«Түркістан уалаяты» газеті

Автор работы: Пользователь скрыл имя, 24 Ноября 2014 в 18:27, реферат

Краткое описание

XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстаның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларында патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады.

Прикрепленные файлы: 1 файл

Түркістан.docx

— 24.36 Кб (Скачать документ)

«Түркістан уалаяты» газеті

 

            XIX ғасырдың екінші жартысында қазақ елін, жерін патшалы Ресейдің толықтай билеп алуына байланысты Қазақстаның Ташкент, Орынбор, Омбы, Орал сияқты кейбір ірі қалаларында патша өкіметінің жергілікті әкімшілік орындарының жеке ресми органдары ретінде жергілікті ұлт тіліндегі алғашқы газеттер шыға бастады. Әрине, бұл басылымдар қайткен күнде де қазақ халқының қамын ойлап, оның әлеуметтік-шаруашылық және мәдени-ағарту тілектерін ескергендіктен шығарылған жоқ, қайта патша үкіметінің отарлау саясатын күшейте түсу, оның бұйрық –жарлықтарын жергілікті халықтың ана тілінде жариялап, сөзсіз орындату, сондай-ақ оның ресми көзқарастарын тұрғындар арасына кеңінен таратып, қол астындағыларды шексіз бағындырып ұстау мақсатымен шығарылады. Алайда, патшалық Ресейдің осындай жымысқы саясатына қарамастан, Қазақстанда ұлт тіліндегі өз баспасөзінің тууы халықтың санасын оятып, мол рухани байлыққа ие болуына елеулі түрде әсер етті. Оны мынадай мысалдардан айқын байқауға болады. Мәселен, қазақ баспасөзінің тұнғышы «Түркістан уалаятының газеті» екендігі белгілі. Ол сол кездегі Түркістан генерал-губернаторлығының орталығы Ташкент қаласында 1870 жылдың 28 сәуірінен бастап, орыс тілінде шығатын «Туркестанские ведомости» газетіне қосымша ретінде айына төрт рет (екі саны өзбекше, екі саны қазақша) шығарыла бастады.

             Газеттің редакторы - ұлты башқұрт болса да, қазақтың намысын қорғап, сойылын соққан, орыс және Шығыстың көп тілдерінде еркін сөйлеген, генерал-губернатордың тілмашы болған ізгі ниетті азамат шахмардан Мирасұлы Ибрагимов еді. Ал, бұл басылымның аудармашы, әрі әдеби қызметкері болып Хасен Жанышев, Заманбек Шайхы Әлібеков, Жүсіп Қазыбековтер жұмыс істеді

            «Түркістан уалаяты газетінің» ресми және ресми емес деп аталған басты екі бөлімі болды. Ресми патша өкіметінің бұйрық- жарлықтары жарияланып, үкімдері түсіндірілсе, ресми емес бөлімде отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылығы, сауда, ішкі-сыртқы жағдайлар, әдебиет, мәдениет, білім, ғылым, өнер, және әйел теңдігі мәселелері қаралды. Оған кезінде газет беттерінде жарияланған «1731 жылы Қазақстан Россияға бодан болуы» туралы мәселелермен қатар, қазақ даласындағы Кенесары хан, Сырым, Исатай-Махамбет батырлар бастаған азаттық көтерілістердің жазылуы да куә. Оның үстіне тікелей патша жарлығымен қазақтардың ең шұрайлы жерлерінің орыс переселендеріне күшпен тартып алынып беріліп жатуы жөнінде материалдардың жариялануы редакция қызметкерлерінің ұстанған бағыт-бағдарларын көрсететін еді. Қазақ тілінде шығатын газеттің 1882 жылы ешбір себепсіз жабылып қалуы да осындай істерге байланысты сияқты. «Түркістан уалаятының газетінде» жоғарыда айтылған жайлардан басқа мәдениет, оқу, білім, әдебиет, тарих пен этнография, археология және тағы да басқа мәселелерге қатысты материалдар, мәселен ауыз әдебиеті үлгілері де жарияланып тұрды. Тұңғыш газет өз оқырмандарына Шоқан, Ыбырай, Абай сияқты біртуар перзентерінің өмірі және еңбек жолдарымен алғаш рет болып танысуларына мүмкіндік жасады.

