүк ағынын тартуға негізделген халықаралық деңгейдегі көліктік-логистикалық жүйені құруды мақсат ететіндігін, осы мақсатқа қол жеткізу үшін қазіргі күні Қазақстанда жолдарды жаңғырту ісі кең көлемде және қарқынды түрде жүріп жатқандығын айтып өтті. Асқар Маминнің атап көрсеткеніндей, 2014 жылы салынып, пайдаланылуға берілетін жаңа теміржол желілерінің жалпы ұзындығы 2,5 мың шақырымды құрамақ.
  • Ұлттық теміржол компаниясының президенті үстіміздегі жылдың соңына дейін Қазақстанда бірінші рет құрлық-теңіз жүк компаниясы құрылатындығын, ал келесі жылдың соңында Ақтау теңіз портын кеңейту жобасы аяқталатындығын, сонымен қатар әуежайлар инфрақұрылымы жаңғыртылып, осы жұмыстардың нәтижесінде алдымыздағы екі жылдың ішінде жекеменшік сектордың қатысуымен А және В санатты көліктік-логистикалық орталықтар жүйесі толықтай жасақталатындығын жеткізді.
  • – Қазақстаннан тысқары жерлерде де қазақстандық экспортты алға жылжыту мақ­сатында көліктік-логистикалық кешен­дер жүйесі де қалыптастырылу үстін­де. Мәселен, Орталық Еуропаға, Балтық және Қара теңіз аймақтарына, Парсы шығанағына шығу жобаларын қарастырған терминалдық инфрақұрылым Қытайдың батыс бөлігінде, Ляньюньган портында салынбақ. Қазір жалпы ұзындығы 2787 шақырымды құрайтын «Батыс Еуропа – Батыс Қытай» автожолының құрылысы салынуда, ол 2015 жылы аяқталмақ. Сөйтіп, 2020 жылға дейін логистикалық активтер мен көлік инфрақұрылымын дамытуға және жаңғыртуға 60 млрд. АҚШ долларынан астам инвестиция құйылмақ.
  • Асқар Мамин айтып өткен деректердің жүзеге асатындығына сенім мол. Өйткені, осы форум барысында жоғарыда атал­ған халықаралық бірыңғай көліктік-логистикалық компанияны құруға қол жеткізілді. Осы келісімге қол қою барысында Ресей темір жолының басшысы Владимир Якунин мұндай компанияның құрылуы Қазақстан мен Ресей мүддесіне толық сәйкес келетіндігін, өйткені, қазіргі күні Қытай мен Еуропа елдері арасындағы контейнерлік жүк айналымының жалпы көлемінің 0,2 пайызы ғана біздің елдеріміз арқылы өтетіндігін, мұның өзі 285 мың контейнердің игерілмеген әлеует ретінде біздің назарымыздан тыс қалып отырғандығын жеткізді. Егер осы контейнерлерді игеру мақсатында жаңа құрылған көліктік-логистикалық компания жұмыс істей бастаса, тек осының өзінен ғана жылына кем дегенде миллиард долларға жуық пайда табуға болады екен.
  • Атап өтерлік бір жайт, Ресей мен Қазақ­стан арасында жасалған осы келісімге форум барысында Беларусь тарабы да қосылды. Сөйтіп, Асқар Мамин «Ресей теміржолдары» ААҚ президенті Владимир Якунинмен және Беларусь теміржолы бастығының бірінші орынбасары Владимир Михайлюкпен Біріккен көліктік-логистикалық компания құру бойынша жоспар-кесте меморандумына қол қойды.
  • Форумның бірінші сессиясы арасында Әзербайжан, Грузия, Латвия, Литва теміржолдарының басшылары, Dubai Port World директорлар кеңесінің төрағасы, DB Mobility Logistics AG компаниясының басшысы секілді мәртебелі меймандар сөз алып, өздерінің Жаңа Жібек жолын дамыту секілді маңызды жобаға оң көзқараспен қарайтындықтарын, оның перспективаларын атап өтті. Сонымен қатар, осы істі бірлесіп жаңғырту бағытында өздерінің ой-пікірлерін, ұсыныстарын да жеткізе кетті.
  • Сөйтіп, қалай алып қарағанда да, Қазақ­стан тарабы көтеріп отырған Ұлы Жібек жолын жаңғырту идеясы әлемнің көптеген елдеріндегі білікті менеджерлер мен маман­дардың ойынан шығып, көкіректерін қыз­дырды. Идеяның тартымдылығы осыдан-ақ анық байқалды.

 

  •  Жалпы, осы форум барысында «Қа­зақстан темір жолы» ҰК» АҚ президенті Асқар Ма­мин шетелдік әріптестерімен екі және үш­жақты онға тарта меморандумға қол қойды.

Қорытынды:

 

  • Біз осы мақаламыздың басын Орталық Азия халықтарының сан ғасыр бұрынғы жағдайына үлкен ықпал етіп келген көне Жібек жолынан, оның тарихынан бастаған болатынбыз. Осыдан бес-алты ғасыр уақыт бұрын жаңа теңіз жолдарының ашылуы негізінде және Орталық Азияда орын алған бірқатар саяси әлеуметтік себептерге байланысты халықтарға ғасырлар бойы қызмет етіп келген осы көне жолдың тіні үзіліп кеткен еді. Қазақстанның тәуелсіздік алуы және әлемдік деңгейдегі үлкен саяси әлеуметтік себептерге байланысты бұл жолды қайта жаңғырту ісі енді міне, сенімді түрде қолға алынып отыр.
  • Астанадағы Тәуелсіздік сарайын­да екі күн бойы нәтижелі жағдайда өткен «Қазақстан Жаңа Жібек жолы» ІІ ха­лықаралық көліктік-логистикалық бизнес-форумы аталған бағытта Қазақстанның алға ұмтылыстарын тағы бір әйгілеген үлкен шара болды деп есептейміз.

Информация о работе Жаңа Жібек жолы – Қазақстан қарыштауының кепілді