             Басылым беттерінен одан басқа орыс және еуропа халықтарының өнері мен мәдениеті, ғылым, білімі жайында да жарияланған материалдарды табуға болады. Ал, түрлі проблемаларға арналған ғылыми мақалалар, егіншілік, агрономия, ветеренария, зоотехника туралы ақыл-кеңестер өз алдына бір төбе. Мұнда орыс журналистикасының әсерімен заметка, корреспондентция, мақала, фельетон, очерк сияқты баспасөз жанрларының түрлері пайда болды. Жалпы алғанда, қазақ баспасөзінің қарлығашы «Түркістан уалаятының газеті» өзінен кейінгі қазақ халқының саясаты, шарушашылық және мәдени өміріндегі елеулі оқиға болған мерзімді баспасөзінің тууы мен қалыптасуында айтарлықтай елеулі рөл атқарды, болашаққа жол салды. Бұл туралы «Туркестанские ведомости» газетін шығарушылардың бірі, орыс ғалымы Остроумов: «Петр ведомостарының» XVIII-XIX ғасырларда орыстар үшін қандай маңызы болса, «Түркістан уалаяты газетінің» де қазақтар мен өзбектер үшін сондай маңызы болды» деп, газеттің орны жоғары бағалады. Иә, сөйтіп, қазақ баспасөзінің тұңғыш қарлығашы «Түркістан уалаяты газетінің» шығудағы мақсаты қазақ халқының сауатын ашу, немесе мұң-мұқтажын айту, жағдайын жақсартуға сабепкер болу емес еді десек те, басылымның сол кездегі ролін жоққа шығара алмаймыз.

               Газет патшалық Ресейдің отаршылдығын қазақ халқына мойындату және орыс тілін үйрету саясатын ұстана отырып та, қазақ қоғамының шындығын көрсете алды. Қазақты ұлт ретінде таныту там-тұмдап болса да жүргізілді. Қазақтар баспасөз жоқ кезде елдің бір шетінде болған уақиғаны екіншісі құлаќтанғанша жылжып айлар, жылдар өтсе енді газет арқылы хабарласып тез әрі тиімді болды. Қара халық сауатын ашып қана қоймай, қоғам өмірінен, оның ішкі –сыртқы жағдайларына хабардар бола бастады. Мәселен, «Түркістан уалаяты газетінен» 1870 жылғы 4-нөмірінде Түркістан өлкесінде бірінші рет ашылған почта-телеграф қатынасы туралы хабар берілді. Мұның өзі көшпенді халықтың өміріне кіре қоймаған соны жаңалық еді .Газеттің кейінгі нөмірлерінде 1866 жылғы ақша реформасы туралы «Банк хақында» деген ортақ тақырыппен қазақ жұртындағы сауда- саттық, ақша айналымы, банк жөнінде түсініктер беріліп, сауданың пайдасы айтылған. Сонымен қатар, Қытаймен шекарадағы қазақтар арасындағы, Ресей мен Қытай , татарлар мен өзбектер арасындағы сауда қарым-қатынасы көбірек жазылып, банктердің ақшалай қарыз беру ержелерімен таныстыру ұйымдастырылған. Баспасөздің қай түрі болсын сыртқы саясаттан тыс қалмайды. Біз сөз етіп отырған басылымда бұл мәселеге немқұрайды қарамаған. Мысалы, «Қытайдан жеткен хабар» деген мақалада Қытайда тұратын мұсылмандар көтерілісі туралы жазылған. Сондай-ақ мұнда қазақтардың Қытай –Ресей мемлекеттерімен және Бұқар-Хиуа хандықтарымен қарым-қатынасы туралы да көптеген материалдар жариаланып тұрған. Оларды бірінде, «Құлжа маңындағы елдердің Ресейдің қол астына бағындырылғаны» айтылса, екіншісінде «Ресейдің Қоқан хандығын бағындырғаны» жайында жазылды. Ал, үшінші бір хабарда «Ресейдің Хиуаны бағындырғаны» туралы, осыған орай «Адай елінің Хиуаға емес, Ресейге бағынышты болатындығы» баяндалды. «Түркістан уалаяты» газетінің беттерінде жоғарыда тоқталған елдің ішкі-сыртќы жағдайларымен қатар отырықшылық, егіншілік, мал шаруашылғына байланысты да көптеген іргелі материалдар жарияланып тұрды. 

                XIX ғасырдың 60-жылдарының орта кезінде Қазақстанды Ресейдің толықтай жаулап алуына орай қазақ халқының малы мен жерінен еріксіз айырылуына байланысты енді егіншілік пен отырықшылыққа амалсыздан бас бұра бастағандықтары туралы материалдар жиі жарияланған. Солардың бірінде егін шаруашылығының пайдасы жөнінде айтылып, Жетісу облысына қараған таулы жерлерде егін еккен Ларионов дегеннің тәжірибесі жергілікті халыққа үлгі ретінде жазылған. Бұдан басқа газет бетінде егін шаруашылығына зиянды жәндіктерді құрту туралы кеңестер де көптеп берілген. Сондай-ақ Орта Азия жерлерінде күріш, мақта егу жайындағы мағлұматтарда француз күрішінің тұқымын, Америка мақтасының тұқымын Түркістан аймағына егу тәжірибелері айтылған. Ал мал шаруашылығы жайында мәселе көтерілген мақалаларда малдың тұқымын асылдандыру керектігі сөз етілген. «Түркістан уалаятының газеті» оқу-білім жөнінде, оның маңызы туралы материалдарға да орын беріп, қазақтарды ғылымға қызықтыра білді. Мысалы, 1870 жылдың 10 желтоқсан күнгі нөмірінде күн тұтылатындығын , оның себеп-салдарын жазды. Екіншіден, осы мақалада телеграф жұмысы жайлы баяндай келіп, ол арқылы қиыр шеттен жылдам хабар алуға болатыны, сол кезде Орта Азия мен Ресейдегі 25 қала аралығында осындай телеграф байланысы орнатылғанын және қай қалаға телеграмма жіберудің қанша теңге тұратыны хақында тізім берілген.                        Басылым «Ғылым хабары» деген айдармен ғылым мен техника жаңалықтарын, Түркістан өлкесі таулы аймақтарында (Алматы, Ташкент төңірегінде, Түркістанда) жер сілкінгенін үзбей хабарлап тұрды. Шармен аспанға ұшу, қар мен жаңбырдың пайда болу сыры, аспан әлемі планеталары туралы түсініктер, ғылыми болжамдар жарияланды. Әлемдік даңқты саяхатшы Магеланның жердің шар тәрізді екенін дәлелдегені туралы еңбекті қазақшаға аударып басты .«Түркістан уалаяты» газетінің ғылым жетістіктерін баяндап, дәлелдеумен ғана шектелмеген. Жас жеткіншектерді оқуға, білімге шақырарлық саналы азаматтардың хаттарын жариялап тұрған және балаларды қалай оқыту мәселесін, оның тиімді жақтарын талдап, түсіндіруге талпынған. Бұдан мысал ретінде «Әр хилы хабарлар»деген айдармен берілген материалдар арасында кездескен Хасенов деген автордың мына бір шағын мақаласын алайық: «Ең бастан балаға әптиек, құрандарды шығарып, бұдан соң бөтен бірнеше араб, парсы кітаптарын оқытқанда, өзі жазуды біліп кетеді деген ақылмен біздің мұсылман жұртының молдалары бес жыл, он жыл оқытқан баласына оқып, жазуды әзер-әзер түсіндіреді. Кейбіреулері сақалы шыққанша оқып, еш нәрсе түсінбей де кетеді. Балаға өз тілінде оқыту керек. Сонан соң оны жаздырып үйрету керек. Ең бастысы бөтен жұрттың жазуын, оқуын өз ықтиярымен, я біреудің оқытуымен білейін десе, жолға түскен адамға адаспақ жоқ дегендей. Жолын көрген соң ыждағат қылса біліп кетеді». Мұнда мағынасы түсініксіз құран мен әптиекті, араб, парсы тілдерін оқыту жас балаға ауыр тиетінін автор дұрыс аңғарған. Сонымен бірге ол молдалардың қабілетсіздігін, бес-он жыл оқытса да шәкіртіне мардымды білім бере алмайтынын астарлап сынайды. Атап айтқанда, балалары кінәлаған болып молдалардың бет-бейнесін ашып тастайды .

           Газет әйел теңдігі мәселесіне де көңіл бөлген. Мәселен, оның 1875 жылғы 16-нөмірінде балиғатқа толмаған қызды атастырып, қалың мал алатын қазақтың әдет-ғұрпын сынаған бір автордың мақаласы жарияланған. Онда « Бұл сөзді газетке басып шығарсаңыз, біздің қазақтар біраз ұялап, ойланатын болар еді» делінген. Басылымда әмеңгерлік, жесір дауы тәрізді ел ішіне бүлік салған әдет-заңдардың зияндылығын әшкерелейтін материалдар да басылып тұрған. Солардың бірінде: «Байы өлген қатын басы бос болып, өз ықтиярымен қалаған адамына баруы керек.» деген батыл ұсыныс та жасалыпты. Өткен ғасырдың қазақ қоғамындағы әйел теңдігінің аяққа басылуы діни наным-сенімге де байланысты еді. Мысалы, 1877 жылғы 2-нөмірінде Шайсмайл деген молданың 14 жасар ауру өзбек қызын үшкіріп, жазамын деп үйіне әкеліп, некесін қиып, үйленіп алғанын жазған. Соңында «Біз бұл үшкіруінің атын газетке басып шығардық. Егер үшкірімнің тағы алдайтын болса, орыс законы бойынша бұлар қатты іске кез қалар» деген ескерту жасаған. Қазақтың халық поэзиясы көне дәуірден белгілі. Оның үлгілерін хатқа түсірсе де ерте кезден қолға алынған. Мұны Ж. Баласағұнның «Құтадғу білігінен», тарихи ескерткіштерде кездесетін ескі өлеңдерден, мақал-мәтелдерден байқаймыз. Сонымен қатар М. Қашқари жинаған мақал-мәтелдердің де бірсыпырасы қазақ халқына етене жақын, байырғы ауыз әдебиеті үлгісі болып саналады.

             XVIII ғасырдың соңғы жылдарынан бастап қазақтың жоқтау жырларымен бірге «Қобыланды», «Қозы Көрпеш-Баян сұлу» , «Алпамыс» эпостары қағаз бетіне түсе бастады. Бұл мәселеге «Түркістан уалаятының газеті» де айтарлықтай үлес қосқан. Қай елде болмасын, жазба әдебиетінің дамуында баспасөздің рөлі зор болған. Мұның жарқын мысалын «Түркістан уалаятының» газеті беттерінен де аңғарамыз. Онда алдымен түрлі әдеби жанрлар көрініс тапқан. Мысалы, басылымның 1879 жылғы 28-нөмірінде парақор қазақ билерін әжуа еткен сықақ әңгіме жарияланған. Әңгімеде екі бидің өзара келісе алмай жанжалдасқаны күлкілі суреттеледі. Олардың бірі «Сен мырза қожадан алған ділдәға мастанып отырсың десе, екіншісі «Сен жұрттан параны жеп-жеп, аузыңнан шыққан сөзді білмей отырсың» деп, ақырында екеуі төбелесе бастайды. Келесі «Бір қудың екі байды алдап кеткендігі туралы» деген әңгімеде фельетон элементтері басым. «Түркістан уалаятының газетінде» очерктердің портреттік, жолсапар, түрлері де алғаш рет пайда болған. Сондай-ақ онда XIX ғасырдың жетпісінші жылдарындағы Орынбай, Досанбай, Майлықожа тәрізді атақты ақындардың айтыстары мен өлеңдері ауыз әдебиеті туындылары жарияланып тұр . Басылымда Салық Қарауылұлы Бабажанов жинап бастырған мақал-мәтелдер жұртты ойлантып, толғантып, төзімділік пен ізгілікке, тапқырлыққа баулыды. Осымен қатар, редакция қызметкерлерінің тіл мәселесі жөнінен де өзіндік көзқарасы болған. Оны Орынбай ақын шығармаларының тілін мақтап, өзбек, татар, араб сөздерімен шұбарланған кей автор туындыларын сынаған мақалаларынан аңдаймыз.

           «Түркістан уалаятының газеті» қазақ даласына бойлап еніп келіп жатқан капиталистік өндірістік қатынастардың мәнін оқырмандарына қарапайым да түсінікті етіп ұғындырып отырды. Бұл тұрғыдағы экономикалық насихаттың мәні зор еді. Өйткені отарлау саясатына қарай жаңа тұрмысқа бейімделе алмаған қазақ халқы құрып кетудің алдында болатын. Демек, товар-ақша қатынастарын білу, қолдағы шикізатты ұқсатып, қаражатқа айналдыру-халықтың жаңаша дамуының басты шарты болды.

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

 

Пайдаланған әдебиеттер тізімі:

1.С.Қозыбаев,А.Рамазанова,Қ.Аллабергенов-«Әлем  баспасөзі» тарихынан 

2.Н.Омашев,Т.Бекниязов-«Қазақ журналистикасы» I том

3. «Қазақстан»: Ұлттық энцклопедия / Бас редактор Ә. Нысанбаев – Алматы «Қазақ энциклопедиясы» Бас редакциясы XI том

4.«Отырар. Энциклопедия. –  Алматы. «Арыс» баспасы, 2005

5. .turkystan.kz сайты


Информация о работе «Түркістан уалаяты» газеті